Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Сұхбат 3797 16 пікір 7 Мамыр, 2022 сағат 15:10

Мұхтар Тайжан: Билікке қарсылық, «Жер қорғаны» партиясы, Дубай сапары һәм Конституциялық өзгеріс туралы

Соңғы елішілік саяси өзгерістер мен мемлекеттік жүйе трансформациясы қыз-қыз қайнаған тұста Abai.kz ұжымы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Тайжан мырзамен жолығып, аз-кем әңгіме құрған еді.

Сұхбат барысында Мұхтар Тайжан мырза «Жаңа Қазақстанға», Конституциялық өзгерістерге көзқарасын айтып, Назарбаев отбасына қатысы бар-жоғы, Қажыгелдинмен «байланысы» және Дубайға не үшін барғаны туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Спикеріміздің осы және өзге де маңызды мәселелерге қатысты пікірін төмендегі материалдан оқи аласыздар...


Сұрақ: Мұхтар аға, әңгімемізді Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдумнан бастайықшы. Қоғам бұл бастаманы қолдап отыр. Рас, пікір қайшылықтары да жоқ емес. Осыған қатысты сіздің көзқарасыңызды білсек...

- Біріншіден, Конституцияға өзгерістер керек, ол сөзсіз. Кеше ғана мынадай мәлімет шықты. Назарбаев туралы Конституцияға ешқандай норма енгізілмейді. Бұл өте дұрыс бастама. Өйткені жеке басқа табыну – қазаққа жат нәрсе. Тіпті бүкіл халықты кемсіту деген сөз. Сондықтан, мен мұны қолдаймын. Конституциялық сот, басқа да дұрыс өзгерістер туралы БАҚ-тар түсіндіре жатар. Мен оны қайталап айтпай-ақ, қояйын. Бірақ, бір нәрсе жетіспейді. Президенттік сайлауға қатысу үшін Қазақстанның азаматы 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеу керек, не депутат болуы керек. Бізде кім бес жыл бойы шенеунік, болмаса, депутат болып жүрді? Бұл дегеніміз 000,1 пайыз ғана адамда мүмкіндік бар деген сөз ғой. Басқа мамандық иелері президенттікке түсе алмайды.

Мысалы, Америкада кәсіпкер Трамп президент болды, Арменияда журналист Пашинян премьер-министр болды. Неге Қазақстанда тек шенеуніктерге жол ашық? Неге басқа азаматтарды дискриминациялайды? Сондықтан біз барша Қазақстан азаматтарына жол ашуымыз керек. Ол үшін заң алдында барлық азаматтардың мүмкіндіктері тең болуы керек.
Екіншіден, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді референдумға шығару - либералды идеяға жат нәрсе. Себебі, Конституцияға енгізілетін өзгерістер көп қой. Оны түсіну үшін, қадағалау үшін адамның білімі жоғары болуы керек және заңгер болуы керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістер өте күрделі. Ол бәріне түсінікті емес. Сол үшін де бүкіл өзгерісті бір сұрақпен шешу - демократияға қарама-қайшы нәрсе. Бұл менің емес, либералды идеяның сөзі.

Референдумға өте қарапайым сұрақтарды қоюға болады. Иә немесе жоқ деп жауап беретін, мысалы: «АЭС-ті салуға халық қарсы ма әлде қолдап жатыр ма?» деген сияқты.

Ал, бұл жерде Конституцияға қаншама нормалар енгізіліп жатыр. Адамдар бір өзгерісті қолдаса, бірін қолдамауы мүмкін. Либералды идея бойынша Конституцияны Парламент қабылдауы керек, бірақ бізде Парламент әлсіз деп ойлаймын. Оған дайын емес. Саяси дискуссия жоқ. Тек әлеуметтік желіде ғана бар. Телеарналарға саяси күштер шықпайды.

Дегенмен, қалай болғанда да бұл алға басқан бір қадам деп білемін. Бір жыл бұрын бұлай болады деп ойлаған да жоқпыз. Елбасы туралы Заңды өшіріп тастайды, Назарбаевтың туыстары, қыздары биліктен шектеледі деп ешкім ойлаған жоқ. Мұның бәрі халықтың арқасында жасалып жатқан өзгерістер. Халық қаңтарда көшеге шықпаған болса, бұл өзгерістер болмайтын еді. Біз сол кезде құрбан болған 200-ден аса қыз-жігіттерге шексіз риза болуымыз керек, олардың атын ұмытпай, ескірткіш қойылуы керек.

Сұрақ: Президент Тоқаев өткенде «Нұр Отан- Аманат» партиясынан шығатынын мәлімдеді. «Жаңа саяси партиялар құрылады», - деді. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі деректер шыға бастады. Партия құратындар 17-18 топ екен. Соның ішінде өзіңіз де барсыз. «Жер қорғаны» партиясын құрамын», - деп мәлімдедіңіз. Сіз 2016 жылғы жер дауынан кейін осы тақырыппен белсенді айналысып жүрсіз. Сондықтан, партияның аты логикаға салсақ түсінікті. Қазір істің аяғы қалай жүріп жатыр?

- Біз жаңа заңды күтіп отырмыз. Президент айтқан өзгерістерді билік заңға енгізіп, заңды бекітіп алуы керек. Ол заңды биыл қабылдаса, келесі жылы сайлау болады деп ойлаймын. Ескі заңмен партияны құру мүмкін емес. Жаңа заң қабылдағаннан кейін құжаттарды жинап, Әділет министрлігіне тапсырамыз.

Сұрақ: Әзірге сіздерде партияны таныстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр ғой...

- Иә, уақытты босқа жібермей, халықпен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, мен реформалардан бұрын да аймақты аралап жүрдім. Егер қазір мүмкіндік берілетін болса, әрине, оны пайдаланып Парламентке кіруге тырысамыз. Жер деген қазақтың түсінігінде тек топырақ емес, Отан деген мағынаны береді. 18-19 ғасырда қазақта Отан деген сөздің орнына Жерді қолданған. Бабаларымыз жер үшін, ұрпақ үшін шайқасқан. Сондықтан, «Жер қорғаны» деген Отанды қорғау дегенді білдіреді. Біз жер ғана емес, жалпы экономикалық, саяси реформалармен айналысатын боламыз. Жалпы, халық менің көзқарасымды біледі. 2009 жылдың қараша айынан бері саясатта жүрмін.

Сұрақ: Партия құру туралы сізге дейін де біршама азаматтар қолға алды. Жанболат Мамай, Тоғжан Қожалиева, Санжар Боқаевтар бар... Тиісті құжаттарын өткізді. Бірақ, барлығының аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Сіздің де партияңыз осылардың кебін кимей ме?

- Мұндай тәуекел, әлбетте, бар. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев: «Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз», - деп өзі айтып жатыр ғой. Қыркүйекті күтпей наурыз айында саяси реформаны жариялады. Сондықтан, менің ойымша, біз жаңа жүйеде өмір сүретін боламыз. Бұл тек Тоқаевтың арқасында жүзеге асып жатқан жоқ. Билік көріп отыр, халықтың санасы өсті, көзі ашылды. Бұрынғы жүйемен жалғастыра беру мүмкін емес. Керек болса халық тағы да көтеріледі. Әкем: «Қазақ халқы - өте сабырлы халық. Парасатты, сөзге тоқтайтын халық. Бірақ, бір көтерілсе, оны тоқтатуға ешкімнің әлі келмейді», - дейтін. Міне, көзіміз жетіп жатыр. Халық қазір «Биліктің өзгеруге шынайы ниеті бар ма?», деп, бәрін мұқият бақылап отыр. Әлеуметтік зерттеу орталықтары бар, олар да көріп отыр.

Сұрақ: Соңғы кездері әлеуметтік желілерде сізді Дубайға барыпты, үлкен отбасының мүшелерімен кездесіпті деген хабарлар шықты. Сіз Дубайға бардыңыз ба? Барсаңыз, не үшін бардыңыз?

- Иә, мен отбасыммен бірге бір аптаға Дубайға барып, демалып келгенбіз. Кәдімгі отбасылық демалыс қой, бұл. Суреттеріміз бар. Ол жерде ешқандай саяси немесе басқа да кездесулер болған жоқ.

Сұрақ: Егер сондай мүмкіндік болса, мейлі үлкен отбасының мүшелерімен болсын, мейлі шетелдегі саяси тұлғалармен болсын күш біріктіру потенциалы қандай?

- Қажыгелдин мырзамен 2019 жылы Парижде кездескен едім. Саясат та, бизнес те кездесу, сөйлесуден тұрады. Сондықтан мен қарсы емеспін. Бірақ, бір айтарым, әр тұлғаға ұлт тұрғысынан қарауымыз керек. «Бұл адамның істеп жатқан істері қазаққа тиімді ме жоқ па?» деген сұраққа жауап беру керек. Қажыгелдинге келсек, мен ол кісіні құрметтеймін. Ол қай жемқордың қай жерде шоты бар екенін тауып алды. Неге Тоқаев Қажыгелдин мен оның серігі Меделбековті Қазақстанға шақырып, ақпарат алып, бірге шетелде жатқан ақшаны қайтармасқа? Мен оны «Хабар» арнасынан да айттым. Егер халыққа тиімді болса мен кездесуге ашықпын. Бірақ, осы Дубай демалысында ешқандай кездесулер болған емес.

Сұрақ: Шетелдегі тұлғалармен күш біріктіру жайлы... Қаңтар оқиғасынан кейін билік шеттетілген топтар бар. Мысалы, Дариға Нұрсұлтанқызы, Бауыржан Байбек, Нығматулиндердің командалары бар. Сол топтардан сізге ұсыныс болды ма? Болса олармен күш біріктіру мүмкіндігі қандай?

- Олар билікте отырған кезде бірікпедім, енді олармен неге күш біріктіруім керек? Мен халықпен жұмыс істеуім керек. Кез-келген «Ұлтым» дейтін азамат жермен айналысуы керек. Өйткені, қазақтың күнкөрісі жерге байланысты. Біз Америка, Швейцария емеспіз. Олардың ауылдарында халықтың 2-3 пайызы ғана өмір сүреді. Бізде халықтың тең жартысы ауылда. Жер болмағандықтан жастар қалаға көшеді. Пәтер жалдап, бір бөлмеде бес-алты адамнан тұрып жатыр. Жұмыс іздеп келеді. Егер жер мәселесін шешіп берсек, олар қалаға келмес те еді. Ауылда жері болса, жермен айналысып, шаруасын дөңгелетіп отырар еді. Мал бағар еді. Жер мәселесі – қазақтың мәселесі.

Сұрақ: Партия құру үшін аз қаражат кетпейді. Бізде 17 өңір бар ма?! Өңірдегі бір филиалдың өзіне 30-50 миллионның шамасында ақша жұмсалады. Сізде ондай қаражат бар ма? Қаржыландыру көзі қайдан?

- Бұл ескі шаблонды ақпарат деп ойлаймын. Бұрын қазіргідей технологиялар болған жоқ. Қазір барлығын телефонның камерасына түсіреміз де, шығарамыз. Оған ешқандай ақша кетпейді. Әлеуметтік желілер бар. Бұрын партия құру үшін «Свабода слова» мен «Датты» ұстау керек болды. Полиграфия, ұжымға ақша кететін. Қазір филиалдарды ұстау, адамдарға айлық төлеудің, менің ойымша, қажеті жоқ. Жиналысты да зум арқылы өткізуге болады. Міндетті түрде елді аралаудың қажеті жоқ. Сондықтан көп қаражат кетпейді.

Сұрақ: Сіз ел-елді аралап жүрсіз. Оның барлығының шығыны бар... Ақшаны қайдан аласыз?

- Мысалы, қазір университеттерге немесе өңірлерге кездесулерге барғанда, шақырған тарап шығынды мойнына алады. Өйткені жергілікті жұртқа біз жеткізетін ақпарат қажет. Саясатта мынадай қағида бар: «Партия ұстау үшін ешқандай олигархтардан ақша алуға болмайды». Одан ақша алған саяси партия тәуелсіз болмайды. Біз ешқандай олигархқа барып сұрамаймыз.

Сұрақ: Алдағы уақытта Конституциялық өзгерістер заңға енгізлгеннен кейін құжат тапсырамыз дедіңіз. Сіздің партияның халықтың қолдауымен Парламентке өту мүмкіндігі қанша деп бағалайсыз?

- Біздің мақсатымыз - Аманат партиясының орнын алу. Аманат әкімшілік ресурсты пайдалана алмаса, біз соның орнына барамыз. Аманат 10 пайыздан артық ала алмайды деп ойлаймын. Біз Парламенттің тең жартысын алуымыз керек.

Сұрақ: Ассамблея Мәжіліске керек пе?

- Керек емес. Бізде Парламент бар. Біз федерация емес, унитарлы елміз. Ассамблея болғанның өзінде қоғамдық жұмыспен айналыссын. Өзге ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамытуға үлес қоссын.

Сұрақ: Сіз партия құрамын дегеніңізге біраз болды. Саяси қысым немесе ымдаулар болды ма?

- Біріншіден, мен оның бәрінен өткенмін. Осы саясатта жүріп құны 15 миллион долларлық бизнесімнен айырылып қалдым. Өзімнің ұстанымымның құнын төледім. Екіншіден, мен өз шешімімді ешкіммен ақылдаспағанмын. Өзім шештім. Үшіншіден, ешқандай қысым көріп жатқан жоқпын. Заңға қайшы ештеңе істеп жатқан жоқпын. Бұрын да жер мәселесімен айналыстым. Қазір де сонымен айналысамын. Заң өзгеріп, мүмкіндік берілетін болса, соны пайдаланып, заңды түрде Парламентке кіремін деп мақсат қойып отырмын. Мен тек ашылған есіктен кіремін. Басқа ойым жоқ.

Түйін. Мұхтар Тайжан мырзаның сұхбат барысында айтқан пікірлерін қорыта келе түйгенімізді жаза кетейік...

Әуелі жер мәселесі. Мұхтар Болатханұлы ұзақ жылдардан бері жер мәселесімен айналысып жүрген азамат. Сондықтан, оның жер мәселесіне қатысты позициясы айқын. Спикер ауыл халқының, жастардың жерге мұқтаждығы туралы айтады. Пікір иесі әділеттілікті жақтайтынын білдірді.
Ал президент Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» концепциясына қатысты пікір қайшылықтары барын байқадық. Десе де, Мұхтар Болатханұлы президент Тоқаевтың бастамаларын ашық сынамады. Оның пікірінше, Президенттің бастамаларын сұйырқұймышақтатып, саботаж жасап отырған – Үкімет.
Онан кейінгі маңызды мәселе – Дубай сапары. Осыған дейін әлеуметтік желілерде: «Мұхтар Тайжан Дубайға барып, Назарбаев отбасының мүшелерімен кездесіпті», - деген алып-қашпа әңгімелер айтылған еді. Тіпті, Мұхтар Тайжанның басқа-басқа емес, дәл Назарбаевтарға тиесілі қонақ үйге тұрақтағаны да айтылған.

Кейбір дереккөздердің жазуынша, биліктен шеттетілген Назарбаев отбасының мүшелері мен сол топқа жақын тұлғалар сол жақта жедел штаб құрып, «қарымта қайтаруға» дайындалып жатқаны туралы айтылған еді. Қаңтар оқиғасынан кейін биліктен айырылған топтың мақсаты да түсінікті. Конституцияға енгізілетін өзгерістер – экс-президенттің отбасы мүшелерін Конституциялық артықшылық құқықтарынан айыратыны белгілі. Оған қоса, президент Тоқаевтың шетелдегі капиталдарды елге қайтару туралы бірнеше мәрте сөз етуін қосыңыз. Қазақ қоғамында, әлеуметтік желілерде осы ауандағы алып-қашпа әңгімер өршіп тұрған тұста, Мұхтар Тайжанның Дубайға сапарлап баруынан жұрт ілік іздеді. Сол себепті де, біз спикердің өзінен осы жайлы сұрап-білдік.

Тағы бір назар аударатын мәселе – партияны қаржыландыру мәселесі. Жалғыз телефонмен партия құрылмайтыны белгілі. Сондықтан, біз бұл сұрақты да спикердің өзінен сұрадық. Ал жауабын жоғарыда жаздық.

Біздікі айтылған сөзді өзімізше бажайлау ғана. Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Біз есім-сойы елге белгілі саясаткер, «Жер Қорғаны» атты партия құрмаққа бекініп, бастама көтерген Мұхтар Тайжан мырзаның ашық, бүкпесіз әңгімесін оқырман талқысына ұсындық...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір