Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3035 0 пікір 2 Қараша, 2012 сағат 08:06

Нұрбек Түсіпхан. Мінезді адам

Табанының бүрі жоқтардан,
Көңілінің күні жоқтардан,
Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда.

М.Шаханов

Табанының бүрі жоқтардан,
Көңілінің күні жоқтардан,
Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда.

М.Шаханов

Академик Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» кітабын мектепте оқысақ та оның кейбір қыры мен сырын студент кезімізде ғана түсіндік. Мұнда жазушы өзі көріп, куә болған кейбір жайттарды көркем шығармада шебер түрде қолданған. Дегенмен, кей тұстарында шығарма кейіпкерлерінің прототиптерін білген адам үшін «мынау қалай болды екен» дейтін «жұмбақ жайттар» да бар болып шықты. Оның ең бір жарқын мысалы - Есенбектің КГБ қызметкерлері тарапынан қамауға алынуы. Ал, мұндағы Есенбегіміз - бүгінде 85 жасқа келіп отырған академик Тұрсынбек Кәкішұлы! Автордың жан досы, талай жыл бірге қызметтес болған әріптесі. З.Қабдолов жан аяспас жолдасын өз кітабында неге «ұстатып жіберді» екен? Өйткені, Т.Кәкішұлының шынайы өмір дерегінде «ұсталған», КГБ жендеттері тарапынан қамауға алынған кезі жоқ болса керек. Бұл сұраққа әркім де жауап тапқысы келетіні сөзсіз. Көппен бірге біз де жауап іздегенбіз.
Сөйтсек, мұның шешуі Тұрсынбек Кәкішұлының мінезінде жатса керек. Ол МІНЕЗ - көлгірсу мен жағынуға келгенде ешкімнің ыңғайына жығылмайтын, туралықтан таймайтын табандылыққа келіп саяды. Ал, Кәкішұлының Қабдолов кітабында «істі» болуы автордың типтік образ жасаудағы өзіндік байламы екен. Сондай-ақ, «істі болу» оқиғасын да «жоқтан бар қылған» сиқырлық деуге келмейді. З.Қабдолов кезінде өзімен бірге оқыған Т.Кәкішұлы, Ә. Жұмабаев, Ж.Ысмағұлов, Е.Жақыповтарды эссе-романға арқау ете отырып, кейбір замандастарының басынан өткен оқиғаны келесісіне көркемдік тәсіл ретінде теліп отырыпты. Жоғарыдағы «Есенбектің ұсталуы» автордың замандасы Есенгелді Жақыповтың КГБ қызметкерлері тарапынан сұраққа алынуынан шықса керек. Бақсақ, ғалым Есенгелді Жақыпов студент кезінде атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін аудиторияда оқығаны үшін «жас ұлтшыл» ретінде КГБ күдігіне ілініпті. Яғни, «Менің Әуезовым» романындағы Есенбектің ұсталып кетуі Е.Жақыповтың басынан өткен шынайы оқиға. Алайда, З.Қабдолов оны неге Есенбекке (Т.Кәкішевке) теліді? Оның да өз сыры болса керек. Қашанда шындықты айтуға келгенде ештеңеден тайынбайтын досы Т.Кәкішевтің мінезін жақсы білетін З.Қабдолов жоғарыдағыдай етіп жазуға шешім шығарыпты. Мәнісін сұраған кейбір шәкірттері мен замандастарына автор: «Егер, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін заманы қайта туатын болса, біздің арамыздан шын мәнінде ұлтшыл ретінде бірінші болып ұсталып кететін Тұрсынбек болар еді», - деп жауап берген екен. Бұл жазушының өзінің бірге оқыған курстасы, замандасы, жан досы, көп жыл бірге қызметтес болған әріптесіне берген шынайы бағасы. Шындық жолында шыбын жанын аямайтын досының ішкі жан сырын тап басып тани алғандығы деп түюге болады.
Т.Кәкішұлы МІНЕЗДІ адам. Бұл - «қыңыр, кесір» дегенге сыймайды. Мінезді болғандығы сол, 1988 жылы ҰҒА-ның академиктік сайлауына түсерінен үш күн бұрын өзіне жақтап дауыс беретін үш академикке қалалық басшылар мен ғалымдар қатысқан жиналыста қарсы сөйлейді. Өйткені, жиналыста енді ғана ақталып, аттары ауызға ілініп жатқан алашордашылар жайында «әлі де болса оқулықтарға енгізбеу керек, олардың коммунизмге қарсы болғанын ұмытпау керек» дейтін пікірлер айтылыпты. Атағы зор ғалымдардың әлгіндей қателігін дер кезінде түзеткісі келген Кәкішұлы: «Құрметті ғалымдар! Сіздер осы сөздеріңіз арқылы тұтас бір елдің ертеңіне балта шабатындарыңызды білесіздер ме?» - депті. Өздеріне айтылған ауыр сынды көтере алмаған академиктердің үшеуі де сайлау күні Кәкішұлын қолдаудан бас тартқан екен. Бұл - Т.Кәкішұлының мінезінің «шатақтығы» емес, керісінше ұлт ұлағатына қарсы істеліп жатқан кейбір әрекеттерді дер кезінде көре біліп, соған араша түсуі болатын. Әйтпесе, атақ пен билікке құмар Кәкішев болса жұмған аузын ашпас та еді, сөйтіп ертеңінде ҰҒА-ның толыққанды мүшесі болып шыға келер еді.
Т.Кәкішұлының қай кезде де халықтың сөзін сөйлеп, ұлттың жоғын жоқтауда өзге әріптестеріне қарағанда оқ бойы озық жүретініне мысал көп. Кезінде, Алматыға Иманғали Нұрғалиұлы әкім болып тұрған шақта «Алатау» санаториінде бір топ ақын-жазушылардың, өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың біраз күн тынығуларына жағдай жасаған екен. Сол тыныққандардың қатарында Т.Кәкішұлы да болыпты. Сондай-ақ, «Алатау» санаториінде ақсақалдың тік мінезділігін көрген бір інісі мынадай деп әңгіме айтып берген еді.
«Бірнеше адам әңгімелесіп отыр едік. Кенет Тұрсынбек ағайдың қалта телефоны шыр ете қалды. Телефонын асықпай алып, құлағына тосқан Тұрсекең аз уақыттан соң: "Кім олар?", - деп гүрс етті. Арғы жақтан сұрағына жауап естіген соң және де: "Сенің кім екеніңді нақты білмеймін, бірақ, бұл мәселені мен аяқсыз қалдырмаймын. Уәде етем!" - деді де, телефонын өшіріп, қалтасына салды. Біраздан соң санаториге ел күткен Иманғали да келді. Дастарханға жайғасып, әркім тілектерін айтып, әкімге алғыс жаудырып жатты. Тіпті, кейбір ақын-жазушылар өмірі мұндай демалыс орынын көрмегендей, ғаламның небір ғажайыптарынан осы күнге дейін мақұрым болып келгендей, жарамсақтанып жатты. Базбіреулері 80-ге келіп селкілдеп отырса да немересімен жасты әкім мырзаға жағынғандары соншалық, сөзді ысыра тұрып ән айтуға көшті. Біраздан соң кезек Тұрсынбек Кәкішұлына да келді. Микрофонды қолына ұстаған ғалым: "Құрметті Иманғали! Сені мына жұрт мақтап жатыр, мақтауыңды асырды. Мен бұлардай мақтау сөз айта алмаймын. Бірақ, көп істеріңе ризамын", - деп сәл тыныстап алды да ары қарай: "Мен саған екі шаруа айтам... Біріншісі, қазақтың қасиетті қарашаңырағына айналған Ахаңның, алаштың Ахметінің қазіргі мұражай үйін неге бұздырмақшысың? Мен жаңа ғана сондай ақпарат естідім. Директорымын деп бір келіншек хабарласты. Ахмет Байтұрсынұлының үйін бұздыру үшін бұйрық беруге не себеп болды?", - деп сұраулы жүзін әкімге қадады. (Бұл мәліметтің анық-қанығы кейін белгілі болды. Расында да, біреулер Ахмет Байтұрсынов мұражайы орналасқан жерге қызығып, орнына қонақ үй ме, мейрамхана ма бірдеңе салу үшін сол аумақты түгелдей сатып алмақ болыпты.) Әкім сасқалақтап қалса да сездірмеуге тырысып: "Тұрсынбек аға! Мен бұл мәліметті міне, сізден естіп отырмын. Кім айтты? Мен ондай бұйрық берген емеспін. Рас болса ертең-ақ мұны ретке келтіремін", - деп орнынан ұшып тұрды. "Алматының төрінде Алаштан қалған жалғыз ескерткіш Ахаңның үйін бұзсақ, қазақтығымыздан садаға кетсін. Оған жол бермеу керек", - деді Тұрсекең де бірінші шаруасын аяқтап. "Ал, екінші жұмысым", - деді ақсақал: "Сен Алматының көлік жүретін көшелерін жақсы-ақ жасадың. Көпірлерін де салып жатырсың. Бірақ, жаяу адамдар жүретін тротуарларын неге жөндемейсің? Әлде, елдің бәрі өзіңдей көлікпен жүреді деп ойлайсың ба? Мына біз секілді кәрі-құртаңдар да, көлігі жоқ кедей-кепшіктер де сол тротуарды пайдаланады. Сондайда, аяғы тайып, мықшыңдап мазасы кетеді. Осыған не дейсің?", - деді. Бірақ, әкім мырза бұл сұраққа жауапты тез берді. "Сіздің үй орталық стадионның жанындағы анау кішкентай көшеде емес пе еді? Жөндейміз ол жақты да. Сосын, қаланың басқа да көшелері бойындағы тротуарларды түгелдей ретке келтіреміз. Тағы да уәде етемін", - деді. Тұрсекең екі сұраққа да тұщымды жауап алды да: "Істеріңе Алла береке берсін, аман бол", - деп, қысқа қайырып, әкімнің жанындағы өз орнына барып жайғасты. Дастархан соңында қорытынды сөзін сөйлеген әкім: "Мен мұнда сіздердің не істеп, не қойып жүргендеріңіздің бәрін де білемін. Осы кездесуге сіздерден бір көмек алармын, жұмысыма бағыт-бағдар сілтерсіздер деп үміттенгем. Осы ретте мына Тұрсынбек ағамның айтқандары көңіліме ерекше әсер етті. Сіздерден естіген әр ескерту мен үшін көп көмек екені рас», - деді.
Құзырлы орын басшыларымен кездессе болды Тұрсекең әрдайым әдебиеттің, ұлттық руханияттың мәселесін сөз етеді. Бұрнағы жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қабылдауында да қазіргі Темирязев ауданын атақты жазушы, академик Сәбит Мұқанов атына ауыстыруды сұраған. Әкім де, өзге атқамінерлер мен жергілікті тұрғындар да бұл ұсынысты қуана қабылдағанымен мәселенің нақты шешімі президенттің арнайы жарлығымен, үкіметтің жарғысымен іске асатынын айтып, жоғары жаққа үміт артқан. Бірақ, әлі күнге нақты жауап жоқ.
Сол сияқты, бұрынғы білім-ғылым министрі Ж.Түймебаевтың алдында да қазақ әдебиеттану ғылымы жайында бірнеше талаптар қоя отырып, ұлттық университеттің филология факультетінен бір ғылыми орталық ашу керек екенін ескертеді әрі ғылыми орталықтың негізгі бағытын айқындап, келтірер пайдасына да министрдің көзін жеткізсе керек. Сондықтан болар, көп өтпей Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің жанынан «Абай» институты құрылды.
Қазақ әдебиеттану тарихын зерделеуде Тұрсынбек Кәкішұлы әрдайым туралықтан, объективті сыннан тайып көрген жоқ. «Көппен бірге адасқан» да емес. Ғалымның жастық шағы ұраншыл, қызыл жалауға әсіре бас игіш кезеңге тап келсе де «ақты ақ деп ағалауда, қараны қара деп бағалауда» жаңылыспаса керек. Мысалы, алдыңғы буын ағалары, өзге қатарластары, әріптестері бір-бірінен «ұлтшылдық» іздеп, партияның «көзі һәм құлағы» боп атақ-абыройға кенеліп жатқан тұста да Т.Кәкішұлы қалыс қалады. Әрине, қаламының жүрмегенінен емес, арының жібермегінен. Тіпті, былтырғы жылы ғалымның өзі Көкшетауда Айқын Нұрқатовтың көп томдық шығармалар жинағы жарыққа шығып, сондағы жиналысқа қатысқан көпшілік алдында: «Бірде, жолдастарымның менен «озып» бара жатқанын байқадым да қатардан қалғым келмей мен де академик Қажым Жұмалиевтің «Алпамыс батыр» зерттеуінен ұлтшылдық іздедім. Таптым. Самсап тұр екен. Партия тілегіне сай емес деген сипатта мақала қылып жазып, оны Социалистік Қазақстан газетіне бермек болдым. «Осыным дұрыс па, бұрыс па, ертеңі не болар екен» деген күмәнмен үшінші қабаттағы газет редакциясына көтеріліп, есікті аша бергенімде қандай күш екенін әлі күнге білмеймін, қолымды қағып жіберді. Кілт тоқтадым. Аз кідірдім де, қолжазбамды бүктеп қалтама салып, үйге қайттым. Ол «мақалам» күні бүгінге дейін жеке мұрағатымда сақтаулы. Сол кезде ұлтшылдықпен күрескендер батыр боп саналатын. Алайда, сол «батырлардың» қатарында болмағаныма қазір шүкір деймін. Абай айтқандай «жер өртеп ат шығарғанның несі мақтан?» - деп, ағынан жарылған.
Т.Кәкішұлы оқырманды бей-жай қалдырмайтын қоғамдық та, ғылыми да мақала жазудың, зерттеу жасаудың хас шебері екенін сөзсіз. Әсіресе, қазақтың маңдайына біткен екі алып жазушы Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезов арасы жөнінде талай мәрте толғанып көрді. Бірақ, екі алыптың сүзіскенінен «рахат» табатындар әлі де жойыла қоймапты. Сондықтан, анығын ашып айту ләзім. Тұрсынбек ағай қанша жерден Сәбитшіл болса да Мұхтар Әуезов талантына, жазушылық дарынына, қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосқан үлесіне ешқашан шек келтірген емес. Керісінше, әуезовшіл кей жазғыштар Сәбит Мұқанов даңқына көлеңке түсіріп, әсіресе, 1937 жылғы қызыл қырғынды түгелдей жазушының «мойынына» іліп қойғысы келетіндей. Соның салдарынан ауызекі әңгімеде ғана айтылатын пыш-пыш сөздердің Т.Кәкішұлы сүйенетін мұрағат деректерінен «өтімді» болып шыққаны жасырын емес. Өйткені, бүгінгі таңда Сәбең атын атаған екі адамның біреуі ешқандай нақты дерегі жоқ сол «пыш-пыштан» арыға аса алмайды. Алайда, біз ет құлағымызбен естідік. Тұрсынбек ағайдың үйіндегі апамыз Күләш Садыққызы Ахмет өзінің докторлық диссертациясын қорғау барысында Сәбит Мұқанов атына айтылып жүрген сындардың көбі жала екенін дәлелдеген. Оның үстіне, Күләш апайдың ресми оппоненті болып сөз сөйлеген қазақ әдебиетіндегі бірден-бір мұхтартанушы профессор Тұрсын Жұртбай да: «Сәбит Мұқанов шын мәнінде күнәсіз бе, жоқ әлде айыбы бар ма - оны бір құдайдың өзі ғана біледі. Алайда, мен қаншама жыл архив ақтардым. Мемлекеттік те, президенттік те, ҰҚК архивтерінде де болдым. Бірақ, Сәбиттің бүгінгі біреулердің айтып жүргеніндей өз ағаларының артынан жазған арызын, көрсетулері мен атылып бара жатқандарға байланысты беттесулерін кездестіре алмадым. Ондай нақты дерек архивте жоқ»,- деген болатын. Т.Жұртбай сөзінің ақиқат екеніне ежелден қанық Т.Кәкішұлы «өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін көкезулерге қарсы сөйлеп, шырылдайтыны да сондықтан. Ал, бұл жанталасты рулық жақындыққа теліп, тырнақ астынан кір іздейтіндерге табылар дауа байқалмайтыны өкінішті.
Тұрсынбек ағай әрдайым: «Еңбекпен келетін абыройдың бәрін алдым, сайлаумен келетін атақтың бәрінен де құр қалдым», - деп отырады. Айтса айтқандай, Тұрсынбек Кәкішұлын «еңкейткен де - еңбек, көркейткен де - еңбек». Ал, барша қазаққа сүйікті еткен - «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін әділдігі деп білеміз!
«Abai.kz»

0 пікір