Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4051 20 пікір 5 Мамыр, 2022 сағат 12:04

Ресейлік БАҚ пропагандасы: Кілең лақпа...

Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқанына 70 күннен асты. Украина армиясы агрессорға қарсы аянбай күресіп жатыр.

Пентагон жоғары лауазымды өкілінің айтуынша, Ресей Донбасста сәл прогресске қол жеткізгенімен, орыс әскері қолбасшыларының деңгейі мәз емес, жауынгерлік рухы төмен, логистика да нашарлаған.

Сондай-ақ Украина армиясы соңғы 24-48 сағат ішінде орыс әскерін Харьковтен шығысқа қарай 40 шақырым жерге дейін қуып шыққан.

Ал, Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің сөзінше, Ресей 2005 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта қорғаныс бюджетін екі есе арттырған. Соған қарамастан Украинамен соғыста үстемдік орната алған жоқ. Еуропа Одағы Ресейге қарсы алтыншы санкция пакетін дайындап жатыр. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Жонсон Украинаға әскери көмек ретінде 356,6 миллион еуро көмек беретінін айтты. Ал, Ресей президенті Путин өзіне қарсы шыққан «жау елдерге» жауап ретінде қарсы санкция салыпты.

Екі елдің арасында қарулы соғыспен қатар ақпарат соғысы да күшейген. Енді Ресейлік пропагандалық телеарналар мен БАҚ-тар кісі ақылына қонбайтын, естігенннің езуіне күлкі үйіретін ақпарлар таратуға көшкенін көріп отырмыз.

Солардың бірсыпырасын топтап ұсынуды жөн санадық, мархабат…

«Қара магия»

Ресейлік БАҚ (интернет сайттары бар, телеарналары бар т.б.) «Украина әскерлері «қара магиямен» айналысты», - деп шулап жатыр. Трехизбенка ауылының шетіндегі Украина минометшілерінің штаб-пәтерінде әскерлер қару-жарақтың күшін арттыру үшін қара сиқырмен айналысыпты-мыс.

«А4472 әскери бөлімі орналасқан штабта жын-шайтан шақырудың белгілері табылған. Жалпы, бұл белгі - анархия, қару-жарақ және фашистік символизм идеяларын біріктіретін қара күштердің сиқырлы мөрі», - депті ресейлік бір мәдиеттанушы.

Киселевтің лақпасы

«Россия1» телеарнасындағы «Вести недели» бағдарламасының эфирінде Ресейлік насихатшы Киселев «Ресей Ұлыбританияны бір сәтте жойып жібере алатынын» айтып, қоқан-лоқы көрсете сөйлеген.

«Алақандай аралда отырып Ресейді ядролық қарумен қорқытудың қажеті қанша? Бұл «титімдей арал» бір «Сармат» РС-28 зымыранының соққысынан аман қалмайды. Бір ғана тетікті басасың, болды», - дейді Киселев. Ол Ұлыбританияны теңіз тұңғиығына жіберудің тағы бір амалы ретінде «Посейдон» ядролық энергоқондырғысымен жабдықталған ресейлік пилотсыз суасты аппаратын атаған.

Зеленскийдің сойы һәм жөйттердің өкпесі

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров италиялық телешоуға берген сұхбатында Украина президентінің ұлтына тиісе сөйлеген.

«Зеленскийдің еврей болғанынан не пайда? Бұл Украинадағы нацистік элементтерді жоққа шығара ма?», - депті Лавров. Ол: «Антисемиттер ең алдымен еврейлердің өз ішінен шыққан, фашистік Германияны басқарған Гитлердің де бойында еврей қаны болған», - деген.

Осы хабардан кейін Израиль Сыртқы істер министрі Яир Лапид: «Лавровтың антисемитизмге еврейлердің өздері кінәлі деуі «кешіруге келмейтін қате сөздер» және ол «нәсілшілдіктің ең жабайы деңгейін көрсетті», - деп мәлімдеген.  Израиль министрі: «Лавров кешірім сұрасын», - деп талап етті. Бірақ, Лавров жалған сөздеріне кешірім сұрамақ түгілі, келесі күні израильдік әріптестерінің өздерін кінәлап, твиттерінде жазба қалдырды. «Израиль Киевтегі неонацистерді қолдап отыр», - деді Лавров.

Азов полкін қаралау

Ресейдің басқыншы әскеріне атой салып, жан аянбай тойтарыс беріп жатқан әйгілі Азов полкін бүгінде әлем жұрты біледі. Украинаның Мариуполь қаласында жасақталған Азов полкын Ресейлік ақпарат құралдары әлдері жеткенше қаралаумен келеді. Қазіргі күні Ресей әскерінің қарулы соққысынан жасырынған, Азовсталь металлургиялық зауытын паналаған бейбіт тұрғындарды Азов полкы қорғап тұр. Ресейлік БАҚ тырнақшаның ішіндегі «Мариуполь тұрғындарынан» Азов полкі туралы бірлі-жарым пікір сұрап, оның орыс телеэфирі арқылы таратқан. Әрине, олардың айтқандары – «Азов полкының әскерлері «қанішер нацистер».

«Азов полкінің өз Құдайы мен діні бар»

Қайсыбір жолы ДХР (Ресей Украинадан тартып алған аумақ) деген әлемде жоқ ергежейлі мемлекетсымақтың билік өкілі Ян Гагин деген: «Азов жасағы өздеріне дін ойлап тауып алған. Олардың өздері сыйынатын Құдайлары да бар. Морана деген өліс Құдайына сыйынады. Ал діндерін скандинавтың сенім мен ежелгі славян сенімдерінен араластырып, құрап алған», - деп сөйлеген.

Қысқасы, осы…

Ресей билігі соғыс басталғалы бері РФ аумағында ресми тіркелген оншақты тәуелсіз БАҚ-ты жауып, оларды «шетел агенттері» деп таныған. «Роскомнадзор» еркін ойлы ақпарат құралдарын бұғаттауды бастағаннан кейін, қазір Ресей аумағында тәуелсіз БАҚ жойылған. Қазіргі жұмыс істеп тұрған ақпарат құралдарының бәрі Кремльдің пропагандасын жүргізіп отыр деуге әбден негіз бар. Ал сол пропаганданың сиқы, анау…

Айжан Темірхан

Abai.kz

20 пікір