Сәрсенбі, 28 Қыркүйек 2022
Әне, көрдің бе? 3285 12 пікір 2 Мамыр, 2022 сағат 12:46

Израиль қалай озды?..

Бүгінде Израиль жан басына шаққандағы стартаптар саны жағынан әлемнің кез-келген елін басып озады, олардың саны 4 000-нан асады екен. Осы күнге дейін қаржыгерлер осынау оймақтай елдің стартаптарды қаржыландырады дегенге сенбеген. Бірақ қазір АҚШ – тың Нью-Джерси штанына сыйып кететін 9 миллионды халқы бар Израильде құны 1 миллиард доллорға жететін жеке компаниялар орналасқан. Израиль қалайша технологиялық державаға айналды?

Жоғары инвестиция.  Израильде ғылым мен технология ең дамыған салалардың бірі.  2015 жылы елдің ЖІӨ-нің 4,3 % азаматтық зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалды. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. 2019 жылы Израиль Bloomberg Innovation Index рейтингінде ең инновациялық елдер тізімінде бесінші орынды иеленді. Миллион тұрғынға шаққандағы ғылыми жарияланымдар бойынша әлемде 13-ші орында тұр.

2014 жылы Израиль ғалымдарының дүние жүзі бойынша жариялаған ғылыми мақалалар үлесі (0,9 %) дүние жүзіндегі халық үлесінен (0,1 %) әлдеқайда жоғары болды. Көптеген американдық венчурлық капиталисттердің Израильде кеңселері бар, ал басқалары израильдік стартаптарға инвестиция салады. Израильге қанша венчурлық капиталистер инвестиция салып жатқанын дәл анықтау қиын, бірақ кейбір бағалаулар бойынша бұл шамамен 200 отандық фирма, 60 корпоративтік және 70 шетелдік компаниялар екен. 2015 жылдан бері Израильде жыл сайын орта есеппен 23 венчурлық фирма ашылған.

Сауаты жоғары халық. Израиль ірі жоғары технологиялық компаниялардың отанына айналды, себебі, мұндағы жергілікті халық әлемнің үздік технологиялардың тілін меңгерген.

Әлемдегі ең үздік 500 технологиялық алпауыт компаниялардың алпысы Израильде зерттеу және инновациялық орталықтарын ашқан. Израиль халқы нарықтағы дамыған елдерінің ішіндегі ең жасы. 2020 жылғы мәлімет бойынша халқының 28 %-ын 15 жасқа толмағандар құрайды екен. Ал, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 16 %-ды құрады.  Израильдіктердің 60 пайызы еңбекке жарамды халық. Жастары өздерінің қаржылық болашағына оптимистік көзқараста екен. 2020 жылғы жағдай бойынша 25 пен 34 жас аралығындағы израильдіктердің 47 %-ы колледжді бітірген (ЭЫДҰ бойынша 45 %-дан сәл жоғары). Яғни, өсіп келе жатқан білімді жастар тобы болашақта Израильдің ұзақ мерзімді экономикалық табысын қамтамасыз етеді деген сөз.

Жаһанданудың пайдасы. Израиль жаһандық үлес портфелін құрғысы келетін инвесторлар үшін тартымды нұсқаға айнала білді. Ел әлеуметтік-экономикалық, геосаяси және технологиялық үрдістердің соңғы мүмкіндіктерінен пайда көруді қалайды. Израиль Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мүшесі ретінде 10 жыл ішінде дамыған нарығы бар елге айналып үлгерді. Израиль жеке технология секторы - жаһандық венчурлық капитал мен жеке инвесторлардың инвестиция орталығына айналды. Бұл сектор 2021 жылы 26 миллиард долларға жуық венчурлық капитал алды, бұл дегеніміз жалпы Еуропа алған қаржыландырудың төрттен бір бөлігі. Бүгінде израильдік кәсіпкерлер екінші не үшінші стартаптарын іске қосып жатыр. Соңғы онжылдықта жаһандық технологиялық компанияларда жұмыс істеген инженерлер, операторлар және басшылар корпоративтік ортаны тастап, өздері құрылтайшыларға айналуда. Яғни, банкте көп ақша болған сайын стартаптар дарынды адамдарды жалдап, кеңейе түседі. Нәтижесінде Израиль АҚШ-тың технологиялық акцияларынан тұратын Nasdaq биржасында АҚШ пен Қытайдан кейін үшінші орында тұр. Израильдіктер көптеген жаңа Google технологияларын жасады. Израильде әлемдегі ең ірі процессор өндірушісі Intel зауытында 11 000-нан астам адам жұмыс істейді. «Microsoft»  «жартылай израильдік» компания болып саналады, израильдік сарапшылар миллиондаған компьютерлерде жұмыс істейтін Windows бағдарламалық жасақтамасын әзірлеуге үлес қосты. IBM, PayPal, Cisco, Amazon, Facebook сияқты ірі компаниялардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық секторлары, сондай-ақ технология импорты Израильдің ЖІӨ-нің 12,5 % құрайды.

2021 жыл Израиль технологиялық компаниялары үшін рекордтық жыл болды, бірақ 2022 жыл одан да табысты болуы мүмкін. Биылғы жылдың басынан бері 212 мәміле жасалып, елге  5,58 миллиард доллар тартылды. 2022 жылы әрқайсысының құны 100 миллион доллардан асатын 14 мәміле жасалады деп күтілуде. Бұл жалпы жиналған қаражаттың 44 % құрайды екен.

 

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

12 пікір