Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3114 1 пікір 2 Мамыр, 2022 сағат 10:44

Тоқаев Қырғызстанға барады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 мамырда ресми сапармен Қырғызстанға барады.

Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловты қабылдағанда хабарлады. Жапаровтың мәлімдеуінше, Тоқаевтың бұл сапары екі ел әріптесіне "тың серпін" береді.

Тоқаевтың Қырғызстанға сапарлайтыны наурыз айының аяғында Жогорку Кенеш спикері Талант Мамытовтың Алматыға сапары кезінде мәлім болған. Кейін ақпаратты қырғыз үкіметі басшысының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошев растады.

Садыр Жапаров Әлихан Смайыловпен кездесуде екі елдің қарым-қатынасы "өте жоғары" деңгейде дамып келе жатқанын айтты. Қырғыз басшысы Бішкек осындай көрсеткіштің сақталуына бар күшін салатынын мәлімдеді.

Қазақстан үкіметінің басшысы Қырғызстанның ең басты саяси, экономикалық әріптес екенін атап өтті.

Қазақстан Қырғызстанның Ресей мен Қытайдан кейінгі ең ірі сауда әріптесі. Республикалар ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО және ШЫҰ секілді ұйымдарға мүше.

Тоқаевтың Қырғызстанға сапары қарсаңында қырғыз тауарларын Қазақстан шекарасынан өткізуді жеңілдету жөнінде келісім жасалды. Бұның алдында тауар таситын жүк көліктері қырғыз-қазақ шекарасында кезекті ұзақ күтуге мәжбүр болған.

Abai.kz

1 пікір