Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ақмылтық 3442 32 пікір 29 Сәуір, 2022 сағат 11:28

Табаны бар да, бүрі - жоқ, зіркілі бар да, зілі – жоқ... партиялар

Біздегі партиялардың бір қызық қасиеті бар-ау: құдды бір Легоның ойыншықтары сияқты әп-сәтте бір-біріне қосыла салады! Әсіресе, билеуші партияның қойнына кіріп кету үлгілі де үзілмейтін үрдіс боп қалыптасқан. Бұндай бірігулер бұрын да болған, бүгін де болып жатыр.

Міне, адалдықтың да ғұмыры ұзаққа созылмай, кешегі «Бірлік», бүгінгі «Адал» кешегі «Нұр Отан», бүгінгі «Аманаттың» құрамына кіріп, көзден бұл-бұл ұшты.

Бір қызығы – партиялардың бағдарламасы мен жарғыларындағы айырмашалықты қарап, талдап, бір-біріне сәйкес не сәйкес емес тұстарын реттеп, бір ретке келтіріп жатқан ешкім жоқ. Бұл дегеніңіз – екі партияның идеологиялық түрғыдан еш өзгешелігі болған жоқ деген сөз.

Мұның өзі Қазақстандағы партиялық жүйенің ең үлкен кемшілігін алдымызға жайып салды: бізде саяси ұйымдар өркениетті елдердегі секілді белгілі бір идеологияға, өзіне ғана тән бағдарламаға сай құрылмайды. Біздегі партиялардың түп негізі – жеке тұлғаның орынды һәм орынсыз саяси амбициясында! Не билікті қолдаған не билікке қарсы шыққан адамдардың саяси жобасы. Билік партиясының өзі де осы күнге дейін бір адам – президенттің партиясы боп келді емес пе?

Содан барып, олардың тағдырын анықтайтын да партияның катардағы мүшелері емес, жалғыз ғана төраға боп шығады. Мұның өзі кез келген демократиялық ұйымның болмысына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қып-қызыл авторитаризм емес пе?!

Әрине, жеке адамның, лидердің, тұлғаның тарихтағы, соның ішінде, саясаттағы ролін ешкім жоққа шығара алмайды.

Бірақ, ол адам объективті және субъективті себептерге байланысты өзгеруі мүмкін ғой: не саяси бағыты құбылып шыға келеді, не шаршайды, не сырқаттанып қалады, не (Құдай бетін аулақ етсін) о дүниеге аттанып кетеді, немесе билікпен ауыз жаласып қалады не оның қоқан-лоққысына шыдамайды дегендей. Жұмыр бас пенде болған соң, бәрі ықтимал.

Сөйтіп, тұтас бір ұйым бір ғана пенденің конъюнктуралық таңдауының құрбаны боп қалады.

Сол кезде партия құрамындағы әрбір мүшенің пікірін кім сұрайды екен?!

Сондықтан да бізге партия құруда жаңаша көзқарас қалыптастыру қажет: яғни, партия нақты идеялық тұғырнаманы басшылыққа алып құрылуы шарт. Ол палитра мейлінше кең: оңшыл, солшыл, центрист, либералдар, социал-демократтар, ұлтшыл-демократтар, «жасылдар» және тағы басқалары.

Өкінішке орай, 30 жылдың ішінде біз осындай саяси даму, жетілу деңгейіне жете алмадық та, заман талаптарына сай партиялық жүйе қалыптаспады, олар идеялық тұрғыдан алғанда тек қана билікшіл не оппозициялық сипатта құрылды. Мұның өзі қалың көпшіліктің қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына мықты кедергі болды: билікті қолдайын десе, құлқы жоқ, оппозициялық партияларды қолдайын десе, билікке жеккөрінішті боп, әртүрлі қудалауға ұшырап қалуы мүмкін.

Осы жылдары оппозицияның да құрамы мен құрылымы өзгерді: бірі билікті дәл бүгін төңкеріп тастағысы келген, соңы қанға ұласуы мүмкін бас көтерулерді қолдайтын революционерлер, екіншісі – билікпен күресте эволюциялық жолды таңдаған демократтар. Олар да өзара қырқысып жатады.

Сондықтан болар, табаны бар да, бүрі (яғни, нақты идеялық ұстанымы) жоқ, зіркілі бар да, зілі (яғни, қоғамға мықты ықпалы) жоқ партиясымақтар көбейіп барады.

Жеке адам факторының билік партиясына да тікелей қатысы бар.

Кеше президент ресми түрде оның қатарынан шықты. Кей сарапшылар оның бұл қадамын «демократияның жарқын көрінісі» деп бағалап жатыр. Солай да шығар.

Бірақ, партия сияқты саяси ұйымның біздегі жүйеде берері мол: президенттікке үміткер мен депутаттардың тізімін (жаңа заңнамаға сәйкес - 70 процентін) тек қана партия ұсына алады. Оның үстіне биліктегі басшылық қызметтегілердің дені  кешегі «нұротандықтар».

Фантастика жанрына тым әуес кей сарапшылар «президент өз партиясын құрады» деген батыл болжам айтып жатыр. Парламентті ашса алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап отырған партиядан есі дұрыс президент бас тарта ма екен?

Логика бойынша, ендігі жерде президент тағайындайтын басқа да шенеуніктер де – министрлер мен әкімдер - бейпартиялық болуы керек емес пе? Қайдам: олар да парламент пен мәслихаттарға келіп, есеп береді ғой.

Сондықтан да президенттің билік партиясының қатарынан шығуын өз басым саяси маневр деп бағалаймын: онсыз да жан-жақтан – билік ішіндегі, одан тыс оппозициядан, Тоқаев тұсында майлы жіліктен қағылып қалған, Қасым-Жомарт десе, қабағы қатулы қаржылы кландардан, «ескі Қазақстанды» көксеушілердің күнделікті шабуылына ұшырап жатқан ол болашақ саяси науқандар қарсаңында өзін билікке алып келген партиядан алыстай қоймайды. Партия қатарында болмаса да, сол партияға ықпалынан қол үзбейді, онда өзіне сенімді әріптестерін орнықтырады. Ол үшін олар президентке адал болуы керек.

Бәлкім, билік партиясының «Адал» партиясын қосып алуының бір символикалық мәні осында болар...

Қайдам: кеше ғана Назарбаевқа пұттай табынып келген жандайшаптар бір күнде-ақ одан сырт айналып кеткен жоқ па?

Олай болса, қазіргі «тоқаевшылдар» оған адалдығын келесі, Тоқаевтан кейінгі президенттің тұсында да сақтап қалады деп кім кесіп-пішіп айта алады?

Әміржан Қосан

Abai.kz

32 пікір