Жұма, 19 Сәуір 2024
2756 4 пікір 28 Сәуір, 2022 сағат 14:05

Әуежай мен вокзалдағы тексерістен өтпейтін шенеуніктер кімдер?

Жақында Индустрия және индустриялық-инновациялық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жоғары лауазымды шенеуніктерді әуежай мен вокзалдардағы тексерістен босататын бұйрыққа қол қойған болатын. БАҚ бетіндегі талқылаулардан кейін министрлік осы өзгеріске байланысты түсініктеме берді.

Еліміздің әуежай, вокзал, метроларында жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жүктерді және жүргіншіні жіті тексеруден өткізетіні белгілі. Бірақ кейбір лауазымды тұлғалар мұндай тексерістен өтпейді.

Олардың құрамында:

ҚР Президенті;  ҚР Премьер-Министрі; ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы; ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы; ҚР Мемлекеттік хатшысы; ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы; Конституциялық Кеңестің төрағасы; ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы; ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы; ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы; ҚР премьер-Министрінің орынбасары;Президенттің көмекшісі-ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы; ҚР Бас прокуроры; ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы; Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы; Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы; министрлер, шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары мен дипломатиялық персоналының мүшелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері; Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің консулдық лауазымды адамдары, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері бар.

Индустрия және индустриялық-инновациялық даму министрлігінің хабарлауынша, бұл тізім сонау 2014 жылы 18 шілдеде ҚР Үкіметінің № 817 қаулысымен бекітіліп қойылған. Тек 2021 жылы заңнамада өзгеріс болып, осы тізімді бекіту өкілеттігі көлік саласындағы өкілетті орган ҚР ИИДМ-не берілген. Сол себепті 2022 жылы 18 сәуірде ИИД министрі № 213 бұйрыққа қол қойып, бұрыннан бар тізімді қайта бекіткен. Ол тізімде тексеріс жүргізілмейтін шенеуніктер туралы ғана емес, сонымен қатар көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар туралы да ақпарат бар.

Бұйрыққа сай шенеуніктер тексерістен өтпейтін 20 теміржол вокзалы, 21 автовокзал, 20 әуежай, 5 аэродром, сондай-ақ Алматы метросы мен Ақтау теңіз порты көрсетілген.

Министрлік хабарламасында көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін шенеуніктердің заттарына тексеріс жүргізілмегенімен олар кедендік бақылаудан өтеді.

«Бұл бұйрық вокзалдарға, метро станциялары мен теңіз портына, әуежайларға, әуеайлақтарға (жолаушылар терминалдары жоқ) кіру кезіндегі тексеруге ғана қатысты, бірақ бұйрық Қазақстан Республикасының кеден және шекара қызметі органдарының тексеру жүргізуіне қолданылмайды», делінген хабарламада.

 

Abai.kz

4 пікір