Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 3491 18 пікір 27 Сәуір, 2022 сағат 15:00

Қазақстанда жаңа партиялар құрыла ма?

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманат» партиясының құрамынан шығып, төрағалықтан бас тартты. Партиясының төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды.

«Бүгіннен бастап «Аманат» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі «Аманат» партиясы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың президент Тоқаевқа табыстаған бұрынғы «Нұр-Отан» партиясы екенін еске салайық.

Президент Тоқаев Мемлекет басшысының ешбір партияға басымдық бермегені жөн деп санайды және алдағы уақытта жаңа партиялар саяси алаңнан көрінетінін айтты.

Қазақстанда соңғы жылдары кімдер партиялар құрмақ болып бастама көтерді және қандай партиялар парламетке өте алмады? Солардың бір сыпырасына шолу жасап көрдік.

2019 жылы қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов саяси партия құратынын мәлімдеген еді.

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай «Жасыл әлем» атты партияның Төрағасы Олжас Сүлейменов болатынын айтты. Партия елдің экологиялық мәселесін шешуге талпынды. Бүгінде мемлекет экологиялық апаттармен күресу үшін жыл сайын қомақты қаражат бөледі. Дегенмен оларды шешу тетіктері жоқ. Сол себепті экологтар осындай ауқымды дүниелерді реттеп отыру үшін парламент пен маслихаттардың барлық сатысында болуы керек деп санайды.

Сол жылы саясаткер Тоғжан Қожалиеваның да «ХАҚ» деген партия құрып жатқаны белгілі болды. Жеке кәсіпкер Тоғжан Қожалиева құрғалы отырған партиясын өз кәсібі арқылы қаржыландырмақ болғанын айтқан еді.

«Партияның мақсаты жүйені қалпына келтіру. Қазақстанның әрбір азаматының жағдайы жақсаруы үшін жүйені қалпына келтіруіміз қажет. Біз бөлінбейміз. Жақсы болсын, жаман болсын биліктегілер өз қазағымыз. Сол сияқты билікке қарсы ДВК да өз қазағымыз. Біздің ең басты мақсатымыз конструктивті реформалар жүргізу. Біз билік пен халықтың ортасына көпірміз...Біз – Қазақстан халқының партиясымыз. Біздің девиз – халыққа Адал Қызмет. ХАҚ!», - деді ол партия туралы.

2020 жылы «Желтоқсан-86» ұйымының белсенділері «Алаш-Желтоқсан» атты партия құрғалы жатқанын хабарлады. Партия құрғысы келетін топ ұлттық мәселелерді көтергенде ұйымнан гөрі саяси топтың ықпалы көбірек болатындықтан партия құруға бел буғандарын айтқан еді.

Топ жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс «Бүгінде елде проблема өте көп. Сондықтан ұлттық проблемаларды көтеретін «Алаш-Желтоқсан» партиясы – біз боламыз деп ойлаймын... Желтоқсаншылардың елім, жерім, қазағым, ұрпағым, тілім деген өз идеясы бар. Құрылып жатқан партиялар мен қозғалыстардың көп болғанын қалаймыз», – деген болатын.

2020 жылы белсенділер құрған «Көше партиясы» ұйымы ресми тіркелу үшін құжат тапсыратынын жариялаған соң астананың Есіл аудандық соты оны экстремистік ұйым деп танып, жұмысына тыйым салды. Осы шешімнің негізінде көп белсенді қудаланып келеді.

Белсенді Санавар Закирова 2018 жылы «Біздің хақымыз» партиясын тіркеуге талпынды. Белсенді «Нұр Отан» жаңа партия тіркеуге кедергі жасады деп мәлімдеген соң билік партиясы оны сотқа беріп, «Нұр Отан» туралы айтқан сөздерін терістеуді талап етті. Сотта билік партиясы жеңіске жетті. Кейін Закирова бұзақылық ісі бойынша бір жылға сотталып, жазасын өтеп шықты.

2022 жылы Қазақстан құрылысшылар одағы өзінің саяси партиясын құратынын мәлімдеді.

Қазақстанда құрылыс саласының мәселелері ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келеді. Мысалы, құрылыс саласы дамымаған, ел импортқа тәуелді, қазақстандықтар баспанамен қамтамасыз етілмеген. Бұл ретте қоғамдық бірлестік жағдайды толық өзгерте алмайды. Осы мәселелерді шешудің бір жолы – партия құру. Бұл туралы Құрылысшылар одағы президиумының төрағасы Талғат Ерғалиев айтқан болатын.

«Біз заң шығару процесіне ықпал етуді, қолдауды, көмектесуді, жеделдетуді, қатысуды қалаймыз. Бизнестің нақты өзін-өзі реттеуіне қол жеткізгіміз келеді», – деп түсіндірді Ерғалиев.

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан «Жер қорғаны» атты саяси партия құратынын мәлімдеді.

«Бүгіннен бастап мен жаңа саяси партияны құруға кірісемін. Нағыз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырту үшін бүгінгі билік - яғни бүгінгі залында отырғандардың - Мәжіліс, Сенат және үкімет 80-90% сөзсіз ауысу керек. Ол үшін біз - ел мен ұлт жанашырлары - жаңа партия құрып келесі сайлауда Нұротан-Аманат партиясын адал жарыста жеңіп - билікке келуіміз қажет! Біздің жаңа саяси партиямыздың атауы ЖЕР ҚОРҒАНЫ болсын. Жер деген ұғым әр қазақ үшін қасиетті деп білем. Жерімізді қорғай алсақ ұрпақ үшін болашаққа жол ашамыз деген сөз», - деп жазды Мұхтар Тайжан Facebook-тегі парақшасында.

Биыл қоғам белсендісі Санжар Боқаев жаңа партия құратынын мәлімдеді. Ол өзінің «Намыс» деп аталатын партиясы мен оның бағдарламасын таныстырды.  2020 жылдың шілдесінде ол «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалында партияның әдеп кодексі мен жарғысын елемеді және нұротандықтардың өміріне немқұрайлы қарады айыппен Санжар Боқаевты партия қатарынан шеттетілген еді.

Айжан Темірхан

Abai.kz

18 пікір