Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 4492 25 пікір 27 Сәуір, 2022 сағат 14:38

Приднестровьедегі жағдай: Қазақ пен орыс бауыр емес!

Приднестровье деген жер бар. Молдовандардың жері. Ресейден өзге ешкім мойындамаған ергежейлі мемлекет. Әрісін айтпасақ та, Совет одағы ыдырағаннан кейінгі аз-кем тарихын сөз ету керек шығар.

1991 жылдары КСРО ыдырағаннан кейін «Приднестровье-Молдова мемлекеті» болған (Молдованың құрамында). 2006 жылы Приднестровьені Ресей құрамына қосу туралы «референдумсымақ» өтіп, бұл бастаманы қолдаушылар саны – 97,2 пайыз деп есептелген. Мұндай референдумдарды кімдер ұйымдастыратыны және қалай өткізілетіні бесенеден белгілі ғой. Ал 2013 жылы Приднестровье Жоғарғы Кеңесі ақылдаса келіп, Республика аумағында РФ Конституциясы мен заңнамаларын қолдану туралы шешімге келген. 2014 жылы тағы да РФ Мемлекеттік Думасына жалынғандай болып, «Приднестровьені Ресейге қосу туралы шешім қабылдаңыздар» деп өтініш қылған.

2020 жылы сол кездегі Молдова президенті (Ресейшілдігі басым адам) Игор Додон: «Біз Приднестровьеге кең көлемді автономия береміз. Дауды осылай шешейік. Приднестровьенің Молдовасыз күні қараң. Келіссөзге келейік. Біз кез келген жағдайды қарастыруға әзірміз», - деп сөйлеген.

Приднестровьені Ресей билігі бейресми түрде мойындаған. Мәскеуде өтетін іс-шараларға ПР басшыларын арнайы алдыртып, ерекше ықылас білдіріп, әлемнің өзге де легитимді басшыларымен бірге ілестіріп жүретін.

Шындығында Приднестровье «тәуелсіздігін» мойындаған жалғыз Ресей емес. Ресей гүржілерден тартып алған Оңтүстік Осетия мен Абхазия билігі, Армения бақылауында болған Қарабақтағы басқыншылар билігі 2006 жылы 17 қарашада бірінің ізін ала екіншісі жаңағы Приднестровьені «тәуелсіз мемлекет» деп таныған. Алайда, бұл үшеуінің мойындауы ешқандай халықаралық салмаққа, заңдық күшке ие емес. Өйткені, өздерін де ешкім мойындамаған ергежейлі мемлекетсымақтардың қатарында. Қысқаша осы.

Сол Молдованың Приднестровьесі кешелі-бері әлем жұртының талқысына тағы шықты. Екі күн қатарынан Преднестровьеде жарылыстар болды. Әуелі Молдованың сеператистер басшылық ететін аймағының астанасы Тирасполда жарылыс болды. Артынан Преднестровье КСРО-дан мұра қылып алған екі радио антена қиратылды. Бұл жарылыстарды әлі ешкім өз мойнына алған жоқ. Приднестровье билігі бірнеше террористік шабуыл болғанын мәлімдеген. Ал Молдова президенті шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген. Ал Украина бұл жарылыстарды «Ресейдің арандатушылық әрекеті» деп атаған. Енді рет-ретімен жазайық...

Ресми ақпарат мынау:

«26 сәуір таңғы сағат 6:40 және 7:05-те Григоропольскі ауданына қарасты Маяк ауылында екі ірі жарылыс болып, екі ірі радио антена қиратылды. Бұл екеуі де Ресейлік радиоларды таратушы антеналар болған», - дейді.

Ресми органдар жарылысты кімдер ұйымдастыруы мүмкін екенін айтпаған. Бұл екі антена КСРО-дағы 14 ірі радио таратқыш антеналардың бірі болған. Радио антеналар 60-шы жылдардың соңында тұрғызылыпты. Ал Тирасполдағы жарылыстан Приднестровье ҚК ғимаратының талқаны шыққан.

Молдова мен Украина не дейді?

Молдова Үкіметі жанындағы реинтеграция бюросы: «Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, әлдекімдер аймақтық қауіпсіздік штабының ғимаратын гранатаметпен атқылаған. Зардап шеккендер жоқ. Ал радио антеналарды атқылау – Приднестровье аймағында жағдайды ушықтыру үшін жасалып отырған әрекет», - деген.

Молдова президенті Мая Санду: «Молдова Приднестровьені бұғаттамайды. Біз бейбіт диалогтарды жақтаймыз. Мәселені дипломатиялық жолмен шешкіміз келеді. Ал Приднестровьедегі жарылыстар аймақтағы қарсыласушы тараптардың ішкі қақтығысынан болған. Молдова қауіпсіздік мәселесін ескеріп, алда-жалдаға дайындықты күшейтеді. Ал Путинмен келіссөз өткізу жоспарланып отырған жоқ.

Аймақта бұндай арандатулар біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Соңғы апталарда мектептер мен ауруханаларға бомба қойылғаны туралы хабарламалар да көбейген», - деп мәлімдеген.

Молдова Қауіпсіздік және ақпарат қызметі: «Біз тұрғындарды сабырға, тексерілмеген ақпарат көздеріне сенбеуге, жағдайды ушықтырмауға шақырамыз. Жағдай күрделі. Сондықтан, соғыс пен жек көрушілікті болдырмау маңызды», - депті.

Украина Қорғаныс министрлігінің Сыртқы барлау қызметі: «Бұл қасақана жасалып отырған арандату екені түсінікті. Мұны РФ ФҚҚ ұйымдастырған. Мақсаттары – ел ішінде үрей туғызу және антиукраиналық көңіл-күйді күшейту. Олардың басты мақсаттары Приднестровьені Украина соғысына араластыру. Атап айтқанда, Преднестровьеге қосымша әскери күш шоғырландыру», - дейді.

Украина Қаулы күштерінің Бас штабы: «Приднестровьедегі Ресей әскері ұрыс жағдайына дайын отыр», - деген.

Мәскеу мен Тираспол не дейді?

Приднестровье «президенті» Вадим Красносельский де өзінің Қауіпсіздік кеңесін жинаған. Сөйтіп аймақта террористік қауіптің қызыл деңгейі енгізілген. Тираспол: «Екі емес үш шабуыл болды», - деп атаған. Тағы бір жарылыс Тирасполдегі әскери бөлімде болған. Приднестровье билігі: «Бұл арандатуларды Киев жасап отыр», - дейді.

Кешелі-бергі жарылыстардан соң, аймақта блокпостар орнатылған. Приднестровье билігі 9 мамырда әскери парад болмайтынын мәлімдеген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Владимир Путин мен Мая Санду арасында қазір келіссөздер өткізу немесе телефон арқылы сөйлесу жоспарланып отырған жоқ. Жалғыз ғана айтарым, біз Приднестровьедегі жағдайды мұқият бақылап отырмыз», - депті.

РФ Сыртқы істер министрлігі: «Мәскеу Приднестровьедегі жағдайға араласқысы келмейді. Сондықтан, Мәскеудің араласуын болдырмайтын сценарийді қарастыруда», - деген.

Өткен аптада РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери округі қолбасшысының орынбасары, генерал Рустам Минникаев: «Арнайы операцияның (Ресей Украинадағы соғысты солай атайды) екінші кезеңінде РФ армиясының басты міндеті – Донбасс пен Оңтүстік Украинаны бақылауға алу. Украинаның оңтүстігін бақылауға алу деген сөз –Преднестровьеге тағы жір жол ашылады деген сөз. Бұл жақта да орыс тілділерге қысым күшейген», - деп мәлімдеген. Ал РФ Қорғаныс министрлігі генерал Минникаевтың бұл сөздеріне қатысты еш ақпарат таратпаған.

Ал РФ СІМ орынбасары Андрей Руденко өткен дүйсенбіде: «Біз Приднестровьедегі жағдайдың бейбіт жолмен шешілуіне мүдделіміз. Молдованың территориялық тұтастығын ескере отырып, аталған аймақтың (Преднестровьенің) ерекше статусын құрметейміз», - деп сөйлеген.

Кей деректерге сенсек, қазір Приднестровьеде Ресейдің 1500-нан астам әскері мен әскери контингенті бар екен. Олар аймаққа 1995 жылы кіргізілген.

ВВС-дің Преднестровьедегі тілшісі: «Екі күн жарылыстардан соңғы Преднестровье 24 ақпаннан кейінгі Донбассты көз алдыңызға келтіреді. Міне, 30 жылдан бері Приднестровье аймағы Молдовадан да, Украинадан да бөлектеніп, автономды өмір сүріп келеді. 1992 жылғы тамыздағы әскери қақтығыстардан кейін мұнда бәрі тынышталған еді. Аймақ халқы айналасындағы көршілермен тату-тәтті өмір сүріп, тіпті, Молдоваға жұмысқа барып-келіп жүрген.

Тіпті Ресейшіл президент Игор Додон да аймақ басшысымен келіссөздер өткізген. Украинамен салыстырғанда Кишиневте бірде-бір саяси күш Приднестровьені күшпен немесе саяси жолмен қайтару туралы сөз етпеген. Тіпті, бұл туралы Молдова президенті Мая Санду да айтқан», - депті.

Ал Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов: «Ресейдің Украинадан кейінгі нысанасы – Молдова мен Қазақстан болмақ», - деп мәлімдепті.

«Бұл дау (Приднестровьенің тәуелсіздігі мәселесі) КСРО кезінен бері басталған. Ондағы Ресейдің рөлі – модератор. Лавров: «Молдовандар біздің бауырларымыз», - деп мәлімдеді. Ол аз десеңіз, Лавровтың сөзінше, қазақтар да орыстардың бауырлары екен. Сондықтан, бұл «бауырластыққа» қазақтар мен молдовандар әбден дайын болуы керек», - депті.

Осымен тәмам. Талқы сіздердің еншіңізде...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

25 пікір