Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3362 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 05:59

Жүкел Хамай. Шыңғыс хан мен Ли Байды қазақ қылғаннан ұтарымыз не?

Соңғы жылдары тарихымызды түгендеудің жөні осы деп, кейбір қаламгерлеріміз әлем мойындаған тарихи тұлғаларды, ақын-жазушыларды қазақ болдыруға әуестеніп алды. Солардың бірі қият - Шыңғыс ханға, келесісі ежелгі Қытайдың арақкеш ақыны Ли Байға қатысты. Шыңғыс ханға таласушылар оның нақты жазба тарихы барына қарамастан, бұрыннан осылай дауласа беретін. Әуелгі таласушылардың бірі - қытайлар. Олар көп жағдайда Шыңғыс ханға қоса түгел көшпенділерді де өздерінен таратады. Әйтсе де, олардың  басқыншы пиғылынан көне тарих бетінде ештеңе де өзгерген жоқ. Қытайлықтардан кейін немістің кейбір ұлтшылдары да Шыңғыс ханнан неміс жасамақ болды... Бұлардың сыртында жапондықтарда Шыңғыс ханды жапон болдыратын аңыздары бар... Енді бұл таласқа Украин ғалымдары да араласа бастапты. Украинның Александр Синухов есімді жазушысы «Шыңғыс хан - Киевтік Исаактың ұлы» («Чингисхан - Сын Исаака Киевского», 2005) деген кітабында: «Әуелде жабайы көшпенділердің арасында ақыл-есті ел бастайтын дұрыс адам болмаған. Сөйткен тұста мемлекет құруға қабілетті славян ұлтынан дала көшпенділерінің арасына бір ақылды еврей адамы барып, ұлыс-мемлекет құрып береді... Шыңғыс хан еврей адамы. Дәлелі: Дуба соқыр дегеніміз Інжілде айтылатын Давид болмақ. Есүкей - Исаак деген атаудың бұрмаланып айтылуы...», дей келіп, Шыңғысты Киев хандарының Исаак тегінен тараған деп түрлі «деректер» арқылы дәлелдемек болады.

Соңғы жылдары тарихымызды түгендеудің жөні осы деп, кейбір қаламгерлеріміз әлем мойындаған тарихи тұлғаларды, ақын-жазушыларды қазақ болдыруға әуестеніп алды. Солардың бірі қият - Шыңғыс ханға, келесісі ежелгі Қытайдың арақкеш ақыны Ли Байға қатысты. Шыңғыс ханға таласушылар оның нақты жазба тарихы барына қарамастан, бұрыннан осылай дауласа беретін. Әуелгі таласушылардың бірі - қытайлар. Олар көп жағдайда Шыңғыс ханға қоса түгел көшпенділерді де өздерінен таратады. Әйтсе де, олардың  басқыншы пиғылынан көне тарих бетінде ештеңе де өзгерген жоқ. Қытайлықтардан кейін немістің кейбір ұлтшылдары да Шыңғыс ханнан неміс жасамақ болды... Бұлардың сыртында жапондықтарда Шыңғыс ханды жапон болдыратын аңыздары бар... Енді бұл таласқа Украин ғалымдары да араласа бастапты. Украинның Александр Синухов есімді жазушысы «Шыңғыс хан - Киевтік Исаактың ұлы» («Чингисхан - Сын Исаака Киевского», 2005) деген кітабында: «Әуелде жабайы көшпенділердің арасында ақыл-есті ел бастайтын дұрыс адам болмаған. Сөйткен тұста мемлекет құруға қабілетті славян ұлтынан дала көшпенділерінің арасына бір ақылды еврей адамы барып, ұлыс-мемлекет құрып береді... Шыңғыс хан еврей адамы. Дәлелі: Дуба соқыр дегеніміз Інжілде айтылатын Давид болмақ. Есүкей - Исаак деген атаудың бұрмаланып айтылуы...», дей келіп, Шыңғысты Киев хандарының Исаак тегінен тараған деп түрлі «деректер» арқылы дәлелдемек болады. Дәл осыған ұқсас дәлелді қазақ жазушысы Тілеуберді Әбенейұлы да келтіреді. Ол қазірге дейін әлде15 дәптер, әлде 12 дәптер, әлде бұлардан да көп немесе аз екендігі толық дәлелденбеген «Құпия тарихтың» қытай тіліндегі бірер нұсқасын (біздің болжауымызша, бұл нұсқа 1908 жылы қытайдың Ей Дэ-хуй деген ғалымы алғы сөзін жазып шығарған Юан тарихының 12 дәптері болуы мүмкін.  Ж.Х.) көлденең тартып, жоғарыда айтылған Дуба соқырды «Төбе-Соқыр» деп келтіріп, оның төрт ұлынан «Дөрбөн» (бұл қазіргі ойрат тілінде, қазақша төрт деген ұғым береді. Көне моңғол жазуындағы «д» әрпі «т», болып та оқылады. Және де ауыспалы түрде «э» әрпі «а», «а» әрпі «э», кей жағдайда «г», «х» әріптері қазақ әліпбиіндегі «ғ», «қ» әріптерімен, дауысты (созылыңқы) дыбыстары «ғ», «г» әріптерін қыстырып та оқылады  Ж.Х.) деген обақ (?!) құрып, Дөрбөнді - қазіргі найманның «Дөртуылы» деп түсіндіріп, «Тоғайлы», «тау елі» деген көне атаулардан бүгінгі күнгі  кіші жүз құрамындағы «Шөмекей», «Таз» (қараңыз! «Шыңғыс- Қағанның Қаузары», 28-үзік:) аталықтарын таратып, Боданчардың олжалап алған жүкті әйелін - «Домалақ ана» деп атап, одан «Қара-Қатаған», одан «Жәмікені» тудырып, «Жатлан обақ (ұтық)» жасайды. Тілубердінің «обақ» деп отырғаны - қазіргі моңғол тіліндегі «овог» (ру, аталық ), «ұтық» - ойратша ру дегені болса керек. Қазіргі халха моңғолда «отог» («отық» к.т-ше атау, қ.м-ша отық деп дауысталады.), «омог» деп те қолданады. Әулет, ру  деген мағына береді. Яғни, Тілеуберді бұл жерде Ішкі Монғолия ғалымдары мен солардың сөз қолданысына негіздеп, оған қоса т.н-да жоқ, ішкі моңғолдың қазіргі диалектикасына сәйкестендіріп өзгерткен (дұрысы - қателескен!) нұсқаларын, мысалы: т.н-да «құрым», «тойон»  қазіргі қазақ тілінде «той» дегенді қазіргі ойрат, цахарлардың диалектикасымен  «жыргалан»  деп, т.н-да «Жарчығұт аданхан («атанқан» деп те оқылады.)» дегенді «Жаршоқлы (Жалайыр) Адам-Қан руының» деп өзгертіп, т.н-да «Оқын Барқақ»  дегенді қазіргі моңғол тіліндегі «охин» (қыз) деген сөзге аударып, ойрат, цахарлардың «күйкен», «күкен» (қыз, әйел) дегенімен «Қоқын Балақай» деп бұрмалап, «Көктіңұлы» (?) деп түсіндіріп, осы тектес цахарлардың аудармасында кеткен қателіктерді,  қазіргі ШУАР-дағы ховог, захчин ғалымдарының жергілікті диалектикамен аударған аудармаларын сол қалпында, солардың жазба түрінен қазіргі қазақ тілінің қолданысындағы адам, ру, жер-су атауларына қарай бұрмалап, көне тарихи жазбаға үлкен қиянаттық жасаған. Егер сәл де, болсын көне жазбалардан хабары болғанда, «обақ» пен «ұтық»-тан жаңылыспас еді де, адам атауларын көне нұсқалардағы оқылым бойынша қолданған болар еді. Тілеубердінің қолданып отырған бұл нұсқасын кезінде Кафаров та оқыған болатын. Кафаров сондай-ақ, Мин ұлысының Хун ү қағанының кезінде табылып, 1382 жылы қытай тіліне Жан Юан-зи, Маш-их деген екі адамның аударғанын да алға тартқан-ды. Ал, неміс тіліне Ей Дэ-хуйдың 1908 жылы қытайшалаған нұсқасын негіз етіп, 1931 жылы Хэниш  аударған. Қазіргі таңда ғылыми айналымда осы көне нұсқалар түгелдей қолданылады. Қазақтың ұлы тарихшысы Қадырғали би Қосымұлының  қолында осы көне нұсқалардың бір парасы немесе Алтын Орданың орда жазбасының («Алтын дәптер») көшірмесі болған болуы бек мүмкін. Өйткені, тарихшының текстісінен оның көне моңғол, көне түрік, көне парыс тіліндегі түпнұсқаларды қолданғандығы толық аңғарылады. Әсіресе, біздің үзінді келтіріп отырған тарауды Қадырғали би «Жами ат-тауарих» кітабында көне нұсқадан еш бұрмаламай қолданған. Ондағы «жада»-«жат» тұлғасындағы атауларға өте мұқият қараған. Сондай-ақ, бұдан өзге де тарихи атаулар мен адам есімдеріне, жер-су атауларына ғылыми негізде өте-мөте мұқият болған. Кейбір зат есімдердің өзін көне атауымен атап отырған. Ал, «Шыңғыс- Қағанның Қаузары»-ында Тілеуберді бауырымыз, «Нойаған» деген атауды «Нояған» деп қазіргі еуропалық тұлғасымен жазып, «Нояған»-нан «Ноғай» жасайды, осы сияқты «Бұда» (қазіргі қолданыста «бұйдай», «бұйдайық») атауынан «Будда», «Қонқотан» атауынан «Мұрын», «Арлат» атауынан «Арғын», түп нұсқаларда  «Семсечүле», «Семчечүле» деп қолданылған атауды «Шөміш-Сері» деп өзгертіп, оны «Албан» руы деп түсіндіреді... Солай-солай кете барып, Онон (көне түрік атауы.) дариясын «Өнөн», «Өнен-Мұран» деп қолданып, оны Іле өзені болдырып, Керулен дариясынан Қаратал өзенін «ағызады». Сөйтіп, әлемнің географиялық картасына бұрын болмаған «жаңалық» ашады. Онымен қоймай, «Қамұқ  Моңғол» атауын қазіргі моңғол тіліндегі «хамаг» («барша») деген қолданыс арқылы қазақша «күллі», «Күллі Маңғұл» деп аударып, оған «Татар» деген сілтеме беріп, одан кейінгі татарларды да «маңғұл»  деп генетикаға өзгеріс енгізеді. Сөйте тұра, осы түсіндірмелеріне, атауларына ешқандай тарихи, әдеби көрсеткіштер келтірмейді. Болмағанда көне атаулар мен сөз тіркестерін нендей сөздік арқылы дәлелдеп, оқығандығына да сілтеме жасамайды... Егер де, Шыңғыс ханның шығу тегінде соншалық шикілік болғанда, оны осыдан талай ғасыр бұрын дәл осы тақырыпта тарих жазған Қадырғали би атамыз дәлелдеп кетпес пе еді?!. Алайда, Шыңғыс ханның түп атасы бізбен бір қанды екенінде дау жоқ. Оны қазіргі ғалымдар ДНК арқылы да зерттеуде. Солай бола тұра, бұған дейін де талай-талай зерттелген, зерделенген тарихи тұлғаны қазіргі күнгі бір руға ғана теліп, бұрынғы өткен тарихи қателіктерді қайталаудың қажеті қанша?!. Олай ету түгел қазаққа қандай абырой әкеледі?! Мұндай кезде бізге әлемнің Шыңғыстанушы ғалымдары: «Егер, қазақтар өздерін моңғол деп көрсе, Шыңғыс хан да олардікі болмағы күмәнсіз. Әйтсе де, олай етпейтіндері өкінішті...»,- деген (Ш.Баатар (Сан Франциско) жауабын берер еді.

Бұл айтылғандарды бірер адамның тарихына қатысты дүние делік те, енді әлемнің қалам ұстаған халқы сан ғасырдан бері білетін, өлеңдері талай елдің тіліне аударылған ежелгі Қытай ақынын қазақ болдырып жүргенімізге тоқталайық.

Кезінде арақкештігімен әйгілі болған осы бір қытай ақынына жармасатындай, бұл қазақта ақын құрып қалып па?!. Мұндағы бар гәп, біздің әлем әдебиетіне құныға ден қойып, оны толық зерттемейтіндігімізден сияқты. Кеңес Одағы тұсында қазақ оқымыстылары Мәскеу арқылы рухани қажеттілігін өтеп келді. Одақ ыдырап, бар оқулықтар өз мойынымызға артылғаннан кейін, түрлі жағдайларға байланысты рухани кеңістігімізде құр алаңдар пайда болды. Тәуелсіздіктен кейінгі қазақша білім алған жастарымыз Мәскеулік мұраларға тәуелді емес. Және де соңғы ширек ғасырдай уақыттағы ұрпақ пен сана алмасуындағы өлара шақтың әсері де бар. Өлара шақ демекші, дәл осы тұста атой салып, арғы беттегі бауырларымыз атажұртына ағылып еді, солармен бірге бірталай көмескі дүниеміз қайта оралғандай... Алары да, алмасы да бар. Алмасақ етті дейтін «дүниенің» бірі - ханзу тілін білетін кейбір бауырларымыздың арғы әсеріне бойламай жатып, көз көріп, құлақ естіп қалған алып-қашпа дүниелерді қазағымызға қосақтай беретіні. Сондай дүниенің бірі - осы Ли Бай хақында. Бұл туралы тіптен «Егемен Қазақстан» газетінде де жарық көрді. «Бұл қазақтарға не болған?» десіп, ханзу жұрты біраз күлкіге басқан да шығар. Оның мәнісі былай: Қытайда 701-762 жылдар аралығында өмір сүрген Ли Бай деген ақын болған. Сол ақынды арғы беттегі бауырларымыздың бірі: «Оның шын аты - Елбай болған, қытайлардың тілі келмей солай атап кетіпті. Елбай қазіргі Шу өзенінің сағасында, қалың қазақтың ортасында өмір сүрген, қазақ ақыны..», деп жазыпты. Қазақ аты аталғаннан кейін оны біздегілер іліп ала жөнелген. Сөйтіп, көне қытай ақыны Ли Бай бір күнде қазақ ақыны болып шыға келген. Мәскеуді айтпағанның өзінде, Англияның Кэмбрижінде Халықаралық өмірбаян зерттеу орталығы деген бар. Ол жерде әлемнің түкпір-түкпіріндегі қаламгер атаулы, тіптен бүгінгісімен қоса зерттеледі. Озық шыққандарына «Халықаралық жазушы» деген атақ та береді. Солардың өзі Ли Байды қытай ақыны деп жазады. Ендеше, біздің Ли Байды қазақ болдырып жүргеніміз не?! Әрине, мұның астарында қытайдың отарлық саясатының салқыны жатуы да ғажап емес. Өйткені, Ли Бай Шу бойында туған екен, демек осы аталған өңір де бір кездегі қытайлардың аяғы тиген «атақонысы» болмақ. Атақонысының ауқымды, туыс-туғандарының мол болғанын қаламайтын ел барма?.. Бұған қытайлар қуанбаса, жұбанбайды. Әлгі, оқулықтарында Балқаш көлін енгізіп қоятыны сияқты!.. Әнтек, өзгенікін өзімізге жақындата берудің кесепаты барын түсінсек қой!...

Ли Бай 701 жылы Шу бойында емес, Қытайдың Зюи Еэ деген қаласында бай саудагердің отбасында дүниеге келген адам. Әкесі Сычуань өлкесіне қоныс аударғандықтан, Ли Бай өз үйінде дәріс алып, 7 жасында алғашқы өлеңін жазған. Жасынан өлеңге, қылыштасуға құмарланып, 17 жасында сопылық құрып, тау жынысын сағалап, екі жылдан кейін «Сардарлар» деген жауынгерлердің қатарына еніп, кедей-кепшіктерді қорғап, үстемшілдерге қарсы ұрысып, Қытайдың байтақ өлкесін аралап шығады. Бұл жағдай оның дүние-танымының қалыптасуына үлкен әсер еткен, деп жазады кейінгілер. Қытайдың ежелгі астанасы Си Ян деген қалада Ли Бай атындағы үлкен бақ бар. Ли Бай өлеңдеріне арналған биік мұнара да сол бақта орнатылған. Мұнараның биігіне баспалдақ арқылы көтеріледі. Мұнараның қабырғаларына Ли Байдың өлеңдері бәдізделген. Қарсы алдына Ли Байдың бір жағына жантайып, шынтақтап жатқан ескерткіші қойылған. Мұнымен оның ұдайы арақ ішіп мас жүретінін сездірсе керек. Және де, ежелгі Қытайдың төрт сұлу аруының бірі Ян Гу Фэй арақкеш ақын Ли Байға өлердей ғашық болыпты. Ян Гу Фэ-ге деген көңілі шыдас бермеген тұста Ли Бай әлгі мұнараның басына шығып алып, айқайлап тұрып өлеңін оқиды екен. «Эн Мэй Шан» (тауы) туралы жырлар, «Шү-нің» (біздің жігіттердің «Шу өзені» деп жүргендері де осы болар! Ж.Х.) дүлей мінездері» деген сияқты табиғатты ғажайып суреттеген жырлары мен махаббат, достық, адамгершілік туралы толғаған   көптеген өлеңдері бүгінге жеткен. Ғалымдардың айтуынша, 900-ге жуық өлеңдері сақталған. Бұлардың арасынан «Толағайымдағы ақ шаш үш мыңға жетті», «Сары дарияның суы көк аспаннан бастау алған» деген өлеңдері ерекше аталады. Бірде Ли Бай теңізде жеңіл қайықпен серуендеп жүріп мас күйінде айдынға түскен Айдың сәулесін қарпып алмақ болып, құлап қайтыс болады. Оның өлеңдері:

«Ару қыздың тізгіні алқалы зер, лағыл

Қиғаш қасы қиылып, жауһар жүзі жабығып,

Кірпігінде мөлдір шық,

Кімге ренжіп кейіді ол.

(Ли Бай, «Торығу. Наз» /Forlornness/ Р. Сұрағанның аудармасы.)

Жеңіл қайық желкенді, жолға  шықты Ли Бай

Бірақ, бір ән, үн дыбыс,

Қалқып тұрды жиылмай.

Түпсіз теңіз тұңғиық...

Ой келеді не түрлі,

Көңіліне Ван Луньнің

Жетпейтұғын секілді.

(Ли Бай, «Ван Луньге ұсынған өлең» /To Wang Kun/, Р. Сұрағанның аудармасы.)

Міне, осылайша өлеңдерінен де қытай исі аңқып тұрған ақынды қазақ болдыру ұяттырақ нәрсе. Әсілі, әлем мойындаған мұндай тұлғаларды аяқастынан қазақ болдыра салу - біздің елдігімізге, геосаясатымызға, тәуелсіздігімізге нұқсан келтірерлік қауіпті қадам екендігін әрбір азамат толық түсінгеніміз жөн болар.

«Abai.kz»

0 пікір