Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3420 5 пікір 27 Сәуір, 2022 сағат 12:59

Жаңа Ленд-Лиз: АҚШ шындап кірісті

Бүгін АҚШ Конгрессі Украинаға көмек көрсету заңын қарастырады. Жаңа Ленд-Лиз. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі екінші мәрте Ленд-Лиз заңының қарастырылуы болмақ. Заң қабылданатын болса, онда Киевке қаруды жеткізу және қару беруді мақұлдау уақыты жылдамдайтын болады. 

Ленд-Лиз заңы алғаш рет Екінші дүниежүзілік соғыста кеңінен қолданылды. АҚШ Еуропадағы одақтастары мен КСРО-ға қару-жарақ, әскерге қажетті жабдықтар, тамақ пен жанармай, тіпті түймеге дейін берді. Шамамен 50,1 млрд доллар болатын әскери жабдық берілді. Бұл бүгінгі қаржымен есептесек  750 миллиард доллар деген сөз. Көмектің бестен бір бөлігі, яғни 11 млрд доллары КСРО-ға берілді. КСРО, ал кейін Ресей АҚШ алдындағы қарызынан тек қана 2006 жылы құтылды. КСРО 11400 ұшақ, 12000 танк,  427500 жүк көлігі, 1977 паровоз, 11000 вагон, 307 кеме, 4 сүңгуір қайығын берді. Сонымен қоса миллиондаған автомат пен пулем ет, мина, түймелер мен миллиондаған тонна жанармай, тамақ, қалайы мен болатты қосыңыз.

Әрине, бүгінде Ресей билігі бұл жайында айтуды жөн санамайды. Мәскеу «жеңіске тек қана өзіміз жеттік» деп отыр. Тіпті соңғы жылдары КСРО құрамында болған өзге елдерді де айтуды азайта түсті. Мысалы бір жыл бұрын Ресей билігі «Украина жеңіске айтарлықтай үлес қосқан жоқ, Украинасыз да жеңіске жетер едік» дегенді айтты.

АҚШ билігі Украинаға қару жеткізу бойынша көш бастап тұр. Осы уақытқа дейін Джавелин, Стингер, Switchblade дрондары мен өзге де қару түрлерін жеткізді. Алайда АҚШ бұл қаруларды жеткізу үшін біршама уақытын жұмсады. Қаруды Украинаға табыстау үшін бірнеше комитеттің келісімі, Конгресстің рұқсаты, шенділердің мақұлдауы қажет. Ол бірнеше күннен бірнеше аптаға созылатын уақытты алады. Ал Украинада уақыт аз. Киев үшін қару мен оқ-дәрінің үздіксіз келуі маңызды. Ленд-Лиз қабылданатын болса, онда қару жеткізу процесі жеңілдейтін болады, ең бастысы жылдам шешіледі. Заң мақұлданса, онда Украинаға қару жеткізуді үш адам ғана шешуге мүмкіндік алады. Ол АҚШ президенті, қорғаныс министрі, сыртқы барлау басшысы. Бұл АҚШ бюрократиясындағы кедергілерді айналып өтіп, қаруды Киевке тез жеткізудің бір амалы.

Сарапшылар Ленд-Лиз жайында өз ойларын айтуда. Мысалы экономист Даниил Монин былай дейді: «Менің ойымша Ленд-Лиз ең алдымен АҚШ басшысы үшін қажет. Ол ішкі аудиторияға бағытталған қадам болмақ. Ресей атты зұлымдық жазалануы тиіс, АҚШ оны жазалайды деген сигнал жатыр». Ол сонымен бірге аталмыш заң Байденнің рейтингін көтеруге де ықпал ететініне сенімді.

Сарапшы Максим Орыщак болса бұл Украинаға қару жағынан көмек болса, АҚШ-қа экономикасын алға жылжытудың бір жолы болмақ деген пікірде. «Әскери саладағы өнеркәсіп кешендері жаңа қарқынмен жұмыс істей бастайды. АҚШ тек қана Украинаға емес, Еуропа елдеріне де қару жеткізуді қолға алады. Осы арқылы ол бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстағы жүйе бойынша экономикасын көтерудің мүмкіндігіне ие болады», - дейді ол.

Соғыстан кейін Украинаға бұл қаруларды төлеу өте қиынға соғатыны анық, сондықтан сарапшылар АҚШ қарыздың жартысын кешіріп, жартысын бұғатталған Ресей қаржысы арқылы алуы мүмкін деген ойда.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

5 пікір