Сенбі, 20 Сәуір 2024
Білгенге маржан 5357 0 пікір 26 Сәуір, 2022 сағат 11:55

Байлар зекетпен тазарса, кедейлер несімен тазармақ?

Имамдардың «пітір садақа» деп жүргені «зекет» емес пе?  

Менің қолыма қалам алып, мақала жазуыма түрткі болып отырған осы тектес сұрақтар. Шыны керек, бұл секілді сұрақтар мені ғана емес, басқа да көптеген ағайындардың көкейінде жүргені анық, оны жасырып қайтеміз. Ендеше біз исламның бес парызының бірі саналатын зекет туралы өз әлімізше жауап іздеп көрелік.

Ислам әдебиетіне де зекет пен садақаны жалпылама түрде «инфах» деп атайды екен. «Құран кәрімде» инфах сөзі 200 жерде айтылған. Инфах сөзінің мағанасы – мал мен жанын Алла Тағлаға бағыштау дегенге саяды.

Зекет (زكاة‎ – закәт) арабша сөз болып, «тазалану», «пәктену» деген мағананы білдіреді. Зекет – байлар мен дәулеттілер мал-мүлкінен, жалпы табысынан Алла разылығы үшін өтеуге тиісті парыз саналған. Ал садақа өз қалауымен, өз еркімен кез келген уақытта (дүние, мүліктен көп не аз болсын) берілетін сый-сияпат есептеледі.

Садақа беру көп халықта бар дәстүр. Қазақ халқында да садақа беру ислам діні даламызға келуден ілгері болғаны тарихи деректер дәлелдеп келеді.

Исламның қасиетті кітабы «Құран кәрімде» Алла Тағла берген байлық пен нығметті Алла жолында жұмсау парыз саналып, сол берілген зекетпен мал-мүлкін, жанын тазартады. Сондай-ақ Алла кімді қаласа дәулет (нығымет) беретіні, кімді қаламаса берген нығыметін кез-келген уақытта тартып алатыны анық баян қылынған. Мәселен: «(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй, мүлік иесі Алла! Кімге қаласаң мүлік бересің де кімнен қаласаң, дәулетті аласың. Сондай-ақ кімді қаласаң ардақтайсың да кімді қаласаң қорлайсың. Жақсылық Сенің қолыңда. Шәксіз әр нәрсеге күшің жетеді» деп айт. (3-Әли ғымран сүресі, 26-аят. 53-бет) [1].

(Мұхаммед Ғ.С) олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қыласыңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де. (2.Бақара сүресі, 215-аят. 33-бет) [2].

«Олардың малдарында; сұрағанға да сұрамағанға да тиесі бар» (51-Зәрият сүресі 19-аят. 521-бет) [3].

Алла Тағла өзі берген байлықты (нығыметті) қайда, қалай жұмсайтыны жайында: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де, Алла (Т.) оны толық біледі» (3-Әли ғымран сүресінің 92-аят. 62-бет) [4]. «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай  он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды» (6-Әнғам сүресі, 160-аят. 150-бет) [5]дейді.

«Сондай салдарын Алланың ризалығын тілеп, өз көңілдерін бекіту үшін Алла жолында сарып қылғандардың мысалы:  көтеріңкі жердегі нөсер жауып екі есе өнім берген бақша тәрізді. Сонда оған жаңбыр тимей, дақыл тисе де өнім береді» (Бақара сүресі, 265 -аят) [6]. Сондықтан, Алла (Т) Мұхаммед Ғ.С бұйрық беріп былай дейді: «(Мұхаммет Ғ.С.) олардың малдарынан садаға ал да, ол әр жылы оларды тазартып, берекелендіресің. Оларға дұға қыл. Өйткені сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау» (9-тәубе сүреді, 103-аят. 203-бет) [7].

Егер бұл кезеңде сараңдық танытқандар ауыр жазаланады. Бұл туралы «Құран кәрімде» былай баяндалады:

«Алланың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ көктер мен жердің мирасы Алланікі. Әрі Алла олардың істегендерін толық біледі. (3.Әли ғыран сүресі, 180-аят. 73-бет) [8].

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларды тура жолға салу саған міндет емес. Бірақ Алла кімді қаласа, тура жолға салады. Нендей қайыр берсеңдер де сонда өздерің үшін; Алланың ризалығын тілеп қана беріңдер, Алла жолында беретін беретін қайыр өздеріңе толық төленеді әрі сендерге әділсіздік етілмейді» (2.Бақара сүресі, 272-аят. 46-бет) [9].

Және зекет Алла жолында жүрген мүминдерге берілу міндеттелген. «Сондай Алла жолында қамалып шықпай отырған, жер жүзінде жүре алмайтын, білмегендер, оларды абырой сақтағандықтарынан бай деп ойлайтын пақырларға беріңдер. Оларды бейнесінен-ақ танисың. олар адамдарға жабысып сұрамайды. Сендер не қайыр берсеңдер расында Алла (Т.) оны біледі» (2-Бақара сүресі, 273-аят. 46-бет) [10].

Іске жарамсыз өзіңе де, елге де қажеті шамалы бұйымды садақа ретінде беру дұрыс емес деп санайды. Бұл жайында «Құран кәрімде»: «Әй, мүминдер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығатын өнімнің жақсыларынан Алла үшін жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып амалсыз алатын құнсыз, сапасыз дүниені Алла жолына беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы», (2-Бақара сүресі, 267-аят. 45-бет) [11].

Берген көмек пен көмекті міндетсінбеу туралы «Құран кәрәмде»: «Ей, мүміндер, Аллаға және ақирет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Міне соның мысалы: үстіндегі топырағы бар тас сияқты, оған қатты нөсер жауса, (топырағын шайып) тас күйінде қалдырады.  Олардың еңбектері еш болады. Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды», (2-Бақара сүресі-264-аят. 44-бет) [12].

«Егер садақаларыңды көрінеу берсеңдер, сонда ол қандай әйбет. (Басқаларға жетекшілік болады). Егер оны жасырын беріп әрі оны пақырларға берсеңдер, әрине сендер үшін сонда да жақсы. (Алушының абройы қорғалып, мақтан араласпайды). Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ, Алла істегендеріңді толық білуші» (2-Бақара сүресі, 271-аят) [13].

Өздеріңіз көріп, оқып отырғандай, «Құран кәрімде» зекет Алла Тағланың разылығы үшін байлардың, дәулеттілердің, ауқаттылардың мал-мүлкінің кірінен берілетін сауапты қимыл немесе өтемесе болмайтын парыз екені айтылғанымен, оның қаншалық берілетіні туралы нақты өлшемі баян етілмеген.

Ислам дінінде намаз оқу, ораза тұту қандай парыз болса, зекет те дәл сондай парыз етілген. Мәселен, «Намазды толық оқыңдар, зекет беріңдер, оны Алланың қасында табасыңдар. Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші» (2-Бақара сүресі, 110-аят. 17-бет) [14].

Аллаға құлшылық етпей, намаз оқымаған, зекет бермеген мүширіктер туралы: «Ал қашан құрметті айлар шықса, сонда мүширіктерді қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер. Оларды ұстаңдар, қамаңдар және олардың бүкіл жолдарын аңдып отырыңдар. Сонда егер олар, тәубе қылса, намазды толық орындап, зекет берсе, онда олардың жолын бос қойыңдар. Расында Алла жарылқаушы, ерекше мейірімді» (9-Тәубе сүресі, 5-аят. 187-бет) [15] делінген.

«Кітап берілгендерден, Аллаға ахирет күніне иман келтірмегендер және Алланың әрі елшісінің арам еткен нәрселерін арам деп білмегендер және хақ дінді (Исламды) дін деп мойындамағандерменен сүмірейіп, өз қолдарынан салық бергенге дейін соғысыңдар» (9-Тәубе сүресі, 29-аят. 191-бет) [16].

«Сондықтан шамаларың келгенше Алладан қорқыңдар. (Әмірлерін) тыңдаңдар, бой ұсыныңдар. Сондай-ақ тиісті орындарға мал жұмсаңдар; сендер үшін қайырлы болсын. Кім нәпсісінің сараңдығынан сақсынса, міне олар, құтылушылар» (Табағұн сүресі, 16-аят. 557-бет) [17].

Онда зекет (садақа) кімдерге берілуі керек? Бұл туралы «Құран кәрімде» былай айтылады: «Шын мәнінде зекеттер (садақалар), Алла тарапынан бір парыз: Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгілегендерге, көңілдері алынатын (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі» (9-Тәубе сүресі, 60-аят. 196-бет) [18].

«Құран кәрімде» баян етілген зекет туралы аяттарға негізделіп ислам шариғатшылары зекеттің өлшемін белгілеген. Зекет һижраның екінші жылын шәуіл айында рамазан айынан бұрын парыз етілген.

«Зекет берілетін мал-мүлік бес түрлі болады:

1) Астық, және астық сипатындағы диқаншылық өнімдер;

2) Бау-бақша өнімдері (жеміс-жидек), мұнда құрма (араб түбегіндегі құрма) мен жүзім арнайы тілге алынған, бұл екі түрлі жемістің өнімі әр жылы күзде жиып алынғаннан кейін оның 10 пайызын, ал адам күшімен суғарылатын бақшаның жемісінің 5 пайызын зекетке беру белгіленген;

3) Шаруа мал, бұл түйе, сиыр, қой және ешкі қатарлыларды өз ішіне алады. Ханафи мазхабындағылар бұған жылқыны да қосады;

4) Ақша, бұл алтын, күмісті өз ішіне алады;

5) Тауар, бұлардан кейінгі үш түрі ұдайы бір жыл иеленіп бағасы тұрақтанғаннан кейін бағасы мөлшерленеді, одан 4 пайызын зекетке тапсырылады, алайда мұның да белгіленген ең төменгі шегі бар, жылдық кіріс жағдайында белгіленген шектен асқанда ғана тауар иесіне зекет келеді. Ең төменгі шек бойынша болғанда, астық және жеміс 5 дәнге; шаруа малынан түйе беске, сиыр 25 немесе 30-ға, қой-ешкі 40-қа; ақша және тауардың құны 20 динар немесе 200 дирһамге жетуі керек. Мәселен, түйе 5 ке кетпесе зекет келмейді; егер 25 тен асып 30 ға жетсе, еркек ботаның (түйе) біреуін закетке беру керек. Қазіргі заманда көбірек қолданылатын әдіс мал-мүліктің яғни жиналған жалпы қаржының қырқтан бірін, яғни 2,5 пайызын зекетке ажыратылып келеді» [19] (30-бет).

«Мұның мәні мен маңызын түсінбей тұрып, борыштар, қолы қысқа жандар шамасының бар-жоқтығына қарамай садақа беріп жатады. «Тіпті қарау байдан кеуделі  кедей артық» деп, олар алдыңғы лекте жүреді. Бұлай істеудің қажеті жоқ. «Пайғамбар қадистерінде «Өзі кедей, қолы қысқа, борыштар адамдардың садақа беруіне болмайды» деп анық белгіленген. Өйткені байлардың, ауқаттылардың дәл сондай қолы қысқа адамдарға Алла атынан берілетін жылу-жәрдем есептеледі. [20] (332-бет)

«Мұхаммед (с.ғ.у): «Пітір) садақаны беру бай адамдарға міндеттеледі» [21] деген.

Енді мақаланың соңын қазақтың ақыны, ағартушы-демократы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Ораза» деген өлеңімен тамамдайық.

«Молдеке, сізге бір арыз,
Ораза деген не парыз?
Ауырмай астан қалғанда,
Өтейтінің қай парыз?

Аш жүр деп Алла аяса,
Жарылқар еді кедейді.
Көпке бірдей қараса,
Жақсы, жаман демейді.

Күнәдан адам қорықса,
Кісі ақысын жемейді.
Біреу жалшы, біреу бай,
Қай кезеңде, кім теңейді».

Әлімжан Әшімұлы,

тәуелсіз журналист

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. [1],[2],[3],[4][5],[6],[7],[8],[9],[10],[11],[12],[13],[14],[15],[16],[17],[18].

Халифа Алтай аударған «Құран кәрім».  Почта құтысы 3561 Медине мұнаууара Сауд Арабия.

  1. [19]. «Ислам мәдениетіне қатысты білімдер» (ұғыр тілінде). Ұлттар баспасы, Бейжің. 1995 жылы мамыр.
  2. [20]. Амантай Нысамбекұлы. «Қазақ ұлты сенген діндер». Ұлттар баспасы. 2013 жылы қараша.
  3. [21]. Фатхуль Бари, Китабуз Закат – 3/1432 хадис түсіндірмесі.

Abai.kz

0 пікір