Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5629 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 13:12

Қажылыққа бірнеше мәрте бару парыз ба, әлде...

Жыл санап елімізден қажылыққа барғысы келетін қауымның саны артып келеді. Мұсылман­ның бес парызының бірі саналатын осы бір парызды өтеу әркімге бұйыра бермейтін бақ. Сол баққа қолы жеткен 5 500 отандасымыз Қағбаны бетке алып, бес парызының бірін өтемекке аттанып кетті. 2011 жылы бұл игі сапардың дәм-тұзы 4 000 жерлесімізге бұйырған еді. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 1500 адамға артық екен. Қош делік! Сол 5 500 азамат­тың арасында қажылыққа бір емес, әлденеше рет барған ағайындар да бар. Мұндай жайлар қоғамның кейбір мүшелеріне «Қажылыққа бір­неше мәрте бару парыз ба, әлде сән бе?» деген сауал қойғызып жүр. Біз де осы сұрақ айнала­сында ойымызды ширатып көріп едік.

 

Жыл санап елімізден қажылыққа барғысы келетін қауымның саны артып келеді. Мұсылман­ның бес парызының бірі саналатын осы бір парызды өтеу әркімге бұйыра бермейтін бақ. Сол баққа қолы жеткен 5 500 отандасымыз Қағбаны бетке алып, бес парызының бірін өтемекке аттанып кетті. 2011 жылы бұл игі сапардың дәм-тұзы 4 000 жерлесімізге бұйырған еді. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 1500 адамға артық екен. Қош делік! Сол 5 500 азамат­тың арасында қажылыққа бір емес, әлденеше рет барған ағайындар да бар. Мұндай жайлар қоғамның кейбір мүшелеріне «Қажылыққа бір­неше мәрте бару парыз ба, әлде сән бе?» деген сауал қойғызып жүр. Біз де осы сұрақ айнала­сында ойымызды ширатып көріп едік.

 

Қажылыққа бірнеше мәрте барған бабаларымыз бар ма?

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей болмай, өткен ғасырларда әлденеше рет қажылыққа барып, парызын өтеген бір-екі мысалды ғана тілге тиек етелік. Жыр жолбарысы Жамбыл Жабаевтың 1840 жылы дүниеге келген туған ағасы Тәйті атамыз Мекке-Мәдинеге екі рет сапарлапты-мыс. Жамбыл атамыздың қалдырған дерек­теріне қарағанда, алғашқы қажылық сапарда Тәйті Орта жүздің тобықты руынан Құнанбай Өскенбайұлымен және Кіші жүз әлім руының Төртқара атасынан шыққан Мырқы деген қажымен танысып, үшеуі дос болуға уағдаласады. Тәйті екінші рет шапырашты руынан Құдайберген болыс, Қисыбай болыс, Асылбек болыс, Қайқы сары, Исабек Ке­уілбай, Шыбыл Сәуірбай, Дәулетбақ деген кісілермен қажыға бірге аттанады. Бұл - бір мысал. Екінші мысал, Құнанбай қажылыққа шығарда қасына бұрында Мекке-Мәдинені көрген Аққозы Өтемісұлын ертеді. Аққозы қажы үшінші мәрте қажылық сапарында көз жұмып, Меккеге жерленіпті. Бұл өткен ғасырларға тиесілі әңгіме. Енді бүгінге оралайық. 

Қажылық парызын көп өтегендер жайлы

Бұрынғы заманда жол азабының қиындығынан қажы­лардың бірқауымы Меккеге жете алмай, жолда шейіт бола­тыны жөнінде мәліметтер жетерлік. Мысалы, ағыл­шын саяхатшысы Дженкинсон қажылыққа бару Орта Азия тұрғындары үшін ерлік болып саналатынын жаза келіп, Дешті Қыпшақтан «қассақ, діндері мұсылман» бірнеше адам жол азабына төзіп, Меккеге сапарлап бара жатқанын айтады. А.Вамберидің деректерінен қазақ қажыларының үштен бірі туған жеріне тірі келмейтінін көреміз. Ал қазір ше? Қазір бәрі өзгерді. Бір жарым-екі жыл бойы сапар шегіп, түйемен, атпен арып-ашып жолға шығу ұмытылды. Қалтаңыз қалың болса, «көк аспанның кемесі» әп-сәтте межелеген жерге жеткізіп салады. Бәлкім, бірнеше мәрте қажылыққа баруға өркениет дамуының әсері де болып жатқан шығар. Десе де, қаншалықты жол жайы оңайлады дегенімізбен, «шайтанға тас лақтыру» ғибадаты кезінде жүздеген мұсылманның жан тапсыратынын білеміз. Мысалы, 1990 жылы Меккеде қажылық парызын өтеу ке­зінде 1400 адам о дүниеге аттанған екен. Өткенде «Айтуға оңай» ток-шоуында осындай қиындыққа мойымайтын, сек­сеннің сеңгірін бағындырған Фатима Адаева атты апамыз 34 рет қажылық парызын өтегенін айтып қалды. Аста­на­дағы белгілі бір сауда орталығының құрылтайшысы, 12 мүгедек асырап отырған Фатима Адаеваны сөзге тартпақ болып, қоңырау шалғанымызда әжеміз биыл да қажылы­ғын өтеуге кеткенін білдік. Яғни қасиетті сапарға 35 мәрте жол тартты деген сөз. Ал экс-мүфтиіміз Рәтбек қажы Ны­санбайұлы 15 рет парызын өтеп қайтқан екен. Рәтбек қажы­ға жеті рет үлкен, сегіз рет умра, яғни кіші қажылыққа бару бұйырыпты. «Қазақ деген қайсар ұлтты 28 елге таныт­тым» деп «аттандайтын» Амантай қажы қажылық сапарға 10 рет шығыпты. Айтыскер ақын Айбек Қалиев үш мәрте қажылық сапарда болған. Әрине, мұндай деректерді тізе беруге болады.

Қызық дерек!

Кейбір бейресми ақпарат көздері 140 жастағы кавказдық азаматтың қажылыққа барғанын жазады.

2011 жылы ингуш Мадинат Задаева 110 жасында қажылық парызын өтепті. 

Ресейлік Алипат қажы Шамхалова қажылыққа 103 жасында барып қайтыпты.

Биыл қазақстандық қажылар арасында 106 жастағы Жақып атты ақсақал бар.

Зиялы қауым не дейді?

Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов қажылыққа кез келгенді әлденеше рет апаруға болмайтынын, «қажы көбейсе де, қасиет көбеймейтінін айтады. «Қажылыққа әр адам ішкі рухани әлемін тазалап алғаннан кейін баруы керек. Маған қажылыққа тегін апару жөнінде ұсыныс түсті. Бірақ қасиетті сапарға рухани тұрғыдан дайын болмаған­дықтан бас тарттым. Өйткені біз бесікте жатқаннан-ақ атеис­тік тәрбиені көрдік. Кейбір коммунистер сияқты бір күнде қажыға айнала салу қолымнан келмейді. Қажылыққа әлденеше рет барғыштарға айтарым, олар бесінші пары­зын ойдағыдай өтегісі келсе, жаяу, жалпылама жол азабын тартып көрсін» дейді. Тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков болса, бабаларымыз қажылыққа бірнеше ай бойы жүріп, Орта Азия, Қара теңіз арқылы баратынын, қазір әп-сәтте ұшақпен жетуге болатынын айта келіп: «Қажылыққа қанша рет барам десе де, әр адамның құқы. Меніңше, қажылыққа бару Алланың алдындағы парызымыз болғандықтан да, оны жариялаудың, мақтан көрудің қажеті жоқ. Әңгіме қанша рет баруда емес, қалай баруда? Осы бір сапарға ниет еткен қаншама ата-бабаларымыздың арманы орындалмады. Дағыстандағы көтерілісті бастаған имам Шәміл Патша үкіметінен тұтқыннан босатып, қажылыққа жіберуді сұрайды. Ақыры ниеті қабыл болып, Қағбаны құшақтап тұрып қайтыс болған. Сол себепті де мұндай қасиетті парызды сәнге айналдыруға болмайды және «қажылық сәнге айналып бара жатыр» деудің өзі дұрыс емес», - дейді.

Сіз не дейсіз?

Кенже-Әлі МЫРЗАБАЙ, «Тастақ» мешітінің бас имамы:

- Дінде қажылыққа қанша рет барса да шектеу жоқ. Мал тауып, дүниесі жетіп тұрса, оған неге қажылыққа бара бересің деп айта алмаймыз. Қазір 5-10 мың АҚШ долларымен бірнеше мәрте қажылыққа барып қайтатын ауқатты адамдар жетерлік. Олардың көршілерінің ішетін тамағы жоқ болуы мүмкін. Я өзге де туыстары қажылыққа барғысы келетін шығар. Аш отырған көршінің қарнын тойдырып, киімін көк етсеңіз - ең абзалы осы. Ал екінші жағынан қарасаңыз, жиған-тергенді бала-шағаның аузынан жырып алып, біртуған ағайынына көмектеспей, қажылық атаққа бола жолға шықса, ол шариғатқа жат амал. Мысалы, жамағаттар арасында «Мен қажылыққа бес мәрте барып келгенмін. Төрде отырып, бата беруім керек» дейтін мұсылман бауырларымыз кездеседі. Оларды «қажеке» демесең, бәлеге қаласың. Меніңше, қажылыққа атақ үшін әлденеше рет баратын ағайынға одан да үлкен сауап алатын игі амалдардың бар екенін түсіндіруіміз керек.

 

Қанат БІРЛІКҰЛЫ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525