Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6854 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 11:38

Есбол Өміржанов. Жеке, ұлттық, мемлекеттік мүдделердің: аражігі мен үндестігі

Біз мүдде турасында сөз қозғағанда оның субъектінің саналы түрдегі қажеттілігі мен меншігіне, тұлғалық қалауы мен саналық тұрғыда өзін таңдаған басымдығына  бағыштауына қатысты ұғымдарды қарастыра аламыз. Адамның өмірінің мәні де оның мүддесіне байланысты, яғни, оның нені қажет етуі, нені өзіне жақын деп санауы, сондай-ақ неге өзін бағыштауы оның мүддесін айқындап береді. Мүдде адамның санасының деңгейіне тікелей тәуелді, сондықтан да болар адамдар бір-бірінің мүдделік көзқарастарын түсіне бермейді, нәтижесінде мүдделер қақтығысы туындайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі қоғамда орын алып жатқан әрқилы жағдайлардың барлығына мүдделік сипат бере аларымыз сөзсіз.

Біз мүдде турасында сөз қозғағанда оның субъектінің саналы түрдегі қажеттілігі мен меншігіне, тұлғалық қалауы мен саналық тұрғыда өзін таңдаған басымдығына  бағыштауына қатысты ұғымдарды қарастыра аламыз. Адамның өмірінің мәні де оның мүддесіне байланысты, яғни, оның нені қажет етуі, нені өзіне жақын деп санауы, сондай-ақ неге өзін бағыштауы оның мүддесін айқындап береді. Мүдде адамның санасының деңгейіне тікелей тәуелді, сондықтан да болар адамдар бір-бірінің мүдделік көзқарастарын түсіне бермейді, нәтижесінде мүдделер қақтығысы туындайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі қоғамда орын алып жатқан әрқилы жағдайлардың барлығына мүдделік сипат бере аларымыз сөзсіз.

Мүдде туралы сөзді ең алдымен жеке мүддеден бастаған жөн болар, барлық тіршілік иелеріне тән қасиеттерді бойына жинақтап, олардан құдай берген санасы арқылы бір сатыға жоғары тұратын адам әрқашан да саналы түрде өз мүддесін қанағаттандыру жолында кез-келген кедергіні басып өтуге ұмтылады. Адамның жеке мүддесінің мазмұны  оның жан-жақты жетіліп, дамуына, қоғамда нақты орынды иеленуіне жол ашады,  ал мүдденің дұрыс мазмұнға ие болмауы немесе мүдделік ұмтылыстардың саябырсуы, бәсеңдеуі тұлғаның психологиялық тұрғыдан  кері кетуіне, азғындауына  ықпал етері сөзсіз. Жалпы заң ғылымында әрекет қабылеттілігі жоқ тұлға жайлы түсінік оның саналы тұлға ретінде дара мүдделік ұмтылысының болмауына байланысты қалыптасқан. Адам қандай физикалық кемістікке душар болмасын оның санасы өзгелерден кем болмайтындықтан оның толыққанды мүдделік болмысы мойындалады. Бірақ, кей кездері адам саналы түрде өзінің жеке мүддесінен бас тартып өзін өзгелерге бағыштауы да мүмкін, бұл жерде ол өзінің күнделікті өмір сүруге қажет игіліктерді пайдалануға мүдделі болғанымен одан жоғарғы деңгейдегі игіліктерден, басымдықтардан өзгелер үшін саналы түрде бас тартуы мүмкін, мысал ретінде  Тереза шешейді келтіруге болады. Сонымен қатар, адамдар кейде өздерін құдай жолына  бағыштау арқылы да өздерінің мүдделерінен, құқықтарынан бас тартып жатады (монастырге кету, дәруіш болу). Айта кетерлік жағдай, мүдде мен құқықтардың бірлесе жүретіндігі, мүдде барлық кезде де құқықтардың жүзеге асуына мұрындық болады, мүдде құқықтың жүзеге асырылуына негіз болады. Құқық адамның еркінің жүзеге асырылуының көрсеткіші болса, мүдде еріктің мақсаттылығын айқындайды. Мүдделік қажеттіліктің туындауы адамның қандай да бір құқығын жүзеге асыруға құлшынысын тудырады, соның нәтижесінде ол өз құқығын жүзеге асырады, егер ондай құқықтың жүзеге асырылуы өзі өмір сүретін ортада мүмкін болмаса ол осы жолда күреске шығады. Сонымен қатар, жеке тұлға өз мүддесін ортақ мүддемен қатар жалпы ұлттық, мемлекеттік мүдделермен де ұштастырып дербес әрекеттер жасай  алады, ол  жеке кәсіппен айналысып, тек өзіне емес айналасындағыларға пайда әкеледі, көмек береді немесе мемлекеттік қызметке тұрып қоғамға, мемлекетке пайдалы әрекет жасайды, тіпті біреуге сенім артып сайлауда дауыс береді. Адамның жеке мүддесінің саналық тұрғыдан айқындалуына оның алған тәрбиесі, көрген-білгені, білімі, өзі өмір сүретін ортадағы әлеуметтік-саяси жағдайлар тікелей немесе жанама ықпал ете алады. Барлық индивидттердің жеке мүдде жолында қызмет етуі жалпылық ортақ мүддені шеттетпейді, жеке мүдделердің тоғысуынан олардың барлығына ортақ мүдделер пайда болады. Ортақ мүдде жеке мүддені жоққа шығармайды бірақ олардың даралық сипатта болып өзгелерден ерекшеленуін де болдырмайды. Ортақ мүдде адамның өмір сүретін ортасына, атқаратын қызметіне, саяси, ұлттық, нәсілдік, діни, әлеуметтік және т.б. ұстанымдарына байланысты қалыптасады.  Жалпы жеке мүдденің адам санасына байланысты сан қырлы сипатта боларын ескерсек олардың ортақ мүддеге бағынуы табиғи жағдай. Адамзаттың қауымдаса тіршілік ете бастаған сәтінен бастап жеке мүдде қаншалықты шексіз болғанымен ортақ мүддеге бағынып, шектеліп отырды. Ортақ мүдде арқылы қоғам бірікті, құқық, мемлекет сияқты институттар пайда болды. Салдарынан жеке мүдденің өзі ортақ мүддеге сай немесе сай емес болып жіктелетін болды, тіпті кейбір жеке адамның қалауы мүлде жүзеге асырылмайтын жағдайға жеткізілді, егер жүзеге асырылған жағдайда жауапқа тарту қарастырылатын болды.  Қоғамға ортақ заңдылықтар қалыптасты олар адамдар үшін ненің дұрыс ненің бұрыс екендігін айқындады, бұл заңдылықтарды көпшілік мойындағандықтан кейбір адамдардың дербес мүдделері, қалаулары ортақ мүдденің көлеңкесінде қалды.Осылайша жеке мүдденің ортақ мүддеге бағыныштылық сипаты орын ала бастады. Дегенмен, біз адамның жеке мүддесінің шектелуінің тек оның өзге мүдделерге құқықтық тұрғыда зиян кетіруімен ғана байланысты екендігін мойындайтын болсақ, онда қателесер едік. Себебі, кей кездері жеке тұлғалар құқықтық жағынан ешбір зиян келтірмейтін болса да өзге себептерге байланысты жеке мүддесінен бас тартып жатады. Мысалы, адамның ұлттық мүддеге байланысты өз мүддесіне шек қоя білуі (қытай тілінде білім алу болашақта үлкен мүмкіндіктерге кепілдік бергеніне қарамастан Қытайдағы ұйғырлардың қытай мектептеріне барудан бас тартуы).

Жалпы жер бетінде қанша ұлт пен ұлыс мекендесе, соншалықты ұлттық мүдде бар екендігіне ешкімнің шүбә келтіре қоймасы анық. Бірақ, осы ұлттық мүдденің өзі тарихи жағдайларға байланысты екі түрлі сипатқа еніп отыр, оның біріншісі, басқыншы ұлттардың өз басымдығын арттыру мүддесі болса, екіншісі, басқыншылық көрген ұлттардың өздерін сақтап қалумен байланысты мүддесі. Ұлттық мүдденің жан жақты толығып, жүзеге асуына сол ұлттан шыққан ойшылдардың, лидерлердің идеялары ықпал етеді. Айта кетер болсақ, ұлттық басымдық турасында Филофей әкейдің Мәскеу - үшінші Рим, Гитлердің  фашизм идеяларын, ал ұлттық тәуелсіздік турасында М.Гандидің зәбір көрсетпеу идеясын, Алаш партиясының Алаш идеясын мысалға келтіруге болады. Адамзат тарихы ұлттық мүдделердің сәйкес келмеуінен қаншама соғысты бастан кешіріп, қаншама ұлттар мен ұлыстар жер бетінен жойылғанымен ұлттық мүдде жолындағы қақтығыстар еш тоқтаған емес. Бүгінгі таңда ұлттардың бір-біріне қысым көрсетіп, бағындырып, дегеніне көндіру амалдары идеологиялық, ақпараттық майдандарға ұласуда. Ал, өзіндік ұлттық сипатын сақтап, ұлт ретінде дербестікке ұмтылушы ұлттар барынша өзіндік ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жаһандану үрдісінде жоғалып кетпеудің амалдарын қарастыруда. Сонымен қатар, қазіргі таңда ұлттық мүдделерден бір саты жоғары  географиялық, нәсілдік, туыстас ұлттар мүдделері күн тәртібіне қойылуда. Бүгінгі таңда географиялық жағынан мүдделік топтасуды Европалық Одақ мысалынан көрудеміз, бұл мемлекеттер Европа континентіндегі экономикалық, саяси, экологиялық, әлеуметтік мүдделерді біріктіріп, олардың дұрыс жолға қойылуы үшін күрес жүргізуде. Ал нәсілдік мүдде әсіресе қара нәсілділерді өз құқықтарын қорғау бағытында көптеп біріктіруде, сонымен қатар, жаңа дәуірде қандас түркі мемлекеттерінің арасында түркілік мүдденің қайта жандануы да уақыт талабы болып отыр. Дегенмен, мүдде халық жадында көптеген жылдар бойы сақталуы мүмкін, жекелеген адамдар сол мүдде жолында күрес жүргізсе (М.Шоқай Үлкен Түркістан идеясы), қарапайым қоғам мүшелері өз санасында ұлттық мүдделік ұстанымдарды сақтап, оны өз ұрпақтарына жеткізіп отыруы мүмкін. Мысалы, түркі тілдес ұлттардың өкілдерінің бір-бірін жылы қабылдауы, қиын жағдайда көмек көрсетуге ұмтылысы, тіпті интеллегенция өкілдерінің түркі тілдес елдердегі ауыр жағдайларға қайғыруы (М.Жұмабаевтың Анадолыдағы бауырларға арналған өлеңі ). Осы тұрғыдан алып қарағанда жеке тұлғаның алдында ешбір мәжбүрлеусіз өз мүддесін аталған мүдделердің біріне бағындыру таңдауы тұрады немесе ол жеке дара мүддесін қорғап, өз мүддесі үшін күресуге мәжбүр болады. Неге күреседі десек, қоғам мүшелерінің басым бөлігі өздерін біріктіретін ортақ мүддеге бағынғандықтан даралық сипатқа еніп, өз мүддесін ортақ мүддеден жоғары қойған адамды қабылдауды қиынсынады, мойындамайды. Сондықтан, бұл адамдар (феминистер, бір жынысты некені қолдаушылар, діни секта, ағым, топ  мүшелері, өзге дінді қабылдаушылар, кей жағдайда өзге ұлтпен тұрмыс құрушылар және т.б.) өз мүддесі үшін үлкен күрес жүргізуге мәжбүр болады. Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер өздерін демократиялық мемлекет деп жариялап жеке адам құқықтарын ең жоғарғы құндылықтар қатарына қоюда. Осыған орай, адамға заңмен тыйым салынбағанның барлығына рұқсат қағидасын да адамдар әртүрлі түсінуде. Нәтижесінде қоғамда әртүрлі азшылықтардың топтары пайда болуда және олар өз кезегінде сол мемлекеттегі ұлттық мүддеге кереғар талаптарының орындалуын талап етуде.

Көпшілік энциклопедияларда ұлттық мүдде турасында сөз қозғағанда оның тек бір ұлтқа тиесілі мемлекетте орын алатындығын естен шығармауымыз қажеттігі айтылады, дегенмен бір мемлекетте өмір сүретін кішігірім ұлыстар мен ұлттардың да өзіндік ұлттық  мүддесінің болатындығын, олардағы аман қалумен байланысты мүдденің өте жоғары екендігін  мойындамасқа болмайды. Мұндай ұлттар мен ұлыстардағы жеке мүдде көп жағдайда ұлттық тәрбие нәтижесінде ұлттық мүддеге тікелей бағынышты болып келеді. Дегенмен, қанша ұлт пен ұлысты біріктірсе де көпшілік мемлекеттер сол мемлекеттің негізін қалаушы ұлттың мүддесі негізінде саясат жүргізіп, қалғандары соған бағынуға мәжбүр болады. Себебі, бір мемлекетте барлығына ортақ мүдде болуы шарт, ал ол мүдде мемлекет негізін құраушы ұлттың ерекшелігі негізінде қалыптастырылады, сәйкесінше барлығына ортақ идеология жұмыс істейді, барлық азаматтар өздерін сол мемлекеттің саясатына бағыштауға мәжбүр болады (мысалы, Германиядағы үш миллионға жуық түріктің балалары ана тілінде білім алатын түрік мектебінің болмауы).

Ал енді біздің еліміздегі жағдайды қарастырар болсақ,  ұзақ жылдар бойы отар болған ұлттың ұлттық мүддесі дербестікке қол жеткізген соң тарихи қалыптасқан көпұлтты мемлекет мүддесіне бағындырылды. Бұл өз кезегінде жалпыға ортақ ұлттық идеологияның дамуына кері әсер етіп, жеке адамдардың, жеке ұлттар мен ұлыстардың дербес мүдделері көптеп насихатталды. Мұның өзі жеке тұлғалардың жекелік мүддені бәрінен жоғары қойып, өз мүддесі үшін өмір сүру қағидасын ұстануына ықпал етті. Уақыт өткен сайын жекелеген тұлғалардың ұлттық мүддеге кереғар тірліктерге көптеп баруы (сыбайлас жемқорлық, өзімшілдік, өзге дінді қабылдау, шет елде өмір сүруге ұмтылу, реті келсе шет елге кету, өз тілін, ділін менсінбеушілік, шет елдіктермен неке және т.б.) оның себебін іздеуді талап етеді. Жеке мүдденің барлық салада ұлттық мүддеден басым түсуіне себепті өткенімізден іздесек оның үш түрлі себебін ашып көрсете аламыз. Біріншіден, кеңестік идеологияда өсіп жетілген адамдар үшін ұлттық мүдденің жат болуы, яғни барлық мәселеге таптық мүдде тұрғысында қарауы, таптық мүддені бәрінен де жоғары қоюы. Кеңестік идеалдар негізінде өз өмірін құруға ұмтылушылықтар, ал кеңес үкіметі жойылған соң нарықтық қатынастардың орнығуы, бұрынғы идеалдардың теріске шығарылуы адамның ішкі қарсылықтарын тудырып, жаңа қоғамға теріс көзқараста болу оның тек жеке мүддесі үшін тірлік жасауға бейімделуіне алып келді. Екінші себеп, адамның өзінің жеке мүддесінің жүзеге асырылуына кеңестік қатал жүйеде мүмкіндігінің болмауы, яғни адамның дербестікті аңсауы оның еркіндікте өзін шектеу қажет екендігін естен шығарып алуы,  еркіндік алған соң ол үшін ең құнды нәрсе тек жеке мүдде болып қалуы. Бұрын шектеулі материалдық құндылықтарға ғана ие бола алатын тұлға үшін шектеусіздікті сезіну оның сол материалдық құндылықтардың құлына айналып, өзге құндылықтардан саналы түрде бас тартуына алып келді. Еркіндік алған соң адамдарда жекелік мүдденің соншалықты жоғары деңгейге көтеріліп, ұлттық мүдденің ескерілмей қалуы қоғамда өзімшілдіктің, пайдакүнемдік пен парақорлық қарыштап дамуына алып келді. Үшіншіден,  өзге тілде білім, тәрбие алып ұлттық тамырынан ажырап қалған адам үшін ұлттық мүдде турасында ойлау мүлде қиын болатындығын да ескеру қажет.  Сонымен қатар, адамның құдайсыздық қағидасында өсіп жетілуі, құдайдан қорықпаушылық та адамдардың жауапкершіліксіздікке салынуына алып келуде. Соның салдарынан, жекелеген кәсіпкерлердің, үлкен лауазым иелерінің мүмкіндігінше көп ақшаны заңға қайшы жолмен игеріп шет ел асып кетуге құмартуы орын алуда. Оның басты себебі адамның бойындағы ұлтқа деген жанашырлық сезімнің, елдің ертеңіне деген алаңдаушылықтың болмауында, тіпті өз ұрпағының шет елде нақты ұлттың өкілі емес өмір сүруші ретінде тірлік кешуін қалауында болып отыр.  Адамның кез келген мүмкіндікті өз пайдасына асыруға ұмтылуы, өз ұлтының ертеңіне алаңдамауы, ұлттық намыс пен өз ұлтына деген сүйіспеншіліктің болмауы оның ұлт үшін зиянкестік сипатын басым етеді. Мұндай адамдардың әсіресе мемлекеттік қызметте көптеп кездесуі мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Себебі, мұндай адамдар тобы өз болашағын өзі тұратын елмен байланыстырмайды, кез келген уақытта кішігірім қиындықты еңсергеннен гөрі өзге елге кетіп қалғанды артық көреді, әсіресе өз лауазымына сай мүмкіндік туындаса мемлекет қазынасын талан таражға салуды басты назарда ұстайды.

Мемлекеттік мүдде ретінде мемлекеттің дербес субъект ретіндегі еркі мен қалауының оның қажеттіліктерімен астасуын түсіндіруге болады. Мемлекеттік мүдде ұлттық мүддемен астасып жатады, оның өзін ішкі мемлекеттің ішкі өмірімен байланысты, сыртқы, мемлекеттің халықаралық аренадағы субъект ретіндегі мүддесі деп қарастыруға болады. Мемлекеттің ішкі мүддесі оның сыртқы күштердің қатысынсыз өз халқын басқарумен байланысты іс әрекеттерін біріктіреді. Ал сыртқы мүддесі оның өзгелерге өзін таныту, өзгелермен тең қатынас орнату, сыртқы саяси экономикалық, әлеуметтік, экологиялық мүдделерін біріктіреді. Бұл тұста сыртқы мүдденің әрқашан ішкі мүддеге тәуелді болатындығын ескеру қажет. Сол себептен мемлекетті билеуші топтың халықаралық аренада өзін жарнамалау үшін немесе өзінің имиджі үшін ішкі мүддені құрбан етуі кешірілмес қателік болып саналады. Жалпы мемлекеттің саяси ұйым екендігін басшылыққа алсақ оның өмір сүруін қамтамасыз ететін жеке адамдардан құралған топ. Ал сол топтың мемлекет мүддесін ұлттық мүддемен байланыстырып, өз жеке мүдделерін ұлттық және мемлекеттік мүдделерге сәйкестендірген  кезінде ғана мемлекеттік мүдде толыққанды сипатқа еніп, жүзеге асырылуы жеңіл болады. Олай деуімізге басты себеп мемлекет басындағы топтың жеке мүддесін немесе нақты идеяны (В.И.Ленин және большевизм идеясы) мемлекет мүддесінен жоғары қоюы мемлекетті түрлі дағдарысқа ұшырататындығында. Бұл жердегі басты мәселе мемлекетшілдік ұғымында, яғни саясаткерлердің өз мүдделерін мүлде немесе басым жағдайларда ұмытып, мемлекеттік мүддеге қызмет етуі, сонымен қатар, мемлекеттік мүдде жолында ұлттық мүддені құрбан етпей, керісінше олардың астасуын қамтамасыз ете алуында. Билікке ұмтылушы саясаткердің өз жеке мүддесінен ұлттық, мемлекеттік мүддені жоғары қоюы оның сол елге адалдығын, санасының биік деңгейін көрсете алады (мысалы, 2000 жылғы АҚШ тағы президент сайлауының нәтижесіне байланысты демократ Альберт Гордың шешімі). Кей кездері мемлекеттің ерекшеліктеріне сәйкес билеуші топ ұлттық мүддені мемлекеттік мүдденің көлеңкесінде қалдыруы мүмкін. Бұл тұста әрине, сол мемлекет негізін қалаушы ұлттың да ұлттық ерекшеліктері де басшылыққа алынады. Егер ұлт өз ұлттық мүддесінің кей кездері ескерілмей қалатындығына мән бермесе онда бұл саясат белгілі бір дәрежеде оң нәтиже көрсетуі де мүмкін. Мемлекеттік мүдде қай заманда болсын билеуші топтың жеке мүддесінен жоғары болады, көбінесе билеуші топ өз мүддесін мемлекеттік мүддемен байланыстырып, оны мемлекет мүддесінің көлеңкесінде алып жүреді.  Ал бұл тұста керісінше ұлттық мүддені мемлекет мүддесімен қатар қойып, оның мейлінше көпшілік назарында болуына мән береді. Адамзат тарихында  ұлттық мүдде мен мемлекет мүддесін тиімді астастыра білген, өз жеке мүддесін соларға бағыштаған тарихи тұлғалар аз емес мысал ретінде Мұстафа Кемал Ататүрікті, Нэлсон Манделаны келтіре кетуге болады. Мемлекет басшысы және билеуші топ өз әрекеттерінде ұлттық мүддеге негізделген заңдарға қатаң бағынып, сол заңдар шеңберінде әрекет жасаса, заңдарды өз мүддесіне емес  ұлттық мүддеге сәйкестендірсе, билікті меншіктемесе ғана ұлттық және мемлекеттік мүддеге қызмет етуші сипатына ене алады.  Егер мемлекетті билеуші топ өз жеке немесе топтық мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоятын болса, онда қоғамда әртүрлі наразылық сезімдері туындап, жекелеген қоғам мүшелері тарапынан билікке қарсылық сезімдері өрши түседі. Сонымен қатар, нигилистік сезімдер ұлғая келе билеуші топ мүддесіне бағындырылған мемлекеттік мүдденің қоғам тарапынан қолдауға ие болмай, анархиялық көңіл күйдің басым болуына алып келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде мемлекеттің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне әсер етеді.

Ойымызды қорытындылар болсақ, адамдар әрқашан идеалға ұмтылады, заң ғылымында идеалды мемлекет ретінде құқықтық мемлекет танылады, оның орын алуы заң үстемдігімен байланыстырылады. Алайда заңдардың үстемдігін мойындай отырып олардың талаптарын орындағанмен тұлғаның ішкі мүддесі осы заңдарға сай келмесе ол заңды айналып өту жолдарын ойластыра бастайды. Осы тұста құқықтың мүддемен байланыстылығын ескерсек идеалды мемлекеттің орын алуына заңдардың ұлттық мүддеге сәйкестігі негіз бола алатындығына көз жеткіземіз. Яғни, жеке тұлғалардың өз мүдделерін ортақ ұлттық мүддеге бағындыра білуі, ірі корпорациялар мен концерндердің ұлттық мүддені ескеруі, заң шығарушы билік тармағының ұлттық мүддеге негізделген заңдар қабылдануына ықпал етуі, ал билеуші топтың ұлттық мүддені мемлекеттік мүддемен тиімді астастырып, өз мүддесін соларға бағындыруы. Мұндай мемлекетте мүдде қақтығысы болмайды, ал мүдде қақтығысы болмаған жерде қоғамда үздіксіз даму үрдісі орын алары сөзсіз.

«Abai.kz»

0 пікір