Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4870 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 09:01

«Халықтық IPO». Бұл не?

Батыл мақсат қойылмаса, модернизация да болмайды

Қаржыгерлер арасында ең көп талқыланатын тақырыптың бірі - «Халықтық IPO». «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуандық  БИШІМБАЕВ бұл бағдарламаның Қазақстанның экономикалық дамуындағы мәні зор модернизациялық бағдарлама екендігін айтады

- Қазіргі кезде әлемде қор нарығын бейберекетсіздік пен хаос жйлаған деген пікір көбірек айтылады. Осындай жағдайда ұлттық компаниялардың үлес құнды қағаздарын биржаға орналастырудың мәні бар ма?

Батыл мақсат қойылмаса, модернизация да болмайды

Қаржыгерлер арасында ең көп талқыланатын тақырыптың бірі - «Халықтық IPO». «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуандық  БИШІМБАЕВ бұл бағдарламаның Қазақстанның экономикалық дамуындағы мәні зор модернизациялық бағдарлама екендігін айтады

- Қазіргі кезде әлемде қор нарығын бейберекетсіздік пен хаос жйлаған деген пікір көбірек айтылады. Осындай жағдайда ұлттық компаниялардың үлес құнды қағаздарын биржаға орналастырудың мәні бар ма?

- Менің ойымша, қор нарығының өзі бір зұлым нәрсе емес. Мәселе акциялардың биржадағы айналымында емес, деривативтерде және оларды қолдану алыпсатарлығында. Атап айтқанда,  деривативтер активтердің фундаменталдық құнында болатын әр-түрлі ауытқуларды көптеген есе күшейтеді...Егер базалық активтің баға құбылмалылығы белгілі бір ауқымда қалса, дериватив орасан зор ауқымда ауытқиды. Туынды құрал иегері ауытқулар тек қана оған пайда әкеледі деген үмітпен базалық активпен байланысты бағаның барлық құбылмалалығын сатып алады.  Ең нашары сол, бұл деривативтерге базалық активке еш қатысы жоқ туынды құралдар пайда болған. Оларды сатып алуы арқылы адамдар өздеріне тәуекелді қоса сатып алған болып шығады. Бұл экономкада құн әкелмейтін мүлдем мағынасыз құнды қағаздар сауда-саттығы. Оның шынымен қиратушы күші бар. Қор нарығында бұл азырақ реттеледі, өйткені көптеген деривативтер ұйымдасқан алаңдарда айналымда болмауы мүмкін.  Бұлар  - көбінесе банктер өз клиенттері үшін және белгілі бір инвесторлар тобы үшін орналастырған құралдар. «Халықтық IPO»-ға қайта келсек, біз түсінікті базалық активі бар акциялар туралы айтып отырғанымызды еске салсам деймін және «қор нарығының қаржылық құралдары» терминімен айырмашылығы көп нәрселерді жалпылай салған дұрыс емес.  Әрине орналастырудың тәуекелдері бар, бірақ  пайдалы нәтижелері әлдеқайда басым. Сіз өзіңіз біреуін еске алдыңыз - қор нарығын дамыту. Мен бұған сонымен бірге жаңа инвесторлардың келуін, нарықтағы өтімділіктің мөлшерінің жалпы өсуін, ұлттық компаниялар өздерінің дамуына алатын қосымша қаражаттарды қосар едім. Бұл қағаздарды шығару зейнетақы қорларын қаржыландыру мәселесін ішінара шешуге: олардың табыстылығын жақсартуға мүмкіндік береді. Екінші жағында - ұлттық компанияларда - бұл үлкен ашықтық, корпоративтік басқаруды дамыту. Мемлекеттік компаниялар өзіндік зат болуды доғарады.  Бізге мынадай сұрақтар жиі қойылады: «Самұрық-Қазына немен айналысады»? «Мемлекеттік корпорацияның қаржылары пайдалы жұмсалынуда ма»? Енді міне: «Халықтық IPO» қоғамға осындай сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.

- Бұл жерде әңгіме жыл сайын өз қызметтері туралы есеп берулерін жариялауға міндетті акционерлік қоғамдар туралы ғой. «Самұрық-Қазына» өкілдері әрқашан холдинг ішіндегі корпоративтік басқаруды жетілдіру туралы айтады....

- Енді осының бәрі онға көбейтіледі. IPO-ға шыққан кезде біз болашақ  акционерлерге бизнес-жоспарды және осы жоспарды бекіткен кезде жасалынатын жорамалдарды  көрсетуге міндеттіміз. Орналастырылғаннан кейін көптеген сұрақтар көпшілік алдында талқылана бастайды. Енді  кейбір нәрселерді менеджмент жұртшылыққа хабарлауға міндетті болады. Бұл - өте үлкен ішкі трансформация. Бұл жерде бір-бірімен өзара байланыстағы ұлттық компаниялардың үлкен тобы туралы сөз болып тұр. Түсінесіз бе, бүгін пайда орталығы қайда болатыны мемлекетке маңызды емес. Егер кіріссіз, дотациядағы Б компаниямен қарым-қатынас жасайтын қандай да бір кірісті А компанияның болуы мемлекет үшін қолайлы. Екі компанияның да биржаға шығуы А компаниясының да, Б компаниясының да нәтижелілігін нақты бағалауға мүмкіндік береді және олардың әрқайсысы да нәтижелі болуға міндетті. Ұлттық компаниялар арасында қаржылық-экономикалық ресурстар  қайта бөлінеді. Жеке акционерге бизнес экономикасының шынайы келбетін топ ішіндегі кіріс орталығы немесе шығын орталығын жасанды түрдегі тағайындаусыз көрсетуге тиіспіз.

- Бірақ сіздер барлық компанияларды бірдей шығармайсыздар ғой...

- Бүгін   «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат Қорының 80% саналатын  барлық дерлік ірі компаниялар IPO арқылы өтеді. Бұлар маңызды нәрселер жеке алып қарастырғанда, материалдық және материалды емес жағынан да көп құн қосады. Мен  бұдан өзге, оның өте үлкен модернизациялық тиімділігі бар деп есептеймін. 90-шы жылдарды еске алыңызшы. Біз жеке меншік туралы не білдік? Менің ойымша, ештеңе білген жоқпыз. Біздің ата-аналарымыз тұрғын үйді, мүліктерді жеке меншік ретінде иеленуге болатыны туралы ойлаған да жоқ. Содан кейін жекешелендіру жүрді: тұрғын үй, жер, кәсіпорындар жекеменшікке өтті. Біз бәріміз жекеменшіктің - мүліктің иесі болу не екенін түсіндік. Бұл жаңа рөлдің барлық тәртіптері мен міндеттерін үйрендік: өз мүлкімізді басқаруды үйрендік.

- ПМК-мен не болып жатқанын қарайтын болсақ, меншік иелері ретінде ешқандай түсінік келмеген сияқты.

- Жақсы болса да, жаман болса да, біз меншік иесі болуды үйрендік. Бұл өміріміздің маңызды бөлігіне айналды. «Халықтық IPO» бағдарламасы,  немесе былайша айтқанда, ұлттық компаниялардың бөліктерін жекешелендіру - сол  90-шы жылдардағы жекешелендіру сияқты, мәні зор модернизациялық бағдарлама. Ия, істің тәуекелі көбірек, өйткені құралдың өзі жай   жылжымайтын мүліктен күрделірек.  Бірақ, соңында елімізде меншік иелерінің мүлдем басқа табы қалыптасады. Егер қазір орташа қазақстандық шаршы метр құны қағидаттарымен ойлап, оның құзырындағы ең қиын қаржылық құрал - тұрғын үй инвестициясына арналған ипотекалық несие болса, акциялар нарығы оны басқаша ойлауға мәжбүр етеді. Басқа сипаттамасы бар басқа актив, әлдеқайда күрделірек. Менің ойымша, бағдарламаға қатысқан адамдар ерте ме, кеш пе, жеке меншіктің не екенін түсінудің жоғарырақ деңгейіне өтеді,  ұлттық байлық үлесінің иегері болу не екенін түсінеді. Яғни, түсініктің өлшемін жоғарырақ көтерсек, адамдар да оған талпына бастайды. Егер біз қазіргі деңгейімізде қалып қойсақ, алдымызға ешқандай батыл мақсат қоймайтын болсақ, модернизация да орын алмайды. Ал модернизация дағдарыс сияқты, бірінші кезекте - адамдардың ойларында.

 

Халықтық акционер болуға жетелейтін - жаңашылдық

- Жақында тайм-менеджмент туралы америкалық кітап қолыма түсті, ондағы бірінші кеңес былай еді: әр таңның атысымен акциялар котировкаларын тексеруді бұдан былай доғарыңызшы...  Міне, сананы модернизациялау қайда әкеліп соқтырады... Егер есімізде дұрыс қалса, біраз уақыт бұрын «Қазақтелеком» осыған ұқсас бір орналастыру өткізген,  дәл «Халықтық IPO» сияқты. Қор нарығы туралы аз да болса түсінігі бар адамдар акцияларды сатып алып аздаған уақыттан кейін оларды сатып жіберді. Аяғында «зейнетақы жүйесі» деген алып кит бұл қағаздардың барлығын жұтып қойды. Дәл осы жағдай қайталанбасына кім кепіл?

- Бағдарламаның  негізгі қатысушылары зейнетақы қорлары болып жатса, бұл жаман сценарий ма?  Мен бұл жерден бір теріс нәрсе көріп тұрған жоқпын. Біріншіден, бұлар - акцияларды ұзақ уақыт  ұстайтын ұлттық инвесторлар. Біз халқымызды осыған итермелеп жүрген жоқпыз ба? Екіншіден, егер акцияларды қорлар ұстайтын болса, қор нарығының өзінде құбылмалық аз болады дегенді білдіреді. Сонымен қатар бізге ұлттық компаниялардың жағдайын міндетті түрде талдайтын, қаржылық-экономикалық есептемелерін қазбалайтын және оған ескертпелер жасайтын қатаң талап қоюшы инвестор келеді. Менеджментке сырттай қысым жасайды, ал менеджмент өз кезегінде, осының бәрін жұмыс барысында ескеруге міндетті болады.  Сондықтан да, менің түсінігімше, зейнетақы қорларының қатысуы барлық жағынан пайдалы. Оның үстіне, еңбек ақысын конвертте алмайтын,  зейнетақы шоты бар Қазақстанның әр азаматы зейнетақы жүйесінің мүшесі болып  табылады.  Егер, қорлар ұлттық компаниялардың акцияларына иелік ететін болса, бұл әр азаматқа зейнетақы шоттары мен зейнетақы қорлары арқылы жанама болса да ұлттық компаниялардың бөліктерінің иесі болуға мүмкіндік береді. Біз бұл туралы өзіміздің ресми ақпараттық бағдарламамызда да айтамыз. Ал егер, сатып алушы біраз уақыттан кейін пайдалы деп... мен әрине босқа дүрлікпеуге, алыпсатарлықпен айналыспауға, инвестицияларға байсалдылықпен қарауға шақырамын. Сонымен қатар, есімізге алған  «Қазақтелекомның» IPO -сының біздің бағдарламамыздан бірқатар айырмашылықтарына сіздердің назарларыңызды аударғым келеді.

- Айырмашылықтары бар ма?

- Біріншіден, біз құралдар тапшылығы жағдайында нарықтың өзі  жоқ ететін  жалғыз ғана компанияның қағаздарымен шектеліп қалмаймыз. Бұл 4-5 жылға арналған толыққанды бағдарлама болып табылады, және де бизнестің саласы, түрі жағынан қоржындары теңдестірілетіндей етіп, өздерінің ақша ресурстарын таратуға мүмкіндігі бар екендігін барлық инвесторлар түсінуге міндетті. Мұнда реттелетін де, реттелмейтін де экономика секторларының өкілдері болуға міндетті. Бұл мұнай активіне де байланысты, айталық электроэнергетикаға да қатысты. Осындай жәйттар адамға шынынымен таңдау жасауға және жоспалауға мүмкіндік береді. Тек жалғыз ғана компанияның қағаздарын аздаған рет қана орналастырудан мұның айырмашылығы,  сенде уақыт өткен сайын кеңейе түсетін таңдау бар екендігін білсең, өзіңді өзгеше ұстайсың. Кейінірек басқаларын сатып алу үшін ол қағаздарды алмай күте тұруыңа да болады. Біз «Қазақтелекомның» акцияларымен не болғандығы жайлы өзіміз үшін талдау жасадық. Айналасы бір айдан кейін сұраныс қысымының арқасында баға тез көтерілді. Осы жағдайды пайдаланғандар акцияларын сатып жіберді. Ал шарықтау шегінде сатып алғандар неге бұлай істегендерін ұзақ уақыт түсінбей жүрді, өйткені кейінірек баға белгілері бірден құлаған болатын. «Қазақтелеком» үлкен дивидендтер төлеген жоқ, өйткені ол - барлығын қайта инвестициялаған тез өсуші компания. Тек соңғы жылы «GSM Kazakhstan» үлестерін сатқаннан кейін ғана дивидендтер төленді. Осының арқасында ғана көптеген инвесторлар пайда көрді. «Халықтық IPO»  тұрғысында біз осындай сценарийдің қайталануын болдырмауды көздейміз.

- Зейнетақы қорларына қайта оралсақ. Егер нәтижесінде активтердің барлық дерлік өтімділігі соларда қалатын болса, жеке тұлға-инвесторлар арасында кеңінен таратуға  арналған бағдарламаны дамытуға кететін шығындар желмен ұшып кеткендей болады ғой. Өйткені, жабық жаздыру бойынша қағаздарды орналастыру әлдеқайда арзанырақ.

- Әрине, барлық қағаздарды зейнетақы жүйесі жұтып қоюы мүмкін деген қатер бар. Бірақ бұл орналастырулардың мақсаты - жеке тұлғалардың компанияларға  ортақ иеленуші болуында. Ия, зейнетақы қорларын шақырып алып, өзара отырыс ұйымдастырып былай айтуымызға болар еді: «Жігіттер, біз сендерге мынаны-мынаны ұсынамыз». Бірақ бұл онда бұл халықтық  IPO болмас еді. Қатысу-қатыспауы туралы  соңғы шешімді әр азамат өзі қабылдайды. Ал бұл бағдарламаны даярлағандардың, яғни,  біздің жауапкершілігіміз - әркімге ақпарат беру. Ақпараттық науқанның тапсырмаларын осылай деп білемін. Әркім қандайда бір негізге сүйене отырып, шешім қабылдауы керек. Шартты түрде айтқанда, 50 немесе 100,  немесе 200 мың адамды жаздыртуды ешкім мақсат етіп қоймайды. Бұл дұрыс болмас еді. Шешімі де жеңілірік болар еді: сол «Қазтрансойл» компаниясын бір теңгеге бағалап, өте көп «инвесторларды» тартуға болар еді. Егер барлық ақша зейнетақышыларға кететін төтенше жағдайлар туралы айтар болсақ, онда кері төтенше жағдай - ақпараттық бағдарламаға ақша жұмсамай, компанияны өте арзанға бағалап, өте көп жаңа акционерлерді тартуға болар еді. Сіз ең бір шектен шыққан жағдайды мысалға келтіріп отырғандығыңыздан,  мен де жауап ретінде басқа бір сондай жағдайды келтіріп отырмын. Біз әлеуметтік сауалнама жүргізіп, халықтың 7,3% бағдарламаға қатысуға дайын екендігін білдік.

- Ол адамдардың бұған қатысудағы мақсаттары қандай екендігін анықтаған жоқсыздар ма? Бұлар спекулятивтік пе немесе ұзақ мерзімге арналған инвестициялар ма?

- Бұл азаматтар орташа алғанда, 200 мың теңгеге жуық ақша бөлуге дайын. Мұндай сомаға олар үлкен спекуляциялар жасай алмайды. Менің ойымша, ақша сала отырып, олар бірінші кезекте мұның не екенін байқағылары келеді. Қоғамда ескі айфоны тамаша істеп тұрса да, жаңадан шыққанын сатып алатын жаңашыл адамдар бар.  Міне, дәл осы азаматтар - ұлттық компаниялардың акционері болу не екенін білгілері керетін 7,3%  адамдар.

Жылдам өсетін компанияларды IPO-ға шығару мақсаты жоқ

 

- Неге биржаға  бірінші кезекте басқа емес, дәл «Казтрансойл» шығарылады?

- Талдау қорытындысы бойынша бірінші кезекте ақша ағымдары  жеткілікті дәрежеде түсінікті, болжамды болуы үшін реттелетін, яғни, тұрақты компанияны шығару керек екендігін түсіндік.  «Қазтрансойл» елдің өз ішінен экспорттық нарыққа, немесе ішкі қуат көздерінен ішкі қайта өңдеу орындарына  мұнай тасымалдайды. Бизнестің неде екендігі бәріне түсінікті. Бұл - реттелуші монополия, тарифтері болжанылуы мүмкін, пайдасы түсінікті болатындай етіп, оны үкімет  реттеуі де мүмкін. Оның үстіне «Қазтрансойлдың» инфляцияға әсері   мейлінше төмен, оның пайдасы былай өзгереді: экспорттық бағыт бойынша алатын тарифтері ел ішіндегі бағаларға мүлде әсер етпейді, ал ішкі нарықтағы тарифтері мейлінше төмен; бүгінгі күні біздің мұнайдан Қазақстанда жасалатын мұнай өнімдері мен жанармайдың көтерме бағасындағы тарифтері бір пайыздан аз.

KEGOK осы себептер бойынша екінші болып таңдалынды. Бұндағы жағдай біраз күрделірек, өйткені компанияны тартымды, пайдалы, түсінікті қылу үшін тарифтік саясаты бірқатар түзетулерді талап етеді.  Компанияда бухгалтерлік емес, нақты экономикалық шынайы табыс болатындай қылу керек.

- «Қазтрансойлдың» өсу қарқыны қандай?

- Қазір компанияның бизнес-жоспарының мәліметтерін ашып айта алмаймын, ал жалпы алғанда, егер тарифтік саясат жөніндегі кейбір мәселелер шешімін тапса,  «Қазтрансойл» жеке салымшылар үшін де, зейнетақы қорлары үшін де жеткілікті дәрежеде  тартымды актив болады деп айтуға болады.  «Қазтрансойл» да, KEGOK та ертең агрессивті өсуі  үшін орасан зор қаржылық ресурстар талап ететін компаниялар емес. Жылдам өсетін компанияларды IPO-ға шығаруды мақсат етіп отырған жоқпыз. Менің ойымша, азаматтар үстеме пайда табуды көздеп отырған жоқ, негізінен әрқашан үстеме пайда табу мүмкін емес.

- Оны түсінетіндеріне сенімдісіз бе? Қаржы нарығы туралы түсінігі аз кісілер оны бірінші кезекте еңбек етпей,  тез баюдың жолы ретінде қарастырады. 2000 жылдың бірінші онжылдығының ортасында қазақстандықтар керемет көпірме жылжымайтын мүлік нарығына жаппай ақша салды. Олар жылдан-жылға, айдан-айға өз мүліктерінің құнының шарықтап өскенін көрді. Жылына кемінде 50% алғысы келетін осы аудиторияны табыс ауытқымасын  түзу деп айтуға болатын компания қызықтыра ма?

- 2005-2008 жылдары болған жағдай- аномалия, бұл аномалия барлығын қателікке бастады. Адамдар бағаның өсіп, көпіршіктің көпіріп бара жатқанын көрді. Бастапқы кезеңде әрқашан бұлай бола бермейтіндігін түсінген. Бірақ баға үш жыл бойы өсіп, активтің бағасы жалпы алғанда бес-алты есе өскен кезде көпшілігі қызығушылыққа бой алдырды. Ешқандай ақылға симайтындығына қарамастан, үстеме пайданы ұдайы алуға болады деп сенетіндей жағдайға жетті. Біреулер 2005 жылы осыған сеніп,  2007 жылы активтерді «тастамағанына» өкінді. Ал енді біреу нарыққа 2007 жылы келді де, соңынан қатал жазасын алды.  Бұл ойында ұтқандар да көп болды, бірақ ақыр соңында барлығы бірге көп ұтылды. Біз бүгін актив құнының бұлай өсуі негізінде болмауы керек деп айтамыз.  Болашағын бағамдауға жеткілікті деңгейде түсінікті әрі тиянақты компания «Қазтрансойлды» ұсынамыз. «Қазмұнайгаздың» директорлар кеңесінде белгілі бір сандар  бекітілгеннен кейін «Қазтрансойлдың» бизнес-жоспарын дүйім жұртқа таныстыру рәсімін жасаған кезде «Қазтрансойл» құбырлар жүйесі арқылы орасан зор мұнай тасымалдауды күтіп отырған жоқ екенімізді барлығы көреді. Оның есесіне бұл түсінікті актив, алыпсатарлыққа қызықпай, ұзақ мерзімге салым салып,  ақшасын сақтағысы келетін инвестор өзін осы бағдарламадан табады. Ал  2005-2008 жылдардағыдай табыс көзін әлі күнге дейін күтіп  жүрген адамдар басқа жолды іздегендері жөн.  Алайда ондай адамдар аз деп ойлаймын. Назар  аударсаңыз,  өзіміздің ақпараттық бағдарламамызда біз сізді бұл акция өткен жылғымен салыстырғанда ертеңгі күні екі есеге қымбаттауын  күтпеуіңізді әрдайым ескертіп отырамыз.   Оған негіз жоқ.

- «Қазтрансойл» үлестерін сатқаннан қанша түсім күтіп отырсыз?

- Директорлар  кеңесінде компанияның акцияларының 10 пайызын орналастыру туралы шешім қабылданды. Қазір қандай бағадан болатындығы талқылануда. Шешімді «Қазмұнайгаз» директорлар кеңесі қабылдайды. Сондықтан да сіздің сұрағыңызға әзірше жауап бере алмаймыз.

- Бұл ақша компаниялар үшін қаншалықты қажет?

- IPO құрылымдануы бойынша ол бас акционердің, яғни ҚМГ иелігіне кетеді. Менің ойымша «Қазмұнайгазда» іске қосу сатысында тұрған жобалары жеткілікті.

- Ия, ҚМГ жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салса артық болмас еді...

- Жалпы алынатын сома сондай үлкен болмайды.  Егер «Қазтрансойлдың» баланстық құны 327 млрд теңге шамасында болса, әңгіме 30-32 миллиард теңге шамасында болып тұр. Акциялардың кесімді құны 10 мың, сондықтан орналастыру кезінде оларды бөлшектеу жоспарлануда. Алғашқы шығарылым мен  «Қазтрансойлдың» IPO-сы қаншалықты сәтті болатындығына және  IPO-дан кейінгі кезеңде акциялар өздерін қалай көрсететіндігіне әрине, көп нәрсе байланысты. Біз бұның бәрін түсінеміз және бәрін пайымдай отырып, әзірленудеміз.

- Бұл туралы әңгіме қозғаған екенсіз... «Халықтық IPO» сөз тіркесін инетернетте терсеңіз, бірінші кезекте ресейлік ВТБ банкісінің күйінішті уақиғасын айтатын сілтемелер шығады. IPO барысында қағаздарын өткізген бағамен ақыр соңында өз акцияларын кері сатып алыпты. Ал бұл дегеніміз - идеяның беделін толығымен түсіру, өйткені, егер  адам акцияларды алатын болса, онда ол баға белгілерінің құлауы тұрғысындағы тәуекелдерді өз мойнына алуы керек. Сіздер талдадыңыздар: ресейліктер нені дұрыс істемеді?

- Әрине. Есіңізде шығар, ол жылдары банктер өте жылдам өсті. Барлық банктер капиталға 3-5 мультипликатормен сатылды. Сол кезеңдегі өсу қарқынына өте оптимистік болжамдар жасалды: экономиканың осындай өсуінде банктер өркендей береді және т. б. Бірақ өсу тоқтап қалды. Орналастыру уақыты сәтсіз еді. Әлемдік экономиканың механизмі бір уақытта осылай морт сынады деп ешкім күткен жоқ. Осыдан көтеріңкі баға шығады. Яғни, ол IPO сәтсіздігі ең алдымен ақталмаған үміттерге байланысты. Үміттер асқан оптимистік болды. Сондықтанда, ВТБ орналастырулары халықтық  IPO идея ретінде беделінен айырылды деп айтпас едім. Барлық тәуекелдерді есепке алмаған болар. Адамдар ол қағаздарды алдында айтқанымыздай, тұрғын үй нарығы сияқты алды, қателесіпті... Жалпы 2005 - 2007 жылдың аяғында үстеме пайда күту психологиясы сол кезеңге сай еді. Барлығы тамаша жүрді, кез келген бизнес өсті, бағалар көтерілді. Барлығы несие алды, кімге, қайда сатарын білмесе де, кәсіпорындар ашты. Өзінің жылжымайтын мүлігін кепілге қойып, несие алып, компания ашудың мүмкіндігінің өзі көпшілікті еліктірді. Соңынан нәтижесін көрдік. Қазір бұның бәрі өтіп кетті ғой. Жағдайдың күрт өзгеруі мүмкін екендігін көпшілік түсінеді деп үміттенемін.

 

Экономиканы кәсіпкерлер қозғайтын жүйе қалыптастыруымыз керек

- «Халықтық IPO» арқасында болатын ішкі  трансформация тақырыбына тоқталсақ. Сіздердің жаңа стратегия қабылдағандарыңызға көп бола қойған жоқ. Бұл қағаздарды биржаға орналастырумен байланысты ма?

- Әлбетте. Стратегияны егер сіз көрген болсаңыз келісерсіз,  «Самұрық-Қазына» өзінің  алдына қойған негізгі қағидалары мен тапсырмаларын біршама ықшам түрде баяндайды. Ол құжатқа біз ұлттық компаниялар қалай жұмыс істеуі керек, топ-менеджменттің тиімділігін бағалауға арналған қандай формальды өлшемдер бар және қандай да бір, соның ішінде инвестициялық шешім қабылдаған кезде  топ-менеджмент нені негізге алатыны көрсетілген практикалық оқу құралы ретінде  қараймыз. Стратегияны қабылдағанға дейін ондай ережелер болған жоқ деп айтпаймын, бірақ ақыры құжат түрінде бекіттік қой. Мәселен, ұлттық компаниялардың тиімділігін қалай бағалау туралы сұрақ бар болатын: пайдасы бойынша ма, кірісі бойынша ма немесе республиканың дамуына қосқан үлесі бойынша ма? Баланс табу өте қиын. Құны  өспейтін, пайда әкелмейтін бірақ, инфрақұрылымды дамытатын, жұмыс орындарын көбейтетін өте жақсы жобалар жасауға болады. Біз нарық пен мемлекеттің ортасында болғандықтан, осы мақсаттардың қайсысының басымдық алуы керектігі әрқашанда пікірталас сұрағы болатын.

- Ал өзіңіз қандай модельді жақтайсыз?

- Бірі екіншісіне кедергі келтірмеу керек және бұл мақсаттардың арасындағы келісімді табу керек. Өйткені, егер біз тек қана нарықтық қөзқараспен қарайтын болсақ, сөзсіз біз үшін бұл дұрыс болмас. Ал егер біз пайда таппай, тек дамумен айналыссақ, онда ұлттық компания деген механизм неге керек. Онда барлығын жай ғана бюджеттік бағдарламалар ретінде ұйымдастырып, оларды қаржыландыру керек. Қабылданған стратегия  - нарықтық және экономикалық мақсаттар арасындағы қол жеткен консенсус. Бұл - өте маңызды, өткені біздің барлығымызды бір тәртіпке, реттілікке келтіруі керек және де әсері әлден байқалады. Айталық, инфрақұрылымдық, бірақ пайдалылығы төмен жобалар... Стратегия бұл туралы не айтады? Олар ел үшін маңызды, инфрақұрылым маңызды. Егер біз онымен айналыссақ, онда компания алдында IPO тұрғанына көңіл аудару керек. Бұндай жобалар кез келген компанияның құнының төмендеуіне әкеледі.  Бұрынғыдай бюджеттен ақша алып, жобаны бастау деген болмау керек. Өйткені, жобаның кірістілігі іске асыруға берілген капитал құнынан  төмен. Біз бұдан былай  елімізге бұл «пайдалы» немесе «пайдасыз» деген емес, «жобаның кірістілігі капитал құнынан жоғары ма, әлде төмен бе?» деген терминдермен талқылай бастаймыз. Мен мұны серпін  деп есептемін. Директорлар кеңесінде осы өлшемдерді қолдана отырып, пікірталас жүргізу менің ойымша, серпін. Кез келген келісімді жүргізгенде компаниялар қалайда пайдаға шығатындай қылып  қаржыландыруды құрылымдандыру керек. Егер жоба еліміздің дамуы үшін қажет болса, олар ұлттық компаниялардың негізгі бизнесіне нұқсан келтірмейтіндей схема керек. Мұндай жобаларды жүзеге асырған кезде компаниялар сырты қампиғанымен, іші қуыс болмауы, яғни, мол активі бола тұра, кіріссіз қалмауы тиіс. Міне, ең қиын сәт осы болған шығар. Қаңтар айынан бастап әр түрлі деңгейлерде - директорлар кеңесінде, үкіметтегі жиналыстарда әрдайым талқылаулар жүргізілді. Ең соңғы нүкте Елбасымен болған жиында қойылды, онда Нұрсұлтан Әбішұлы екпін салатын ақтық мәселелерді көрсетті: ия, ел дамуының жобалары - «Самұрық-Қазынаның» маңызды қызметі, бірақ бұл мәселеде кірістілік  пен тиімділік есептен шығарылмауы керек.

- Бірақ бұндай көзқараспен  кейбір елімізге керекті, бірақ кірісі жоқ бірқатар жобалар тасада қалып қояды.

- Керісінше. Сіз сипаттағандай жобамен енді міндетті түрде мемлекет айналысатыны анық болды. Егер ол мемлекетке қажет болса және үлкен   мультипликативті әсер берсе, онда оған мемлекеттік, аймақтық және республикалық бюджеттер бар. Жаңа тәсілдер бұл жобалар жасалынбайды дегенді білдірмейді. Олар ұлттық компаниялардың экономикасын есепке ала отырып құрылымдандырылатын болады. Міне, осы өте маңызды. IPO-ға дайындала отырып, біз тиімділікке, әрекеттердің ашықтылығына, қалыпты инвестицияларға талпынамыз. Бұл - негіз. Міне мына қағидаларды барлық салаларға енгізуге тырыстық: инвестициялық қызмет, қарызды басқару, еркін өтімділікті басқару. Бұның бәрі енді түсінікті индикарорлар түрінде реттелді. Жобаны бағалау әдістемесі пайда болады: ол нарықтық па, нарықтық емес пе? Енді біз егер ол нарықтық болмаса, компаниялардың ешқайсысына шығын келтірмей орындау үшін   жобаны   қалай  құрылымдандыру керек екендігін үкіметпен талқылаймыз.

Бізде ҚТЖ бойынша  жақсы мысал бар. Мәселе - екі жаңа темір жолы туралы.  Президенттің жолдауында айтылған өте үлкен жобалар. Бұндай өтелім  мерзімі өте ұзақ  күрделі инфрақұрылымдық инвестициялардың  жобаларын қалай дұрыс құрылымдау керектігі туралы біз көп пікірталастырдық.  ҚТЖ-да бар ресурстарды бағалай отырып, біз үкіметпен бірлесіп, бюджет қаржысы мен ұлттық компаниялар ақшасын микширлеудің арқасында қаржыландырудың мүмкін  болған механизмін жасауға мүмкіндік беретін қаржыландыру құрылымын жасап шығардық. Яғни, бұл ережелер іс-тәжірибеде жұмыс істей бастады. Дискуссия ұзақ әрі қажырлы болғанымен, негізгі нәрселер бойынша келіскеннен кейін алға жылжудамыз, ал жобалар іске қосылуда.

- Ұлттық холдинг пен мемлекет арасындағы осындай сындарлы қарым- қатынасты сіздер сингапурлық Temasek-тан алдыңыздар ма?

- Temasek - бүгін негізінен жай ғана нарықтық инвестициялық компания. Олар Сингапурдың дамуына әсеріміз бар ма, жоқ па деп еш  қарамайды. Шешім қабылдаудағы уәжі біреу ғана - қаржылық пайда табу. Егер Үндістанда бір үлкен пайда әкелетін, бірақ Сингапурға еш қатысы жоқ компанияны сатып алуға мүмкіндік болса, олар барып, оны сатып алады. Алайда олар директорлар кеңесіне кірмейді, басқаруға отырмайды. Оларды инвестициядан тек қаржылық табыс табу қана қызықтырады. Яғни, бұл негізінен таза инвестициялық қор. Бізді қызықтырған екінші модель - малайзиялық Khazanah Nasional холдингі. Олардың міндеті дәл біздікіндей: Малайзияны дамыту және қаржылық пайда табу. Біз олармен біршама ұзақ пікірлестік. Оларда бір өте маңызды қағидат бар: инвестициялық жобаларға ешқашан дерлік бюджеттік қаржыны жұмсамайды. Олардың айтуынша: «Бизнес пен бюджеттік ағымдарды араластыруды бастай салысымен, тиімділіктің шегі жоғала бастайды. Өйткені, «Біз сізге ақша бердік қой» деген принцип орын алады». Сол кезде сіз менеджменттің де тиімділігін дәл бағалай білуден айырыласыз.

Бұл ретте «Халықтық IPO» бағдарламасы,  немесе былайша айтқанда, ұлттық компаниялардың бөліктерін жекешелендіру - сол  90-шы жылдардағы жекешелендіру сияқты, мәні зор модернизациялық бағдарлама.

 

- Сонда да айталық, сіз  тек қана технологиялар трансферті үшін шетел активтерін Temasek сияқты сатып алумен айналысқыңыз келмей ме?

- Тек қана технология керек болып тұрғанда, бүкіл компанияны сатып алу өте қымбатқа түспек. Apple өнімдерін Қазақстанға енгізу үшін Apple-ді сатып алудың қажеті жоқ

- Айталық, «Қазатомөнеркәсіп»  Westinghouse-дың 10-пайыздық үлесін сатып алды. Бұл технологиялар мәселесінде  қандай-да бір пайда бере ме, әлде бұл тек  әлемдік нарықтарда мәмілелер жасау үшін ғана көмектесе ме?

- Бірінші кезекте әрине, бұл оған салмақ қосады.  Компания ойыншылары көп емес спецификалық нарықта жұмыс жасайды. Олардың барлығы да айтарлықтай ірі және беделдері үлкен. «Қазатомөнеркәсіптің»  қандай да бір халықаралық компанияға қатысуы оның орнын сөзсіз күшейтеді. Өзінің негізгі қызметі шеңберінде мәмлелерді құрылымдау үшін де маңызға ие. Бұл өзінің өткізу нарығын кеңейту мүмкіндігі, бұл  Қазақстаннан тысқары жерлерде өз қызметі  профилі бойынша қызықты жобаларға қатысу мүмкіндігі.  Қазақстанда бизнесті тұрақты дамытуға әсер етеді, стратегиялық альянстар, одақтар мен әріптестіктер құру жеңілірек болады.

- Менеджмент пен акционер арасындағы қарым-қатынасқа келейік. Жаңаөзендегі оқиғадан кейін холдингтің басқарма төрағасы ауысты. Мердігерлер компанияларда күшті ротация орын алды, директорлар кеңесінің кейбір мүшелері кетті, орнына басқалары келді. Бәрлығы өте жылдам болды. Осыған байланысты сұрақ: компанияларды басқаруға директорлар кеңесі қаншалықты қатысады?

- Әрине, бұл жай ғана формальды мәселе емес. Директорлар кеңесі келіп басқарма құжаттарын бірауыздан мақұлдай салмайды. Негізінде,  біз басты шешімдерді қабылдауда негізгі назарды  директорлар кеңесіне аударуға талпынамыз. Жақында ұлттық компаниялардың бірқатар жарғылары қайта қаралды. Бұрын менеджмент құзыретіне жатқан кейбір сұрақтар енді директорлар кеңесі деңгейіне беріледі.

- «Саұрықтың» «мердігерлері» бұрын ба болған. Бұл - компаниялар менеджменті  мен директорлар кеңестері арасында кикілжің үшін таптырмас негіз.

- Жөнімен болған кикілжің әрқашан да пайдалы, өйткені ол пікірталасқа негіз болмақ. Ал пікірталас кезінде ең жақсы шешім табуға болады. Білесіз бе, 1986 жылы «Челленджер» апаты неліктен болғаны туралы арнаулы топ ұзақ талдау жасады. Көп жылдар бойы тексеру жұмыстарын жүргізді. Ақыр соңында комиссия мынандай қортындыға келді: түпкілікті себебі - ұжым ішіндегі жөнді кикілжіңнің болмауы.  NASA-да бұл жобамен айналысқан топ ішінде бәрі тек бірыңғай келісімге келу ұстанымында болған. Бір көзқараспен ғана қарайтын адамдар болды, бағдарламаның дамуында тек бір жолмен жүрді. Ал бұл  қандайда бір тұжырымдамалық қателік жіберуге әкеліп соқтырды, ал балама көзқарастың болмауы, талқыға салмау, дұрыс пікірталастың жүргізілмеуі осыған сүрлеу жол салды. «Челленджермен» болған қайғылы жағдай таңдалынған жолдың қателігінің шарықтау шегі еді. Дұрыс тайталас әрқашанда жақсы деп есептеймін. Бірақ ол кәсіби негізде құрылуы керек. Талқылау «мен бастықпын - сен ақымақсың» дәрежесінде емес,  қандайда бір көрсеткіштер, жоспарлар төңірегінде болу керек.

- Ұлттық компанияларды өзінікі сияқты қабылдайтын қалыптасқан командалар бар. Олар қандай да бір пайда әкелуі мүмкін, бірақ шынайы тиімділікке талпынбайды. Содан кейін кейбір қалыптасқан топтар өз басқарушыларын жоғарылатады. Мұндай нәрсе жоқ па?

- Қор жүргізіп жатқан негізгі жұмыс бағыттарының бірі - менеджмент жұмысын бағалау. Бұл даму жоспарлары, олардың орындалуы. Қызметтердің шешуші көрсеткіштерінің үлкен тізімі бар. Және де бұл тек кіріс қана емес. Бұл сонымен қатар өнімділік, тиімділік, компанияның қаржылық тұрақтылығы, негізгі ақша ағымын қалыптастыратын бағыттарды бағалау. Ал топтарға келсек, «мынау - менікі, анау - бөтен» дәрежесінде пайымдау, менің ойымша тұғырыққа тірейтін жол. Сіз менен директорлар кеңесі мен басқарма арасында қалыпты өзара әрекет етушілікің бар-жоғы туралы сұрақ қойдыңыз ба?

- Бұл жайлы да.

- Былай айтайын: әлбетте бар, үдеріс мінсіз болмаса да, барлығы сөзсіз  дұрыс бағытта дамуда.

- Қор соңғы жылдары дағдарысқа қарсы қызмет атқарғандығы жайлы  қор өкілдері мен шенеуніктер көп рет айтты. Енді, міне, дағдарыс аяқталған сияқты, басқа істерге көшетін кез келді. Дегенмен, Қазақстанға  әсері болуы  мүмкін дағдарыстың жаңа толқыны жайлы соңғы жылдары  президент те, алдыңғы премьер де аз айтқан жоқ.  Қор дағдарыстың алғашқы толқынында оған қарсы мандат алған болса, екінші толқын келгенде де сол іспен айналыса ма?

- Әрине, әлемдік экономикада жағымсыз бір жағдай орын алып, бізге әсерін тигізсе, және де бұл үдерістер Қазақстан ішінде жүйелі және айтарлықтай басым  күш алса, онда шындығында да қор өзінің дағдарысқа қарсы қызметіне оралуына тура келеді. Бізде бүгін үлкен инвестициялық бағдарлама - тұтастай алғанда 50 млрд доллар шамасындағы 190 - ға жуық жоба бар. Және де көпшілігі жаңа жобалар. Мұнда да екі жолмен жүруге болады.  Барлығын тоқтатып қоямыз, немесе дағдарысқа қарамастан құрылысты жалғастырамыз. Бұл - 2008-2010 жылдары дағдарыстың бірінші толқынымен күресу үшін таңдалынып алынған стратегия. Есіңізде болса, ол кезде мемлекет шығыстарын азайтқан жоқ, инвестициялық бағдарламаларды тоқтатқан жоқ. Керісінше: Қорғас - Жетіген, Өзен - Тәжікстан шекарасына дейін үлкен темір жолдар салынды. Біз бюджеттік салымдар есебінен тұрғын үй құрылысының барлығы дерлік нысандарын салып бітірдік. Аймақтар үшін «Жол картасы» бағдарламасы болды - республикалық бюджеттен және ұлттық қор есебінен бизнеске арналған арнайы субсидиялар бөлінді. Билік инфрақұрылымды жөндеді, шартты түрде айтқанда, жылдар бойы ештеңе істелінбеген және қол тимеген нәрселерді жаңартты. Неге олай? Өйткені айталық, дағдарыс кезінде бәрі арзандайды. Сәйкесінше құрылыс жүргізу де арзандайды. Егер қаражатыңыз болса, шарықтап тұрған кезеңмен  салыстырғанда  дағдарыс уақытында азырақ ақшаға көп іс бітіре аласыз. Енді, жақын уақытта неге әзірленетіндігімізге  қарайық. Осы жуырда ғана Балқаш ЖЭО-сының құрлысы басталды. Бұл жоба бойынша ұзақ жұмыс атқардық - ені міне құрылысы да басталды. Бұнымен қатар аймақтық тұрғыда энергетикада, баламалы энергетика саласында көптеген жобалар болады. Қандай жағдай болмасын, еліміз осының бәрін жасау керек болады.  Тек, мәселе қашан салатындығымызда, бәрі қымбаттағанда ма, жоқ әлде циклділікке қарсы әрекет етіп, дағдарысқа қарамай іске кірісеміз бе?   Білесіз бе, қор нарығындағы стратегиялардың бірі - фаза қарсылығында әрекет ету. Егер бәрі сатып алып жатса, сен сатуың керек. Егер бәрі сатып жатса, сен сатып алуың керек. Екінші толқынға келсек, бізге жеңіл болмақ.

Қашанда ұлттық компаниялардың тиімділігін қалай бағалау туралы сұрақ тұратын: пайдасы бойынша ма, әлде кірісі немесе республиканың дамуына қосқан үлесі бойынша ма? Тепе-теңдік табу өте қиын.

- Неліктен?

- Егер дағдарыс келсе, ол енді банк секторы арқылы келмейді. Егер бірінші толқын осы арқылы тараса, бөлінген қаржы ресурстарының үлкен бөлігі экономиканың осы сегментін тұрақтандыру үшін жұмсалды. Бізде қазір инвестбағдарламамызды тоқтатпай, жобаларымыз арқылы бірге жылжуға мүмкіндігіміз бар. Өйткені, банкирлер шығындары бойынша көрініп қалды... Жаңаша, экспортқа негізделген мұнай химиясы, химиялық өндіріс орындары ашылады. Қазір  бізде Жамбыл облысына арналған бағдарлама бар. Біз онда арнайы экономикалық аймақ құру жөнінде жұмыс істеудеміз. Бұл - төрт бірдей жаңа химиялық жоба. Жамбыл облысы тарихи тұрғыда әрқашанда Қазақстанның химия орталығы болған. Әңгіме бүгінгі күнге сай, бұрын өндірілмеген жаңа өнімдермен, бүтіндей жаңа технологиялық платформада   аймақтың экономикасын жаңғыртуда болып тұр. Қазақстанда мұнай химиясы алғаш рет Атырауда ашылады. Энергетика да бар. Оңтүстік үшін бұл үлкен мәселе екенін білесіз. Ия, Солтүстік - біздің энергетикалық орталығымыз. Бірақ шынын айтсам, мыңдаған километрлерге энергия тасымалдау онша тиімді емес.  Сондықтанда аймақтық аспектілерді де ұмытпағанымыз абзал.  Тау- кен секторындағы барлау мәселесіне мемлекет көптен бері көңіл бөлген жоқ. Бұл күнде «Тау-Кен Самұрық» барлау жұмыстарын жүргізуші алғашқы инвестор рөлін орындауда. Болашағы жақсы блоктар да бар. Біз кеңестік  уақыттан бастау алатын негіз бойынша жұмыс істегенімізді жақсы түсінеміз. Қазір қайтадан геологияға инвестиция көлемін ұлғайту керек.  Қорларды табу бойынша барлау жұмыстарын жүргізіп, балансқа қойып, оларды әрі қарай дамыту қажет.  Тағы бір мысал -  ҚТЖ көліктік машина жасауда өнім көлемін соңғы алты жалда он есе өсірген. Бұл күндері олар локомотивтерді экспортқа шығаруда. Алдарында вагондар жиынтығын жаңарту міндеті тұр.  Бұл мәселені тек импорт арқылы ғана емес, өз қуаттарын пайдалану арқылы шешуде. Сонымнен қатар бизнес те дамуда. Өйткені ҚТЖ өзі қатысатын жобалар бар, кейбір жобаларда, егер инвестор ақшасын салып, белгілі бір сапа стандарттарына сай келетін өндірісті жолға қойса, ұлттық компания олардың өнімдерін келісілген мөлшерде алуға  ұзақ мерзімді келісім-шарт ұсынады. ҚТЖ өз  жоспарында көліктік машина жасау өндірісінің көлемін отыз есе арттыруды көздейді. Отандық өндірістің  мұнай, химия және энергетика саласында іске асыруға болатын үлкен әлеуеті бар. Мемлекет жүзеге асыратын үлкен жобалардың айналасында шағын және орта бизнес қалыптасады. Біздің «Самұрық-Қазына инвест» компаниясы осы іспен арнайы айналысады. Қазақстандық жобаларға қолдау көрсетіледі. Олардың қатысуы кәсіпкерлерге біздің ұлттық компаниядан ұзақ мерзімді тапсырыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кез келген жобаның 25% - на ғана кіру арқылы бастаманы жеке кәсіпкердің қолына береміз. «Самұрық» - өте үлкен, жекеменшік сектордың  экономикасына орын жоқ деп айқанда, біздің мақсатымыз жекеменшік секторын жою емес, қайта оларды қолдау  екендігін түсінеміз. Себебі түптеп келгенде экономиканы жеке кәсіпкерлер қозғауы тиіс. Бұл іс олардың қолдарынан келеді. Сондай жүйе қалыптастыру - біздің мақсатымыз. Дағдарысқа қарсы бұрынғы  жоспарды, алдыда болатын жаңа тәуекелдерді есепке ала отырып, егер қажет болса, дағдарысқа қарсы бағдарламаға белсенді қатысамыз деп ойлаймын. Бірақ осы жолы біздің оған қатысуымыз біраз басқаша болмақ. Яғни, қаржылық секторда - азырақ, нақты секторда көбірек. Бұл  сегмент үшін осындай ауқымды бағдарлама қорда белгіленген.

0 пікір