Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 5201 14 пікір 15 Сәуір, 2022 сағат 11:42

Қазақстан СБЕР-ден толықтай бас тартты

Қазақстан билігі Ресейлік «СБЕР» компаниялар тобымен «Қазақстанның цифрлық транформациясы» туралы келісім жасаудан бас тартты. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, иновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеген.

ҚР Цифрлық даму, иновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің айтуынша, министрлік электрондық Үкіметтің қазақстандық платформасын 2-3 жылдың ішінде өздері жасап шықпақ.

Айта кетейік, осыған дейін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша ресейлік Сбербанкпен келісімге қол қою мәселесі Цифрлық даму министрлігінің күн тәртібінде тұрған жоқ», - деп мәлімдеген еді.

Былтыр 3 қыркүйекте Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Асқар Мамин мен Сбербанк басшысы Герман Греф Қазақстанды цифрландыру жобалары, цирфландырудың платформалық үлгісіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісімге қол қоюға екі ел Президенттері де қатысты. Жоба 5 жылға жоспарланып, құны – 500 миллион доллар болатыны айтылды.

Бұл жаңалық қоғамда қызу талқыға түсті. Үкімет тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілмей, халықтың ойын сан-саққа жүгіртті.

Көпшілік өзінің цифрлық қауіпсіздігіне алаңдады. Қазақстанды цифрландыру жобасына неліктен Ресей таңдалып алынды деген сұрақ көпшіліктің көкейінде болды. Көп ұзамай цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сберді серіктес ретінде таңдауды компанияның бастапқы кодтарды беруге келіскендігімен түсіндірді, сондай-ақ деректер базасы Қазақстан аумағында орналасатынын және Ресейлік мамандардың оларға қол жеткізе алмайтынын айтты.

«Қазақстанда «Сбер» сияқты ауқымды платформа жоқ екенін алға тартып, Ресейден дайын платформаны сатып алған тиімді» екенін жеткізді.

«Бұл шешімге келмес бұрын біз жан-жақты зерттеу жүргіздік. Әсіресе, пандемия басталғалы бері қай елдің қандай платформаны қолданатынын зерттедік. Рас, мұндай технологиялар Google, Amazon, Facebook секілді алпауыт компанияларда бар. Алайда, олар өздері қолданып жатқан технологияны ешкімге бермейді. Қыруар қаражатқа сатып алғанның өзінде де ашық кодтарын ұсынбайды. Ашық код біздің бағдарламашылар үшін платформаны әрі қарай жетілдіріп, дамыту, техникалық қызмет көрсету және сүйемелдеу үшін ауадай қажет. Егер платформаны ашық кодсыз алатын болсақ, біз олардың бизнес модельдеріне бағынышты болып қаламыз. Оның үстіне әрбір жаңарту, жетілдіру үшін біз тағы да қосымша ақша төлеуге мәжбүр болар едік. Ал «Сбер» компаниясы бізге бәрін қолжетімді етіп, платформаның барлық компоненттерінің бастапқы кодтарын көрсетеді және Қазақстандағы серверлерге орналастырады. Келісім осындай», - деп пікір білдірген.

Ал, сол кездегі Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Қазақстан үшін «Сбербанк» платформасы цифрлық трансформацияда жеке деректерді қорғау жағынан ең тиімдісі», - деген болатын.

Қазақстандық IT мамандарының пікірі, халықтың сыны еленбестен қабылданған бұл шешімге байланысты жұмыстар 2022 жылдың басында басталады деп болжам жасалған. Алайда, Ресейдің Украинаға басып кіргенінен бастап Сбербанк санкциялар астында қалды. Еуропадағы жұмысын тоқтатты.

Abai.kz

14 пікір