Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4279 0 пікір 25 Қазан, 2012 сағат 10:55

Зейнолла Сәнік: "Мо Янь қытайды «қорлағаны» үшін марапатталды"

«Қызыл гаоляң» сынға ұшыраған шығарма

Қытай ұлтының ішінде Нобель сыйлығын алғандар көп. Бірақ оның бәрі америкалық қытайлар болатын. Сондай-ақ бұл әлемдік сыйлықты алғандар негізінен жаратылыстану ғылымының мамандары болатын. Ал әдебиеттегі еңбегі үшін бұл сыйлыққа Мо Янь тұңғыш рет жетіп отыр. Мо Янь - Қытайдағы мықты жазушының бірі, сондай-ақ бүкіл қытай қаламгерлері оны мойындайды. Оның басқа қытай жазушыларынан ерекшелігі, біріншіден, махаббат тақырыбына көбірек қалам тербейді. Екіншіден, нақты өмірді: дихандар тіршілігін, халық тұрмысын жазады. Нобель сыйлығын алған кітабы «Қызыл гаоляң» деп аталады. Мұнда дихандар өмірі шынайы баяндалған. Жалпы романның өзегі - Қытай еліндегі қарапайым халық тұрмысы, бұрын-соңғы жүргізілген қытайдың қызыл саясаты - бәрі толық қамтылған...

«Қызыл гаоляң» сынға ұшыраған шығарма

Қытай ұлтының ішінде Нобель сыйлығын алғандар көп. Бірақ оның бәрі америкалық қытайлар болатын. Сондай-ақ бұл әлемдік сыйлықты алғандар негізінен жаратылыстану ғылымының мамандары болатын. Ал әдебиеттегі еңбегі үшін бұл сыйлыққа Мо Янь тұңғыш рет жетіп отыр. Мо Янь - Қытайдағы мықты жазушының бірі, сондай-ақ бүкіл қытай қаламгерлері оны мойындайды. Оның басқа қытай жазушыларынан ерекшелігі, біріншіден, махаббат тақырыбына көбірек қалам тербейді. Екіншіден, нақты өмірді: дихандар тіршілігін, халық тұрмысын жазады. Нобель сыйлығын алған кітабы «Қызыл гаоляң» деп аталады. Мұнда дихандар өмірі шынайы баяндалған. Жалпы романның өзегі - Қытай еліндегі қарапайым халық тұрмысы, бұрын-соңғы жүргізілген қытайдың қызыл саясаты - бәрі толық қамтылған...

Бір сөзбен айтқанда, қытай сыншылары Мо Яньның «Нобель» сыйлығына лайықты болуын оның шыншыл жазушылығымен түсіндіреді. Өйткені Қытайда ежелден ел ішіндегі іс, ішкі саясат құпия сақталады. Мәселен, қайсыбір жылы «Таң Сәндегі» жер сілкінісінен 5 адам өлді деп жариялады. Ал шынтуайтына келгенде 270 мың халық апатқа ұшырапты. Осындай мәселелер бұған дейін айтылмай, жабық ұсталып келген болатын. Ал қазір ашық айтыла бастады. «Қызыл гаоляң» қытайда бұған дейін сынға ұшырап «қытайларды қорлады» деп айыпталған-ды. Мәселен, романда қытайлардың арақ ашытудағы жабайы әдісі жазылады. Яғни олар арақ ашытарда, алдымен құмыраның түбіне бір адам кіші дәретке отырады екен. Дәретпен ашыған арақ дәмді болады-мыс. Шығарма осы сияқты қытайлардың жабайы, надан тірлігін жазғаны үшін дүниежүзілік сыйлық алды деп ойлаймын. Әйтпесе, озып тұрған түгі жоқ.

 

Қытай әдебиеті үшін тарихи тақырып таңсық

Қытай әдебиетінің деңгейі кейінгі жылдары дами бастады. Нақтырақ айтсам, екі түрлі бағытта дамып отыр. Біріншісі, еліктеуден туған әдебиет. Яғни орыс әдебиетіне, батыс әдебиетіне еліктеушілік басым. Мәселен, Горкийдің «Ана» деген романы бар ғой. Қытайларда да «Ана» деген роман шықты.

Екіншісі, жасампаздық әдебиет. Бұл бағытта тарихи тақырыптар қамтылған. Мәселен, бүкіл Қытай әдебиетінің аңсары ауып отырған тақырып - Шыңжаң тарихы. Өйткені қытайлар Шыңжаңды батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысқан жері деп есептейді. Сондықтан осы өңірдің жер астындағы мыңдаған жылдық бай тарихын әдебиетке әкелгілері келеді. «Құм астындағы қала», «Құм астындағы адам» деген сияқты тақырыптар олар үшін тосын, оқырмандарға да қызықты.

«Құм» деп Тарым құмын айтып отырмын. Тарым кәдімгі Такла-Макан шөлі ғой. Такла-Макан деген атауды ұйғырлар - «Тәтті Макан» деп түсіндіреді, яғни Тарым құмының астында «Тәтті мекен» болған деп болжайды.

Қытай әдебиеті үшін ғана емес, тарихы үшін де батыс, яғни Шыңжаңдағы жер асты тарихы құнды жәдігер саналады. Мәселен, Үрімжі қаласының маңындағы «Жемсары» ауданының астынан жер асты орман белдеуі табылды. Сондай-ақ Азия көлемінде ең үлкен диназаврдың тасқа айналған сүйегі де осы өңірден қазып алынды. Ал «Жемсары» ауданы - ежелгі түркілердің, ғұндардың астанасы болған, оны Бесбалық деп атаған. Бесбалық - Бесшаһар деген сөз. Бейжіңді де «Ұлубалық» деп атаған ғой.

Түркі заманында Шыңжаңның көп жерінде тарихи қала болған. Айталық, қазірдің өзінде Құмылда «Аратүрік» деген жер бар. Жазушы-тарихшы Нығымет Мыңжан ағамыз: «Аратүрік» дегеніміз - Батыс Түрік пен Шығыс Түріктің арасындағы жер», - дейтін. Тарихи деректерге сүйенсек, осы маңда біздің заманымыздан бұрынғы Х ғасыр мен біздің заманымыздың Х ғасыры аралығындағы жиырма ғасыр бойы түркілер мен қытайлар қоянқолтық өмір сүрген. Ол заманда түркі халықтары Ұлы қорғанның сыртында, қытайлар ішінде болады. Сол себепті бұл екі халық жиырма ғасыр бойы бірде Қорғанның ішінде, бірде сыртында соғысып, бірін-бірі ала алмай келген. Алайда түркілерде береке-бірлік болмайды, жеңілген түркілер Қытай патшасының қолтығын паналап, бірте-бірте жалпы түркі мемлекеті ыдырай бастайды. Сөйтіп бір кездері Сарыөзен маңын, Қытай қорғанының айналасын паналаған түркі халықтары Шыңжаңға, одан бері Жетісуға шейін ығысқан. Ал батыс жағымыздағы Тоқтамысхан да берекелі болмады ғой, оны орыстар ығыстырады. Ең соңында Еуропа мен Азияның ортасын жайлаған Ұлы Түркі халқы азайып, жері тарылып бүгінгі күйге түскен. Сондықтан да біздің түркі халықтарының көптеген тарихи жазбалары, мұрағаты Қытай жазбаларында, мұрағаттарында жатыр. Мәселен, Қытайда «Батыс өңірдегі ақын-жырлар» деген кітап шықты. Сол кітапта 70-80 түркі ақынының өлеңі жарияланды. Кітап «Хан ана» деген жырдан басталады, қытайлар оны «Батыс патшаларының анасы» деп айтады. Ал Нығымет Мыңжан ағамыз мұны «Сақ ана» деп алыңдар деген.

Туған жердің жусаны

Қытайдың қазіргі оқырмандары қазақ әдебиетіндегі құрт-құмырсқа, ит-құс сияқты жан-жануарлар тақырыбына қатты қазығады. Өйткені олар үшін бұл тақырып таңсық қой. Менің «Ауыл сағынышы» деген әңгімем қытай тіліне аударылып «Алтын орденмен» сыйланды. Онда Түркияға қашып барған төрт шалдың өмірі баяндалады. Олар туған жерден бір уыс топырақ, екі тал жусан алдырады. Сөйтіп топырақты иіскеп, екі тал жусанды бөліп жеп қояды төртеуі. Осы шығармам қытай әдебиетшілерінің де, қарапайым оқырмандардың да жақсы бағасын алды. Қытай әдебиеті үшін дала мәдениеті, өздеріне таңсық тақырып керек.

 

Күң Фуз түркі тұқымынан тараған

1935 жылы Бейжің мен Шаңхайда шығатын екі әдеби журналда Ли Бай, Бәй Жүй (арғы тегі Қаңлы), Шүй Могуаң деген ақындардың арғы тегі түркі деп жарияланды, яғни осы ақындар түркі текті қытай ақындары деп айтылды. Бұл жазба 1960 жылы Шаңхайда шығатын «Әдебиет» газетінде таласқа түседі, қытай әдебиетшілері Ли Байды түркі текті ақын дап таныды. Бірақ халықтың наразылығын басу үшін қытай үкіметі бұл мәселеге Гомороны араластырады, ол: «Егер Ли Бай түркі тұқымы болса, онда біз бүкіл Қытай әдебиетінен айырылып қаламыз», - деп мәселені жауып тастайды.

Соңғы жылдардағы зерттеулерге қарағанда, қытай әдебиетінің озық қаламгері Бай Жүй Шыңжаңның Күшәл, Корла өңірінде дүниеге келені анықталған. Ал бұл өңірде ежелгі Қаңлылар өмір сүреді. Бай Жүйдің «Қаңлы қызына», «Пипа» деген музыка аспапқа арнаған өлеңі бар...

Қазір Қытайда тарих ашық жазылып, ашық айтыла бастады. Ашық қоғам орнай бастады. Осының нәтижесінде, қытай мәдениетінің тең жартысы түркі халықтарынан сіңген деп айтылуда. Әуелі осы күні қытай идеологиясының атасы Күң Фузының арғы тегі түркі дегенге дейін барды. Өйткені оның жазбаларының дені түркі ғұламаларының ойына сәйкес келеді. Күң Фузыны мен де аудардым. Сонда түсінгенім, оның ойы арғы замандағы әл Фарабидің, мұндағы Абайдың ақылияларына ұқсас келеді екен.

Қорытып айтқанда, қытай мұрағаттарында арғы тегіміз, түркі тарихы саф алтындай сақталған, бізге соны зерттеу керек. Өйткені ол біздің кім екенімізді білдіреді, тегімізді танытады. Менің бір қайран қалатыным, арап, парсы тілінде жазылған, немесе орыс тілінде жазылған қазақ тарихына қатысты дерек болса жоғалғанымыз табылғандай қуанамыз. Ал қытай тіліндегі дүниеге келгенде көкжелкеміз тартып қалады. Мұндай әдетпен қалай саналы ұлт, озық ел болмақпыз?..

2009 жылы «Қазақтың қысқаша тарихы» деген кітап жаздым. Бұл кітап тарихшы ағамыз Нығымет Мыңжан зерттеген еңбектен де толығырақ. Қазақстан тарихшылары зерттеген дүниелерден кемелді болды деп айта аламын. Өйткені мұның ішінде қытай жазбаларынан алынған тың дүние бар.

 

Түркі текті Шыңғысхан

Шыңғысханды зерттегеніме бірнеше жыл болды. 2000 жылы Шыңғысханның өгей әкесі «Тұғырыл хан» туралы тарихи кітап жаздым. Тұғырыл хан Шыңғысханды адам қылған, тәрбиелеген адам. Бұдан айтпағым мынау: моңғолдар патшаларын «қонтайшы» деп атайды. Ал түркі халықтары патшаларын «хан» деп атайды. Сондықтан Шыңғыстың «қонтайшы» болмай, «хан» аталуында сыр бар деп ойлаймын. Бұл - бір.

Екінші, Шыңғысхан 40 мың қияттың ұрпағы деп айтылады. Сонда қият кім? Монғолда ондай тайпа жоқ. Қияттың қазіргі ұрпағының кім екенін зерттеуіміз керек. Меніңше, қияттың қазіргі тұқымдары қазақтың ішіндегі бір ру болуы әдбен мүмкін. Бұл туралы нақты дерегім бар.

Үшінші, Шыңғысханның негізгі санаттағы 4 әйелі болған. Бәрі моңғол емес, түркі халқының қыздары. Ал балаларына да әйелді түркі халқынан алып берген. Бұл оның түркі екенін айғақтамай ма?

Төртінші, Шыңғысханның тоғыз өрлігі(уәзірі) болады, бәрі түркі халқынан. Бесінші, «Моңғолдардың құпия шежіресін» моңғолдар жазбаған деген сөз бар, мұны маған Үрімжідегі моңғолдың тарихшылары, жазушылары айтты. «Құпия шежірені» Шыңғысханның хатшысы «Найман Тәтет Оңға» жазған болуы керек. Тәтет Оңға деген кім? Шымкенттіктер мен жамбылдықтар ағаны «тәте» деп шақырады екен. Тәте қазақ сөзі болса, демек, Тәтет Оңға түркі тұқымы.

Алтыншы, «Құпия шежіреде» монғолдардың өздері түсінбейтін 700-ге жуық сөз бар екен. Моңғол ғалымдары сол 700 сөздің дерліктей қазақша екенін айтады. «Құпия шежіреде» «сойып сал», «мұрындық» деген сөздер бар, оны моңғолдар таба алмапты. Ал бізде бар ғой бұл екі сөз де.

Жетінші, Шыңғысханның хандық басқару жүйесі Найман ханының тактикасына ұқсас болған.

Сегізінші, Шыңғысханды жорыққа дайындап, алдын-ала соғысқа болжау айтатын Керей Көкше Әулие мен Найман Бұқа болыпты. Екеуі де моңғол тұқымынан емес.

Жалпы, Шыңғысхан төңірегіндегі әңгіменің дені қазақпен байланысты болған, соған қарап бұл мәселені әлі де зерттей түсуіміз керек деп ойлаймын.

 

Қытай мұрағаттарында қорымыз көп

Қытайдың «Таң» патшалығы мен «Сүй» патшалығын бес ғасыр бойы түркілер билейді. Шыңғысханның өзі қытайларды бір ғасырдан артық басқарды. Одан кейін мәнжулер екі ғасыр билік жүргізеді. Сонда Қытайды он ғасырға жуық қытайлар емес, түркі текті, моңғол текті халық билеген. Сондықтан да қытай тарихына, әдебиетіне түркі мәдениеті әбден сіңісіп кеткен деуге болады. Осының бәрі зерттелуге тиісті тарих деп ойлаймын.

Бірнеше жылдық тарихи зерттеулеріме сүйеніп айтарым, қазақ тарихын орыс мұрағатынан іздегеннен гөрі, қытай жазбаларын ақтарған пайдалы болар еді деп ойлаймын. Өйткені салыстырмалы түрде айтсақ, біздің арғы, бергі тарихымыз негізінен қытайлармен байланысты ғой, орыспен қоңсылығымыз бергі жылдардағы әңгіме болып қалады. Орыс мұрағаттарындағы қазақ тарихы туралы деректерді ғалымдарымыз әлдеқашан сарқып болды, ал үлкен байлық қытай мұрағаттарында жатыр.

 

Ұлттық құндылыққа неге құлықсызбыз?

Қытайдағы қазіргі қазақ мәдениетінің арғы тегі атажұрттағы ағайынмен тығыз байланысты. Өйткені 1883 жылы орыс-қытай шакарасы белгіленгенде жарты қазақ Алтайдың арғы бетінде, жартысы бергі жағында қалдық. Одан кейінгі қуғын-сүргін жылдары арғы бетке бұл жақтан қазақтың қаймағы өтті. Біз сол зиялылардан білім алдық. Абайға бұл жақта тыйым салынып жатқан кезде, ол жақта біз кемеңгердің ақылияларын оқып өстік. Қытайда Байтұрсынұлының емілесімен ең алғаш оқулық жасаған Нұртаза үкірдай деген оқыған кісі біздің ауылда бала тәрбиелеген екен. Сонда Абайдың кітабының сыртына мынадай бір шумақ өлең жазыпты:

Қадірлі мұны жазған хәкім Абай,

Сырын біл, сыртын қарап деме қалай.

Көкірек көзбен ойласаң көмескісін,

Мағына бір сөзінен шығар талай.

Қазаққа өзі расул, сөзі парыз

Сөксең де, молдаке, жаздым солай - депті. Мұндағы айтпағым, біз осы жақтан барған қазақтың үлкен зиялыларынан білім алдық демекшімін...

Қытай қазақтарында қазақтың аңыз-жырларының толық нұсқасы сақталған, тіпті мұнда сақталмаған жырлар да бар. Мысалы, мұндағы ешкім естімеген «Үйсін ауған» деген дастан бар ел ішінде.

Қытайда қазақ жазушыларының жүзден астам романдары басылып шықты. Сондай-ақ әр ауданның аңыз-жырлары жинақталып жеке-жеке кітап болып жарық көрді. Бірақ осының бәрі Қазақстанда айтылмайды. Ал біздегі жаңалық сағат-минут сайын қытайдағы қазақтардың сайттарында жарияланып, мыңдаған оқырман оқиды. Қазақстан жазушыларының кітаптары бұл елде өмірі болмаған таралыммен таралып жатады...

Қытай қазақтары қолөнер: кестешілік, тігіншілік, ұсташылық сияқты салт-дәстүрімізді насихаттайтын өнерді өрістетіп отыр. Тіпті біздің елден ұлттық өнерімізді дамытуға көмек сұраса, біз үндемей отырамыз. Мысалы, қытай қазақтары қырғыздармен бірігіп «Манас жырын» Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Ал өз дүниемізге келгенде атажұрттағы ағайын қолын қусырғаннан басқа түк қылмайды. Әйтпесе, саф өнер ақындар айтысы тұр ғой. Біздің осы пейілсіздігіміздің салдарынан, қымыз ашыту өнерімізді немістер иеленіп кетті. Көкпар мен жылқы баптауды қырғыз әкетті. Төбет асырауды орыстар иеленді. Барыңнан айырылған қиын ғой.

 

Тарихи тақырыпқа дерек керек

1986 жылы Қытайда «Қаракерей Қабанбай» деген кітабым шықты. Ол негізінен ел ішіндегі аңызға құрылған-ды. Одан кейін қазақтың хас батыры туралы екінші, үшінші кітабымды жаздым. Осы соңғы екі кітабым дерек негізінде жазылған. Қабанбай батыр туралы Қабдеш Жұмаділов те «Дарабоз» деген роман жазды. Алайда кейбір жазушылар кейіпкеріміз Қабанбай батыр арқылы біздің арамызға от салып, шығармаларымызды қарама-қарсы қойғылары келеді. Ол дұрыс емес. Қабдеш көркемдік тұрғыда жазса, менікі деректі роман.

Деректі роман дегеннен шығады, Қытайда «Қабанбай шыңы» деген тау бар. Бұл туралы орыс мұрағаты не дейді, қытай жазбалары не жазды? Мен осыны зерттеп бір кітап жазып шықтым. Мұндағы айтпағым, Қазақстан жазушылары тарихи шығармаларын ел ішіндегі аңызға сүйеніп жазады, дерек-дәйегі аз. Терең емес. Ал тарихи тақырып үшін дерек пен дәйек, тереңдік ауадай қажет.

 

20 жыл айдауда болдым

Маоның 10 жылдық солақай саясаты тұсында көрмегенді көрдік. Отбасыммен он жыл Үрімжіде «қалпақ кидік», қалған он жыл жарыммен, үш баламмен «еңбекпен өзгерту алаңында» (айдауда-авт) болдық. Қиналғанда өлім туралы ойлаған кездеріміз де болды. 1955-62 жылдары ел атажұртқа көшкенде мен Үрімжіде болып, жұртта қалып қойдым ғой. Әйтпесе сол кезде-ақ кетіп қалар ма едім елге.

1962 жылы туыс-туғандарым Қазақстанға өтіп кеткен соң, арт жақта қалған бізге Қытай билігі білгенін қылды. Қалпақ кигізу, айдалуды айтпағанда, көшеге шығарып масқаралау, бетке қарап күйе жағу, жалған айып тағып қинау, «Совет үкіметінің жансызы» деген жала жабу жанымызға қатты батты. Менің ғана емес, сол заманда қытай билігі жүргізген солақай саясаттың салқыны қаншама қаракөзді отбасынан, бала-шағасынан айырды, өмірін өксітті. Қазіргі үкімет сол зұлмат жылдарды қанша жуып-шайғысы келгенімен, жүректегі жараның орны жазыла ма?

Қытай үкіметінің қырына іліккендер сол кезде үш түрлі дәрежеге бөлініп айыпталды. Бірінші дәрежелі «қылмыскерлер» түрмеге жабылды. Екінші сатыдағыларды Тарымға айдады. Үшінші таптағы жазаланушылар, бізді, ауыл-ауылдарға жіберіп, қара жұмысқа салды. Бұл - «еңбекпен өзгерту» деп аталды.

Мен отбасыммен Жың деген ауданның қиырындағы бір қыстақта қара жұмысқа жегілдім. Ауылдың есепшісі Сламхан деген жігіттің жақсылығын көп көрдік. Ол кісі әнші Әділ Сламханның әкесі. Баласын көрген сайын әкесінің жақсылығы үшін маңдайынан сүйіп, рақметімді айтқым келеді де тұрады. Біз бас-аяғы жиырма жылғы қудалаудан, айыпталудан соң құлан-таза ақталдық. Жұмысымыз, бұрынғы ғылми атағымыз, еңбекақымыздың бәрі қалпына келді. Он жыл бойы ауылда жүріп көнекөздерден естіген, көрген дүниемізді шығармашылығымызда пайдаландық.

Мен сияқты жала жабылған қаншама білікті, білімді азаматтар опат болды десеңізші. Осы күні сол есіл ерлерді еске алсам, қабырғам қайысады. Мысалы, Тарым құмында айдауда жүріп өлген ақын Тоқтархан Жекібаев қандай азамат еді! Қажығұмар Шабданұлы, Оразхан Ахметов сияқты қазақ әдебиетінің қара нардай жазушылары сол Тарымда тозды. Тарымдағы жылдарынан Қажығұмар ағамыз талай естелік айтатын. «Тарым ыстық жер. Қара жұмысқа жегілген адам ыстықтан ісініп кетеді екен. Қой да бағатынбыз. Бір күні өлген қойдың терісіне ісінген жігіттерді салып, қатқан теріні қайнатып сорпа ішкен күндеріміз де болды. Тіпті кейде ашыққанда тышқанның інін қазып, ізін қуып жүріп бидай, тары тауып жеп жан шақырған кездерім болған», - деп естелік айтатын Қажекең.

Қазір үш қыз, бір ұл өсіріп отырмын. Бір қызым тұрмысқа шығып, қытай жерінде қалды. Екі қызым мен ұлым осы Алматыда тұрады. Ұлдан да, қыздан да немере-жиен сүйдік. Жолдасым Шәмшабану бір жоғары оқу орынның профессоры, ақын. Екеуіміз де зейнетке шығып, осында - Алматыда тұрып жатқан жайымыз бар.

Жазып алған -

Жарас КЕМЕЛЖАН

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594