Сенбі, 20 Сәуір 2024
Арылу 4379 26 пікір 12 Сәуір, 2022 сағат 11:21

Петиция: Петропавл қашан Қызылжар болады?

Egov.press сайтына «Қазақстан халқы Петропавл қаласының атын өзгертуді талап етеді» деген петиция жарияланған болатын. Ақпанның жетісінде сайтқа салынған петицияның мақсаты 100 мыңнан аса қол жинау және аталған мәселені ҚР Президентінің қарауына жіберу.

Петицияның мазмұны мынадай:

«Қазақстан халқы Петропавл қаласының атауын өзгертуді талап етеді. Біз, Қазақстанның тағдырына бей-жай қарай алмайтын халық, Қазақстан Республикасының барлық қаласының қазақша аталғанын талап етеміз. Өзіңізді елдің патриотымын десеңіз петицияға қол қойыңыз. Жаңалық тарататын жерлерге осы петиция туралы айтыңыздар. Тек солай ғана біз қоғамдық резонанс туғызып, осы мәселеге биліктің назарын аудара аламыз», - дейді.

Бүгінде барлығы 40 мыңнан аса қол жиналыпты. Қол қоюшылардың 26 мыңға жуығы аталған бастаманы қолдайтындықтарын білдірсе, тағы 14 мыңнан астамы қарсы дауыс берген екен.

Орыстың қос әулиесі Петр мен Павлдың атын алған солтүстіктегі қазақ қаласының Қызылжар деген тарихи атауы бар. Қазақстан Тәуелсіздік алғанына отыз жалдан асса да отарлықтың белгісіндей болған Петропавл атауы әлі өзгермеді. Бұл туралы Abai.kz сайтында жыл сайын жазып келеміз. Мәселенің көтеріліп келе жатқанына 10 жылдан асып кетті. Ата заңымызға қайшы екені де айтылды. Еліміздің солтүстік қалаларының атауы Ресейдің кейбір шовинист, пропогандашыларының «өзімсініп» сөйлеуіне жақсы себеп болды. Талай дәлел-дәйек келтірілсе де, жазылып-айтылса да ежелгі қала өз атын ала алмай келеді.

Петропавлды қазақ бұрыннан-ақ, «Қызылжар» деп атаған. Бұл тарихи тұрғыдан дәлелденген фактілер. Талас жоқ. Алайда, қалаға тарихи атауын қайтару оңай шаруа болмай тұр. Қала аты түгіл, кішігірім көше атауын ауыстыру үшін де әркімнің қас-қабағына қарайлап жүретін қазақ билігі бұл мәселеде мүлде жалтақойлық танытып отыр.

Ал былтыр Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың өзі: «Бұл мәселе әлі күн тәртібінде тұрған жоқ, Тек әр жерде талқыланып жатқан тақырып. Мен көпшіліктің ұстанымын қолдаймын. Көшенің атын өзгертуді бір адам шешпейді, оны қоғам шешеді», - деген еді.

Енді сол қоғамның сергек саналы азаматтары арнайы петиция жариялап, Петропавл атауын өзгертуді сұрап отыр. Аладай, бұл жолы да аталған бастамаға қарсы шығушылар табылып жатыр екен.  Ал біздің пікір анық! Орыс апостолдарының атындағы қалаға Қызылжар атауын қайтару тарихи әділдік!

Айжан Темірхан

Abai.kz

26 пікір