Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3605 0 пікір 24 Қазан, 2012 сағат 05:58

Айдынбек Қарақұл: «Қазақтың құсбегілік өнерін өз ортамызда жандандырсам деп едім»

Кеңес одағы ыдырап, темір тор шекарасы сөгіліп, жабық есігі ашылысымен-ақ, Монғолияға ағылған әлем туристері арқылы Монғолияда саны 400-ге жақын қазақ бүркітшілерінің суреті әлем ғаламторынан түспейтін ең қызықты тақырыпқа айналды.Әр ел ондағы қазақ құсбегілері жайлы деректі фильм жасап, фото кітап шығарып мәре-сәре.Темірді қызған кезде соқ дегендей, Баян-Өлгей азаматтары Казбек, Медеухан, Еділхандар 13 жыл бұрын Монғолия құсбегілерінің басын қосып, «Бүркіт тойы» аталған жарыс ұйымдастырысымен-ақ жыл сайын қызығушылық артып, жалғасын тауып келеді. Әлем елдерінен туристер арнайы барып көру үшін бір жыл бұрын тілек білдіретін болды. Баян-Өлгейліктер мұнымен шектелмеді. Баян-Өлгейден туып шыққан танымал саясаткер, елші Сайран Қадырұлы Баян-Өлгейдегі бүркітшілерді бүркітімен бірге 1600 шақырым қашықтықтағы Монғол астанасы - Ұланбатырға жеткізіп, сондағы қала жұртшылығына қазақтың құсбегілік өнерін паш етсе,бұл істі туризм компаниялары іліп әкетіп жалғасын табуда. Сайран Қадырұлы Баян-Өлгейлік бүркітшілерді бүркітімен қоса Сауд Арабиясына апарып, Араб шейхтеріне қазақтың құсбегілік өнерін көрсетті. Фотограф Жанарбек құсбегілер фото альбомын дайындауда. А.Атай бастаған іскер ағалар садақ жебесін істер елдерге бүркіт түлегендегі түскен қауырсынын сатып, бүркітшілердің бүркітіне азық алып берер тиын-тебеніне септігін тигізіп жүр.

Кеңес одағы ыдырап, темір тор шекарасы сөгіліп, жабық есігі ашылысымен-ақ, Монғолияға ағылған әлем туристері арқылы Монғолияда саны 400-ге жақын қазақ бүркітшілерінің суреті әлем ғаламторынан түспейтін ең қызықты тақырыпқа айналды.Әр ел ондағы қазақ құсбегілері жайлы деректі фильм жасап, фото кітап шығарып мәре-сәре.Темірді қызған кезде соқ дегендей, Баян-Өлгей азаматтары Казбек, Медеухан, Еділхандар 13 жыл бұрын Монғолия құсбегілерінің басын қосып, «Бүркіт тойы» аталған жарыс ұйымдастырысымен-ақ жыл сайын қызығушылық артып, жалғасын тауып келеді. Әлем елдерінен туристер арнайы барып көру үшін бір жыл бұрын тілек білдіретін болды. Баян-Өлгейліктер мұнымен шектелмеді. Баян-Өлгейден туып шыққан танымал саясаткер, елші Сайран Қадырұлы Баян-Өлгейдегі бүркітшілерді бүркітімен бірге 1600 шақырым қашықтықтағы Монғол астанасы - Ұланбатырға жеткізіп, сондағы қала жұртшылығына қазақтың құсбегілік өнерін паш етсе,бұл істі туризм компаниялары іліп әкетіп жалғасын табуда. Сайран Қадырұлы Баян-Өлгейлік бүркітшілерді бүркітімен қоса Сауд Арабиясына апарып, Араб шейхтеріне қазақтың құсбегілік өнерін көрсетті. Фотограф Жанарбек құсбегілер фото альбомын дайындауда. А.Атай бастаған іскер ағалар садақ жебесін істер елдерге бүркіт түлегендегі түскен қауырсынын сатып, бүркітшілердің бүркітіне азық алып берер тиын-тебеніне септігін тигізіп жүр. Баян-Өлгейдің билікке жақын әр қаракөзі өз шамаларынша қаржы және рухани жағынан аянбай құсбегілерге көмектесіп те келеді.

Баян-Өлгейде 2012 жылғы 5-6 қазанда 13-ші рет өткізген «Бүркіт тойына» арнайы ат терлетіп келген Қытайдың Шіңгіл ауданы Шағанғол ауылынай  бастығы Айдын Қарақұл және осы ауылдың Бүркітшілер одағының бастығы  Құрымбек Тоқтаубайұлымен жасаған сұхбатымды назарларыңызға ұсынамын.

- Айдынбек, Қытайдағы қазақтарға алғаш рет сондағы бүркітшілердің басын қосып бір той жасап жіберді деп естіп жатырмыз. Жай-жапсарын айтып өтсеңіз, мұндай игі бастамаға не мұрындық болды?

Қытайдағы қазақ телеарна журналистері Монғолиядағы қазақтар мекен еткен Баян-Өлгейдегі қазақтың құсбегілері жайлы түсірген түсірілімдерін біздің жаққа неше қайтара телеарнада хабарын таратты және сіздер жақтағы осы бүркіт тойы дүбірін де естіп жүретінмін.

Маған осылар әсер етті. Жан-жақты сараптай келе, ешкімді шақырмай, тек ауылымыздағы бүркітшілердің басын қосып, алғашқы іс-шарамызды 2011 жылы қарашада өткіздік. Шағындау жасаған себебім - көптің көңілінен шықпай қала ма, қазақта «Біткен іске сыншы көп» - деген ел сөгісіне қалмайын деген де сақтық әрі жауапкершілік те бар еді.

- Сондағы халық алғашқы іс-шараңызды қалай қабылдады?

Бір ауылда ғана өткен осы шарамыз бүкіл Қытайдағы қазаққа әсер еткені сонша, мен қайда барсам сол жердің қазақтары «Мені неге шақырмадың?» - деп ренжігендер көп болды. «Келер жолы мені қалдырма» - деп ескерткендері де көп. Бұған қарап, қазақтың осы бір өнерін жандандырып ұйымдастырып жіберу өте керек екен деп ойладым.

- Енді қытайда өмір сүріп жатырсыңдар, биліктегілер қалай қабылдады?

Шіңгіл аудан әкімі Марлан Жақсыхан өте ұлтжанды азамат. Ол бізді қолдап қолпаштап, «бұдан әрі ұлттық өнерді кемелдендіріңдер, қолдарыңнан келетіннің бәрін жасаңдар, өз тарапымнан қандай көмек керек екенін айтыңдар», - деп ақтарылды. Міне, сол Марлан әкімнің қолдап қолпаштауының арқасында біз еш бөгетсіз осы Бүркіт тойларыңды келіп тамашалап жатырмыз. Былтыр да келіп көзайым болып кеткен едік.

- Бірнеше жыл келіп көріп жүр екенсіздер, қандай әсер алдыңыз?

Монғолиядағы қазақтар бүркіт тойын жасап жүргелі 13 жыл болыпты. Ол аз емес. Байқадым - шет елдерден фотоаппаратын қолына ұстап алған туристер арнайы көп келеді екен. Сіздер оларды қызықтырып әкеліп тамашалатып қойдыратын дәрежеге жеткізу - ол ұйымдастырудың жақсы жолға қойылғанының дәлелі. Ал қатысып жатқан құсбегілердің ішінде жастар да, аға буын да жүр. Тіпті үлкен ақсақалдар да жастардан қалыспай өнер көрсетіп жатыр. Әр құсбегінің  қанжығасында қажет жабдықтарының бәрі бар. Бәрінің үстіндегі қазақтың көне пұшпақ тымағына үкі тағып киген үстінде әр түрлі оюлы шапаны, күміс белбеуі, кестелі шалбары, саптамалы етігі, қолда қамшысы бар. Керемет қазақылық жарасым тапқан. Мұндағы іскер қыз-келіншектер әркім өзінше қазақтың кестелі қол өнерін пайдаланып қол кәде бұйымдарымен шағын саудасын қыздырып жатыр. Оның сыртында қазақтың ақ боз үйін тігіп әр түрлі тағамдарымен даяшылық істеу мүмкіндіктерін де жақсы қарастырған екен. Қазақтың ат ұлттық ойындары  Қыз қуу,Тенге алу,Көкпарды да осы тойда сайыстырып, тойдың даңқын асырып жатыр.

- Алда қандай ойыңыз бар? Қытай қазағына осындай тамаша бір той жасап бере аласыз ба?

Бұл жерге келіп жатқаным да - сіз айтқан ойдың жетегі ғой. Сіздердегі тойды  зерттеп көріп үйреніп жатырмын. Енді Алла қаласа, біздің жақтағы қазақтар ақырындап бұл іс-шараны жасайтын боламыз. Әлем қазақтары қазақтың құсбегілік өнерін заманауи үлгіде дамытуымыз керек.

- Баян-Өлгейдегі ұлтжанды ағалар осы бүркіт тойын ел көлемінен асырып бір жағы ортамызға қазақы дәстүр-салтты насихаттап жатыр. Ал сіздерде осындай шарадан не бар айтарлықтай?

Бізде ақындар айтысын жақсы жолға қойылған.Осы айтысымыз басталарда ең басында шеру жасаймыз Онда сіздердегідей қазақтың салт-дәстүрін шеру ретінде көрсетеміз. Енді осы бүркіт тойын бір жолға қойып алсақ, әлі де дамытып кемелдендіру болады деп  жоспарлаймын.

- Жақсы, рахмет! Менің блогшы екенімді басында айттым бұл әңгімені  ғаламторға жариялаймын қазақ елінің азаматтары да оқысын. Қазақ еліне не айтқыңыз келеді?

Енді дұрыс түсініңіздер, мынандай салыстыру айтайын.Бұл той Монғолда емес, Қазақстанда да өтсе, тамаша болар еді. Қазақ елі әлемде шашырап жүрген құсбегілердің басын қосып, бір тамаша той жасаса, біз барып шат-шадыманға бөленіп жатсақ керемет еді. Әттең олай болмай жүр ғой. Қазақ елі қазақ рухын көтерер бір іс жасап жатса, біз соған қарап шаттанамыз. Қазақ еліне қарап, қазақылығымызды жөндейміз. Біз алыста жүрсек те сіздерді еш ойымыздан шығармаймыз. «Мәртебелеріңіз биік болсын, Қазақ елі!» дегім келеді.

- Сіздің тілекті біз де тілейік. Қазақ елінде де мықты ұлтжанды азаматтар көбейіп келеді. Мысалы сіздердің ой арман мақсаттарыңызды Ерлан Қарин атты өте ұлтжанды досыма жеткізетін боламын. Сіздерді қолдап қолпаштап жүрген өздеріңіздегі Марлан әкімге бізден сәлем жолдаңыздар. Қытайдағы барлық қандастарға жалынды сәлем жолдаймын. Әрқашан амандықтарыңызды тілеймін.

Сәлемет болсын,айтып барам аманатыңызды.

Рахмет қайда жүрсеңіз аман жүріңіздер!

***

Сондай-ақ біз Шағанқол аулының бүркітшілер ұйымының бастығы Құрымбек Тоқтаубайұлымен сұхбаттасқан едік. Қытайдағы қазақтар құсбегілік өнерді дамыту үшін бей ресми ұйым құрып, әзірше бастығына тағайындаған екен. «Алда ресми түрде одақ ұйым құрып жұмыс істейміз», - дейді Құрманбек Тоқтаубайұлы.

- Құрымбек аға былтыр өткізген бүркітшілер тойына қанша бүркітші қатысты?

Өз ауылымыздан 14 бүркітші қатысты. Басқаларын шақырған жоқпыз. Бірақ осы іс-шарамыз аудан көлемін қопара елең еткізді.Талайға ой салдық, көптің үмітін жандырдық-ау. Енді осы іс-шарамызды үлкенірек қылып ұйымдастырудың жолын қарастырудамыз.

- Не кедергі бар деп ойлайсыз?

Қытай заңы бойынша, әрбір құс - Қытай байлығы. Оларды қорғау заңы бойынша қытайдағы қазақ құсбегілер бүркітін заңсыз ұстап отырған болады. Қазір бізде басты мақсат - осындағы қазақтардың қолындағы бүркітін заңдастыруымыз керек. Содан барып біз оларды үлкен іс-шараға қорғаламай шақырып осындай үлкен іс ұйымдастыра аламыз.

- Жалпы Қытайда қанша бүркітшілері бар деп ойлайсыз?

Енді жоғарыда айттым ғой, біз олардың қолындағы бүркітті заңдастырған соң  барып нақты саны белгілі болады. Мен өмір сүретін Шіңгіл ауданы бойынша 40-қа жуық құсбегі бар деп жорамалдаймын.

- Қытайдағы қазақ құсбегілер арасында аға буын көп пе жас буын көп пе? Олардың құсбегілік өнерге деген танымдылығы қалай?

Аға буын да, жастар да көп. Бірақ жастардың көбі бүркітшіліктің қыр-сыры жайлы керемет біліп отыр деп айта алмаймын. Құсбегілік жайлы бір-бірінен ұғыну үшін осындай іс-шара қажет.

- Бұл жақтан алған әсеріңізді айта кетсеңіз.

Мұнда қазақылығымыз жақсы дамыған. Бәрі жарасып тұр. Тіпті ұйымдастырып жатқан төрешілер де өздері ұлттық киім киген. Мұнда тек шынайы қазақия,маған ұнады. Біздің де іздеп келген мақсатымыз осы Бүркітшілер тойын Қытайдағы қандастар ортасында жандандырсақ деп атсалысып жатырмыз. Нәтижесін алда көресіздер.

Істеріңізге сәттілік тілеймін. Қайда жүрсеңіздер аман жүріңіздер.

Рахмет!

Әңгімелескен - Жанарбек Ақыбиұлы, «Көкбөрі» блогының авторы

«Abai.kz»

1 - cуретте - (оңнан солға қарай) Құрымбек Тоқтабайұлы, Жанарбек Ақыби, Айдын Қарақұл

2 -суретте - Айдын Қарақұл

3 - Құрымбек Тоқтабайұлы

0 пікір