Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5818 0 пікір 23 Қазан, 2012 сағат 19:38

Шетел қазақтарының әдебиеті мен өнері

Қазір әлемнің қырықтан астам мемлекетінде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Олар шетелдердегі аз этникалық топ бол­ғандығына қарамастан әрдайым өздерінің атамекені Қазақстанмен рухани-мәдени және шаруашылық байланыста болуға тырысады.

Қазір әлемнің қырықтан астам мемлекетінде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Олар шетелдердегі аз этникалық топ бол­ғандығына қарамастан әрдайым өздерінің атамекені Қазақстанмен рухани-мәдени және шаруашылық байланыста болуға тырысады.

Олардың тарихи Отанмен тығыз байланыста болуын қамтамасыз ету үшін 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының рөлі ерекше. Бұл беделді халықаралық ұйым осыған дейін дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайын өткізіп, қазақ халқының тағдыры, тілі, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды біртұтас Қазақстан мемлекетіне оралтудың құқықтық негіздері сияқты көкейтесті мәселелерін талқылады. 2011 жылдың 25 мамырында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қа­зақтарының IV құрылтайында Елбасы, Қауымдастық төрағасы Н.Назарбаев «Қазақстан - дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы» атты баян­дамасында: «Қазақ баласы дүние­нің қай түкпірінде жүрсе де тұтас халқының бір бөлшегі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек» деп қадап айтып, «...қандастар тұрып жат­қан елдерде ұлттық өнердің ке­ңінен таралуына жағдай жасауымыз керек. Біз қазақтың қаймағы бұ­зылмаған көрші елдерде ұл­тымыздың аса құнды рухани мұралары сақ­талғанын жақсы білеміз. Білім мен ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экс­педициялар ұйым­дастырып, осын­дай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын» деп үлкен міндеттер жүктеді.
Елбасының Құрылтайда сөйлеген сындарлы сөзінен туындайтын бүгінгі күн талаптарын негізге ала отырып, қазақтар тығыз қоныстанған көрші елдер - Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан қазақ­та­рының әдебиеті мен өнерін біртұтас ұлттық құндылықтар тұрғысынан жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Бұл елдерде тұратын қазақтар әдебиеті мен өнері осыған дейін диссертация­лық еңбектер ауқымында ғана қарас­тырылып келгенмен, мемлекеттік бағдарлама деңгейінде кең ауқымда зерттелген жоқ еді.
Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2012-2014 жылдарға жоспарланған «Шет- елдердегі қазақ әдебиеті мен өнері» атты бағдарлама дайындады. Оның басты мақсаты - отандастарымыз тығыз қоныстанған көрші елдердегі қазақ әдебиеті мен өнерінің бір жарым ғасырлық тарихына терең барлау жасап, дүниежүзі қазақтары әдебиеті мен өнерінің негізгі даму бағыттары мен мақсат-міндеттерін айқындау барысында шығармашылық үндестік, сабақтастық принциптерін негізге ала отырып, іргелі ғылыми еңбек жазу.
Осы бірегей бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында институттың жетекші фольклортанушы, әде­биеттанушы және өнертанушы ғалымдарынан жасақталған кешенді ғылыми экспедициялар үстіміздегі жылы Ресейдің Самара, Саратов, Волгоград және Астрахань об­лыс­тарында, Өзбекстанның Ташкент, Самарқан, Бұхара, Навои облыс­та­рында, Қарақалпақстан өңірінде, Моңғолияның Баян-Өлгий, Қобда, Дархан аймақтарында болып, ұлттық фольклор мен ән-күй мұраларын, сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, жазба және ауыз әдебиет нұсқаларын жинап қайтты.
Моңғолияға жасалған ғылыми кешенді экспедиция барысында қазақтар шоғырланып өмір сүретін Баян-Өлгий аймағы тұтастай, Қобда аймағының екі ауданы, Улан-Батор, Өлгий, Налайхан қалалары қамтылды. Осы экспедиция кезінде ғылыми қызметкерлер тоқсанға жуық кі­сі­лердің аузынан фольклордың сан-салалы үлгілерін, мәселен, қара өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, беташар, жоқтау, сыңсу, діни қиссалар, төйгелеу және шөрелеу жырлары, сонымен бірге фольклорлық үлгілер жарияланған сирек кездесетін кітаптарды жинады.
Экспедиция барысында қазақ халқының ежелден келе жатқан «Жорға аю» биі ел арасында әлі де өмір сүріп отырғандығы анықталды. Бұл биді билеушілер «Жорға аю» күйін домбырада орындап, сонымен бірге осы бидің шығуы туралы аңызды айтып, биді биледі. «Жорға аю биі» кәсіби деңгейде телекамераға түсі­рілді.
Ғасырлар керуенінен сымбатымен өткен халық мұрасы «Жорға аю» биінің ел арасында кездесуі - шы­нымен таңғажайып құбылыс деуге болады. Бұл биді билеушілер тек бір ауылда ғана емес, қайта арасы алшақ орналасқан әр аймақтан жолығып отырғандығы, биленген бидің буын ырғағы, мимикасы өзара ұқсас болып келетіндігі зерттеушілерді таңдан­ды­р­ды. Айталық, биді нағыз нақышына келтіріп Баян-Өлгийдің Дэлуун су­мынында тұратын қарт ана Самалхан Марданқызы орындаған түрі бей­нетаспаға жазып алынды. Алтын­цөгце сумының тұрғыны Уатхан Имам­мах­мұтұлы деген ақсақал да «Жорға аю» биін аңызымен бірге айтып, күйін шертіп, биін билеген. Сонымен бірге Дархан уул аймағы Хонгор сумы­нының қарт тұрғыны Зұлхарнайын Бекбайұлы да «Жорға аю» биінің шебері екен. Бұл мәліметтерді саралай келе Моңғолиядағы қазақтар арасында қазақтың халық мұрасы «Жорға аю» биінің де кең көлемде таралғандығын байқауға болады. Сонымен бірге жоғарыдағы өнерпаздар бүгінде кең көлемде ел арасына жаңа әрлеумен таралған «Қара жорға» биінің күйі мен буын ырғағы мүлде өзгеріп кеткендігін тілге тиек етті. Қазіргі «Қара жорға» деп билеп жүрген күй «Қос күрең» немесе «Сал күрең» деп аталатын халық күйі екендігін, ал «Қара жорға» күйінің мүлде басқа екендігін айтып, күйді тартып, «Қара жорғаның» көне нұсқасын өздері билеп көрсетті.
Экспедициялық зерттеу барысында Моңғолия қазақтары арасында жұмбақ жанры кең көлемде та­ралғандығы, сонымен бірге сонылығы, хатқа түспеген жаңалығымен ерек­шеленді. Қазақстандық ғалымдар халық арасынан ғылыми айналымға әлі де түсе бермеген жүздеген жұмбақтар жазып алды. Бұдан сырт ерекше назар аударатын жағдай - «Жоқтау» жа­нр­ының бүгінге дейін ел арасында ай­ты­лып келе жатқандығы. Бұл жа­нрдың көптеген үлгілері халық ара­сынан ғы­лыми-зерттеу үшін жа­зылып алын­ды.
Қара өлеңнің қаймағы бұзыл­мағандығы да дәлелдене түсті. Бұрын ғылыми нысанға түсе бермеген көп­теген тың жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, ғұрыптық фольклор үлгісінің ерекше үлгісі «Қозыны төйгелеу» және «Ешкіні шөрелеу» жырлары да әнімен бірге жазылып, экспедиция қорына түсті.
Ресейдің Қошағаш ауданының тұрғындары, сонымен бірге Алтай Республикасы Усть-Кан ауданы Тұраты ауылы қазақтары ғылыми кешенді экспедиция барысында тұңғыш рет зерттелді. Қошағаш қазақтарында қара өлең, жоқтау, тарихи аңыздар, ше­жі­релік деректер әжептәуір сақ­талғаны байқалды. Әсіресе, «Жоқ­тау» жанры­ның бұл өңірде де өміршең салт екен­дігі анықталды. Бір ерекше ай­татын жайт - қазақ баспасөзінде «шоқынды қазақтар» деген атауға ие болған Усть-Кан ауданы Тұраты ауылын мекен­дейтін 70 отбасы, жиыны 300 қан­дасымыз туралы толыққанды ма­те­риалдар жиналды. Зерттеу ба­рысында осы ауылға қазақтардың орналасуы туралы шежірелік дерек­тер, оларды отырықшы халықтың қалай шоқындырғаны туралы мә­ліметтер, сонымен бірге осы ауыл тұрғындарының қазір мешіт ашып, имам сайлап, ата діні мұсылмандыққа бет бұрғаны туралы деректер жазы­лып алынды. Ауылдағы қариялар қазақ тілінде еркін сөй­лейтіндігі, ән айтып, жыр жырлай­тындығы - ұлттық зерде мен иммунитеттің бекем екендігі байқалды. Тұраты ауылының қарт тұрғыны Күләш Жүсіпқызы басқа емес, алдымен былайша «Елім-айдың» зарлы әуеніне басты:
Шағи шапан кимесем сән
келмейді-ау,
«Елімайға» салмасам ән келмейді, Елім-ай, елім-ай.
Бойында Тұратының арша ап жүрмін,
Аршамды көтере алмай шаршап жүрмін, Елім-ай, елім-ай.
Туысым сонау жүрген аман
дейді-ау,
Хабарын өзім барып көрсем екен, Елім-ай, елім-ай!
Бұл жыр жолдарының өзі шетелдегі қандастардың туған елге, атамекенге деген сағынышын айқын білдіреді, тыңдаған адамды еріксіз елжіретеді.
Өзбекстанда тұрып жатқан қа­зақтардың әдебиеті мен өнері жа­йындағы мәліметтерге қарасақ, қа­зақтың көрнекті жазушы, драматургі С.Балғабайдың «Ең әдемі келіншек» спектаклін жақында Өзбекстан ұлт­тық драма театры қойған екен. Қа­ра­қалпақстанның Бердақ атындағы мемлекеттік драма театрының сах­насында осы және өзге де қазақ ав­торларының пьесалары жиі қойы­латынын көре отырып, мәдени ба­рыс-келіске кедергі жоқ екені сезілді.
«Өзбекфильм» киностудиясының бірнеше сәтті туындыларын жасаған продюсер, кинорежиссер Фируза Егембердиева, ақын, тележүргізуші Анар Нәлібаева, Өзбекстанның Науайы атындағы Үлкен опера және балет театрының драмалық сопрано дауысты белді әншісі, бірнеше ха­лықаралық конкурстардың лауреаты Гули Айтжанова мен театр дириже­рінің бірі Қарақалпақстанның халық артисі, Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Аида Абдуллаева секілді қан­даста­рымыз бүгінгі таңда осы елдің аузына ілігіп жүрген атақты өнер қайраткерлері екендігін мақтанышпен айтуға болады. Бүкіл шығармашылық ғұмырын кеңестік кездегі өзбекстан­дық танымал «Лязги» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне арнаған апалы-сіңлі Алмагүл және Үрбігүл Сүйербаевалардың да үлкен еңбегін атап өткен орынды. Сырнай, баян аспабында, жеке дауыста және дуэт үлгісінде әнші болып, дүниенің төрт бұрышын шарлаған бұл қазақ өнер­паздарының бауырлас өзбек өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегінің орны ерекше.
Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында жергілікті қазақ диас­порасының өнерпаздары баста­масымен «Бес қала» халық театры біраз жылдар бойы жұмыс жасаған. Өкінішке орай, бүгінде бұл театр кәсіби маманның жоқтығынан тарап кеткен. Аты бар болғанымен заты жоқ қазақ театрына айналыпты.
Моңғолияның Баян-Өлгий ай­мағындағы қазақ музыкалы драма театры осы мемлекетте өмір сүріп жатқан қандастарымыз өнерінің қара шаңырағы болып саналады. Ол ал­ға­шында 1940-1945 жылдары аймақтық клуб, ал 1956 жылдан бастап ұлттық музыкалық драма театры ретінде жұмыс істей бастаған. Театр өз шы­ғармашылығын тұңғыш рет М.Құр­манханның «Кезең үстінде» пьеса­сымен ашқан екен. Аймақтық театр сахнасында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан-сері - Ақтоқты», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Б.Ақтанның «Жаман мен Ермаһан», М.Құрмаханның «Жасыл дән», «Тұлба көл шайқасы» және т.б. пьесаларымен қатар Е.Бруси­ловс­кийдің «Қыз Жібек», Д.Дам­дисуреннің «Керім-ау, ай-дай» атты опералар да қойылған. Театр құрамында хор, драма, балет кластары мен ұлт аспаптар ор­кестрі жұмыс істейді. Театрда әр жыл­дары қазақстандық белгілі музыка мамандары Х.Тастанов, А.Мырзабеков, М.Әубәкіров кеңесшілік қызмет атқарып, жоғары дәрежедегі өнер биігіне көтеруге үлес қосқан. 1990 жылы театрға жылжымалы сахнасы бар жаңа ғимарат пайдалануға бе­ріліпті.
Шетел қазақтарының жазба әде­биетіне тоқталсақ, әсіресе, Моң­ғо­лиядағы қазақтар әдебиетінде жаңа даму үрдісі айқын байқалады. Поэ­зияда Сұраған Рахметұлы, Шынай Рахметұлы, Байыт Қабанұлы сияқты ақындар кең тынысты лирикалық толғаныстармен, заман мәселелерін тілге тиек еткен тың көркем ойлары­мен ерекшеленсе, прозада Ербақыт Нүсіпұлы әңгіме жанрын жаңа сүрлеумен дамытқан жазушылық шеберлігімен көзге түседі.
Кешенді ғылыми экспедициялардың жан-жақты жүргізген зерттеу жұ­мыстары барысында Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерінде тұратын қазақтар арасында ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлерінің сол бұрынғы қазақы қалпында сақталғандығы байқалды, сонымен бірге бұл елдердегі қазақтар ішінен сурет, мүсін өнерінде ерекше дарындылығымен танылған тума таланттар шыққандығы жіті назарға алынды.
Осы елдерге ұйымдастырылған кешенді ғылыми экспедициялар шет- елдерде тұратын қазақтардың мәдени дамуына байланысты бірнеше өзекті мәселелер бар екендігін көрсетті:
1. Өзбекстан мен Моңғолияда қазақ мектептері болғанымен, оқу-әдіс­темелік құралдар жетіспейді. Ресейде қазақ мектептері жоқтың қасы. Бұл бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқан үлкен мәселе. Осыған орай Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті шаралар ұйымдастырса деген ізгі ниетімізді жеткіземіз.
2. Моңғолияның қазақтар ғана тұратын Баян-Өлгий аймағының орталығы - Өлгий қаласындағы кітапхана қоры соңғы 20 жылда қазақ тілінде шыққан кітаптармен то­лықтырылмаған. Осыған орай Мә­де­ниет және ақпарат министрлігіне Қазақстан баспаларынан шыққан жаңа кітаптарды қазақтар жиі қо­ныстанған көрші елдердің кі­тап­ханаларына жеткізуді ұсынамыз.
3. Өзбекстанның қазақтар тығыз қоныстанған облыстар мен аудан­дарында өздерінің салты мен дәстүрін сахнадан көрсетер қазақ ұлттық театрының болмауы ойлантады.
4. Моңғолиядағы Баян-Өлгий қазақ музыкалы драма театрының бүгінгі тыныс-тіршілігінде бұрынғы салып кеткен жолды жалғастыруға, кездесіп жатқан материалдық қиындықтарға қарамастан шығармашылық ұжымды ұстап тұру, халықтың рухани-мәдени сұранысын өтеуге талпыныстар бар. Кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, жаңа шығармашылық идеяның болмауы бүгінгі таңда алыс шетелдегі жалғыз қазақ кәсіби театрының ты­нысын тарылтатын секілді. Бұл қазақ театрының шығармашылық келбетін жақсарту, өзіндік ұлттық бояуы мол ұжым болып сақталып қалуы үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржымен бірге, Қазақстан Респуб­ликасы да барынша қолдау көрсетіп отыру қажет деп білеміз.
Қорыта келгенде, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титуты дайындаған «Шетелдердегі қазақ әдебиеті мен өнері» бағдарламасы еліміздің біртұтас ұлттық мемлекет құру идеясына сай келіп, шетелдегі қазақ әдебиеті мен өнерін кешенді түрде зерттеуге, бағыт-бағдарын айқындауға мол мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.На­зар­баевтың тапсырмасына сай шетелдегі қандастарымыздың әдебиеті мен өнерін, мәдени мұраларын, ұлттық құндылықтарын зерттеу жалғасын та­бады. Осы экспедицияда жиналған материалдар ғылыми сараптамадан өтіп, бірнеше ұжымдық монография ретінде баспаға дайындалып, ғылыми айналымға қосылады.
Бүгінгі ғылыми жиында әлемге тарыдай шашырап кеткен 5 миллионға жуық қандастарымыздың көптеген мәселелері күн тәртібіне қойылып отыр. Алдағы уақытта да мемлекетіміз, Үкіметіміз қандастарымызды ата- қонысына келуін реттей беретін болады. Бірақ сыртта жүрген қан­дастарымыздың, этникалық бауыр­ларымыздың әдебиет, мәдениет, қол өнері зерттеле беруі керек. Олай болмаған жағдайда асыл мұралар жоғалып кетуі мүмкін. Шетелдегі жас ұрпақ бұл ұлттық қазыналарымызды жинастырып, зерттей алмайды. Сондықтан да Елбасы айтқандай, біз сырттағы бауырларымызды қолдаудың әртүрлі жолдарын жүзеге асыруымыз керек. Соның алғашқы баспалдағы жасалды.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

"Айқын" газеті

 

0 пікір