Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 4453 3 пікір 11 Сәуір, 2022 сағат 11:42

Дауды айтыспен шешкен сиез. Одаман ақын кім?

 немесе Одаман ақын кім?

Жазба және ел аузындағы аңыз деректерге қарағанда, қызайлар 1865-1871 жылдары Іленің бұрынғы Құлжа, Сүйдін және көне Қорғас өңірлеріне дейін қоныстана бастаған. «Шыңжаңның қысқаша тарихы» деген еңбекте: «1869 жылы қыс басында Ресей әрмиясы Қорғас өңіріне басып кіріп, сол жердегі қазақтың Қызай руының 25 мың тұяқтан астам малын айдап әкетті. Осыған байланысты Іленің жергілікті үкіметі Верниге (Алматы қаласы) адам жіберіп, Ресей жағының төлем беруін талап етті» делінсе, 1871 жылы маусым айында Ресей әрмиясы Сүйдіннен өтіп, Құлжа қаласына басып кіргенде: «Қазақтың қызай руы қалаға басып кірген орыс жасақтарымен ерлікпен ұрыс салып, Көгершін тауынан асып өтіп, Бұраталаға шегініп кетті», – деп көрсетіледі. Бұл деректердің дұрыстығын тарихшы-ғалым Жақып Мырзағанұлы: «Қызай Іле, Бұратала өңіріне келіп қоныстанғаннан кейін 1767 жылдан бастап, осы өңірде отырған Ұлы жүз албан, суан тайпаларымен бірге 1865-1866 жылғы Іле шаруалар көтерілісіне қатысады. Осы кезде құрылған Іле сұлтандығына қарасты болады» деп деректейді. Бірақ бұл кезде қызайлар жер иеленбеген, тек көшіп-қонып жүрген.

Ол кездегі Іленің негізгі тұрғындары Ұлы жүз Үйсіннің албан, суан рулары, аздаған ұйғыр, дүңган, сібе-солаңдар еді. 1871-1881 жылдар аралығында Ресей Ілені он жыл жаулап жатып, 1881 жылғы «Ресей-Қытай Іле келісімі» бойынша Цинь империясына қайтарып береді. Есесіне, Қиыр шығыстағы Ресей-Цинь империясы арасындағы ұлан-байтақ даулы аймақ Ресейдің құрамына енеді. Осыған орай, 1882 жылы тамыз айында қызай рубасылары Көкқамыр жайлауының Майтөбе деген жерінде съез ашып, Ілеге көшіп, қоныстанудың ұйғарымын жасайды.

Қызайлар Ілеге орныққан соң да жаңа дау-шарлар, көрші қазақ ауылдары, шекараның арғы-бергі жағындағы қандас жұрттармен араз-аштықтар туындай бастайды. Әсіресе, Ресей жерімен мал барымтасы, құн дауы жиі орын алады. Осыны ескерген арғы бет пен бергі беттегі қызай, қаракерей, албан, суандар арасында екі жылда бір съез ашылып, барлық дауды шешіп отыру қолға алынады. Сол съездер «Көктума съезі», «Кеген съезі», «Шыбар тобылғы съезі», «Көк жайдақ съезі», «Семей съезі», «Қарқаралы съезі», «Майтөбе съезі», «Нарынқол съезі» деген аттармен тарихқа қалды. Бұндай съездерге екі елдің генерал губернаторлары, жандаралдары сырттай бақылаушылық етеді. Съезде төбе би сайлап, шешім жасау, билік айту сынды істер тапсырылған.

Сол съездердің ішіндегі ең іргелісі албан, суан, қызай рулары арасындағы 1898 жылы өткен «Көктұма съезі» еді. Съезде жер, жесір дауы, барымта-сырымта ісі ұзаққа созылып, екі жағы да жеңістік бермейді. Осы тұста орыстың ояздары мен қытай тараптың мансаптылары дауды қазақтың дәстүрлі ақындар айтысы арқылы шешуді ұйғарады. Қай жақтың ақыны жеңсе, сол жаққа жеңістікті бермек болады. Сонымен Ұлы жүз, Орта жүз руларына бұл бекімді жеткізіп, жаушы аттандырады. Албан, суан жағы жезтаңдай ақын Одаманды алдырады. Одаман екі аяқты адамның сөзгері, асқан ақын, «алысқанын алмай қоймайтын арыстан» деген дақпырты бар, тек үйсін еліне ғана емес, арғын, найман, меркіт, қоңырат, қыпшақ, тобықты елдеріне аты кең таралған ақын. Одаманның атақ-даңқынан хабардар қызайдың атқа мінерлері онымен айтыстыратын ақын таппай қиналады. Осы кезде Оразәлі Жанпейісұлы Одаманмен айтысуға өзі сұранады. Сонда Сасан болыс:

– Жағың қарысқыр туажат, Жарастың жау қабағы, айтыста жеңілсең неше жылғы жер, жесір дауы, барымта- ырымта ақысы сенің мойныңа ілініп, басың дауда қалмай ма? – деп ашуланады.

Сонда Қаптағай Тәнеке батырдың ұлы Есімбек болыс:

– Жалындаған жас екен. Рұхсатыңызды беріңіз. Егер жеңілсе, барлық шығынды мен төлеймін, – деп кепілдік береді.

Матайдың Шиырбай шешені бір көкқасқа тайды сойдырып, Оразәліге:

– Аз ауылым едің қызай,
Көшіп кеттің ұзай.
Жалындаған жас екен,
Медет бер өзің құдай, – деп батасын береді.

Оразәлі айтысты:

Һизатлы аманбысың Одаман ер,
Дүние қайғылының көңілі шер.
Он саусақ, тіл мен жағың судай жорға,
Жасырар ақыр бір күн сұм қара жер, – деп бастайды. Айтыс бір тәулікке созылады. Арасында біреу ел жайлауға көшерде Одамынның әкесіне көлік жетпей жұртта қалып қойғанын жеткізеді. Мұны ұтымды пайдаланған Оразәлі:

– Одаман қызайды жедің албанменен,
Еш мүйізің шыққан жоқ алғанменен.
Шағи шапан кигендей шалқақтайсың,
Ісің жоқ әкең жұртта қалғанменен, – дегенде Одаман жалтара алмай сөз жүйесіне жығылады. Сол тұстағы айтыстарда ру намысына тиетін ауыр-ауыр сөздердің жиі айтылатыны ақиқат. Ол да айтыстың бір ерекшелігі. Өзін мақтап, қарсы жағын даттау, шымбайына батар шындығын дәл тауып айту, сол арқылы қарсыласын сүріндіру айтыстың басты шарты. Сөз сайысында Одаман жеңілгенін мойындап, азаматтар Оразәліні ақ киізге көтеріп, жеңістерін тойлайды. Әрине, бұл жердегі жеңу мен жеңілу маңызды емес. Жеңілістің де, жеңістің де сан түрлі басқа себептері болатындығы белгілі. Ең бастысы, бұл айтыс қазақ тарихында ақындар айтысы арқылы елдің дауын шешкен алғашқы және ең соңғы жағдай ретінде аңыз болып қалды. Бүгінде тарихқа айналды. Әрине, көріністе рулар (албан-суан-қызай) арасындағы жер мен жесір дауы болғанымен, шын мәнінде екі елдің (Қытай – Ресей) арасындағы келісімді ақындар айтысымен шешкен мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Мұнан кейін де болмауы мүмкін.

Оразәлі Жампейісұлы (1964-1908)

Ендеше, осы айтысқа түскен Оразәлі Жанпейісұлы кім?

Оразәлі Жанпейісұлы қызайлардан шыққан тағы бір тағдырлы тұлға. Оразәлінің ел арасындағы береке-бірлікті сақтап, арты қақтығысқа апаратын дауларды ақылмен шешкен ізгілікті бітімгерлігі өте көп. 1864 жылы Бұратала өңірінде туылған. Жеті жасында әкесінен айырылып, жетімдік көрседе, талантының арқасында «Әнші бала», «Күйші бала», «Ақын бала» атанып, өнерге талпынады. Бір жолы Іле генералының алман-салыққа жауапты ұлығы Мәте амбы ел аралап жүріп, Оразалының талантын байқап, генерал мекемесіндегі қарапайым жұмысқа орналастырады. Осы жерде жүріп қытай тілін жетік меңгереді. Екі тілге жетік болғандықтан 1882 жылы Мәте ұлық оны генарал мекемесінің указ молдалығына (аудармашы-хатшылыққа) бекітеді. Осыдан бастап ел ісіне емін-еркін араласа бастайды. Генерал мекмесі мен қазақ ауылдары арасындағы алман-салықтан туындаған дауды әділ шешіп, ел арасында аты аңызға айналады. Бұл бүгінге «500 құнажын бітімі» деген атпен жетті. Бұл дауда Оразәлі қазақ малшыларының құқығын қорғап, сый-құрметке бөленеді. Тағы бір жолы алман-салық жинау мақсатында қызай ауылдарын аралап, халықтың азып-тозған жағдайын, әсіресе, өз туысқандарының нашар хал-күйін көріп, оларға көмектесуді ұйғарып, Мәте амбының рұқсатын алып, өз руына зәңгі(ауыл әкімі) болып сайланады. 1890-1997 жылдары зәңгілік мәнсабын ұтымды пайдалынып, елін ұйыстырып, берекесін кіргізеді. 1898 жыл Оразәлі генерал мекемесіндегі таныс-білістерін салып жүріп, «Ақбұлақ» ақалақшылығын(аудан) құрып, өзі ақалақшы болады.

1906 жылы Күредегі (қазіргі ҚХР Қорғас ауданы) Іле генералы мекемесінің басшысы Мәте амбы (Манжүр қытай) Шәуешек генерал мекемесіне ауысып барады. Бірақ Мәте амбы мен Шәуешектегі қаракерейдің тағы бір мықтысы Демежан ақалақшы шығыса алмайды. Бұл кезде Оразәлінің атақ-даңқы албан, суан, төрт қызайдан асып, қаракерей, абақ-керейге дейін таралған еді. Оразәлі бала кезінде Мәте амбының қоластында қызмет етіп, заң-жарлыққа өте жетік болғанын жоғарыда айттық. Енді оның беделінен пайдаланып, Демежан ақалақшымен жарасуды ойлаған Мәте амбы Оразәліге кісі жіберіп, Шәуешекке шақыртады. 1909 жылы Оразәлі Моңғолдық деген жолдасын ертіп, Шәуешекке барады. Ақыры білім, білігінің арқасында Мате амбы мен Демежан ақалақшыны татуластырады. Оның бітімгерлігіне тәнті болған Демежан ақалақшы «татуласу» қонақасын өткізіп, өз ауылының Қалима деген ақын қызын Оразәліге некелеп қосады. Сонымен сол жылы Оразәлі Ілеге қайытпай, Демежан ақалақшының ауылында ерулеп қалады. Келесі жылы Оразәлі Қалиманы алып, ауылына қайтуға қамданып жатқанда Мәте амбы қонаққа шақырады. Қызай мен қаракерей бірігіп кетсе, өзіне ырық бермейтінін білген Мәте амбы сол жолы Оразәлінің үзеңгісіне у жағып, қастық сайлайды. Оразәлі осы қастықтан 44 жасында Ілеге жетпей орта жолда қайтыс болады. Мәте амбы 1912 жылы Демежан ақалақшыны да жаламен ұстап, дарға асып өлтіреді. Оразәлі тағы біраз жыл өмір сүргенде әлі талай үлкен істерді атқарар еді.

Ал, Одаман ақын кім?

Одаман ақын туралы қытайдағы ақсақалдар «Собеттік ақын» деп қана айтатын. Оның өмірі және қызметі  жайлы көп дерек сақталмаған. Бірақ Одаман өмірде болған және өз кезіндегі даңсалы ақындардың бірі екендігі «Көктұма» съезі деген атпен бүгінге жеткен тарихи оқиғадан аңғаруға болады (Бұл съез туралы мемлекеттік мұрағаттарда деректер сақталғанда шығар). «Ел іші асыл қазына» дегендей, қызайлардың арасында «Одаман мен Әйнек қыздың айтысы» деген жалғыз айтыс сақталған. Бұл айтысты Андас Омарақын құйма құлақ, көпті көрген ақсақалдардан жазып алып, бүгінге жеткізді. Ол былай өріледі.

ОДАМАН МЕН ӘЙНЕК ҚЫЗДЫҢ АЙТЫСЫ

ӘЙНЕК:

Құлағын домбыраның алдым бұрап,
Сөйлейін шешендікпен сөзді құрап.
Құрбы едің ит те болсаң, ей, Одаман,
Келіп едің бұйымтай менен сұрап.

ОДАМАН:

Дәркембай біздің елге болған болыс,
Қолынан орындалар оның көп іс.
Ат, шапан айып етсем қалағаным,
Өзіңнен сұрағаным жалғыз қоныс.

ӘЙНЕК:

Сөзіңнің лайықты айт жүйесі бар,
Жақсыға тіл тигізбе киесі бар.
Ерте туып, кеш қалған өзіңнен көр,
Қоныстың найза шанышқан иесі бар.

ОДАМАН:

Бастығы ауылыңның Дәркембай ма,
Ауруға өлетұғын ем қонбай ма?
Не деген пейілің тар бетпақ едің,
Шетіне қонысыңның ел қонбай ма?

ӘЙНЕК:

Одаман айтқаныма ұйып тұрсаң,
Көңілің әтей қалап сүйіп тұрсаң.
Қонысымның бір шетіне қондырайын,
Отымды жағып, суымды құйып тұрсаң.

ОДАМАН:

Өлеңнің күш-қуаты тіл жағында,
Жақсының жаман жүрер ық жағында.
Шәйнегің істетуге жарай қоймас,
Тесігі бар деуші еді түп жағында.

ӘЙНЕК:

Дәркембай біздің елден асқандағы,
Қолың жетпес жұлдызбын аспандағы.
Істетпеске шараң жоқ жалданған соң,
Тесігін қолыңменен бассаңдағы.

ОДАМАН:

Әйнек қыз, олай деме ығының бар,
Азырақ шығарайын шығының бар.
Шәйнегіңнің дәл келер тесігіне,
Сақтап жүрген әтейлеп тығыным бар.

ӘЙНЕК:

Адамға керек шығар ұят пен ар,
Жандарға жолатпасын пейілі тар.
Өзіңді тақыр кедей деп естігем,
Бейшара мені бағар не малың бар?

ОДАМАН:

Бір саулық, екі тоқты, үш қойым бар,
Ашықсаң үлкенін жеп бір тойып ал.
Сақтасаң жылы жерге жануарды,
Тағы да өсер деген бір ойым бар.

ӘЙНЕК:

Айтайын, айт дегенде Одаман сал,
Салдықпенен үйіңе жимадың мал.
Айран түгіл үйіңде шалабың жоқ,
Бүйтіп салдық құрғанша адыра қал.

ОДАМАН:

Жақсылар жаман іске береді сын,
Басыңа пәле келсе болады мұң.
Үлкен қойды қораңа кіргізе сал,
Екі тоқты босағада көреді күн.

Одаман ақыннан қалған екінші табәрік осы айтыс. Бірақ арғы-бергі жұрттан көп іздестіріп, нақты дерегін таппадым. Мүмкін, білетіндер бар шығар? Расында, өмір талай тұлғаны еріксіз ұмыттырды. Кейбірін еңбегі басқаларға жамалып, жасқалыпта кетті. Ақиқат иілетінін, бірақ сынбайтынын ескересек, сол тұлғалардың еңбегін тарих еншісіне қосу керек-ақ?!

Қажет Андас

Abai.kz

3 пікір