Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 5150 6 пікір 5 Сәуір, 2022 сағат 12:03

1930-1931 жылдар: Әулиеатадағы халық көтерілісі

Әулиеата өңіріндегі жергілікті халықтың 1930-1931 жылдары жаппай көтеріліске шығу себебі және аудандық деңгейдегі кеңес билігінің құлауы

Қазақ халқының ұлттық тағдыры талқыға түсіп, мойнынан бодандықтың қамыты шешілмеген кезеңдерде қоғамдағы барлық салалар тек қана үстем құрған империяның ықпалында болып, еліміз отаршылдықтың зардабын көп тартып, басын тауға да, жарға да соғып, талай тарихи әділетсіздікке ұшырап келді. Әсіресе, ХХ ғасыр басында Ресейде билік басына келген большевиктер мен коммунистердің бұйрықшыл, әміршіл-әкімшіл социализм, бюрократтық жүйесінің әсерінен қазақ халқы бұрын соңды болмаған нәубет пен зобалаңға ұшырады. Өзгесін айтпаған да, сол кезеңдерде ұлтымыз қоғамдағы барлық ақиқаттан едәуір алшақ өмір сүріп келді. Бұл дегеніміз нағыз демократияның қалыптасуын, қоғамдағы мәселелердің ашық жариялануын және ақиқаттың айтылуын тежеп келді деген сөз.

Енді, міне, бүгінде еліміз егемендікке қол жеткізіп, ел тізгінін өз қолымызға алған дәуірде көптеген тарихи шындықтарға көз жеткізіп келеміз. Қысқасы тәуелсіздік алуымыз – ашық жариялыққа жол ашты. Жариялық лебі қоғамның басқа салалары тәрізді тарих ғылымына да жетті. Егемендіктің көкжиегінде өшкенімізді жаңғыртып, жоғалғанымызды жинап келеміз. Қазақ тарихындағы ең аса ауыр қилы қиын кезең Кеңес өкіметінің ХХ ғасыр ширегіндегі жүргізген аяр саясаты - «тәркілеу», «ұжымдастыру», «ашаршылық», «саяси қуғын-сүргін» науқандары болатын.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылып, осы бағытта көптеген жұмыстар атқарлып келеді. Бұл жұмыс аясында біз де білген-терген, оқып-тоқып жинаған азды-кем дүниемізді көпшілікке ұсынып отырмыз.

Тараздың тарихы бай деп біз бүгінгі күнге дейін де, кейін айта береріміз анық. Бірақ та Тараздың екі мың жылдық тарихын тек әсемдеп немесе көркемдеп айта бергенмен, тарихтың ауыр кезеңдерін ұмытпауымыз керек-ақ. Тараздың тамаша тарихы мен қатар аянышты тарихы да бар. Өкініштісі, Әулиеатаның яғни, Тараздың бай тарихын мақтап, мадақтап айтылған еңбектер мен сөздердің көлеңкесінде өңірдің аянышты тарихы көмескеленіп келеді. Сондықтан да ХХ ғасыр ширегінде жарымаған жарлылардан құралған кеңестік үкіметтің саясатының салдарынан барлық Қазақстанның түкіпір-түкпірінде орын алған зобалаңның Әулиеата өңірін де айналып өтпегенін еске салғым келеді.

Кейде еліміздің өзге аймақтарына қарағанда «Әулиеата өңірі қатты аштыққа ұшырамаған» деген пікірлерді кейбір тарихшылар мен зерттеушілердің аузынан естіп жатамыз. Алайда біз ол ғалымдардың пікірлері мен еңбектеріне аса құрметпен қарай отырып, келісе алмайтынымызды баса айтқанымыз жөн. Ашаршылық нәубеті Түркістан өлкесі мен Жетісу өңірінің арасындағы Әулиеата аймағын да шарпыды. Көптеген жергілікті тұрғындар аштықтан көз жұмды және басқа аймақтарға босып кетті. Бұған тарихи фактілер жетерлік.

Дегенмен де Әулиеата өңіріндегі сұрапыл аштық бәрінен де Сарысу және Талас аудандарының территоряларында ерекше орын алды. Неге олай болған?

Сарысу негізінен Орталық Қазақстанға тиіп жатқан аудан. Шығыс жағы Мойынқұм арқылы Бетпақдаламен шектеседі. Ал Талас ауданы сол Мойынқұмға барып тіреліп жатқан аймақ. Бұл аудандарда негізгі тіршілік көзі дәстүрлі мал шаруашылығы болған. Халық малмен күн көріп отырған. 1928 жылы ірі қазақ байларын кәмпіскелегеннен кейін, яғни бәрін сыпырып алған соң, бұл өңірлерде жағдай өте ауырлап кеткен. Бір сөзбен айтқанда, Әулиеата өңіріндегі осы қос аудан аштықтан адам айтқысыз азап шеккен. Тіптен Сарысу ауданындағы жағдай сол кездері Т.Рысқұловтың Сталинге жазған екінші хатында көрсетілген. Оған ел көбінесе назар аудара бермейтін сияқты. Сол хатқа қарасаңыздар яғни, 1933 жылы 9 наурызында Рысқұловтың Сталинге жазған хатында мынандай мәселе айтылады: «Сарысу ауданындағы 7000 қожалықтан 500-дей қожалық қалған, өзгелер Әулиеатаға және басқа аудандарға көшіп кеткен, ал бірсыпырасы, тіпті Қырғызстанға ауып барған. Сарысу ауданында ашаршылық өте қатты өршіп тұр. Адамдар босып, көпшілігі Әулиеата қаласына барды. Қараша айында осы ауданнан әлденеше жүздеген қазақ тайлы-таяғы қалмай шұбырып, ұзақ жолға шыққан. Осы жол үстінде олардың біразы қаза тапқан. Қаңтардың екінші бескүндігінде ғана 24 адамның сүйегі табылған. Жолшыбай жосылған адамдарға жолда қаруланған бандиттер шабуыл жасап, өзі аш адамдарды одан сайын қырғынға ұшыратты. Аштықтан босып шарасы қалмаған әйелдер өздерінің кішкентай баларын суға лақтырған. 5-6 қаңтарда Әулиеатаның шайханаларында үсіп өлген 20 баланың сүйектері жинап алынған және сол мерзім аралығында 84 ересек адам аштан өлген» дейді. («Қазақ қалай аштыққа ұшырады» жинағы, 59-б.) Бұны Тұрар Рысқұлов Сталинге жазып отыр. Осындай жантүршігерлік жағдай қалыптасты дейді. Осы аштық өте өршіп тұрған кезде Сарысу және Талас өңіріне жалпы біздің Әулиеатаның аймағына Ораз Жандосов уәкіл болып барған. Уәкіл болып барған кезде О.Жандосов Сарысу ауданының халқының біраз бөлігін Созаққа көшірген. Қаратау асырып Созаққа көшіріп, елді ашаршылықтан аман алып қалуға әрекет жасаған. Сол О.Жандосовтың Голощекинге жазған хаты бар. Сұмдық жантүршігерлік хат. Хатта Жандосов былай деп баяндаған: «Қара жолменен Сарысу ауданында №5 ауылға қарай келе жатыр едім, алдымнан айдалада 12-14 жастағы екі бала жолықты. Олар айдалада жаяу кетіп бара жатыр екен. Содан көлігімді тоқтатып: «Әй балар қайда бара жатырсыңдар?» деп сұрадым. Сонда балалар: «анау сайда көктемде ит атқыштар келіп иттерді атып, солардың терісін сыпырып алып кеткен. Енді біз сол сайға барып, иттердін өлімтігін жеп, тамақтанып жүрміз. Бұл жаз айы болса, ал енді иттердің өлімтігі көктем айында болған болса, қаншама уақыт өткен сол бұзылған иттердің өлімтігін балалар барып жеп жүр екен. Одан кейін бір ауылға келгенімде алдымнан ісініп кеткен аяғы ауыр бір әйел шығып, маған зорға дегенде күбірлеп сөйлеп, қолын көтеріп, «анау кетіп бара жатқан итті атып берші» деді. Оны не қыласың? - дегенімде «Үйде бес балам аштан өлейін деп жатыр, итті атып берсеңіз, соларға мен тамақ қылар едім» (М.Қойгелдиев. Т.Омарбеков. «Тарих тағылымы не дейді?» – Алматы: Ана тілі, 1993. 109-б.)

Әулиеата өңірі туралы О.Жандосовтың тағы бір хаты бар. Онда О.Жандосов мына деректі келтіреді: «Елді аралап Талас ауданына бара жатқан сапарымда жолда 14-15 жасар жалғыз бала кетіп бара жатыр екен. Әй қайда бара жатырсың деп сұрап едім, «мен ауылға бара жатырмын» деді. Мен ауылың қайда деп едім Талас ауданыңдағы бір ауылды атады. Онда неменеге бара жатырсың дедім. (Онда бәрі ашаршылықтан қырылып жатқан кез ғой.) Ол жақта туысқандарым бар, соларға бара жатыр едім деді. Өзің қайдан келе жатырсың деп едім, өзім Қырғыстаннан келе жатырмын деді. Неге жалғызсың дедім. Сонда айтты менің әке-шешем Қырғыстанда аштан өлді. Енді өзімнен кіші інімді және өзімнен кіші қарындасымды Қырғыздан өткен соң айдалада тастап кеттім. Інісі мен қарындасын алып жүре алмаған соң жапан далада тастап кетіпті. Сөйтіп өзі ағайын-туысқандарын іздеп келе жатыр екен» дейді. Міне бұл, Әулиеата өңіріндегі ашаршылықтан орын алған жайғдайдың бірі ғана.

Ал, осы біздің өңірге сол уақыттарда уәкіл болып келген Ғалым Ахметовтың қазіргі Байзақ ауданында аштықтан адам етін жегендерді қалай ұстағаны туралы еңбегін оқысаңыз, тұла бойыңыз түршігеді.

Енді оқырманнан бұл ашаршылыққа Әулиеата өңірі қалай душар болды деген сұрақ туындауы заңдылық.

Ол үшін сәл ғана шегініс жасап, Кеңес үкіметінің жете ойластырылмаған саяси реформасының яғни, «тәркілеу» мен «ұжымдастыру» науқандарына тоқтала кеткеніміз жөн болар: VI Бүкілқазақтық партия конференциясының (1927 жыл, қарашаның 15-23-і) қазақ байларын күшпен тәркілеу туралы қорытындыға келуі ел ішінде жаппай дүрлігу туғызды. Қазақ байларын тәркілеу туралы декреттің өзі 1928 жылы тамыздың 27-сінде қабылданды. Онымен бірге БК (б) П Қазақ өлкелік комитеті «барлық еңбекшілерге» деген үндеу де қабылдады. Декрет те, үндеу де 5 қыркүйекте баспасөзде жарияланды. Бұлар қазақ байларын тәркілеудің 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталатынын ескертті. (ҚР ОМА. – 5 с-қ., 21 с-т., 15-іс, 46-п, 135-қ, 1-т., 8-іс.).

Қазақстандағы отырықшыландырудың бастаушысы болған Ф.И.Голощекиннің өзі. Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бюросы 1929 жылы 6 қарашадағы өзінің мәжілісінде «Қазақ халқын отырықшыландыру туралы қарарды бекіту» мәселесін арнайы талқылады. Онда «қазақтардың үлгі боларлық отырықшы шаруашылық ұяларын» жеделдете жасау қажеттігі партия және кеңес органдарына ескертілді.

Қазақ байларын тәркілеу туралы 1928 жылы тамыздың 27-сінде қабылданған декретке байланысты нұсқаулар жергілікті кеңестік әкімшілік апараттағы шолақ белсенділердің тарапынан бұрмаланып, асыра сілтеушілікке жол беріп, халықтың наразылығын тудырды. Мысалы, байлардың тек мал-жанын ғана емес, «барлық киім-кешектері, іш-киімдері, барлық азық-түлігі» тәркіленді. Ыдыс-аяқ, ұсақ-түйектің бәрі, балалардың іш-киімдері тартып алынды.(ҚР ОМА. – 1380-қ., 1-т., 243-іс. 1,2,3,5,,59, 8-п.)

Ал енді осындай жағдайдан кейін қазақ кедейлерінің өзі жергілікті коммунарлардың озбырлығын көре отырып, олардың ісінен түңіліп, қазақ қоғамында тәркіленіп кеткен ірі байлардан кейінгі тап орта шаруалармен бірлесе кеңес үкіметіне қарсы наразылық білдіре бастады.

Мәселен, 1930 жылдың 11 ақпанында Сұлтанбек Шалақов бастаған Сырдария округінің Сарысу ауданында (Әулиеатаның солтүстік-шығысында 160 шақырым) жерде болған халық көтеріліс бастауларын және себептерін 1928 жылғы ірі байларды кәмпескелеу саясатынан басталғанын айта кетуіміз керек (ҚРПМ. 141-қ., 17-т., 471-іс, 222-п.). Негізінен 1928 жылы қазақ даласында бүкіл ірі байлар толық тәркіленіп біткен. Алайда науқанның орындау жоспарына бұл байлардың саны жеткіліксіз болды да, жергілікті белсенділердің тарапынан 1929-1930 жылдары орта шарулармен қатар кейбір кедейлердің тобы да тәркіленіп, жер аударылып кеткен. Осындай жағдайдан кейін Сарысудағы қазақтардың жаппай бас көтеруіне әкеліп соқты. Зерттеуші-жазушы Б.Қойшыбаев өзінің «Тараз. Жамбыл облысы» энциклопедиясында жазған Сарысу көтерілісіне байланысты мақаласында 1930 жылғы көтеріліс бастауларын және себептерін 1928 жылғы ірі байларды кәмпескелеу саясатынан орынды іздестіреді. (Б.Қойшыбаев. Сарысу көтерілісі. // Тараз. Жамбыл облысы. Энциклопедия. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖАҚ-ы, 2003.)

Бұл тарихи оқиғаға байланысты көп зерттеу жүргізген тарих ғылымының докторы, ҰҒА құрметті академигі марқұм Талас Омарбеков және тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбайевпен бірлесе жұмыс жүргізген едік. Қос ғалымның пікірінше Жамбыл облысының аумағы да ХХ ғасыр ширегіндегі Кеңес үкіметінің жете ойластырылмаған саяси реформасының көп зардаптарын шеккен. Тіпті Кеңестік билік органдарының қазақтың ішіндегі ірі байларды тәркілеу және ұжымдастыру науқандарындағы бассыздығы мен асыра сілтеушілігіне қарсы жергілікті халықтың жаппай бас көтеріп, наразылықтарын білдіріп, көтеріліске шыққандарын, яғни сол ереуілдерге қатысқан жергілікті халықтың кейіннен билік тарапынан жаппай қатаң жазалауға ұшырағанын да ұлтымыздың қасіретті тарихынан білмеміз.

Мысалы тарихымыздың қилы да құбылмалы қиын кезеңдеріне үңілер болсақ, Кеңес үкіметінің орнаған уақытындағы алғашқы он жылдығының өзінде еліміздің басында бұрын соңды болмаған зобалаңды бастан кешті. Олар әрине, «тәркілеу», «кіші қазан» саясаты, «ұжымдастыру» науқандары.

Тарихи фактілер Қазақстанда халық көтерілістері болған басқа аудандар тәрізді Сарысу өңірінде де байларды кәмпескелеу саясатының аса қатал болғанын көрсетеді. 1928 жылы күзде Сарысу ауданының ірі байлары яғни, ауданда дәстүрлі шаруашылықты жүргізудің үлгісін көрсеткен ағайынды Арғынбаев Кәку және Өксікбай, Жәнібеков Төлебек, Ықыласов Жүсіп, Кеңкөзов Ақберген, Ағайынды Қожатаев Әуелбек және Иманбек, Құнанов Әліп, Өтешиев Сыздық тәрізді т.б. ауқаттылар қожалықтары осы кәмпеске науқанында тәркіленді. Негізінен мал шаруашылығымен ғана күн көріп отырған аудан үшін дәстүрлі шаруашылықты күйрету аса ауыр ахуал қалыптастырды. Науқанның соңына қарай «тәркілеуге қарсылық жасауды ұйымдастырмақ болды» деген желеумен 1928 жылы желтоқсанда Дінше Әділов, Ағабек Байдуллаев, қақтығыс барсында оққа ұшқан Байсейіт Әділов, 1929 жылдың басында Асқар, Әубәкір, Жолдасбай, Әбуәлі Әділовтер, Нұрлан Кәрібаев, Әкпар Ыбыраев, Мұхамедия Арғынбаев, Артықбай Әлин т.б. ел ішінде белгілі 16 азамат ОГПУ тарапынан ұсталды. Сосын ел ішінде ірі байларды тәркілеу соңы орташа дәулеттілердің мал-мүлкін сыпырып алуға ұласты. (Т.Омарбеков. 1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері. Алматы: «Арыс» баспасы, 2018. 162-163 б., Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ашық деректер базасы)

Осындай жағдайдан кейін 1930 жылдың қаңтарында Сарысу және оған көрші Талас аудандарында кеңестік озбыр саясатқа қарсы халықтық іс-әрекеттер бой көрсете бастаған. Сарысудағы наразы халықпен болған қақтығыста Сарысу ауданы ГПУ-дің өкілі Тыныштықбаев өлтірілген. Сарысудағы наразылықтың алдын алу үшін ОГПУ-дің жергілікті өкілеттігі Сарысу ауданының ауылдарына 50 адамнан тұратын атты әскерді жіберген. Сонымен қатар, осындағы Кентаралда, Ойықта жергілікті партия, комсомол өкілдерінен, кедейлерден 30 адамды біріктіретін коммунистік отряд жасақталып, наразы ауылдарға аттандырылған.

1930 жылы 22 наурызда Талас контонында Дмитриевка елді мекеніде екі жақты қақтығыс орын алған. Мұнда қозғалысқа қатысушылардың саны 200 кісіге жеткен. Әлімбет Молда бастаған көтерілісшілер тобы жер аударылуы үшін қамалғандарды босатуға тырысқан. Бұл көтерілістерге басшылық жасағандар – бұрынғы Талас болыстығына қарасты болған 8-ауыл тұрғыны – Супасаев Керімбел, 12-аулынан Көкеев Жәнібек, 9-ауылдан Шайкөтиев Жолда, 11-ауылдан Есқожаев Талапбектер болған.

Қақтығыс барысында көтерілісшілер Талас кантонының атқару комитетінің төрағасы Шыналиевті өлтіргеннен кейін яғни аудандық кеңестік әкімшілікті құлатқаннан соң өкімет тарапынан көтерілісті жою шараларына саяси мән беріле бастайды.

Әулиеатадан 23 наурызда Александровскіге кадрлық ротаның 27 атқышы, Қазақ ұлттық дивизионы және милиция отряды келіп, жазалау операцияларын бастап кетеді. Сарысудағы көтерілісті ұйымдастырған Жантірешманов, Сараевтар ұсталып, атылған. (Н.С.Байқадамов. Сырдария округіндегі күшпен ұйымдастыру және шаруалардың қарсыласу қозғалысы. 97-98-бб.). (Т.Омарбеков. Зобалаң Алматы: санат, 1994. (Күшпен ұжымдастыруға қарсылық) 128-129-бб.

Сарысу-Талас аудандарындағы көтеріліс 1931 жылдың 20 маусымында Қордай ауданында жалғасты. Академик Т.Омарбекұлының айтуынша: «Архивтік құжаттарда Қордай ауданындағы ұжымдастыруға қарсы құрылған үш «бандалық» топтар туралы жазылады: Омарбек, Ағыбай, Сыпатай. Солардың бірінде Қастеков Оразалы деген азамат белсенді ретінде көрсетіледі», – дейді.

Байқап отырсаңыздар сол кездегі тергеу құжаттарында көтеріліске қатысқан жергілікті азаматтардың бәріне «бандылар» деген айдар таққан. Әрине, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің 1929 жылғы «Батпаққара», «Тақта көпір» және «Бостандықтағы» көтерілістерден кейінгі шыққан арнайы қаулысынан соң елдегі бүкіл ереуілге тағылған басты айыптауы болатын.

Аталған Қастек, Қордай аудандарындағы бандылармен (көтерілісшілермен М.Е.) кеңес органдарының қақтығыстары төмендегі ретпен келтірілген. Бұл сол тұстағы ең бір шығыны көп көтерілістердің бірі болып тарихта қалды.

Қордайдағы көтірілісшілер Комсомол атындағы колхоздың кеңсесіне баса көктеп кіріп, ауылдық кеңес кеңсесін өртеген, копперативтерді талқандап, ондағы тауарларды өзара үлестіріп алған. Мұнан соң олар «Ұмтыл» колхозының малдарын айдап әкеткен.

Бұл «халықтық көтерілістерге» қарсы аудан орталығында арнайы жасақ ұйымдастырылып, 17-18 маусымда және 5 шілдеде наразы топқа қарсы әрекеттер жасалады. №11, 12 және 14-ауылдар маңында арнайы жасақ пен көтерілісшілер ашық қақтығысқа түскен. Кейіннен наразы топтың саны бұл жерде 300-ге жуықтап, қарулы қарсылық көрсете бастаған соң, коммунистік отрядтар атыстан қаймығып, Отар темір жол стансасына қарай шегіне қашқан.

Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы келесі ұрыс 1931 жылдың 19 тамызында болған.

Доланқара деген жерде 1931 жылы 21 қыркүйекте болған ұрыста ОГПУ-дің Шу аудандық басқармасының бастығы Нұрғалиев оққа ұшты. Бұдан кейін жазалаушылардың екпіні күшейіп, 1931 жылы 27 қарашасында Қордай ауданының 12-ауылында көтерілістің белсенді басшысы болған Әрсенов пен серіктері қолға түседі.

Жалпы жазалауға келсек, Қордай ауданында болған көтерілістерге барлығы 250 адам қатысты деген кінәмен тұтқындалды.

Қазақстан ОГПУ-нің Ерекше үштігінің 1931 жылы 23 қарашадағы, 1932 жылғы 28 қаңтардағы және 19 ақпандағы қаулыларымен 28 адам ату жазасына кесілді, 107 адам 1 жылдан 10 жылға дейінгі әртүрлі мерзімдерге еңбек түзету лагерлеріне қамалды. Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімдерге 11 адам жер аударылды. Алдын ала тұтқында отыру мерзімі есебінен 22 адам босатылды. 1 адам 3 жыл мерзімге еңбек түзету лагеріне шартты түрде сотталған. (Т.Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасреті, Алматы: санат, 1997. 213-215 б.)

Жоғарыда аталған үш аудандағы халықтың жаппай көтерілуінен туындаған қақтығыстарда аудандық деңгейдегі кеңестік биліктің аз уақытқа болса да құлағанын байқауға болады. Сонымен қатар, сотталған азаматтардың тізімін архивтік мұрағаттардан іздестіру жұмыстарында бірнешеуінің  жазалануы туралы ақпараттары табылғанымен, едәуірінің құжаттары әлі кездеспей келеді. Алдағы уақыттарда бұл дерекетерде анықталып қалады деген үметтеміз.

Жоғарыдағы айтылған тарихи оқиғаларға қысқаша қорытындылар жасар болсақ, 1929-1931 жылдардағы қазақ шаруаларының наразылықтары мен көтерілістері кеңес империясының өктемдігіне қарсы ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс болды деуге толық негіз бар. Сондықтан бұл кезеңдерде әлеуметтік теңдікті, озбырлыққа қарсы азаматтық позициясын ұстанған көтеріліс қатысушыларына тағылған «бұзақы», «контрреволюционер», «бандитизм» сынды айыптауларын саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын пайдалана отырып, жаңа қабылданатын заң аясында ақтауды ұсынамыз. Сонымен қатар, мемлекеттік комиссияның жұмысын пайдалана отырып, жоғарыдағы оқиғаларға қатысы бар азаматтарды архивтік деректерден қарастырып, зертеп, зерделеп, жұмыс жүргізуді жеделтеуіміз керек. Ол үшін осы оқиғаларға қатысы бар деген еліміздегі өзге облыстардағы архивтік мекмелерге іс-сапарлар ұйымдастырып, мұрағаттарда ұзақ уақыт яғни, асықпай мұқият жұмыс жүргізуге мүмкіндік жасалуы қажет.

Мадияр Ералыұлы,

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері

Пайдаланылған әдебиеттер мен дереккөздер

ҚРПМ. 141 – қ. 17-т., 471-іс, 222-п.

ҚРПМ. 141-қ., 1-т., 5780-іс., 19-п.; М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков Тарих тағылымы не дейді?-Алматы: Ана тілі 1993 ж. 109-б.

Б.Қойшыбаев. Сарысу көтерілісі / Тараз. Жамбыл облысы. Энциклопедия. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖАҚ-ы, 2003.

Н.С.Байқадамов. Сырдария округіндегі күшпен ұжымдастыру және шаруалардың қарсыласу қозғалысы. 96-б.

Т.Омарбеков. Зобалаң. Алматы: Санат, 1994, 128 б.

Т.Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасреті, Алматы, 1997 ж.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563