Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 4359 1 пікір 4 Сәуір, 2022 сағат 12:26

Жанар Әбдішова. Құрақ көрпе

                                         (Әңгіме)

Кеше ғана сияқты еді, оның қайтқаны... Көзді‑ашып жұмғанша, бір жыл өте шығыпты.

Күйеуінің жылын өткізді. Адам аяғы басылған соң, атшаптырым аулада ары жүріп, бері жүріп, ұсақ‑түйек жұмыстарын бітірген соң, үйге кірді.

Киім шкафындағы ескі киімдерді күнге жайды. Қараса, үйленіп кеткен баласының бес жасында киген пальтосына дейін ілулі тұр. Өздерінің де қазір ешкім кимейтін, сәннен қалған, бір кезде анау‑мынау адамның қолына оңайлықпен түсе қоймайтын кремплин, синтетикалық матадан тігілген киімдері қылы қисаймай, ілулі тұрғанын көріп: «Е, дүние‑ай, осыны алып берген Есмұқан да кетті. Бұларды енді кім киеді дейсің?» – деп жинап, ауызғы бөлмеге алып шықты. Біраз қарап отырды да, тастай салуға қимай, өткір қайшыны алып, тігістің бойымен сыртылдатып кесіп еді, алақандай‑алақандай шүберекке айналды. Оларды қиықтап кесіп, қырық жылғы «ескі досы» тігін машинасын алды да құрақ құрауға отырды...

Іске берілгені соншалық, кейде тамақ ішуді ұмытып кететін болды. Кәмеш бірте‑бірте әр шүберекті алақанына салып, қалай тігетінін, қайда жарайтынын, қалай құрайтынын ойлап, басқа дүниеге бұрылмайтын болды.

Тіпті, кіріп‑шыққан туған‑туысты да, оны‑мұны сұрап, ауыс‑түйіспен араласатын көршілерді де, сыртына шығармаса да, жаратпайтын болды. Бір шайын беріп, қақпадан шығарып салып тұрғанда, «түүү‑һ, ертегі айтып тұрып алды ғой, ерігіп...» дейтін іштей сөгіп...

Ыбырсыған шүберектердің ортасында отырып, үсті‑басын жүн‑жұрқа, жіп, қиқым жабысқан күйі мызғып кетіп жүрді. Сөйтіп төрдегі төсектерін көмпиген‑көмпиген көрпелерге толтырды. Тіпті оларды қонақ тұрмақ, өз балалары кішкентайларын ертіп келгенде, төсегісі келмей, «былғанатын болды» деп, іші ашитынын да байқады.

Көп жылдан бері күйеуі ауырып, әйтеуір «бір күнге» даярланып, қолына түскен ақшаны да қысып ұстап, малдың да басын көбейтіп қоюға тырысып, бір тақылдаған үнемшіл өмірге төселіп алған еді... Сондықтан қырық жыл бұрын алынған заттар күтіліп ұсталғандықтан, қылы қисаймай, қойған орнында қойған күйі тұр еді...

Енді бұл үйдің ең қадірлі, ең қастерлі заттары құрақ көрпелер болды. Кәмеш не жасамады десеңізші... жиектеріне кішкентай жүрекшелер салып, орындықтарға лайықтап, томпиған‑томпиған көрпешелер, көлемі әр түрлі төр көрпелер, бір салар көрпешелер, диванға лайықталған көрпелер... қыста жамылатын, жүнін жұқа қылып тартып жазда жамылатын көрпелер, жамбасқа төсейтін төсек көрпелер, ат көрпелер − үйіле берді, үйіле берді.

Өлім‑жітімге бара қалса, қалай болса солай құралып, әйтеуір көрпе деген атауға ие болған төсеніштерге қарап, «көк инені көлденең түртпейтін байғұстар!» деп мысқылдай қарап, менсінбей отыратын.

Таң сыздықтап атқанда, сиырын сауады, елден бұрын бадаға қосады. Атшаптырым ауланы жылан жалағандай қылып, сыпырып шығады да, қаймақтап шайын ішіп алып, құраққа отырады.

Балалардың алды үйленіп, өз алдарына үй болып кеткен. Келсе айына бір, не екі рет келіп, қонақ болып кетеді. Келгенде, сымпиып, қалай болса, солай келгендерін жақтыртпайды.  Өзінікі өзіне жетіп тұрса да, «алмаймын!» деп айтпайды... әкелгендерін ала салады. Тіпті, кейде құры қол келсе, көңілі толмай, іші қоңқылдап қалатыны бар. Төрт ұлдың ішінде біреуі жағдайына қарап,  «керегі жоқ, тұра берсін!» дегеніне қарамай, ескі телевизорын қоймаға шығарып тастап, заманауи телевизор әкеп қойып берген. Қалғандары өздерімен өздері... Тіпті, анау енесі баққаны көп келмейді де, келсе, бала‑шағасымен үдірейіп, сіңбей, бөтен құсап тұрады.

Осы бір өзімен‑өзі болған әлемін, бір жапырақ шүберек табылса, «қайда жапсырсам екен?» деген ойдан басқа көңілін бөлетіні − бағындағы алма піскен кез еді... Оның бір талын шірітпей кесіп, кептіріп алған соң, қаладағы қызы асханаларға өткізіп, ақшасын әкеп береді. Құраған құрақ көрпелері тау болып үйілгенде, ішіне салатын меренос, ақ қойдың жүнін жуады.

Кәмеш сөйтіп, жүн жуып, құрақ құрап, қақ жасап жүріп, темір қақпасын тас бекітіп алып, келген адамдарға да есікті ашпайтын болды.

Жаздың бір күні, сағат бестерде кіші сіңілісі Мейраш телефон шалды. Радиотұтқадан өзіне таныс сандарды көрген соң, тігіп жатқан ісін тастап, жақтыртпай, құлағына тосып, әмірлі суық дауыспен:

− Не болды? – деді.

Телефонның ана басынан біраз үнсіздіктен соң, қырылдап:

− Тәте,  ауырып жатырмын, үйде ешкім жоқ. Болат ана мәліге Жақай шалдың қырқына түсіп кеткен...

− Қай жерің? – деді Кәмеш сіңілісінің сөзінің аяғын күтпей, дігерлеп.

− Тамағым...

− Е, тамағың болса, тұзбен, содамен шайқа... «Денем күйіп бара жатыр дейсің бе?»  − Аспирин ішіп, бүркеніп жат, бала емессің ғой, − деді жақтыртпай... − «Жаман болып тұрмын!»  деген не сөз, баласың ба? Қой, қазір бара алмаймын, қолым тимейді. Кешке кіріп шығармын, − деді де осынша уақытын алған сіңілісіне кейіп, қайта құраққа отырды.

Кеш батып бара жатқанын байқамай қалыпты. Бада келетін уақыт болыпты. Шайға қатық болып отырған қызыл сиырдың алдынан шықпаса, жол бойындағы картон, қағаз, оны‑мұныны жеп, үйдің артындағы жазыққа шығып кетуі мүмкін.

Үсті‑басына жабысқан жіптерді, қиықтардың қиқымдарын қағып, тігін мәшинесінің үстін шүберекпен қымтап жапты. Төртбұрыштап, қюлап, құраған құрақтарын санаса, бір төр көрпеге жететін болыпты. Түтілген жүні жетсе, даяр...

«Ойбу‑йи, ана қу сиыр қаңғып кетті‑ау...» деген оймен үйден асығыс‑үсігіс шыға келсе, бада келіп қалыпты. Батар күннің қызыл арайымен қара жолдың топырағын бұрқылдатып, көп сиыр ауылға кіріпті.

Маң‑маң басып келе жатқан сиырын тауып, қолындағы шыбығымен жайқап, бүлкектетіп айдап, аулаға кіргізді. Халатының қалтасындағы қалта телефоны безілдеп, маза берер емес. «Осы Мейраш та қызық, төрт баланың анасы болса да, қит етсе, өстіп маза бермейді...» − деп сиырын байлап, шелегін ала беріп еді, телефон тағы безектеді. Ренжіп телефон тұтқасын қолына алған, сол кезде жымы білінбей жабылатын темір қақпаны біреу дүрсілдетіп қаға бастады. Ит үріп, есіктің алды азан‑қазан болды.

«Екі кештің арасында бұл кім өзі?» − деп шелегін қоя салып, көлденең темірін кіргізіп, тас қып бекітіп тастаған қақпаны ашқанша, ар жағындағы адам қояр емес қағуын...

− Бұл кім? – деп зілдене айғайлады.

− Тәте, ашыңыз, тез ашыңыз! – дейді ар жағындағы адам ышқынып. Ашса, сіңілісі Мейраштың көршісі Бекен.

− Не болды? – деді Кәмеш қадалып.

− Тәте... тәте... – дейді жігіттің аузы жылауға икемделіп қисайып, − бағанадан бері жүз рет звондадым, алмадыңыз ғой... шыдамай, жүгіріп келдім. Мейраш тәтем мені шақырған соң барсам, жаман болып жатыр екен. Үлкен легенге суық су құйып, соған түсіпті. Тісі‑тісіне тимей, қалшылдап кеткен соң, халатын кигізіп жатқыздым. Дем алмай қалды. Көкпеңбек болып кетті. Жүріңізші! – деді де бұрылып алып, жүгіре жөнелді.

− Не дейт! – деді де дедектеген жігіттің артынан сүріне‑қабына әрең ілесіп жетсе, төрдегі төселген көрпенің үстінде Мейраш оң жағына қисайған күйі мына жалғаннан жүріп кетіпті.

Кәмеш есеңгіреп, не істерін білмей қалды.

− Суға түскен бе? – деді Бекенге қарап.

− Иә, ыстығын басамын деп, суық суға түсіпті, − деді.

− Ойбай, жаным‑ай! − деп Кәмеш дауыс салып, сіңлісінің үстіне құлады. Көршілер жиналып қалды. Біреулер келіп, Кәмешті қолтығынан сүйемелдеп отырғызып, Мейраштың көзін жапты. Басындағы жастығын алып, жағын байлады.

...Сонымен «ажал ғайып деген осы екен ғой!» десіп, ел‑жұрт болып, Мейрашты жөнелтті. Жан бағудың қамымен біреуі жүкші, біреуі таксист, біреуі құрылысшы болып, қала жаққа кеткен балалары үй‑іштерімен келіп, шешелерін жөнелтті. «Мен кеткенде, сап‑сау еді!» деп, күйеуі де «аһ!» ұрды.

Ауылдағы елуден асқан осындай қырқылжыңдардың жұмыс жоқ болған соң,  осындай жақын‑жуық адамдардың өлім‑жітіміне  қолқабысым тиіп қала ма дей ме, әлде үйге сыймай ма, екі‑үш күн бұрын барып алатынын елдің бәрі білетін еді... Мейраштың күйеуі де «көмектесіп келейін!» деген желеумен үйден кеткеніне екі‑үш күн болған... Хабар берген соң, келіп тұрғаны қазір...

Сіңілісін жөнелткен соң, Кәмеш ертеңді кеш үйіндегі жұмысын жөндеп, ерте кетіп, кеш келетін баласының ас‑суын даярлап қойған соң, «келімді‑кетімді кісі бар дегендей, сөзге қалмайық!» деп, жетісіне шейін сол үйде болды. Жетісін өткізген соң, Кәмеш бұрынғы тіршілігін қайта бастады.

Зырылдаған тігін машинасының дауысымен жарысып, көп жылады. Көз жасын өкініп, көп төкті. Оның жанталасып, дауысы қырылдап, бірнеше рет телефон шалғанын ешкімге айтпады. Бірақ Мейраштың өлер алдындағы дауысы құлағынан кетпей, жанын жегідей жейтін болды.

Бәрі ішінде...

«Егер барсам, тірі қалар ма еді? Ірің кеулеп кеткен тамағын тіпті болмаса, саусағымды ірі тұзға батырып алып, жыртып жіберсем, әлде қандай болар еді...» десе, көзінің жасы тиылмайды...

Сөйтіп жүргенде, сол қолы ұйып, саусақтары жансызданып, шымырлайтын болды. Бір күні тіпті сол аяғы икемге келмей, ұйып, жап‑жазық жерден сүрініп, бетімен оңбай түсті.

− Доқтырға қаралсаңызшы, − деген балаларының сөзіне:

− Ей, қойшы, жүн жуғанда, суық сумен шайқаушы ем, тамырымды суық қармап қалған болуы керек, − деп, онша мән бермеді.

Ақыры балалары көндіріп, Алматының бір айтулы ауруханасына жатқызды. Оның өзінде де таныс арқылы...

Туыстарының арасында, Кәмештің сырқаты емес, оны ауруханаға жатқызудың жыры көбірек айтылды. Ауруханаға ағасының арқасында жатқан соң, Кәмеш бәрі тегін болады екен деп ойлаған. Бірақ «ана емге мынандай ақша, мына емге анандай ақша төлейсіздер!» дегені шымбайына батып кетті. Азын‑аулақ жалақыға жұмыс істеп, күнін әрең көріп жүрген балаларын ойлап, Кәмештің емі ем болмады... Таяққа сүйеніп, жүретін болып, он күн дәрі‑дәрмек алған соң,  шығып кетті.

Кәмештің қазір тау қопарған бұрынғы қайраты жоқ. Бұрын біреу «ауырып отырмын!» десе, «ырбиып отырысын‑ай!» деп, жақтыртпай қалатын. Солардың халін қазір басына түскен соң, түсінгендей болды...

Жүректің майда тамырлары жарылып, осындай күйге түскеніне ол қатты қамығады.

Кенжесінің: «Үйленсем қалай болады?» − деп таныстыруға әкелген қыздарының бірі ұнамады. Өзі ұнаса, әке‑шешесі ұнамайды. Сонымен ол баласы «үйлен!»  десе, ат‑тонын ала қашатын болды. Қалаға кеткен ұлдарының біреуін алып келейін десе, ауылда жұмыс жоқ. Бір үйлі жан жандарын баға алмай қалатын сыңайы бар...

Кәмеш неше жыл тапжылмай отырып құраған,  әңгередей үйдің екі кісілік төсектерінің бесеуінде теңкиіп жиналып тұрған құрақ  көрпелеріне, жастықтықтарыне қарайды да, семіп, әлі кетіп бара жатқан саусақтарымен сипап қойып, көзінің жасын бір сығып алады. Өздерін қыста бір − аязда, шілдеде бір − шыжыған күнде жайып кептіріп алушы еді, ауырғалы бері жайылмаған соң, көрпелері дымқыл тартып, зіл көтерем болып кетіпті.

Балаларына бөліп, тарқатып бермекші болып еді:

− Үй тар, өзіміз сыймай, киімдерімізді қайда қоярымызды білмей отырмыз, алмаймыз! − деп, азар да, безер болды.

Кейде Кәмеш, «менің де, көрпелерімнің де мына өмірге керегіміз болмай қалды ма? «Төрт ұл туған қатынды ханым десе болады!» деп, күйеуім марқұм әспеттеуші еді... Ал, сол ұлдардың өздері де, алғандары да көңілімнен шықпайтыны несі? Әуелі сол келіндердің ішінде маған жаны ашитыны бар ма екен? «Қолдарынан түк келмейтін өңкей бір босбелбеу, шу аяқ!» деп көп сынап едім... Соның әсері ме!» деп, көп ойланатын болды...

Ауылда жұмыс таба алмаған балалар қалаға барып, біреудің жер кепесінде өмір сүргеніне мәз болып, дүбәра болып бара жатыр... Балаларының да не орысша сөйлегенін, не қазақша сөйлегенін түсінбейсің...

Әйтеуір нағыз қазақ емес... Келіндер де қазанға от жағып, нан пісіріп жей алмайды...

«Ауыл ұмытылғалы нағыз қазақ та өзгеріп барады...

Ауыл да тозып барады... Телевизордан «ауылым, менің ауылым!» деп, аңыратып, ән салғанда, керемет бұлар...

«Қалалық» болған балалардың өмірлері де жетісіп тұрғаны шамалы... жұмыстарының да айлығы тамағына, жалға алған баспанасына толық жетпейді... Келіндер «ана қарызды, мына қарызды қайтару керек» деп, тақылдайды да отырады әйтеуір...

Ауыл деген береке емес пе еді... Ауыл деген қазақтың өзі емес пе еді...» деген ойлармен Кәмеш далаға шығып, асқақтаған тауға ұзақ қарады...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530