Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 3363 1 пікір 30 Наурыз, 2022 сағат 14:13

Құс қанатымен оралған Есенғали рухы

Немесе Жылдық астан кейінгі көктемгі илаһи идиллия

Бисмиллаһи Рахмани Рахим, Сіз: «...Қазаққа аруақты айтудан қашуға болмайды. Аруақ болмаса – адам жоқ. Адам өмірге сол аруақтар  арқылы келді. Адамзаттың Алладан кейінгі ұстазы сол аруақ . Аруақ – бар. Рух та – бар. Олардың бірінсіз бірінің тіршілігі көрінбейді, аруақсыз рух қонбайды. Аруақ кім? Кешегі өмірден өткендер. Алдында,  артында қалған жазуы барлар...

Еврей халқының миы қатты жұмыс істесе - оларға  ми қызметі ерекше дарыған, арабтарда сауда жұмысы өріс алған болса, «Жібек жолының» бір бастауына орналасқан бұл халыққа осы қасиет ерекше дарыған, басқа да халықтарда  осындай еншіленген ерекшеліктер болса, сол ерекшелік сол халыққа ерекше дарығандығы. Біздің қазаққа  рухты аруаққа қондыра білетін  қасиет дарыған. Бұл – аруаққа табыну емес, өткенімізді құрметтеу... Біздің мемлекетті дінсіз ұстау мүмкін емес- деп құлаққа сіңіріп отырушы едіңіз. Айтып қана қоймай «Діни ілім – ерекше ғылым»», - деген атпен баспадан осы  айтқандарыңызды кітап етіп шығырып, қолыма да ұстаттыңыз...

Ассаламу уа алейкум, аға, 14 науырыздағы Самарқанның көк тасының еруімен, көктемнің жер табалдырығынан аттауымен, менің рухым, өзім сүйген құстар қанаты қауырсынына ілесіп  қайта оралғанын бүгінгі жылдық аста алдымен Сіз сездіңіз. Мен аста бұлбұша сайрап сөйледім ғой. Құранмен отырған адам екі дүниені де біліп отырады. Сосын да болар  астың соңында сөз сұрап алып: «Ағайындар, біз қазір салтанатты рәсімде емес, жерге «Алла», - деп жылап түскен Адам Ата  жолымен өмірге «іңгалап» емес, «Аллалап» жылап түсіп, өмірден қайтқанда бәрімізді «Аллалатып» жылатып кеткен Есенғалидың жылдық асында, оған Тәңірі бұйыртып жайған рыздық дастарханында отырмыз. Дастархан - құдайдың қазынасы, төрде бізбен бірге Құдайдың өзі отыр...», - деп қоңыр дауысыңызбен аста дабырлай бастағандардың дабырын  басып, назарын өзіңізге аударып алып, мен жайлы дайындалған бейне таспадағы «Ұстазыңыз кім?», - деген сауалға «Кітап», - деп берген жауабымды алға тартып, «Оның ұстазы кітап, кітап дегені құран, құран барлық адамның ұстазы», -деп , Алла аузыңызға салған тәпсірмен сөз тізгінін тартып, одан әрі, - ал мен Есанғалидың шәкірт  кезіндегі ұстазымын», оны: «Бала кездегі ұстазым, бір топырақтың түлегі Бақтыбай ағама інілік ізетпен, Есенғали», - деп «Бозаңға біткен боз жусан» кітабыма  29.01. 2007  жылы қалдырған қол таңбамды көрсетіп,  оқып ескерттіңіз.

Ия, тіршілігімде өз қолыммен  жазып қалдырғандай, маған өнер жолына түсуіме Сіз ғана ұстаз болдыңыз. Соны мойындаттырып, тіршілігімде өз қолыммен кітабыма таңба қалдыруды бұйыртқан Аллаға шүкіршілік.

Шындығында, қас қағым тіршілікте, бүгінгі аста ерке мінезімді айтып сөз сөйлеген, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов секілді қазақтың тұлға тұтқан көптеген азаматтарымен етене араласып, олармен еркелей шүйіркелесіп, тіршілік жасаппын. Ол – менің мінез болмысым ғой. Бірақ, сізбен олардай емес, жиі ұшырасуға қысылып-қымтырылдым, ерекше құрмет тұттым. Арадағы сол бір сұлулықты сақтадым. Бұл бір тылсым сыр...

Аста қолыңызда тұрған менің 1976-77 жылы  кавказдан (әскер қатарында), 1979 жылы Гагарин қаласынан жазған хаттарым мен өзіңізге арнаған өлеңдерімді ұстап тұрып, жиынды жүргізіп тұрған Мереке ініңіз арқаңыздан сипап асықтырған соң ба, оқымадыңыз, мен оқығаныңызды мақұл көріп-ақ  едім...

Сіз Жаңақорғанда  “Коммунизм жолы” газетінде қызметте жүргенде бір топ өлеңімді жариялап сәт сапар тіледіңіз, осы газет бетінде аудан ақындарының жазбаша айтысын ұйымдастырып, 9 сыныпта оқып жүрген мені «Сопының сазында» өткен шопандар тойына алдыртып, жасы үлкен Есіркеп Қонқабаев  ағамызбен айтыстырдыңыз. Жиынға Алматыдан арнайы қонақ болып қатысқан Қалтай (Мұхаммеджанов) ағамыз аудандық газетке басылған  сол айтысты өзімен бірге алып кеткен еді. Менің өнер жолындағы тұсауым осылай кесілген...

Бұған қосарым «Ескі Сауран» қаласы қорғаны орынына ерінбей ертіп барып, менің бабаларым, Адайлар көші  қайтқан жерге аунатып, көңілімді алай дүлей еткізіп зиарат жасатқансыз. Адайлардың сол жерден  Қарақалпақ асқанын, сол бабалар ұрпағы менің, солар қалдырған соқпаққа арнай төркіндеп келіп отырған ұрпағы  екенімді, алғаш рухымды көтеріп жадыма сіңдіргенсіз.  Туған аулыңыз Бесарық бекетінен  он-онбес шақырымда орын тепкен сол Ескі Сауранға , одан соң да қаншама рет жаяу жалпылай барып, іштей сыр шашып мінажат еткенімді, сол жерден ой көзімен жол қуалай тұрып, көкке көтеріліп кететін тылсым сәтімді сізден басқа кім көрді...

Бүгінгі аста төбе көрсетпеген менің қайран достарым, сол кезде облыстық “Ленин жолы” газетінде практикада жүрген жазушы Серік Байқонов ініңізге де уақыт тауып ертіп барып таныстырғаныңыз да, өз бауырыңыз Байбота Қощым Ноғайдан ерекше үміт күтетіндігіңіз туралы   айтқан ықыласты әңгімеңіз де бәрі бәрі есімде. Әскерден Алматыға оралғанда  алғашқы араласқан ортам да солар болды ғой.

«…Белгілі шайырымыз Қадыр Мырзалиевтің өзі «Қазақ поэзиясының классигі» атаса, замандасы Сауытбек Абдрахманов “…ғасырлар тоғысындағы қазақ әдебиетінің аса қызғылықты құбылысы”- ретінде таныған, әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушановтың 50 жылдығы үстіміздегі жылы Алматы, Астана, Ақтау қалаларында үлкен аброймен аталып өтті. Бұл ақын үшін де, өнер сүйер қауым үшін де, тарихи есте қаларлық жарасымды тіршілік болды. Осы шаралардың ұйымдасуына мұрындық болған аталынған қала әкімшіліктері де ел алдында зор абройға иелік етті.

Қазір ұйымдастырылған осы шаралардан құлағдар болып отырған ақынның өскен елі Қызылордалықтар да өз Есенғалиларын күтіп отыр. Бірақ Сыр бойында мұндай кездесудің өтетіндігі туралы әңгіме әзір құлаққа шалынар түрі жоқ. Неге? Есенғалиды “Есенғали ақын”,еткен жоғарыда аты аталынған үш шаһардан бұрын, Қызылорда облысындағы оның балғын балалық шағы өткен Сырдария өзенінің жиегі, ақынның тұңғыш жинағына аты қойылған “Келінтөбе” совхозы емес пе?, - деп сол кездегі облыс әкімі  атына «Заң газетінде» басылған «Есенғали ақынды өскен елі Сырдың бойы күтуде», - деп шырылдап жазғаныңңызда есімде…

Қай жылы менің өтінішіммен Алматыдан Келінтөбеге ертіп барып қайттыңыз. Тарихты  еске алсақ артықтығы болмас. 1964  жылы «Түгіскен» алқабын игеру мақсатында Сырдария өзенінің бойындағы “Үш қайық” елді мекенінен бастау алған Келінтөбе каналы бойында жаңадан “Келінтөбе” совхозы шаңырақ көтерді. Аталынған  совхоздың алғашқы директоры  Жұмағали Атабаев ағамыз Қарақалпақ елінде тіршілік жасап жатқан біздің 230 үй адай ағайынды сонда  көшіріп әкеліп қоныстандырды. Ел болдық…

Сол жылы тәңір жарылқап, Сырдария өзенінің совхоз іргесінен өтер жеріндегі кең арнасы екі айырылып, жиырма шақты гектар жер су ортасында арал болып қалды. Оны жұрттар сол кезде «Адай аралы» атаушы еді. Сол «Адай аралы» ит тұмсығы батпас қалың тоғайға айналыпты. Жаңақорғанға барғандағы мақсатымыз - осы тарихи аралды, орыс жазушы Михайыл Шолоховтың Дондағы демалыс орны сияқты менің жазғы демалыс жайыма айналдыру болатын. Жанындғы жар жағасынан қазылған  артизан құдығынан  шипасы мол ыстық су атқылап шығыпты. Жаннаттай құлпыртып жіберуге таптырмас орын. Мен сол аралдан қажетті мекен жайды салатын болғанмын. Сөзіңіз өтіп, аудандық әкімшілік пен Жер комитетіндегі жігіттер сол аралды, ортасында ағаштан салынған орманшылар үйімен қосып, маған си етіп еншілеп берді. Шіркін, сол кездегі  қуанышымды айтсаңыз... Аралды еншілеген соң, сол маңындағы жаңа қорымында  жай тауып, мүрдесі қалқиған қос анам мен әке зиратына соғып дұға жасадық. Сзге  өзім оқыған мектепке және шаруашылық орталығына жаңа мешіт үйін салуға да көмек беретіндігімді жайып салып едім....Бірақ сол уәде үдесінен шығу бұйырмады. Қолдағы қаржы сол жылдары менің туыстарым көшіп барып орын тепкен, Ата жұрт Бейнеуге 7000 түп көшет егуге жұмсалды... Қазір ол жерде «Есанғалидың орманы» жайғалып тұр...

Сіз, «Тіршілікте рухсыз нәрсе жоқ, рух адамдарға қонады», - деп құлағыма сіңдіруші едіңіз. «Келінтөбеге» де  елді мекен болған соң рух қонған болар.  Елді мекеннің сол киелі рухы алдымен маған қонды-ау сірә. Менің тұңғыш өлеңдер жинағымның  «Келінтөбе» аталуы да содан шығар... Орта мектепті сонда бітіріп, әскерге аттанған кезден, қайда жүрсем де  сол бір алтын ұя мен үшін әлемдегі ең ыстық сағыныш болып  есімнен шыққан емес. Осыдан екі жыл бұрын Ақтау мен Атырау мені Ата жұртқа шақырып, құрметтеп жатқанда, сізге толқып тұрып телефон соққаным есіңізде болар. Сол кезде екі облыста ерекше құрметке бөлене жүріп, сізге еріксіз телефон шалып,  ортадан жырақ кетіп, жылап тұрып  Келінтөбе жайлы тоқтамай ұзағынан өлеңдерімді оқыдым...

…Жұмағали деген шал  өтті,

Сөздері жазыққа шыққан раңдай.

Атасы оның Әнет-ті

Шөңгелі көктас қырандай…

               ** ** **

        …Далаң, жағаң – баршасы киелі еді,

        Солар болды ұлыңның сүйенері.

        Күміс тойы тойланған ата-анамның,

        Күрішші аулы түсіме жиі енеді...

                     ** ** **

       …Тұратын тоғыз жолдың торабында,

        Ісі жоқ Жазушылар одағында.

        Көрт мініп, көген тартып, түйе тіздеп,

        Бір ақын өсіп еді сол ауылда...

                      ** ** **

         …Түгіскеннің бойында күрішші ауыл,

         Ала жаздай күн де ыссы, жұмыс та ауыр.

        Құмақ жолды суға әкеп құлата сап,

        Сағым әрі қашады күміс бауыр...

                        ** ** **

         … Жағаға сан соғатұғын

         Еркін жүзген көңіл кемем.

        …Аңғырт, албырт сол ақынның

        Есіңде ме, Келінтөбем?...

                      **.**.**

...Бүркітке ұсап қарайтын томағалы,

Келінтөбем ойыма оралады.

Ол да айтпаған сияқты ең бастысын,

Мен де айтқам жоқ бастысын оған әлі...

Сіз артынша телефон шалып Светқали ініме маған қарайлап жүруді тапсырып жаттыңыз... Айтып қалдым ғой, ия, Сіз де оқығансыз кезінде Келінтөбе жайлы өлеңіңізді.

«…Төбе,  тебе, көп тебе төсін керген,

Емшектенін шығады тесіп жерден.

Әрқайсысы аңыздың «Көк базары»,

Сол аңызға ылайық есім берген…

Тағдыр еншіме жазған жадыма разымын, сол сәтте өлеңіңізді жаттап алып,  өзіңізге қайыра оқып бергенмін, ал соңынан ол жерді басқа қырынан көріп, баллада жазғанымды тағы білесіз…

Астан соң, Әуезов театрының кіші залынан  менің Ата жұртымнан келген, жерлес өнер саңлақтары сахналаған «Құнанбай мен Абайымды» көрдіңіз. Көрдіңіз, бірақ қанша ден қойғаныңызбен бір сөзін де естімедіңіз. Тылсым жайт, сырдесте. Ол да дұрыс болды. Сіз: «Абай - дара ақын, бірақ  хакім емес, әкесі Құнанбай хакім. Оны Абай өзі айтып кеткен», - деп «Абай жолындағы» Мағауия қазасы кезіндегі моласы басындағы өкінішімен түсіндіргесіз. Сіздің сол сөзіңізге  сол кезде терең ден қоюым керек еді…

Әңгімемнің басында «Аста мен бұлбұлдай сайрап сөйледім ғой...», - дедім. Ия, аста сөйлеген адамдар мен болып, менің өлеңімді оқып жатқан жоқ па. Менің анамның құрсағында жатқанда періште аузыма түкіргенін танып білген иісшіл сопы ақын інім, өз өлеңінен басқа ақындардың өлеңін оқи қоймайтын Светқалидың аузынан да өлең оқыдым. Алла солай бұйыртты. Бұл мені масаттандырды. Мен бұлбұлдай сайрап сөйледім, менің өлеңім сөйледі. Мен түсінгендерге аста осылай қайта оралғанымды сездірдім...

Аға, басқалар кемпірқосақтағы жеті түсті көрсе, сіз сол жеті түстің әрқайсысында бар ешкім көрмеген тоғыз түстен алпыс үш түсті көрген жансыз, бұл менің сөзім, рухтың сөзі. Періште мінезді бала кездегі ұстазым болған соң сізге айтып отырмын. Аруақтың сөзі тіріге аманат, тірі тіршілік иесі. Мұны да сіз айтқансыз маған, мен селқостау тыңдаппын. Шіркін, тіршілікте мені үйірсектеген жастар, менің осы олқылығымды  қайталамай, сіздей имандыларға  айналшықтаса, көп нәрсенің байыбына жетіп, қазынаға жолығар еді. Сізге жеткен ғайыптың қазынасы мол. Сонымен нәрленсе діннен, иманнан алшақтамас еді. Жалғанда адамға керегі де осы ғана. Сөз – рух. Ол Алламен ғана жұмыс жасауы керек. Құдайды Хаһ тұтпаған пәнда болады, пәндә ретінде өмірден өтеді. Хаһ рухқа қонған шындық. Алланың діні адамдармен ғана жерді нұрландырып тұруы тиіс екен...

Бақтыбай Айнабеков,

ілімгер жазушы

Abai.kz

1 пікір