Дүйсенбі, 26 Қыркүйек 2022
Саңлақ 1775 0 пікір 24 Наурыз, 2022 сағат 14:05

Допинг: Нижат Рахимов алтынынан айырылды

Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиаданың алтын медалін қайтарып алғысы келетінін айтты. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Достар, осы Наурыз күндері 2016 жылғы алынған сынамаға қатысты «CAS допингке қарсы департаментінің» қабылдаған шешімі мені қатты таңғалдырды. Бұл жағдайға қатысым жоғы туралы дәлелдерімді былтыр тамыз айында өткен сот тыңдалымында төреші қабылдамады. Сондай-ақ, олардың тарапынан сынамаларды алған, жалпы осы процеске жауапты адамдардың іс-әрекеттеріне баға берілмеді. Шындығында сұрақ соларға қойылуы керек еді. Олардың «қолы таза емес» екенін уақыт көрсетті, - деді Рахимов.

Оның айтуынша, жағдайға қатысты «сұрақ көп, жауап жоқ».

"Сондықтан мен бұл шешіммен келіспеймін! Ең сорақысы, Олимпиада ойындары кезінде тапсырылған менің сынамама ешқандай сұрақ қойылмады, бірақ менің және бүкіл Қазақстанның басты марапаты- Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарының алтын медалін тартып алғысы келеді. Сондықтан мен бұл шешімге шағымдануға ниеттімін. Құдай өзі жар болсын!" - деді Рахимов.

Естеріңізге сала кетейік, 24 наурызда спорт төрелік сотының допингке қарсы бөлімі (CAS ADD) Рахимовты спорттан сегіз жылға шеттетіп, 2016 жылғы 15 наурыз бен 2021 жылғы 18 қаңтар аралығында алған барлық марапаттарынан, оның ішінде 2016 жылғы Олимпиадада алған "алтынынан" айырғаны белгілі болды.

Abai.kz

0 пікір