Бейсенбі, 29 Қыркүйек 2022
Күбіртке 2444 13 пікір 18 Наурыз, 2022 сағат 12:36

Ғасырдан ұзақ аманат

(Қанды қаңтар мен айқасты ақпанның жүрегімдегі әжімдері)

1913 жыл. 2 ақпан (ескі стиль бойынша)! Алты Алаштың ғұмыр-шежіресіне мәңгілік өшпестей болып жазылып қалар тарихи күн. Аталы жұрттың, ауданды ұлттың аруақты аты «Қазақ!» деп халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған тұңғыш гәзеті Күндей жарқырап шартарапқа сәулелі шапағын шашқан сәт. Тұсаукесер санында газет-журнал шығару ісі әбден қалыптасқан, өркениетке ұмтылған өзге елдердегідей тұмса қазақ баспасөзінің алдында тұрған атқарылар ауқымды міндеттері, аттандар елшілдік ұрандары айқындалды: біріншіден, «газета жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе»; екіншіден, «халыққа білім таратушы»; үшіншіден, «халықтың даушысы».

Араға апта салып, 10 ақпан күні гәзеттің 2-ші саны жарық көрді. Сонау 1905 жылдан бері қол жетпес арманға айналған тұңғыш жалпыұлттық газеттің алыстағы Орынборда тұсауын кескен құрылтайшысы һәм «бас жазушысы» Ахмет Байтұрсынұлы кезекті нөмірдің маңдайшасына ат қойып, айдар тағып, «Орынбурғ, 10 феурал» аталатын жазбасын жариялады. Тақырыпқа сүйеніп әп дегенде Орынборда сол бір күні ерекше саяси оқиға орын ала ма деп елең еткеніміз рас.  Сөйтсек, мұның бәрі көз алдау, қарауыл цензорлардың көңілін басқа жаққа аудару болып шықты. Өйткені, бұл бас мақалада да, одан кейінгі сандардағы «Орынбурғ, 18 феурал», «Орынбурғ, 28 феурал» аталған бас жазбаларда аяқ жолын іздеп, тәй-тәйлаған гәзеттің алғашқы кезекте ұлт мұңы мен жұрт жұмысының ең өзекті-өзекті жанды тұстары айқындалып, алдағы уақытта оларды жан-жақты талқылауға жол ашылғанын көреміз.

Сонымен,  бұдан 109 жыл бұрын «Орынбурғ, 10 феурал» атты бас мақалада «Қазақ» бетінде қазақ үшін ең өзекті тақырып саналған қандай мәселе еді?!.

Халықты қанға бөктірген, жартысынан астамын аштан қырған жиырманшы жүзжылдықта қолдан тұншықтырылған, тіптен тізгінді қолға алған соңғы отыз жылда да түпкілікті шешімі табылмаған не мәселе?!. Әрине, ол – Тіл, Қазақ Тілі мәселесі... Ал бүгінде, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ үшін ең өзекті заманауи мәселеміз қандай? Ұлтымыздың ғасырдан ұзақ жолында жанын ауыртқан, әлі де жүрегін тілгілеп, тірлікте еңсесін көтертпейтін дерті не? Әрине, ол – Тіл, тұғырына қона алмаған Мемлекеттің Тілі...

Мемлекеттің тілі, қазақ тілінің мұң-зары туралы әріге бармай, соңғы жиырма-отыз жылдағы баспасөзде жарияланған жазбаларды тізсеңіз, бұлардың ұзын саны мен кезінде тілші ғалым, тісқаққан сөздікші ретінде көз майымды таусып жарыққа шығарған көлемі мың (!!!) баспа табақтан артылатын  15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігін» он орап алады. Ал нәтиже қандай? Өкінішке қарай – нөл! Сонда әлі де қазақтардың басқаларға қарағанда сөзі ұзын, ісі мардымсыз болғаны ма?!.

Хош, сонымен, аталмыш мақаласында ұлттың ұлы ұстазы,  ағартушы Ахаң бұдан 109 жыл бұрын не депті?..

«Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға һәр түрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра алармыз ба? Осы – бізді дөңбекшітіп, ұйқымызды бұзатын нәрсе».

От басының уайымын емес, жұрт басының қайғысын ойлаған Ахметтей арыстар іргесі ыдырамай, бірыңғай тұтас жатқан халық арасына «Енді арамызға бөтендер келіп кірісейін деп тұр» деп дабыл қағады. Бұл «бөтендері» Ішкі Ресейден ұлан-байтақ Даламызға арып-ашып, сүйретіліп әзер жеткен, шабатасын сүйреткен «қарашекпендер» болатын.

«Қазақ енді бірыңғай, іргесі тұтас қалпында, бұл күйінде тұра алмайды. Егін шығатын жерге егіншілер келіп орнап жатыр, мал бағатын жерге мал өсірушілерді алып келіп орналастырмақшы, балығы бар жерге балықшыларды қондырмақшы. Қысқасы, ол жолмен, бұл жолмен болсын қазақ арасына бөтен жұрттар кірейін деп тұр».

Бөтендер араға кіріскенде, олар босағаны місе тұтпай төрге ұмтылғанда қалың қазақтың күні не болмақ? Осы тұста Ахаң «жұрт күші» деген атау-термин қолданады. Яғни, келімсек жұрт күшті болса, тұрғын жұрт аяқасты болып, азып-тозып жоғалмақшы. Ал тұрғын жұрт күшті болса, келімсек жұрт оларға сіңіп, жергілікті жұрттың торына түсіп, бөтендігі жоғалмақшы. Осы орайда, алға ой жүгіртсек, лек-легімен даламызға ағылған орыстардың алғашқы буындары қазақпен «тамыр» болып, қазақша сайрап, бір-біріне қиын кезде қол ұшын созып, селбескені еске түседі. Ал күні кеше, мәселен, Тың игеру науқанында қоныс аударғандардың, керісінше, өздерін елсіз елді меңгерген, бос жатқан жерді «игерген» қожайын санайтындығын, тіліңді тәрк етіп, өзіңді қара орысқа айналдырып, өздерінің әп-сәтте «бесінші колонна» бола салуға бейім екендігін көз көріп отыр...

Мынау сұм жалғанда екі түрлі тірлік жасап, күн көруге болады: бірі – басың азат, өз бетіңмен өмір сүру; екіншісі – бөтен жұрттың езгісі мен есігінде жүріп тамақ асырау. Ал тұтас ұлт, қалың бұқара бұндай қорлыққа көнер ме?!.

«Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттар ғана тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы һеш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әууелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады».

Боз өкпе бала болып үлкендерді ағалап жүргеніміз күні кеше сияқты-тұғын. Алдыңғы толқын «бірте-бірте өлініп, бұрынғыдай көрініп» уақыт та зымырай береді екен, міне, біз де зейнет жасына іліндік. Қазақтың талай марғасқа игі жақсыларымен араласып, құралас, дәмдес болдық. Алаштың болашағы, ұлттың жасампаздығы туралы ашық әңгімеден қашпадық. Обалы не керек, министр, депутат, академик ағаларымыздың (көбінің бүгінде көзі жоқ, жатқан жерлері жарық болсын!) қай-қайсысы да қазақ ұлтына жамандық тілемейтін, жандары ашып тұрушы еді. Тіптен өмірлік қосағын өзге ұлттан тапқандары да, балаларын басы бүтін орысша тәрбиелегендері де: «Уақыты келеді. Империя құриды. Қазақтың күні туады», – деуші еді күрсініп, қарсы отырған мені емес, өздерін-өздері жұбатқандай.

Ия, ана тіліміздің ешқашан жоғалмасына, ұлтымыздың ішкі күш-қуатына, өз қолымыздың өз аузымызға жетер күндердің туарына сонау советтік кездің өзінде үмітімізді үзбедік. Тәуелсіздік алған соң, бар күмән-қорқынышымыз сейілді, жақсылықты біз көрмесек те, әділетті, демократиялы жаңа елде, шынайы ұлттық мемлекетте ұрпағымыз беймарал өмір кешетініне нық сенімді едік... Күні кешеге дейін, 2022 жылдың қаңтар-ақпанына дейін...

Қаңтарда өз үйіміздегі қанды қырғынды көзіміз көрсе, ақпанда алып Ресейдің кіп-кішкене жаңа Украинаны жүндей түтпек болғанына куәдүрміз. Беттері қалың орыс пропагандистеріне сенсек, украин жұрты мүлдем адасып, теріс жолға түсіпті. Тәуелсіз ел болмақшы, өз тілінде сөйлейді бейшаралар, бөтеннің тілі мен тірлігіне аюандықпен қысым жасауда. Ресейдің айтқанынан шығып, ата жауларымен одақ құрмақ. Бір айттық, тыңдамайды: Қырымын тартып алдық. Екі айттық, тыңдамайды: Украина жерінен екі бірдей тәуелсіз республика құрдық. Үш айттық, тыңдамайды: (шыдамның да шегі бар) демде танкпен талқандап тастаймыз, өкімет басына бізбен дос, өзгемен қырғи-қабақ жаңа басшы әкелеміз... Бізше өмір сүресіздер, біздің айтқанымызбен жүресіздер...

Діндес, қандас туыстарынан опа көрмеген Украина ақпаратына сенсек, өзіндік тілі мен мәдениеті, менталитеті мен идеологиясы бар  су жаңа ұлттық мемлекет құрмақ. Өз жолдарын өздері таңдамақ. Кімге арқа сүйейді, кіммен одақтас болмақ – өздері шешпек. Жер әлемде украин туын желбіретер жалғыз атамекен, ана тілін дамытатын жалғыз мемлекет болмақ...

Тарихи фактіге жүгінсек, кезінде Украина атом қаруынан өз еркімен бас тартқан сәтте әлемнің бес бірдей ұлық мемлекеті, ең сорақысы олардың бірі алпауыт Ресей болатын,  жаңа мемлекеттің шекарасының мызғымастығына, егемендігінің қауыпсіздігіне кепілдік берген (Дәп осындай ант-су ішкен келісім-шарт біздің Ақорданың да сейфінде сақтаулы).

Сонда дейміз-ау,  онсыз да ғаламдық пандемиядан шатқаяқтап оңалуға әрең бет алған мынау дүнияның быт-шытын шығарып, ала құйын аласапыран туғызу кімге қажет?!. Ертеректе қардың басын қар алады, таққұмарлар бірінің бірі басын жұтады деуші еді. Біздің заманымызда бағы жанып, тәжді тақ бұйырғандарды орнынан қозғалту мүлдем мүмкін еместей... Бір сом беріп айтқызып (яки бір сайлап алып), мың сом беріп қойғыза алмастың кері.  Кәртайып алжыса да, қол астындағы бұқарасы кет деп ұрандатса да, бірімен-бірі келісіп алғандай, бәрі жиырма-отыз жылдап орнынан мызғымайды-ау, мызғымайды.  Тіптен бірі өліп бара жатқанда билік тізгінін баласының қолына ұстатады, енді бірін өзінің патша әкесі көппен бірге дауыс беріп сайламақ. Сан рет «сайланып», қитұрқы тәсілдері сарқылғандар, көз жұмып, құлақ естімеген қылмысқа да барады: бұлжымас Ата Заңды сазша илеп, кесімді мерзімін сағызша созады. Біздіңше, әлемді ала тайдай дүрліктірген қаңтар-ақпандағы зілмауыр күндер осындай қиямпұрыс әділетсіздіктердің, заман ақырдың белгісіндей билік басындағылардың оспадар астамшылығының, өзімбілемдігінің салдары.

Бүгінгі күннің ащы шындығы: Ресейдің жеке-дара билігі барлық шешімін халық өкілдері болып табылатын сайламалы органдары арқылы заңды түрде бекітіп алып, ең жақын қандастарының құқығын қорғаймыз деген желеумен оларға қарағанда біртабан алыстау туыстарын қырғынға ұшыратуда. Құдіреті күшті патшаның да ойлағаны оңайлықпен іске аса салмайды. Азат өмірдің дәмін сезіп, ұлттық мемлекеттің туын тіктемек болған Украина жұрты қашып-пысудың орнына қасқайып қарсы тұруда. Басшысынан бастап қосшысына дейін қолына қару алып, қарсыласып бағуда. Бұл діні бір, тілі бір, тарихы ортақ туысқандар арасындағы қанқасап қырғынның қашан тоқтарын, оның әлемдік зардабының қаншалықты боларын ешкім болжай алар емес...

Доллар мен рубль көкпары өршіп, таразы басына тартылғанда, қалтыраған теңгеміздің ұтпасы айдан анық. Сонда біздің алдағы тірлігіміз, болашақ бағдарымыз қандай болмақ?!. Ресейді апа деп, Қытайды жезде деп өмір сүре бермекпіз бе?.. Әлде Алаш арманы, ата-баба аманаты – ұлттық мемлекет құру жолына шындап бет бұрамыз ба?..

2022-нің қаңтар-ақпанын мен ескі жылдың соңы, тозығы жеткен саяси жүйелердің тас-талқан болар ақыры болса екен деп тілеймін. Алда күн мен түн теңесіп, қара түнекті әділеттің ақ түсі жеңіп, жыл құсындай жарқырап Жаңа жылымыз келе жатыр. Жаңа жылмен бірге ұлтымызды ұшпаққа шығарар жаңа қоғамдық-саяси өзгерістер болуға тиісті. Көптің күпті көңілі еліміздің еңсесін көтерер жақсылықтардан үмітті. Ұлтшыл Алаштықтардың ұлық мұраты – ұлттық (қазақтық) мемлекет құруға бел шешіп кірісер кез келді. Аталы жұрттың, ауданды ұлттың аруақты аты «Қазақ!» деп ұран шақырар заман туды. БҰҰ алдында туы желбіреген бар-жоғы 200-ге жетер-жетпес ұлттық мемлекеттер арасында Украина ғана емес, Қазақ Елі де жалғыз. Жалғыздың жары – Алла! Аққа құдай жақ, ақ жол! Ғасырдан ұзақ жол...

Ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы бұдан бір ғасыр бұрын аталмыш мақаласында аманаттағанындай: «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек».

проф. Ғарифолла Әнес

Abai.kz  

13 пікір