Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3261 0 пікір 10 Қазан, 2012 сағат 06:58

Сәкен Сыбанбай. Қазақ болудың қызығы мен қиындығы

«Қазақ боп өмір сүру қандай қызық!» деген екен бір ағамыз. Қазір соның қызығымен қатар қиындығы да аз емес.

Тарақан және тиянақтылық

Кейінгі жылдары бізде екі нәрсе ұшты-күйлі жоғалып кетті. Бірі - тарақан, екіншісі - тиянақтылық.

Әрине, алғашқысынан «айрылып қалғанымызға» өкініп жүрген біз жоқ. Өзіңіз де «жоғалмаса, одан әрмен!» деп, мәз-мейрам шығарсыз. Әсіресе тарақан көрсе талып қала жаздайтын әйелдер қауымының көңілі қош. Ал жағымсыз жәндіктермен «аралас-құраластығы» шамалы бүгінгі жастар сіз бен біздің бұл қуанышымызды бөлісуге аса құштар емес. Жо-жоқ, «олар тарақандардың құрығанына қатты қапаланып жүр» дегелі отырған жоқпын. Оларға мұрты жыбырлаған әлгі мұндарлардың бар-жоғы бәрібір, өйткені, Алматыға осыдан 20-30 жыл бұрын келген біз секілді пәтерде қожайынмен және тарақанмен бірге тұрып, бірге өмір сүріп көрген жоқ.

Үйге кіріп, жарықты жағып кеп қалғанда тым-тырақай безе жөнелетін сол сұмпайылардың неге жоқ болып кеткені туралы былтыр еліміздің бірқатар тарақантанушылары таратып-ақ жазды, сондықтан оған тоқталып жатпаймын.

«Қазақ боп өмір сүру қандай қызық!» деген екен бір ағамыз. Қазір соның қызығымен қатар қиындығы да аз емес.

Тарақан және тиянақтылық

Кейінгі жылдары бізде екі нәрсе ұшты-күйлі жоғалып кетті. Бірі - тарақан, екіншісі - тиянақтылық.

Әрине, алғашқысынан «айрылып қалғанымызға» өкініп жүрген біз жоқ. Өзіңіз де «жоғалмаса, одан әрмен!» деп, мәз-мейрам шығарсыз. Әсіресе тарақан көрсе талып қала жаздайтын әйелдер қауымының көңілі қош. Ал жағымсыз жәндіктермен «аралас-құраластығы» шамалы бүгінгі жастар сіз бен біздің бұл қуанышымызды бөлісуге аса құштар емес. Жо-жоқ, «олар тарақандардың құрығанына қатты қапаланып жүр» дегелі отырған жоқпын. Оларға мұрты жыбырлаған әлгі мұндарлардың бар-жоғы бәрібір, өйткені, Алматыға осыдан 20-30 жыл бұрын келген біз секілді пәтерде қожайынмен және тарақанмен бірге тұрып, бірге өмір сүріп көрген жоқ.

Үйге кіріп, жарықты жағып кеп қалғанда тым-тырақай безе жөнелетін сол сұмпайылардың неге жоқ болып кеткені туралы былтыр еліміздің бірқатар тарақантанушылары таратып-ақ жазды, сондықтан оған тоқталып жатпаймын.

Екінші мәселеге келсек, біз бір нәрсені ақыры бастаған соң аяқтау, тапсырылған істі тиянақты орындау, жан-жақты тексеру дегенді, яғни, тиянақтылықты мүлде ұмытып бара жатқандаймыз. Мысалы, жақында біз тұратын аудандағы мекеменің бірінде оқыстан өрт шықты. Біреу темекісін тартып болып, дұрыс сөндірмей кеткен бе, әлде электр желілерінен бір ақау шыққан ба, өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Мәселе әрі-беріден соң оның себебінде де болып тұрған жоқ. Улап-шулаған жұрт дереу өрт сөндірушілерді шақырмай ма? Алабажақ киімін киіп, асай-мүсейін асынған олар да қып-қызыл мәшинесін аңыратып тез жетті («Жедел жәрдемі» түскір де осылардай асықса ғой, шіркін!). Бірақ тез жеткенін қайтейік, анакондаша шұбатылған шлангілерін қанша бұлғақтатса да, оларының аузынан бір тамшы тамсашы! Сөйтсек, сабаздарымыз, әлгі анекдоттағы асығам жүріп деп үйдегі толғақ қысқан әйелін ала шығуды ұмытып, перзентханаға жалғыз барған әумесер жігітше, көлікте су бар ма, жоқ па, қарап алмай, қасқайып келе беріпті ғой...

Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Құрылысшыларымыз жоспар орындауға асыға ма, әлде ең қажетті материалдарды өздері қымқырып, тұрғызылып жатқан үйлерді ескі-құсқы, жарамсыз дүниелермен ілдалдалай сала ма, әйтеуір жаңа үйге кіргеніне жарты жыл болмай жатып, адамдардың өміріне қауіп төне бастайды: не қабырғасы қисық (амал жоқ, жиһазыңыз да Пиза мұнарасындай қисайып тұрады), не газын қосып-жабу тетігі дұрыс істемейді (үйде балаларды жалғыз қалдыруға қорқасыз), не балконыңыздың бұрышынан бір арматура сораяды... Қайбір жылы он жыл тентіреп жүріп, пәтерге әрең қолы жеткен жерлесімізді құттықтап барсақ, байғұс бала-шағасымен тас қараңғыда отыр. «Әлі жарық беріп үлгермеген шығар, жаңа үйдің аты жаңа үй ғой енді» дейін десек, төменгі қабаттарда «Ильич шамы» көз ұялта жарқырап тұр. Бақсақ, ең жоғарғы қабатқа да электр желілерін жеткізу керек екені құрылысшылардың «есінен шығып» кетіпті!..

Мұндай кінәраттан үкімет те кенде емес. Сонау 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңда нақты атап көрсетілген міндеттің бірі - мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес және қажеттілігіне орай белгілі бір деңгейде білуге тиіс лауазымдар тізімін жасау мәселесі-тұғын. «Оны қашан және қалай түзуді үкімет өзі шешсін» делінген болатын сол кезде. Бірақ атқарушы биліктің онсыз да атқаруға тиісті шаруасы шаш-етектен ғой, қарбалас жұмыстан қолы босамады ма, әлде мойны жар бермеді ме, әйтеуір тізімі түскір сол күйі жасалмады. 2003 жылы ғана ұмытшақ үкіметтің есіне елеусіз қалған ескі міндеті түсті. Онда да өздігінен емес, жоғарыдан түскен ескертуден соң. Тағы да қызу талқылау басталып кетті де, көп ұзамай басылып қалды.

Жаңа жылдың алдында осы мәселе қайта қозғалды. Тағы да сөз күйінде қалды. Неге? Өйткені, бізде ондай міндеттер кілең қазақшаны өзі жетістірмейтін басшыларға тапсырылады. Олардың осы іске жанашырлықпен, жаны қалмай кірісетініне қалай сенуге болады? Олар мемлекеттік тілді қаншалықты меңгеруге тиістілердің тізімін өзіне және өзі сияқтыларға тиімді етіп (мәселен, «министрлік, агенттік басшыларына қазақша 20-30 сөз білсе де жетеді» дегендей бап енгізіп) жасамасына кім кепіл? Бұл - тіл мәселесіне келгенде алдана-алдана шаршаған халықты тағы да уақытша алдарқату емес пе?

Жалпы, осы тізімді жасау қаншалықты ақылға сыйымды? Осыны ойлап көрген адам бар ма? Қандай лауазымдағы адамның қазақ тілін қаншалықты деңгейде білуін несіне шектеп, тізбелейміз? Онсыз да кейбір компанияларда қазір осы сияқты тізімдер жеткілікті. Олар өз қызметкерлерін үш санатқа бөліп тастап, «біріншілер күнделікті қызмет бабында тұтынушылармен түсінісуге қажетті 100 сөз білуі керек, екіншілердің құрығанда 50-60 сөзді білуі сұралады, ал үшіншілерге үш ауыз сөз де жетеді» деген тәрізді бағдарлама жасап алған. Бұл - тілді қорлау емес пе? Конституцияда «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл» деп жазылғаны рас па, демек, оны Қазақстан азаматтарының барлығы да ЖЕТІК меңгеруі керек. Ешкімді алалап, жеңілдік жасаудың қажеті жоқ. Қызмет бабында қажет болатын, яғни, өзі білетін 50 сөзді керекті-керексіз жердің бәрінде тақылдап айта беретін, ал басқа тақырыпқа келгенде аузын аша алмайтын Қазақстан азаматының не керегі бар? Онда қазақ тілін неменесіне мемлекеттік тіл деп дәріптейміз?

Биыл заңдағы осы талапқа 15 жыл толады. Үкімет сол 15 жылдан бері қандай лауазымдағы қызметкерлердің қазақ тілін қаншалықты білуі керектігін «анықтай» алмай, басы қатып жүр. Сөйтіп жүріп, бізден - қарапайым халықтан тиянақтылық талап ететінін қайтерсіз...

Ұлттық мақтаныш

Мектепте оқитын балама ұстазы «шығарма жазып келіңдер» деп тапсырыпты. Тақырыбы - «Ұлттық мақтаныш».

Қазіргі балалардың қарым-қабілетін өте жоғары бағалай ма екен, әлде ақырзаманның айналайындарын айналасына қарауға мұршасын келтірмей, осылай оқыту керек деп есептей ме, әйтеуір бүгінгі оқу бағдарламасы тым қиындап кетті. Бесінші сыныптың оқушысына берілген есепті көріп, техника ғылымдарының кандидаты боп жүрген математик досымның өзі желкесін қасып, ойланып қалды. Бірінші сыныптағы қызыма табақтай екі бет мәтінді оқып, түсінгенін айтып беру міндеттелген екен, ол мәтіндегі сөздердің жартысының мәнін де түсінген жоқ. Ал жетінші сыныпта оқитын ұлыма күн сайын реферат жазып келу тапсырылады. Мұның бәрін бұл мұрны тершіп отырып өзі жаза ма, әлде ғаламтордан көшіріп келе ме, мұғалімдер үшін бәрібір сияқты. Осындайда Алла Пугачеваның баяғы «Песенка первоклассника» деген әні ойға оралады. Есіңізде ме, былай еді ғой:

Нагружать все больше нас

Стали почему-то.

Нынче в школе первый класс

Вроде института.

А у нас стряслась беда -

Сочинение снова.

Лев Толстой в мои года

Не писал такого!

Қырық жыл бұрын әзіл сипатында жазылған ән бүгінде ақиқатқа айналды.

«Жарайды, шығарма жазса жазсын» дедім. Бірақ бұл өзі «ұлттық мақтаныш» дегеннің не екенін түсіне ме десеңізші.

- Түсінем, - дейді балам, - әр халықтың өзінің мақтан тұтатын тұлғалары болады, мысалы, Бауыржан Момышұлы...

- Тоқтай тұр. Тұлғаларды қадір тұтқанымыз дұрыс қой, бірақ бүгінгі күнді алып қарасақ, Қазақ елі әлемде несімен белгілі? Несімен мақтана алады? Осыны ойланып көрсейші.

Оқушым ойланып қалды.

- Қазақстан - тәуелсіз мемлекет, - деді сосын.

- Дүние жүзінде тәуелсіз мемлекет көп, - дедім мен. - Жарайды, онда былай етейік. Әр елдің өзінің мақтанышы болып кеткен бұйымдары бар ғой. Мәселен, мына сен дүкеннен алып ішетін сүтіңнің қорабы - тетра-пакет қай елдікі?

Балам иығын қиқаң еткізді.

- Швецияныкі. Мына радиоқабылдағыш ше?

- Қытайдыкі, - деп ар жағынан қызым тақ ете қалды.

- Дұрыс. Теледидар ше?

- Кореядан шыққан.

- Дәл таптың. Астымызға төсеген кілеміміз ше?

Қызым дереу ас үйдегі шешесіне жүгірді.

- Ирандыкі екен, - деді қайтып келіп.

- Сол сияқты Қазақстан, қазақ несімен мақтана алады, ойланып, сосын барып шығармаңды жаз, - дедім мен ұлыма.

Бала-шағам дереу кірісіп кетті. Шығарма жазуға емес, әрине, үйдегі заттардың қай елдікі екенін анықтауға. Киім шкафы - Ресейдікі, компьютер - Жапонияныкі, диван - Беларусьтікі, тоңазытқыш - Финляндияныкі, шаңсорғыш - Қытайдікі, тіс пастасы - Украинанікі, желім - Кореяныкі... Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда барып ашатын әйелімнің қобдишасындағы қобыраған дәрінің көпшілігі Үндістандікі болып шықты. Кешегі сатушының «алыңыз, өз бағымда өскен!» деп өзеурей мақтаған екі келі алманың өзі Қырғызстаннан әкелінген, нәр-сөлі жоқ дәмсіз бірдеме екен. Қыл-аяғы сіріңке қорабының сыртынан «изготовлено в Череповце, Россия» деген жазуды көрген баламның басы салбырап кетті.

Бәленің бәрін бастап алып, өзім де өкініп қалдым. Күллі әлемнің дүниесін үйімізге үйіп алып отыр екенбіз-ау, шынында да... Өзіміз ештеңе өндірмейтін болып тұрмыз ба сонда? Әлде сапасы сын көтермеген соң, мүлде алмаймыз ба?

- Қымыз бар ғой, қазақтың ұлттық мақтанышы деуге лайық, - деді бір кезде әйелім әңгімеге араласып.

- Бар ғой, бірақ оның өзін қазір немістер иеленіп, сертификатын алып қойған. Былтыр Алматыға келіп, қымыз өнімдерін өндіру жөнінен қазаққа дәріс оқып кеткен жоқ па? - дедім мен.

- Солай екен-ау...

«Шығарма тақырыбын аша түссек» деген ойым бізді мүлде басқа арнаға ауытқытып жібергенін түсіндім. Мұны балам да байқаса керек:

- «Бауыржан Момышұлы - ұлтымыздың мақтанышы» деп, бағанағы өз ойыммен бастап, жаза берсем қайтеді? - деді.

Келістім. Күрсіндім...

Телефон мәдениеті

 

Үйдегі телефон шырылдады. Тұтқаны көтердім.

- Қалайсың? - дейді бейтаныс біреу.

- Жақсы, - дедім.

- Не жаңалық?

- Пәлендей жаңалық жоқ. - Дауысынан кім екенін ажырата алар емеспін.

- Бала-шаға шауып жүр ме? - дейді ол етене араласатын жанша еркін сөйлеп.

- Шауып жүр. - «Біреудің бала-шағасында жұмысың қанша, кімсің өзің?» дегім келіп тұрса да, сабыр сақтадым. Таныс кісілердің бірі болып шығуы да мүмкін ғой.

- Мені таныдың ба? - деді ол тура сол ойымды оқып қойғандай.

- Жыға танымай тұрғаным... - деп күмілжідім, «Шымкент-шоудағы» Күлпаш келінше «Танитындай «МузАрт» па едің, не?» дей жаздап.

- Неге танымайсың? - дейді анау сыздай түсіп. - Кісі боп кеттің бе?..

- Кісіліктің қатысы қанша бұған, кім болдыңыз енді, айтсаңызшы?

Кергіп отырып, мені тергеп-тексеріп отырып, ақыры кім екенін айтты-ау. Сөйтсем, араласпай кеткенімізге жеті-сегіз жыл болған бір ескі танысым болып шықты. Сонша жыл сөйлеспеген адамды мен бірден тануым керек екен. Қызық, ә!

Бірде (бұрынырақтағы оқиға) жұмыста едім, телефон тағы безілдей жөнелді. Аядай кабинетте алты адам отырамыз, телефон маған жақын тұр еді:

- Әлеу, - дей қойдым.

- Көмекбай, әлгі Сәбетханның тойы сағат нешеде еді? - дейді сымның ар жағындағы біреу.

- Кешіріңіз, мен Көмекбай емеспін, қазір шақырайын оны, - деп тұтқаны кабинеттің ана шетіндегі қызметтесіме бердім...

...«Мәдениет» дегенде біз оны негізінен театр, кино, музыка, музей, бейнелеу өнері салаларына ғана тән түсінік деп білеміз. Қарым-қатынас мәдениеті, сөз мәдениеті, сөйлеу мәдениеті деген ұғымдардың да бар екенін, оның маңызы басқалардан тіпті де кем еместігін ескере бермейміз. Қоғамдық орындарда, көшеде, жиын-тойларда адам өзін-өзі қалай ұстап, қалай сөйлеуі керек деген мәселелерге де мән беруді ұмытқандар аз емес. Енді, міне, тым болмаса телефон арқылы тілдесудің жөн-жосығын білуді өзіне тең санамайтындар да шықты.

Мәселен, жеті-сегіз жылдан бері сөйлеспеген адам әуелі «есіңде ме, ұмытып қалған жоқсың ба, мен Пәленшемін ғой» деп өзінің кім екенін айтып, амандық-саулықты сосын сұрағаны жөн емес пе? Ал мекемеге қоңырау шалып отырған кісі бір кабинетте жалғыз Көмекбай отырмайтынын, тұтқаны басқа біреудің де көтеруі мүмкін екенін ойлап, бірінші сәлемдесіп алып, сонан соң ғана «Көмекбайды телефонға шақырып жіберіңізші» деп өтінсе болмас па еді? Бала емес, шаға емес, дардай адамдарға осындай ұсақ-түйекті де ескертіп, үйретіп отыру керек пе сонда? Түсініксіз.

Телефон таң атпай шырылдаса да, түннің бір уағында безілдесе де, «Апыр-ай, бұл кім екен, тыныштық болса жарар еді...» деп, кез келген адам секем алып қалады. Кейде сондай қорқыныштан ұйқыңыз шайдай ашылып, тұтқаға жармасқанда еститініңіз - «Мен ғой, әлі тұрмағансың ба, немене? Жай, кеше қол тимегесін, бүгін хабарласып жатқаным ғой...» немесе «Жатып қалмап па едіңдер, бағана күндіз айтуды ұмытып кетіппін, әлгі ше...». Сондағы айтатындары - болмайтын әңгіме, кәкір-шүкір, ұсақ-түйек. Соларды құлқын сәріде немесе жеті түнде емес, тәуліктің хабарласуға қолайлы басқа уақытында да айтуға болады емес пе?.. «Негізінде, оқыс оқиға болып қалмаса, таңғы сағат 8-ге дейін, сосын кешкі сағат 10-нан кейін телефон соғуға болмайды» деп жас балаңызға үйретерсіз, ал соны сомадай болғанша санасына сіңірмеген сабаздарға қалай түсіндірмексіз...

Ұялы байланыс пайда болғалы бері жағдай тіпті ушыға түсті. Енді жұрт уақыт есептеуді де қойды, күн демей, түн демей қолынан телефон түспеуге айналды. Номерін жасырып қоңырау шалу дейтін үрдіс шықты. Сіз кім екенін біле алмайсыз, бірақ ол ойына келгенін істей алады, қысқа қоңырау тастап, мазақ қылады. Қайыра хабарласайын десеңіз, номері көрсетілмеген. Бұрқылдап-бұрқылдап, өзіңізге өзіңіз ұрсып, ақыры басыласыз.

...Бірде түннің бір уағында телефон тағы баж ете түсті.

- Алло, Серік бар ма екен? - дейді бір жастау жігіт.

- Қайдағы Серік? Бұл үйде ондай адам тұрмайды.

- А-а-а... Ал сіз кімсіз?

Не жұмысы бар? Әбден жыным келді. Жеті түнде мазаны алғанымен қоймай, тағы менің кім екенімді сұрайды.

- Шырағым, Серіктің бұл үйде тұрмайтынын білдің, енді менің кім екенімде не шаруаң бар? Жалпы, қазір сағат түнгі бір, мұндай уақытта қоңырау шалудың әдепке қайшы екенін білмейсің бе?

- Өзіңіз түнгі бірде неғып ұйықтамай отырсыз?

Мұндай адамға дауа жоқ екенін ұққан мен қолымды бір сілтеп, Оспанханша айтқанда, телефонды тура ұрып жықтым...

«Abai.kz»

0 пікір