Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 4013 3 пікір 17 Наурыз, 2022 сағат 12:37

Күрескерлікке үндейтін туынды

Жақында «Дәуір» баспасынан жазушы, тарихшы, публицист, қоғам қайраткері Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаевтың «Өмір – күрес» атты тарихи миниатюралар жинағы жарыққа шықты. Мәдениет министрлігінің «Республикалық бюджет қаражаты есебінен әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген бұл кітапқа еліміздің дамуының әр кезеңінен танымды мағлұмат беретін туындылар топтастырылған.

Әуел баста ықылым заманғы бір ойшылдан шыққан, бертінде революциялық өзгерістерді уағыздаған көсем аузымен кең таралған тұжырым – өмірді  күрес ретінде қарастырған тұжырым, кітап авторының ойынша, өте дәл аңғарылған шындық, оған дәлелді ақбас тарихымыздың ұзына бойынан  көптеп кезіктіруге болады.  Тіршілікпен қоян-қолтық жүретін, ешқашан толастамайтын сол үлкенді-кішілі үздіксіз күрестің үлкен тарих тұрғысынан қас-қағым сәт қана екенін біле тұра, оның маңызды тұстарын есте қалдыру мақсатында жазушы бұл жаңа жинағына қоғамдық ұзын ғұмырдың тоғыз мезетін ғана арқау еткен көрінеді.

Қас-қағым сәттердің бірін автор ғасырлар тереңінен таңдайды. «Біздің бабаларымыз дербес елдігімізді нығайту үшін күресті. Бүгінде біз солардың еңбектерін әділ бағалау жолында күресудеміз» дей келе, жазушы осы ойын ашуға кітабының алғашқы бөлімін арнайды. Сөйтіп онда дербес қазақ мемлекетінің тәуелсіз дамуды нығайтуға тырысқан және дербестіктен айрылған кезеңінен сыр шертеді. Ал жинақтың екінші бөлімінде Ресей империясының заң шығарушы мекемесінде өркениетке сай күрес жүргізіп, ұлт мүддесін қорғауға тырысқан әрекеттердің күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған маңызды тарихи сәттері жайында әңгімеленеді.

Бұлардан кейінгі  үш бөлімде патшаның тақтан құлауы, самодержавиенің орнына келуге тиіс мемлекеттік құрылымның түрін таңдау, отарлық езгіге түсіп, байырғы тұрпатын жоғалтқан қазақтың ұлттық мемлекетін жаңаша жаңғырту және оны тарих сахнасынан тап туын көтерушілердің ығыстыруы әңгімеленеді. Қазақтың 16-шы жылғы ұлт-азаттық көтерілісі патша тағын шайқалтуға өзіндік үлес қосқаны белгілі, ал императордың биліктен кетуі қазақ халқының азаттық алуына жол ашқан  маңызды тарихи сәт болғандықтан, автор кітабының үшінші бөлігін соған арнапты. Монархия құлағаннан соң, езілген жұрттардың, соның ішінде қазақтың да  көзі ашық өкілдері  империя орнына елдік мүддеге жауап бере алатын мемлекеттік құрылым орнату үшін күрескені мәлім. Кітаптың төртінші бөлімінде соның бір мысалы тілге тиек болады. Қазақтың жаңа сипатты ұлт-азаттық қозғалысы отаршыл құрылыс жойған мемлекеттілікті өркениет талабына сай  жаңғыртқанмен, біртұтас ұлттық мүддені күйттегендерден таптық мүдде туын көтергендер басым түседі де, ақыры, осы бағытпен елдік мұратқа жету жолы таңдалады. Бұл  бесінші бөлімге арқау болған.

Жинақтың алтыншы, жетінші бөлімдерінде советтік кезеңдегі ұлттық мүддені көздеген  күрес түрлері сөз болады. Совет өкіметі орнағаннан кейін, автордың пікірінше, тағы бір революциялық өзгеріс жасалды: Орта Азияда ұлттарды аумақтық-мемлекеттік бөліністерге жіктеп, межелеу науқаны жүргізілді. Қазақ ұлан-ғайыр жер-суының оңтүстігінде аралас-құралас ғұмыр кешіп жүрген түркі тектес ағайындарымен ірге бөлісу үдерісін бастан өткерді. Тарихтың алтыншы қас-қағым сәтін бейнелеген тарауда сол жайында сөз болады. Кеңестік солақай реформалар  кезінде халық қасіретті күйзелістерге, жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Жетінші бөлімде сол кезеңнің  бір қаһарманының тағдырын арқау еткен хикаят бар.

Соңғы екі тарау мемлекеттік тәуелсіздік дәуіріндегі күрестердің кей мезеттерін көрсетуге арналған. Бірінде (сегізінші бөлімде) ел билеуші коммунистік партия басшылығының озбыр астамшылықпен Сексен алтының желтоқсанында қазақ еліне қарсы жасаған соңғы қылмысы және оны әшкерелеудің қиын жолдары баяндалған. Яғни Желтоқсан шындығын толық ашу тәуелсіздік жылдарындағы күрестің маңызды бір түріне айналды, мұны сегізінші қас-қағым сәт ретінде жасалған шағын шолудан аңғаруға болады.  Ал екіншісінде (тоғызыншы бөлімде) елдің баянды болашағын бекем қамтамасыз етуге тиіс шаралардың бірі ретінде, адамдарды бұрын айтылмай келген қайғылы тарих арқылы тәрбиелеуге, тарихи сананы жаңғыртуға мән берушілердің іс-әрекеті көрсетіледі. Демократиялық құндылықтарды бекем орнықтыруға атсалысуды мақсат еткен қоғамдық ұйымның қызметі жөнінде әңгімеленеді.

Б. Қойшыбаевтың осындай жүйеге құрылған «Өмір – күрес» атты тарихи миниатюралар жинағы еліміздің даму жолындағы ұмытуға болмайтын кезеңдер жайында оқырмандарға танымды сыр шертеді. Кітаптағы хикаяттарға арқау болған тарихи деректер, сөз жоқ, бүгінгі тәуелсіздік күрескерінің білімін толықтыра түспек. Аталған маңызды тақырыптарды қозғаған туындылар Отан тарихын білуге қызығушылық танытатын жастардың, студенттер мен оқушылардың, қалың көпшіліктің отаншылдық сезімін ұштай түсуге жәрдемдесеріне күмән жоқ.

Балжан Хабдина,

ҚР баспа және полиграфия  ісінің қайраткері

Abai.kz

3 пікір