Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3812 0 пікір 9 Қазан, 2012 сағат 08:39

Жанар Байсемізова. Қазақ баласын – болашағын сатып жатқан Қазақстанға американдықтар алғыс айтады

;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">
;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">

 

Қазақстан шетелге бала сататын мемлекеттер қатарына жатады. Яғни, болашағын саудаға салған елдердің ішінде менмұндалап тұрған да біздің ел.

Әдетте, әлеуеті өсіп, экономикасы дамып, халқының әл-ауқаты артып келеді дейтін Қазақстанда балалар үйін паналаған тұл жетімдерді сату әлі күнге тоқтаған емес. Бала саудасына қоғам қанша жерден қарсы болғанымен, билік шетелге бала сатуды тоқтатқан жоқ.

;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">
;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">

 

Қазақстан шетелге бала сататын мемлекеттер қатарына жатады. Яғни, болашағын саудаға салған елдердің ішінде менмұндалап тұрған да біздің ел.

Әдетте, әлеуеті өсіп, экономикасы дамып, халқының әл-ауқаты артып келеді дейтін Қазақстанда балалар үйін паналаған тұл жетімдерді сату әлі күнге тоқтаған емес. Бала саудасына қоғам қанша жерден қарсы болғанымен, билік шетелге бала сатуды тоқтатқан жоқ.

Шекара асып, жат қолда өсіп жатқан қазақ баласының халін білмекке біреу іздеп барыпты, билік назар салып жатыр екен дегенді естімдік. Жетімдердің жайын білу үшін Америка мен Еуропаға барған біз білетін бір адам бар. Ол - қаршадай қыз, журналист Жанар Байсемізова.

Бүгін Жанардың АҚШ-тағы қазақ балаларының өмірімен таныстыратын мақаласы мен бейнематериалын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Келесі кезекте Бельгиялықтар асырап алған қазақ бүлдіршіндерінің жай-күйін көретін боласыздар!

Бейнематериал 2009 жылы «Хабар» арнасынан «Арнайы репортаж» айдарымен көрсетілген. Ал, мақала сол тұста «Жас қазақ» газетіне жарияланған еді.

«Abai.kz»

 

Атлант мұхитының үстінде ұшып келе жатырмыз. Сананы сан түрлі ойлар қаумалайды. Шынымен де Америка қазақ балаларының Отанына айналды ма?  Шынымен де әлемді айтқанына көндіріп, айдауына салып отырған алпауыт мемлекет қазақтың қара домалақ, қаракөзін жатсынбай, туған баласындай мәпелеп отыр ма? Неге қазақ балғындары айдаладағы американдықтарға айдай көрінді екен деген сансыз сұрақтар жол бойы мазалап келді. Міне, шартарапқа аты мәшһүр болған, біреуді жаншып, езгіге салып, әлемде өз үстемдігін жүргізіп келе жатқан Америкаға да келіп жеттік. Әуе кемесі «Даллас» әуежайына аман-есен қонғанда шүкір дедік. Сапарымның  басты мақсаты - Америкаға жұлынып кеткен қазақтың бір бөлшегін іздеп тауып, олардың тұрмыс-тіршілігін қазақ халқына еш боямасыз жеткізуге жазсын деп,  тіледім іштей. Алдымыздан қарсы алған Қазақстанның АҚШ-тағы  елшілігінің қызметкері бізді американдық отбасының асыға күтіп отырғанын жеткізді. Осылайша Американың жүрегі Вашингтонға тартып кеттік. Жасыл желекке оранған қала Алматыны еске түсіреді. Алматыдан ерекшелігі тазалығы көз тұндырады. Амеркандықтардың жүрегінде әлі күнге ең сүйікті Президенттер ретінде сақталған Вашингтон, Джефферсон, Линкольнға аппақ мәрмәрдан соғып тастаған мемориалдарды көріп, таңданысыңды жасырмайсың. АҚШ жұрты қанша уақыт өтсе де, оларды ұмытпай, бас иіп келеді. Жолдағыны қызықтап, қазақ қызын бауырына басқан Шапиролар отбасына қалай жеткенімізді сезбей қалыппыз.

 

Вашингтон. Арайлым Шапиро

Алдымыздан аяғын енді ғана тәй-тәй басқан Арайлым шықты. Алматыдағы нөмірі екінші балалар үйінен асырап алынған бүлдіршіннің мұхит асып келгеніне жарты жыл ғана болыпты. Бір жарым жасар Арайлымның тілі жаңа жаңа шығып келеді. Қазақша емес, ағылшынша бір-екі сөздің басын айтады. Түрі басқа, діні басқа, ұлты басқа ерлі-зайыптылар Арайлымның тәтті қылығына сүйсініп, туған ата-анасындай еміреніп отыр. Меган мен Сет Шапиролар: «Арайлым өте зерек, ақылды, ол келгелі үйіміз қуанышқа толды, ол біздің шаңыраққа бақыт сыйлады»,-дейді. Американдықтар Арайлымды тастап кеткен анасы қойған есімін өзгертуді қаламапты.  Туған балалары сегізге толғанда бала асырап алуды жөн көрген американдық отбасы қазақтардың отбасына деген көзқарасы, салт-дәстүрді берік ұстанатыны қатты ұнады, қазақ елін таңдауға осы жағдай түрткі болды деп түсіндірді. Арайлым өскенде туған жеріне апарамыз, оның туған тілін білуге күш саламыз дейді Шапиролар әулеті. Арайлымның төсегінің тұсына қазақтың түскиізін іліп қойыпты, қызымыз өскенде оның тарихы бай елден екенін айтамыз, қазақ екенін жасырмаймыз дейді. Қамшы мен қазақ батырларының  сауыт-сайманын да қабырғаға іліп қойыпты. Осылайша бір сәтте қазақтың қызының анасы католик, әкесі еврей болып шыға келді. Ұлымыз сияқты Арайлым да өскенде қай дінді таңдау құқығын өзі шешеді дейді американдықтар. Бала жүрек қазір ешнәрсені түсінбейді. Өзіне мейіріммен қараған, түрлері өзгеше адамдарды жақын тартады. Есі кіргенде ғана ата-анасына неліктен ұқсамайтынын, қазақ жеріне неге сыймай кеткенін ойлана бастайтын шығар.

 

Вирджиния. ЕРМЕК-ЭРИК БЛАУЭРС-САРАНАК

Вирджиния штатындағы Арлингтон қаласында тағы бір қазақтың баласы алаңсыз өмір сүріп жатыр. Қазақ топырағында туылған Ермекті Пола мен Алан небәрі жеті айлығында асырап алған. Қазір Ермек тоғыз жасқа келді. Түріне қарап қазақ демесең, нағыз американдықтан аумайды. Американдық ата-анасы оның есімін де өзгертіп, Эрик деп атайды. Үйлері хан сарайынан кем емес. Американдықтар баланың жан-жақты жетілуі үшін барлық жағдайды жасап тастаған. Әкесі программист, компьютерлік бағдарламалар компаниясында басшы қызметін атқарады. Анасы қазір жұмысын тастап,  бүкіл уақытын Ермектің тәрбиесіне арнапты. Өз перзентін сүйе алмаған отбасы Ермек десе ішкен астарын жерге қояды. Бала асырап алу, жетім балаға отбасын беру өте қасиетті іс. Бұл өмірге өзің бала әкелгеннен де артық бақыт деп санайды олар. Ермек өзінің қазақ екенін біледі. Американдықтардың болмысындағы ерекшелік шығар, олар ешуақытта баланың тегін, ұлтын жасырмайды екен. Ермектің түпкі тұғырынан ажырамасын дейді ме кім білсін, үй ішінде Қазақстаннан әкелген бұйымдарды самсатып қойған. Қазақтың қара сандығы, қолөнер бұйымдары, Қазақстан туралы кітаптар толып жатыр. Ермектің бойында қазақтың қаны бар екені бәрібір байқалады. Жылқыға жаны құмар екен, Қазақстаннан достар тапқысы келеді. Американдық ата-анасы оның тұсауын да кесіп, сүндетке де отырғызған. Пола Қазақстаннан әдейі әкелген түскиізін де көрсетті, Ермек үйленгенде келініме сыйлаймын дейді. Оның осы сөзді риясыз, шын айтып тұрғанына сенгіміз келді. Ермектің болашағының жарқын болатынына шүкір дедік, жүректі әлдебір өкініш те тілгілеп өтті.     

 

Нью-Йорк.

Ғимараттары көк тіреген, әлем астанасына айналған Нью-Йоркте де қазақ балалары өріп жүр. Қазақстандық жетім балаларды асырап алған американдық отбасылар еліміздің БҰҰ жанындағы өкілдігінің ғимаратына  жиналды.

 

Ғалым-Колин Керк және Айдана-Молли Керк.

Төрт жыл бойы баласыз өмір сүрген Вебер Джин Керк пен әйелі екі діни ағымды ұстанады, бірі - католик, екіншісі - протестант. Екі бірдей қазақстандық балғынды бауырына басыпты. Бес жасар Ғалым Оралдағы, ал екі жасар Айдана Шортанды  қаласындағы балалар үйінен. Кішкентай кезінде Ғалымның топ-томпақ түріне қарап, американдық ата-анасы оны Бауырсақ деп атапты.  Ғалым деген есімнің жанына Колин деген ат қосарланды. Қазақтан туылған балғынның ұлты да өзгерді. Қазақстанда берілген төлқұжатта оның ұлты американдық деп анық жазылған. Қазақ дегеннің кім, қандай ұлт екенін жете білмесе де, Америкаға қандай себептермен келгенін түсінбесе де Ғалым өзінің қазақ екенін біледі. Ал, қарындасы әлі еш нәрсені сезінбейді. Өзіне еміренген адамдарға еркелеп өсіп жатыр.  

 

Нью-Йорк. Сабина Бакли

Жалғызбасты әйел Каролина Бакли Сабинаны сегіз айлығында Астанадағы балалар үйінен асырап алыпты. Қазақ қызын бауырына басқаннан кейін ғана шаңырағына құт орнап, сегіз жыл некесіз тұрған адам оған үйленуге ұсыныс жасапты. Каролина: «Сабинаны алғалы бері ғана түсіндім, ол менің өмірімнің жоғалып қалған бөлшегі екен, ол келісімен сол саңылау бекіді, бәрі орнына түсті, жаным жай тапты. Ол менің туған балам, тек екеуміз бір-бірімізден бөлініп, ажырап қалғанбыз. Екеуміз бірге болу үшін жаратылғанбыз. Мен шексіз бақыттымын, балалы болғаннан кейін өмірім түбегейлі өзгерді»,-дейді. Қазақстан Үкіметіне ұшан-теңіз риза көңілін білдіріп, алғысын жаудырды. Жомарт қазақтың бала сыйлағаны үшін.

 

Нью-Джерси штаты. Азамат - Лием Джозев Иззо.

Осыдан төрт ай бұрын ғана Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан Азамат тағдырдың жазуымен Америкадан бір-ақ шықты. Әлі бірге де толған жоқ. Құрсағын жарып шыққан шаранасының Атлант мұхитының ар жағына өтіп кеткенін безбүйрек анасы сезді ме екен?! Енді оны ешкім де Азамат деп атамайды, туыла салып тас жетім атанған сәбиге есімді перзентханадағы дәрігерлер қойыпты. Кит пен Жаклиннің оның атын өзгертуге осы жағдай түрткі болған көрінеді. Олар балаға тек ата-анасы ат беруі керек деп біледі. Ерлі-зайыптылар баламыз ер жеткенде оның қазақ екенін айтамыз, қазақтардың салт-дәстүрі мен діні жайында айтамыз деп құлшынып-ақ отыр. Бірақ ана құрсағынан мұсылман болып туылған Азамат енді католик болады. Американдықтар мұсылман дінін сақтай алмаймыз деп кесіп айтты.

 

Род-Айленд. Сара Ремлер-Саксон

Род-Айленд немесе мұхит штаты. АҚШ-тағы жер көлемі жағынан ең кішкентай штат. Мұнда да қазақстандық балалар өмір сүреді. Солардың бірі -Сара. Америкадағы қазақ балаларын іздеп, қазақтар келе жатыр дегенді естіген ол бізді асыға күтіпті. Жәудіреген қара көздері жүрегіңді шымырлатып-ақ жібереді. Біз үшін әдейілеп ұзын көйлеп киіпті. Бұрындары қазақтың қыздары тек-жеңін көрсетпей, ұзын бүрмелі көйлек киген дегенді де біледі екен. Сюзан Саксон оны тоғыз айлығында Алматыдағы балалар үйінен асырап алған. Сараны өмірге әкелген анасының оны  балалар үйінің табалдырығына тастап кеткенін де біледі. Оған налымайды да, бар махаббатын төгіп, аялап өсіріп жатқан американдық анасын жанындай жақсы көреді. Сюзан Саксонның ұлты еврей. Америка сансыз ұлттар сапырылысқан үлкен қазандық болса да әркім өзінің қайдан, кім екенін есте шығармайды. Сол сияқты Сараның еврей емес, қазақ қызы екені ешкімге жасырын емес. Сараны асырап алған ерлі-зайыптылар қазір ажырасып кеткен, Сара анасының қолында қалыпты. Бірақ ештеңеден таршылық көріп отырған жоқ. Род-айленд штатындағы ең ірі қалалардың біріндегі таңдаулы мектепке барады. Бейнелеу өнерімен, спортпен айналысады, сурет салады, ән айтып, мың бұралып билейді. Тал шыбықтай нәзік қыздың бойынан барлық асыл қасиеттерді, қазаққа тән ибалықты табасың. Домбырасы да бар. Қазақстаннан Америкаға жарты әлемді басып ұшып келгенін, қазақтардың бұрын көшпенді халық болғанын, тіпті жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп отырғанына дейін біледі. Есейгенде анасымен бірге қазақ топырағына баруды армандайды. Сюзан Саксон Сараны тастап кеткен анасына бізден «сәлем» айтып жіберді. «Қызын тастағаны үшін опық жеп өкінбесін, ол сенімді қолда, мен Сараны ешуақытта жылатпаймын», дейді американдық әйел. Қазақ әйелінің жүрегін жібітпеген қаршадай қыз осылайша американдық әйелді бақытты адамға айналдырып отыр. Сараның рахмет деген қазақша сөзді ғана тілін бұрап әзер айтатыны өкінішті. Бірақ бұған ол жазықты емес. Кінәлі біздер.

Дәлосы Сараның анасы Сюзан Саксонның бастамасымен Америкада Қазақ ауылы құрылған.

 

Род Айленд. Крэнстон қаласы. Сәкен-Колин Моровиц.

Сәкен Америкаға үш жасында келген. Оны да асырап алған отбасы қазір бөлек тұрады. Сәкен көбінесе әкесінің жанында болады. Мамандығы адвокат Дэвид Моровицтің Сәкенге дейін туған екі баласы бар. Бірақ олар ер жеткен соң өз жөндерімен кетіпті. Қазір американдық азаматтың жалғыз жұбанышы да, қолғанаты да қазақ баласы. Сәкен қазір он жасқа келді. Хан сарайындай үйде тұрады, спортпен айналысады, өз қатарластарының алды. Дэвид Моровиц оны Америкадағы беделді деген жоғарғы оқу орындарының бірінде оқытамын, оның болашағы керемет болады дейді. «Егер есейгенде  Қазақстанға кетем десе, туған ата-анамды іздеймін десе қарсы тұрмаймын, көмектесем. Бірақ бәрібір менің жүрегім ауырады, бұл жайында ойлағым келмейді. Ұлымнан айырылғым келмейді. Оны асырап аларда балалар үйінің басшысына Сәкен-Колин есейген соң, Қазақстанға апарамын деп сөз бергенмін. Сол уәдемде тұрамын»,- дейді Дэвид Моровиц.

 

Америкадағы ҚАЗАҚ ауылы

Род-Айленд штатындағы ҚАЗАҚ ауылы қазақ қызы Сараны асырап алған Сюзан Саксонның бастамасымен және осында тұратын қазақ Жанат Байдаралиннің қолдауымен 2005-ші жылы ашылған. Жазғы лагерь. Шілде айынан бастап жұмыс істейді. Жайлауда бір апта бойы Америкадағы қазақстандық балалар қазақтың салт-дәстүріне қанығады. Жыл сайын мұнда АҚШ-тың 35 штатынан отбасылар жиналады. Қазақ ауылының басты мақсаты қаракөздердің қанындағы қазақылықты сақтап қалу. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі биылдан бастап Қазақ ауылына мұғалімдер жіберуді көздеп отыр. Бұл американдық азаматтар асырап алған қазақ балаларының тілі, діні, ділінен, мәдениетінен ажырап қалмауы үшін ұйымдастырылып отырған бастама. Елшілік қазақ тілін үйрету арқылы балалардың санасына  ұлттық құндылықтарды сіңіреміз деген ниетте. Қазақ ауылының арт-директоры Данияр Байдаралин игі шараның үзіліп қалмауына Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау қажеттігін айтады. Елден ұлттық өнерді насихаттайтын өнер адамдарын әкеліп, сусап отырған қазақ балаларының шөлін бір қандырсақ дейді. Алайда бұған қаржы тапшылығы дес бермей отыр.

 

Қанша қазақстандық бала мұхит асты?

Қазақстанның шетелдегі мекемелерінде консулдық есепте 7247 бала тіркелген. Олардың басым бөлігі, яғни, 5925 бала АҚШ-та өмір сүреді. Бұл ресми ақпарат. Шын мәнісінде Америкадағы қазақстандық балалардың саны жеті мыңға жетіп қалыпты. Болашақта олардан ұланғайыр жерімізге иелік ететін қаншама қазақ ауылы өрбитін еді. Осыдан барып, шетке бала беру мәселесі ең бірінші мемлекеттік қауіпсіздіктің әлсіреуіне ықпал етіп отыр деген ой түйесің. Миллиардттаған халқы бар Қытайдың өзі шетке бала беру мәселесіне аса сақтықпен қарайды. Аспан асты елінен бала алғысы келген шетелдік азаматтар үш жылдан бес жылға дейін кезек күтеді. Американдықтардың қазақ баларын асырап алуға құмартуы да заңымыздың осалдығын байқатса керек. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің консулы Алмат Айдарбековтің айтуынша, Америкада бала асырап алуға бір отбасы шамамен 25-35 мың долларға дейін қаражат жұмсайды. Оның 7 мың доллары бала асырап алу жөніндегі халықаралық агенттіктердің қалтасына құйылады. «Егер Қазақстан Балалардың құқығы жөніндегі Гаага конвенциясына қосылса елден шетке бала беру азаяды, американдық отбасылар мен нанын қазақстандық жетім балалар арқылы тауып жүрген агенттіктердің жұмысына бақылау күшейеді». Бұл пікірді АҚШ Мемлекеттік Департаменті, Халықаралық бала асырап алу жөніндегі басқарма бастығы Гери Фуллердің өзі айтып отыр. Тек өткен жылы ғана Балаларды қорғау және мемлекетаралық бала асырап алуға қатысты  ГААГА конвенциясына қосылған алпауыт мемлекет елдегі агенттіктердің қызметін жіті тексеріп, тек 250 мекемеге ғана лицензия берген. Гери Фуллердің айтуынша, Қазақстаннан асырап алынған балалар АҚШ-тың территориясына өткен соң бірден Америка азаматтығын алады және әрбір американдық сияқты толыққанды  құқықтарды иеленеді. Әлеуметтік қызметкерлер олардың тұрмыс жағдайын, денсаулығын үнемі тексеріп отырады. Осыған дейін Америкадағы орыс балаларының жәбірленіп жатқандарын жариялап, ұлардай шулаған Ресей бала асырап алуға байланысты заңдық талаптарын күшейткені белгілі. Көрші қырғыз елінің өзі шетелдіктердің бала асырауына уақытша мораторий жариялап тастаған. Ал, мұхит асып жатқан өрімдей қазақ балаларының саны жыл сайын ұлғайып келеді. Тек былтыр бір ғана қазақ елінен төрт жүзден астам бала американдық отбасыларға берілген. Жалпы, бүгінгі күні Америкада  шет елдерден асырап алынған 200 мыңнан астам жетім бала өмір сүреді. Былтырдың жылдың өзінде АҚШ азаматтары 17 мыңнан астам баланы асырап алған. Бұл бүкіл әлем бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Алғашқы кезекте Гватемала, Қытай. Үшінші орынға Ресей жайғасқан. Ал, Қазақстан оныншы орынды иеленеді. Неге американдықтар өзге ұлттың ұрпағын алуға құштар? Мұның бірнеше себебі бар. Мәліметтер бойынша АҚШ халқының елу пайызы бедеуліктен зардап шегеді, кеш отау құрады. Кейбірі бала көтеру қабілеті бола тұрса да, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді асырап алуды жөн көреді. Мұны діни тұрғыдан қайырлы іс деп таниды. Сондай-ақ американдықтар Қазақстандағы балалар үйінде басқа мемлекеттермен салыстырғанда жақсы жағдай жасалған, тәрбиешілер бала күтіміне ерекше мән береді деген ұстанымда. Біз сұхбаттасқан американдық отбасылардың басым бөлігі Ресейден бала алғысы келмейтіндерін айтып қалды. Олардың пайымдауынша, орыс балаларының басым бөлігі ішімдіктің зардабынан туылғандар. Осы жағынан алып қарағанда да американдықтар қазақ ұрпағының тазалығына қатты мән береді екен.

 

Шетелге ағылған қазақ балалары қазақты ата діннен тайдыра ма?

Осы тұста жат елге бала беру мәселесінде қазақ ұлтына қауіп төндіретін тағы бір қасіреттің бар екені шындық. Ол өзіміздің қаракөздердің кейін өз ұлтының арасында шетелдің тыңшысына айналуы немесе онсыз да жат ағымдармен іри бастаған қазақты шоқындыру саясаты. Миссионерлердің әсіресе мына сөзі шошындырады. «Бала асырау - үлкен қадам, бiрақ ол өзiн-өзi ақтауы тиiс. Себебi осы арқылы асыранды балаларға Христосты танытуға әбден болады». Сөзіміз дәйекті болуы үшін дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікірін келтірейік. «Бүгінде әр түрлі батыс елдеріне,  Америкаңа кетіп жатқан балалар ертең өзіміздің ұлтқа қас адам боп келуі әбден мүмкін. Өздерінің дінін үйретіп, сенің ұлтың мынандай, осындай жерден шыққансың, сен сол ұлтыңды құтқар олар адасып жүр деп бір кереметтей миссионер жасап жіберуі ғажап емес.  Сондықтан Үкімет басындағы адамдар, халыққа жанашыр адамдар осы мәселеге көбірек көңіл бөліп, сыртқа бала беру жағын тоқтатуы керек».

Басқа діннің адамы мұсылман баласын бағып алуы харам. Бірақ біздің заңдылық бұны місе тұтпайды. Бірқатар елдер мұсылман балаларын шетелдіктердің асырауына мүлдем тыйым салады. Мәселен Арменияда балаларды шетелде тұратын армян ұлттарына ғана береді. Ал, Ұлыбританияда ата-анасыз қалғандардың 65 пайызы отбасыларда тәрбиеленеді. Бұл көрсеткіш Нидерландыда 40 пайыз. Бұдан өзге  100 мемлекетте осы жүйе дамыған. Біздің елде бір жетім балаға бюджеттен жылына 600 мың теңге бөлінеді, осы қаржыны бір шаңыраққа берсе бүлдіршінге пейіш орнатып тастар еді-ау. АҚШ-тың өзі жетім қалған балаларын өзгеге телміртпейді, дереу жайлы деп тапқан отбасыларына бөліп тастайды. Бұрынғы замандарда еуропалық миссионерлердің Америкаға өз діндерін насихаттау үшін келіп, тастанды балаларды қамқорлыққа алу арқылы дінді уағыздағаны белгілі. Олар католиктер, баптистер тағы басқалары. Қазіргі заманғы халықаралық бала асырауда осындай факторлар жиі кездесетіні де жасырын емес. АҚШ-тың Калифорния штатында қазақстандық балғындарды тек діни ағымға жетелеу үшін асырап алған адамдар өте көп. Бұл жайында Америкада тұрып жатқан қазақ әйелі сарапшы-заңгер, халықаралық бала асыраудың проблемалары туралы кандидаттық диссертация жазып жатқан Айнұр Көкетаевадан естіп, білдік.

Жалпы, жер бетінде тұңғыш рет бала асырау мәселесі ежелгі Римде пайда болған. Ұрпақ сүйе алмаған адамдар тегін, дәулетін, лауазымын мұраға қалдыру үшін өз туыстарынан тек ұл баланы бауырына басқан. Мұсылман әлемінде бала асырап алу түсінігі мүлдем болмаған, тек баланы өз тәрбиесіне алу ұғымы болған. Бұл Алланың ризашылығы үшін жасалған. Ресейде бірінші рет бала асырау жағдайлары ежелгі орыс шіркеулеріндегі жазбаларында кездеседі, кейіннен бұл императордың  үкімімен заң бойынша бекітілген. Мұның ерекше тұсын айта кеткен абзал. Ресейдің аумағында тұратын шетелдіктер орыс балаларын асырап алған жағдайда оның дінін сақтауға міндеттелген. Яғни шетелдіктің қамқорлығына берілген әр орыс баласын христиандықтан ажыратпауға шарт қойылған. Ал, қазіргі заманда айырықша орынды Иран иеленеді, бұл елдің заңы бойынша жетім балалар тек Иранда туылып, басқа мемлекетке қоныс аударған азаматтарға ғана беріледі.

 

Америка азаматтары қазақстандық балаларға озбырлык көрсете ме?

Өзгеге жетімін тентіретпейтін АҚШ азаматтары асырап алған ресейлік жетім балаларға қатысты қайғылы оқиғалар тізбегінің жиілеп кетуі де көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Бұл мәселеге қатысты АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті тіс жармады, Американың заңына сәйкес жетім балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін ашық түрде жариялау адамның жеке өміріне қол сұғушылық болып табылады екен. Тек 2006-шы жылы Оригон штатындағы қазақстандық қызға қатысты жайсыз оқиғадан кейін біздің балаларға қиянат жасалмағанын халықаралық бала асырау жөніндегі агенттік директоры Джим Хардинг айтып берді. Қазақстанда зорланды деген ақпарат таралған қыз осы Джим Хардинг басқаратын мекеме арқылы асырап алынған. Осы істің басы-қасында жүрген агенттік басшысының айтуынша, асырап алған  азамат жеті жасар қыз баланы шешіндіріп, суға түсірген, сол арқылы жыныстық құмарлығын қандырған оған баланың денесінде табылған  ер адамның шәукеті дәлел болады. Алайда ол қызды зорламаған. Күмәнді жайттар көп болғандықтан бұл іске қатысты сот әлі жалғасып жатыр. Осы оқиғадан кейін қазақстандық балаларды асырап алуға мораторий жариялау керек деп дабыл қаққан депутаттардың ұсынысын Үкімет қайтарып тастаған еді. Жетім балалардың тағдыры үшін шырқыраған депутаттардың да қазір үні өшті, билік те селт етпейді. 

 

Американдықтарға да дені сау бала керек!

АҚШ-қа іс-сапарымыз барысында Қазақстанда қалыптасқан американдықтардың басым бөлігі тек ауру бүлдіршіндері асырап алады дегеннің жаңсақ пікір екеніне көзіміз жетті. Яғни, АҚШ азаматтарының  барлығы бірдей кемтар бүлдіршіндерді асырап алуға құштар емес. Оларға да дені сау ұрпақ керек. Алдымен шетел азаматтары осы мәселені жан-жақты анықтап алады. Американдық отбасылар тарапынан алғашында баланы асырап алып, ауру екенін білген соң қайтарып берген жағдайлар да кездескен. Заң бойынша мұндай жағдайда шетел азаматары баладан толық бас тартуға құқылы. Американдықтар асырап алған 15 баланың ішінде тек үш-төртеуі ғана кемтар болады екен. Халықаралық агенттіктер мүгедек балаларға ата-ананы өздері тауып, алдын ала суретін көрсетеді. Кемістігі бар балғындарды қамқорлыққа алатындардың көбісі діни ұстанымдағы адамдар. Олар мұны Құдайдың ризашылығына бөлену деп есептейді. Солардың бірі  Назира Молдағалиева. Аяғы жоқ боп туылған нәрсетені асырап алған отбасы оған протез салып берген, қазір Назира алты жасқа келді, қатарластарынан қалмай шауып жүр. Техаста тұрады. Ал,  ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Бағдат Сейітбатталовтың айтуынша Молдова шетелге тек ауру балаларды ғана береді.

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі американдықтарға берілген балалардың жағдайын толық бақылауда ұстап отыр. Елші  Ерлан Ыдырысов жақында Гавай аралдарына барған сапарында Қазақстаннан асырап алынған елу баланы тауыпты. Солардың бірі жапон әйелі бауырына басқан Макс есімді қазақ баласы, жақында ол туған жерге келіп қалар. Қазақ бүлдіршіндерін асырап алған американдық отбасылардың  барлығы қазақ еліне өмір-бақи борыштармыз дейді. Бар жақсысын қонағының аузына тосып, төрден орын беретін қазақтың дархандығы бала беруде де кенде қалмапты.

Американдық азаматтардың асырауына берілген жетім балалар кәмелетке толмайынша Қазақстан азаматы құқығынан айырылмайды. Он сегізге келген соң ғана қай елдің азаматтығын таңдауды өздері шешеді. Алайда жастайынан жат елде тәрбиеленіп, американдық менталитетті бойына сіңірген қаракөздер есейген соң туған жеріне оралмайтыны ақиқат. Олар бізді кешірмейді. Біз оларды мәңгілікке жоғалттық.

 

P.S.

Америкадағы қазақ балаларының баянды өміріне қанып, елге қайтып келе жатырмыз... Олар бұдан былай жетімдіктің тауқыметін тартпайды. Безбүйрек аналары мен тасбауыр әкелері, Отаны  бұйыртпаған бақытты жат елден, жат құшақтан тапты. Бұған да шүкір.

Ермектің «Мен Қазақпын» деген жалғыз сөзі де  мұхиттан алыстаған сайын естілмей барады...

«Abai.kz»

 

0 пікір