Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2540 0 пікір 9 Қазан, 2012 сағат 06:58

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Осы оқиғадан соң жортуылға бізді шығармады. Атыз жұмысына да шығармай, жаз, күз бойына «зор секіріп» жүріп тапқан құрылыс материалдарын жапқыштап-тыққыштап жасыру жұмысына салды. Өйтетіні, жоқ іздеушілер көбейіпті. Жалаңаш «жиянгерлердің» ұстаған ұрысын, киімді, знак-таңбалы «жиянгерлер» де естіген көрінеді. Қара қақпаға әр түрлі, әр сиықты адамдар келіп кимелеп, кей бір «ұятсыздары» тіпті түрме басқармасына дейін баса көктеп кіріп жүрді. Ал, бастықтарымыз солардың өшін бізден үйткен басты әйелдерден алғандай тебітіп, тыныштық бергенді қойды. Лапас астына үйіліп, қалың жабылған избес пен цементті де түкпірдің түкпіріне тасытты.

Басқармамыздың жазығымыз белгілі ғой, цемент пен аппақ известің нендей қылмыстары барын түсінбей, өзіме ыңғай сүйкене жүретін болған шолғыншы келіншектен сұрап та біле алмадым. Ол, тек, цемент завоты мен извес қымданынан да жоқ іздеуші келіп жүргенін көрген екен...

Лаужяу күн сайын көбейе түсті. Біріміздің үстімізге бірімізді жатқызса да симағандықтан түрме ауласына шатыр тіктіріп жатқызып еді. Аулаға шатыр симай бара жатқанда «дұң гөби», «ши гөби» деп атап, жұңғар шөлінен жаңадан ашқан жаза майдандарына бөліп-бөліп айдады. Қыс түсіп кетсе де ол құмды сахарадан өздеріне баспана қаздырып жатқызу қиын емес сияқты.

ІІІ

Осы оқиғадан соң жортуылға бізді шығармады. Атыз жұмысына да шығармай, жаз, күз бойына «зор секіріп» жүріп тапқан құрылыс материалдарын жапқыштап-тыққыштап жасыру жұмысына салды. Өйтетіні, жоқ іздеушілер көбейіпті. Жалаңаш «жиянгерлердің» ұстаған ұрысын, киімді, знак-таңбалы «жиянгерлер» де естіген көрінеді. Қара қақпаға әр түрлі, әр сиықты адамдар келіп кимелеп, кей бір «ұятсыздары» тіпті түрме басқармасына дейін баса көктеп кіріп жүрді. Ал, бастықтарымыз солардың өшін бізден үйткен басты әйелдерден алғандай тебітіп, тыныштық бергенді қойды. Лапас астына үйіліп, қалың жабылған избес пен цементті де түкпірдің түкпіріне тасытты.

Басқармамыздың жазығымыз белгілі ғой, цемент пен аппақ известің нендей қылмыстары барын түсінбей, өзіме ыңғай сүйкене жүретін болған шолғыншы келіншектен сұрап та біле алмадым. Ол, тек, цемент завоты мен извес қымданынан да жоқ іздеуші келіп жүргенін көрген екен...

Лаужяу күн сайын көбейе түсті. Біріміздің үстімізге бірімізді жатқызса да симағандықтан түрме ауласына шатыр тіктіріп жатқызып еді. Аулаға шатыр симай бара жатқанда «дұң гөби», «ши гөби» деп атап, жұңғар шөлінен жаңадан ашқан жаза майдандарына бөліп-бөліп айдады. Қыс түсіп кетсе де ол құмды сахарадан өздеріне баспана қаздырып жатқызу қиын емес сияқты.

Үрімжіде қар қалың жауғанымен қалғанымызға да жұмыс тауып «тәрбиелеу» қиын болмады. Мекеме - қоғам орындарынан үй көтеріп алып салдырды. Үйге мұқтаж орындардың құрылыс материалдары жетпесе де ақшасы жетсе болғаны ғой, «қамқорлық етіп» жаздағы жоғалғандарын өздеріне қыста сатып, үй жасап бере беретін болыппыз. Өз еттерін өздеріне сатып жегізуден шебер «зор секіру» бар ма!

Ондай көше жұмысына шыға алмай, түрме дәретханасындағы қазынаны атызға тасып жүрген бізге «үлкен жексембі» бола қалды бір күні. Көрісуге алдымен мен шақырылдым. Жүгіріп барсам, Мақпал да, Күлән да емес, көне түбіт сәлі жамылған, мол пәлтелі кемпір қарсы жүрді маған. Амандассам да аңыра қарап тұрып қалыппын.

- Қазір біреуі келіп сұрай қалса, Шәуешектен келген әпекем» дей салыңыз!- деп, амандасу бейнесімен күбірледі. Үңіле түстім. Орта жастағы әжімді ақсұр әйел. «Кемпір» дей алмайтын себебім, отты қара көзі ойнақши қарап жасаурады. - Танылам ба екен?- деп күбірледі Күлімсірегенінен үні де танылды.

- Гүлниса!... Көзің мен даусыңнан әрең таныдым! Мұның не? - Сыртқа сыр бергім келмесе де таңданыспен үдірейе қараппын.

- Таңданыс білдірмей, күлімдей қарап тыңдаңыз! - бұл режиссорлығына сүйне күлімсіредім. - Мақпал мен Асқарыңыз аман. Тұрмыстарында басқалардай қиыншылық жоқ. Ажыраспаймын деген қалпында оңшыл қалпағымен қалыпты. Пармен жылитын жаңа үйге түсіпті. Мұғалімдік қызметін істеп жүр. Үйіне өзім кіргенім жоқ. Қасындағы бір қызметтес әйелден сұрап білдім. Ол менің досым, қастық қылмайды. Күлән апай да солай, аман! Әкелген бұл хабарымда жаңсақтық жоқ, рас. Оларға алаң болмаңыз!

- Рахмет!... Бірақ, өзіңнің мына жүрісің қатерлі ғой, қолға түсесің ғой бір күні!

- Менен де алаң болмаңыз, қорғаушыларым - тілектестерім бар!... Тек, осылай әртүрлі формада жүрмесем болмай қалды. Жасырын, ізіме түсушілер бар!

- Қайда, не кәсіппен шұғылданып жүрсің?

- Бұрынғы кәсібімдемін қалпақты мықтап кигізген. Тек, осындай қауіптірек сапарға шығарымда ғана өзгеріп аламын. Ал, аман болыңыз, орайын тауып келіп тұрамын, менің тез қайтып баруым керек! Тегінде Советке шығып кеткіңіз келсе, жол табылады. Мақпал не дер екен ойластыра жүріңіз! Ол жақ сізді сөзсіз қабылдайтындығын естідім. Сұрастырып жүргендер де бар!- деді де қолындағы сумкасын беріп, қолымды қатты қысты да шыға жөнелді. - Аман көрісерміз!

Соңғы сөзі қатты ойландырып кетті: «араларынан қыл өтпейтін, социалистік екі ел, бірі дұспанға шығарған адамды бірі дос көріп өзіне тартпаушы еді ғой?» -басымды қаси ойландым. - «Е... бә..се, бұл Жүндібайдың[1] осыншалық соқыр тәуекелмен бәсеке жариялап «секірген» секірісі әрқандай досқа да секем алдырмай ма!... Сәкең[2] бұл досының пәлендей адал интернационализмші дос бола алмайтындығын білген екен ғой, дұрыс!... Бұл науқанды қалпақ кигізіп, қас жауға айналдырғандарының нағыз коммунистер екендігін де білгені!... Мына қыз мұндағы Совет елшілігімен байланыса қойған ба, қалай?... Анықтап сұрап - білуім қажет екен!

Дүйжаң сары бізді әтіретті соның ертеңіне көшіре жөнелді. Бізге де бір көтерме құрылыс жұмысын тауып демалдырған екен. Қаланың ішкері жағындағы биік дауалды бір ауланың ортасына үш шатыр тіктірді де төрт бұрышына құралды төрт күзет тұрғыза қойды.

Көнерген бес-алты ауыз үйді бұзып, орнына терең іргелік қазудан басталды жұмысымыз. Таспен күйдірілген кірпіш бұрын тасылып болған екен. Өз түрмемізден тасылатын материалдар дүйжаңның өз сенімділеріне тапсырылыпты. Сөйтіп, сыртқа шығып-кіріп тұру орайынан мүлде айырылыппыз. Ең қиыны қайда кеткенімізді сырттан ешкімнің білмей қалуында болды. Іздеушілерге табылмай, жап-жақын жерде тұрып-ақ көрісуден қалдық. Неше рет хат жазсақ та жауап жоқ. Өз семьямдағы сағыныштыларым ғана емес, енді Гүлниса да қатты сағындырды.

Күн жылыған сайын төбемізден үміт құсы ұшып жүргендей аспанға телміре түстік. Бірақ, маңынан жыл құсы да өтпейтін қора екен. Әйтеуір үй қаланып болып, цемент сылақтан басқа жұмысымыз жеңілдей бастады. Бір күні кешкі үйрену уақытында дүйжаң сары шатырымызға кіріп келді де тізім бойынша менен бастап, Құйынсоққан, Тоқты Басит бар, он шақтымыздың атымызды шақырды. «Орын-көрпелеріңді буыңдар!» деді жалғыз-ақ. Секіріп-секіріп тұра буынып-түйіндік те жүргелі тұрған автомобильге лезде шығып та үлгердік.

Өз түрмемізге қуана жетіп, бұрынғы әтіретіміздегі босаған бір жатақтың сәкісіне шыға құладық. Қыс бойы сызды жерде жатып, осы сәкіні де сағынып қалыппыз. Ал, Мақпал мен Асқарға деген сағынышым да шек бар ма. Ол екеуіне қосып сағынатындарым тіпті көбейіп кетті. Жүрек дегенің бір көкірегіме мың болып қамалғандай, тіпті сиыспай тіресіп-сіресіп, сыздап-қоздап, тыншымды ала берді. Енді солардың көрінгенін шөпілдетіп сүйе беруді аңсағандаймын. Гүлниса ғой өз алдына лапылдаған бір от, ең жанашыр жақынымның бірі сол болмады ма!... Ал, Күләш екеуіміздің жүрегіміз 44-ші жылдан бері қосылып кеткен жүрек. Денеміз жақындасып көрмесе де ол екеуі жайшылықта да жабысып, аймаласып жатқандай сезілетін. Енді міне, көріскен жерде-ақ ерніміз де жабыса түсетіндей!... Осылай ала бөртіп, түн бойы ұйықтай алмай аунақшып шықтым. Қатты зарыққан тұтқын құс, арман кернеген қанатын әлемге тұтас жайғысы келеді екен.

Таңертеңіне күрең момы мен оның «сорпасын» қосып қылғып алғанымыздан соң әмір бойынша буыншақ-түйіншегімізді қол арбамен сүйреп, Көказық бақшасына көштік. Сондағы үш ауыз үйдің біреуі бізге тиді. Мұнда тым шаһар айқайшыл болса да ағаш кереует бар. Талас-тартыс, бүйірлесу-тебісу жоқ, бір адамға дербес бірден ғой. Менің кереует сағынғаныма да қанша болды десеңші!... «Келгенде Асқарымды осы шақырлауық кереуетіме әкеліп ойнатамын!... Мақпалымды да осының кенересінде құшақтап бір отырып көрсем!... Ол қандай құштар маған, қошқардай бір ұлдың білімді анасы болғанда да балаша еркелеп жабысатын ғой!...

Бірақ, бұл үмітім орындалмай бара жатты. Егіс жұмысы «зор секіру» бойынша күндіз-түні жүгірткендіктен «үлкен жексенбі» құйрығын қысып тағы қалды. Оның үстіне, басқа көрісушілер әр тұстан көрініп қайтып жүрсе де менің ешкімім көрінбей қойды. Мұнда келгенімді естімей жатыр ма, қыс бойы іздеп таба алмаған соң алыс бір жаққа әкетті деп торыққаны ма, иә, өз жағдайларында бір өзгеріс болды ма, хабар ала алмай тағы да сүмірейдім. Пошта арқылы хат жолдасам да жауап келмей қойды. Жарқырап жаз келді, көңіліме сонда да жылу жетер емес, тітірей бердім.

Бір күні кешке жақын шақырушы келіп, мені түрмеге әкетті. Тәлім-тәрбие гансысы шақыртыпты. Бөлмесіне кіріп, столының алдына тұра қалдым.

- Жә, сені, өз денсаулығың үшін де қолайлы бір міндетке қосуды ойластырып жүрміз. Ашып айту керек, қазір ішіп-жем жақтарың өте нашар. Ал, асхананың өзінде істеушілердің тұрмысы жақсырақ. Қазірше соның есеп-қисабына көмектесіп, одан бос уақыттарыңда сәй тазалауына көмектесіп қана тұрсаң болғаны. Кейінірек дербес запхоздық міндетке көтермекшіміз. Онда тұрмысың бүтіндей жақсарады. Бұған қалай қарайсың?

Лаужяу орнына келгеніме он төрт ай болып қалса да қайтарудан титтей үміт көрсетпегеніне қынжылғаныммен лаж жоқ қой, бұл қамқорлығына да разы бола тұрғым келді.

- Әрине қарсы емеспін, істей тұрайын!?

- Ал енді олай болса, оған дайындық шарт толтыру қажет. Сенің қабілетіңді біз толық білеміз. Қандай зор қызметті де атқара алатын, дегенбай интеллигенттің өзі болатынсың. Әрқандай адамның жүзіне қарап қана ішіндегісін білетіндігіңе шүбәміз жоқ. Сондай қабілет иесі бола тұра қазірге дейін маңайыңдағы Лаужяулардың ешқайсысының мәселесін әшкерелемей келесің. Алдымен осы позицияңды өзгерт!

- Маңайымнан сезген - білген қателік - кемшіліктің ешқайсысын жасырған емеспін гансы! Нанбасаңыз, группамыздың жиын естелік дәптерін қарап көріңіз, әр күні көргенімді сол күнің кешіндегі үйрену жиынында ортаға қойып, тойтару, түзету айтып келемін!

- Басшылыққа жақындасу дегенді білемісің?... Осында келіп бізге бірер Лаужяудың мәселесін жеткізіп, жол-жорық алған жерің бар ма!

- Гансы, мен біреудің сыртынан сөйлеуден, ғайбат-өсек айтудан қатты намыстанатын адаммын. Әрқандай адамның бетіне айтуға ғана әдеттенгенмін. Мәселен, әр апталық тұрмыс тексеру жиындарында да келмеген адамдардың үстіндегі пікірімді сақтап қойып, өзі келген соң ғана сөйлеп жүрмін. Қалай да әркімнің ісін өз алдында айтуым қажет. Сондықтан мәселелерді жиында ғана әшкерелеймін!

Гансының көзі де, сөзі де бадырая түсті.

- Күмәнің болса да, рас болса да басшылыққа келіп мәлімдеп, өзгертуге - тәрбиелеуге көмектесу, сөйтіп, саяси мәселемен қашудың алдын алу қажет емес пе?

- Қандай мәселесі болса да мен әрқандай адамның өз көзінің алдында сөйлеуге борыштымын. Тәрбиелеп - өзгертуге де, мәселе анықтауға, мойындатуға да, либрализмге соққы беруге де, жалақор - пәлеқорлықтың қараңғы базарын жойып, шыншылдыққа тәрбиелеудің де ең ұтымды жолы осы деп білемін. Ал, қазір маған көрініп жүрген мәселе, ұрлықтар ғана,- бұл сөзге келгенде күліп жібере жаздадым. - Лаужяулардың ұрлықтары ұсақ-түйек. Сонда да жиынға салып түзетіп жүрмін. Мұндай мәселелерді сіздерге келіп мәлімдеп құлақтарыңызды тоздырғым келмейді. «Мәмет бүгін бір жарым сәбіз жеп қойды, Сәмет екі лобы жеп қойды» деп сыбырласам, сізге де өзіме де намыс емес пе!

- Буржуазиялық идея деген осы!- деп гансы столды шарт еткізді. - Сенің «ұждан», «намыс» дегендеріңнің барлығын буржуазияның жұртында қалған қоқыр-қоқсығы!...

- Гансы, не десеңіз де мен өз бойымдағы шындықты айтып тұрмын. Тағы айтайын, мен басқалардан көрген-білген мәселелерді өз алдыларында айтып түзетпей, жымиып келіп сізге ғана сыбырласам, «өсекші» дейтін қаракүйеден бетім қалай сақталмақ. Адамдығым - адалдығым қайда қалар еді!... Мәселе әшкерелеудегі мақсат, «ауруды емдеп адамды құтқару» емес пе!

- Бар, бар, кет!- деп гансы қолын екі сермеді. Шығып жүре беріп едім. Ере шығып соңыма біреуді салып қайтарды.

«Бетімді күйелеп, енді жасос болсам-ау саған!»-өзіме-өзім күбірлей қайттым. -«Сендерге Мақұлбек пен Құлжан сынды апаттар ғана қажет! «Ауруды жойып, адамды құтқарамыз» деп сиқырсымай-ақ қойыңдар енді!... Ар-ұжданды жойып, ауру індетті, құлшылық дертті құтқарушы болғандықтарың ғана рас!»

Ертеңіне Лопнорға отыз шақты Лаужяу айдалатын сыбыр жетіп келді де біздің группадан Тоқты Баситті түрмеге қайтарып әкетті. Бұдан қалғаны түс көрген сияқты сезілді маған. Басымды шайқай жүріп «ояндым» да өткен кештегі гансыға білдірген позициям сақшы назаратына жеткен соң шақырылатындығымды сездім. Хат жазғаныммен семьяма жетпей қолға түсетіндігі белгілі болған. «Лопнорға менің де айдалатындығым сөзсіз. Көрісуге келген адамдарға хабарлай жүріңдер!» деп Құйынсоққаннан бастап, қалғандарының бәріне ескерте жүрдім. Шақырту ымырт жабыла жетті маған. Біреу ғана емес, екі құралды сақшы келіп жүгімді қол арбамен сүйреткізіп әкетті.

Таң ата тізілген отыз адамның соңына отыз бірінші болып тізіле қалғанымда он шақты үйткен бас жалт-жалт қарасты маған. Иықтарын қымырлатып, көтерілісе күбірлесті. Олардың жайраңдасып-қуанысып қалғанын сездім. Былтыр күздегі шолғыншы келіншегім үлкен омырауын қайда соғарын білмей қалғандай керіліп, құшағын жая қарады. Тоқты Бәсит күлімсіреп, көзін қысып-қысып қалды.

Лопнорға бізді әкетуге келген сақшы да отыз шақты екен. Аузы кере қарыс, жылмиған ақсұр бастығы алдымызға келіп, бізді қандай «жәннәтқа» апаратындығын түсіндіруге кірісті. Ең алдымен балықтың молшылығын айтқанда өзінің де сілекейі шұбырып барып жиылды. Жұтынып тамсанып алып, Лопнорда малдың көптігін де көсіп жіберді. «Жайлау емес пе, малымыз семіз, ет жейтін ауыз аз. Бүкіл егіншілік майданымыздың адамы үш мыңға да жетпейді. Барлық байлықты солар ғана пайдаланады»- осы сөзіме қарайған жүрегімізді жалғап, аузы-мұрнымызды майлап жіберді де автомобильге тиеп ала жөнелді.

Екі бүйірімдегі екі бүйрек сурылып қалып бара жатқанына жүрек-бауырым қоса суырылып, бір түрлі қиналысты халге түстім. Өзен арнасының күншығыс жағасындағы жолға шықтық. Осы түтек қаладағы барлық қимасым мына үш қабат үйдің ар жақ қарсысында ғана қалып барады ғой, әттең еркіндік, екі жүз метр қасынан ғана өтіп барамын!... Жайнаған аналы-балалы төрт көзден төгілген жас тұп-тура жүрегіме құйылғандай, тынысымды тарылтып барады. Жалтақтап қарай бердім сол жаққа. Егіліп, солқылдап тұрған екеуінің арт жағынан ақ шашын жайып салып шешем көріне қалды. «Қош ана, бақыл бол анашым - ақыл-парасатым, аяулым!» деп күңіреніп жібере жаздадым. Мол қоңыр көзілдірігімді кие салып, үнсіз бұлақтаттым мен де. Бәсе, баяғыда айрылысарымызда үлкен әжем көзіме толтыра құйып берген мол көз жасы менде де бар емес пе еді. Міне, табан 28 жыл іркіп, өз еңбегіммен шалқарға айналдырған сол көлімді енді ағыттым.

«Құлыным, күшігім деп көтеріп өсірген әкеңе тірлігіңді де білдіре алмай, қолыңнан бір уыс топырақ та сала алмай қалып едің ғой, күнім-ау!»-деп боздайды шешем, - «қайда барасың, тым болмаса менің бетімді жауып кетсеңші!»- дейді. Бигелді, Биғазы, Биғаділ, Биғайша... бәрі жылайды, бәрі дауыстап шақырады. «Әке, әке, жүй-жүй!» деп Асқарым шырқырайды, - «мен әлі кішкенемін ғой, іздеп таба алмаймын ғой, әке, әке!... Сағындым ғой, келсеңші, келсеңші!»- дейді. Менің денсаулығымды аяп, Мақпалым ғана үнсіз егіледі, жасырып төгеді көз жасын. Иә, «бізге алаң болма, өз денсаулығыңды ғана ойла!» деп жұтынып-жұтынып әрең айта алды. «Денсаулығыңнан басқаны ойлама!» деп Күлән сақ ете түскендей болды. Тоқтата қойдым ыстық бұлақты.

- Ендігі мұң-зарым көзімнен емес, ойымнан-санамнан ағытылды: «осыншалық не жазығым бар еді бұл дүниеге!... Бар қылмысым, өз халқымның сана көзін ашуға, сауаттандыруға талпынуым ғана ма!.. Адам баласына ор қазбай, жасос болмай қойғаным ғана ма!... Ей, атын өзгерткен гомендаң, оның табанын жалап жатқан күшіктері сендерде тыңдап қой, мен сендерге шағым арыз айтып отырғаным жоқ, ақыл-санасы оянған адамзатқа шертіп отырған мұңым!... Енді көр, бұл мұңдар мыршқа айналып, оқ болып атылады. Сендерге!.. Халықтың жаудырған қарғысы, жер ананың алып шапалағы болып ұсатады жағыңды!»

Лопнордың «балық сорпасы» қуаттандырғандай, сапарластарым былай шыға бере ғазалі мен нахшасын тұс-тұсына қоя берді. «денсаулық-денсаулық!» деп қойып, мен де зорлап сергуге бекіндім.

- Жақсылап бір жылап алдыңыз-ау деймін!- деп қалды бір бүйірімде отырған кексе сары татар әйел. - Көз жасы адамның қасіретін жұмсартып тынысын кеңітеді. Рухани күш хасыл қылады. Шол үшін жылап алсын деп күтіп отырдым. Шолай болса да өзіңізді бекітіп ала қойдыңыз. Енді сөйлайын! Қайта жігерленіп алып, «осыншалық не жазығым бар еді?» деп қалдыңыз ғой, өз башыңызға осы сөзіңіз гана жараспай қалды, сізнің жазығыңыз көп әлі!- деп күлімсірегенінде назарлай қарадым жүзіне.

Екі-үш рет сыртынан ғана көрінген мына пісте тұмсық, көк көз «абызтай»[3] қарапайым әйел емес екендігін енді байқатты.

- Иә, айтыңыз, айтыңыз, жазығымды білсем жылаймын ба!- деп мен де күлімсіредім. Автомобиль Дауаншы жолымен заулап барады. Жол тегіс екен.

- Сіз туралы біраз сауатым бар, Биғабіл әфәнді. Жазығыңыз, ақ-қараны толық айыра алатын білім иесі болып қалғандығыңызда. Мұндай хүкүмәт сіздей көзі бар элементтерді қасқыр деп біледі. Сіз қасқыр болып жей қоймасаңыз да қылмыссыздығыңызды дәлелдеп, соқыр әулиенің көзіне түрттіңіз. Өзін құдаймын деп жариялап отырғанда бұл қылығыңыздың қаншалық қылмыс болатындығын түшінуіңіз керек!

- Жала жаба көрмеңіз, мен үкіметтің ондай айыбын әдейілеп бетіне бір басқан емеспін!

Жаңа «жалақорым» күліп жібергенде жүзіндегі таяз әжім молайып, бадырая түсті. Күле сөйледі.

- Айттым ғой, өз жазығыңызды әлі білмейді екәнсыз!... Күрәш уақытында өзіңізді ақтаған болып, тазларының малақайын талай рет жұлып алғандығыңызды ештканбыз. Һа-һа-һа...а... Башқаларды сұйындыратын талай қиын жауаптарыңыз болған!

- Онда қайда едіңіз?

- Сәйдамен бірге түрмеде жатқанмын, бәрін естіп жатқанбыз.

- Оның қасына қайдан келіп, қалай жатып жүрсіз?... Ат-жөніңізді де енді сұрауыма тура келді!

- Есімім Ләтипа, (Ләлә), ерімнің есімі Сайдолла. Ілелікпіз.... Біз Шаңхайдан ұсталып келган соң ошындағы түрмеде болдық. Үстімізге Сәйда да балдақпен келіп қосылған. Ол тентек қыз қорлаумен қинауға шыдамай, терезеден секіріп бір жіліншігін сындырып алған екан. Таңылып біраз тәуір болған соң маған әкеліп қосып қойған. Менің біраз емшілігім бар... тіс дохторы болғанмын.

- Бәсе, көз жасының рөлін жақсы біледі екенсіз.... Жә, Шаңхайға қалай барып қалып жүрсіздер?

- Біз Түркия гражданымыз. Туысқандарымыздың бәрі шонда. Шолардан шақыру қағаз да келген. Парахотпен кету үшін Шаңхайға барғанбыз. Толық рәсмият өтәп, жолхатпен, барлық қағидасымен барсақ та оңшыларға қарсы әрекет басталысымен бізді де қолға алып, ошында әкелді. «Шет елге байланған шпион» дей ма, «шет елге капитал алып қашушы» дей ма, әйтеуір тексеріп-тексеріп, мені лаужяу етіп осында жіберді де ерімді алып қалды. Соттайтын ұқсайды.

- Соттауға лайық қылмыс шықты ма, иә, әкетіп бара жатқан капиталдарыңыз көп пе еді?

- Не қылмыс болмақ. Пәлендей капитал да жоқ, тек күмән. Бұлар жазалағысы келгенде заңын бүктеп қойып, қара сырмен сырлай бермей ме!... Мен шағынсам, тіпті қиналамын. Ерім түрмеде. Бір балам Құлжада, бірі Шаңхайда, бірі Австралияда, үй мүлкіміз Бижінде пешеттеулі. Мен міне, Такламаканға кетіп барамын, быт-шыт болдық!... Біздің халқымызға қарағанда сіздің хасірет, жай ғана ғой, және жассыздар!

- Бала-шағаммен көрістірмегеніне көп болып еді. Әйелім де қалпақты, режимде. Менің қайда кеткенімді білмеген күйінде қалды. Шәуешектегі шешем қартайған. Ал, ең жаманы, менің хатымды жүргізбейді. Нахақтығымызды біліп отырып-ақ әдейі осылай адастырып, тоздырып жібермек!

- Социализм деген ең қатерлі апат болды ғой!

- Олай дей көрмеңіз, социализмнің өз табиғатында, өз идеялогиясында титтей де апаттық-арамдық жоқ. Мұндай мала матаншылықтың барлығы бұрмалаушылар мен бұзғыншылардың ісі! Суды лайлап балық аулаушы сұмдардың бірлесіп алғандығынан болып отыр. Бұл жаулар басқа, социализм басқа!.. Сіз солшыл социал шоунизм мен социал империялизмді социализм деген осы ғана деп иянаттауыңыз мүмкін!...

- Бұл, маған ышана қоймағандығыңыздан айтып отырғаныңыз ғой,- деп Ләтипа тағы да күліп жіберді. - Сіз, еркін мүтәпаккүрдің адамысыз. Құлдық-мүриделік аңнан құтылып болған кішісіз. Еркіндік пен ақиқи демократияның қайда екендігін толық біләсіз!

- Менің еркін іздегенім рас. Адамзат тіршілігінің мұқтажы сол екеуінде болғандықтан бұл жөнінде өз бетіммен талаптанып, тәп-тәуір білім алғаным да рас. Сол білгендерімнің ішінде менің таңдап тапқаным, диялектикалық материализм мен тарихи материализм ғана. Алдыңғысы, кейінгісінің анасы ғой. Мен соның ғана мүритімін. Бұған бағыныссыз пәлендей еркіндік пен пәлендей демократия бар дегеннің бәріне қарсымын. Бәрі де көз бояушы, сұм саясаттың жемісі. Бәрі де жалған. Бәрі де тар шеңбердегі таптық бұйымдар!... Өзінің табиғи бабымен, тарихи шартымен жүргізсе, жалпыға тең - көлемі кең жақсылық социализмнен ғана табылады.

- Сіз расында ошылай ғанасыз ба?- деп аңыра қарады Ләтипа.

- «Осылай ғана» емес, дәл осылаймын, жасандылығы жоқ, табиғи қызылмын.

- Сіздің көпшілік естіп-біліп жүрген пікірлеріңізге қарап, сойласуга, өз ойымды кеңітуге құмар едім... Таңданбай-ақ қойыңыз, расында шолай едім, енді айтысатын болдым, айып етпеңіз, жолдың қысқаруына да, хасіретімізді ұмыта тұруымызға да жақсы!

Сөйтіп, Ләтипа деген бұл кексе редакцион - өз теориясы жөнінен жетілген, нағыз пәле редакцион болып шықты. Ол таласпаған Америка демократиясы, ол білмейтін Тито социализмі, ол шоқынбайтын капитализм «заңшылдығы», «әділеті» болмай шықты. Ал айтыс... Тито социализмінен басқа көз қарасына мен де қатты тиістім. Жалалардың өзімді жауға айналдырып қойғаны болмаса, қас жауып бетпе-бет келе қалмады ма!... Ол тіпті қасарыса түсті. Екеуімізде бетпақ екенбіз. Көрші отырғандығымыз үшін көріністе күле соғысқанымыз болмаса, ішімізден шындап-ақ «атом бомбы» атылып жатты.

Бұл соғыс, кешкі қоналқы орынға жете малша маталып екеуіміз екі қораға қамалғанда тыныстап, құзғын сәріде автомобилімізбен бірге қайта от алып келді де, үшінші күні сәскеде тосыннан тоқтады. Тоқтайық деп ымыраға келу арқылы шарт бойынша тоқтағаны емес, соғыстың өзі үркетін жерге жеткенде тоқтапты. Борбас топыраққа түншығып, машинамыз бырылдай қалғанда білдік, алдымыз тым үрейлі екен. «Құс ұшпас, құлан жортпас құла дүздің» дәл өзі!

Машинаны бірнеше сағат бырылдатып, шойқаңдатып барып, шексіз созылған тырбық қамысты сап-сары сахараға кірдік. Сары қамыс көрінгенімен сұп-сұр борбас тағы да бырылдата берді. Аспаны да сап-сары. Шөлден талықсып үзіліп бара жатқан шаңды бет күні көкжиекке жығыла кеткенде тоқтады автомобиль. Күн батса да тымырық ыстық иен борбас әлі де созылып жатыр. Тізім бойынша шақырылып, «еркек мал» түгел түсірілді. Айырылысатындығымызды енді білдік. Әріптес жауым жылап сөйлеп қоштасты.

- Сіз болмасаңыз, мынадай сапарда шашым түгел ағарып кетеді екен, Биғабіл әфәнді, рахмет, аман болыңыз!

- Мені қиялға жұлмалатпай, мына «жәннәтқа» күрес жігерімен бүп-бүтін жеткізген сізге көп рахмет! - Осы сөздермен жылай күлісіп қол қысып айырылыстық.

Шолғыншы келіншек тіпті қатты қысты қолымды.

- Бір майдандармыз ғой, көрісіп тұрайық!- деп үміт отын көзінен ойната айырылысты. Қайта бырылдай жөнелген автомобильдің шаңы көме кетті бізді.

Буыншақ-түйіншегімізді сол жерге үйгізіп қойып, жиырмамызды он «жепаңжүн» күншығысқа қарай айдады. «Бұл жер біз біледі, нәрселеріңді жейді. Ит жоқ, қасқыр келе алмайды, алыс!»- деп ыржыңдасады.

- Ұры әкетпей ме?- дегеніме тіпті күлісті.

- Барлық ұрыны біз ұрлайды, мұны кім ұрлайды, ха-һа-һа-һа...а...

Сорға толарсақтап батып, түн ортасына дейін айдалдық. Жақын маңнан майдан түгіл бірер тірі мақұлықтың да дерегі білінбейді. Тымырсық тозаң тұманға бөккен тырбық қамысты қараңғылыққа сүңгіп барамыз. Бір жазаң өзекшеге енді құлдай бергенімізде алдымызда келе жатқан Тоқты Басит сүрініп кеткендей болды да ыңқ ете түсті. Тоқтай қалып қарасақ жығылған жерінен көрінбеді. Сақшылар қарық болып күле жөнелгенде Тоқты Бәситтің зарланған үні жер астынан естілді.

- Ой белім, ой белім!... Әй анаңны с... теппе! Теппе деймін!...

- «Ни сүй?», «Кім бұ?», «Сүй-сүй-сүй?»[4]- деп «жер астындағы ғалам» да әртүрлі дауыспен даурығыса жөнелді. Дереу шақпақ шағылып, Тоқты Баситтың түсіп кеткен «құдығынан» жарық жылтырады, жер үйдің түңлігі екен. Тоқты Басит жермен жер болып жатқан сол түңліктен лоп лаужяуларының үстіне түсіпті.

Дәл желкеден құнжиып тұрған дөңде ұйықтап қалған пос, сол дауыстан оянып, мылтық затворын зекіре шақылдатты бізге. Алдыңғы жағымыздан қолшырақты сақшы жүгіріп келіп, бізді бастап құлдатып өзекке түсірді де басқа бір жер үйдің есігін нұсқады. Өзектен сатылап, тағы да тереңдете қазылған каридормен тағы да құлдап барып кірдік. Терең үңгүр екен. Төселген қамыс үстіне құлай-құлай кеттік. Тоқты Баситты екі сақшы коридор баспалдағынан зарлата сүйемелдеп түсірді де табалдырықтан үстімізге құлата сала жөнелді.

Мұндағы тіршілік үні, таңертеңгі жұмысқа шығу қоңырауы соғылғанда естілді бізге. Бірақ шын тіршілік үніне ұқсамай, өлеусіреп, мертіккен Тоқты Баситше ыңыранып-ыңырсып, ыңқылдап естілді. Түрегеліп, баспалдақпен өрлеп барып қарасам, өрт шалған қу шіліктей өңшең сидиған көтерем аруақты тізіп, қақпалап айдап барады. Жаным түршігіп кетті. Шолақ көйлек-штандары борша-борша. Шидей білектерінде бір-бір орақ. Ыңырсығандары, ілесе алмай сүйреліп бара жатқандары екен. Азаттық армия жауынгерлері олардың орақтарын мойындарына жіппен асып қойып сүйреп барады!..

Бұл жерде орма басталып кеткенін енді ұқтым. Егіннің де «зор секіріп ілгерілеп» бір ай бұрын пысқаны ғой. Дән алып қурады ма екен, дән алмай-ақ «пыса» салды ма екен?... Күрсіне қайтып барып құладым орныма. Үрімжіден алдап айдап келген әлгі жайнауыз алдамшының «ет пен балыққа бөктіріп» жүрген лаужяулары осылар болды. «Қақпалаумен сүйреуге енді біз де түсерміз-ақ» деген қауіпке тереңдеп бата түстім.

Томсырайған тозаң бет, былшық көзді күн мына майданның Лаужяуларынша сүйреліп әрең көтерілді. Кеше түстегі Корладан жеген бір-бір зағырадан[5] соң нәр татпаған адамның күні жылжима. Тісімізді жараған буырша шақырлатып жатқанымызда жолда қалған мүлкіміз келді. Төрт ат тоңқалаңдатқан резеңке дөңгелекті қос аяқ арба шарқая арбакешті ойбайлата жеткенде-ақ көрден шыға жүгіріп, өзіміз түсіріп алдық.

«Құдай бергенде бәрі де өздігінен келеді», өзімізге таныс сасық сары момы мен оның «сорпасы» жетіп келді. Мына Лаужяулардың да ішегін шұбатып қойған осы» сүргі» екенін түсіне күрсіністік. Бұл, тіпті шіріп, құрттап кеткен «сүргі» екен. Қызыл бас құрттарын умаш бетінен қалқып тастай отырып қылғысымызбен дүйжаң алдына шақырылдық.

Ұйғырша шала-шарпы қосып сөйлейтін кексе, арық сұр Ли фамилиялы дүйжаң екен. «Лопнор Сауху лаужяу майданның бірінші әтіретінің бастығымын. Әтіретіміз түгелімен ханзу лаужяулардан құралған. Күші бар ұлттық лаужяулардан бір группа сұрап, майдан басшылығына қақсап жүріп, сендерді әрең алып қалдық» деп түсіндірді алдымен. Тізімдегі атымызға, таныстырудағы затымызға қарап-қарап алып, түске дейін демалыс жариялады. Тіпті жарылқап, үлкен тоғанға барып жуынып-тазарып қайтуымызға да қамқорлық етті. Бұл кеңшілігіне таңдана жөнелдік. Әскер қоспай, өзімізді-өзімізге тапсырып жымиды.

Тоғаны солтүстіктен оңтүстікке, осы өзекше ойпаңның аяқ жағымен өтеді екен. Егіндігі көрінбеді. Кәдімгідей зор күшпен түп-түзу қазылған үлкен тоған болғанымен суы «кәдімгідей» емес, жаңағы ішкен құртты умашымыздан қоюырақ, сап-сары лай. Мұның құрты тіпті қорқынышты көрінді: денеге жабысып, шайнап жейді екен. Ал, масасы одан да бетер, аш қасқырдай тиді. Тазарып қайтамыз деп барып, батпаққа аунап былғанып қайттық.

Тоған маңындағы ірі жыңғылдан таңдап жұлып, Тоқты Баситке екі таяқ әкеліп едім. Қатарымыздағы көрде ағаш аралап жатқан бір ұста ханзу шыға келіп, дереу балдақ қып жасап бере қойды. Тоқты Басит өзін қолтықтап жүргізетін бала-шағасы келгендей қуанды бұған. Алғысының барлығын маған жаудыра келіп, осы қос балдақпен Корлаға жетіп алатындығын айтты. Тісін, «осылардың ызасына...» деп шақырлатады. Жолдағы сусыз борбастан қазіргі ыстықта киік те өте алмайтындығын айтып, күте тұруға әрең көндірдім.

Көрімізден түстен кейін Ли дүйжаңның өзі айдап шықты.

-  Қазір даяужың уақыты. Жаздық жиын-терім жұмысы біткен соң көп демаласыңдар!- деп өз сөзіне өзі мәз бола ыржиып өсиеттейді. - Жаздық бидайді орып бітіріп, «үлкен жексенбіні» тезірек қолға келтірулерің қажет!

- Бидай ору түгіл өзім жүре алмаймын!- деген Тоқты Баситқа осы өсиетін тіпті жадырай қайталап түсіндірген дүйжаң жымиып барып, бір мықтырақ зәмбілді сүйреп әкелді. Жымия келіп, Тоқты Баситтің өзінің жібін сұрап алды да орақты мойнына асып байлады.

- Даяужың уақытында жұмысқа қатынаспай бекер жатуға бола ма, солай емес пе!- деп күлімсіреді де алыптай Тоқтыны зәмбілге отырғызып, екі жігітке көтерте жөнелді. - Бүгін, меймансың, солай емеспе, ертең аяғыңмен жүрмесең, арқаңмен жүріп барасың, әрине солай болады!

«Жұп-жұмсақ» Ли дүйжаңның өзі ере жүрді бізге. Маса мен құмыты құжынаған қалың қамысты өзектен өткізіп, қыратпен бастады. Егіндік көрінбей, өзектің аржақ тақыр қабырғасында шоңқиып-шоңқиып отырған таңертеңгі «аруақтар» көрінді.

- Егіндік қайда?- деп сұрадым. Тағы да жымия жауап қайтарды Ли дүйжаң.

- Осы жақтың бәрі егін, әне орып отырмай ма!... Міне мына қамыстың арасы да түгел бидай. Адамымыз аз болып, шөптеп үлгере алмағандығымыздан қамыс басып кетті. Сонда да түгел орып аламыз. Қырманға барған соң қамыстан өзі-ақ айрылады, солай емес пе?

Шошына қарадым «егіндіктеріне». Кең өзектегі қалың қамыс арасында расында да бірен-саран өскен бидай бар екен. Ал, өзектің жазыққа айналып кеткен аяқ жағындағы бидай дегені, қурап кеткен селеумен жусан сияқты. Топырағы көрініп жатыр. Отырғандардың оған орақ салып, қымырлаған ешбірі көрінбейді. Жеке-жеке шоңқиып, бит теріп отырған көп маймыл, көз жететін өңірге түгел жайылыпты. Тым-тырыс. «Зор секіріп» қу даланың бәрін жыртып, ұрық шашқан да, бір тақтасынан да өндіре алмай қалған!..

- Ей, тез орыңдар!- деп айқайлады дүйжаң қабырғалап отырғандарға. - Даяужың уақытында кім берген демалыс, тез орыңдар!

Бұл бұйрықты кәрі маймыл қалыптары бұзылар емес. Дүйжаңның дауысымен аржақ қырат үстінен түрегелген екі сары киімді де сол бұйрықты домалатып, еш бірін қозғай алмады. Кадрларына группа бастығынша жареуке үн қосқан ешкім көрінбеді. Тегі ондай пысықтары да мағдырдан айрылған сияқты.

Дүйжаң енді бізді қузады.

- Ал, бастаңдар, осы өзектегі «бидайді» анау жатақтарыңа дейін тап-таза орып, мықтап баулаңдар!

Біз қалың өскен нар қамысқа тиіспей, арасындағы масақ бидайді теріп ора жөнеліп едік, дүйжаң жүгіріп келіп иығымыздан бір-бірден басып отырғызда да өзі де отыра қалып орып көрсетті. Қамыстың түбінен мықтап ұстап, нақтап-нақтап он шақтысын қырықты да.

- Міне осылай!- деді. - Қамысты түбінен қатты ұстап ормасаңдар бидай жерге түсіп қалады. Қамысты ормай қалдырып кетсеңдер, оның далдасында бидай да орылмай қалады!... Ұқтыңдар ма? Бір түйірін жерде қалдырмау үшін осылай ору керек! Даяужың, орталық комитеттің нұсқауы. Солай емес пе?

- Солай, солай!- десіп, жауапты ызалы күлкімен қайырып едік. «Кішпейілдік» көрсетіп өзі де изектей жымиды. Сол жымиысына қарап қалыппын. «Жеті ағайынды апаттың Даяужыңның соңғы екіншісі - өзіңізсіз ау, ә!» дегендеймін. «Уытын дәммсіздігімен сездірмей өтіп, сеспей қатыратын нағыз қатерлі у сияқтысың!»

Ли дүйжаң сол жымиғаннан жымиып барып, зәмбілде жатқан Тоқты Баситтің қасына тұра қалды да ауырған жерін сұрады. Белін, атылып кетуден сақтанғандай еппен ғана ашып, сұқ саусағымен түртіп көрді. Бізді шақырды сонсоң. Түнде құлағанда қатты бердемеге тиген бел омыртқа талаурап ісіп тұрған болатын. Тоқтыны домалата салып, астындағы зәмбілді төңкерді де соның томпақ сыртына шалқалатып жатқызуға бұйырды.

- Белі бүкірейіп қалмау үшін осылай таңып қою керек, солай емеспе, он минутта жазылады! Мен білемін, солай болады!

- «Солай болмайды» дүйжаң, омыртқасы зақымдалған болса у шығып кетеді!- дегенімше үш-төрт жігітке көтертіп, төңкерілген зәмбілге шалқалатып жатқызды да, басқызып қойып, зәмбілдің екі сабына екі шынтағынан өзі таңды. Шырқырап кетті Тоқты Басит. Екі аяғын екі жігітке бастырып қойып тағы таңды. Талықсып кеткен алып жігіттер тер басқан жүзіне қарай алмай жүріп кеттім. - Міне, міне, енді жазылды ха-ха-ха-һа...а... мен көрген, қазір жазылады. Міне, жыламайтын болды. Қарнын қанша маса жеп жатса да білмейді, көрдің бе, рақаттанып ұйықтап кетті! Солай болады, тез жазылады!

Дүйжаң бізден оқшауланып, беткейге барып отырды. Түсіміздің түгел бұзылып кеткенінен секем алған сияқты. Жан мылтығын шығарып, сүрткен бола отырып, тез оруға бұйырды. Мен, Тоқты Баситтің жалаңаштанып қалған қарнына қаптаған масаны үркітіп, шапанын жаптым да Ли дүйжаңның өзінше күлімсірей түрегеліп өтініш айттым.

- Дүйжаң, мынаны дохтұрханаға жіберіп беріңіз, белі жазылса, жұмысқа өте мықты азамат.

- Дохторханаға, ха-ха-ха-һа... ол арбамен бір күнде әрең жететін жерде! Мен өз қолымдағы лаужяудың бәрін осылай өзім емдеп аламын!

- Өз қолыңызбен «емдеп», бәрін еңбек істей алмайтын халге түсіріп қойыпсыз, әне отырған отырыстары! Бізді де солай отырғызып қойсаңыз жұмысты кім істейді, ойлап көріңіз!

- Сен кім?- деп үңіле қарады дүйжаң.

- Мен лаужяу, еңбекпен тәрбиеленуге келдім. Егер доғдырға уақытында қаратып, тұрмысымызға көңіл бөлмесеңіз, мен де анау отырғандар сияқты мейманыңмын!

- Солай ма, кім үйретті мұны саған?... Олай болса сен де осылай байланасың!

- Осылай байлай берсең, ешкімге жұмыс істете алмайсың!... Майдан басшылығына екі жүз лаужяуыңның осы отырған отырысының себебін мәлімдеп алып отырамын! Бұл майдан да өзіңізден үлкен бастықтар да бар шығар, солай емес пе? Әрине солай болады!

- Немді мәлімдейсің? - Дүйжаң орнынан ширай түрегелді.

- Анау отырғандардың бірнешеуі болмаса, көпшілігі бұзық емес. Мынау сияқты себепсіз жазалап, өзіңіз бұзып қойғансыз. Қазір ешқайсысы тіліңізді алмайтын болыпты. Себепсіз байласаңыз мені де бұзасыз! Сонда мына жұмысыңызды кім істейді, кім астық жиып береді? Қайтадан сұрайын, мына Тоқты Баситті босатыңыз! Келе салып, ешқандай қылмыс өткізген емес! Ахуалын түнде бізді айдап келген әскерлерден сұраңыз! Бүйтетін болсаңыз, бізді тілімізді ұқтыра алатын ұлттық әтіретке кетуге мәжбүр етесіз!

- Сенде де быңсы[6] бар сияқты, ә, көремін әлі!

Дүйжаң әтірет штабына қарай қайта жөнелді. Мен Тоқты Баситтің қатты таңылған қолын біраз босатып байладым. Шағынып, өксіп-өксіп қалды.

- Мені арашалаймын деп өзіңіз пәлеге ұшырайтын болдыңыз!

- Жоқ, ештеңе істей алмайды, бар жайы белгілі болды. Жұмыс істей алатын еш адамы қалмапты. Анау бетте отырғандардың бәрі саған ұқсайды. Қаталдық қылса, қалған кереметін біз де көріп аламыз!.. Аянатын неміз қалды!

Біздің жігіттердің бірнешеуі беттегілерге жақындап барып, семген бидай теріп жеп отырғандықтарын айтып келді. «Шіріген жүгері үні өлтіреді, бидай жақсы, мына қамыс арасындағы бидайдың басы бар, бізге де беріп тұрыңдар!» деп сұрапты.

Ли дүйжаң әтірет штабына бармапты, бес минутқа жетпей қайта оралды. Мен қамысты өзінше орған болып отыра қалғанмын. Дүйжаң Тоқты Баситтың қасына барып, аяғымен түртіп қаратты.

- Жазылдың ба?- деп сұрай жымиды.

- «Әлі өліп болмадың ба» деп сұра, ғаяр!- тісін шақырлата зекірген Тоқтыға бажырая қалған дүйжаң, менің атымды шақырды.

- Биғабили, мұнда кел!... Сен осы группаның зужаңысың, мұнан соң солай болады! Сен басқаларға істетесің, өзің істемейсің болады!

- Ауырғандарын доғдырға емдетіп тұрмасаңыз, әрине істе алмайды, мен істете алмаймын!

- Доғдырды сөйлесеміз, қазір сен басқарып тұр!-дей сала қайта жөнелген дүйжаң, қайрыла нұсқап кетті. - Ананы қазірше босатып қойсаң өзің біледі, сен жауап бересің!

Тоқты Баситтің қол-аяғын дереу шештім де өзіне, шындығында өзіне емес, дүйжаңға естірте ескерттім.

- Сені көлеңкеге апарып жатқызамыз, тыныш жатасың, ә? - Бұйрық соңына бидайы бар жерге отырғызатынымды күбірлеп қосып едім, қымырлай алмай жатқан Тоқты Басит күлімсіреп, кішкене балаша талпынды. Қолтығына қолым тие бергенде-ақ ыршып тұрмақ болды да шыңғырып жіберді. Арғы қолтығынан бір жігіт сүйей қалды келіп. Мертіктің қиналысы тері бұрқ ете түсті. Аштық азабының жанды ұмыттырып, мұншалық өлермен халге түсіргеніне көзімнен жас шыға қалып еді, Тоқты Басит жалт қарап, өксіп-өксіп қалды. Бір-бірімізге қарамай, енді үнсіз жыластық. Қалың қамыс ортасындағы бір топ бидайға жеткізіп отырғызып, балдақтарын қасына қойдым да, дүйжаңға сездірмей жеуді тапсырып қайттым.

Өзді-өз орып жатқан солымыздан да бір-бір ауызды қамдайтын масақ табыла берді. Көк бидайдың  көрінген басын жұлып уқалап-үрлеп жіберіп, күйсей бердік. Шегірткедей тісті ғана емес, шаңтастай дөңгелейтін қолы да бар, ең жұт апатқа біз де айнала қалдық сөйтіп, бауланған соншалық көп қамыстан қырманға бір түйір бидай түсірмеуге міндеттелген сияқтымыз.

Тойғандығымыз, кешкі қайтқанда сасық момыға қарамай қойғандығымыздан ғана білінді. Ли дүйжаң, бөлмесіне шақырып апарып,  шикі бидай жеушілерді қатал шектеуді тапсырды маған: «көне лаужяуларды бұл өзектегі басты бидайға жолатпадық. Оларға шикі бидай жейтін дерт пайда болған, іш ауру содан тарқалды. Сендер үйлеріңнен «жаңа келгендіктен» бидай жемейтіндіктеріңе сендік. Біреуіне жегізбейсің!...  Егер қолыңдағы лайжяулардың үлкен дәреттерінен бидай табыла қалса, сені жазалаймын, солай емес пе? Әрине солай болады!» деп қадағалап «тәрбиелеп» шығарды.

Көк бидайдың бар ауруымызға түгел ем болғанын ертеңіне-ақ біліп, жадырасып қалдық. «Дүниедегі ең қуатты-қарымды тағам» осы екен. Күн сайын құныға түстік. Күнжарамызды дүйжаң көріп қоймасын деп мысықша мұқияттап көму артығырақ жұмыс сияқты көрінгенімен оның есесіне от жағып тамақ істемей, әуреленіп ыдыс-аяқ жумай, тауықшылап жерден теріп қана жеп жүре беру, қандай рахат. Аса жүдеп кеткен Тоқты Баситтің де буыны бекіп, ажарлана түсті. Сонда да замбілмен көтеріп апарып, өрістетіп жайып қайтып жүрдік. Бірнеше күнде қос балдақпен еріп жүре алатын болғанына Ли дүйжаң жымия қарады. Мойнына орағын асып беріп, бидай оруға бұйырды. «Еңбек істемесең тамақ берілмейді, солай емес пе, әрине  солай болады»- деп жұп-жұмсақ қана ескертті. "Докторға көрсет, ауруым жоқ болса тамақ берме, солай болады"- деп Тоқты кесетті.

Дүйжаң далада жайылып жатқан екі жүз лайжяуына қарауды да қойып, кешке дейін бізді айландыратын болды. Барлық жұмысын бізге істетіп алмақ тәрізі бар. Қамысты бөліп беріп, бүгін бітіресіңдер дегенді шығарды. Арасындағы масақ бидайы таусылған қамысты шалғылап-шапқылап тастап ырыздыққа тез жету үшін алға ұмтыла беретін жігіттерімізден дәндеп қалыпты. Жыңғыл шыбықтан маған да біреуін әкеліп беріп, артта қалғанын қузауға бұйырды.

- Бұларға таяқ істетсеңіз, отырып алады!- деп мен көпшілікке әдейілеп естірте жауап қайтардым. - Бұлар да қорқуды білмейтін болып кеткен, анау отырғандар сияқты жанынан кешкен лаужяулар!... Ей ағайындар, дедім сонсоң жігіттеріме көз қыса қарап. - Мына таяққа қараңдар!- шыбықты ысқырта сермеп, білеп-білеп жібердім. - Алдыға түсіп орып бара жатқан анау екеуіне жете аласыңдар ма, иә, ли дүйжаң маған ұстатқан мына таяқты жейсіңдер ме?

- «Біз өгіз емес!», «күшіміз жетісінше ғана істейміз, ауырып жүрміз!», «істеген сайын зорлап істете бермек эканда!», «ей беғыраздар, сонша асығып орып қайда бармақсыңдар!»- деп жарыса даурыққан көпшілік қасақана маған да зекіріп жіберді. - «Әфәндім, сіз тастаңыз таяқты, ұрса өзі ұрсын!»

- Міне солай болады!- деп шыбықты дүйжаңның өз алдына тастай салдым да өз орныма барып орағымды ұстап отыра қалдым. Тағы да жымия сөйледі дүйжаң.

- Осы жаздық жиын-терім бітісімен бағалау жүргіземіз. Кім жақсы істесе соның қалпағын алып қоя береміз. Кім жаман істеп, жақсы істеген белсенділерге жаңағыдай соққы берсе, жазалаймыз! Ұқтыңдар ма, солай болады. Әне, анау екеуі осылай істей берсе, сөзсіз, үйлеріне кетеді!

Ли дүйжаң осы алтын сөзін бітіре сала маңайымызды айлана сүмеңдеп, күнжарамызды іздей жөнелді. Қамыс дестелер мен баулардың арасын, астын тінтті. Ештеңе таба алмай алыстап, кез құйрықша айлана берді.

- Ей беғраздар, біздің құлағымыз бір болса, анау отырған «маймылдардың» құлағы қырық,- деді Тоқты Басит. Алдыға түсіп оза орғандарға түйіле зекіді. - Жақсы істегендерді қоя берсе, олар отырып алып, өздеріне-өздері қастық істей ме, мына ашаршылықта бекер қиналмай жандарыңды бағыңдар!...

Дүйжаң қайта оралғанша жейтіндерімізді жеп, сөйлейтінімізді осылай сөйлеп аламыз да ол жақындай бергенде қамыс түбін өзінше мықтап ұстап отыра қаламыз. Жүзіне қарамай екіден-үштен тықырлатып қырқа берсек, көп тұрмай масадан қашып, қыратқа шығып кетеді. Біз орнымыздан тұра сала қамысты шапқылап тастап масаққа жетеміз де жым бола қаламыз. Жым бола қалуымыз, демалу емес, әрине ауыз жұмысының басталғаны.

Талап еткен дәрігеріміз жиырма неше күн өткенде әрең жетті, өзіміздің Ләтипа. Жаяу дохтор болып, қашпай-пыспай әтірет аралау сеніміне енді ие болыпты да бірінші әтірет аталған бізге алдымен жетіпті. «Өңейіп қалыпсыз, жүдемепсіз» деп маған қол беріп, қуаныш білдірді де жиған-терген тәуір таблеткаларын менің жанқалтама тықты. «Башқа әтіретларда өлім-жітім көп екан. Іш ауру, ашаршылық!... Сіздің інілеріңіз гана жақсы тұрыпты. Маған өздері іздеп барып, сізге сәлем айтты. «Қайткенде де өз дене қуатын сақтасын» деді. Майдан штабына ең жақын, төртінші әтіретте екан!»- Ләтипа өкпе-жүрегімді тексеріп жатып, осыны ғана айта алды. Тоқты Баситтің құйрығынан екі уколды қатар ұрып, беліне жапсырма дәрі берді. Демалыс қағаз беру құқығы жоқ екен.

Сол емнен екі-ақ күнде жазылған Тоқты Басит үшінші күні қамысты тақырлап орған орысымен дүйжаңды разы етті де ел жатысымен ғайып болып, таң атқанда бізбен бірге «оянды». Семіз қойдың қақтаған төстігі босап қалған қобдиымнан көрінгенде көзім жарқ ете түсті.

- Сен әкелгенсің ғой?

- Мыналарға білдірме, тексерсе айтып қояды!

- Қайдан таптың?

- Тоғамның ар жағынан қой маңырағанын әнеу күні естігенмін.

- Жекенің қойы емес пе, семіз көрінеді?

- Қазір жеке меншікте лақ та жоқ, үкіметтікі, біз де үкіметтікі!... Бүгін кеште жер тонар қазып от жағып, соған көміп келемін. Пысып дайын тұрады!...

Сол күні түстен кейін түстікті қамыс арасында жасырып жеп, балқып отырғанымда атымды атап шақырған бөгде ұйғыр дауысы естілді. Ішімді жарып тексермесе сездіре қоймаспын деген бекіммен жымия шықтым.

- Биғабіл деген зиялы сенбісің?- деп сұрады, қалың қырма сақалды ақсұр ұйғыр кадр. Түрі таныстау сияқты. Қай мекемеде, не қызмет істегеніме дейін сұрап, анықтап алған соң ғана айтты жұмысын. - Сен, біздің төртінші әтіретке бөлінгенсің. Сені әкетуге келдім. Ұйғыр-қазақ зиялылардың барлығы бізде. Қазір жүк-тағыңды алып маған ер!

Мен жүгімнің көптігін айтып, кейін сол жаққа жүретін арба мен жетіп алуды өтініп едім, көнбеді. Зынданымызға дейін еріп келген Тоқты Басит жүгімді көтерісіп жеткізіп қайтуды Ли дүйжаңға жалбарынып өтініп айтып еді. Ол, жұмыс майданына өзін қайта қуды.

- Қап, амал жоқ, сізге бұйырмапты!- деп күбірледі қимас ұрым. Көзінің жасын бір сығып тастап, жүре сөйледі. - Тірі болсақ әлі-ақ көрісерміз. Өмір бойы ұмытпаспын!...

Дүниелігімді арқама да, алдыма да, иығыма да таңып, екі боқшаны екі қолыма көтере жөнелдім ызадан. Мәт сопы гансы бұл қайратыма қарқылдап күле қуанды.

- «Биғабіл» аталған әфәнді сіз екансыз да!- деді иенге шыққан соң. - Бұрыннан білетінмін, қазір тани алмай қалыппын! - Көңілімді осылай көтермелесе де, зіл болып борбасқа батырып бара жатқан ауыр жүгімнен біразын велесипетіне бөктеру жөнін ойлай қоймаған тәрізді. Еріксіз өтініш айтып едім, «көне таныс» өзінің принципін айтты. - Сен лаужяусың Биғабіл әфәнді. Оның үстіне оңшы, жерлік ұлтшыл, тағы-тағы немене, қоғамымыздағы бар қалпақ сенде!... Ал, мен дектатура кадрымын. Оның үстіне жай кадр ғана емес, төте тәлім-тәрбие беретін гуанжяу[7] кадрың менмін. Сенің жүгіңді көтерісу, принципімізге мүлде қайшы, түсіндің бе?

- Түсіндім!- дедім күліп жіберіп. - Олай болса, осы жолда өліп қалсам, «тәрбиелей» алмай қаларсыз, демалып-демалып жүруіме рұқсат етіңіз!...

Данышпан тергеушім, ешкім көрмейтін, көрсе де жаман іс демейтін иен даладағы рахым-шапатта осы «принциптің» қаншалық әке құны, неке кегі барын өздеріңізден басқа адам баласы білмесе керек. Егер «принцип» деген көкіректі сіреп қатып қалған сіреспе дерт болса, ашығын айтыңыздаршы, айықтырушы мен-ақ болайын! Бейтаныс жердегі бейтаныс қойдың төстігін ойып жеп қойған маған, көзтаныс сіздердің көкіректі емдеудің несі қиын. Төстіктеріңізді төсқалдағымен қарсылдатып сыпырып алсам, кернеп тұрған дерттеріңіздің өзі-ақ барсылдап атылып шыға бермес пе! Ондай сауапты операция да не қылмыс болмақ!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Жүнджібай - (Мау (ханзуша) жүн деген сөз.) - Маузыдұңды атағаны.

[2] Сәкең - Совет одағы.

[3] Абызтай (татарша) - ұстаз әйел, ұстаздың ықпалды білгір ханымы.

[4] Ни сүй (қытайша) - сен кім. (сүй - кім.)

[5] Зағыра (ұйғырша) - жүгері, ақ каулен ұндарынан тандырда пысырылған күлше нан.

[6] Быңсы (ханзуша) - өнер, хикмет.

[7] Гуанжяу (ханзуша) - басқарып тәрбиелеу.

0 пікір