Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 3525 0 пікір 15 Наурыз, 2022 сағат 11:29

Таңғалатын түгі жоқ...

әңгіме

Бір түйір ащы дәріні екі-үш ұрттам суық сумен әзер жұтты. Жұтқаны құрысын, тамағынан не ары, не бері өтпей көзінен ыстық жастың қалай ытқып шыққанын да аңғармады. Тұла бойы дел-сал. Салғаннан қырып тастамаса да, төсегінен тұрған бойда ежелден өзіне таныс, тыртыңдап бірнеше жаттығу жасаушы еді. Оған осы жолы көңілі соқпады. Дымнан -дымсыз тас бүркеніп жата берудің және ретін таппады. Әйелі бір тостақан жылымшы суды керуеттің басына әкеп қойды. «Ішсеңші, денсаулыққа пайдалы ғой» дейтін жарапазанды қайталай бергеннен бір нәрсе өне ме. Бала емес, шаға емес, дап-дардай кісіні құндақтаулы сәбидей қашанғы өбектейді. Мүйіз шықса күйеуіне шын ниетімен берілген бір ұрғашы өзіндей-ақ болар. Тіпті жүрегіне ота жасатқалы екі аяғын салақтатып, мойынға біржола мініп алған жоқ па?! Құдды әйелі үшін өмір сүретіннен әрі.

Қызметке бармақ түгілі, дәрігерге қаралатын болса да аса бір маңызды шаруаны тындыратындай бұл байғұстың етегіне шалынысып, шала бүлініп жүргені. Кәстөм-шалбарын үтектейді, бәтенкісін сүрткілейді. Ежелден қалыптасқан дағды: жейдесіне қандай галстуктің жарасатындығын таңдайтын да әйелі. Ал олай болмаса ол сол салдыр-салақ күйі плащының бір түймесі салынып, бір түймесінің салынбағанына қарамай, қала орталығындағы доға тәріздес иілген министрлер үйіне қарай талтаңдап тарта береді. Пәтері іргеде, қарға адым жерге қызметтік көлікті әуре ғып қайтемін дейді де, гараждан бірде-бір мәрте мәшине шақыртқан емес. Өзі мінбесе де сол көлікті бірер сағат үй шаруасына пайдаланғанға не жетсін!

Өмір бойы құйрығы жамсақ креслоға жабысып қалғандай, талай-талай мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстады. Бір нәрсенің басы ашық. (Тұрлыәлінің әлдекімдер секілді қашып-пысып, бөтен отбасына «қамқор» болып жүретін «жаман» әдеті жоқ). Тапқан-таянғанын басын бұзбастан әйелінің қолына әкеп табыстайды. Бәлкім, осы тазалығының арқасы шығар, ұзақ жылға созылған жұбайлық өмірде бірін-бірі көрместей боп, бет жыртысып, бір-біріне теріс қараған сәт есте қалмақты. Әрине, «кесе-шәйнек сылдырамайтын» үй бола ма. Ондайда қанша бір тік жүріп, тік тұратын мәртебелі қызметтердің ыстық-суығынан сүрінбей өтсе де, алдымен иілуге ыңғай танытатын Тұрдыәлі еді. Әйтеуір, жоқ жерден ілік-шатыстың түйінін тарқататын күлдіргі әңгіменің орайын таба қояды. Алдымен түк болмағандай екі иығы селкілдеп өзі күледі, артынша Несібелінің бөксе тұсын шымшылап, мұны да бір жайлы қылғанша тыным таппайды. Несібелі қанша қабақ шытқанда қайда барады. Тұрдыәлідей біреудің ала жібін аттамаған, табан ақы, маңдай терімен тапқан табыстан өзге төтенше олжадан қарадай-қарап, ат-тонын ала қашатын қолы таза жігіт ағасын қайдан табады.

Баяғыда, баяғыда емес-ау, ана жылы орайы келген соң бір танысының ұлын қарауына қызметке алған ғой. Жанып тұрған жас жігіт қамшы салдырмастан тапсырылған жұмысты үйіріп әкетеді. Ондайға рақметтен басқа не айтарсың. Бәрін бүлдіріп жүрген сормаңдай   әкесі. Сірә, Тұрдыәліні де (ашып айтпаса да) қызметім өтті ғой, оның қайтарымы қашан болады деп бірдеме дәметкендей, бетіңе жалтақ-жалтақ қарайтын жылпостардың  санатына қосып жіберген бе қайдам, бірде екі кештің арасында бейтаныс біреудің «пәленшекемнің сәлемдемесі еді» деп төрт-бес қапшық соғымның етін борша-борша терлеп, ауызүйге әкеп үйіп тастағаны. Несібелі қайран қалды. Көрші-қолаңның: «жыл басында соғым алсаң, қыстай сүмеңдеп базарға жүгірмейсің, бұл бір құдайдың рақаты» дегендерін талай естіген. Сондай күн бізге қашан туар екен деп жүрген-ді. Ал ендеше. Мұндайда  жеңілтек мінездің қайдан тап келді дейтіні бар. Қуанышын жасыра алмай, дереу Тұрдыәліге хабарласқан. Тұрдыәлінің жауабы қысқа-тын: «Тиіспе, қазір керек адамдар кері әкетеді. Біздің үйдің әдресін шатастырған ғой». Ізінше айтқандай, бес-алты жігіт сау етіп келді де, әлгілерді ылдым-жылдым алды да кетті. Кейін білді, аузының салымы жоқ деген әне сол, соғымды Тұрдыәлі басын бұзбастан қаладағы балалар үйіне жөнелтіпті. Ол туралы кейін мүлдем әңгіме  болған жоқ.

Құдай-ау, бұл неқылған бітпейтін әжік-гүжік? Түкке алғысыз қайдағы-жайдағының айт жоқ, той жоқ, бастың ішін жаулап алғаны несі?! Былайғы күндері беймарал жүретін бәйбіше жоқ-жітікті тап осы бүгін түгендей қалған екен де. Тұрдыәлінің де күн шыққанша керіліп-созылып, марғау жатысы ұнамады. Шүкір, әзірге қолы бос, ендеше осы мүмкіндікті неге пайдаланып қалмасқа. Қызметке бір кіріссе, Тұрдыәлі өлдім десең мойын бұрмайды. Телефон көтермейді. Құдды министрліктің күллі шаруасын жалғыз өзі атқарып жүргендей. Ондайда Несібелінің ойына да әлдебір жымысқы ойлар орала кетеді. Байқауынша, Тұрдыәлі мейлі қызметтік тұрғыдан болсын, жасының үлкендігі және қолға алған тапсырманы ынта-шынтасымен мінсіз атқаратын ұстамдылығы, сабырлылығымен болсын, өзгелерді үн-түнсіз қас-қабағына бағындырып, арлы-берлі жүгіртіп жұмсауға өресі жетпейтін, өресі жетпегеннен бұрын соның ыңғайын келтіре алмайтын ынжық, турасына көшкенде, өз орнын білмейтін қалбалақтаған біреу. Қарауындағыларды шұғыл шаруаға жегіп, тапсырылған істің нәтижесін күткенше одан гөрі оны өзі тындырғанды жөн көретін нағыз шектен шыққан елпекпай. Оу, мұндайлар шырақпен іздегенде таптыра ма. Сосын үстінен қарайтын шөпкетышарлар Тұрдәліге келгенде дымдарын шығармайды. Жылы амандасады. Кәделі жиындарда ретін тауып мақтайды. Орден-медальге ұсынады. «Тұрдыәлінің орнын басатын адам әлі туған жоқ!» Бұл пақыр сірә, соған мәз.

Несібеліге бүгін шынымен не көрінген, а?! Өмір бойы құдай қосқан қосағының үнемі жақсы жағын көруге тырысып, анау-мынау кемшілігін елемей, оны дереу есінен шығарып жіберуге машықтанған әйелді бүгін қандай түлен түртті? Асүйде ертеңгі шай қамымен жүріп, күнде істейтін тірлігінен жаңылғандай екі шыныаяқты еденге түсіріп, сындырып алды. Газ плитасына қойған ботқасы шашылып-төгілді. Жүрегі аузына тығылып, тыныс алуы жиеледі. Тұрдыәліге деген өкпе-назы бөгет бұзған ағын судай барған сайын үдей түскені несі?! Қарадай-қарап не албасты басты? Бүгінде жеке-жеке отау тігіп, үйлі-баранды болған үш баланы расымен де Несібелінің жалғыз өзі бағып-қақты. Оқытты-шоқытты. Қатарларынан кем қылған жоқ. Сабақ үлгірімдерін де басы бүтін өзі қадағалады. Түннің бір уағына дейін солармен бірге жарысып кітап оқыды. Есеп шығарды. Ертеңді-кеш тамақтарын даярлады. Және жатталып қалған мына сөзді дұғадай қайталаудан жалықсашы: «Сендер Тұрдыәлі Тұрсынұлының ұл-қыздары екендіктеріңді естен шығармаңдар. Әкелеріңе жәрдемдескендерің сол --  тәртіпті, сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Сонда ғана ол кісінің мәртебесі биіктеген үстіне биіктей береді».

«Мәртебесі биіктеген үстіне биіктей берген» әтібірлі азамат япыр-ай, бір баланың мектептегі жиналысына қатысты ма десеңші! Байы жоқ, жесір қатындай соның бәріне, баршасына Несібелі жалғыз шапқылайтын. Тұрдыәліден анағұрлым төмен қызметте жүргендер ешкімнен қысылып-қымтырылмай-ақ ертеңгілік балаларын мектепке қызметтік көлікпен әкеп тастайтын еді ғой. Сөйтетін де құдды Несібеліні табалағандай: «жеңеше, үйіңізге жеткізіп тастайық» деп миықтарынан күлетіндерін қайтерсің. Оу, қанша дегенмен Несібелінің де нәті әйел ғой, «біз неге өстіп жүрмейміз, ә?» Тұрдыәліге ыңғайын тауып еркелегісі келгендіктен бе, әлде ішкі назын ақтарғысы келгендіктен бе, бірнәрселерді түтіндеткісі келіп тұрады да, аяқ астынан нілдей бұзылады: «Қойшы құрысын, біреу-міреу көріп қалса... одан да жаныма жамандық бермегей. Тұрдыәліге де кесірімді тигізбейін, құдай осы күнімізді көп көрмесін» деп сілкініп шыға келетін.

Несібеліге бүгін шынымен не көрінді? Әлде митың тірліктен шаршағандықтың белгісі ме? Қарадай қарап Тұрдыәліге тиіскісі келеді, түймедейді түйедей ғып ұрысқысы келеді. Араға сумаңдап шайтан кіргеннен сау ма?

̶  Жата береміз бе, өстіп?  ̶  Бір қырындап келіп, терезе пердесін былай ысырды.

̶  Маған не дейсің?  ̶  Тұрдыәлінің мұнысы мүсәпірдің мұң-зарындай  құмығып естілді. Оны қалай айтып қалғанын өзі де байқамады.  ̶  Бүгін сәл де болса тыныш ұйықтадым. Кешегідей емес, көшедегі абыр-сабырдың аяғы басылған тәрізді ғой. Сен не байқадың?

̶  Нені байқаушы ем, сіздің көргеніңізді біз де көрдік. Көшедегі атыс-шабыстың ортасында болғанымыз жоқ. Үйде омалып отырғанша, бәлкім орталыққа бір барып келгенім жөн бе еді.  ̶  Несібелі аузынан шыққан әрбір сөзін төске балға соққандай шегелеп, нығарлап айтты. Сосын бұған Тұрдыәлі не дер екен деп біраз күтті.

̶  Әйтеуір, ел тыныш болса жарар...

̶  Ел тыныш болмай қайда барады. Жан-жақтан ағылған қарулы әскер енді бас көтергендерін аяусыз қырып салады.  ̶  Бұл жолы Несібелінің сөзі кәнігі саясаткердікіне ұқсап кетті.  ̶  Байғұс Базаркүлге қандай жәрдем берерімді де білмеймін.  ̶  Кірпігіне оқыс ілінген жасты көрсеткісі келмей теріс айналды.

Базаркүл  ̶  Тұрдыәлінің үлкен қызы. Бала-шағалы. Күйеуі ішкі істер департаментінің әскери шенді қызметкері еді. Кешегі дүрбелеңнің бел ортасында жүріп, жазықсыздан-жазықсыз жапа шеккен жауынгер. Мәскеуден келген бір дөкейді басбұзарлар мен террористерден аман алып, межелі жеріне жеткіземін деп жүргенде, бұзақылар тарапынан атылған оқ қапыда күйеу баланың оң жақ қабырғасына тиген. Дереу операция. Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде. Мұндайда аянып қалатын не бар, Тұрдыәлі таныс-білістеріне хабарласып, операцияға білікті дәрігерлерді жұмылдырды. Құдай сақтады. Алағай да бұлағайда оқтың жүрек тұсына қадалмағанына шүкір. Тіл тарпай кетер еді. Қаңғыған оқтан қансыраған қарапайым тұрғындар қаншама. Үлкен қала айдың-күннің аманында адам айтып тауыса алмайтын атышулы әбігірге түсті. Алдымен мәдениетті түрде басталған ереуілдің соңы адам төзгісіз бұзақылыққа ұласты. Бейбіт заманда бейбіт тұрғындарға оқ атылды. Жиырмаға жетер-жетпестегі жастар қыршынынан қиылды. Жылап-сықтаудан қаланың тас үйлерінің суық қабырғалары кәрі кемпірдің құрт жеп, иегінде қалған ауру тісіндей үсті-үстіне сырқырады. Қансырағандардың жалғыз куәгерлері де солар еді. Опат болғандардың саны әлі белгісіз. Билікке көпшіліктің өкпесі қарақазандай.  Үкімет отставкаға кеткен. Жә, министрлер кабинеті қайта жасақталар, бүлінген, қираған дүниелер қайта қалпына келер. Ал шыбын жанын шүберекке түйіп, жалғыз жапырағының тілеуін тілеумен таң атырып, күн батырған ағайынның тас төбесінен түскен қайғы-шері бұл жалғанда ұмытыла қойса жақсы ғой.

̶  Базаркүлдің жағдайын мен түсінемін, бірақ қолдан келер амал не?

̶ Түні бойы бала-шағасымен аурухана есігін күзетіп шығыпты.  ̶  Несібелі ауыр күрсінді.  ̶  Сорлы баланың жаны қалса, өзгесін көрер-дағы. Ортаншысы қыз бала ғой, «әкемді көрсетіңдер, көрсетіңдер!» деп дәрігерлермен алысып-жұлысып, терезе әйнегіне қолын тілдіріп, өзі де оңбай қансырап қалыпты.

̶  Қап, балалық жасаған екен де!

̶  Оларға ақыл айтатын жандарында кім бар. Оларға бүйтпеңдер, сүйтпеңдер дейтін біздің жатысымыз мынау.

̶ Жансақтау бөліміне кісі кіргізбейді. Бекерге уақыт өлтіру. Тілепқалидың көрер қызығы әлі алда ғой. Қырық бес деген не тәйірі! Балалары да аяқтанған жоқ.

̶  Соны білсеңіз, не жатыс?  ̶  Несібелінің дауысы өрт сөндіру мәшинесінің дабылындай қатаң естілді.

̶  Маған не дейсің?  ̶  Тұрдыәлі төсегінен жылдам түрегелді.

̶  Жандарында болайық, олардың бізден басқа кімі бар. Сөзбен жұбатсақ та сәл-пәл жәрдеміміз тиер.

̶  Мақұл.

̶  Гараждан мәшине шақыртыңыз, тездетіп ауруханаға жетіп алайық.

̶  А...а?  ̶  Тұрдыәлі тамағына әлдене кептеліп қалғандай, тұншыға жұтынды.  ̶  Оған біздің құдірет жүрмейді.

̶  Не ғып?

̶  Үкімет отставкада. Дүниені арлы-берлі аударып-төңкеріп жүріп о жағын білмегенің қалай? Одан да тездетіп таксиге заказ бер.

Бір шыныаяқ суыған шай, бір тілім нанмен оразасын ашқан Тұрдыәлі есік алдына шыққанда киетін спортшы күртешесін иығына іліп, апыл-ғұпыл сыртқа беттеді.

***

Қалалық аурухананың енсіздеу ұзынша дәлізі иін тірескен адам. Бірінің иығына бірі басын сүйеген, бірінің аузына бірі су тамызған, бірін-бірі құшақтап өксіп жылаған... жан түршігерлік көріністен қарадай-қарап жан-дүниең құмдай үгітіледі. Мұндайда не істеу керектігін Тұрдыәлі түсінбеді. Шығып кетуге және батылы жетпеді. Талай дүрбелеңді бастан өткізген, бір тұтам тірліктің қадір-қасиетін жақсы түсінетін салихалы азамат ретінде  көкейіндегі жұбату сөздерін айтуға оқтала берді де, оқыс іркіліп қалды. Мұнысы ақыл. Қайғыдан қан жұтқан мына жұрт Тұрдыәліні тыңдап, көздеріндегі моқшақтаған жасын сүртіп,  жан-жақтарына жітілене қараса... Ай, қайдам, қайдам-ау!

Кешегі содырлар салған сойқанның қолға ұстатқан «нәтижесі» мінекей: біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің жары жараланған. Олардың өлі-тірісінен көпшілік әлі бейхабар.  Көшедегі атыс-шабыстан бастары жарылып, көздері шығып, аяқтары сынғандарды «жедел жәрдем» үлгергенше әр жерден жиып-теріп, осында әкеп тоғытқан. Шұғыл операцияның көптігінен дәрігерлердің көздеріне тер құйылып, бет-ауыздары домбығып, ісініп кеткен. Тақтай орын тимегендер жамбастарынан сыз өткендігіне қарамай, жалп етіп тас еденге отыра салған. Осы тұста оларға да түктің қажеті жоқ еді,  тек операция үстөлінде жатқан жанашыр жақынының  жаны аман қалса жарады. Тұрдыәлі ақымақ бола жаздағанымды қарашы деп, іштей тәубесіне келді. Былшылдап сөйлемегеніне қуанып тұр. Мыналардың ішінен оған біреулердің құлақ асуы мүмкін бе?! Мүмкін емес! Керісінше бұл бірнәрсе қиратқандай бара-бара көсемсіп сөйлей түскен сәтте... бас-көзге қарамай, бөтелкелер мен жартылай желінген тамақ қалдықтары тұс-тұстан жаңбырша жауар-ау. Ақырында Тұрдыәлі бас сауғалап, цемент дуалдың тасасына тығылар.

Күңгірттеу дәліз ішінен Базаркүл көзге шалынбады. Әлде күйеуінің беті бері қараған соң өз-өзіне келіп, балаларды демалдырайын деп үйіне кетті ме. Тұрдыәлінің бойына беймағұлым жылы ағыс жүгірді. Несібелінің қолын қатырақ қысты. Мұны қалай көргенін қайдам, операцияның басы-қасында жүрген таныс хирург жан-жақтан қаумалаған көпшілік арасынан сызаттай жол тауып, бері жақындады. Жүзі солғын, көз жанары қып-қызыл. Тұрдыәлі  тіксініп қалды. Аман болғай! Сәлем-сауқатсыз айтылған шолақ сөйлемдер жүрегіне тікендей қадалды:  ̶  Тұрдыәлі Тұрсынович, қолдан келген көмекті аямайтындығымызды білесіз. Түннің бір уағына дейін көзін ашып, «жағдайым жақсы» дегендей, бізге де ризашылығын білдіріп, жайлы жатқан. Сосын «мұнда отырып текке шаршамаңыздар» деп әйел-балаларын қайтарып жібергем. Бір сағат бұрын, таң алдында жүрегі бірден тоқтап қалды. Жүрегі бұрын ауыратын ба еді? Тілепқали Сақташевич елдің бірлігі үшін жанын аямаған нағыз ержүрек жауынгер!.. Қазанамаға өстіп жаздырарсыздар.

Тұрдыәлі одан әрі ешнәрсе естіген жоқ. Құлағы бітіп қалған, сам-соз. Несібелінің «Базаркүлге не айтамын?!» деп аңырап жылағанына да назар салмастан, тас еденге бір тізерлеп отыра кетті.

***

Тілепқалидың мүрдесі орталық зираттың шеткерілеу бір бұрышына жерленді. Артынан екі жүз адамға ас берілді. Тұрдыәлі күйеу баласының басына қойылған қоңыр гранитке «Ел бірлігі жолында ерлікпен қаза тапқан жауынгер» деген сөздерді ойып жаздырды. Мұнымен жыртық көңілдің жарасы қайдан бітсін. Елден келген туыстарды келесі күні түгелімен шығарып салды. Шылым шекпеуші еді. Үйге кіруге жүрексінгендей есік алдында әлдекімнен сұрап алған арзанқол темекіні будақтатып, біраз жүріп алды. Тілепқалидың өзін қалай сыйлайтынын, әзіл-қалжыңдарының жараса кететінін, үлкен тамақтың алдында әйелдерден жасырып, бір-екі рөмкі вискиді тартып жіберіп, түк болмағандай жымың-жымың күліп, үстөлге жақындайтынын... көңілі әлем-жәлем күйде еске түсірді. Ешкімге көрсетпей шерін тарқатып, жылап алғанды жөн көрді. Ұлттық компанияда юрист-консултант боп қызмет істеп жүрген жерінен Тұрдыәлінің жанашырлығының арқасында қалалық ішкі істер департаментіне ауысты. Өтініш кімнің тарапынан түскендігін ары ойлап, бері ойлап, ақыры ақиқатына жете алмады. «Жұмысым жақсы ғой, жалақысы да тәуір. Бірақ пенсионер секілді ертелі-кеш міз бақпай, кресло күзеткен ауыр екен. Күш-қуат барда әрі қиындықпен күн сайын бетпе-бет жүздесетін бір мекемеге ауыссам...» Тілепқали осылай деді ме, бәлкім пәлені бастаған Тұрдыәлінің өзі болып жүрмегей: «Кеңседе омалып біраз отырдың , өскенде, көтерілгенде бөлім бастығы боларсың. Ал құқық қорғау органына барсаң тез өсесің, әскери шенің жоғарылайды».

Енді мұны анықтаудың түкке қажеті жоқ. Өзекке құйылған өрттей өкініш. Сол жерде жүре бергенде... Көлдей орамалымен көзін сүртті. Иә, айтатыны жоқ, төрт бөлмелі жайлы пәтердің іші қаңырап бос қалғандай.  Алдынан арсалаңдап шығатын Тілепқали қайда?! Балалардың көзінше босамайын деп астыңғы ернін қанша тістелесе де, көкіректі жарып жіберетіндей лықсып келген өксікті тежей алмады. Несібелі айтпақшы, қазір «арқа тірейтін жалғыз сүйенішім, әкем-ау, біз енді қайтіп күн көреміз?!» деп шашын жұлып, бетін тырнамаса да, әбден әлсіреген бойын әзер игеріп, мойынға асыла кететін Базаркүлді қайтіп жұбатады? Не айтады? Айтқаны  -- жырым-жырым жаралы жүрекке жамау болуға жараса.

Табалдырықтан тәлтіректеп аттады. Міне, өзінің топшылағанындай болды да шықты. Қоңыр шәлісін бүркеніп, диванның бір бұрышында бүрісіп отырған Базаркүл әкесін көрді де, орнынан атып тұрды. Қан-сөлсіз жүзі қап-қара. Жанардың оты жел жұлмалаған білте шамдай таусылуға таяу. Бір-екі қадам бері аттады. Тұрдыәлі қызының жүзіне тіктеліп қараудан жасқанды. Көз жасының сарқылғанына қарамай, екі қолын екі жаққа сылқ еткізіп бос тастаған Базаркүл әкесімен көрісуге келе жатты да, қан-сөлсіз жүзі одан әрі күреңітіп, оқыс асүй жаққа кілт бұрылды. Неге? Ал түсініп көр! Тұла бойын түтіп жеген қайғы-қасыретті бір жеңілдетсе әкем ғана жеңілдетер деп пайымдаған перзентінің жеме-жемге келгенде көңілі қаламайтын адаммен кездейсоқ кездескендей теріс бұрылғаны қалай? Тұрдыәлінің кінәсі не? Есік қайырылысында не ары, не бері өте алмай, состиып қалт тұрып қалды. Көрді, бұлталақтайтын несі бар, Базаркүлдің әбден әлсіреген жанары сол сәтте бір жалт етті де, жебе кірпіктері тікірейіп-тікірейіп Тұрдыәлінің жүзіне кірпідей қадалды. Ал түсініп көр! Құдай-ау, дәл осы оқиға үшін Тұрдыәліні кінәлайтын не жөні бар? Мына дүние не боп барады-ей, а?! Жұрт аяғы басылды ғой, Тілепқалидың бала-шағасымен бірге отырып, марқұмның аруағына құран бағыштап, өзін де, өзгелерді де демейінші деп, жақсы ниетпен келгенде... Үстөл басында қаққан қазықтай тіп-тік сазарып отырған Несібелінің де Тұрдыәліге көрсетер қайраны шамалы еді. Жуық маңда Базаркүл асүй жақтан шыға қоймады. «Оу, бері келсеңші, өзімізше сұхбаттасайық, келешекке жоспар құрайық» деп Тұрдыәлі қайтіп белсенділік танытсын.

«Әкемді көрсетіңдер, көрсетіңдер, әйтпесе қансырап өлемін!» деп терезе әйнегіне қолын тілдіріп, жұртты әбігірге салған Тілепқалидың бойы сырықтай тоғызыншы сыныпта оқитын қызын Тұрдыәлі бауырына басып, арқасынан сипамақшы еді. Біраз нәрсені соның құлағына сыбырламақшы еді. «Анаңды да жылатпа, өзің де жылама, осы үйдің бас көтерер үлкені сен» демекші ғой баяғы. Тұрдыәлі қаралы үйдегі тыныс тарылтар ап-ауыр аураны жеңілдеткісі келді ме қайдам, есік жақтауына сүйенген жиен немересін құшағыма қысайыншы деп оқталған. Мә, безгелдек! Тура шешесінен аумай қалғанын қара, Тұрдыәлі жанына жақындай бергенде әлденені сылтауратып, көрші бөлмеге кіріп кетті. Нағашы атасының ыстық құшағын да, жанашырлықпен айтылатын нақыл сөздерін де керек қылмады. Тұрдыәлі өзін бұл үйге басы артық адамдай сезінді.

Үстөлге жақындап нан ауыз тиді. Тілін кәлимаға келтіріп, білгенінше аят оқыды. Тілепқалидың кенжесі  --  Жасанжанның басынан сипап, қалта телефонынан көз айырмаған қара баланы әжік-гүжік әңгімеге тартқаннан басқа не қалды: «Спорт сексиясына қатысып жүрсің бе? Хоккей жүректілікке тәрбиелейді... Жаттығуларды жіберме, бәріне үлгеруге тырыс!..» Оу, бұларға не көрінген? Ең аяғы ойын баласының өзі Тұрдыәлінің күректей алақаны маңдайына тигенде, жылан шағып алғандай шоршып түсті: «Сабаққа дайындалуым керек еді». Есейіп кеткендей. Мұңды көзқарасының тасасында Тұрдыәліден көңілі қалған өкпенің әзір өшіруге келмейтін, оған көнбейтін сұп-сұрқай іздері  сайрап жатты.

Несібеліге де үйге қайтайық деген жоқ. Оның бір-екі күн осылармен бірге болғаны жөн шығар. Жеңіл-желпі шай-суын өзі-ақ дайындап ішер.Арғы жағына ас батсайшы. Бар ермегі темекі. Банна қабылдап, ыстық кофемен бір-екі рөмкі виски ішсе қайтер еді. Теледидарда -- бір ән, бір әуен. Қазақстандағы кешегі жағдай  --  әлем эфирі үшін таптырмас тақырыпқа айналған. Ертең жаңа үкімет құрамы қайта жасақталады. Кім келеді, кім кетеді? Тұрдыәлінің тұстастары үшін қаны жерге тамбай тұрған негізгі мәселе осы еді. Әлдекімдердің қоңырауын көтермеді. «Кім келіп, кім кетсе де, мен үшін бәрібір». Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Жиен немерелерінің манағы қылықтарын қанша бір солардың пайдасына шешіп, ертең бәрі жөнге түседі ғой десе де, әрі-бері ойланып, ақыры ақылға сыйғыза алмады. Оның үстіне кешегі ереуілшілердің айқай-сүреңі құлақ түбінен қоңыраулады да тұрды: «Билік қарапайым халықпен санаспайды, жалған, өтірік уәде беруден шаршамайды... Ел мүддесі аяусыз аяққа тапталған...» Билік атаулының бір белсенді мүшесі өзі ғой. Кімге уәде берді, кімнің мүддесін таптады? Ақылға салғанда Тұрдыәлі бітім-болмысымен таза адам. Бірақ онысын кімге дәлелдемек? Ең сорақысы, манағы жиен немерелеріне дейін «сол дүрбелеңнің бәріне билік кінәлі, сондықтан сіз бізден аулақ жүріңізші, сенсіз де күнімізді көрерміз» дейтін тәрізді. Ал керек болса!.. Ғұмыр бойы сол ортаның қара қазанында қайнаған Тұрдыәлі қай тұстан қате жіберді. Кіммен ауыз жаласты, ел мүддесін ескермей жұрт таусыла айтып та, жазып та жүргендей аттөбеліндей ауқатты адамдардың алдау-арбауына түсіп, кейбір маңызды құжаттарға қол қойып жібергеннен сау ма?! Эх!                                                                                                ***

Үйреншікті кабинетіне ертелеу келген Тұрдыәлі жылы орнына қайта бекіген министрдің атына «мені өз еркіммен қызметтен босатыңыз» деп арыз жазды. Оны папкіге салып, қабылдау бөлмесіндегі жас қыздың қолына ұстатты. Министрдің бірінші орынбасары министрге құттықтаушылардың алдымен кіруіне құқылы еді. Кезекте тұрғандармен бас изесіп, жылы амандасты. Сөз жоқ, бұл жайсаңдар ертең бірінші орынбасардың қызметтен босануын сан-саққа жүгіртеді: «Бұзақылармен байланысы жоқ па екен?» деулері де мүмкін ғой. Жә, десе дей берсін. Бұған таңғалатын несі бар, ақырғы демі біткенше адал өмір сүргенге не жетсін!

Қуаныш Жиенбай

Abai.kz     

0 пікір