Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3419 0 пікір 8 Қазан, 2012 сағат 13:24

АННА ХАНЫМНАН ЖАЛЫҚПАДЫҢЫЗДАР МА?

Анна ханым кезінде «Қазақстан» телеарнасындағы «Ақжүніс» бағдарламасы арқылы танылып еді. Бүйтіп танылғаны бар болсын, бүйректен сирақ шығарып, қиямпұрыс әңгімесімен ел-жұртты әбден мезі етіп бітіп еді. Сол ханым араға уақыт салып ұлттық арнаға тағы шықты. Жай шықпады, тағы да...

Анна ханым кезінде «Қазақстан» телеарнасындағы «Ақжүніс» бағдарламасы арқылы танылып еді. Бүйтіп танылғаны бар болсын, бүйректен сирақ шығарып, қиямпұрыс әңгімесімен ел-жұртты әбден мезі етіп бітіп еді. Сол ханым араға уақыт салып ұлттық арнаға тағы шықты. Жай шықпады, тағы да...
Аталған телеарнадан көрсетіліп жүрген «Айтуға оңай» деген бағдарламаның қайсыбір шығарылымында суицид тақырыбы талқыланды. Өзіне бірнеше рет қол жұмсамақ болған бір жігіт сөйлеп отыр. Жайлы орынға жайғасқан психологымыз оған көмектесудің орнына: «Өзіңізді қалай өлтірмек болдыңыз? Қандай жолмен өлгіңіз келді?», - деп дігірлеп болмайды. Ана бейбақ не десін, «Асылып өлгім келді», - дейді. Анна Құдиярова өзі әрең сөйлеп тұрған адамға: «Міне, көрдіңіздер ме, бұл өлетін адам емес. Өлейін деген адам болса, өлімін алдын  ала жоспарлайды. «Қай баған менің салмағымды көтереді, қай қабаттан секірсем өлемін» деп бәрін есептеп қояды. Ал мына жігіт өлейін демеген. Қазір осы сияқты, «өлемін» деп жақындарын үркітетіндер көп. «Шуба әпермесең асылып өлем дейтін» ерке әйелдер көбейді», - деп сарнап отыр. Ақыры шыдай алмай кетті ғой деймін, студияда отырған әнші Меруерт Түсіпбаева: «Сіз не айтып кеттіңіз, адамның өмірі бәске тігіліп тұрғанда шубаны айтып ұсақталып отырғаныңыз не?» - деді таңғалысын жасыра алмай. Құдайдың құдіреті, өлмеудің жолын айтудың орнына өлудің жолын нұсқайтын, өмір сүруге үндеудің орнына өлудің жолын үйрететін психологты біздің де бірінші рет көруіміз.
Жалпы, осы әйелді тыңдап отырсаң, ойлары көбіне-көп қазақы танымға томпақ келеді. Өресінің жеткен жері: «Еркектер озып барады, аяқтарынан тартып түсіру керек», «Қазақ әйелдері орта ғасырда қалып қойған»... Бірде былай деп сайрап отыр: «Кейде 30 жастағы қыздар келіп: «Әлі күнге дейін ешқандай жігіт қолымнан ұстаған жоқ, ешқандай жігітпен жүрген емеспін», -   деп жылайды. Кезінде оны да «үйден шықсаң, өлтірем, жігітпен жүргеніңді білсем, аяғыңды сындырамын» деп әбден үркітіп қойған. Кәрі қыздардың көбеюі, міне, осыдан. Осындай қыздар кейде ішіп немесе басқа да жаман қылықтарға бой алдырады»... О, тоба дейміз біз. «Жігітпен жүрген» қыздар ішпейді екен де, «жүрмеген» қыздар ішеді екен. Құдайшылығымызды айтайық, қазір жігітке қолын ұстатпаған ибалы қызды көріп жүргеніміз шамалы. Қайта қоғамдағы арсыздыққа тежеу болып, ұятты оятудың орнына, Анна ханымның бұл айтып отырғанын қалай түсінуді білсек ше. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деп отыратын қазақтың тәрбиесін тас-талқанын шығарайық онда. Бәзбір еріккен депутаттардың айтқанын істеп, бесіктен белі шықпаған балаларымызға жыныстық қатынасты үйретейік. Қазақтың «маңдайына біткен» психологы осыны көздеп отыр ма?
Қазақы танымды былай қойғанда, кей-кейде Анна ханымның кәсібилігі қай деңгейде деген күмәнді ой келеді. Өйткені тыңдап отырсаң, кісіні жұбатып, жүрегінде үміт шырағын жағудың орнына ойын ойран, жігерін құм қылып тұқырта түсуді мақсат тұтатындай. Бір кезде опық жеген үлескерлер тақырыбы эфирден түспеді ғой. Сонда «Үлескерлер отбасылық кикілжіңмен қалай күресуі керек?», - деген сұраққа Аннаңыздың жауабы таңғалдырып еді. Психолог міз бақпастан: «Күйеуі әйелін, әйелі күйеуін: сен неге бардың, ақшаны неге қостың, сен үшін біз бейбақ үлескер болдық деп кінәләйді. Неліктен дер кезінде өзара ақылдаспай, келіспей, осындай қадамға барған? Олар бірінің шаштарының ұзындығына, қасы-көздерінің сұлулығына, қалталарының қалыңдығына қарап үйленген. Шынайы сезім болмаған», - деп шорт кескені бар. Сонда дейміз, қазақтың жас отбасыларының бестен төрті үйсіз жүр. Сонда баспанаға жете алмай жүргендердің бәрі «есеппен» үйленіп пе? Бұл не сандырақ? Сүйіспеншілік болмаған жерде ғана проблема бола ма екен? Ыдыс-аяқ сылдырласа, жұбайлар бір-бірін сүймейді деген сөз бе? Жақын адамдарды кешірімді болуға, сыйластыққа үндеудің орнына, «бір-біріңді сүймейсіңдер, бөтенсіңдер, дереу ажырасу керек», - деп ақыл айтып отырған психологтан не күтуге болады?!
Анна ханымның жеке басында бес берешегіміз, алты алашағымыз жоқ. Бірақ «Хабар», «Қазақстан» сияқты телеарналар - кім көрінген шығып ойына келгенін айтатын орын емес қой. Мұндай арналардан шығып, ақыл айту үшін де адамға моральдық құқық керек. Кейде сол арналардың өздері объекті таңдауда ұсақталып бара ма дейміз. Өйткені бір емес, екі емес, тұрақты түрде жылтыңдатып, өздері «жұлдыз» жасап отырған адам үшін бұл арналар да жауапты. Әйтпесе психологияның өзі түрлі-түрлі болады ғой. Батыс психологиясына майдай жағатын кеңес біздің психологияға жат болуы мүмкін. Немесе керісінше. Сондықтан, айналайындар, осы кісіні жарнамалай бермеңіздерші. Ұлттық арнаның төрінде отырып ұлтқа қарсы сөйлейтін Аннаның кеңесінсіз-ақ қырылып қалмаспыз.
Д.МӘКЕЖАН

"Халық сөзі" газеті

0 пікір