Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әдебиет 3799 7 пікір 14 Наурыз, 2022 сағат 08:10

Тұзы жеңіл жігіт

(әңгіме)

Міне, бүгін екінші рет ерлі-зайыптылардың төсек сықырына куә боп жатырмын. Ерлі-зайыпты дегенде, туған қайын атам мен қайын енем ғой. Үш күн бұрын енемнің түнді тырналаған сәл қарлығыңқы даусы естілді. «Қойшы, шаршап жатырмын»,  – деді ұйқылы-ояу. Даусындағы қарлығыңқы үн – «Беломордан» қалған сый. Әйел басымен өзі жұмыс істейтін шап-шағын азық-түлік дүкенінің қара папиросын аямай шегіп, ащы түтін қолқасы мен көкірегінде ыс боп тұрып қалған. Шаршаса шаршаған шығар, еден жуып, азаннан кешке дейін белі бүгіліп, қызыл қарағайды сулы шүберекпен ысқылап, сол жердің шаң-тозаңын сүртіп шығу да оңай емес. «Қолыңа резеңке қолғап киіп ал», – деді күйеуі мүләйім үнмен. Тіл қатқан жоқ. Қайын  атам нәті жуас, кісімен шүйіркелесіп сөйлесіп, жадырап отырмайды, томаға тұйықтың ішіндегі «ішімдегіні таптың» нағыз өзі. Оған қарағанда қайын енем дарақылау, өтірік болса да дар етіп бір күліп ап, үш ұл, екі қызды қатардан қалдырмау үшін тырбанып, «Беломорын» бұрқыратады да жүреді. Атам – мұғалім, бір мектептің тәрбие жөніндегі оқу ісінің меңгерушісі, тәжірибелі тәрбиеші. Тәрбиеші болғанда сұрама, бір сөзді артық айтпайды, коммунизм құрлысшыларының моральдық кодексін керек кезде сөзді үзіп тастап, жатқа айтып отырады.

Өздері бес бөлмелі қызылмен әктелген «хрущевка» аталатын тапал тамда тұрады. Қанша жыл бір орында қызмет етсе де, еңселі бір үйге қол жеткізе алмай-ақ қойды. Бес бөлменің төрінде ерлі-зайыпты екеуі, зал деп аталған қуықтай бөлмеде  үйленгеніне ай жүзі болған «күшік күйеу» – мен жатырмын, тағы бір бөлмеде мектепте оқитын өспірім екі қыз бен  жұбайым, төменгі бөлмеде екі ұл, олар да мектепте оқиды. Қалған екі бөлме – ас үй мен дәліз есебінде. Менің жанымды қинайтыны – үйленіп, заңды некеміз қиылса да жұбайым екеуміз екі бөлек жатамыз. Осы жағы кереғар келіп тұр. Мен әйеліммен заңды некеге тұрған ерлі-зайыпты емеспін бе? Әлде әйелім әке-шешесінің көзінше бір үйде бірге жатуға ыңғайсыздана ма екен? Жұбайым да момын, әр сөзін сұрап аласың. Оның бірге төсек салуға батылы жетпейді,  ондай «еркектіктен» аулақ, әкесінің аузынан түскен дерсің. Сонда мен мұндай қорлыққа қашанғы төзуім керек? Міне, ай  болды, туған әйелімді аймаламағаныма. Бұған кім кінәлі? Өзім. Неге жеке пәтер тауып, өз түтінімді өзім түтетіп, қазан-ошағымды бөліп әкетпеймін. Екіншіден, бір төсекте жатуға әке-шешесінің алдында әйелімнің  ар-ұяты жібермейді. Ымырт жабыла ым қағып едім, «үй тар ғой», – деді ерні жыбырлап. «Қазақ үйге  жарыған ба?» – деп өзім де шалқамнан түсіп жата кеттім.

Қайын атамның есігі ашық тұрады. Ең болмаса, ерлі-зайыптылар «ыстық мекенін» күн бата жауып қоймай ма? Мені баласынады-ау деймін. Мен бала емеспін, жиырманың бел ортасындағы бәленің бәрін білетін білдей азаматпын. Тек өз әйеліме қолым жетпей жатқаны болмаса…

– Қалайсың? – деген қайын атамның қаймыжыңқы ернінен қаймақтай жұмсақ даусы естілді.

– І-і-і – деп ыңырсыған үзілді-кесілді үн шықты.

Іле көне кереует сықырлап, ырдуан арбаның майланбаған дөңгелегінің алға итінген шиқылы құлаққа келді. Іле сап тиылды. Енді мен жатқан көне диван сықыр ете қалды. Мен де тірі жанмын, бір қырыма аунап түстім. Үстіме жамылғаным түбіті де, түгі де қалмаған көне одеял. Астыма төселген  ақ шүберек те жоқ, осы үйдің жетімегі – менмін.

Іле ерлі-зайыпты екеуі бірінің артынан бірі шығып, дәліздегі шолтиған резеңке емізіктен су тамшылатып, қолдарын шәйді. Ұзамай ләззатқа бөккен түнгі ұйқының түртсең де оянбас тәтті құшағына көмілді. Менің жаным бейдауа, көз іліндіре алмай арпалысып жатырмын. Жасым болса жиырма бесте, жатысым – мынау. Бал айын дұрыстап бастан өткерген жоқпын, мына жатыспен  маған бал түгілі май да жоқ шығар.

Көне диванның үнін шығармай орнымнан екі бүктетіліп тұрдым. Айналама қарадым. «Неге есіктерін жауып қоймайды екен? «Өз үйі – өлең төсегі» болғанына мәз боп… өз обалы өздеріне». Залдан мысықша басып аяғымның ұшымен шықтым да, қиғаш тұрған есікті аштым. Бірі – алтыншыда, бірі – жетіншіде оқитын екі балдызым ұйқыны ұрып жатыр, ашық-шашық жатыстарынан олардың да бойжетіп, көкіректері түртиіп, сандары жуандап қалғанын терезеден түскен  ай сәулесі көз алдыма тартты. Терезе пердесін саусақ ұшымен тартып көлегейледім де, үстіне ақ жамылғы жауып, оң қырынан түскен жұбайымды бүйірінен түрттім. Ол шошып оянып, басын жастықтан жұлып алды. «Тез жерге жат!» дедім де, түкті кілем үстінде апыл-ғұпыл шешіне бастадым.  Біздің «қызыл қырғынымыз» ай бұрын өтіп кеткен, некеміз қиылысымен-ақ әуежай жатақханасына апарып өзімнің азаматтық, еркектік міндетімді атқарғам. Енді айқай-ұйқай да, сызылып  сөз айту да кейінге қалды. Бәрі сәтімен болды. Іштегі мұң-шерімді шығарып, тұла бойды бунаған еркектік едіреңдеуімді басып, жатын орныма қайта келдім.

Тырп етпей ұйықтадым. Бірақ таңертең қайын атам ала көзімен қарады, енем әдетінше еден жууға ерте кетіп қалды.

***

Әуежай деп отырғаным – мен сонда аудармашы болып істеймін. Ұшақтар тынымсыз ұшып-қонып жатқан алып мекеменің жатақханасынан бір бөлме алдым. Ә дегенде әйелім еді бас тартқан, «үй жоқ емес, бар ғой, бірге тұра берейік те» деп. Оған жақсы шығар, ал маған… көрші бөлмеде қарбалас боп жатқанда мен соны тыңдап, тірі өлік боп жата беруім керек пе? Сол күні түстен кейін-ақ кәсіподақ ұйымы төрағасына өтініш жазып, жатақханадан бір бөлме иемдендім. «Өзің ғой, кезінде, «үйім бар» деп бас тартқан» деп, бірден қол қойып берді. Енді ені мен көлденеңі он метр бір бөлме – «өз үйім – өлең төсегім», қалай тайраңдасам да тарлық етпейді. Алматыдай алып қалада мен сияқты қарапайым қазақ үшін бұл «бөркіме тар келмес» сыйлық.

Мен – жоғары білімді педагогпын, анау-мынау емес, Мәскеудің Крупская атындағы педагогика институтын бітіргем. Мұғалім болмай жүргенім – біріншіден, Алматыдағы мектептерге мұғалім боп мұрын сұғу оңай емес екен. Таныс керек, таныстың қалтасына салатын әшмүшке керек. Әкем – зейнеткер, 1929 жылы құрылған біздің «Қызылтаң» колхозын өрге сүйреген нағыз қара нардың өзі. Кәстөмінде ирелеңдеп қыл тұрса, жарым жолдан қайтып кеп шешеме алдыртады. Өзі артық нәрсеге қол тигізбейді-ау, сабаз! Ағайын өліп, жақын-жұрағат көз жұмып жатса да, «уақыты жеткен де»  деп кескен теректей тіп-тік боп отырады. Сонымен, мамандығым бойынша білім ұясына бас сұға алмадым. Әрі әкемнің бір ауыз сөзі қамшы боп арқамды осып өтті. Әкем екі сөйлемейді, Сталин десе жанын беруге даяр. Өтірік айтып, ұпай жинағандарды аямайды. Тіпті, қой қырқым кезінде бір кілә жүн ұрлаған ауылдас ағайынға: «Не сотталасың, не елден безіп көшесің!» деп талап қояды. Әлгі елді тастап, өзбек жаққа қоныс аударыпты. Сталин өлген соң ғана қайта оралыпты. Барған бетте туған нәрестесінің атын Жүндібай қойыпты. Ол қазір ауылда «ИЖ» мотасеклін зыр қақтырып, «әке көрген оқ жонып», жүн емес, ірі қара үптеумен айналысып жүр.

Әкемнің бір ауыз сөзі арқамды осып өткен қамшы болды. Оқуды тәмамдаған соң «Алматыда жұмысқа қалам» деп едім, «Онда партияға өтіп ал» деді көк көзінің қиығын тастап. «Алматыда партияға өту оңай дей ме екен? Оның үстіне мұғалім деген Құдайдың қоры емес пе? Тиын-тебені бардан жоқ, ешкім санаса қоймайтын азаннан кешке дейін мектепті күзеткен әйтеуір жүрген біреу ғой. Біз Жапония емеспіз, мұғалім мен дәрігерді көрсе иіліп тұратын». «Агрономның оқуына бар» дегенде, тәуір оқитындарды Мәскеуге конкурссыз қабылдайтын шақыру келіп, ә дегенде  менің қармағым қауып еді, су бетінде кілт-кілт еткен қалытқы боп біраз тұрып, бір кезде қармаққа ілінген сазан боп шыға келдім. Әкем: «Біздің ауылда Мұстафа Шоқай Петерборда оқып еді, енді сен Мәскеуде оқитын болдың» деп айтып қалды, бірақ мақтанышын жұртқа жаймады. Өзі кескен теректей қақайып қалған біреу, бірақ таза, таза болғанда сұрама. Шешем дүкеннен әркез бір дорба  кір сабын әкеледі, «Бұның бәрін қайтесіз?» десем, «әкең қолын үш мезгіл кір сабынмен жумай ма» дейді. Мен де сондаймын. Қан жібермейді екен. «Әке баладан оқ бойы озық туады» деуші еді, көрерміз… Ал енді Сталин заманы өкілінің Брежнев заманында Коммунистік партия қатарына өтіп ал дегені-ақ жанымды қинап бітті. Үш жыл болды, әуежайда аудармашы болғаныма. Осы жерге аудармашының керегі де жоқ, іс қағаздары түгел орысша. Тек «Алматы – Москва» рейсі ұшуға дайын. Бірінші залдан регистрациядан өтіңіздер!» дегенді жыл басында бір қазақшалап берем. «Регистрацияны» «тіркеу» деп аударып едім, аэровокзал бастығы жер-жебіріме жетті. «Тіркеу» дегеніңді ешкім де түсінбейді, «регистрация» боп қалсын, ол аударылмайды», – деді көзі шатынап. «Ұшу алаңына шыққанда сақ болыңыздар!» – деп аудардым. Сақ болуды адамзат айтпаса да біледі, жерден көкке кетіп бара жатқанда көздерінде қорқыныш тұрады. Жолаушылардың жүзіне қараймын, ұшаққа отырарда бәрі де қолсөмкесін  көтеріп, алабұртып тұрады, Жер деген қасиетті мекенді тастап кету оңай ма? Тіпті, ұшқыштар да қобалжиды екен, күнара қатын, бала-шағасын маңдайынан бір иіскеп, көк аспанға ұшып кету де «жазмыштан озмыш жоқ»-тың әрекеті. Кәсіп қой, кәсіп, жаныңды шүберекке түйіп жүріп, үй-жайыңды асырайсың. Мен де жүрмін ғой, Крупская атындағы педагогикалық институтты бітіріп, жан бағып далбасалап. Кейде, 1-мамыр  мен 7-қарашада аудармашының мейманасы тасып, арбасы қаттырақ тартады. Біздің әуежай ұжымы да мерекелік шеруге лозунг ұстап шығады. «Еңбекшілердің Халықаралық ынтымақ күні – 1-Май жасасын!», «Біздің күшіміз – ынтымақ пен бірлікте!», «Ұлы Октябрь социалистік революциясының пәленбай жылдығы жасасын!» деген ұранның бәрін мен жазамын. Сол кездері жергілікті партия ұйымының хатшысы маңдайымнан сипап, аяқ киімімді сүртуге дайын тұрады десем, асылық айтқаным емес. «Осыны қазақшалап керегі не?» деп бірде бұра тарттым. «Біз – көпұлтты республика емеспіз бе? Қазақ – негізгі ұлт, басқа ұлттарды да ойлауымыз керек. «Қазақстан – достық лабораториясы» деп Алматыға келгенде Брежнев жолдастың өзі айтқан жоқ па?». «Қазақтар лозунг ұстағанда керек екен де» дедім аспай-саспай. Парторг сасып қалды. «Бұл сөз осы жерде қалсын. Осы жолы сыйақыға мына жерден малынасың», – деп кеңірдегін көрсетті. Ал мен оны өтірік сөйлегені үшін кеңірдегінен дарға асқым келіп тұр.

Парторг айтқандай, қазан толы меймілдеген сыйақы болмағанмен, жоқтан бар ғып ырымын жасады. Сағындырып келген сыйақыға тәуба дедік. Тәубадан жарысқа түссе қайран қазағым шаппай бәйге алар еді, «қанағат қарын тойдырар» деген сүйікті мәтелі тағы бар. Бәріне қолды бір-ақ сілтедім, менің «өз үйім – өлең төсегім» бар. Қалай тайраңдасам да өз еркім.

Қуықтай бөлмеме келдім де, шешіне бастадым.

– Не болды сонша, күн батпай жатып?.. – деді жұбайым қолына ожауын ұстап тұрып.

– Күн батқан соң өмірді телевизордан көреміз… – оның да жер сызып, салбыраған желеңінің бір түймесін ағытып  тастадым.

 

***

Міне, әуежайдың ашық партия жиналысында отырмын. Бастауыш партия ұйымының хатшысы – сол баяғы лозунг жаздырып, мені сыйақымен қарық қылам деген Козлов бір адамды партияға өткізу туралы ұсыныс жасады. Ол – 2-дәрежелі ұшқыш Петушкин деген орыс ұлтының өкілі. Бәрі қол көтеріп, қолдады. Мен ғана аң-таң боп томаға-тұйық отырмын. Бір сәт безгек келгендей қалшылдап, дірілдей бастадым.

– Кімде қандай ұсыныс бар? – деді парторг.

– Менде.

– Айтыңыз.

– Биыл комсомол арқылы бір адам партия қатарына өтуі керек еді. Кезек менікі емес пе?

Козлов селт тұрып қалды.

– Бұтақбаев жолдас, біз КПСС қатарын аудармашы емес, ұшқышпен  толықтырамыз.

– Осы жерге аудармашының не керегі бар, бәрі орысша емес пе? – деді  партком мүшесі – аға диспетчер еркек өзін еркін сезініп, орындығының арқалығын құшақтап.

– Сенде сөз көп. Сөзі көп адам партия мүшесі бола алмайды. Нәйеті, лозунг жазғанда да тыныш тұрып жаза алмайсың, – деп Козлов түйіле қарады. – Қарашы сөзін.

Зал тым-тырыс, тек жас коммунист болғалы тұрған Петушкиннің өңінде шапағат нұры ойнайды.

– Петушкиннің менен қай жері артық? – деп шаңқ ете қалдым.

Сынықтан басқаның бәрі жұғады, бұл Мәскеуде бірге оқыған армян  досым Левон Балбуляннан үйренген дағдым. Олар орысқа дес бермейді, айтарын айтып тастайды. Оның сөзін тыңдап, санасады. Ал мені кім тыңдар екен?

– Бұтақбаев, оның ұлты орыс. Біз интернреспубликамыз, орыс ұлтын  Коммунистік партия қатарына көп қабылдауымыз керек.

– Миллиард пұт астық сияқты жоспарды асыра орындауымыз керек пе? Керек. Ендеще,  орыстан басқа адам коммунист болмай ма?

– Әй, – деді әлгі үстелді құшақтаған аға дистпечер тағы да еркінси сөйлеп. –  Ұлы Октябрь социалистік революциясын жасаған ұлы орыс халқы емес пе? Сауатсыз…

– Мен Крупская атындағы Мәскеу педагогикалық институтын  бітіргенмін. Байқап сөйлеңіз!

– Онда мамандығың бойынша мұғалім болмайсың ба? Әуежайда неге  көбелекке ұқсап ұшып-қонып жүрсің? Учитель! – деп сөзін аяқтады аға диспетчер.

– Олай болса маған үй беріңдер. Істегеніме үш жылдан асты, қашанғы «Том ағайдың лашығын» паналап жүрем, – деп қойып қалдым.

– Кімнің? – деп парторг саңырау адамдай құлағын түре қарады. – Кімнің дедің?

– Том ағайдың…

– Әй, Бұтақбаев, сенің алдыңда екі ұшқыш, екі диспетчер тұр үйдің кезегінде. Анау техникалық күзетші Коробкин де сенің алдында. Істей бер, істеген жетер мұратқа. Осымен ашық партия жиналысын жабық деп жариялаймын, –  деп Козлов сөзінің соңғы нүктесін қойғанда бәрі орындарынан өре түрегелді. Мен атылып барып есіктен бірінші боп шығып кеттім. Өзімнен-өзім күлкім келді, бірақ езуім орнында. Ішімнен тырқылдап күліп келемін. «Владимир Ильич Ленин мен Надежда Константиновна Крупская тірі болғанда ғой, Надежда Константиновнаға жеделхат соғар едім. «Мен сіздің атыңыздағы педагогикалық институтты бітірдім, өз мамандығыммен жұмысқа орналасайын десем, мүмкіндік жоқ, әуежайда аудармашы болып күн кешіп жүргеніме үш жылдан асты. Е үй жоқ, е сүйікті коммунистік партияның қатарына қабылдамайды. Мені ұшып-қонып жүрген көбелекке теңейді. Осы жеделхатты алысымен Владимир Ильичке өз қолыңызбен табыс етсеңіз. Ильич Сізді тыңдайды ғой. Мен – қазақ деген ұлттың өкілімін, қарапайым шаруаның баласымын, біздің ауыл аштық кезінде Ресей шаруаларына 14  вагон балық жіберген. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген». «Жоқ, соңғы  сөздің керегі жоқ. Бұл – қазақтың ауызекі мәтелі».

Ақшамды аямай осы жеделхатты соғар едім, сонда бір қорытынды шығар еді. Ленинді қарапайым, әр нәрсеге түсіністікпен қарайтын, ұлтшылдығы мен менмеңдігі жоқ адам деп естиміз ғой. Ажал шіркіннің ерте келгенін қарашы. Әйтпесе 54 жас деген немене… Әй, бәрі өзімнен, тұзы жеңіл жігітпін. Адамның іші-бауырына кіріп кететін ылдым-жылдымым жоқ. Әкеме тартқанмын, соның тәрбиесі өтіп кеткен. Ес біліп, етек жапқасын өз жолымды таба алмаған бәріне өзім кінәлімін. Ертең кетем бұл жерден. Ақ терекке жабысқан қисық бұтақ боп қашанғы жүрем, Бұтақбай баласы Тұяқбай деген есім-сойымды қашан да биік ұстаймын. Кеше «Из рук в руки»-ден «Көкбазарға жүкші керек» деген жарнама оқыдым. Арба сүйреткен жүкшілер менен артық ба? Бойым 1-де 50, салмағым – 55, бұлшық етім бұлтылдап тұр. Мәскеуде Левон Балбуляннан үйренген бұзақылығым тағы бар. Әлі-ақ Көкбазарды уысымда ұстаймын. Қош, әуежай! Қош, көк аспан! «Будьте осторожно!»-ны «Сақ болыңыздар!» деп аударған тәржімашыларың сендерді тастап кетіп барады. Араларыңдағы бес қазақтың бірінен айрылдыңдар! Біздің әуежайды бір арқалы ақын аспанға шапшыған Тайбурылға теңепті. Сол ақын осы жерге келіп, бір күн жұмыс істесе көрер едім Тайбурыл болғанын. Тайбурыл емес, Сәбит Мұқанов жазған Сырдың салпаң құлақ сұр есегіне де жете алмай қаларсың.

Үйге келдім.

– Жинал! – дедім әйеліме бұйрық раймен.

– Қайда?! – деді ол тосыраңдап. – Жау қуғандай боласың да жүресің.

– Көшеміз. Ертеңнен бастап, бір орыстың лашығына барып тұрамыз.

– Неге?

– Көшпенділердің ұрпағы емеспіз бе…

Ол түкке түсінбей бетіме бақырая қарап қалды.

***

Көкбазар да «әкемнің үйі» емес екен. Қаз-қатар тізіліп ап, көкөнісі мен қызыл етін жанап кеткенге тықпалап тұрған біреу, өткір пышақ пен сақал қырғышты жарнамалағандардың да жағы талмайды. Арба сүйреткендердің бәсекесі бұларды он орайды. Әй, бұларың заң мен қағида болмаса тиын-тебен үшін бір-бірін пышақтаудан да тайынбайтын секілді. Сауданың заңы қатал, арба сүйреткендер, тіпті, ар деген арықтан адымдап тұрып бір-ақ аттайды. Әуежай сөзге келгенде сыпайы еді, мына жер боғауыз сөздің бәйгесі секілді. Ауылдан келіп, сары жейдеге оранып ап темір дөңгелекке жегілгендер он екі мүшенің еркектік мүшесін орысшалап бастап, әке мен шешені балағаттаған шаншу сөзден шаппай бәйге алады. Көкбазарға тоқтаған автобус пен троллейбустан түскендердің жүгін жеңілдетем деп тұра жүгіргенде 17-жылы Қысқы Сарайға жасаған шабуылға сәл ғана жетпей қалады. Арба сүйрегеннің бәрі қазақ, бәрі баққұмар, бір-бірін жібермейді-ау, сабаздарың. Үстерінен қарайтын «шеф» бар екен, оның да әділдігі шамалы, бір тырнағын ішіне бүккен тәкаппар дерсің. Әуежайда орыстың үстемдігі жүрсе, бұл жерде кілең қазақ жүзге бөлініп, оның ішінде руын аршып алып, оның ішінде атасын іздеп шарқ ұрады да жүреді. Е-е, оңай жерде нан жоқ. Мейлі, қайтсем де осы жерден көктеп-көгерем деп келдім, құқайдың бәріне көнуім керек. Арба сүйреткеніме намыстанбаймын, адам өмір сүргеніне намыстана ма екен? Өмірді өзің үшін сүресің. Әйелімнің іші томпиып шығып келеді. Болашақта балалы  боп соңымнан ұрпақ ертемін, сол үшін өмір сүрем.

Осы жерге келгелі өзімді керемет жеңіл сезініп жүрмін. Әуежайда бір зілбатпан ауырлық еңсемді езіп тұрушы еді, ол жерде бар болғаны 5-ақ пайыз қазақ болатын. Аудармашыдан басқа еден жуушы екі әйел мен кіре берістегі күзетші және осы жердің «жеңіл аяқ баласы» «кукуризник» айдайтын Жолдыбай бесеуміз. Мына жерде не де болса өз көркім өзіме сұлу көрінеді, тісі ақсиып, аузын ашып тұрған аңқау қазағыма қарап сүйсінемін, бір-біріне «өй, шешеңнің!» деп тіл үйіріп тұрған шымкентше мақамға да құлақ үйренді. Жалпы, Көкбазар – ащы-тұщының иісі аңқыған бір өмір, базар дегенің адамның көңіл-күйі шарықтайтын киелі орын. Бұл жерде нан бар, «нан болса ән де болады» деп Алматыға келгенде Бас хатшы Брежнев жолдастың өзі айтқан.

Бірінші күні үйіліп жүк артылған темір арбаны тыраштанып тартқаныма намыстансам да, екінші күні ауыр жүктің өзі жеңіл боп кетті, үшінші күні жүк іздеп тарпаң қағып тұратын болдым. Жүк табу да оңай емес, жүктің жеңілі жоқ. Осы өзбек ағайынның өмірі базарда өтеді, олар ұлттық дәстүрлерін қастерлеуден еш намыстанбайды. Мәскеуде шемішке сатып, сауданың көркін қыздырған өзбек студенттерін көрдім. Мен де жалған намысты белінен бір-ақ басуым керек, менің өмір сүргенім ешкімге міндет емес. Қарашы, айналам қазақша сөйлеген қара көздер, бір-бірінен шақша сұраса да қолын қақпай, көңілін ұсынып тұрады. Олар «көңілдің бір атым насыбайдан қалатынын» ешқашан естен шығармайды. Тек анда-санда жүзге жіктеліп, руға бөлініп, текетіресіп қалатындары болмаса. Оу, әуежайда қазақша тіл қатуға зар боп жүрген жоқ па едім, тек анда-санда «сақ болыңыз!»-ды қазақша аударғанда ғана арқам жеңілдеп қалатын. «Не курить, не сорить!»-ті де қазақша ілейік десем, аэровокзал бастығы «Онда жұмысың болмасын!» деп тиып тастады. Әуежайда арқандаулы адам сияқты едім, міне, арқанымды үзіп, кең жайлауыма шапқылап келіп отырмын. Жайлау – қазақтың қонысы, жайлауды жайлаған жерде қазақшылық болмай тұрмайды. Бәріне үйрену керек.

Көкбазарға келгелі шылым шегетін болдым. Студент кезімде кейде Левон Балбулянмен бірге «Арарат» шегетінмін, енді «Қазақстан» емес, ең арзан «Шипка» шексем де тынысым кеңіп, ащы түтіннің жартысын ішке жіберіп, жартысын танаудан ытқытып, бір рахат күй кешем. «Әйелім не істеп жатыр екен?» Жолым болып, патша заманынан қалған  ағаш үйдің бір бөлмесі табыла кетті. Қожайын әйел емшегі салбыраған дымбілместің өзі, отынын жарып беріп, алақанына ақша салсаң болды, өзі балта ұстаудан қалған сегіз көзі сырқыраған кәрі «мәтүшке». Енді осы жерде жүріп, қор жинап, мал басын көбейтсем деген қиялым бар. Ол қолымнан келеді, Көкбазарға да орысша есеп беріп, қағаз толтыратын сауатты біреу керек шығар. Әлі базар бастығымен де тіл табысып, қазақшасын орысшалап беретін оң қолы болып алсам… Өйткені, таза қазақшаның ауылы бізге әлі алыс сияқты. Коммунистік партия әуежайда қалды, солар-ақ өтіп, партиянын көсегесін көгертсін. «Партия-көкемнің» де айтқан сөзі мен істеген ісі соңғы кездері бір жерден шықпай жүр. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме»  деген сөзді ауылда көп естуші едім. Сөзбұйдаға салынған шаңырақтың уығы сықырлап, дауыл тұрған күні ортасына топ ете түсуі ғажап емес…

Көк аспанда ащы түтінмен сызық сызып, әуежайдан ұшқан бір ұшақ самғап барады. «Мынау Петушкин шығар, екінші дәрежелі ұшқыш, партия мүшесі… Самға, қыраным, самға, қазақтың әуежайынан кең даланың үстіне көзің тойғанша  қарап ұш. Мейлі, Петушкин, сен көкте, мен жерде-ақ жүрейін, бәрібір жерден қашып құтыла алмайсың, бәріміз бір күні эпицентрде жолығамыз. Құдай жердегі нанымнан айырмасын».

Шылымымды түбіне дейін сіміре сорып, орнымнан тұра бергенде қарасам, қарсы алдымда ебіл-дебілі шығып, іші томпайып әйелім келе жатыр екен. Сұр желетінің өңірі ашық. Мені іздеп, әбіржіп жүргенге ұқсайды.

Бұтақбай баласы болсам да әйеліме тұра жүгірдім.

– Не, тыныштық па?

– Атам қайтыпты. Жаңа телеграмм келді.

– Қашан?

– Жаңа ғана…

Апыл-ғұпыл «шефті» іздедім. Ол кісі бәрін де түсінеді, қазақ өлімнің ауыр жолын алға салады. Қайран қазағым-ай, өлім мен тойда сүттей ұйып, бір ауыз боп қалар сендей ұлт жер бетінде жоқ та шығар. Бәрі әп-сәтте қаржы жиып, қалтамды томпайтып, екі жігіт қолтықтап пойызға шығарып салды.

Жүрдек пойыз желпініп келеді. Өзім үш жыл жұмыс істеген әуежай тұсынан шапқылап өттік. Көкқыран ұшақтар тізіліп тұр – «ИЛ-18», «ТУ-154», әнебір бұрыштан монтиған «АН-2» – «кукуризник»-тің төбесі көрініп қалды. Бұл – әуежайдың «барып кел, шауып келі», жұмсауға да аяғы жеңіл біреу керек. Есімде қалыпты – оның ұшқышы осындағы бес пайыз қазақтың бірі — Жолдыбай, Петербор азаматтық авиация институтын тәмамдаған алғыр жігіт, бірақ атына жолы сай болмай жүр, үлкен авиацияға ауысу бүйірін тепкілеген бір арман. «Ассалаумағалейкуміміз!» дұрыс еді, тапал «кукуризникті» көріп, аңқау бейнесі көз алдыма көлең етіп, менің де оң бүйірім сыздап кетті.

Әкемді жерлеуге үнжырғам түсіп, құр сүлдем кетіп барамын. Ішім удай ашиды. Көзі тірісінде айтқан аманатын орындай алмадым. Енді партияға өтпеймін, зорласа да өткім келмейді. Көкбазар – партиясыз да көкбазар, ол – галстук таққандардың мекені емес. Базардың партияға бағынбайтын өз заңы бар. «Әке, өзіңе таза қолмен топырақ салуға келе жатырмын. Кір сабынмен жуған қолың қандай таза болса, мен де  кір сабынды көпіршіткен бір тамшы қаныңмын».

Әкемнің аманатын анау Көкке самғап бара жатқан Петушкинге тапсырдым. Не де болса бізге биіктен қарап жүр ғой. Қызыл билетке қол қойған Ильич те жоқ  қасымызда. Сол тірі болғанда мұң-мұқтажымызға құлақ асып, бәрі де басқаша болар ма еді? Ажал шіркінге дауа жоқ. Бізден де бір Ленин шығар.

Жүрдек пойызым танаурап, әкеме қарай тартып барады. Айқай даладан көзімді тайдырып, көк аспанға қараймын. Петушкиннің ұшағы тым биікке самғап, көз ұшынан көрінбей кетті. Тек ащы түтіні аспанды сызып, көк жүзіне сіңіп барады.  Қан тамырындай тартылған  Қазақ темір жолының қос рельсіне дөңгелек жалатқан біздің қара айғыр да қалысар емес. Бүрісіп отырған менің ендігі арманым – қатарға тұрып, әкемнің сүйегіне ие болу, жаназа намазында «Ат байлары кім?» дегенде, «Мен!» деп саңқ ете қалу. Басқаның бәрін бердім көкке самғағандарға. Ешкім де қара жерден қашып, аспаннан қоныс таба алмайды.

Төртбұрыш купеде отырып көзімнен жас ытқып кетті. «Әуежайдағылармен де бір жерде кездесерміз». Он үш жасымда тайға мінгізіп, жүген   ұстатқан әкемнің бейнесі көз қарашығымда үйіріліп тұрып қалды.

– Сен жыламаушы едің ғой, – деді кемсеңдегенімді көріп қалған жұбайым.

– Бүгін жыламай, қашан жылаймын?..  «Әйел – дұшпан». Екі аяқтының сауы жоқ. Қан тамырындай тартылған қос рельсті тепкілеп, әкеме асыққан қара айғыр арқырап келеді…

Қуандық Түменбай

Abai.kz

7 пікір