Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5644 0 пікір 8 Қазан, 2012 сағат 13:18

Әннің де естісі бар...

 

 

«Айқайлағанның» бәрі әнші емес. Батыстан ескен «желдің» әсері ме, халық кейінгі кезде «даңғырлақтан» шынайы өнерді ауыстырып алған сыңайлы. Қазақи мән-мағынаға толы ән кеш­теріне бара қалсаңыз, залдағы көрермендерді санап шығуға болады. Ал шетелден немесе көрші елден келген «даңғыр­лақ» өкілдерінің кештеріне еңбектеген баладан еңкейген шалдарға дейін қалмай барады, тіптен ине шаншар жер таппайсыз. Қазақ­тың дәстүрлі әншілеріне табиғат тарту еткен дарыны олардан асып түспесе, қай жері кем?!

Халқымыздың мақ­та­ныш етер асыл мұрасы, рухани жәді­гер­лері ішінде қазақ ән-жырларының орны бөлек. Қазақ өне­рінің қаймағы сана­латын дәстүрлі әндерін, халық композиторлары шығар­маларын көзіміздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпақтың бойына сіңіру - бүгінгі күннің ісі. Осыған орай, Астана қаласындағы Мем­ле­кеттік филармонияның Дәстүрлі ән бөлімінің жетекшісі Секен Сыздықов аста­на­лық әншілердің басын қосып, «Жү­ре­гімнен қозғайын...» атты шығармашылық кеш ұйымдастырып, дана Абайдың әнде­рін әуелетті.

Ең алдымен Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әнін белгілі әнші Данияр Мұқан тамылжытса, «Өзгеге көңі­лім тоярсың» әнін Жазгүл Даңылбаева шырқады. Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Абайдың «Құдай-ау, қайда сол жылдар» әнін, белгілі әнші Секен Сыздықов орындаған «Сегіз­аяқты» халық жылы қабылдады. Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» лирикаға толы әнін Баян Мұсаева мен Күнсұлу Тұр­лы­бекова тамылжыта орындап шықты. Кеш барысында - кірпік қақпай тыңдаған көрер­мендердің наза­рына Абайдың жиыр­маға жуық әндері ұсынылды. Кешті «Сарыарқа» ұлт-аспап­тары ансамблі сүйе­мелеп отырды.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:

- Жалпы, Мемлекеттік филар­мо­нияның әншілері әр тоқсан сайын халық әндерінің інжу-маржандарынан шашу жасап, қазақи мән-мағынаға толы кештер ұйымдастырып тұрады. Алайда, қазақи сипатқа ие жиындарға халық өте аз келеді. Залдың әр-әр жерлерінде шоқиып отырған көрер­мен­дерді көргенде, қарныңыз ашады. Сон­дықтан мұндай жиындарды Аста­нада халық көп шоғырланған «Кон­гресс-хол» сарайында, «Қазақстан» кон­церт­тік залында, «Жастар» сарайын­да, «Президент мәдениет орта­лы­ғында» өткізсе, қараша халық көп жиналар ма еді? Осы жағынан келгенде халықтың төл өнеріне жанашырлық танытып, жалдау ақысына жеңілдіктер жасалса, қазақ өнеріне деген көп қолдау болары сөзсіз. Сөз жоқ, дәстүрлі әндер концерттерінің жарнамасы да ақсап тұр. Ай сайын өткізілетін кон­церттерге жарнама беріп тұруға филармонияның шамасы жетпейді.Бұл жағынан келгенде мемлекеттің жана­шыр­лығы, демеуі ауадай қажет.

Секен СЫЗДЫҚОВ, Астана қаласының Мемлекеттік филармониясы Дәстүрлі ән бөлімінің жетекшісі:

- Әннің де естісі бар, есері бар дей­ді ғой. Таза дауыспен орындап шыққан әндер­ді халық кірпік қақпай тыңдады. Құр айқай, бақыр­ған «даңғырлақтан» халық­тың құлағы демалып, рухани әсер алып қайтты. Әлбетте, Абайдың бүкіл әнде­рін бір концертке сыйдыру мүмкін емес. Абайдың әндерін күнде насихаттасақ та артық емес.  «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ақынның өзі айтпақшы, Абайдың өлең­дерінен алатын өсиет-ұлағаттар көп.

Мазаралы ЖҮСІПЖАНОВ, Көрермен:

- Абайдың әр әнін халық ұйып тыңдады. Жиын бары­сында әр өлеңнің шығу тарихынан аз-кем мағлұ­мат­тар берілді. Жалпы, қазақтың сал-серіле­рі­нің, компо­зи­тор­ларының жазып қал­дыр­ған асыл мұраларын, ұлттық өнер­ді, дәс­түр­лі әндерді халыққа насихаттау жағы кемшін сияқты. Мәселен, филар­мония әншілері сауатты. Дауыстары таза. Со­лай бола тұра, олардың кеш­те­ріне кө­рермендер аз жиналады. Шы­найы өнерді бағалайтын талғампаз көрер­­мен­дер азайып кеткен бе, әлде, осындай мазмұнға толы кештердің жар­намасы әлсіз бе? Залдағы санаулы көрер­­мен­дер­ге көзім түсіп, жаным қынжыл­ды.

Автор: Ақмарал БАЯЗИТОВА

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534