Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 2892 7 пікір 9 Наурыз, 2022 сағат 10:23

Украин бауырым!

Көтерген тағдырдың ауырын
Не күйде украин бауырым?!
Тастүйін бекінген шығар-ау
Пиғылын білген соң жауының.

Жендетке айналса тасбауыр,
Абыржып қалса да дос қауым,
Әйедер қару ап қолына,
Дұшпанға болды ғой тосқауыл.

Тап берсе қалың жау сауытты,
Төндірсе зұлматты қауіпті.
Жол жауып үлкен де, кіші де,
Құр қолмен тоқтатты танкті.

Қос көзін алартқан қазаққа
Путин де айналды мазаққа.
Озбырлар халыққа оқ атқан
Құтылмас түбінде тозақтан.

Бұзылмай дос елдің іргесі,
Тоқтамай туыстас ел көші.
Сатқындар қамалсын қапасқа,
Қирасын азаттық түрмесі.

Ақындар жазатын дастан қып,
Бар елдің тілегі – Бостандық.
Еркіндік кеңейтсін өрісін,
Қаскөйден келмесін қастандық.

Қарабет

Қорлық көрген ақтардан да,
Зорлық көрген қызылдан,
Деп жүрсе де: «Сақтар Алла!»
Қазақ қаны бүзылған.

Адамзаттың қоры емес пе,
Озбырлығын тыймаса,
Бұзылғаны сол емес пе,
Өз перзентін қинаса.

Жазықсызға жала жауып,
Қыл арқанмен матайды,
Жатқандарды қаза тйуып
Бүлікші деп атайды.

Арқасына өтек басып,
Ине сұғып көбеге,
Мейманасы асып-тасып,
Бас шұлғиды төреге.

Не болса да соған жағып,
Өтірікті сапырды.
Қоянжүрек ұрып-соғып
Жатыр нағыз батырды.

Деп тұрғандай көрген кісі:
«Өзге жұртқа бол мазақ!»
Баса алмаған елдің мысын,
Оқ атқызған сол қазақ

Бойына да сінген жылдам,
Қайдан жұққан сол әдет?!
Өз қазағын қойдай қырған
Қанды қолдар қарабет.

Жаңа күн

Біраздан бері жаңа киімді кимеп ем,
Дүкенге кірсем, толып тұр жаңа жейделер.
Біреуін алдым, жарасып тұрса бойыңа,
Айнаға қарап, жағаңды түзеп ки де, көр!

Бір апта кидім, тез тозып кетті жағасы,
Қырқылып кеткен жеңіне тағы қарашы!
Байқасам кейін, осындай киім киіп жүр
Көшеге шыққвн көптеген қазақ баласы.

Көп жыдар бойы қолданбай жатқан сандықта,
Тозығы жеткен матадан тіккен қалдық па?
Қаламын аң-таң қожайынына дүкеннің,
Табам деп пайда, ұсынып жүрген бар жұртқа.

Қазақтың елі жаңарды дейді біреулер,
Ескіні құртпай, үй салам десе, кім елер?!
Қаңылтыр жапқан шатыры жаңа болғанмен,
Қатты жел соқса, құлағалы тұр тіреулер.

Бітелер аузы қансырап тұрған жараның,
Мақсатым айқын, соқпаса тасқа талабым,
Матадан берік тігілген киім киерміз,
Сенемін, бізге келеді әлі жаңа күн.

Керегің не?

Кемшілікті көрмей көзің
Тұрса, көздің керегі не?
Естімесең көптің сөзін,
Құлақтың да керегі не?
Тоғышарды тойтармасаң,
Сөзіңе жұрт сенеді ме?!
Елдің мұңын айта алмасаң,
Тілдің саған керегі не?
Дұрыс жауап бере алмасаң
Тіпті менің сәлеміме,
Дос-жаранды жиі алдасаң,
Сенің маған керегің не?!

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

7 пікір