Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3806 106 пікір 9 Наурыз, 2022 сағат 10:12

Ұлтшылдықтың Украиндық ұлағаты

Себеп пен сылтаулар

ДХР мен ЛХР секілді сепаратистік аймақтарды ресми түрде мойындап, Украинаға қарсы соғыс жариялануының (оны өзі «арнайы әскери операция» деп атаудан танбай келеді) себептерін Путин айтып берген болатын.

Меніңше, ол себептердің әмбебап сипаттары бар, өйткені бәрі дерлік постсоветтік кеңістіктегі Ресеймен шекаралас елдердің тұла бойына құйып қойғандай, сәйкес келетін сияқты. Біздің елдің де Украинаның кебін киіп кетуі мүмкін. Оны Путиннің сөзіне сілтеме жасап, негіздеп көрейін.

Путин бір себеп ретінде НАТО-ның Ресей шекарасына жақындауын атады.

Біз де көпвекторлы саясатымызды ұстанып, НАТО-мен қарым-қатынасымызды әлі де үзе қойған жоқпыз. Есімізде, ертеректе бірлескен әскери жаттығулар да өткізгенбіз. Қазір ондай белсенділік байқалмайды. Себебі түсінікті де болар...

Кремль қожайыны «Украинаны демилитарландыру» мәселесін қозғаған-ды.

Бірақ, қай елдің қалай қаруланып жатқанда кімнің қандай шатағы бар? Оны Путин естен шығарып алған сияқты. Бізде болса, шамадан тыс қарулану қаупі жоқ: ол үшін жеткілікті қаржы барына күмәндімін, оның үстіне сатып алып жатқанымыз негізінен ресейлік қару-жарақ пен техника емес пе? Оны бізге сатқанына қаржыға зәру Ресей жағы, қуанбаса, режімес. Тек қана ескі (Советтен қалған не Ресейлік) оқ-дәрі өз-өзінен жарылып, айналаны жайпап жатқаны болмаса...

Келесі, әскери емес, таза идеологиялық сипаты бар себептерге біздің ұлтшыл кұштер мен билік ерекше назар аударуы керек сияқты.

Путин «сегіз жыл бойына Киевтік режим тарапынан теперіш көріп, геноцидке ұшырап жатқан адамдарды қорғау» туралы айтты. Естеріңізде болса, осыдан сегіз жыл бұрын Қырымды басып алғанда Путин «біз орыстілділердің құқын қорғаймыз» деп, жаһанға жар салған болатын.

Байқасаңыз, Ресейлік пропаганда орыстілділердің құқын қорғау мақсатындағы «арнайы әскери операция» барысы туралы ақпаратында «неонацистермен», «бендершілдермен» күресіп жатқанын баса айтады.

Маңайына тиесетін амал таба алмай отырған аюдың ойында не бар екенін бір Құдай біледі. Беті шімірікпестен өз туысының жағасынан алып, бейбіт қалаларын бомбалап жатқан ол бізге келгенде «мәңгілік көршіміз, досымыз» деп тектен-тек отыра қоймас.

Осыдан біз қандай тағылым алуымыз керек?

Біріншіден, ұлттық мүддені қорғау риторикасында мейлінше сабырлы, ұстамды болған абзал. Бәлкім, ұлттық тұрғыда радикалды көзқарас ұстанған кейбір азаматтар менімен келіспеуі де мүмкін болар. Бірақ, ащы шындық осындай! Сөз жоқ, ұлттық мүдде жолында табанды әрі тегеурінді болу керек, бірақ Кремльдің қолына ертеңгі күні өзінің кесірлі мақсатында пайдаланатындай «көзір» ұстата салғанымыз қате болар. Украина да Қырым, Донбасс, Луганскіден революциялық Майдан дүрбелеңі тұсында айырылып қалған жоқ па?

Осындайда өркениетті қауымдастыққа ортақ, халықаралық стандарттарға қарама-қайшы келмейтіндей сөйлеп һәм әрекет жасауға міндеттіміз деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибе мен құқықтық нормалар біздің кепіліміз бола алады.

Бірақ, бір нәрсе анық – көршіден болуы ықтимал қауіпті ескереміз деп, ұлттық мүддені қорғауда әлсіздік те танытуға болмайды: бұға берсең, сұға береді!

Екіншіден, елдегі ұлттық-демократиялық күштерге бірлік керек! Әзірше, ондай ынтымақтастық біздің ортада байқала қойған жоқ: ұйымдардың бағдарламаларының ала-құлалығы, ұлттық мүддені қорғаудағы бірыңғай, келісілген тұғырнама, стратегия мен тактика жоқтығы, жеке тұлғалар мен ұйымдардың саяси амбициясы мен өркөкіректігі ортақ тірлікке өз салқынын тигізуде.

Бәлкім, биліктің өзі біздің ырду-дырду боп жүргенімізге мүдделі шығар. Өйткені, қазіргі заманда ең танымал әрі ықпалды – ұлттық идея төңірегінде топтасқан демократиялық күштер кез келген билікті орнын қоя алады.

Биліктің де өзінің саяси технологиялық тактикасы болуы ықтимал: яғни, ел ішінде орасан қолдауға ие боп отырған осы идеяларды ол да ұран ете алады. Әрине, ол бастамаларды қоғамдық күштер секілді ол соншалықты ашық әрі батыл түрде көтере алмас (не дегенмен ішкі және сыртқы қауіптердің, геосаяси шарттылықтардың, мемлекетаралық, үкіметаралық қарым-қатынастардың өз қисыны мен заңдары бар), бірақ көршінің шамына тимейтін кейбір қадамдарға бара алады. Сөйтіп, өз жақтастарының санын көбейтеді. Ол да ортақ процесс үшін қажет қадамдар деп санаймын.

Үшіншіден, ұлттық мүддені мемлекеттік деңгейге көтеру ісінде бұл процеске билік қатарындағы ниеттес күштерді қосуға болар еді. Олар заң шығарушы, атқарушы билік тармақтарында баршылық. Тек жоғарыға қарап, іштен тынып жүр.

Төртіншіден, ұлттық мүддені қорғауға тек қана қазақтар емес, елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерін де қатыстыру керек. Мәселен, өткен сенбіде Алматыда өткен митингіге олар көптеп келді. Әрине, Украина секілді түпкі отаны үшін жаны ашыған украиндықтар басым болды. Бірақ, орыстар да болды, Путиннің басқыншылық саясатына өз қарсылықтарын білдіріп жатты.

Меніңше, кез келген тараптан болуы ықтимал неоимпериялық пиғылдарға қарсы іске осылайша, Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдері бірігіп, ұжымдасып тойтарыс бере алатын механизмін қарастырған абзал. Ондай бастаманың моральдық, идеологиялық әсері ерекше болмақ. Ол үшін сынымызды тұтастай орыс халқына емес, нақты Путинге қатысты айтсақ, көп түсінбестік жойылып, көп нәрсе өз орнына келер еді.

Бесіншіден, ұлттық мүдде қорғау – тек қана әлеуметтік желіде пост жазып, өз пікірін білдіре салу емес. Ол дегеніңіз терең де ыждағатты зерттеулер мен талдауларды қажет ететін интеллектуалды жұмыс. Ол үшін тиісті ақпараттық, сараптамалық құрылымдар болуы шарт. Олар ұлтаралық қатынастарға сына қағатын процестер мен оқиғаларға, соның ішінде, әрқилы бұра тарту, жалған ақпарат, фейктер мен хайптарды дер кезінде анықтап, әшкерелеп жатса, жөн болар еді. Бізде қоғамдық негіздегілерін айтпағанда, мемлекеттік деңгейде жүйелі жұмыс жасап жастқан ондай орталықтардың қарасы да көрінбейді!

Алтыншыдан, (және мен бұны баяғыдан айтып келемін!) бізге легитимді, құқықты негізде белсенді түрде қимыл-әрекет жасай алатын ұлттық-демократиялық бағыттағы ұйымдар керек. Іш пен сырттан келіп жатқан әртүрлі арандатуларға қоғам атынан дәл сол ұйымдар жедел түрде және жаулардың жетесіне жеткізіп жауап берер еді.

Мәне, осы және басқа да өзекті мәселелер шешілсе, ұлттық мүддемізді қорғау ісіндегі іркілістер жойылып, алда болуы ықтимал сындарға лайықты түрде төтеп бере алар едік.

Әміржан Қосан

Abai.kz

106 пікір