Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2649 0 пікір 4 Қазан, 2012 сағат 09:24

КУЯНОВТЫҢ «ҚАМШЫ ҮЙІРУІ»

Тілші - қоғамдағы өзекті әрі өткір мәселелерді қаламына түйреп, тақырыбына арқау ететін мамандық иесі. Әлеуметтік топтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы. Бірақ та қарапайым халықтың қамы үшін отқа да, шоққа да түсетін журналистердің құқығын шектеп, шығармашылық әлеуетіне айтарлықтай нұқсан келтіретін бәзбір басшылықтың іс-әрекеті қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда.

Тілші - қоғамдағы өзекті әрі өткір мәселелерді қаламына түйреп, тақырыбына арқау ететін мамандық иесі. Әлеуметтік топтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы. Бірақ та қарапайым халықтың қамы үшін отқа да, шоққа да түсетін журналистердің құқығын шектеп, шығармашылық әлеуетіне айтарлықтай нұқсан келтіретін бәзбір басшылықтың іс-әрекеті қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда.

Дәл қазір «Алматы» телеарнасының жұмыстан шығу туралы арыз жазған бір топ журналистері де телеарнаға әкімшілік қысымның шектен тыс жасалатынын мәлімдеуде. Ол бейбақтар Алматы қаласы әкімшілігі баспасөз қызметінің бастығы Сергей Куяновтың тепкісіне шыдай алмаған сияқты. Ол ұлттық сипаттағы жаңалықтардың эфирден көрсетілуіне тыйым салып, үнемі қысым жасап келген екен. Тіпті, телеарнаның экс-тілшілері ұлттық мәселелерге үн қосудан қалғандықтарын айтып, қынжылыс білдіруде. «Шыдамның да шегі бар» деген елу шақты журналист бұдан әрі емін-еркін жұмыс істей алмайтындықтарына көзі жетіп, басшылыққа арыз жазған. Алайда телеарнаның бас директоры Евгений Грюнберг басу айтып, ашынған журналистерге араша болудың орнына әкімшіліктегі Сергей Куяновтың: «Алматы» арнасының ішкі саясатына араласуым - ол менің жұмысым. Сондықтан кетем деген адам кете берсін, онда шаруам жоқ», - деген немкетті жауабын өктемдікпен жеткізеді. Басшылықтан тұшымды сөз естімеген қазақ және орыс редакциясы қызметкерлері намысын қорғауға тырысып, жұмыстан біржола кетуге бел буғаны сондықтан. Ең сорақысы, Куянов сындылардың түрлі қала әкімдігінен бөлінетін қаржыны дәп бір өз қалтасынан шығарғандай бәлсінуі, салық төлеушілерден түскен ақшаны атасынан қалған өз мұрасындай иелік етіп, міндетсінуі және өктем сөйлеп, кекірейетіні. Және жуан жұдырық, шолақ ойлы шенеуніктер еліміздің ақпараттық кеңістігін мейлінше тарылтып, журналистердің міндетін шектеп, құқығын бұзып отырған жоқ па?! Мұның алдымен ақпараттық қауіпсіздігімізге едәуір нұқсан келтіретіндігін неге естен шығарамыз?
Кез келген мәселе ұсақ-түйектен бастау алатыны белгілі. Мұның бәрі жиналып келіп, бір-ақ күнде тарс жарылуы мүмкін. Міне, «Алматы» телеарнасы тілшілерінің шыдамының жеткен жері де осы. Біз тілдескен тілшілердің айтуынша, Сергей Куянов телеарнадағы Кеден одағына қатысты әзірленген бейнесюжеттен кейін орыс редакциясының тілшісі Ильзат Акчуринді шақырып алып, қысым жасаған. Оған тілшінің: «Орыс кәсіпкерлері біздің бизнесті тұншықтырып тастады» деген жеке ойы мен сюжеттегі Мұхтар Тайжанның: «Кедендік одақ - ұлттық ұстанымымызға, тілімізге, дінімізге әсер етеді» деген пікірі ұнамаған көрінеді. Сондай-ақ журналист сюжетіне арқау болған Петр Своиктің мемлекеттік тілге қатысты «қазақ тілі - екінші сортты тіл» деп айтқанын айыптайтын сөз орамдары да баспасөз қызметі бастығының көңілінен шықпаған болу керек. Куяновтың небір балағат сөзіне қорланған тілші сол сәтте-ақ жұмыстан кету туралы арыз жазыпты. Оның бұл әрекетін құп көрген орыс және қазақ бөліміндегі әріптестері де бірауыздан қолдай кеткен. «Мүмкін, Куяновқа Своиктің пікірі ұнайтын шығар. Бірақ бүкіл журналистер менің пікіріммен жүрсін деген тәртіп болмайды ғой...», - дейді ашынған тілшілер.
Алайда кейбір орыстілді интернет сайттарына сұхбат берген Бас директор Евгений Грюнберг: «Серік Сарыбаев кетіп жатыр, сонымен бірге қызметкерлері де жұмыстан шығуға шешім қабылдады» десе, Алматы қаласы әкімшілігі баспасөз қызметінің бастығы Сергей Куянов: «Мұны ұйымдастырған арнаның қазақ және орыс редакциясының жетекшілері Серік Әбікенұлы мен Қайрат Балтабай. Солар бәрін әдейі арандатты...» деп жағдайды басқа арнаға бұрғысы келіпті. «Әкімнің тапсырмасымен мен бұл телеарнаның ұйымдастыру ісіне 2008 жылдан бастап араласып келемін. Арнаны дамыту мәселелерімен шұғылдандым. Кешегі арна мен бүгінгі арнаны салыстыруға келмейді. Біздің тарапымыздан қомақты ресурс жұмсалды. Үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында мен телеарнаны дамыту жөнінде бірқатар міндеттемелер қойдым. Қазақ және орыс тілдерінде жаңа бағдарламалар пайда болуы тиіс еді. Ақпараттық хабар тарату форматын біршама түзеу керек болды. Бағдарламалар кестесі бойынша қосымша жұмыстар атқару қажеттілігі туындады. Мен бұл міндеттемелердің бірсыпырасын Евгений Грюнбергке, ал бірқатарын Серік Әбікенұлы мен Қайрат Балтабайға жүктедім. Қыркүйекке қарай не өзгеріс болғанына тоқталайын. Міндеттемелер орындалған жоқ. Бұл мәселені алдымен Қайрат Балтабаймен талқыладық. «Егер жұмысты атқара алмасаң, өз еркіңмен арыз жазуыңа болады», - дедім. Ол келісті. Серіктің жұмысына қатысты сын болды. Бірақ соншалықты түбегейлі емес. Дегенмен ол да жұмыстан кету туралы шешім қабылдапты. Себебі маған түсініксіз. Олар 1-қазаннан кетуге арыз жазды. Мен қарсылық білдіргенім жоқ», - депті Куянов мырза.
Ал арнаның бас директорының бірінші экс-орынбасары Серік Әбікенұлының пікіріне құлақ түрсек, мәселенің мән-жайы басқаша өрбіген. Біз мұны өз аузынан естігенді жөн көрдік.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ: Тіректері мықты болса, тірліктерін істей берсін

- Естуімше, телеарна басшылығы біраз тілшіге арызын қайта алдыртыпты. Сергей Куянов сол арнаның «бас редакторы», «бас директоры» ретінде, барлық қызметке араласып жатыр. Ол жеке өзінің арнасы сияқты иемденіп алды. «Қаржы беріп отырған ұйым ретінде редакциядағы саясатқа араласуға қақымыз бар» депті. Араласты. Тіпті өзі келіп орыс редакциясының мәтіндерін тексеріп кеткен кездері болды. Құрылтайшы ретінде араласуға болатын шығар, бірақ бүкіл идеологиялық жұмыстың бәріне бас сұғуға бола ма? Бір сайтқа «Қайрат Балтабай мен Серік Сарыбаев қызметкерлерді арандатты» деп сұхбат беріпті. Оған әу баста біз жұмыстан кетіп жатқанда керегі сол болған сияқты.
Енді арнаға сіңірген еңбегіміз жайында айтайын. Біз арнаны республикалық деңгейге шығардық. Тендерге қатыстық. Қазақша бағдарламаның көптігінің арқасында арнаны министрлік қолдады. Кабельдік желіге шығардық. Қазір сандық жүйеге шығуға келісім-шарт жасап жатқан едік. Телеарна техникасының мүлдем тозығы жеткен. Жұмыс істеу мүмкін емес. Журналистердің ескімен жұмыс істеп әбден жүйкесі тозды. Біресе жарық, біресе компьютерлер өшеді. Осының бәріне ақша таптық. Өз күшімізбен! Ол ол ма, біздің алдымызда арнаның екі жылдық салығы төленбеген екен. 80 миллион теңгеге жеткен(!). Қарыздың бәрі жабылды. Жаңа бағдарламалар шығарып, республикалық деңгейде көрсеттік. Бұл шағын «Алматы» телеарнасы үшін үш-төрт жылдың ішіндегі үлкен жетістік еді. Біз қала әкімінен рұқсат алып, өз жеріміздің жартысын 1 млн. 160 мың долларға сатып, қаржы таптық. Оған жаңа техникалар алдық. Алайда осы жұмыстың бәріне Куянов араласып кетті.
- Сіздердің ашу-ызаларыңызды туғызған осы мәселе ме, әлде басқа да себептер бар ма?
- Қайрат екеуміз қыркүйектегі кейбір құжаттарға қол қоюдан бас тарттық. Арнаның ішкі жарғысы бойынша, барлық құжаттар арнаның орынбасарларының келісімімен жасалуы керек. Қайрат Балтабай әкімшіліктегі жиналысқа барғанда: «Біз мынандай құжаттарға қол қоймаймыз», - деп ашық айтады. Сонда Куянов мырза: «Серік екеуің біздің арқамызда күн көріп жүрсіңдер ғой...», - деп намысқа тиеді. Арандатады. Телеарнаның 74 пайызы қазақша болса, онда қазақ тілінде 22 жоба шығып жатса, қалайша біз олардың арқасында күн көреміз?! Телеарнада орыс тілінде бір жоба жоқ. Соншама еңбекті көріп жүріп, «Біздің арқамызда күн көріп жүрсіңдер» деп айтуға арланбай ма? Біз Куяновтың жалақысынан нан сұрап отырған жоқпыз. Қазақстан мемлекетінің ақшасына, халықтың түскен салығына жұмыс істеп жүрміз. «Алматы» арнасының қаржысы Куяновтың ақшасы деген сөз емес қой. Сондағы Куяновты түлен түрткізген «Неге сендер біздің тірлікке қарсы шығасыңдар?» деген қыжыл. «Тірекпен жүрген адамбыз» депті. Тіректері мықты болса, тірліктерін істей берсін. Заман осылай болып тұра бермейтін шығар. Ертеңгі күні ақиқаттың бәрі ашылады.
- Бірақ та Куянов пен Грюнберг орыс редакциясынан арыз жазған тілшілерді жасырып, тек қазақтар ғана жұмыстан кетіп жатыр дегенді айтып отырған сияқты. Телеарнаның бас директоры Грюнберг мырзаның неге мүлдем бейтарап қалып отырғаны да түсініксіз...
- Қайрат мән-жайды айтқан соң, сол күні арыз жазып, бастықтың алдына қойдық. Бас директормен ортада «Біз айдың онында келіп, редакциямен қоштасып кетеміз. Бірақ әзірге кезекті еңбек демалысындамыз» деген келісім болған. Бірақ өзім редакция жетекшілеріне кететінімді айтып, ескертіп қойғанмын. Алайда осы мәселені ушықтырып отырған Куянов орыс редакциясына жаңа басшы Байзақ Асылбековты тағайындайды. Оның мәтін тексеріп, «анауың былай, мынауың олай» дегенін орыс редакциясы тілшілері де жақтырмайды. Қазақ редакциясы да «жасаған сюжеттеріміздің көбін шығармауда, еңбегіміз еш болып жатыр» деп орыс редакциясын қолдай кетеді. Сөйтеді де, осының бәрін арнаның басшысы Грюнбергке хат ретінде жазып береді. Бұл екі редакцияның дүрбелеңі ғой. Ал Куянов болса, «ешкіммен сөйлеспеймін, не істесе оны істесін» деп айтады. Мұны естіген тілшілер арызын жазып, жұмысын тастап кетті. Міне, тілшілердің де кетуі біздің жұмыстан шығуымызбен сәйкес келген. Бір қызығы, олар орыс редакциясынан кетіп жатқан тілшілерді жасырып қалуда. «Бұл ұйымдастырылған шара. Тек «қазақ ұлтшылдары» ғана жұмыстан кетіп жатыр», - депті. Бұл оларға тиімді позиция. Әр адамның ақыл-парасатының жеткен деңгейіне байланысты. Ұлтшыл десе десін. Әрбір жұмысымызды ұлт үшін істейтініміз өтірік емес қой. Бізді «халық жауы» ретінде қабылдап отырғаны жанымызды ауыртады.
Енді Куянов бізді «арандатушы» деп отыр. Бұл оның ар-ұятындағы нәрсе. Біз айтқан сөзімізден бас тартпаймыз. Сөзіміз сөз. Бұл есікті қайта ашып, жұмыс сұрап мүләйімсу деген ниетімізде жоқ.
- Қазіргі кезде жұмыс табу оңай емес. Басшылық кешірім сұраса, тілшілердің қайта келетін ойы жоқ па?
- Барлық журналист үшін жауап бере алмаймын ғой. Меніңше, қырық қазақ қырылып жатса да, басшылықтағылардың ішінен кешірім сұрайтын адамды көріп тұрғаным жоқ. Бұл көз жеткен нәрсе. Бәріміздің арызымызға қол қойды. Олардың айтуынша, жұмыстан кеткен - 26 адам, ал біздің қолымызда өзімізді қоспағанда 37 адамның тізімі бар. Ал Куянов көбі арызын қайта алуда дегенді айтыпты. Бұл өтірік оған да тиімді.
- «Алматы» телеарнасының басшысы Евгений Грюнберг журналистерді жинап, әріптестеріне қандай да бір басу айтуға жарамағанын қалай түсінуге болады?
- Куянов екеуінің ойы бір жерден шығып тұр. Оқиғаның қалай өрбігенін біле тұра, басқаша айтады. Тым болмаса, арнаның басшысы редакцияны жинап: «Айналайындар, қалыңдар, қайда барасыңдар? Алаңдамаңдар, бәрі орнына келеді. Куяновпен сөйлесемін» деп бір ауыз айтпай ма? Бәрі кіл жастар, бала-шағалы отбасылар. Евгениймен «31 арнада» жеті-сегіз жыл, ал «Алматы» телеарнасында үш жарым жыл бірге жұмыс істедік. Ол орыс редакциясынан кеткен редакция басшысы Қайрат Балтабай, тілшілер Ильзат Акчурин мен Айерке Ермекті жасырып қалған. Оның бұл қадамын түсінбедім. Бәлкім, Серіктер кетіп жатқанда редакциядан шу шығарып жіберсек, Куянов уысын босатар деген шығар. Бірақ Грюнберг осы бір ұрымтал тұсты пайдаланып кеткісі келгенмен, сәтсіз шыққанын білмей қалды. Керісінше, Куянов оны арандатушы ретінде өзі пайдаланып отыр. Енді қаншама жыл бірге қызмет істеген Евгениймен қол алысып, амандасу біз үшін қиын нәрсе.
- Қалалық баспасөз қызметінің басшысына наразылық білдіріп, өз еркімен жұмыстан босаған қызметкерлер билік орындарына Ашық хат жазды. Қандай да бір нәтиже бар ма?
- Бұл арнадан кеткен мен де, Қайрат та, бәрі қайта оралмайды. Өмір жалғасады. Біздің орнымызға басқа топ келіп жұмыс істейді. Біздің ойымыз - ең құрығанда соларға қысым көрсетпесе, емін-еркін жұмыс істесе дейміз. Біздің бір жеткен жетістігіміз осы болар еді. Құдайға тәубе, қазір ақпарат құралдарынан хабарласып, жастарды жұмысқа тартып жатыр. Олардың ешқайсысы далада қалмайды. Қазақ даласында туған азаматтарға қазақ жерінен нан табылады. Тентіреп жүрген ешкім жоқ. Бір-біріне септесіп, жәрдемдесіп, жұмысқа орналасып кетуде. Қазір жас журналистерге жұмыс іздеумен жүрмін. 37 адамның бес-алтауы ғана қалды жұмыссыз. Өзімнің жұмыс іздеуге уақытым болмай жатыр. Өз елімізде екі қолға бір күрек табылады ғой. Ақиқатын айтқанда, төбедегі диктатураның күшейе түсуі бәрін мезі етті. Олардың алдында ақталуға міндетті емеспіз. Осы жағдайға өздері әкелді.

Біз экс-орынбасар Серік Әбікенұлының пікірінен соң, Алматы қаласы әкімшілігі баспасөз қызметінің бастығы Сергей Куяновқа қоңырау шалып едік, тұтқасын көтере қоймады. Ал жұмыс орнына хабарласқанымызда, хатшысы оның жиналыста екендігін айтумен болды.

Алматы қалалық баспасөз қызметінің басшысына наразылығын білдіріп, өз еріктерімен жұмыстан босаған «Алматы» телеарнасының 55 қызметкері мәселені кейінге қалдырмай, Алматы қаласының әкімі А.Есімовке, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайға, Парламент депутаттарына Ашық хат жолдады. Онда: «... Куянов тұтас журналистің қожасына айналып алды. Арнаның журналистік тобының 60-70 пайызы жұмыстан кетіп жатыр екен деп елең еткен басшыны байқамадық. Куянов пен Бас директоры Е.Грюнберг әуелі орыс редакциясында жік шыққанын, қазақ бөлімі соларды қолдағанын жасырып, жағдайды ұлттық бағытқа бұруға барын салуда. Қазіргі журналистердің, журналистиканың қандай күйге түскенін білсеңіздер екен. Осы оқиғаны мысал етіп, сөз бостандығына салынған ауыздықтың сәл босауына ықпал етсеңіздер. Қолдарыңыздан келсе «поштабайлардың» қиқуын азайтып, «қамшы үйіруін» шектеңіздер...» деген мәтін жолдары бар.
Әзірге бұл мәселеге қашан да тілші қауымының жанынан табылатын Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қана үн қосуда. Халық қалаулысы наразылық танытқан топпен арнайы кездесіп, қолұшын беретіндігін айта келе, «Бұл ойлантарлық, көңіл аударарлық жағдай. Бұл оқиғаға Алматы қаласының басшылығы араласуы қажет. Біз ашық хатты министрлікке, қалалық әкімшілікке, тағы да басқа құзырлы мекемелерге жолдадық. Меніңше, БАҚ-тың редакциялық саясатына араласу дұрыс емес» дегенді жеткізді.
Асыл ӘДІЛХАН, «Алматы» телеарнасының бұрынғы қызметкері:

- Біз кетіп жатырмыз. Аула сыпырсақ та, қайтып келетін ойымыз жоқ. Біз Алматы қаласы әкімшілігі баспасөз қызметінің бастығы Куяновтың «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстағысы келетін саясатына қарсы шықтық. Қазақ редакциясының бағдарламасында кейбір журналистер қалды, ал жаңалықтар бөлімі толығымен кетті. Құдайға шүкір, ұсыныс деген жетеді, ешқайсымыз көшеде қалмаймыз.
Нұрбек ТҮСІПХАН, «Алматы» телеарнасының бұрынғы қызметкері:

- Сергей Куянов көптен бері арнаның кадр мәселесіне араласты. Біздің жетекшімізге қайта-қайта диктатура жүргізіп келді. Біліксіз журналистерді жұмысқа алуына итермеледі. Соның салдарынан кәсіби біліктілігі жоғары мамандар кетіп жатты. Екіншіден, «Тарих таразысы», «Тіл сақшысы», «Пікірлер пирамидасы» бағдарламасындағы қазақ ұлтына жанашыр сөздерді қиып, алдыртып тастайды. Үшіншіден, журналистердің шығармашылық жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Мұндай жерде жұмыс істеу, әрине, қиын. Бұл бір күнде туа салған мәселе емес. Көптен бері журналистердің ашуын туғызып жүрген жайт бұл. Жұмыстан кеткен тілшілердің бәрі білікті, өз ісін білетін мамандар. Біз саналы түрде кеттік.
Ұшқыр ой

Дәл қазір «Алматы» телеарнасы төңірегінде қалыптасқан жағдайға қоғам да бей-жай қарамайтындығын аңғартты. Интернет-сайттарында осы мәселеге қатысты мақалалар мен тілшілерді қорғаған түрлі пікірлер мен комментарийлер жариялануда. Бұл да қоғамымыздың орынсыз жапа шеккен журналистер тағдырына ерекше алаңдаушылық танытатынын, тіпті ақпараттық кеңістігімізде қалыптасқан ахуал баршамызға ортақ екенін байқатты. Осы тұрғыда Tengrinews.kz. сайтында жарияланған пікірлердің бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Дәл қазір «Алматы» телеарнасы төңірегінде қалыптасқан жағдайға қоғам да бей-жай қарамайтындығын аңғартты. Интернет-сайттарында осы мәселеге қатысты мақалалар мен тілшілерді қорғаған түрлі пікірлер мен комментарийлер жариялануда. Бұл да қоғамымыздың орынсыз жапа шеккен журналистер тағдырына ерекше алаңдаушылық танытатынын, тіпті ақпараттық кеңістігімізде қалыптасқан ахуал баршамызға ортақ екенін байқатты. Осы тұрғыда Tengrinews.kz. сайтында жарияланған пікірлердің бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Алматы» теле­ар­насының қожайыны - әкімшілік қалай жүріп-тұру жөнінде өз үстемдігін жүргізеді десек те, БАҚ-тың көлік жуатын орын немесе зауыт емес екендігін ұмытпау керек. Редакцияның саясатына араласуы - ақпараттық саясатты шынайы жеткізбеуге, әкімдікті сынатпауға, бұрмаланған саясат жүргізуге әкеліп соғады».

«Әкімшілік шенеунігі «редакцияның ақпараттық саясатын реттеуде» ол өзінің жеке ақшасын жұмсамайды, тек салық төлеушілерден түскен қаржыны бөлетінін естен шығармауы керек. Халыққа шынайы, ақиқи ақпарат керек. Әсіресе, өзі тұрып жатқан қаланың әкімшілік саясаты мен шенеунігіне қатысты сыни материалдарды күтеді. Бізде шешілмеген түйіндер жетеді емес пе?..»

«Телеарнаны әкімшілік емес, халық көреді. Онсыз да әкімшілік өзінің жобаларын арна арқылы жүзеге асыруда. Бірақ та БАҚ-тың сөз бостандығына нұқсан келтірмеуі қажет. «Алматы» телеарнасында жақсы дүниелерді жарыққа шығарып жүрген білікті журналистер шоғыры болатын. Сондықтан да арнаны ерекше құрметтейтін едім. Ал енді...»

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

 

0 пікір