Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3486 0 пікір 4 Қазан, 2012 сағат 09:15

ТАЛҒАТ МАМАШЕВ: АЛАШТЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ — ШЕТЕЛДЕ

Биыл - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл. Қауымдастықтың 1992 жылы Алматы қаласында Елбасының тікелей қолдауымен өткен Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайында құрылғаны баршаға мәлім. Бұл құрылтайда Қауымдастықтың Төралқа Төрағасы болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланған еді. 1992 жылдан бері әлемнің 45 елінде тарап кеткен қазақ баласын жинап, олармен әдеби-мәдени байланыс орнатып, шетелдегі бауырларымыздың рухани мұрасын атажұртпен қауыштыруда айтарлықтай еңбек сіңірген Қауымдастықтың Төралқа төрағасының І орынбасары Талғат Мамашевті әңгімеге тартқан едік.
- Талғат Асылұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы дүниеге келгелі жиырма жылдың жүзі болыпты. Осы 20 жылда атқарған еңбектеріңізді бір шолып өтсеңіз...
- Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өзі құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде сырт жерлердегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс жасайтын еліміздегі ең негізгі ұйымға айналды. Қазіргі кезде бүкіл жұртшылық Қауымдастықты шетел қазақтарының мәдени-рухани, оқу-білім, ана тілі, экономикалық жағдайы және демографиялық өсіп-өнуі жөніндегі бүкіл мәліметтерді бір ортаға жинақтап, жүйеге түсіріп отырған ұйым ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ, Қауымдастық алыстағы ағайындардың ұлттық-рухани және көші-қон жөніндегі мұң-мұқтаждары мен өтініш-тілектерін Қазақстан үкіметіне, басқа да тиісті орындарға жеткізіп, олардың шешілуіне ықпал жасап отыруға да айрықша көңіл бөледі. Соған орай, шетелдегі қандастарымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын өздерінің қасиетті қара шаңырағы санайды. Атажұртқа келіп Алматыға ат басын тіреген ағайындарымыз бірінші кезекте Қауымдастыққа кіріп шығады. Жаңалықтарын айтады, бірлесіп істейтін жұмыстар жөніндегі ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салады. Қауымдастықтың мұндай дәрежеге жетуі Елбасының тікелей қолдауы мен қамқорлығының нәтижесі екендігі де даусыз. Яғни Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз жұмысын Төралқа төрағасы ретінде Президентіміздің белгілеп берген бағыт-бағдары мен міндет-тапсырмаларына сүйеніп жүзеге асырады. Бұл жұмыстардың арасында әлем қазақтарының құрылтайларын ұйымдастырудың алар орны ерекше.
Бұл ретте 1992 жылы өткен тұңғыш құрылтай туралы айрықша айта кеткеніміз жөн. Жер жүзіндегі бүкіл қазақтың басын қосатын мұндай жиын біздің елімізде бұрын-соңды болмаған еді. Соған орай кезінде алғашқы құрылтай ойдағыдай өз дәрежесінде өтіп, алға қойған мақсатын толық орындай ала ма деген мәселе жұрттың көбін ойландырғаны да, алаңдатқаны да даусыз еді. Бірақ кезіндегі жан-жақты дайындық пен ұйымдастыру жұмыстарының ойдағыдай болуының нәтижесінде әлем қазақтарының тұңғыш бас қосуы кең ауқымды, жан-жақты тартымды бағдарлама бойынша табыспен өткізілді.
Құрылтайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бүгіні мен болашағы туралы жүрек тебірентерлік баяндама жасады. Соған орай бұл бас қосу қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің айқын бір көрінісі болды. Тұңғыш құрылтай шетелдегі сан миллион қазақтардың атажұртқа деген ынта-ықыласын барынша арттыра түсті.
Сондай-ақ, алғашқы Құрылтай Қазақстан Республикасының шетелдегі қазақтарға мәдени-рухани, оқу-білім саласынан қолдау көрсетудің негізі бағыт-бағдары мен басты міндеттерін де нақтылап, көші-қонның қолға алынбай келе жатқан көптеген мәселелерінің оң шешімін табуына өз әсерін тигізді.
Міне, осыдан кейін де елімізде әлем қазақтарының тағы үш Құрылтайы өтті. Бұл құрылтайлардың бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы 2002 жылы Түркістан қаласында өткен құрылтай, негізінен, Қазақстан Республикасының тәуел­сіздік алған он жыл ішіндегі қол жеткізген табыстарын саралап-сараптауға арналды. Сондай-ақ, бұл жиында жалпы қазақ халқының алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы өсіп-өркендеуі жөніндегі маңызды әңгімелер қозғалды. Ана тілі мен демография, көші-қон мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Екінші Құрылтай ұлтымыздың рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістан қаласында өткізілгендіктен бұрынғы тарихымызды еске алып, ұлы тұлғаларымызға құрмет көрсетуге де айрықша көңіл бөлінді.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Әлем қазақтарының үшінші Құрылтайы 2005 жылы республикамыздың жаңа елордасы - Астана қаласында өтті. Бұл басқосудың бұрынғы құрылтайлардан ең басты ерекшелігі - барынша іскерлік бағытта өткізілуінде болды. Соған орай, салтанатты мәжілістен кейін төрт мәселе бойынша секциялық мәжілістер өткізілді. Бұл мәжілістерде мәдениет, оқу-білім, бұқаралық ақпарат құралдары және көші-қон салалары бойынша шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Түркістан мен Астана қалаларында өткен екі Құрылтайда да Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы баяндама жасады. Елбасы бұл баяндамаларында шетелдегі қандастарымыздың бүгіні мен болашағына қатысты ең өзекті мәселелерді ортаға салып, осыған орай Қазақстан тарапынан жасалуға тиіс қолдау-қамқорлықтардың бәрін бір жүйеге түсіріп, нақтылап берді.
Сондай-ақ, Елбасы бұл Құрылтайларда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысына оң бағасын беріп, оның қызмет ауқымын кеңейтуге қатысты нақты тапсырмалар да берді. Бұл жағдай Қауымдастықтың жұмысын нәтижелі жүргізіп, жаңа деңгейге көтеруге өз септігін тигізді.
Ал төртінші Құрылтай 2011 жылдың 25-27 мамыр аралығында Астана қаласында өтті. Құрылтайға әлемнің 35 елінен 400-ге жуық ресми өкілдер келді. Қазақстанның өзінен зиялы қауым, қоғамдық және саяси ұйымдардың жетекшілері, Президент әкімшілігі мен үкімет басшылары, Сенат және Мәжіліс депутаттары, түрлі министрлік пен барлық облыстардың, Астана, Алматы қалаларының өкілдері қатысты. Бұл құрылтайда жастар мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Соған орай, шетелден келген қонақтардың алпыс пайызын жастар құрады.
Төртінші құрылтайда бірінші кезек­те­ ше­тел­дегі қазақ диаспорасы мен орал­ман­дар­дың ең мұқтаж мәселелері жан-жақты айтылды. Бұл ретте үш мәселеге айрықша көңіл бөлінді. Оның біріншісі - көші-қон, екіншісі - оқу-білім, үшіншісі - мәдени-рухани және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері. Құрылтайды өткізу барысында осы жоспар-бағдарлама толығымен жүзеге асты. Құрылтайда қазақ диаспорасы мен оралмандар мәселесіне арналып 9 министрлік өкілдерінің қатысумен 7 жерде дөңгелек үстел мәжілістері өткізілді. Басқосуға Ішкі істер, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Байланыс және ақпарат, Ауыл шаруашылығы, Спорт және туризм, Экономикалық даму және сауда министрліктерінің басшылары қатысты. Дөңгелек үстел кезінде алыс-жақыннан келген ағайындар көкейде жүрген бүкіл мәселелерін ортаға салып, іштеріндегі шерін түгел ақтарып, кең отырып әңгіме-дүкен құрды.
Құрылтай бағдарламасы бойынша арнайы халықаралық футбол турнирі өткізілді. Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Қазақстан және Еуропа елдерінен келген кілең қазақтардан тұратын 8 команданың жасыл алаңға шығып жарыс өткізуі халқымыздың тарихындағы бұрын-соңды кездеспеген үлкен оқиға болды.
ҚР Президенттік мәдени орталықта қазақ диаспорасы мен оралман жастардың арасында қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылып, жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Оған әнші мен бишілер өнерден шашу шашты. Бұл салтанат жастардың думанды ән-би кешімен жалғасты.
Бұл Құрылтайда да Елбасы дүниенің төрт бұрышынан келген ағайындардың алдында арнайы баяндама жасап, шетелдердегі қазақ диас­порасы мен оралмандарға қолдау көрсетудің барлық тетіктерін айқындап, бұл жөнінде алда тұрған 5 міндеттерді белгілеп берді. Ол міндеттердің біріншісі - көші-қонға қатысты еді. Елбасы көші-қондағы 20 жыл ішінде қол жеткізген игі істер мен жетістіктерге жан-жақты талдау жасай келе, қандастарымызды Отанға оралту жұмысын одан әрі жүйелеп, жетілдіре беру керектігіне тоқталды.
Құрылтайда Елбасының шетелдегі ағайын­дарға қолдау көрсету жөніндегі алға қойған екінші міндеті - оқу-білім мәселесі болды. Бұл ретте Президент: «Біз әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз керек... Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне қандастарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын», - деді.
Елбасының қазақ диаспорасына қамқорлық жасау жөніндегі алға қойған үшінші міндеті бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты болды. Бұл жөнінде Президент: «Біз шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесеміз», - деп атап көрсетіп, бұл жөнінде тиісті орындарға нақты тапсырмалар да берді.
Құрылтай өтісімен Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Елбасының осы жиында белгілеген міндеттерінің негізінде алдағы уақытта шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсетуге байланысты жүзеге асырылуға тиіс іс-шаралардың жоспарын жасап, бекітті. Бұл жоспарда қазақ диаспорасы мен оралмандарға қатысты ең өзекті мәселелер қамтылып, тиісті министрліктер мен мекемелердің міндеттері нақты көрсетілді.
- Сонымен қатар, Қауымдастық әлем­нің көптеген елдерінде қазақтардың Кіші құрылтайларын өткізіп келеді. Бұл құрылтайлардың қазақ өркениетіне берері не деп ойлайсыз?
- Бұл - алыстағы ағайындармен тұрақты байланыс жасап, оларға қолдау-қамқорлық жасаудың және бір тиімді жолы. Қазақтар тұратын шетелдерде Кіші құрылтайлар, басқа да түрлі басқосулар, мәдени іс-шаралар осы жиырма жыл ішінде талай өткізілді. Мұндай бас қосулар қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал жасайды. Өйткені қазақ қай жерде жүрсе де, қай елде тұрса да өзінің ана тілін, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай білуге тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, сырттағы қазақтар арасында соңғы уақытта біраз күрделі мәселелердің қалыптасып отырғаны да анық. Яғни олардың жас толқынының ана тілінен алыстап, ұлттық ерекшеліктерінен ажырай бастағаны байқалады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек?.. Осы тұрғыдан келгенде кіші Құрылтай сияқты басқосулардың маңызы айрықша. Яғни сырт жерлердегі ағайындардың ұлттық-рухани мәселелері ең алдымен осындай жиындарда жан-жақты талқыланып, ортаға қойылуға тиіс. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің көбінде Қазақ мәдени орталықтары құрылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. Қауымдастық осы орталықтармен бірлесіп, жыл сайын бір рет Еуропа қазақтарының спорт және мәдени мерекелерін ұйымдастырады.
Мұндай кіші Құрылтайлардың бірі биыл Еуропаның теріскейіндегі Дания елінің Аархус қаласында өтті. Бұл кіші Құрылтайға Қазақстаннан Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығының атынан арнайы делегация барып­ қатысты. Делегация құрамында Парламент Мә­жілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, «Егемен Қазақстан» газетінің Президенті Сауытбек Абдрахманов және басқа да қоғам қайраткерлері мен өнер жұлдыздары болды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Кіші Құрылтайдың ойдағыдай өтуіне Қазақстанның Даниядағы елшілігі де үлкен үлес қосты. Құрылтай кезінде Қазақстаннан барған делегацияны Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасы мен Дания корольдігіндегі Төтенше және өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов қабылдап, Қазақстанның Еуропа қазақтарымен байланысын одан әрі нығайта беру жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Қазақ диаспорасының мұндай кіші құрыл­тай­лары Тәжікстан, Ресей, Моңғолия, Түркия си­яқты елдерде де өткізіліп келеді.
Сондай-ақ, Қауымдастық шетелдерде кіші құрылтайлардан да басқа түрлі мәдени шаралар өткізуге де айрықша көңіл бөледі.
Бұлардың арасында, Қауымдастық, әсіресе, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда оқып, білім алуына байланысты да көп жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте, Қауымдастық шетелдік қазақ жастарына арналған дайындық курстарының ашылуына тікелей атсалысты. Соған орай, қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен басқа да жоғары оқу орындарында бірнеше дайындық курстары жұмыс істейді.
Қауымдастық этникалық көші-қон туралы түрлі дөңгелек үстел мәжілістерін өткізіп, бұл саланың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы баспасөз бетінде үнемі мәселе көтеріп келеді.
- Менің білуімше, шетелде қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейді. Солардың тыныс-тіршілігімен таныстыра кетсеңіз...
- Қауымдастық өзінің күнделікті жұмыс­тарын ҚР Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімімен, Мәдениет және ақпарат министрлігі және оның Тіл комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста жүргізеді.
Қауымдастық шетелдік қазақтармен байланысты сол елдердегі Қазақстан елшіліктерімен және қазақ Мәдени орталықтарымен бірлесіп жүзеге асырады. Қазір қазақтар көп тұратын елдердің басым көпшілігінде заңды түрде құрылып, әділет мекемелерінен тіркеуден өткен қазақ мәдени орталықтары бар. Мысалы, Түркия, Германия, Франция, Австрия сияқты елдерде мұндай орталықтар ежелден жұмыс істейді. Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы да жемісті жұмыс істеп келеді. Ол елдің көптеген облыстары мен Қарақалпақстанда Республикалық Қазақ Ұлттық мәдени орталығының бөлімшелері кұрылған. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты үлкен қалаларынан бастап, Астрахань, Орынбор, Омбы, Самара, Саратов, Челябі, Түмен облыстары мен сонау алыстағы Саха Республикасында да қазақ мәдени орталықтары бар. Балтық жағалауы елдерінде де қазақ мәдени орталықтары шаңырақ көтере бастады.­ Қауымдастық осы мәдени орталықтармен тікелей байланысып, бірлескен бағдарламалар негізінде көптеген шараларды іске асырып келеді. Мысалы, ол елдерде қазақ әдебиеті мен өнерінің мерекелері өткізіледі, жергілікті қазақ өнер ұжымдарына ұлттық киім мен музыкалық аспаптар жөнінен көмектесу де жүзеге асырылады.
Қауымдастық Моңғолия сияқты елдерде өз бөлімшесін ашып, ондағы қазақтармен байланысты сол бөлімше арқылы жүргізуде.
Кейбір елдерде Қауымдастық ол елдегі қазақтармен байланысты жеке тұлғалар, жеке мәдениет ошақтары арқылы жүзеге асыруда.
Шетелдегі ағайындармен тікелей байланыс­ты барынша жақсартып, тиімді жүргізу үшін Қазақстанның Павлодар, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы сияқты шекаралас облыс­тары мен Астана қаласында Қауымдастықтың бөлімшелері ашылған. Бұл бөлімшелер өздеріне жақын, көршілес елдегі қазақтармен байланыс жасау ісімен айналысады.
- Соңғы жылдары қазақ көші-қоны қаңтарылды. Оның қайта жолға қойылуы үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандай игі шараларға мұрындық болуда?
- Қазақстанның шетелдегі қазақтармен байланысының ең басты бір бағыты -көші-қон мәселесі. Әрине, көші-қон жұмыстарының әлде де ойласатын, жан-жақты қолға алып, жүйелі түрде шешетін мәселелері аз емес. Қауымдастық бұл жұмыстарға да өз үлесін қосуға айрықша көңіл бөліп келеді. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайды. Ал бұл, өз кезегінде, жаһандық дау­ыл­дарға қарсы тұра алу үшін жаһандық тұ­рақ­сыздық жағдайында, жаңа ғасыр жағ­дайында, Қазақстан қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауапты талап етеді. Біздің жүзеге асырылмаған резерв­теріміз бен мүмкіндіктеріміз неде? Әлеу­мет­тік саясат орнықты, жасампаз болуы үшін тағы не істеу керек? Бүгін өткен жүз жылдықтың 60-шы жылдарында кеңінен таралған тұ­тыну­шы­лық қоғам тұжырымдамасының елесі айқын сезіледі.
Тұтынудың бұл идеологиясы бүл­діруші болғанына бүгін бүкіл әлем ерекше көз жеткізіп отыр. Ол әлемнің дамы­ған елдерінде жаппай әлеуметтік ма­сыл­дық туындатты және жаһандық дағ­дарыстың басты себептерінің бірі болып табылады» деген еді. Сол секілді көшіп келген қазақтардың да мәселесін бұдан былай «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы арқылы шешкен дұрыс деп есептеймін.
Қауымдастықтың негізгі міндеті көші-қон мәселесі емес. Дегенмен шетелдегі қазақтарды Қазақстанмен нақтырақ таныстыру мақсатында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алудамыз.
Қауымдастықтың негізгі жұмыстарының бірі - шетелдегі қазақ диаспорасына ақпараттық қолдау көрсету. Бұл жұмыстың мүмкіндігі мен болашағы өте үлкен. Өйткені бес миллионнан астам қазақ диаспорасының тоқсан пайызға жуық бөлігі елімізбен шекаралас мемлекеттерде орналасқан. Шекараға жақын болғандықтан ол елдерге Қазақстанның радио және телехабарларын жеткізу барынша оңай. Бұл елдерге Қазақстанның газет-журналдары мен кітап­та­рын таратудың да мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, қазір бұл жөнінде арнайы веб-портал ашу да қолға алынды.
Яғни Қазақстан Республикасының ақ­па­раттық кеңістігін әлдеқайда кеңейтіп, ауди­ториясын ұлғайтудың тиімді бір жолы - шетелдегі отандастарға арналған радио және телехабарлар мен түрлі басылымдарды көбейту. Елімізде бұған толық мүмкіндік бар. Осыған орай, Қауымдастықтың жанынан «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы да жарық көріп, шетелдердегі ағайындарға таратылады. Бұл басылымдардың жарық көруіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мен Тіл комитеті нақты қолдау жасауда.
Еліміздің экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеуінде Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі жолдауының алар орны ерекше. Жолдауды барша қазақстандықтармен бірге шетелдегі ағайындар да айрықша ынта-ықыласпен асыға күтеді. Соған орай, Қауымдастық Елбасының жолдауын шетелдегі отандастарға жеткізіп, жан-жақты насихаттауға да айрықша назар аударады. Қазір Қауымдастық Жолдауды түрік, моңғол тілдеріне аударып, оның төте жазумен шығатын нұсқасын дайындап, алыстағы ағайындаға жеткізіп жүр.
Қауымдастық шетелдегі қазақ диас­по­расының демографиялық және әлеуметтік жағдайының бүгіні мен болашағы жөнінде арнайы экспедициялар ұйымдастыруды да қолға алып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Өзбекстандағы қазақтар», «Қытайдағы қазақтар», «Ресейдегі қазақтар» деген монографиялық жинақтар жарық көрді.
Жалпы, Қауымдастық шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын жинап, жарыққа шығарып насихаттауға айрықша назар аударады.
Қауымдастық шетел қазақтарымен байланыс жасау жөнінде түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстел мәжілістерін ұйымдастырады.
Қауымдастық көп жылдан бері Түркістан қаласы әкімдігімен бірлесіп шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету жөнінде түрлі іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. Солардың бірі - «Түркістанды аңсау» атты мәдени-этнографиялық оралмандар фестивалі. Бұл фестивальге Қазақстанның барша облыстарына орналасқан оралмандар, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінен арнайы келген өнерпаздар қатысады.
Шетелдегі қазақтар жас ұрпаққа ана тілін үйретуге өте қүштар. Соған орай, арнайы мұғалім жіберу туралы да жиі өтініш айтады. Бірақ қазір заман өзгерді. Бүгінгі таңда тіл үйренуді техниканың көмегімен де оңай жүзеге асыруға болады. Соған орай Қауымдастық шетел қазақтарына арнап қазақ тілін үйренудің компьютерлік бағдарламасын жасады. Сондай-ақ, Қауымдастықтың «kazaktar.kz» вебсайты да тұрақты жұмыс істейді.
Алыс және жақын шет елдердегі қазақ мектептері мен қазақ мәдени орталықтарын оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, оларға түрлі кітаптар, журналдар тасымалдап жеткізіп беру де тұрақты түрде жүргізіледі.
Шетелдегі ағайындар қазақ тіліндегі кітаптарға да өте мұқтаж. Соған байланысты, Қауымдастық шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын басып шығарумен ғана шектелмей, оларға Қазақстанда жарық көрген түрлі кітаптарды жіберіп тұруды да тұрақты жүзеге асыруда.

Шетелдегі қазақ балаларын Қазақстанда өтетін қазақ тілі мен әдебиеті жөніндегі конкурстарға қатыстыру, "Балдәурен" сауықтыру орталығына әкеліп тынықтыру да жылдағы жоспар бойынша жүргізіледі.

Әңгімелескен
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

0 пікір