Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3348 0 пікір 4 Қазан, 2012 сағат 08:13

Зайлағи Кенжеәлиев Хақ және Хұқ

(Академик Сартаев Сұлтан Сартайұлының 85 жылдық мерейтойына орай дүниетаным және құқықтаным мәселелері төңірегінде ой-толғау)

Егер біздің замандастарымыздың арасынан бір адам шындыққа жетудің ең сенімді  әрі бірден бір жолы ғылым деп, осы ойға бар жан-тәнімен беріле сенсе және осы жолға бар өмірін   арнаса, ол әрине - академик Сартаев Сұлтан Сартайұлы болар. Қаршадайынан қанды соғыстың бейбіт өмірге тигізер зобалаңын сезіп, көріп және сезіп өсіп, есейген соң бар өмірін заң ғылымына бағыштап, 60 жылдан астам уақыт ішінде хұқық ғылымының ең күрделі де маңызды деген мәселелері бойынша сан-салалы ізденістер жүргізіп, оның жалпы да жалқы сұрақтары төңірегінде ой саптап, үзбей ой қуып, тың пікірлер тудырып келе жатқан және ғылыми ой өндіру процесінен бір сәт те қол үзбей, көсілте жазып, ойып айтып жүрген айтулы тұлға осы біздің Сұлтан ағамыз.

(Академик Сартаев Сұлтан Сартайұлының 85 жылдық мерейтойына орай дүниетаным және құқықтаным мәселелері төңірегінде ой-толғау)

Егер біздің замандастарымыздың арасынан бір адам шындыққа жетудің ең сенімді  әрі бірден бір жолы ғылым деп, осы ойға бар жан-тәнімен беріле сенсе және осы жолға бар өмірін   арнаса, ол әрине - академик Сартаев Сұлтан Сартайұлы болар. Қаршадайынан қанды соғыстың бейбіт өмірге тигізер зобалаңын сезіп, көріп және сезіп өсіп, есейген соң бар өмірін заң ғылымына бағыштап, 60 жылдан астам уақыт ішінде хұқық ғылымының ең күрделі де маңызды деген мәселелері бойынша сан-салалы ізденістер жүргізіп, оның жалпы да жалқы сұрақтары төңірегінде ой саптап, үзбей ой қуып, тың пікірлер тудырып келе жатқан және ғылыми ой өндіру процесінен бір сәт те қол үзбей, көсілте жазып, ойып айтып жүрген айтулы тұлға осы біздің Сұлтан ағамыз.

1927 жылы 15 қазанда Қызылорда облысы  Жаңақорған ауданында дүниеге келген Сұлтан Сартайұлы Сталинге дейін хат жазып, металлург болудан бас тартып, Алматы мемлекеттік заң институтына 1945 жылы түсіп, 1949 жылы бітіріп шығады. Сол жылы Мәскеуге аспирантураға алынып ,1952 жылы »Қазақ Автономиялық Республикасының құрылуы және дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шығады. Осы кезден бастап елге оралып, ғылыми және педагогтік жұмыспен айналысқан Сұлтекең 1960 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі, ал қазір профессоры қызметін атқарып келеді.1970 жылы Мәскеуде докторлық диссертация қорғаса, 1975 жылы Қазақ Республикасының Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, ал 1996 жылдан осы Академияның академигі дәрежесіне көтерілді. 1990-1994 жылдары Республиканың Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып,өзінің тұңғиық білімдар,сұңғыла заңгер,шашауына шаң жұқтырмас  шешен екендігін бүкіл Қазақстан жұртшылығына танытты. Осы жылдары Қазақстан заңгерлер Одағының тұңғыш Президенті, Қазақстан Президенті Кеңесінің мүшесі,Қазақстан Президенті жанындағы кешірім беру туралы комиссия төрағасы қызметтерін атқарды. Ағамыздың еңбегі үкімет тарапынан «Парасат», »Барыс», »Құрмет» ордендерімен, Әль-Фараби атындағы алтын медалімен марапатталса, Қырғыз Республикасы «Даңқ » орденімен марапаттады.

Академиктің бос мақтау мен лепірме сөзге қас мінезін білетіндіктен, ол кісінің мерейтойына арналған ой-шашу ретінде заң ғылымының кейбір мәселелері жөніндегі тарқатылуы тереңде жатқан түйіткіл ойларды ортаға салсам деймін. Олардың қатарына және ең бастыларына мына мәселелерді жатқызған дұрыс сияқты. Біріншіден, ақиқатқа жетелер ғылыми ой дегеніміз не, ғылым деп аталатын білімдер жүйесі неден тұрады және неден тұруға тиіс, ғылыми ой жиегін кеңейту жолдары қандай? Екіншіден, ғылым мен сенімнің ара -қатынасы қандай, дәлірек айтсақ ғылыми білім мен сенімге  негізделген білімдер арасында байланыс бар ма жоқ па,  олардың бір -бірімен  түйісетін (келісетін) жерлері бар ма  әлде олар бір-біріне түбегейлі қайшы келе ме, бір-бірін жоққа шығарудан арыға бара алмай ма? Үшіншіден, ақиқат дүниетанымға негізделген шынайы (ғылыми) құқықтану негіздерін қалыптастырудың  кейбір тұстары жайлы пікір білдірсем деймін.

Әрине, ең бірінші ғылыми ой, ғылыми пікір, ғылымға  негізделген білім дегеніміз не деген сұрақ ғылыммен айналысып жүрген кез-келген жанды мазалары хақ. Өйткені, бұл сұрақты шешіп алмай, оның ақиқат шеңберін анықтап, бағыт-бағдарын бағамдап, түсін түстеп, өлшемін пішіп алмай ғылымның нағыз майталманы болу мүмкін емес, қайта-қайта жан-жағыңа жалтақтап, (ғылым жолымен дұрыс келе жатырмын ба, жоқ па?) деген сұрақтан арылу өте қиын.

Бүгінгі таңда біз ғылымға негізделген білім (ғылыми ой, ғылыми пікір) деп а) ғылыми эмпирикалық деректерге негізделген білімді б) ғылыми эсперимент арқылы дәлелденген білімді және  в)  эмпирикалық дерекнама мен эксперименттен туындайтын және соларға сүйенген ғылыми логикалық ойлау жүйесін және соның талаптарына сай келетін білімдерді айтып жүрміз. Егер бұл білімдердің бірінші және екінші жүйесі негізінен табиғаттану мен жаратылыстану (техника) ғылымдарына тән болса, біріншісі мен үшіншісі гуманитарлық  (адамтану, қоғамтану) ғылымдарына тән. Әрине бұл үш жол (үш тәсіл де) өздерінің өміршеңдігін көрсете білген, дүниені танып, оның  заңдылықтарын  тұрмыстық-күнкөрістік  мәселелерді шешуде қолдануға бейімдей алатындықтарын әлдеқашан дәлелдеген және дәлелдеп келе жатқан мызғымас берік ғылыми ой өндіру әдістері, табиғат пен қоғам шындықтарын ашу арналары.

Дегенмен, ғылым - шындыққа алып барар жол болса, осы жолдың тек үш-ақ негізгі арнасы бар (эмпирикалық дерекнамаға, экспериментке және ғылыми логикаға негізделген ғылыми білім алу жолы) деп ғылым атты адамды ақиқатқа жетелер өлшеусіз және шексіз универсумды  өзіміз қолдан шектеп тастап отырған жоқпыз ба. Себебі, ғылым адамзатты ақиқатпен байланыстырар шексіз мүмкіндік десек, онда шексіздікті шектеу  адами логикаға да жат нәрсе емес пе?  Сондықтан адами ойлау жүйесінің ғылыми қабатын барынша терең танып, оның әмбебап мүмкіндіктеріне қойылған жасанды кедергілерді алып, адамзаттың ақиқат әлемімен барынша толық және үйлесімді әрекеттесуін, танып-білуін, зерттеп-зерделеуін, өз-ара үйлесімді қатынас орнатуын қамтамасыз ету - адамзаттың алдағы басты мақсаттарының бірі болуға лайық емес пе?

Бүгінгі таңдағы басы ашық шындық мынау - эмпирикалық дерекнамаға, экспериментке және ғылыми логикаға негізделген ойлау жүйелерінің танымдық мүмкіндіктері шектеулі және олардың жаратылысты тұтастай әрі толық тану потенциалы абсолюттік мәнге ие емес.

Эмпирикаға, экспериментке және логикаға негізделген білім нысандары тек эмпирикалық дерекнаманың, эксперименттің және адами логиканың танымдық потенциалы шеңберінде және деңгейінде ғана қоршаған әлемді тануға мүмкіндіктері жетеді. Одан әріге олардың қауқарлары жетпейді, одан әріге олар дәрменсіз. Және өздері ғана тани және зерттей алатын әлемнен (әлем қабатынан) бөлек өзге әлемді (әлемнің эмпирикалық дерекнамаға, эксперимент және логикаға алдырмайтын қабаттарын, өлшемдерін) танып білу туралы олардың алдына мақсат қою да - оларға орындалмайтын артық міндет және талап жүктегенмен бірдей.

Сондықтан, бізді қоршаған әлем тек ғылыми эмпирикалық, эксперименттік және логикалық ойлау жүйесінің зерттеулерінің негізінде қалыптасқан әлем туралы білімге ғана сай келуі керек және әлем туралы түсінігімізді (демек әлемді де) осы білімдер жүйесімен және осы жұйе беретін әлем туралы көзқараспен ғана шектеу керек және осы білімдерге ғана негізделген әлемнің эмпирикалық, эксперименттік және логикалық бейнесімен қанағаттану керек деген қасаң қорытындыдан арылуға тиіспіз.

Қазіргі әлемдік ғылым алдындағы ең басты мәселе - эмпирикаға, экспериментке және логикаға негізделген білімдер жүйесін ғана білім деп танып, ал осы білімдер жүйесіне «сыймайтын», одан артық ой айтатын, оны «кеңейтетін», құрамына кірмейтін барлық қалған білімдерді ғылыми білім емес деп тану тәжрибесінде және үрдісінде. Мұндай тәжрибе ғылымның эмпирикалық, эксперименттік және логикалық қабаттарының танымдық мүмкіндіктерін асыра сілтеуге, сөйтіп, жалпы ғылымды оның осы  үш танымдық арналарына ғана саюға және солармен  ғана шектеуге алып келді. Сөйтіп, шексіз әлемді соған сай шексіз жолдармен және  мүмкіндіктермен тануға арналған ғылым атты танымдық универсумды (шексіздікті) шектеуге алып келді.

Мұндай ойлау мәнерінен шығатын қорытынды - бүгінгі таңдағы ғылым туралы қалыптасқан тар және қасаң ұғым-түсініктерді қайта қарау, оны жаңғырту керектігі. Ақиқатқа жетелер, шындыққа бастар, хақты тануға жол ашар кез-келген білім - ғылыми білім деп танылуы тиіс. Ал, ғылыми білімді алу жолдарының да біз әлі танып білмеген нысандарының мол әрі шексіз екендігін мойындаған абзал, соған сай ғылыми білімнің де критерийлерінің сан алуандығын, мұндай білімнің формаларының, деңгейлерінің, мазмұндарының әмбебап өлшеусіз екендігін естен шығармаған дұрыс болар.

Егер біз ғылым деп тек эмпирикаға, экспериментке және логикаға негізделген білімдер жүйесін ғана танысақ, онда эмпирика мен эксперимент және логиканың ғана көргенін көріп, естігенін естіп, сезгенін сезіп, болжағанын болжап - жалпы солардың ғана танығанын танып, солардың ғана ақиқат дегенін ақиқат білім деуге мәжбүрміз. Ең өкініштісі әрі қауіптісі - олар әлі танып білмеген, яғни әлі эмпирика мен логика және эксперимент жүзінде экперитизадан өтпей «кезекте» тұрған және танып-білуі әзір мүмкін емес әлемді (ал мұндай әлемнің бар екендігін қазіргі ғылым жоққа шығармайды) «мұндай әлем жоқ», немесе «ондай әлемнің не оның нысанының болуы ғылымға қарсы, ақиқатқа қарсы» деген қорытындылар жасауға жол береміз және  берудеміз. Сөйтіп, эксперимент пен эмпирикаға және логикаға негізделген білімдер жүйесінің шексіз де шексіз әлемді өздері ғана көрген және танып-білген әлем «суретімен» шектеуіне, ал, ғылым атты ақиқатты танып білудің және сонымен қауышудың, үндесудің әмбебап мүмкіндігін (универумды) солардың «шектеулі» танымдық потенциалдарымен тежеуіне жол береміз.  Дау тудырмас уәж мынада болса керек - бүгінгі күнгі эмпирикалық, эксперименттік және логикалық ғылым нысандары таныған әлем - толық ақиқат емес, ол әмбебап ақиқаттың бір пұшпағы, бір деңгейі және қабаты ғана. Егер ақиқатқа жету, оны тану үздіксіз, шеті - шегі жоқ мәңгі процесс десек, онда оған жетелер жолдар да сансыз әрі шексіз, әрі үздіксіз, толассыз (мәңгі) екендігі шүбәсіз. Олай болатын болса Ақиқат (Хақ) дегеніміздің өзі де - мәңгі тірі құпия емес пе?

Құрметті Сұлтеке!

Кеңес өкіметі билік құрған дәуірде өзге ғалымдар секілді Сіз де дін туралы, діни сенім және діни білім туралы тікелей қалам тартуға бара алмадыңыз. Бірақ Кеңес өкіметі құлап, егемендік пен  тәуелсіздік туы желбіреген жылдары Сіз өз халқыңыздың бұл тарихи жетістіктерінің куәгері ғана емес, олардың іске асуы жолында аянбай еңбек еткен басты тарихи кейіпкерлердің бірі ретінде ел құрметіне бөлендіңіз. Мінеки, сол тұста Сіз өзіңіздің пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінен, сахабалар әулетінен бастау алар және атақты бабаларыңыз, әлемге әйгілі Сонақ-ата мен софы Аллаярмен жалғасар түп-тұқияныңыз бен тегіңізге тірелер имандылық келбетіңізді де ашып көрсете білдіңіз. Қазақ зиялыларының ішінен ең біріншілердің бірі болып өз қаражатына мешіт салған ( Жаңақорған қаласында), Республикада ислам дінін қалпына келтіруге ат салысқан, Діни басқармамен тығыз ғылыми-консультативті қарым-қатынас жасаған тұңғыш қазақ заңгерлерінің бірі емес бірегейі -  әрине Сіз  - Сұлтан  Сартайұлы  болдыңыз.

Өзіңіздің имандылық нұры шалқыған осы іс-әрекетеріңізге тәнті бола отырып, сенім мен ғылым, діни білім мен ғылыми білім жәйлі ойларымызды да ортаға салуды жөн көрдім.

Қоғамдық санада, соның ішінде қоғамдық ғылымдар жүйесінде де әлі күнге дейін ғылым мен сенім өзара байланысқа түсе бермейтін, бір-бірін жоққа шығаратын  қарама-қайшы құбылыстар деген пікір берік орын алуда. Бұл пікірдің қаншалықты шындыққа  сай келетіндігін және қаншалықты  ақиқаттан алшақ екендігін арнайы қарап, түбегейлі де кешенді зерттейтін уақыт жеткен сияқты.

Біздің зерттеулеріміз сенім мен ғылымды  бірінен-бірін бөлуге болмайтындығын  дәлелдеуде. Сенімсіз ғылымның, ал ғылымсыз сенімнің  болуы мүмкін емес.

Таратып айтар болсақ, ғылыми зерттеу осы ғылыми зерттеуге  деген сенімсіз, ғылыми зерттеу нәтижесінде алынған  білім осы білімге  деген сенімсіз, ал осы ғылыми білімді практикаға ендіру оның нәтижесіне  деген сенімсіз өмірде орын алмас еді, іске аспас еді. Ал, мұнан да ауқымдырақ қарастырсақ,  адамның ғылыми өмірі -ғылыми қызметі, ғылыми білімі, ғылымға негізделген өндіріс (экономика) -қоғамның басқа да өмір салалары сияқты адамның өз-өзіне деген сенімінсіз мүмкін емес.

Ал адамның өз-өзіне деген сенімі оның естілігінің (вменяемость) көрінісі. Демек, сенім, оның ішінде ғылымға деген де сенім, есті адамның айнымас қасиеті, ажырамас белгісі. Сондықтан есті адам  ғана (вменяемый)  құқық  субьектісі бола алатындығы, ал ессіз (невменяемый)  бұл дәрежеге  өзі көтеріле алмайтындығы ,  заң ғылымының дау тудырмас қорытындылары ретінде  бүкіл адамзат басшылыққа алады.

Сенім (сене білуге деген қабілеттілік) кез келген есті адамның оның естілігін дәлелдейтін басты белгісі. Сенім қабілеті жоқ адам  іс-әрекеттік қабілеті жоқ  (недееспособность)  ессіз адам (невменяемый) ретінде ешбір қызметке, оның ішінде ғылыми қызметке  де араластырылмайды.

Кез -келген өзге қоғамдық мәні бар қызмет секілді  ғылыми қызмет де есті адамның, яғни сенім қабілеті бар адамның іс-әрекеті. Демек, ғылыми қызметті, оның нәтижесінде пайда болатын ғылыми білімді, және ғылыми білімді  өмірге енгізіп пайдалану процесін есті адамның естілігінен , яғни сенім қабілетінен ажыратып қарастыруға бола ма, ал егер болса ол барып тұрған ақиқатқа қиянат емес пе?

Жүргізілген зерттеу нәтижесі адамның ақиқатқа,  ақиқат білімге және ғылымға құштарлығы оның сенім қабілеттілігінен бастау алатынын және соған негізделетінін  және онсыз іске аспайтындығын көрсетеді. Сондықтан осы тұрғыдан келгенде ғылым мен сенімді ешқашан бөліп қарауға болмайтындығын әшкерелейді.

Ғылым мен сенімді бір-бірінен ажыратуға болмайтындығы қоғамдық түсініктерде де көрініс тапқан. Айталық, ғылыми білім деген сөз әдетте халық түсінігінде сенімді білім деген мағына береді. Осы түсініктің өзінде-ақ ғылым дегеніміз шын сенімге негізделген және соған лайық ақиқат білім, ал сенім дегеніміз  ақиқат білімнен ажырамас оның ішкі қуаты, ақиқат білімнің күш-қуатқа  ие болу қабілеті екендігі көрініп тұрған жоқ па?!

Сенім сонымен бірге кез-келген білімнің жеке адам үшін  ақиқатқа сай немесе сай еместігін білдірер жеке критерииі   рөлін де ойнайды.  Егер адам қандай да білімге сенсе, онда оның осы сенімі ол адам үшін осы білімнің  ақиқаттығының бұлтартпас дәлелі (критерииі) болып табылады. Білімнің ақиқаттығының критерииі практика десек, онда жеке адам үшін оның білімге деген сенімі ол үшін осы білімнің ақиқаттығын дәлелдейтін ең басты практикасы  қызметін атқарады.

Әдетте ғылым мен сенім дегенде де біз ғылыми түрде дәлелденген білмідерді ғылым не ғылыми білімдер деп, ал діни бастаулардан негіз алатын білімдерді сенім, сенімдерге негізделген білімдер деп шатасып жататынымыз да осы жерде көрініс табады.

Ал, шын мәнінде, тек діни білімдерді ғана сенімге негізделген  сенімдік білімдер деп ғылыми білімдерге қарсы қоюға болмайды. Жоғарыда көрсеткеніміздей ғылыми білімдер де сенімге негізделген білімдер. Яғни, ғылыми білімдердің де, ақиқат дін мен олардың білімдерінің де негізі бір -ол оларға деген сенім. Демек, ғылыми түрде дәлелденген білімдерге деген сенім бар да, діни білімдерге деген сенім бар. Сондықтан, алғашқы білімдер жүйесін ғылыми білімдер, ал екіншісін сенімдік білімдер деу шындыққа сай емес, мұндай атаулар бұл білімдер жүйесінің ішкі мән-мазмұндарын және екеуінің де сенімге негізделгенін бұрмалайды. Дұрысы ғылыми түрде дәлелденген білімдерді сенімге ие болған ғылыми білімдер, ал қоғам тарапынан басшылыққа алынатын діни білімдерді -сенімге ие болған діни білімдер деп атаған дұрыс. Себебі, түптеп келгенде, ғылыми білімдер де, ақиқат дін мен оның  діни білімдері де олардың ақиқаттығына деген сенімге негізделген және сенімге лайықты сенімдік білімдер, сенімдер, ақиқаттар.

Шынайы діннің және оның білімдерінің ақиқаттығының ең басты және бұлтартпас критерииі әрі дәлелі -адамның, қоғамның не мемлекеттің осы дінге, және діни білімдерге деген сенімі. Өзіне деген берік сенімді иеленген ақиқат діни білім және ақиқат дін қоғамдық өмір шындығы екендігі жасырын емес.

Әрине,мұнан келіп, шынайы дінді және оның білімдерінің ақиқаттығын дәлелдейтін обьективті фактілер, оқиғалар, ғылыми эксперименттер не логикалық пайымдаулар болмайды деген сөз емес. Болады. Бірақ шынайы дін және діни білім бұл дәлелдемелердің болуы оның ақиқаттығының қосымша ғана дәлелдері екендігін ашып айтады.

Бұл жерде діннің және оның тұжырымдарының ақиқаттығына қойылар басты талап -олардың адам, қоғам, мемлекет тарапынан берік сенімге ие болуы -эмпирикалық, эксперименттік не логикалық ғылым салаларына және олардың білімдеріне қойылатын осындай талаппен сай келетіндігі, және осы талаптың үдесінен шығатындығы бірден байқалады.

Сенімге ие шынайы дін мен діни білімдердің және сенімге ие ғылыми білімдердің  қатар жүру керек екендігін, олардың бір-біріне қарсы келмейтінін және қарама-қайшы емес екендігін, олардың екеуі де ақиқатқа бастар бірақ екі түрлі деңгейдегі шынайы білімдер - ақиқаттар екендігін біздің қоғамның да мойындар уақыты жеткен  сияқты.

Ардақты Сұлтеке!

Сіз соңғы жылдары ғылым мен білімнің, әдебиет пен өнердің, тарих пен публицистиканың небір өзекті мәселелеріне арналған сүбелі еңбектер жазып, өзіңіздің кемеліне енді келе бастаған энциклопедист творчестволық тұлға екендігіңізді паш етудесіз. Жылына бірнеше кітаптар жазып, өндіре еңбек етудің нәтижесінде пайда болған бұл еңбектеріңіз жеке-жеке талдауды, әдейі зерттеуді талап етеді. Бұл еңбектердің ішінде мына монографиялар - Жизнь(2002), Юристы  Казахстана (2002), Сафари по континентам мира (2003),  Смысл жизни (2007), Пятьдесать лет: одно мгновение совместной жизни (2005), Назидание (2007), Становление Конституции Республики Казахстан (2002),Қазақстан Республикасы  Конституциясының қалыптасуы (2005),Тәуелсіз Қазақстан - егеменді мемлекет (2004), Процесс подготовки проекта нового союзного договора и развала СССР (2009), Слово перед совестью и эшафотом (2011) - арнайы атауды талап ететін, әрқайсысының көлемі  20  баспа табақтан кем түспейтін кесек-кесек  еңбектер.

Біз заңгерлер үшін, әрине, Сіздің мемлекет және құқық мәселелеріне арналған еңбектеріңіз аса құнды. Оларда көтерілген  мәселелелерді және олардың зерделену тереңдігін әрі нәтижелігін ескере отырып, заң тану мәселелерінің кейбір мәселелері төңірегінде бұған дейін өрбіткен ойларды жалғастыра отырып сөз сабақтасам деймін.

Ақиқатты (хақ) тануға және соған сай хұқты тануға өзін-өзі әуел бастан сайлап бағыттаған арнайы ғылым саласы, әрине, хұқықтану ғылымы екендігі баршаға мәлім. Сондықтан жоғарыда  айтылған ақиқаттану биігі мен талаптары тұрғысынан құқықтану ғылымының бүгінгі жағдайы мен болашақ даму бағыттары жәйлі түбегейлі ой толғау -сұранып тұрған қажеттілік.  Әлемдік деңгейде көтеріліп, дүниежүзінің белді  хұқықтанушы ғалымдары талдап - зерттеуге ат салысып жатқан бұл мәселенің кейбір аса өткір әрі ерекше өзекті кейбір тұстарына біз де тоқталып өтсек дейміз.

Әрине, бұл реттегі ең басты мәселелердің бір парасы - құқықтану ғылымының танымдық табиғаты дегеніміз не, оның танымдық пәні неде және осы пәнді зерттеудегі танымдық мүмкіндігі (потенциалы) қандай әрі танымдық мүмкіндігінің шегі неде, бұл ғылымның танымдық көкжиектерін кеңейтіп ғылыми потенциалын арттыру жолдары қандай - деген сұрақтар болса керек.

Адам құқықтары мен бостандықтарын ең басты құндылық деп есептейтін, және оларды өзінің ең басты зерттеу пәні деп қарастыратын, соған сай оларды жеке-жеке тіркеуге алып, атын атап, түсін түстеп, көлемі мен мөлшерін анықтап жүйелейтін, оларды бүкіл қоғамның және оның ресми өкілі -мемлекеттің әрі мемлекеттік билік жүйесінің және ол қабылдайтын  құқықтық-нормативтік актілердің қорғауы  мен қамқорында болуы керек деп есептейтін бүгінгі таңдағы құқықтану ғылымы -әрине, ең алдымен адам тану ғылымы.

Өз қағидалары мен категорияларының, ұғымдары мен түсініктерінің ақиқаттығын эмпирикалық өмір фактіліері мен оқиғаларына, қоғамдық тәжірибие мен әлеуметтік және адами сынақ -эксперименттерге негіздейтін және логикалық талдауларға жүгінетін заң ғылымы, екіншіден  әрине, эмпирикалық және эксперименттік ғылымдардың бір саласы ғана. Бұл айтылған пікірден құқықтану ғылыми фундаментальді ғылым саласы емес, ол ғылыми фундаментальді зерттеулер жүргізе алмайды немесе оның ғылыми нәтижелері фундаментальді ғылыми нәтижеге жатпайды деген ой тумауы керек.

Құқықтану ғылыми фундаментальді мәні және маңызы бар ғылыми жетістіктерге өз тұжырымдарының эмпирикалық және эксперименттік деңгейдегі ақтқаттығы арқылы да жете алады. Демек, заң ғылымын эмпирикалық және эксперименттік деңгейде ақиқаттығы бар фундаментальді ғылым саласы деп айтсақ болады.

Ендігі мәселе заң ғылымының танымдық деңгейін оның эмпирикалық және эксперименттік сипатымен шектеп тастамауда, керісінше, оның танымдық қабілетін ақиқатты іздеудің және онымен үндесудің өзге де жолдарын және мұмкіндіктерін пайдалану арқылы аша түсуде болып тұр. Сонда біз заң ғылымын өзге де адам тану, қоғам тану және жаратылыстану  ғылымдарының мүшкіл халінен -материалдық  игіліктерді өндіру және еселеп көбейту мүддесіне ғана қызмет ету тағдырынан -құтқарып, ғылымның шын мақсаты -адам танымы көкжиегін кеңейту бағытында қызмет істеуге жағдай жасай аламыз.

Құқықтанудың адам тану ғылымының бір саласы ретіндегі танымдық көкжиегін кеңейтіп, қуатын арттарудың басты жолдарының бірі -оны  оған таңылған атеистік сенімнің тар танымдық құрсауларынан азат ету. Атеистік сенім жаратылыста, жалпы ғарышта адамнан басқа саналы тірі жан жоқ, адам әлемнің жалғыз саналы әміршісі деген қағиданы басшылыққа алады. Әрине, атеизм өкілдері жаратылыс ғылымына  жат бұл қағиданы ғылыми қағида деп өздерінің адасып жүргендерін сезе бермеуі мүмкін. Дегенмен, басы ашық бір нәрсе бар, ол- эмпирикалық дерекке, экспериментке және логика сүйенген ғылыми ізденістер адамның сезім мүшелері арқылы тіркелген және тіркелетін «бар» құбылыстарды ғана зерттейді. Ал, адамның сезім мүшелері арқылы  тіркелмеген және тіркелуі,байқалуы, қабылдануы мүмкін емес құбылыстарды зерттемейді, оларды зерттеуге мүмкіндігі жоқ екендігін хабарлайды, және оларды жоқ құбылыстар,жоқ әлем демейді, мұндай тұжырым жасамайды. Оларды ғылыми түрде тіркелмеген «байқалмаған» (көзге көрінбеген, қолмен ұсталмаған) құбылыстар деп атайды.

Сондықтан ғылым адам табиғатын асыра сілтеуге, оның ғырыштағы орнын абсолюттендіруге жол беретін ақиқат ойға жат «адам әлемнің әміршісі», «адамнан басқа әлемде саналы жан жоқ» деген тұжырымдар жасамайды. Бұл тұжырымдар адамды «құдайландыруға» бағытталған діни-сенімдердің ұстанымы екендігі өзінен-өзі түсінікті. Оның үстіне ғылым әлі «сана» деген не, «сана иесі болу деген не» деген сұрақтарға да жауап тапқан жоқ.

Құқықтану ғылымы өзінің әлем, табиғат, адам туралы түсініктерін жаратылыстану ғылымдарынан алады. Ал, жаратылыстану ғылымдарының көптеген ұғым-түсініктері, ғылыми тұжырымдары атеистік діни-сенім және соған негізделген дүниетанымдық ілімдер тұрғысынан (оның ішінде марксизм-ленинизм де бар) аса терең әрі астарлы бұрмалауларға ұшыраған. Мінеки, осы бұрмалауларды тауып, әшкерелеп, сол арқылы құқықтану ғылымының әлем, табиғат, адам туралы түсініктерін оларға енгізілген атеистік бұрмалаулардан тазарту -заң ғылымдарының танымдық көкжиегін кеңейтер келелі істердің бірі.

Атеистік сенімдегі адамға, оның қоғамына және мемлекетіне, адам құқықтары мен бостандықтарына деген танымдық қағидалардан, көзқарастардан, ұғым-түсініктерден және оларға енген бұрмалаулардан тазарту кеңестік дәуірде қалыптасқан құқықтану ғылымына, соның ішінде қазақстандық заң ғылымына аса қажет-ақ.

Адамың әлемдегі орнынан асыра сілтеу оның құқықтары мен бостандықтарын да асыра сілтеуге, оларды пайдаланудағы адам рөлін асыра сілтеуге, сөйтіп оның жауапкершілігін (құқықтар мен бостандықтарды пайдаланудағы) шектеуге жол ашатындығы байқалуда.

Адам құқықтары мен бостандықтарын тек жағымды құбылыс, тек құндылық, тек оң құбылыс деп бағалау -олардың табиғатын бір жақты бағалаудың, ғылыми обьективтіліктен алшақ кетудің көрінісі екендігі жасырын емес. Адам құқықтары мен бостандықтары -әмбебап құбылыстар, барлық адамзатқа ортақ қасиеттер және құндылықтар. Бірақ олардың құндылық ретіндегі табиғаты оларды қолданғанға және іске асқанға дейін айнымас және өзгермес болып көрінгенмен, іске асыру кезінде құбылып кететіндігі, өңін өзгертіп жіберетіндігі байқалады.  Қолданысқа түскен, пайдалану процесіне түскен адам құқықтары мен бостандықтары оларды оң не теріс,  пайдалы не зиянды, қауіпті және қауіпсіз бағытта не мақсатта іске асыруларына байланысты жағымды не жағымсыз құбылыстарға айналып кетеді. Енді олар тек жағымды, тек оң, тек пайдалы, тек құндылық болудан қалады. Тек құндылық болу табиғатын және мақсатын өзгертіп құнсыздануы, тіптен зиянды әрі қауіпті құбылысқа -ойға, сөзге, іс-әрекетке -айналуы  мүмкін.

Біз бұл жерде адам құқықтары мен бостандықтарын жоққа шығарайын деп, не олардың әмбебеаптық, барлық адамзатқа ортақ универсалдық қасиеттерін мойындамайын деп отырған жоқпыз. Адам құқықтыры мен бостандықтары обьективті -«бар»  құбылыстар, олар барлық адамзатқа және әрбір адамзатқа тиесілі тең әрі ортақ әмбебап қасиеттер. Сондықтан олардың  обьективтілігін, «барлығын» мойындау, қажетті деңгейде қанағаттардыру және іске асыру, асыра сілтеуден не жете бағаламаудан қорғау, бұзылмауын қамтамасыз ету әрбір жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттің басты міндеті.

Біздің бұл жерде айтпағымыз, адам құқықтары мен бостандықтарын мойындамау, оларға немқұрайлы не салғырт қарау, көне-көрнеу жоққа шығару және әдейі нұқсан келтіруге шақыру және келтіру қандай қауіпті болса, оларды асыра сілтеу де, тек оң құбылыс, тек жағымды құбылыс, ішкі мәнін мәңгі өзгертпес  мәңгі құндылық деп бағалау да сондай қауіпті.

Адам құқықтары мен бостандықтары тек оң құбылыс, тек жағымды құбылыс, тек құндылық күйінде қалу үшін олардың осындай  күйін және келбетін сақтайтын әрі осы қалыптан шықпайтын, осы қасиетінен айырылмайтын деңгейде және көлемде пайдалану керек.

Мінеки, барлық мәселе осында.

Адам құндылықтары мен бостандықтарының тек оң құбылыс, тек жағымды құбылыс, тек құндылық табиғатын сақтап, және осы қалыптан әрі деңгейден аспайтын дәрежеде ұстап іске асыру үшін не істеу керек, қандай шаралар қолдану керек? Жалғыз заң ғылымының ғана емес, бүкіл адам тану және әлем тану, оның ішінде тіптен, дін тану ғылымдарының алдында тұрған, керек десеңіз бүкіл адамзат алдында тұрған мәселе осы және осында.

Адам құқықтары мен бостандықтарын бірыңғай оң құбылыс және құндылық есебінде пайдалану немесе (яғни) оларды жеке адамға да, қоғамға да мемлекетке де бірде-бір зиян тигізбей тек пайда әкелетін деңгейде және көлемде іске асыру -заң  тілінде құқықтар мен бостандықтарды «құқықтық аумақта» (прававое поле) іске асыру не «құқықтық жауапкершілік аумағында, негізінде» іске асыру деп аталады.

Түптеп келгенде, мемлекет құру, мемлекеттік билік құру дегеніміздің өзі де адам құқықтары мен бостандықтарын тек оң құбылыс ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін «құқықтық аумақ» құру, «құқықтық жауапкершілік аумағын» түзу деген сөз. Ал, егемен мемлекет құру дегеніміз белгілі бір ұлттың не халықтың әлем алдындағы өз жауапкершілігін сезініп, өзі мекен ететін территорияда өз ұлтын не халқын құрайтын тұлғаларды адам әрі адамзат ретінде тани отырып, әлемдік талаптарға сай дербес ұлттық -территориялық не халықтық территориялық құқықтық жауапкершілік кеңістігін ұйымдастыру болып табылады.

Байқап отырғанымыздай, жеке адам үшін де, қоғам мен мемлекет үшін де, тіптен бүкіл адамзат үшін пайдалы әрі қауіпсіз бағыт, оң ниет, дұрыс жол болып табылатын «құқықтық жауапкершілік кеңістігі» ғана адам құқықтары мен бостандығының құндылық табиғатын айнытпай да өзгертпей пайдалануға белгілі бір мүмкіндіктер жасай алады. Демек, адам құқықтары мен бостандықтарын құндылыққа айналдыратын басты құрал -оң ниет, оң бағыт, дұрыс мақсат, жақсылыққа бастар жол. Сол сияқты, адам құқықтары мен бостандықтарын құнсыздандыратын да, оларға «теріс заряд» беріп, жағымды құбылыстан жағымсыз, оң құбылыстан теріс, қауіпсізден қауіпті, пайдалыдан зияндыға айналдыратын да осы ниет, тілек, мақсат, бағыт -бірақ енді теріс ниет, арам тілек, жалған бағыт, зиянды мақсат, жамандыққа бастар жол. Осындай «құқықтық жауапкершіліктен ада кеңістікте», «құқықтық жауапкершілігі жоқ аумақта» іске асқан адам құқықтары мен бостандықтары пайдалыдан зиянды, құндыдан құнсыз әрі қауіпті, оңнан теріс құбылысқа айналып шыға келеді.

Әрине, мұндай «құқықтық жауапкершіліктен толық ада кеңістік», «түгелдей және біржақты құқықсыз аумақ» болмайды. Біз бұл жерде өз ойымызды толық жеткізу үшін әсіреулеуге барып, осындай «құқықсыз кеңістіктің» ойдағы моделін ғана суреттеп отырмыз. Бірақ құқықтық жауапкершілігі толығымен жоқ адам болуы мүмкін. Бұл ессіз адам (невменяемый).  Ал, «толық құқықтық жауапсыз» қоғам болу үшін ондағы тұрғындардың бәрі ессіз болуы керек. Адамзат тарихындағы мұндай қоғамдар туралы дерек әзір табылған емес.

Құқықтық жауапкершілік аумағы құқықтық жауапсыздық кеңістігіне айналған кезде адам құқықтары мен бостандықтары да енді, сәйкесінше, адам бұзықтығы мен басбұзарлығына айналып шыға келеді.

Адам құқықтарының адам бұзақылығына, ал адам бостандықтарының адам басбұзарлығына айналуын да, және мұндай бұзақылықтар мен басбұзарлықтардың түрлерін, сипаттарын және оларға қолданылар жауапкершілік (жаза) түрлерін де заң ғылымы зерттейді. Бірақ, енді мұндай адам бұзақылықтары мен басбұзарлықтары заң тілінде құқық бұзушылық (право-нарушение) деп аталады да «құқық бұзушылықтың түрлері», «құқықтық жауапкершілік», олардың нысандары жайлы ұғымдар аясында бұл құбылыстар да жан-жақты зерттеледі.

Ал, адам құқықтары мен бостандықтарын оларды іске асырудың жауапкершілік шегінен шықпай және соларға әрі лайықты іске асыру -құқықтық  тәртіптілік, құқықтық белсенділік, құқықтық білімділік, құқықтық мәдениет ұғымдары аясында қарастырылады. Және мұндай ой, сөз, іс-әрекеттер жүйесі адам, қоғам, мемлекет тарапынан қолдау тауып, қорғалып, моральдік және материалдық тұрғыдан ынталандырылады. Жауапты тұлға, жауапкершілігі мол құқық субьектісі ретінде оң құқықтық бағаға, «жағымды құқықтық жауапкершілікке» -құқықтық құрметке тартылады, сый-сияпатқа, мақтау-мадаққа бөленеді.

Жүргізілген аналитикалық шолу адам құндылықтары мен бостандықтарын олардың құндылық табиғатын бұзбай пайдаланудың басты бағыты және құралы -олар іске асатын құқықтық жауапкершілік аумағын кеңейту және күшейту екендігін көрсетеді. Соған сай құқықтық жауапсыздық аумақтарын, «аралдарын» қысқартып, әлсіретіп, оларды өмірден толық аластау мүмкін болмаса да, барынша шеттетіп ұстайтын шараларды қарастыру керек. Сөйтіп, адам құқықтары мен бостандықтарын осындай құқықтық жауапсыздық аумақтарына өтіп кетпеуін, сондықтан, олардың осындай «транзиттік» өткелдеріне берік тосқауылдар қойылуын қамтамасыз ету керек. Тіптен, құқықтық жауапсыздық аумағына өтіп кеткендерінің өздеріне де бұзақылық пен бассыздықтың аса ауыр және өте зиян нысандарын иемденбей тұрған кездерінде тез залалсыздандыру шараларын қолданып, оларды «реабилитациядан» өткізіп, қайтадан құқықтық жауаптылық аумағына өтуін, және осы аумақта тұрақтанып, іске асуына бар жағдайды жасау керек.

Мінеки, құқықтық жауаптылық немесе құқықтық жауапкершілік дегеніміз не, оны күшейтудің жолдары қандай деген сұраққа жаңа деңгейде қайта айналып келдік.

Құқықтық жауапкерішілік иесі болып тек құқық субьектісі ғана табыла алады. Ал, құқық субьектісі болып тек есті адам (вменяемый) ғана саналатыны -әлем мойындаған ақиқат. Олай болса адам естілігін арттыру - адами құқықтық жауапкершілікті арттыратын және құқықтық жауапкршілік кеңістігін кеңейтетін әрі күшейтетін басты бағыт екендігі өзінен-өзі көрініп тұр. Әрине, өмірге есті адам не ессіз адам әкелу -ол Жаратушының ісі, адамның, адам ғылымының бұл процеске араласуы неғайбіл, тіптен, мүмкін емес шара. Ал, бірақ, есті туған адамның естілік қабілетінің барынша ашылуына жағдай жасау -әрине бұл,тек жеке адамның ғана ісі болып қалмауы керек, бүкіл қоғамның мемлекеттің ісіне айналуы керек.

Мінеки, осы жерде заң ғылымының да бұл іске атсалысар мүмкіндігі бар. Есті адамның естілігін айқындай түсудің және осы мағынада адам естілігін арттыра түсудің бір жолы - оның құқық  субьектісі ретіндегі және соған сай құқықтық жауапкершілік иесі ретіндегі қабілетін, мүмкіндіктерін молайта түсу және соған жағдай жасау.

Құқық субьектісі кімнің алдында жауапты? Әрине, ең алдымен өзінің, сосын өзге құқық субьектілерінің -өзге адамдардың, қоғамның, мемлекеттің -алдында жауапты.

Атеистік діни сенім жетегіндегі құқықтық сана адам жауапкершілігін осы жоғарыда келтірілген тізбекпен шектейді және осылардан басқа (адам, қоғам, мемлекет) ешкімге адам жауап бермейді деп үзілді-кесілді ғылыми ойға жат қорытынды жасайды.

Діни сенім ықпалынан таза ғылыми ой, оның ішінде құқықтық ғылыми ой да адамның өзге адам, қоғам, мемлекет және өз ары алдындағы жауапкершілікке қоса, Алла  алдындағы жауапкершілігін жоққа шығармайды. Мұндай жауапкершілік оны мойындаған адам, қоғам, мемлекет үшін бар жауапкершілік те, ал оны мойындамаған құқық субьектілері үшін мойындамаған, яғни олар үшін ғана жоқ, олардың тарапынан мойындалмаған жауапкершілік болып қана есептеледі.

Ғылыми құқық таным Алла алдындағы жауапкершілікті мойындау «Алла бар» деген діни сенімге негізделгенін тіркей отырып, Алла алдындағы жауапкершілікті мойындамау да «Алла жоқ» деген діни сенімге негізделгенін ашық айтады. Алла бар деген тұжырым қандай діни сенім болса, «Алла жоқ» деген тұжырым да ғылыми эксперимент арқылы дәледенбеген және дәлелденуі мүмкін емес, сондай діни сенім. Атеистік діни сенім жетегіндегілер бұл тұжырымды ғылыми ой жемісі деп адасып жүргендерін білулері керек.

Әлемдік құқық танымдық ой адамның өзге адам алдындағы, қоғам және мемлекет алдындағы, өз ары алдындағы жауапкершілігі Алла алдындағы жауапкершілікті мойындаумен толықтыруы -адам естілігін арттыра түсудің бір жолы ретінде қарастыруда. Қазақстандық құқық таным және осы ғылым өкілдері де әлемдік заң ғылымының осы ойлау үрдісіне жете назар аударғаны, жете зерделегені және басшылыққа алу мүмкініктерін қарастырғаны абзал.

Адам құқықтары мен бостандықтарының құқықтық жауапкершілігі кеңістігін кеңейтудің және оны қуаттандыра түсудің тағы бір жолы -жалпы қоғамның және мемлекеттің естілігін -толеранттылығын, бейбітшілдігін, сабырлылығын, келісімшілдігін -заң тілімен айтқанда зайырлылығын (светскость) арттыра түсу.

Бүгінгі таңда дінді, діни сенімді, адамның ар бостандығын және дінді таңдау бостандығын мойындамаған және осы мойыдауларын ресми түрде -заң жүзінде бекітпеген мемлекет -зайырлы емес мемлекет жоқ. Бүкіл әлем мемлекеттері -зайырлы мемлекеттер. Зайырлылық -демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекеттің ажырамас қасиеті, оның құрамдас бір белгісінің сипаты ғана.

Әлем мемлекеттерін олардың қай дінге басымдық беріп, қай дінді қолдайтындарына байланысты монотеистік, политеистік не атеистік сипаттағы зайырлы мемлекеттер деп бөлуге  болады. Монотеистік сипаттағы зайырлы мемлекеттер құқықтық жауапкершілік тізбегіне адамың өзге адамдар, қоғам, мемлекет және өз ары алдындағы жауапкершілігіне қоса бір Алла алдындағы жауапкершілікті де жатқызса, атеистік сипаттағы зайырлы мемлекеттер Алла алдындағы жауапкершілікті бұл тізбекке кіргізбейді. Ал, политеистік сипаттағы зайырлы мемлекеттер көп құдайлылық сенімдеріне байланысты бір Аллаға емес, көптеген құдайлар алдындағы жауапкершілікті құқықтық жауапкершіліктің ажырамас бөлігіне айналдырады.

Қазақстан мемлекеті моноатеистік сенімді қолдайтын зайырлы мемлекет. Әр адамың ар-ождан бостандығына құқығы Конституциямыздың 22 бабында бекітілген. Республиканың  «Діни  қызмет және  діни бірлестіктер туралы» 2011 жылы 11 қазанда қабылданған заңына сәйкес, ханафиттік бағыттағы исламның және христиандық православиенің халықтың мәдени және рухани өміріндегі тарихи орыны мойындалады. Бірақ біздің мемлекет және оның заңдары Алла алдындағы жауапкершілік жайлы мәселе көтермейді және қозғамайды. Бұл -бүгінгі күні қалыптасқан тарихи құқықтық шындық.

Ескертетін бір жәйт, әлемнің монотеистік сенімдегі ең озық демократиялық, құқықтық және зайырлы деген барлық мемлекеттері оның ішінде АҚШ, Батыс Европа мемлекеттері (Англия,Испания, Германия, т.б.) де бар, өз азаматтарының Алла алдындағы жауапкершілігін олардың құқықтық жауапкершіліктерінің құрамдас бөліге деп есептейді, және мұндай жауапкершілікті заң жүзінде мойындау өз мемлекеттерінің пайда болып, өмір сүрулерінің және нығайып -көркеюлерінің басты конституциялық -құқықтық принциптерінің  бірі есебінде бағалайды.

Қазақстанның заңгер ғалымдары әлемдік мемлекеттердің зайырлылық тәжірибиелерін зерттей отырып, егемен мемлекетіміздің зайырлылық ұстанымдарын және негіздерін одан әрі бекіте түсу жәйлі тұшымды ойларын ортаға салары сөзсіз.

Адамды, оның естілік қабілеті мен жауапкершілік кеңістігін, құқықтары мен бостандықтарын кемсітпей де асыра сілтемей, олардың ақиқатқа сай әлі беймәлім обьективті табиғаттарын айқара ашу -заң ғылымы саласындағы  болашақ зерттеулердің  басты бағыты болып қала бермек.

 

Құрметті Сұлтан Сартайұлы!

Кез келген ғылым саласындағы ең маңызды және ең өзекті мәселелер осы ғылымның негізін қалаған, оған ораса зор үлес қосқан және оның белді өкілі болып табылатын тұлғалардың еңбектерінде ең алғаш рет қаралады, зерттеледі және өз шешімін табады. Мен жоғарыда көтерген және қазіргі заман талабына сай жауап беруге тырысқан заң ғылымының дүниетанымдық мәндегі сүбелі сұрақтары да Сіздің еңбектеріңізде, сұхбат-сөздеріңізде, лекцияларыңызда талай рет көтеріліп, талқыланған және зерделенген.

Сіздің мерей тойыңыз бүкіл қазақ заңгерлерінің ғана емес, алыс және жақын шет елдердегі барлық заңгерлер қауымдастығының атап өтер үлкен мерекесі. Өзіңіздің құрметіңізге арнап, мемлекет пен қоғамға сіңірген еңбегіңізді, ғылымдағы ерен жетістіктеріңізді мойындап, ақындар-жырдан, сазгерлер -ән мен күйден, ал ғалымдар -өрелі ойдан шашу шашар салтанатты сәт.

Ініңіздің бұл еңбегін өзіңізбен сұхбаттасу, ой бөлісу, күрделі мәселелерді ұстазбен бірігіп талқылау үрдісін жалғастыру талабы деп есептеп, 85 жасқа жеткен торқалы тойыңызға тартылар сансыз сыйлықтар мен толассыз тартулардың бірі ретінде қабылдағайсыз.

Кенжалиев Зайлағи Жантуғанұлы,

заң ғылымдарының докторы, профессор.

«Abai.kz»

0 пікір