Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2778 0 пікір 4 Қазан, 2012 сағат 07:43

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

Күз басынан сұр жамылғы жамылатын Үрімжі, біз таудан қайтып келгенімізде түнде қара жамылып, түксиіп алыпты. Қала шетіне іліне жөтелдіруінен білдік, бұлт емес, тұман емес, сап қана таскөмірдің түтіні. Бұл маусымда түтінсіз, ашық қабақты Үрімжі болмайтындығын бұрыннан білсек те мына тұнжыр түтін ерекше таңдандырды. Өрт кетсе шулар еді, жым-жырт. Үлкен дарбазалардың алдыларынан өте келе түсіндік, пәле әрбір ауланың ортасынан өрбіп жатыпты: әрбір мекеме-қоғам орындары, әрбір әкімшілік район, ахалла көше кеңселері өзді-өз алдарына «металлоргия завотына» айналыпты да бірден-екіден «домна» жасап алып, морлатып жатыр екен.

Мәдениет мекемесінің тар ғана ауласында мойны сорайған қотыр-қотыр қара балшық «домнадан» үшеуінен қап-қара қоқыс болып шығып үйіліпті. Әдейілеп үйілген де емес, қайта бөлінбестей етіп, «домналарының» өзі қосып - үйіп шығарған ғой!...

Мекеменің өзінде «құрыш өндіруге» бөлініп қалған құқықты-құқықсыз «пешкалардың» өздерінен де ешкім көрінбеді. Істерінен шыққан нәтиже осы болғандықтан басқа жерге барып өндіруге айдалыпты.

Осы мекемеден кеткендігіміз үшін осы мекеменің өзіне екі автомобилмен келіп түсіп едік, басқарар ешкім көрінбеді. Абақтыдағыларымыз өзді-өз абақтыларымызға өздігімізден келіп кірдік те абақтысыздар үйлеріне тарап кетті.

VI

Күз басынан сұр жамылғы жамылатын Үрімжі, біз таудан қайтып келгенімізде түнде қара жамылып, түксиіп алыпты. Қала шетіне іліне жөтелдіруінен білдік, бұлт емес, тұман емес, сап қана таскөмірдің түтіні. Бұл маусымда түтінсіз, ашық қабақты Үрімжі болмайтындығын бұрыннан білсек те мына тұнжыр түтін ерекше таңдандырды. Өрт кетсе шулар еді, жым-жырт. Үлкен дарбазалардың алдыларынан өте келе түсіндік, пәле әрбір ауланың ортасынан өрбіп жатыпты: әрбір мекеме-қоғам орындары, әрбір әкімшілік район, ахалла көше кеңселері өзді-өз алдарына «металлоргия завотына» айналыпты да бірден-екіден «домна» жасап алып, морлатып жатыр екен.

Мәдениет мекемесінің тар ғана ауласында мойны сорайған қотыр-қотыр қара балшық «домнадан» үшеуінен қап-қара қоқыс болып шығып үйіліпті. Әдейілеп үйілген де емес, қайта бөлінбестей етіп, «домналарының» өзі қосып - үйіп шығарған ғой!...

Мекеменің өзінде «құрыш өндіруге» бөлініп қалған құқықты-құқықсыз «пешкалардың» өздерінен де ешкім көрінбеді. Істерінен шыққан нәтиже осы болғандықтан басқа жерге барып өндіруге айдалыпты.

Осы мекемеден кеткендігіміз үшін осы мекеменің өзіне екі автомобилмен келіп түсіп едік, басқарар ешкім көрінбеді. Абақтыдағыларымыз өзді-өз абақтыларымызға өздігімізден келіп кірдік те абақтысыздар үйлеріне тарап кетті.

Мені бақылайтын «авчаркалар» түгел жазып жатқан мыжғырт «томымнан» да бір жапырақ қағаз жоқ. Енді не істерімді білмей тұрғанымда Мақпал жүгіріп кіріп, асыла түсті мойныма... Қайтып келетіндігімізді таңертең естіп, үйге қайтуыма өз мекемемнен кепілдікке сұрап алып қойған екен. Күләннің да келіп отырғанын айтып, көз жасын сүрте сала қолымнан тарта жөнелді. Қыз-жігіт шағымыз қалпына келгендей қолдасып алып жүгірдік.

- Мына үш пешті отыз адам батпаққа малшынып жүріп бір айда әрең бітіріп еді. Сол бір айда тасыған көмірін бес тәулікте өртеп бітіріп, мына қара тастарды өндірді!- деп бір күлді Мақпал. -Мұның қайта паршаланбайтындығынан домнаға қайта түсе алмайтындығын білген соң ендігі домналарды Мичуан тауынан құруға кетті. Мекемелерде бір-бір ханзу хатшы мен балалы әйелдер ғана қалды. Осы «құрыштан» басқа қызмет түгел доғарылған!- деп екінші рет күлгенінде үйге жетіп те үлгердік.

Алжапқыш тартып тамақ істеп жатқан Күлән үйде ойнап отырған Асқармен Сайраға мені көрсете салып, алдымен өзі жүгірді. Екі алақанымен желкемнен тартып, маңдайымнан сүйді. Мен де сүйтіп едім. Балпаңдап келіп қарап тұрған Асқар бас киімін алып, маңдайын тосты. Оны көрген Сайра да бас киімін жұлмалап шығара алмай жылап жібергенде ду күлдік. Екеуін қоса құшақтап көтеріп, алдымен кішкентай Сайраның, сонан соң Асқардың маңдайынан сүйдім.

- Жүзің тотығып жүдеп қалыпсың!- деп Күлән күрсінді.

- О дүниенің көріне де барып, он екі сағат жатып шықтық!- деп мен күлдім. Сөзді осылай бастап, көргендерімнің Гүлнисадан басқасын түгел айтып бердім. Ауырып қайтқан біреуден естігені бойынша Ынтықбайлардың ахуалын Күлән баяндады. Бір район халқы бір ғана каммуна болып ұйымдасқаннан бері халықтың тұрмысы күрт ауырлап кеткен көрінеді. Бір тайпа ел бір тайқазаннан қоректенетін болыпты. Коммуна құрылғалы негізгі еңбек күштері құрыш-темір өндіру әуресімен кеткендіктен бағусыз қалған егін өнім бермеген екен. Ашаршылық көріне бастапты. «Мемлекетке биыл пәлен тонна темір өткізбей тоқтамаймыз» деп бастықтары сонда да кеңірдектеп жүр дейді.

Мойнымнан мұзды су құйғандай тітіркендірді мына хабар. Диванға құлай кеттім. 33-34-ші жылдардағы ашаршылық көз алдыма келе қалып еді. Мақпал шай құя отырып, үлкен үйімнен жақында келген хатты көрсетті. Шешем аман екен. «Тұрмысымыз жаман емес, бізден алаң болмаңдар!» деп жазыпты Биғазы.

- Сонда да поштадан екі рет ақша жібердім,- деп Мақпал күбірледі.

- Өз үйіңнен хат келді ме?

- Жоқ, амандықтары осы хатта бар.

- Хат жазып оларға да біраз ақша жіберуің жөн еді ғой!

- Мені сатып тапқан алтын-күмістері бар шығар!-Әлі де кекті Мақпалдың бұл сөзіне Күлән сақылдай күлді.

Менің режимге алынғанымнан бергі өткен достар ара ахуалды екеуі жарыса шерткен аз отырыстан соң Күлән үйіне «асыға» түрегелді. Іңір қараңғы еді. Қақпасына жеткізіп салуыма да көнбей, жол ортадан қайтарды мені. «Биған, Биғаным деп түсінде де шақыратын болған Нұрияшыңның қаншалық сағынғандығын білмейтін сияқтысың!» -деген сөгісін естісіммен өзім де зытып бердім үйге қарай...

Торығып қарайып кеткен жүзімді күндіз Асқар, түнде Мақпал жалағыштап жүріп, қалпына енді келтіріп қалған сияқты еді. Үйіме келгелі үш тәулік өткенін білмей де қалыппын. Бір «авчарка» келіп, тағы да шақыра жөнелді. Тағы да кететініміз айтылса да, қайда баратындығымыз тағы да айтылмай, қара машинаға шығып тағы да зырлата жөнелдік.

Мичун тұсындағы Боғда бөктерінен тағы да «құрыш қорытуға» баратындығымыз жол бұрылысынан ұғылды. Үрімжіде қалған пешкалар түгелімен сонда екендігін естігенбіз. Түтіннің кереметін Шүймогу (дирменді сай) тұсынан өте сала көрдік. Темір тасын ғана емес ұлы Боғданың өзін тұтасымен ерітуге кіріскендей, сай-сайынан түгел от қойып, морлатып жатыпты.

Бір-бір кесек сұр тасты арқалап шұбаған кішкене балалар, сол қалың түтіннен де аштырақ тиді көзіме: кей бірі сүрініп жығылып, одан ересегірек біреуі өз тасын тастай салып, оны көтермелейді. Өзімен бірге домалаған тасын арқасына қайта артып берді де есек қодығын айдағандай «хит» деп зекиді. Бастауыш пен орта мектеп оқушылары бірнеше қырқамен сайды түгел қаптап, жыпырлатып-қыбырлатып жүр екен...

Біз олардың өртеп жатқан сайларынан, сонсоң халық коммунасының әтіреттері үйіп тастаған күйікті қыраттардан асып барып, «Сорбұлақ» атты сайдағы өз әтіретімізге жеттік. Баталиен деп аталған бұл әтірет бүкіл мәдени-ағарту лениясынан құрылған «құрыш қорту полкының» орталығында екен. Аппақ-аппақ төрт-бес шатырдан құралған полк штабы тоқ қызыл туларға оранып, жарым шақырымдай жоғары жағымыздағы бір тұйық қойнаудан көрінді. Балғынтайдағыдай бұл штап та әртіс әйелдер шатырымен іргелес, қоныстас бола қалыпты. Тегі біздің баталенды орталыққа айналдырған осы шатырымыз болса керек.

Келе салып бір жарқабақтан жер үй қаздық. Ертеңіне березентімен жауып орналаса салып кірістік іске. Алдымыздан бұлақ қабағының қарсы жақ үстінен қазылған он неше жер тандыр (домнаны осылай жасапты). Он неше автомобилмен тасылған жылтыр қара көмірді жұтып жатыр. «Теміртас ұсатушы әйелдер ротасы» тастың үстіне тас қойып, бір-бір балғамен шақылдатып отыр. Маңайларына салып жатқан зәбірлеріне қарағанда тас соғушы әйелдер емес, құлақ ыңғуырлап ойып жейтін бір түрлі жауыз құстар сияқты. Әйтеуір өз құлақтары жаулықтарымен шымқап тыңылған. Көздері әйнек ішінде. Қалың киініп алып, шоңқиып-шоңқиып «шоқып» отыр. Тұмсықты балғалары сұр тастан от шашады. Шақ-шұқ, шақыр-шұқыр. Маңайларына басқа адам келтірерде емес, таныларда емес.

Біз, бірге келген жиырма қалпақты алғашында руда қазуға бөлініп, әр бірімізге күніне екі куб метрден өндіру міндеті жүктеліп еді. Көрінген көгілдір сұр тастың барлығы 10-15 проценттік руда болып анықталған соң, қырат жоталарынан домалатып түсіріп, арқалап таси беруімізге рұқсат етілді. Жүз неше «тас шоқушы қыздың» шақпақ қант мөлшерінде ұсақталған рудаларын көмірге толған тандырдың үстіне зәмбілмен тасып үюші де біз болдық.

Міндетімізді бұлай көбейткен, полк штабының бұйрығы екен: «оңшыл-ұлтшылдарды» демалдырмай, күндіз-түні істетуге бұйырыпты. Әсіресе маған қатты төнді бұл бұйрық. Мені кезектесіп қинауға тағы да төрт белсенді іріктеліп бөлінді. Түн қараңғы, түтін қою болса да ол төртеуі көз жазбай айдады мені. Мақсат тағы да белгілі, зорықтырып жығып, «еңбекке жат», «Даяужыңға қарсы» деген сылтаумен осы зор полк бойынша күреске тарту, басқа ерікті «жалқауларға» сол арқылы «тәрбие беріп», бәрін қорқытып алу екендігі тағы да мәлім болды.

Үш тәулікті ұйқысыз, ілбіп жүріп әрең өткізіп едім. Жетпіс екі сағаттан соң екі сағат қана ұйықтатып алып, тағы салды жұмысқа. Бірақ, мұндай заңсыздықты көрген соң, кезектесіп істейтін төрт зәмбілдесім босаңси қалды. Жанашырлық көрсетіп, жасырын демалысымды көбейтті. Өз қолымен жұмыс істемейтін бастықтар қанша шақылдаса да сөйтіп, ұйқы жөнінен ұтылмайтын болдым.

Тіміскілеп жүрген кесір сонда да тапты бір күні: басқа «реакциондар» дың бірнешеуі қарлы борандағы жұмыста тұмауратып, қатар жығылыпты да оңшыл-ұлтшылдардың «зор секіріп ілгерілеуге нағыз қарсы жау» екендігін «дәлелдетіп» қойыпты. Зор күрес жиынын автоном райондық үкіметтен шыққан полковниктың өзі түн ортасында келіп, электр жарығымен, үлкен айбармен басқарды. Ауырған  «қылмыстылардың» қатарына мені де тұрғызып қойып ұрандады ол. «Шешендерін» түгел сөйлетіп, жүз деген жұдырықты көзімізге төндіріп-төндіріп жіберіп жауап алды. Тұмауратып жатып қалғандардың негізгі көпшілігі, тіпті алдымен жығылғандары активтер болса да бар күнәні қалпақты күркілдеушілерге мойындатты. Бұл қылмысқа менің дайындап тұрған жауабым шипалы еді. Тұмау тигізбегендігімнен бе екен, көзім жұдырық төнсе де сұрақ төнбей, аттап өтті.

Танауларын бырылдатып, тамақтарын қырылдата тұрып, «енді тұмау тигізбеуге», «ауырмай секіруге» ант беріп құтылған «қылмыстылардың» тәубасына үлкен тон киген бір әйел қатты күліп жіберіп еді. Бастықтар төне түсті соған. Енді таныдым, баяғы қолға алынып «жойылған» Сәйда екен. Зейіл бұйрықтар бойынша бұл күлкісі үшін жауап беруге шыққанында ақсай басуынан көрдім. Аяғы ісініп таңылып шықса да «жойыла» қоймапты. Сыңар аяғымен болса да «секіртуге» жіберіп, тас соққызып қойыпты. Күлген себебі, мазақтау емес, лажысыз ыза екендігін екі-ақ сөзбен түсіндірді ол:

- ...Бірінші, мұндай жұқпалы тұмаумен ауру мәселесі, жекенің өз мәселесі емес. Жұмыс үстінде ауырғандықтары үшін де күреске тартылғандықтарына, оның үстіне «ауырмай секіремін» деп берген анттарына күлдім. Өлсем де секіріп түрегелемін дегізуге жетіп қалыпсыздар, ха-ха-һа-...а.. екінші, бұлар ауырғандықтары үшін күреске түссе, ауырмай-ақ үш тәулікте екі-ақ сағат демалып істеп жүрген Биғабіл Жаппардың күреске түсетін жазығы не?... Ауырмағандығы үшін бе, бұл күлдірмей ме?...

Сәйданың бұл сөзіне қарсы баяғысынша тағы да ақырып қоя берген активтерін полковник «тұра тұрсын бұл жалап» деген күбірмен елеусіз тоқтата салды. Маған бір қарап қойып, «екеуінің байланысын табыңдар» дегендей болды біреуге. Сонан соң көпшілікті шола қарап, тамағын қырынды.

«Маузыдұң идеясының тоқ қызыл туын биік көтеріп, реакциондарға өлтіре соққы беріп, Англияны басып озу үшін алға!»- деді бар дауысымен. Бұл серінің, сөз соңын әрқашан осындай екпінді ұранмен тұжыратын әдеті бойынша жиынды таратқаны екен деп, суықтан сірескен денемізді қымырлата бастап едік, мұнысы тағы бір жиынның бастамасы болып шықты: «біздің ұлы мақсатымызды мына төрт-бес тонналық домналардың қанағаттандыра алмайды. Ең кішісі он бес тонналық болып қазылсын! Шынжаңымызда көмірмен руда көп!.. Алған мәліметтерімізге қарағанда бұл сайдан ондай зор домна қазу мүмкін емес, су шығып кетеді екен. Енді мына жотаның үстінен қазыңыздар!» деп бастап, мұрат пен таптық күрес жөнінен тағы да екі сағат сөйлеп тоқтады. Аппақ саусақтарын иісмай аңқыған шаңқандай орамалымен сүрте түрегеліп, «қошна» сұлуларын ерте жөнелді сонсоң.

Ұлықтың  каракөл жағалы драп пальтосының етегін айтулы артискаларымыздың біреуі қағып-сүртіп бара жатқанына намыстана қарап тұрып қалыппын. «Есіл марксизм ішімнен-ақ осы орайшыл мырзаларға жем болып кетер ме екен?» деген пікір миымды құрсаулай түсті. - «Үлкен қошаметшілер кіші қошаметшілерін қолтықтап қолдап өсіріп-өрбітіп, осы қоғамның төңкерісші - жетекшісіне айнала қалыпты. «Түлкіден төре сайланса, қауырсын жүн көп болады, құс біткен жоқ болады» деуші еді. Социализм осылардың қалқаны болып кетсе, не оңбақ!...»

- Енді біз де аяңдап тұралық!- деп айдаушы төртеуімнің бірі зәмбілдің бір сирағынан сүйрей жетіп келді. Басымды сілкіп тастап, жердегі сирағынан мен көтердім.

Қою мұнарлы таң көтеріле келіп, күңгірт күнін шығара қойған екен. Сонау шығыс теңізден бергі өртенген көмір түтінінен жұмылған күн көзі былшықтанып әрең көрінді. Тамақ қоңырауы соғылды.

Тамақ дегеніміз, момы мен тұзсыз күріш суы еді. Қалпақтылар ара сөйлесу құқығы болмағандықтан асханада олармен бірге отыруды қойғанмын. Ал, Сәйдамен амандасуда кері төңкеріс болатындығын білген соң ол шатырға кіруім де қатерге айналғаны ғой. Сорбұлақтан бір күрешке тұзды су әкеліп, ұйқыдан құтылу үшін қара шайды мол салдым да «құрыш қайнап жатқан» жер тандырдың кенересіне қоя салдым. Бақылаушыма тапсыруым бойынша екі момы мен қант салған сумкамның өзі келді.

Тәулігіне үш рет көретін рахатым осы болатын. Басып қалған қармен оның аязының «домна» екеумізде несі бар. Астынан лаулаған бес тонна кесек көмір малдас құрып отыратын жерімді де жылытып қойған. Жершарының өзін үйітісіп пісіріп жүрген мықты неден тайынбақ, мұз болып қатқан момыны да шала-шарпы үйітіп алып, терлеп-тепшіп отырып соқтым.

Бұл «домна» түтін морлатқанын қойып, ішіндегі жанып болған көмірдің орнына үстіндегі ұсақталған темір тасты тартып, қарнына түсіріп алған. Енді мықтап қыса құшақтайды да құлағына, кем болғанда екі тәулік «сыбырлайды». Ол сыбырының сыпыра реакциондық екенін мен ғана түсінемін: «әйелдердің балғасынан қорқып осыншалық телім-телім болғандары неткен берекесіздік! Сол осалдықтарыңды байқап, көмір "марқұмнан" әдейі күйдірмей қымқырып қалған дәрілерім бар. Содан тартып қана жабысыңдаршы бір-біріңе, өкпе-бауыр, ішек-қарындарың да қосылып, сіресе қаласыңдар. Балғасы түгіл базған-батпанын да жуырманда тыңдамайтын күшке ие боласыңдар. Завоттың домнасы мен Мартен атты уәлилүн тұзақтарынан сендерді осындай мығым ынтымақ күші ғана құтқарады!»- деп сыбырлайды оңбаған тандыр.

Ал, ол сыбырды біздің дүлей бастықтар темірдің еріп, астына төгіліп жатқан сыбдыры деп түсінеді. Осы үмітпен түгел төгіліп болсын деп екі-үш тәулік «сыбырластырады» да бізді түсіріп қаздырып алмақ болады. Бірақ біз «реакцион» болсақ та тас емес, маймыз ғой, қалған қызуынан көмірден де тез өртенетіндігіміз анық. Сондықтан су құямыз. Су құймасақ бес тонна көмірдің бүкіл аумаққа тараған қызуы бір жылсыз бәсейер ме? Біреуіне қаншалық су кеткендігін сонда көр, шелектеп құйған судың қарға адым аттай алмай, быж етіп, аспанға бір-ақ ыршиды!...

Осы оймен мүлгіп отырып, қалғып бара жатқанымда бір айдаушым жетіп келді қасыма.

- Біздің мазалауымыздан енді құтылатын болдыңыз!- деді күбірлеп. - Кеште көрпеңізге кіріп ұйықтай аласыз!

- Қалай?

- Таудың жотасынан қазылатын он бес «домнаның» біреуін Әбілез екеуіңізге жүктеді.

- Бағанағы жиында айтылған зор тандырлар ғой?

- Бес-алты метр тереңдікте қазылса да сол тыныш сіздерге. Кезектесіп қана қыбырлайсыздар. Және тереңдеген сайын жылы болады екен!... Мұны сіздерге ең ауыр міндет деп артып отыр...

Зор сауда капиталынан туып, оңшы қалпағын киген Әблез саудагермен сөйтіп қосақтала қалып, керке, кетпен, күрек алдық та тұсымыздағы биік керіш жотаға өрледік. Бір-біріне амандастырмайтын «оңшыл ұлтшылдарды» бұлай еркін жамыратудағы сырды іздедім мен. Мына саудагерді маған тайнилікке салған шығар деген күдік пайда болды.

- Анаңны...лер істерін енді тіпті бұзды!- деп күбірледі Әблез. -Нәпсісі өрлеп, араны ашылған сайын алжыды! Бұл шоқыға көмірмен руданы әсіресе суды қалай шығармақ?

- Одан қам жемеңіз, еңбек күші көп, бәрін өзіміз істейміз!- дей салып едім, өршелене түсті.

- Еңбек күші көп дейсіз бе Биғабіл әфәнді?... Көп болса, оқуға жаңа ғана түскен кішкене балаларымыздың қолындағы әліпбесін жұлып алып, қыс ішінде тас арқалатқаны не? Егінді диқандардан айырып қуратып, дән алдырмай семдіргені несі?... Халыққа мына дашқалын[1] жегізбек пе?... Атом бомбы жегізбек пе?

Күліп жібердім. Бұл пікір, таптық жаулықтың пікірі емес, ып-рас. «Бірақ, капиталистерде әсіресе оның саудагерлерінде опа болушы ма еді!».

«Құрыш - маршал» жетіліп шықса, бәрі табылады!- дей салдым әдейі. Бұл, оның шабына от тастағандай жауап болды. Менің жүзіме қарағанда қушық сарғыш жүзі күреңітіп, сұрғылт көзі ұшқын атты.

- Сол маршалыңыздың не беретіндігін, өзіңіз ашаршылықтан шиқылдағаныңызда көресіз!... Мына Үрімжідегі склаттың халықтан былтырғы жиған «момысы» бітуге қанша уақыт қалғанын білесіз бе?

- Әбе, онда біздің ісіміз болмасын, жұмысымыз міне!- деп күле көрсеттім жұмыс орнымызды. «Техниктер» сызып кеткен жер тандырдың кеңдік - тереңдігі мен ауыз кеңдігін қағазға жазып ала кірістім іске. «Мынау не оқыған неме?» дегендей адырая бір қарап қойған Әбілез, сызылған жерді керкемен шапқылай жөнелді. Сырт бейнесі талдырмаштау көрінгенімен қарулы шықты өзі. Жұмысқа тақыстық-саудагерлік көрсетпеді. Мінезіміз сөзде келісе алмай қалғанымен жұмыста тең қимылымен табыса кеттік. Ол, тас пен керішті керкелеп босатады да сыртқа күрекпен мен лақтырамын.

Алғашқы сөзін қарсы алмағандығымнан Әбілез ол жөнінен ауыз ашпай қойып еді. Жер қабатына тереңдеп кіріп алуымызды күтіп жүр екен. Тандыр қарынын үңігіп кеңіте қазып, үш күнде үш метір тереңдікке жетіп алған соң сайрай жөнелді.

- «Темір-болат жетіссе, бәріне жетісеміз» дедіңіз бе Биғабіл әфәнді? - Отыра қалып қайта бастады дауын. -Үкіметтің үгіті осы ғой!... Темір деген неме соншалық қымбат па?... Сіз енді тыңдап көріңіз, мен есептеп берейін!.. Жұңгоның басқа өлкелерінде өртеніп жатқан көмірмен ысрап болған мағданды[2] былай қойып, бір Шынжаңның өзінен өртенген көмірге ғана басқа мемлекеттерден қанша миллион тонна темір-болат келетіндігін білесіз бе?...

Бәрінің халықара бағасын біліп алған саудагер, тандыр қарнына сызып есептей сөйлеп келіп, біздің өндіріп жатқан мына дашқалымыздың әр тоннасының құнын басқа елдің төрт жарым тонна сап темірінің құнына теңеді.

- Ал, біздің мына дашқалымыздан не шығады? -деп тағы төне түсті маған. - Бұл біздің жиған табиғи мағданымызша біркелкі паршаланбайды. Сондықтан завот домнасы қабылдамайды, көресіз әлі!... Демек, темір мағданымыз түгіл қанша миллион тонналап өртенген көміріміз, біздің бүкіл халықтың еңбегі, өмірі, балаларымыздың оқу жасы бір тиын құнсыз сырап болмадыма осы дашқал үшін!... Осы маңдағы бұрын жекелер қазған көмір құдығынан көмір шығаруға барып түскен азаматтарымыздан қаншасын тас басып өлтірді, білемісіз?... Осы дашқал үшін «секіріп» жүріп, биыл астықсыз қалдық. Келер жылдарда болмай қоймайтын ашаршылықтан қаншамыз қырыламыз, білемісіз?..

Бұл саудагердің маған тыңшы болып қосылмағандығын, дірілдеген жүзінен, құтырған көзінен түсініп, күліп жібердім.

- Ал енді осы сұрауларыңызды менің көзіме ұрғанда не шықпақшы, соныңызды айтыңызшы?

Әбілездің өзі де күліп жіберіп, басын шайқап-шайқап қалды.

- Інім, менің басыма осы істердің ешқайсысы симай, нервный болып барамын, кешір!- деп күрсінді. - Әлгі батпиған бұрқандарына айтатын дауымды, өзімнен бетер сорланып жүрген саған айтыппын ғой! Бүйтіп бүкіл ел халқын бекер қинағанша, жер байлығын бір тиын пайдасыз құртқанша қазірше қажетті темірін, осы бекер өртеніп жатқан көмірге ғана айырбастап басқа елден ала тұрса, иә, мына досымыз Совет Одағынан сатып ала тұрса болмас па еді! Заманауй өндіру техникасын план бойынша өркендете жатпай ма!

- Құрыш-темір өндіру жөнінен осылай жанпидалықпен «секірмесек», басқа державалардан қалай озбақпыз? Олардың державалық құдіретіне қалай таласа алмақпыз? -Бұл сұраулы жауабымды аңыра тыңдаған Әблез бір шақта басын изеп-изеп қалды да жымия қарады маған.

- Ұқтым, дәмесі жиянгерлік бәсекесінде екен де!... Сіздерде «түк таппаған буаз итін жүгіртеді» деген мақал бар емес пе еді, ха-ха-ха-һа...а.. өркендеген өнеркәсіпті державалардың заманауи домналарын кәдімгі жер ошағымызбен-ақ басып түсіп, бәрінен зор держава болмақ екенбіз де!

- Сіздерде «өзіңде қанат болмаса ұшуың мүшкіл» дейтін мақал да бар,- деп түзету айттым. - Сауда табысын ғана ойлай бергенше әредікте осындай саяси пайдасын да ойлап қойсақ, нервіміздің ушықпауына пайдасы тиеді!

- Тесіп өтеміз деп алдыға сап тұмсығымызды бұзғаны бізге саяси пайда болмақ па?

- Бізге саяси пайдасы болмаса да саясында бірер түн тыныш ұйықтатар ма екен дейміз дағы!

Екеуіміз қатар күлдік те қатар күрсіндік. Ұйқы жағынан тартып жүрген қиыншылығымыз қатарлас қой...

Жылы құдықтан кешке жақын бір-ақ шығып едік. Сырттағы «пешкалар» жаппай сарпалтаң жүгірісте екен. Көмір тасыған машина-тракторлар үлкен тандырлар қазылып жатқан осы жотаның етегіне әрең жетті. Түсірген көмірді бір рота «пешка» зәмбілмен мықшыңдап жоғары тасып жүр. Біздің әр жотадан тасыған темір тасымызды енді осы жотаға арқалап тасып тағы бір сорлы рота шұбырыпты. Полковник-комбаттар жақын бір жотаға шығып қарап тұрғандықтан рота бастықтары өзді-өз роталарын қузап жүгіртіп жүр екен... Олардың қожа алдындағы қаншық жағымпаздықтарына қарсы сұм «пешкалар» қасақана тайғанап жығылып, арқаларындағы тасты етекке қайта қашырады да, соңынан қуып, етекке қайта түседі. Рота бастықтары сол қашқан тастардан қаша жүріп, тағы ақырады «пешкаларға»...

- Өздерінің тандырды жотадан қаздыруының қаншалық ақымақтық екенін енді де түсінбес пе екен!- деп күбірлеп едім, Әбілез қызынып даурыға кетті.

- Шелекпен су тасып сөндіре алмағанда болмаса, бұл қателіктерін көре қоятын көз бар ма оларда!

- Ақырын сөйлеңіз!- дей сала тандыр аузындағы топырақты кетпенімен тарта бердім. Кешкі тамақ қоңырауы соғылысымен таудан бізде домалап түстік. Көп адамның таптауымен жота қапталындағы қар расында да көк тайғақ мұзға айналыпты. Түрегеп жүріп түсуден көрі домалауымыз өнімдірек болды.

Бұлақ бойындағы әлі де жалындап «сыбырласып» жатқан тандырдың біріне келіп тамақтанып отырғанымда «жиылыңдар!» деп айқайлаған бұйрық шықты. «Қош хабар - қош хабар!» деп қосанжарлады бір бастық. Үйімізге қайтаратын хабар келді ме екен деген үмітпен тамақтарын тастай жүгірді көпшілік, келе тізіліп қатып тұра қалысты. Бастық қуанышын құрсағына сиғыза алмағандай, алқына сөйлеп жеткізді қош хабарын: Маужуши партия орталық комитетін дербес басқаруға шығыпты да, қосымша істеп жүрген үкімет төрағасындық қызметін Люшаушиға өткізіпті. «Үкіметтің көп қызметінен ажырамасам, марксизм-ленинизмді зерттеуге уақытым жетпей қалды» деген өз талабы бойынша ауысыпты.

- Маужушидің бұл данышпандық талабы марксизм-ленинизмді сөзсіз дамытады. Бұл, біздің ең ұлы жеңіс!... Жасасын ұлы Маужуши!... Социализмді зор табыспен іске асырып, коммунизмге секіріп өтеміз! Жасасын теңдессіз данышпан көсем Маужуши!..

Комбатымыздың шектерінде құжынаған қошамет құрттары осындай ұраннан жеті-сегізін қабаттап айқайлағанда әрең тынышталғандай, тамағымызға қайта қайтарды. Бұрын Маузыдұңмен қатар ұрандалып келген Люшяушидің аты үкіметтің бірінші жушилығына тағайындалған күнгі бұл ұранынан мақұрым қалуынан, қалпақ астындағы көздер алара түскені байқалды. «Бұл кісіге бір қалпақ даярланып қалғаны ма?» дейтін күбірлер де бар. Марксизмнің Жұңгодағы ашық көзді ғалымның партия орталық комитетіндегі басшылық қызметінен шеттетілуі мені де алаңдатты. Қараңғы жатағыма үнсіз кіріп шешініп жаттым. Көрпелеріне кіріп ап күбірлескендер ол туралы «Пыңдыхуайды қолдаған» дегендей жорамал айтып жатыр екен. «Онда» үкімет бастығы деген қуыршақ атақ беріп сақтай тұрмақ болғаны» деп қалғандай болды біреуі.

Әсіресе солшылдардың бұл жеңісі бізге бұдан да зор апат төндіретіндігін ойлап қынжылсам да, осында келгелі көрпеме шешініп кіргенім осы болғандықтан тұяқ серппей қатыппын. Бастықтардың таңға жақын қораздан бұрын шыңғырғаны бір-ақ оятты. Қайталап істететін жұмыстары бүргеше талап, ұйықтатпай қойған көрінеді.

Таң белгі беруден әлдеқайда бұрын қараңғы құдығымызға қарай жүгіріп едік, сыртта істейтін көп «пешкамен» бірге бізге де теміртас арқалатып жөнелтті. Кешегі тайғанап домалап түскен тік қапталға қайта өрлегенімізде қатердің зорына тап болдық. Алдыңғы жағымыздан тайғанап жығылғандардың көтерген тасы арттағыларға ажал боп төнді. Адам бейшара құлаған жеріне төрт аяқтап жабыса қалса да үстіндегі тас ылдиға қарай сақылдап жолбарысша атылады. Ажал қалай беттегенін түтінді түннен көре алмай, бәріміз шулаймыз. Екі жақ бүйірімізде көмір тасыған зәмбілшілер де осылай шуласып жүр.

Ұйқылары қаншалық керең болса да шуылымыздан полковник-комбаттар шошып оянған-ақ шығар. Бірақ, айқайлап, иә, біреуді жіберіп болса да қараңғыдағы бұл жұмысты тоқтата тұруға бұйырған ешкімі болмады. Жерге жарық түскенде екі «қолбасшы» қатар мамырлап етектегі тандыр жаққа келді. Тас соғып сұлатқандарды санап автомобильге тиеткенін көрдік. Сонда да «құрышты» тау басында «қайнату» бұйрықтарын тоқтатар емес. Тек жотаға тасу жұмысын ғана күндіз жарықта істеуді тапсырып қайтыпты.

Басқа көрдегілер не десіп жатқанын кім білсін, Әбілез екеуіміз кегімізді жұмыстан ғана алдық. Қазған жер тереңдеген сайын күрең сабын да ұзарта түсу қажет екен. Құрықтай күрекке өзім де машықтанып, өлшеммен ілген топырақтан үстімізге түйір түсірмей лақтыратын шеберге айналдым.

Люшаушидің осы ауыстырылуы мен осы даяужыңның арқа көрінісі жөнінде екеуіміз кейде келісіп, кейде керісіп жүріп, тандырымызды алты метір тереңдікке жеткіздік. Техник келіп көріп, жиырма тонна көмір сиятындығын айтты. Енді етек жағынан жыралап қазып әкеліп, тандырдың түбінен бір метір тереңдіктен желдеткіш тесіктер шығаруға кірістік. Бізден басқа «көр тышқандарда» сыртқа шығыпты. Бастары сол жотаны айлана қылтыңдап, тау үстіне тау болып үйілген топырақтарын бұрқылдатып жатты.

Төменгі тандырлардың әлі өшіп болмаған отын екі группа су төгіп өшіруге түскі тамақтан соң кірісіп еді. Айқайласып - даурығысып кетті кешке жақын.

- «Төрт жүз шелек су құйдық!», «бес жүз шелек су құйдық!», «әлі бұрынғысындай борылдайды, өшер емес!»- деседі.

- Суға өшпейтін от бола ма, құйыңдар, құя беріңдер!

- Үй, бұл тандырларға су жақын, қанша құй десеңдер де құя береміз. Ал, анау жотадағы жиырма тонналық тандырларды қайтпексіңдер? Соны ойламайсыңдар ма!

- Оны ойлайтын не бар, бастықтар ойламай қаздырама, жұмыстарың не онда!

- Оған да су құятын біз, неге ойламаймыз! Мына тандырдың салқындауы үшін мың шелек су қажет болғанда олардың әрқайсысына бес мың шелек су қажет! Соншалық суды сонау биікке немен жеткізбексіңдер!

- Ол жотаның қары да аяқпен тозып біткен. Машина шыға алмайды, оған су тартып шығаратын күшті насос та жасалмаған! Сондықтан мына ахуалға қарағанда өліп-өшіп шығарған жарым-жарты шелектерімізге ол тандырлар ендігі жылы да өшпейді! Бастарыңмен ойлап көрмейсіңдер ме!

- Ойламай партия бұйыра ма!

- Басым кетсе де айтайын, мына бастықтар өртетуді ғана біледі, өшірудің жөнін әлі ойлаған жоқ!

- Ей, саған да жұқтыма, күреске түскің кеп тұр ма?

- Күреске түссем түсейін, зор жиынын зор бастықтың өзі келіп басқарса болғаны, айт барып осынымды!

- Асықпа, өкпеңді баса тұр!- дей сала полк штабына жүгірді бір бастық.

Бұлақтың желкесіндегі сол тандырларға су құйыла берді. Іңірде де, түн ортасында да, тіпті таң алдында да шалдырлап-борылдап жатты. Ұрандап күрес жиынына шақырған ешкім болған жоқ. Таңертеңгі тамақ уақытында Үрімжіден бір автомобиль  шелек келді. Полковниктің су жөніндегі жауабын осы екенін түсіндік те жотадағы тандырдың астын тағы да үңгіп қайттық. Түскі тамақты іше салып, тағы да үңгуге өрлей жөнелгенімізде бір бастық ақырып тоқтатты.

- Ей кербақпалар, қайда барасыңдар!... Қайт!... Ендігі жұмыстың мына домналарда ғана болатындығын түсінбейсіңдер ме!

- Үлкен «домналардың» бітуіне бір-ақ күн қалды. Біз соны ғана түсінеміз! Он күн істеп, шала тастағанымыз болмас!

- Қой шала-палаңды, енді жұмыс жоқ ол жаққа! ... Ей, менің неме қарап тұрсыңдар, қайтыңдар, саңыраусыңдар ма?

Расында да «саңырау» болыппыз. Үрімжіден неше жүз шелек алдырғанымен жотаға су шығаруға оның да шара бола алмайтындығын «данышпан» полковниктің енді түсінгенін естімей қалыппыз. Мұнысын бізге ашық айтудан намыстанып, жаңа бұйрығын түскі тамақ уақытында жасырын түсіріпті. Бірқанша адамды құлатып-қиратып, мың машақатта жотаға әрең тасып шығарған көмір мен темір тасты қайтадан сайға тасуды сол екі ротаның өздеріне ғана сып-сыпайы сыбырлап, қайта міндеттеп болған екен. Мұның анығын жотаға өрлеп бара жатқан сол «пешкалардың» күбірінен ұғып қайттық.

Өзінің қатты қателескендігін жасыру үшін қаһар шашпаған бирократ, бирократпа. Бастық біткеннің түсі түгел бұзылып, доңыз айбаттарын танаулары мен қабақтарына орнатып ала қойыпты. Бұйрық деген шорт-шорт, шақ-шұқ. Жотадан қайта домалап жатқан тас пен адамға біреуі де бұрылып қарар емес.

Бір группаның бөлімше бастығы болып жүрген Мақұлбек тіпті түксиіп, дөңкие түсіпті. Бұл да намыстанып жүрме десек, маңызданып жүргені екен: бүгін су бойындағы он екі тандырдың «домна бастығы» болып тағайындалыпты. «Құрыш өндірудің ең даңықты міндеті сендерге жүктелді, тез шығарыңдар!» деп өте шықты алдымыздан. «Даңықты міндетті» -тандырға түсіп қоқыс шығару болып табылды. Жотадан терең зынданнан құтылысымызбен отты тозаққа бұйрылыппыз. Әр тандырдың ернеуіне аттарымыз жазылып та үлгеріпті.

Түсуге міндеттелген тозағымызға Әбілез екеуміз қатар келіп үңілдік. Ірге-іргесі әлі де қызарып қозданып тұр екен. Әбілез бұлаққа екі шелек ала жүгіргенде тіземде тіреніп, орта шеннен жалтыраған отқа еңкейе қарап қалыппын. Ту сыртымнан бір күшті қол итеріп кеп жібергенде қайрылып қарауға үлгере алмадым. Құлап бара жатқанымда қарманған қолым тандырдың қарсы жақ ернеуіне ілініп барып шығып кетті. Үстіңгі қабаты өшкен сияқты көрінгенімен асты әлі де қозданып жатқан қоқысқа басым түспей, алдымен аяғым түсті сөйтіп. Итеріп құлатқан кім екені ескерусіз қалып, бар назарым астымдағы отта болды. Ең құдіретті ажалым аяқ астымда жатпай ма! Өкпемді от жалыны қарып, тынысым тарая қалды.

Анадайда тас соғып отырған әйелдердің шу ете түскен даусы естіліп еді. Әбілез жүгіріп жетіп, екі шелек суын менің үстіме дәлдеп төкті. Қалың мақталы бешпет-сымнан сырғып, пимамның іші мұздай суға тола қалды. Суға тойынған шарпым мен аузымды тұмылдырықтап тыныстадым. Табанымның асты борылдап, мол су талап етіп жатыр. Көмірдің жанып болуы мен темір тастың балқып сығылысуынан босаған тандырдың, үштен екі бөлігі қою буға толып, ешнәрсе көрсетпей қойды. Құтқаруға тұс-тұсымнан созылған қолдар бар сияты. «Қолыңды соз!», «қолыңды соз!» деп шуласып тұр үстімнен.

- Су, су!... Көп су керек!- деп мен айқайладым тозақтан, - әкел қолыма, қолыма бер!- дей сала қолыма ілінген шелектерді қозданып қызарған жерлеріне дәлдеп төге бердім. -Мақұлбек шошқа осыныңды ұмытпа!... Бұл мені пісіріп жеу үшін істегенің ғой, ұмытпа!... Осыныңды ұмытпа!... Әбе, енді сен түспей тұра тұр, керке мен күрегіңді бері бер!...

Тандырдың аузынан төнген көп көзді, жастары мөлдірей төнген көздерді де енді көрдім. Кейбір ірі тамшылары иығыма тамып тұрды. Қоқыстың үстіңгі жағы балқымай, ұстаспай, ұсатылған руда күйінде жартылай ғана жабысқан екен. Керкелеп шауып босаттым да алдымен соларды лақтырдым сыртқа. Ірірек кесекке айланып бөлінгендерін арқанның ұшына байлап, Әблезге тартқызып шығардым. Мүлде бөлінбей, аспаннан түскен метеоритша бедірейіп қалған тұтас қоқысты жалаңаштап болғанымша тандыр іші қараңғыласып, кеш батқанын білдірді.

Әбілездің тастаған арқанынан ұстап далаға шыққанымда, тісі қурап кеткен киімімнің іші термен шылқылдап алыпты. Ал, су толтырылған пимамның іші де құрғап, тандырдың оты соның ішінен білініп қарап тұр. Тұла бойым парға айналып кеткендей қою буға оранып тұрып қалдым.

Кешкі тамаққа сөйтіп аман-есен жетіп едім. Іле-шала комбат шақыртты штабына. Дүрсе қоя берді маған.

- Бастығыңды не деп тілдедің?...

Мен болған оқиғаны сөйлеп беріп едім. Мақұлбекке, «шошқа ұмытпа осыныңды» дегенімде ғана тергеді.

- Ей, сен де адам, мен де адам, адамгершілікпен тыңда!- дедім мен, бастық езеурей берген соң. -От қоздап тұрған терең құдыққа итеріп, ол күйдіріп өлтірмек болғанда, мен ондай ескерту айтпай-ақ өле салуым қажет болды ма?... Адам өлтірмек болған зиянкестігі үшін оның сотқа тартылуы қажет!.. Әділдікпен - адамгершілікпен анықтаңыз!

- Бастықты иянаттау дегеннің не екендігін біліп тұрып иянаттадың!- деп бастық ақыраңдай жөнелді. - Сенің тілдегенің Мақұлбек қана емес, бүкіл партиямызды тілдегенің! «Ұмытпа осыныңды» дегенің, коммунистерден кек алмақ, компартияны аудармақ болғаның!... Мұндай тілді кім берді сендей оңшыға!... Ол сені домнаға итерген жоқ. «Тез түсіңдер» деп иығыңнан ғана түртіпті. Даяужыңға қарсылығыңмен өліп алу үшін өзің секіріп түсіпсің! Бүгін өзіңді тексересің, дайындал!... Айтып қояйын, «адамгершілк», «әділдік» дегенің - абстракт түсінік. Таптық күреске оның қажет емес, бізге осы шындықты мойындауың, идеяңды өзгертуің ғана қажет! Қашан өзгергеніңше күресеміз сенімен!...

Ноғаласы өсіп кеткен бұл соқырдың қолына ұстатқандай қаншалық айқындап сөйлегенімен дәлел тыңдар емес. Өзімнің бір шындығымды ғана ескертіп шықтым.

- Адамды өзгерту - өзгеру ісі ақиқатқа ғана бағынысты. Балшық емес, адам санасы һақтық -әділетке мойындағанда ғана өсіп - өзгереді. Күресте де әділет пен һақтық жеңеді. Айқай мен зорлық жұдырық жеңеді дейтін дәмеден аулақ болыңыздар! Ал, мендей нахақ жаламен зиянкестік көріп жүрген адамды күреске тарта беруден өздеріңізге келер титтей де пайда жоқ!..

Осыны айтып шыққанымда зор жиын майданы "пешкаларға" лық толып, электр лампалары жарқырай қалыпты. Жақындап барғанымда ұран көтерілді. Қаптап отырған үлкен «пешкалардың» дауысынан» кішкене пешкалардың» шырылдаған дауысы басым. Қазақ бастауыш мектебінің оқушыларын түгел әкеліп, маған қарсы шулатып қойған екен. «Шегінен асқан оңшы Биғабіл жоғалсын!» деген қазақша ұрандарын ести жетіп едім.

- Ортаға шықсын, шықсын ортаға!- деген жуан бұйрықтар жуан кеңірдектерден атқақтап қоя берді.

- Ал, шықтым!- деп, оқушыларға жақындап барып тұра қалдым. Жас оқушылар, тағы да ұрандата жөнелді. Күле қарадым оларға. Мұғалімдері бұғып алыпты, көрінбеді.

- Балалар, менің не себептен күреске тартылғанымды білесіңдер ме?- дегенімде жым бола қалды. Бірқаншасы менің ыстық күлкіме қосыла күлді.

- Өзіңді тексер, тексер өз мәселеңді! -деген жуан кеңірдектер қайта арқырады. Алыстан Айғайкөк те келіп қосыла кеткен екен. Полковник көрінбеді, келмеген сияқты.

Біреуі ұран көтеріп еді, сол жуан кеңірдектердің өздерінен басқа көп ешкім қолдамай өшіп қалды. Өйтетіні, бағанағы оқиғаны көрген тас соғушы әйелдер жағы жым-жырт. Активтер қатары, өздері қиналғаннан бері тым азайып кеткен болатын. Сондықтан, көмірмен темір тасты таудан сайға, сайдан тауға шығарып, қайтадан сайға тасып жүрген екі ротадан қақшиған бір де бас көрінбеді. Мойындарын іштеріне түгел тығып алыпты.

- Күреске тарту - көпшіліктің ісі,- деп бастадым сөзімді. -Жазығым болса, көпшілік жазғырсын, бүгінгі болған істі көпшілікке сөйлеп берейін...

- Естіп болдық, тапсыр өз мәселеңді!- деп Айғайкөк ақырды.

- Сіз, бұл жерде болған оқиғаны Үрімжіден көріп отырмаған шығарсыз, түтін қалың ғой, «Биғабіл даяужыңға қарсы болғандықтан өзін «домнадағы» отқа тастап жіберді де Мақұлбекке жала жапты» деп естігеніңізді мен де естіп келдім. Көпшілікке нақтылы ахуалды өзім сөйлеп беруім қажет!..

Мәселен дәл өз қалпында сөйлеп бола бергенімде әйелдер бір дауыспен растай қойды. Өз көздерімен көріп отырғандықтарын айтты. Бұл жерге «құрыш қорытуға» келгенімнен бері бас тартпай-демалмай істегендігімді, Мақұлбек тандырға сыртымнан итеріп құлатқанда өртеніп кетуімнен өздерінің су құйып құтқарып қалғандықтарын да сөйледі. Ешқайсысының жеке бой көрсетпей жарыса сөйлеулеріне қарап, әдейі осылай істеуге ақыл қосып алғандықтарын байқадым. Сөйтіп бастықтардың менімен қосақтап соғуына лайық ешбірі дараланып көрінбей қойды. Сәйда да төмен қарап алыпты.

Жиын басқару столында отырған комбат пен Айғайкөк бір-біріне жалтақтасты да комбат көтеріліп, тәртіпке шақыра-ақыра сөйледі.

- Рұқсат алып бір-бірден түрегеліп сөйлеуді ұмыттыңдар ма! Тәртіп қайда!.. Кімнің дос, кімнің жау екендігін де ұмыта қалдыңдар ма?.. Зор секіріп ілгерілеумен оңшыл-ұлтшылдарға қарсы идеялогиялық күрестің айрылмас бірдене екендігін ұмыттыңдар ма!.. Бұл тәртіпсіздікті кімдердің өрбітіп отырғандығын басшылық білмейді деп ойлайсыңдар ма!... Бұл Биғабіл дейтін әбләхтың[3] күніне неше пәле өрбітіп, компартиямен ұлы Маужушиға қарсы қанша жала тарататын өзгермес жайыл ғұнсыр[4] екендігі бүкіл әлемге мәлім болмап па еді!... «Кімде-кім төңкерісшіл халық жағында тұрса, сол  төңкерісші, кімде-кім империялизм, феодлизм, бирократ капитализм жағынан көрінсе, сол кері төңкерісші» деген данышпан көсеміміздің көзге тыққандай айқын нұсқауын естен шығардыңдар  ма! - Комбат осындай шошытарлық сұрауларын нажағай ойнатқандай осқылап шұбыртып келіп, көпшілік арасынан әлдекімді іздегендей тінте қарап біраз тұрды. Майдан тым-тырыс. Тек, тістердің сақылдағаны ғана естіліп, иықтардың селкілдегені ғана көрінеді. Түтінді тұман айқара жапқанымен үскүрік тілді аяз жалаңдап - соққылап тұр. Комбат әйелдердің «қорқып жуасығанын» осы сақылдаған тітіректен білгендей, Мақұлбекті шақырды. - Жолдас Мақұлбек, сөйле, мына тоңмойын не деп тұр?.. Партияға тапсырған жүрегіңмен мәселенің шындығын ашып бер мына көпшілікке!

Мақұлбек күңгіртірек бір шеттен түрегелді. Бірнеше серігінің ортасына отырып алған екен.

- Жолдастар, мен басшылықтың төңкерістік бұйрығын орындау үшін бүгін төтенше асығып жүргенмін. Домнадағы темірді бүгіннен қалдырмай шығарып болыңдар деп анау жалақор оңшының иығынан ғана түртіп өткенмін. Онда жауап қатпай, домнаның түбіне қарап тұрып қалған. Мен төртінші домнаға барғанымда отқа секіргенін көріп... шу ете түстік. Болған оқиға осы!... Кері төңкерістік ұйымын жасырып кету үшін өліп алмақ болғаны!

- Ей қаражүз қанішер, еңкейіп тұрғанында артынан дыбыссыз келіп итеріп жіберіп, қанды қолыңды жанқалтаңа сала жөнелгеніңді біз, мына бәріміз көріп отырдық қой! - Әйелдердің артқы қатары осылай дүрілдеп барып тына қалды. Рота, звот бастықтары екі жағынан бірдей жалақтап жетіп келіп еді. «Оңшыны жақтап топ басшысы» болып ортаға шығудан бәрі де тартына қалғандықтарын байқадым.

Қасындағы төрт-бес серігі Мақұлбекті де ақтай жөнелді. Бұлар да өз көздерімен көргендей, қылмыскердің жаңағы өз жауабын растады.

- Ол шақта өздерің қайда едіңдер?- деп арт жақтан төрт-бес әйел оларға дүрсе қоя бергенде басшылық жағы ұран көтеріп долыра жөнелді.

- «Жойылсын оңшыл-ұлтшылдар!», «оппортонизм құйрықтарын қырып тасталық!», «қырағылығымызды арттырайық!», «жоғалсын социализм жаулары!»...

Ұранға бастықтардың ақшырайған көздерінен қорқып қосылған бірнеше активтен басқа көпшіліктің тағы да жым-жырт отырып алғанын, «төңкерісшілер» елемегенси жалғастырды ұрандарын.

- Жауап бер!... Сөйле!- деп ең соңында маған ақырды комбат.

- Жауабым да талабым да сол, қанішер қасқырды сотқа тапсырып беріңдер, сол жерде сөйлеселік! -мен де ақыра қарадым оған. - Даяужың дегеніміз төңкерістік әрекет болса, даяужыңшыларды отқа итеріп, қаскүнемдік әрекет жүргізу, нақпа-нақ кері төңкерісші!... Мұны тыңдамай, осы күреспен буып тастай алмайсыңдар!

- Өзгермеймісің?

- Кімдердің өзгеріп, кімдердің жазалануға лайық екендігін әлі білмедіңдер ме?- деп мен де кеңірдектегенде, қостаушы кеңірдектерін Айғайкөк бастап тағы да ұрандата жөнелді.

Бағанағы сұрауымнан соң үнсіз қалған жас оқушылар әлдекімдерінің күбірімен тізіліп кете берді. «Балалардың жатын орындары алыс, таң атысымен жұмысқа шығады!» деп оқытушылары жүре жауап берді бір бастыққа. Көпшілік арасын дабыр-күбір кеулеп кетті: «бұлар пікір тыңдар емес. Көргенімізді заң орнына бірлесіп жазып жіберелік!» деген пікір әйелдер жақтан анық естілді де ашық қуатталды.

Ұрандарының қабыл болмағандығын түсінсе де кеңірдектеп тұрған Айғайкөкті жиын бастығы санынан түртіп тоқтатты. Сөйлетпек екен. «Жиынның күн тәртібі бойынша» өзіне сөз берілгендігі, түгі қурамаған тіп-тік салтанатпен жарияланғанда орнына отыра қалған Айғайкөк, тамағын қырынып-қырынып жіберіп, жалтақтап қарады маңайына. Мұндайда таза стаканымен алдына келе қалатын ыстық шай көрінбеген соң алқымын сипалап қақырынып алып бастады сөзін. Күшене-күшене аузына әрең түсіріп, «зор секіріп ілгерілеудің халықаралық маңызын» сөйледі: ұлы Маужуши басшылығындағы біздің бұл әрекетіміздің «жаһанды дүр сілкіндіріп, жаһангерлерді қалтыратқанын» айта келе, менің қызып тұрған «домнаға секіргенімді» соның бір дәлелі етіп көрсетті. Ерлер жағы тұншыға күлісіп, әйелдер жағы ызалана дабырласқанда шешен столды соққылап тоқтатып, сөз найзасын енді соларға қадай сөйлеп кетті: бұл науқанға қарсылық алдымен «еңбек жауларының» пассивтесуінен әшкереленетіндігіне, сөйтіп реакциондар мен жаһангерліктің құйрығына айналатындығына, ондайларға өз уақытында соққы берудің қажеттігіне, теориялық талдаулар жасап жатты.

Көпшілік жағынан келген бір қағазға қарап жіберген жиын бастығы маған түйіле қарады да отырып тыңдауыма бұйырды. Мен отырмай шеттеп шығып тұра қалғанымда жиын жабылғандығы жарияланды. Айғайкөктің тым алыстан бастаған сөзі лезде қалай жетіп тоқтағанын да ұқпай қалдым. Көпшілік  бұл күрес жиынын сайқымазаққа айналдыра дабырласып-даурығысып тарады.

Қаншалық шаршасам да ашу-ызадан ұйқым келмей, қалған түнді дөңбекшіп өткіздім. Шегінен асып кеткен қастыққа шыдамым таусылса да кек алудың дұрыс жолы табылар емес. Таң ата қайта барып тандырға түстік. Әбілез екеуіміз штаннан басқа киімді тастап кірістік іске. Ыстық жалын әлі лапылдап тұр. Кешегі қалған тұтас қоқыстың екі жақ шетінен ломдап, керкелеп, темір сынамен сыналап жүріп, түске дейін екі тесікті әрең шығардық. Екі ломды екеуіне салып, екеуміз қатар ырғадық сонсоң. «Құршымыз» міз бағар емес. Тандыр іргесінен ажырату үшін бірнеше сынаны шет-шетіне қақтық. Нағыз құрыш сыналардың өзі шелпекке айналды. Керке де лом да жас шыбықша иілді. Шүмектеген термен күйеден қалың қарасауыт кигендей, бір-бірімізді танудан қалдық. Сыртқа айқайлап шелек-шелек суық су түсіртіп іштік. Сыртқа шығу жағдайымыздың жоқтығын біліп, кешкі тамақ та құдыққа түсті. Басқа тандырдағылар да осындай халде екен. Керектен шыққан құралдар сыртқа лақтырылып, жаңа құралдар таратылды. Бетпақ «меторит» оған да міз бағар емес, бөлінуінен үміт тіпті жоқ. Сілеміз қатып, қисайған ломды таяна құшақтап отырып ұйықтап қалыппыз.

Ертеңіне таңертең сәл тыңайған күшімізбен тесіктерді кеңейтіп ойдық та ломдарды қос-қостап салып ырғап әрең қозғадық. Жершарын бағындырғандай қуандық бұл «құдіретімізге». Ырғай бердік, тырнай бердік. Астына сына түсіріп, балғамен соққылай бердік. Сол күннің кешінде Құдай жарылқағандай үшке бөлінді. Астыларына бірнеше сына түсіріп, темір арқан өткіздік те, мосылы кран құрғызып, бір-бірден шығарып бердік. Бұл үстемдікке алдымен жеткен біз екенбіз.

- Алдыңғы жеңіс сендердікі!- деді техник тандыр аузынан үңіліп. Астыңғы бетіне іркілген шойын көрмеген Әбілез тағы да шорт қайырды жауабын.

- «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты». Қаншалық көмір, қаншалық өмір беріп істеп, шойын темір түгіл қолымыздағы құрыш сайманнан, тіпті рудамыздан да айрылдық. Осындай «жеңіс» болар ма екен!

- Оны сөйлеме!- шошынғандай күбірледі техник. - Бұл зиянды айтсақ шатаққа қаламыз. Осы дашқалды тұтасымен шойын есебіне өткіземіз. Биылғы міндетіміз өтелсе болмады ма! -Техник сырттағы біреуге тапсырып, жуынуға екі шелек су келтіріп берді.

Тозағымыз бұл маңнан табылмайтын ең жақсы моншаға айнала кетті. Таза жуынып киініп бірақ шықтық. Бұрын бітірген Әбілез екеуіміз техниктің мадақ сөзімен көпшілік алдына жүлдегер болып өттік. «Өзгеру деген осы. Өзгергенін адамның өзі де сезбей қалады!» деп комбат данышпансыды.

Мақұлбек бізге көп көрінбейтін болып, шеттеп кетті. Жауларының кек алуынан басшылық сақтандырып қойған тәрізді. Ши түбірін шауып тандырға тамызық даярлайтын бес-алты ақсаққа ғана бастық болып тағайындалыпты. Бұл ақсақтар, әнеу түндегі домалаған тастардың соққысынан емделіп, әжетке жарап шыққан жеңіл мертіккендері екен.

Бір күн берген демалысында екі орынға арыз жазып жөнелттім. Кешкі тамақтан соң тағы бір «оңшының» үстінен ашылған күрес жиынына шақырды. Тағы да нахақ, тағы да жала. Шаршап-шабандап қалған «күш-көліктерін» тарту арқылы қорқытып жүгіртіп дәніккені ғой. Күрес жиынының құлағы тағы да салбырап тоқтаса да, босаған тандырларға тағы да көмір тасытты. Көмірді лық толтырып, үстіне, әйелдер ұсақтаған руданы тағы да үйгізіп болып, таң ата «ұйықтатты». Шындығында ұйықтату емес, көзімізді жұмдырып қойып қоңырау соқты да жотадан қайта тасылып бітпей қалған көмірмен рудаға айдады. Сөйтіп, біз де домалай бердік.

Тандырларды тағы да морлатты. Бес тәуліктен соң тағы да екі тәулік «сыбырластырып» алып, тағы да су құйғызды. Бір «оңшыны» тағы да күреске тартып жіберіп, «таптық» қамшы үйірді де, тозаққа тағы да бізді салды...

Сөйтіп, тозақтан үшінші рет тазаланып шыққанымызда «құрыш» деп атайтын қоқысымыз тау болып үйілді. Қолымыздағы нағыз құрыштарды балшықша илеп шыққан бұл «құрышымыз» аспаннан түскендей, асқан такаппар бейтаныстығын бейнелеп бедірейе түсті. Қаншалық аймаласаң да жылт берер емес.

Бұл реткі құрыш өндіру міндетін «артығымен орындап» болғанын білген бастықтар сол ақшамда кетіп болыпты. Мақұлбек те жоқ. «Таптық күрес» солармен бірге кеткендей, актив пешкалармен пассив пешкалар құшақтаса кетіп, ойын-күлкімен бірге тамақтанды.

Автомобильдер мен тракторлардың «құрыш» тасудан босамайтындығын айтқан бір жарты бастық, үйге қашан қайтсақ та рұқсат екенін жарияласымен көбі түнделетіп шұбай жөнелді. Ақсақ Сәйда бұрын ұшып, жүк аптомобилімен кетіпті. Иісшілдік түгіл естен де айырлып болған «авчаркаларым» өзді-өз беттерімен жоғалды. Мен таң атқан соң бір топ әйелді бастап соқпақ жолмен Үрімжіге төте тарттым. Төсек-орнымыз «құрышқа» мініп қайтпақ.

Ынтықбайдың қайтып келгеніне үш күн болыпты. Мақпал оның төсек тартып ауырып жатқанын айтты. Үнсіз меңірейіп отырып, партияны тосыннан тілдей жөнеледі екен. Күләннің айтқан сақтандыру сөзін ести сала жастыққа қисаяды екен де жан-жағына өз әдетінше қабақ астымен сүзе қарап алып, сыбырлап тілдейді екен. «Ең қатерлі гомендаңды өзіміз шақырып алыппыз-ау, осындай партияға мүше болыппын-ау!» деп көкірегін тырнайды екен. - «О сенің соқыр социализміңді, отаршы коммунизміңді!..»

- Бұл, компартиямен социализмнің өз денелеріндегі індет емес, солшылдар мен жандайшап жолбикелердің ісі екендігін білуші еді ғой! -деп қатты күрсіндім мен. - Күлән айтып есіне түсірмей ме оның?

- Айтқанда қандай, тіпті керемет,- деп Мақпал да күрсінді. - Мен Күләштің мұншалық марксизмші идеялог екендігін бұрын білмейді екенмін!... Ынтықбай оның түсінігіне мойындап, «е, солай екен-ау!» дей салады да аздан соң қайта есіреді. «Адамзатқа жаны ашымайтын тас бауырлар коммунизмші болып кімді жарылқамақ!» деп тағы да айқайлап жібереді сонсоң!...

Кеш батқан соң түтін жамыла барып, көңілін сұрап қайтуды ойлап едім. Кеш бата өзім тітірей жығылдым диванға. Екі шекем солқылдап, бас көтертер емес. Соны айтқанымда Мақпал басымды құшақтап отыра қалып күлді: «жолдасыңның біреуі қыз болмағандығынан ба?»[5]- деп күлді де бар жүрегін жайып сала аймалады. - «Дүниеде менен артық қыз бар дегенге сенбейтінсің ғой жаным, міне мен!.. Міне қасыңдамын күнім, қасыңдамын!» - Жаңбырдан кейінгі аспандай тұнық, аумақты көзінен қос тамшыны тастап жіберді де,- «менікі не әлі!»- деп қайта күлімсіреді. - Нерві қиыншылығына өзің де ұшырап келгеніңде Ынтықбайға көрінбей жата тұруың жөн екен!» төсекті қалыңдатып салып, сүйемелдеп апарып шешіндіріп жатқызды да Асқарды ірге жағыма әкеліп отырғызды. Не тамақ ішкім келетінін сұрады сонсоң. Асқарға ымдап, басымды уалатып қойды да өзі тамақ жасауға кірісті.

Шешесінен көргені бойынша Асқар да күлімдей отырып уалады шекемді. Бұйрықты тапжылмай орындап отырып, қолы талды ма екен, басымды біраздан соң білектеуге көшті. Қарқылдап күліп жібердім. Пысылдап, ыржың-ыржың күліп алып, білектей берді ол...

Бір шақта көзім қарауытып, дүние шыр көбелек айлана жөнелгендей болды. Мақпалды шақырып, жұқпалы ауру болар деген оймен баланы өз кереуетіне жатқызуды тапсырдым. Асқардың қасымнан кеткісі келмей жылап айрылғаны естіліп еді. Онан соң не болғанын сезбей қалыппын.

Үш тәулік өткенде жиыппын есімді. Құлағымның дәл түбінен соққан өз жүрегімдей бір жүректің екпінді лүпілімен өз өкпеммен дем алғаннан парықсыз, бір түрлі жағымды ыстық тынысты естіп, жалт қарадым, Асқар екен. Басымды тағы да құшақтап, маңдайымнан сүйіп жатыпты. Шешесі күлімдей қарап түрегеп тұр.

-  Мынаны неге әкелдің жаным-ау?

- Ауруың жұқпалы емес екен. «Оңшы» врачтың біреуін жасырын шақырып әкеліп тексерттім. Нерві дейді!... Кішкене «бақсың» әкемді өзім емдеймін деп келіп отыр.

- Нерві?.. Нерві ғана ма екен?- деп басымды көтеріп алдым. Осы құтырған жалған коммунизмшілердің соқтырған жынынан жығылыппын ба?... Не деген масқаралық!.. Әкеле ғой киімімді!

- Жоқ, жатсын, неғұрлым ұзағырақ тынықсын деді! Нерві жүйелері қиналып шаршаудан бұзылуға айналған, ыза мен қиялға берілмесін дейді. Жата тұр күнім, дәрет қыстаса, міне леген!

- Яу деген, олардың жындандырып өлтіру мақсатын орындата қояйын ба! Әкел киімімді, «суық тиген екен, терлеп жазылды» дей сал сұрағандарға!.. Ендігі сауығу өзімнен!...

Түрегеле салып дене тәрбие қимылын істедім де жуынып, дымды орамалмен денемді түгел ысқылап алып қайта жаттым. Қатты ұйықтаппын. Кеш бата тағы да дене тәрбие ойнап, ысқылап алып тамақтандым. Мақпалдың әнін тыңдап, оны құшақтап тансыға түстім. Біз не істесек соны істеп күлдіріп Асқар жүрді. Дәрі де, арақ та ішпей, осы тәртіпті әрекетті қайталай бердім.

Сол ес жиғанымнан төртінші күні Мақпалды толық сауыққандығыма сендіріп, Ынтықбайдың халін біліп қайтуға жібердім де өзім ел жата барып амандастым. Ыршып тұрып құшақтай алған Ынтықбай үн сала жылап жіберді. Күлән екеуіміз кезектесе сөйлеп сабырға, шыдамға шақырып мойындатып, беріктеп едік. Бұрынғыдай салмаққа келіп, шай дастарқанына қатар отырды да көрген-білгенін асықпай сөйлеуге кірісті.

Сап қазақ малшылары отырақтасып, егіншілік кәсібін кооперацияға ұйымдасқаннан бері ғана игерген бір коммунаға барған екен. Былтырғы «ашылу - сайрау», «оңшыл - ұлтшылдарды соғу» науқандары мен биылғы «құрыш қорыту» науқаны егіншілік өнімін құртып, астықтан мүлде тотитып кеткені бара сала көрініпті Ынтықбайға. Ашаршылық жайын баяндаған адам, табанда оңшылдарға қосылады. Малдары пәйға шағылып, түгел жиып алынған. Мал иелері түгел «оңшы», «кері төңкерісші» аталып, үй мүліктері де сыпырып алынған. Бірлі-екілі малы коммунаға қосылып, кедейлері де тақыр жерге отырып қалған. Бір тайпа ел бір ғана тайқазанның ылай суына қарайды екен. Үйлеріне ешкімнің от жағуына рұқсат жоқ. Моржасынан ондай айырым түтін шыққан «жекешілдердің» қазаны мен шәугімдері шағылып болған.

Тамақ нормасын тайқазанның түбіндегі қоюынан алып, бұрын ішіп алған активтер бір шөміш суына да өшірет ала алмай тұрған «керітартпаларды» сағат толысымен қуа жөнеледі...

Осыны айта келе Ынтықбайдың үні өрлей түсті.

- Ендігі қалғанын айтпай-ақ қой, ұқтық!- деп тоқтатпақ болған Күлән екеуімізге сүзе қарап алып, «мұрындығын жұла» жөнелді.

- Неге тыңдамайсыңдар? Ұнның бір шөміш нілін екінші күні таңертең тағы да алып іше алмай, тарғыл тас көтеруге айдалып бара жатып жан үзген момын шалдың шиқылын тыңдағыларың келмей ме? Үйінде шырылдап жатқан баласының аузына шандырын салып қайтуға тәнтіректей бара жатып, отын тасуға сүйреліп кеткен келіншектің зарын тыңдағыларың келмей ме? Қасыма жасырынып келіп ағатайлап көже сұраған кішкене балалардың үзілген жалынышын тыңдағыларың келмей ме?... Ыдысымдағыны соларға бөліп беріп, аш қалған өзімнің сол балаларша кеңкілдегенімді тыңдағыларың келмей ме?

- Болды, болды!- деп жіберіп кеңк ете түстім мен де. Күлән еңіреп жіберіп, ауыз үйге шыға жөнелді. - Ендігісін айтпа!- зорналып қайта күлімсірей өтіндім де сөзін басқаға аудармақ болдым. - Ал, ол аудан шойын - темірден бірдеме өндіре алды ма?

- Өндірді ме дейсің бе?... Ол жерде таскөмір жоқ, не өнбек! Таудың сәл құрғақтау ағашы мен қараған, тобылғысын, тіпті даланың сирек шиі мен жусанының тамырына дейін жұлып өртеп болды. Ұсақталған темір тастың күйік шеке қоқысын шойын деп үйіп жатыр! Жөн білетін, еті тірілеу адамдарының «кері төңкерісші» қалпағын кимегені қалмапты. Олар аштық пен таяқтан, суық абақтыдан қырылады. Жазадан өлгендердің сүйегін де үйіп жатыр. «Темір өндірудің» ендігі отыны сол шығар!...

- Ынта, сабырлы да берік, мұқалмайтын бекем алмасымыз едің ғой. Осы ахуалды...

- Е, тағы да тыңдағың келмей қалды ма?... Жан үзгелі жатқан қалпақты әкесіне атау суын апарған баласын «кері төңкерісшінің ұрпағы» деп сабап шырылдатқанын да тыңдағың келмей ме? Қалпақ киген әке-шешенің қиналысына шыдамай жылап қойғандығынан қорқып, иенге қашқан баланың қасқырға жем болғанын естігің келмей ме?... Иен жартас ішінде тасқа бастырылған әке мүрдесін, «әке-әкелеп» құшақтап шырылдап жатқан өлген жалғыз ұлдың ақырғы дауысын да естігің келмей ме?... Күрес үстінде додадан жығылған ұлын қорғаймын деп бұрынырақ өлген жесір ананың табан астындағы беу-беуін де тыңдағың келмей қалды ма?..

Әділетті тергеушім, мұндайларды сіздің тіпті де тыңдағыңыз келмес. Естіп қалсаңыз, айтқан адам түгіл тыңдаған адамды да нақ кері төңкерісші ретінде жоятындығыңызда сөз бар ма! Бірақ, әке-шешенің басына іс түскенде «жаман идеясын жұқтырмау үшін» танымай кет дейтін нұсқауларыңызды адам баласы да тыңдай қоймас. Зорлықпен тыңдаса да «иттен туып, іннен шыққан азғын!» деп өздеріңе тісін баса тыңдар. Өйтетіні, олардың бәрі адам, әрқандай таптың  бәрі де адамнан құралады. Бәрінде де өзді-өз иқуаттарынша рақым мен адамдық махаббаттың жүрегі бар. Амалияттарыңыздан іздегенде мұндай қасиет тек, сіздерде ғана жоқ. Демек, адамзаттан басқа, оған мүлде жат жыртқыш мақұлықсыздар!.. Социализм мен коммунизмді Маркс пен Ленин кім үшін құрамыз деп еді. Ал, сіздер кім үшін құрмақсыздар?... Коммунист Ынтықбайдың жауап таба алмай жынданып жатқаны осы сұрау ғана. Адамзат үшін оның жылауы - сіздер үшін күлкілі - қанға жерік күлкі!!!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Дашқал (ұйғырша) - қоқыс, қоқ. (мұнда, шойын-темірі толық ерімей, тас, құм, саз топырақ, көмір шақарларымен балқып қосылып қатқан темір тас.)

[2] Мағдан - руда.

[3] Әбләх (ұйғырша) - сұмпайы, оңбаған.

[4] Ғұнсыр (ұйғарша) - элемент.

[5] «Екі шекем солқылдап ауырады, жолдасымның біреуі қыз болмаса» деп айтылатын айтыс өлеңін меңзеп айтылған қалжың.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530