Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 3693 14 пікір 3 Наурыз, 2022 сағат 12:58

Ақордаға жүктелген «Ақүйлі аманат»

Аманат / аманаттау – арғы түркілік кезеңнен орныққан моральдық-этикалық көне ұғым, қазақы дәстүрлі этикеттің ең жоғары ұстанымы. «Ақүйлі аманат», «аманат сөз», «аманат зат», «аманат адам», «аманат мал», «аманат көр», «аманат жерлеу» ұғымдарының әрқайсысының мәні мағыналы, ұғымы терең, әрі барлығының салмағы ауыр, киесі бар.

«Ақүйлі аманат» – ежелгі түркі кезеңінен Қазақ хандығы жойылғанға дейінгі ел арасында қолданған тарихи-дипломатиялық, құқықтық ұғым. Бұл ұғымның екі мағынасы бар. Бірі – қиын-қыстау заман туғанда, жаугершілік болғанда ел ішілік, еларалық жанжал, кикілжіңдерді ретке келтіру, татулықта тіршілік етудің тетіктерін нығайту, бітімгершілікті сақтау үшін бүкіл ел басшыларының (хан, сұлтан, билер, рубасылар, ақсақалдар, батырлар) кеңесе отырып алған міндеттемелерінің жиынтық атауы. Ол – халық алдындағы саяси-әлеуметтік маңызы жоғары міндеттемелер. Ел билеушілерінің елдің – аманатын арқалауы, орындайтын парызы! Қазақ халқында «аманат аман сақтайды» деген ұғымның қалыптасуында, аманат қауіп қатерден сақтайды деген түсініктің астарында ұлттық тәрбиелік мән, берік ұстаным жатыр. Аманат қасиетін екшелеу арқылы саған жауапкершілікті жүктейді. Аманаттың жүгі ауыр!. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөздің тек ер адамға қарата айтылуының өзі аманат жауапкершілігін, елді, жерді қорғау парызын негізінен ер адамдардың мойнына алуымен байланысты.

«Ақүйлі аманат» екіншісі мағынасында жауласушы екі жақтың бірінің талабын екіншісінің бейбіт келісімге келіп орындауы айтылып тұр. Бұл міндеттеме де тек халықтың игілігі үшін қабылданады.

«Ақүйлі аманат» ұғымында «ақүйлі» сөзінің болуы,  билік статусымен, билік мәртебесімен, діни және дәстүрлі танымда «ақ» ұғымының қасиеттілігімен, сондай-ақ, шартты түрде «ханның ақ ордалы үйімен», ханның ақ ордасының ақ киізден болуымен  байланысты. Себебі екі мағынасында да аманатталған міндетке жауапты билеуші топ.

«Ақүйлі аманат» тек тарихи дәуірлерде орын алған ұғым еді. Бүгінгі ел ішінде, еларалық қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуал  Ақордаға «Ақүйлі аманат» ұғымын жүктейді.

Аманат сөз – ант қабылдаумен, ант етумен бірдей.  Ант – қасиетті! Айтылған сөз –  атылған оқ! Аманат сөзіңнің дәлелді  нәтижесі – ісің!.

Аманат зат – саған сеніп тапсырылған, кейін иесіне қайтарылатын дүние.

Аманат адам/аманат бақты – асырауға, өкілдікке берген бала, кепілдікке берілген адам, ұзатылған қыз.

«Амалы бар ма қылатын,

Аманат баққан кісідей,

Егесі келсе аласы» (Базар жырау);

«Әуелі Алла, екіншісі пірлерге баласын тапсырып бір сол дейді» (Қыз Жібек); «Аманатқа Тәуекел ханның туған ұлы Мұрат сұлтан қалады» (М. Мағауин. Аласапыран); «Аманаттың аманатына бастарымен жауап беру – олардың қатты ұстанар қағидасы» (Ә. Кекілбаев. Елең-алаң.).

Қазақ халқы тұтқынға түскен жаушыға да аманат қараған. Дәстүрлі тарихи қазақ қоғамында түрме, зындан, азаптау болмаған, қылмыстысын құн дауы, айып тағумен тезге салған.

Аманат жерлеу – ертеде орын алған қайтыс болған адамды уақытша қойып, ыңғайлы уақытта өсиетіне қарай басқа қорымға жерлеу. Бұл қайтыс болған адамның ақырғы аманатын ұрпақтарының орындауынан туындаған. Қаз дауысты Қазыбекті Семіз Бұғы тауында бір қыс аманат сақтап барып Түркістанға апарып жерлегені аян. Тарихта аманат жерленген тұлғаларымыз баршылық.

Аманат көр – қария кісіге алдын ала қазылып қойылған орын немесе ері мен әйелі бірге қартайып, ұзақ өмір сүріп бірі қайтыс болғанда екіншісіне жанынан орын дайындап қою.

Аманат мал – көшпелі мал шаруашылығы үстем болған қоғамда жылқы үйірі, түйе келесінің бір бөлігін жайлаудан кері көшерде мерзімдік қоныстағы ауылға бағымға қалдырып кету.

Бізге келіп жеткен «аманаттау» ұғымының қайсысы болсын, адамның мойнына алған, міндет-парызын абыроймен орындауымен шешіледі. «Аманаттау» – саған сенім арту! Сенім артуға сенің таңдалуың! Сенің абыройың!

Адам – Жаратқан Иенің аманаты! Діни түсінікте Жаратқан Ие өз аманатын дәм-тұзы таусылған кезде өзі алады. Жанжалдық, зұлымдық, соғыспен адам жанын алу – тарихи дәуір қойнауында қалуға тиіс асқан қылмыс еді. Адам жаны – аманат екені жер бетіндегі барша адамзаттың жадында болуы тиіс!.

Жер, су, табиғат – Жаратқан Иенің адамзатқа аманаты! Жеріңді, Отаныңды қорғау, сүю  – әрбір адамзатқа берілген АМАНАТ!

Тәттігүл Қартай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф

Abai.kz

14 пікір