Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Білгенге маржан 5109 2 пікір 3 Наурыз, 2022 сағат 12:37

Қазақстандағы қайырымдылықтың жай күйі...

Қазақстандағы 2022 жылғы қаңтардағы қанды оқиғаның шығу себептерін жан-жақты сараптар болсақ, оның сан қырлы екені даусыз нәрсе. Атап айтқанда, экономикалық-әлеуметтік мәселелерден бастау алған,  соның ішінде негізі жер қатынастарының дұрыс реттелмеуінен шыққан депрессивті ауылдардың мүшкіл жағдайы, табыстың аздығы, күннен-күнге ұлғайған жұмыссыздық, азық-түлік тауарларының қымбатшылығы, халықтың несиеге шаш етектен батып, оны төлей алмауы, жастардың білім алуы мен мамандығына орай жұмыс табу, баспаналы болу мәселелерінің шешілудің орнына күрделене түсуіне ұласты. Осыларға қоса, елді жайлаған жемқорлық, әсіресе жұмысқа орналасу кезіндегі, бизнес жүргізудегі, несие алудағы әділетсіздіктер болашаққа деген үміттің үзілуіне әкелді.

Ұлттық құндылықтардың жеткілікті дәрежеде насихатталмауы, ұлттық идеологияның қалыптаспауы, жастардың құқықтық тәрбиесінде жіберілген орны толмас кемшіліктер, олардың заң талаптарын білмеуі, жауапкершілікті сезінбеуі, сондай-ақ, жастардың арасында әртүрлі секталық діни ағым өкілдері уағызының еркін және белсенді жұмыс істеуіне, оларға ықпал етуге мүмкіндіктің берілуі мәселенің күрделі де көп қырлы екенін көрсетеді.

Қаңтардағы трагедия Қазақстан қоғамындағы қордаланған әлеуметтік-экономикалық және рухани мәселелермен қатар саяси проблемалардың пісіп жетілуін тездетуге әлемдік пандемияның да әсерін жоққа шығармайды. Олар жылдар бойына жалғасқан жүйелі түрдегі жемқорлық, жағымпаздық пен көзбояушылық кесірінен халықтың мұң-мұқтажы ескерілмей, елдегі өзекті проблемалар шешілмей, билік пен халықтың арасындағы байланыстың жіңішкеріп үзілудің алдындағы тұрғандығының көрсеткішін дәлелдеді. Әсіресе ол байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуімен жалғасып қарапайым бұһараны ширықтырды. Отыз жылдық тәуелсіздік қарсаңында елде революциялық жағдай пісіп-жетіліп, одан әрі ол билік төңірегіндегі топтасқан ықпалды элитаның саяси интригасына ұласты.  Нәтижесі қасіретті қаңтар оқиғасына әкелді. Осындай жағдайлар әлемдік тарихта қайталанып жатса да, өкінішке қарай, біздер одан дұрыс сабақ ала алмадық.

Мақаламызда жоғарыда айтылған түрлі себептердің ішінен трагедиялық жағдайға ықпал етуші бір ғана мәселені бөліп алып, соған тоқталғанды жөн көрдік. Қаңтар оқиғасына дейін де, одан кейін де бізді ойландыратын мәселе мұқтаж жандарға (жеке тұлғалар мен  ұйымдарға  мемлекеттік институттарға) материалдық көмек көрсетуге бағытталған іс-әрекет мәселесі болмақ. Бұл Қазақстанды айтпағанның өзінде әлемдегі дамыған алпауыт елдердің өзін  алаңдатып отырған өзекті мәселе. Ол ізгілікке негізделген қайырымдылық немесе мейірімділік іс-шаралары.

Қайырымдылық - көмекті қажет етушілерге (адам және барлық тіршілік иелеріне) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық - адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді.

Оны әлемдік ғылымда кең ұғымда «филонтропия», ал бізде «меценаттық» деп түсінсек, қазақтар ежелден-ақ, қарапайым тілде «қайырымдылық» деп атаған. Ал енді оның анықтамасын ғылыми әдебиеттерде «филантропия  - мұқтаж тұлғаларға (жеке тұлғалар, ұйымдар мемлекеттік институттарға, мемлекеттерге) материалдық көмек көрсетуге бағытталған іс-әрекет» [1] - деп көрсетеді.  Онымен қаржылық мүмкіндіктері бар бай адамдар айналысады. Әдетте әлемнің ең бай адамдарының әл ауқатын  америка долларымен есептеп, Forbes  қаржылық журналы жариялап тұрады. Мәлімет  бойынша 2001 жылы әлемде 564 миллиардерлер болса, 2019 жылы олардың саны 2153-ке жетті[2]. Cолардың қатарына қазақстандық азаматтар да кіреді. 2019 жылғы мәлімет бойынша біздің елдегі ең бай бес адамның тізіміде бар болды[3]. Бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда бұл ұғым көпшілікке «меценат» ретінде кеңірек танылған. Бірақ, филантроптар мен меценаттардың ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да бар. Ол басқа тақырып, дегенмен қысқаша айта кетейік. Біздің ойымызша меценат өнер адамдарына қамқорлық жасайды, ал филанторп – жалпылама ұғым, ол мұқтаж жандарға қызмет саласына қарамастан көмегін аямайды.

Отыз жылдық тәуелсіздік барысында «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», - деген мақалы қазақ xалқының байлары мен билігіне арналған тікелей арналса да, билік басындағы және соның маңайына топтасқан гибридтенген бизнес-элитаға Президент ашық айтқан 162 адамның қаперіне кірмесе керек. Бұдан олар тіпті қайырымдылық жасамады деген ой туындап қалмауы керек. Әрине, жасады, бірақ ол қандай дәрежеде. Қазақстандық меценаттар бар, олардың жұмыс жасау ерекшеліктері қандай әңгіме осыған байланысты. Анықтама бойынша, «Меценат-өзінің жеке қаражатынан ғылым, өнер, білімнің дамуына ерікті түрде қайтарымсыз материалдық көмек беретін тұлға» [4]. (Бұл атау император Август тұсындағы ақындар мен суретшілердің, өнердің қолдаушысы, яғни спонсоры болған ежелгі этруск отбасынан шыққан Гай Цильниус Меценас (Мекенат; лат. Gaius Cilnius Maecenas) атты рим дворянінің атымен байланысты). Бірақ, жоғарыдағы анықтамаға сай біздің елде жұмыс жасауға мүмкіндік бар ма?

Біздің елде қайрымдылыққа негізделген қорлар құру жағынан ешқандай қиыншылықтар жоқ. Жекелеген тұлғалардың атындағы қорлардан бастап, мемлекеттік, ұлттық қорлар баршылық. Олардың  нақты санын айқындап айту үшін ол жеке зерттеуді қажет етеді. Жекелеген тұлғалардың (ақын-жазушы, батырлар т.б.) атындағы қорлар белгілі сала бойынша танымал қайраткерлердің еңбектерін насихаттауға арналған. Сонымен қатар көптеген арнайы қайырымдылық қорлары да бар. Олар қоғамда қайырымдылыққа, мейірімділікке негізделіп, қиналғандарға көмек көрсету бағытында жұмыс жасайды. Мысалы, көпшілік бұқараға танымал «Бауыржан» қайырымдылық қоры үнемі «Алтын жүрек» атты байқауын өткізіп, демеушілік жасаған ұйымдар мен жекелеген адамдарды марапаттап, өзгелерді де ынталандырып келеді. Сол сияқты «Ерікті Мейірімдік Қоғам» атты қор денсаулығы дімкәс, ауру балаларды емдеуге қаржылай көмек беріп жатқаны мәлім. Ең негізгі мәселе қорлардың санында емес, олардың жұмыс сапасы мен өз міндеттерін адал атқаруында болып отыр. Жекелеген қорлардың жұмысы ерікті түрде жасалатын қоғамдық шаралар. Ол үшін оның жетекшілері ар алдында өздері жауап бере жатар. Еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандырып, дағдарысқа қарсы тұруға арналған «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры мен өндіріске қан жүгіртіп, дамытуға негізделген «Бәйтерек» холдингі өздерінің негізгі миссиясын атқара алмай отырса, Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры, Медициналық сақтандыру қорларының қызметтері алаяқтықпен байланыстылығы көпшілікке мәлім. Біздің бүгінгі әңгімеміз мемлекет есебінен байыған тұлғалардың құрған қорлардың қайырымдылық жасауы жайында болмақ.

Елімізде тіпті 2015 жылғы 16 қарашада Қазақстан Республикасының «Қайырымдылық туралы» Заңыда қабылданды. Онда демеуші, демеушілік қызмет, ерікті қайырмалдықтар, қайырымдылық гранты, қайырымдылық волонтері, меценат, меценаттық қызмет, нысаналы капитал (эндаумент), филантроп, филантропиялық қызмет сияқты терминдерге анықтамалар да берілді.

Біздегі бизнес-элитаға тиеселі қорлар қайырымдылығының басты ерекшелігі төмендегідей:

Біріншіден, Қазақстандық қолында билік пен қатар байлық қатар топтасқан күштілердің қайырымдылығы алпыс айлалы саясатқа негізделді. Ал ол саясаттың басты мақсаты - халықтың сүйіспеншілігін жаулап алу болып табылатыны белгілі. Ол туралы көптеген моральдық шығармалардың авторы француз жазушысы  Франсуа VI де Ларошфуко ХVIII ғасырда-ақ айтқан болатын[5]. Дегенмен, жоғарыда қабылданған заң формальді түрде жұмыс жасап, әсіресе қазақстандық бизнес-элита үшін салықтан жалтарудың заңдастырылған даңғыл жолына айналды. Оған дәлел ретінде көптеген мысалдарды келтіруге болады.

Екіншіден, «Миссиямыз – талантты жастарға көмек көрсету, қоғамдық маңызды әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы қоғамның шексіз әлеуетін дамыту. Ғылым және өнер жолындағы талантты жастарды қолдау үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасауға тырысу» - деген ұранмен жұмыс жасаған Елбасының қорынан бастап саны мен сапасы сәйкес келмейтін көзбояушылыққа негізделген қорлар шындығында қарапайым халықтан алыс болды. Бұл қорлардың ең басты миссиясы өз байлықтарын қайткен күнде сақтап қана қоймай оны еселеп көбейтуге негізделгендей.

Үшіншіден, соңғы жылдары азаматтық қоғамда «Қайырымдылықты көбіне Алла жолында жүргендер жасауға тиіс»-деген теріс ұғымдар қалыптасты. Қазақстанда қайырымдылық - қадірлі іс екенін тек шіркеулер мен мүфтияттардағы жәй бір уағыз ретінде қабылданды. Жалпы, мемлекеттік саясатта осыған тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді.

Қайырымдылық - жеке тұлғаның бойындағы ең жағымды қасиеттердің бірі болып есептеледі. Ондай адам үшін рухани құндылықтар материалдық құндылықтардан жоғары тұрады. Олар өзінің жанашырлығымен және таза ниетімен ерекшеленіп, мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне немқұрайлы қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады. Бүгінгі таңда өкінішке орай, қолы ашық, жомарт азаматтардың саны азайып келеді, адамдар кез-келген жағдайда, бірінші кезекте өз пайдаларын ойлап тұрады.

Ашкөздік пен сараңдықтан алыс болып аулақ жүрмесек, игі істер жасамасақ, адамдық кейпімізді жоғалтып алу қаупі бар. Жомарттық қасиеті бар қайырымды тұлғаларды ұнатпайтын адам кемде-кем. Ондай тұлғалар адамдармен тек материалдық құндылықтарымен ғана емес, сонымен бірге жан дүниесінің руханилық байлығымен де бөліседі. Қайырымды адам жақсы істерді көпшіліктің алғысын алу үшін жасамайды, ол мұқтаждарды кішкене болса да бақытты еткісі келеді. Қолында тұрған зат өзіне қажет бола тұра, оны артық сөз айтпастан қиналмай басқаға бере алатын тұлға. Біз осындай керемет жандарды үлгі тұтып шын құрметтекуге тиіспіз. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жастар «мейірімділік» деген сөзді сирек естиді және мағынасын толық түсінбейді. Ол мемлекеттік дәрежеде өзекті деп қарастырылмаған. Біздің ойымша, мейірімділік дегеніміз – қиын жағдайға тап болған адамға шын жүректен қолдау көрсетіп, басқа адамның бақыты үшін өз уақытыңды, ақшанды немесе денсаулығыңды құрбан ету. Жасөспірімдердің арасында  қатыгез, өзімшіл және мақтаншақ балалардың саны артып барады. Үлкен адам сүрініп немесе құлап қалса, оны демеп, қолдаудың орнына, ұялы телефонның камерасына түсіру бірінші кезекте тұрады. Сондықтан, ата-аналардан бастап балалардың, жалпы қоғамдық тәрбиеге мемлекет ерекше көңіл аударуы керек.

Өз кезегінде «Өзін ғана ойлаған, Жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі. Үлгілі сөз білмеген, Надандықтың белгісі. Бар-жоғына қарамас, Анық жомарт, ер кісі»[6] - деп айтып кеткен сауаты болмаса да, даланың дара ділмары болған Біржан салдың шәкірті Шағырай Төбетұлы өз ұрпағының ХХI ғасырда осы қаңтар қырғынына тап болатынын болжап кеткендей. Осы өлең жолдары арқылы адам санасына қайырымдылыққа негізделген жомарттықтың қандай екенін көрсеткен.

Ал қазақта  күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың»-деудің  мәніне тереңірек үңілсек, онда олар адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, қарапайым адам үшін төрт құбыласы тең болудан артық бақыт жоқ дегенді білдіреді.

Осы бақытқа барар жолдағы жіберілетін қателіктерге тоқталсақ. Шындығында, ол біз ашып отырған жаңалық емес, бірақ, өмір көрсетіп отырғандай әлемдегі ең бай филантроптардың жіберетін 5 қателігінің Қазақстанда да толықтай қайталануы осы қаңтар оқиғасының негізгі  себебінің бірі  деп ойлаймын.

Бүкіл әлемде әлеуметтік кәсіпкерлікпен және қайырымдылықпен айналысатын бизнесмендердің саны күн санап артқанымен, жаңадан бастағандардың барлығы дерлік бірдей қателіктерді қайталап, ал олардың аздаған бөліктері ғана сәтсіздіктерге төтеп беріп,  қателіктерді жібермей, одан аулақ бола алады. Филантропиялық стратегияны жасаудың шебері және осы мәселе жөніндегі Forbes журналының кеңесшісі Крис Патнэм-Уокерлидің  филантроптар мен жеке қор құрылтайшылары жіберетін ең басты қателіктерге тоқталайық.

№1 қателік: немқұрайлы көзқарас

Өзіңіздің қорыңызды ашып, команда жинап, анда-санда іште болып жатқанды бақылап отыру жеткілікті - және сізді қазірдің өзінде меценат деп атауға болады деген кең таралған миф бар. Бай адамдар қайырымдылықпен айналыса бастағанда, неге екені белгісіз, бұл бизнес сияқты ауыр жұмыс емес деп ойлайды. Немесе олар табысты бизнес құрғандықтан, олар жетімдік немесе үйсіздік мәселелерін қалай шешуге болатынын жақсы біледі. Бизнесте әркімнің стратегиясы бар, адамдар үнемі жаңа нәрселерді үйренеді, кеңес береді, форумдарға барады, зерттеулерге тапсырыс береді, ал қайырымдылық қорына келгенде, олар өз бетімен өмір сүре алады деп ойлайды. Табысты және тиімді филантроп болу үшін дамумен айналысу керек. Өзіңізді филантроп ретінде инвестициялау, қызметкерлерге, жұмыс істеп тұрған қамқоршылар кеңесін құруға, инфрақұрылымға, стратегияны қалыптастыруға инвестициялау маңызды – барлығы уақыт пен ақшаны талап етеді.

№2 қателік: жабықтық

Қайырымдылықтың дамуына қорқыныштың әртүрлі түрлері үлкен кедергі жасайды. Сіздің атыңызға айтылған сынды есту, қайырымдылықпен айналысып жатқаныңызды мойындау, ақшаңыз туралы айту. Барлығы жомарт адамдар ретінде көрінгісі келеді және сыннан қатты қорқады, сондықтан көптеген меценаттар өздерінің қорларын жария етпей, өздерінің ұяшығында отыруды жөн көреді. Бірақ, өкінішке орай, тиімді филантропияны осылайша үйрену мүмкін емес. Егер сіз ешкіммен араласпасаңыз, ұйым дамуын тоқтатады.

№3 қателік: жауапсыздық

Үлкен байлық - үлкен жауапкершілік. Ірі капиталдың барлық иелері ақшаның зиянды болуы мүмкін екенін түсінбейді және көмек әрқашан олар ұсынған нысанда пайдалы бола бермейді. Біз адамдардың ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қарастыруымыз керек. Көмек көрсетудің салдары және ақшаның нақты не істей алатыны туралы ойланбасқа болмайды. АҚШ штатындағы ірі донор аурухананың жанынан испандық қауымдастық үшін аурухана салды, ол да испандықтарға көмектесті. Соның салдарынан біраз жылдан кейін сұраныс болмағандықтан жабуға мәжбүр болды. Көбінесе адамдар қызметтерді тұтынушылардың нақты білімі мен сауалнамасымен расталмаған жобаларды өз идеялары негізінде таңдайды.

№4 қателік: стратегияның болмауы

Адамдар қайда бара жатқанын білмеген кезде, ілгерілеу және даму принципі мүмкін емес. Көптеген филантроптар барлығына бірден көмектескісі келеді және бір нәрсеге шоғырланбайды, бірақ екінші жағдайда қор мен оның негізін қалаушының мақсаттары мен стратегиясы қандай екенін түсіну маңызды. Стратегияны құрастыру ешқашан кеш емес және алдағы 10 жылды жоспарлаудың қажеті жоқ. Дегенмен, ұйымның екі-үш жыл ішінде қандай әлеуметтік нәтижеге қол жеткізгісі келетінін, құрылтайшының болашақта қандай қайырымдылық түрін жасағысы келетінін түсіну маңызды. Мұндай сұрақтарды екі-үш жыл сайын өзіңізге қойып, басымдықтарды белгілеп, бағдарламаларды ойластырып отыру маңызды.

№5 қателік: бюрократия

Көбінесе ірі ұйымдар нағыз бюрократиялық кеңселерге айналады. Олардың миссиясы мен стратегиялық жоспары бар, олар өте ұзақ уақыт шешім қабылдайды бірақ алға жылжымайды. Құрылтайшылардың келісімінсіз маңызды шешім қабылдай алмайтын қорлар бар және олардың уақыттары жоқ қолдары тимейді,  тым бос емес адамдар, сондықтан олармен байланысу үшін бірнеше ай қажет.

Бюрократия қор ашық болғысы келгенде де дамиды, бірақ сонымен бірге тым көп құжат жасайды. Бір қор кеңесші шақырмас бұрын сектор мамандарынан кемінде үш толық ұсыныс алуы керек. Бұл ашықтық үшін маңызды ма? Жоқ. Бұл сіздің және сарапшылардың уақытты босқа кетіруіне әкеледі.

Көбінесе құрылтайшылар күрделірек нәрселерді қарапайым етудің орнына қарапайым нәрселерді қиындатып жібереді. Бір отбасылық қор қайырымдылық жоспарын жасап, қайырымдылыққа басымдық бермек болды дейік. Ал жоспар бойынша жұмыс екі жылға созылуы керек еді. Бүкіл отбасы жылына бір –ақ мәрте кездесіп, бір рет телефонмен сөйлесетін болып шықты. Олар бір жыл кеңесші іздеуді, ал екінші жылы жоспарды талқылауды жоспарлайды делік. Қазіргі әлем тым жылдам өмір сүреді: сондықтан да, өзгерістерге ілесу, үйрену, өзгерту маңызды[7].

Жалпыға ортақ Крис Патнэм-Уокерли  айқындаған немқұрайлы көзқарас, жабықтық, жауапсыздық, стратегияның болмауы және бюрократия салдарынан  және біз көрсеткен қазақстандық бизнес-элитаға тән кемшіліктердің салдарының әсерінен де елімізде қаңтар қырғыны орын алды.

Жалпы, қорытындылай келе, қазақ байлары қайырымдылықтың дәстүрлі тамырынан айырылып тәуелсіздік алған соңғы 30 жылда Қазақстанда жаңа қалыптасқан билік төңірегіндегі жергілікті бизнес-элита олигополиялға айналғанымен нағыз меценатқа немесе филантропқа айналып үлгермеді. Ол туралы президент Қ.К.Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейінгі телевидениеге берген алғашқы интервьюінде «көршілес Өзбекстанның  байлары шетелде жасаған жеке қаражаттарымен келіп өз Отандары үшін не жасау керек деп Президенттен сұраса, біздің байлар Қазақстанда жасаған қаражатты шетел асыруға тырысады» [8]деген пікірді айтуға мәжбүр болды.

Жақында ғана, Президент Қ.К.Тоқаев халықтың барлық тобының табысы экономиканың өсуімен қатар жүруі қажет екенін, бірақ бүгінгі ел жағдайында бұлай еместігін, тек олигархтар табысы ғана еселеп өсіп келгенін, еркін нарық шектеліп, өзіндік олигополия қалыптасқанын ашық айтты. Оны ғалымдар мен қатар жоғары билік эшолонындағы адамдар да жоққа шығармайды. Осыған байланысты елдің «жаңа экономикалық тұғырын» қалыптастыруды қолға алып, заманауи әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құрып, дамытуды мақсат етіп қойды. Қазақстан азаматы  ретінде әрқайсымыз қаңтар оқиғасынан сабақ ала отырып, сапасы жоғарыда көрсетілгендей бизнес-элитаға иек артпай, Президентімізді қолдап, бірлігімізді көрсетіп, ел дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б. ISBN 9965-808-89-9

2.  https://www.forbes.com/billionaires/#22d047ae251c

3. Қазақстанның ең бай 50 адамы

4. Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона : в 86 т. (82 т. и 4 доп.). - СПб., 1890-1907.

5. Франсуа де Ла Рошефуко (1613-1680) – көрнекті француз жазушысы және мораль философы. Ол әлем әдебиеті тарихына еуропалықтардың көптеген ұрпақтары үшін күнделікті философияның кодына айналған «Максимы» афоризмдер жинағының авторы ретінде белгілі.

6. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том 18 бөлім

7. Ольга Павлова // Медвежья услуга: пять главных ошибок богатейших филантропов. (Крис Патнэм-Уокерли )  Forbes Contributor

8. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Хабар-24» каналының тілшісіне берген сұхбаты 29.01.2022

Жомарт Құдайбергенұлы Симтиков,

саяси ғылымдарының докторы

Abai.kz

2 пікір