Сенбі, 20 Сәуір 2024
Күбіртке 4423 34 пікір 2 Наурыз, 2022 сағат 17:05

Қошанов: Оқ атуға рұқсат беруді қолдадым...

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қаңтар оқиғасы кезінде билік тарапынан неліктен оқ атылғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, антитеррористік операция жүргізу туралы шешім Қауіпсіз кеңесі отырысында қабылданған.

«Біз мұны дұрыс түсінуіміз керек. Өйткені бұл террористік шабуыл болды. «Оқ ату»,  «антитеррористік операция» деген Қауіпсіздік кеңесінің құқығына кіреді. Сол бойынша шешім қабылданды.

Әскерилердің, құқық қорғау органдарының өміріне, мемлекеттің конституциялық құрылымына қауіп төнген жағдайда және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде оқ атуға рұқсат бар», - деді Қошанов.

Қошанов өзі де антитеррористік операцияны қолдағанын айтты.

«Біз неге қолдамауымыз керек? Бүкіл Қазақстан куә, сол кезде мемлекеттің тағдыры қыл үстінде тұрды. Әсіресе, Алматы, Талдықорған, Тараз қалалары. Осы шешім қабылданбағанда, жағдай басқаша болатын еді. Мен биліктің өкілі ретінде бар жауапкершілікті алып, сіздерге айтып тұрмын. Билік қаңтар оқиғасынан кейін барлық шындықты айтып отыр. Ешбір жасырып қалған мәселе жоқ», - деді спикер.

«Тергеу неге ұзаққа созылды»? ,-деген сұраққа спикер оқиғадан кейін көп уақыт өтпегенін алға тартты.

«Екі ай ғана өтті. Бұл өте ауқымды терракт. Мыңдаған адам қатысты. Мұның бәрін дәлелдеу керек. Қандай да бір адамды кінәлау үшін дәлелдер керек. Сондықтан, бұл өте үлкен жұмыс. Менің ойымша бұл тез бітетін нәрсе емес», - деп Норвегиялық қылмыскер Брейвиктің қылмысын дәлелдеу үшін жарты жыл уақыт кеткенін мысалға алды.

«Сондықтан бұл қазіргі уақытта прокуратурамен құқық қорғау органдары айналысып жатқан өте үлкен күрделі мәселе», -деді Қошанов.

Abai.kz

34 пікір