Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Алашорда 4773 5 пікір 28 Ақпан, 2022 сағат 17:19

Қазақ ұлттық ренессансы және Ахмет Байтұрсынұлы

Қазақтың мұңын жеткізетін, әлеуметтік жайын, қоғамдық қарым-қатынастарын көрсететін бірден-бір халықтық мінбер сөз өнері болғандықтан, олардың баршасы әдебиеттен көрініс тауып жатты. Сондықтан да Қазақ Ренессансы өзінің толық мазмұнын осы сөз өнерінен тапты. Дегенмен Ренессанс сияқты аса ірі құбылыстың бір ғана сөз өнерінен байқалуы аздық ететін еді. Осы құбылыстың барлық негізгі сипаттарын көрсетуі үшін ол басқа салаларды да қамтымақ. ХХ ғасыр басында қазақ ойы өрісінің кеңеюі, жазба әдебиет жанрларының қалыптасуы, ғылымның тууы, театр өнерінің дүниеге келуі, ең бастысы, осыларды қалыптастыратын қазақ зиялы қауымының шоғырлануы ренессанстық белгілер болатын.

Әрбір халық өзінің тарихында даму үдерісіне және деңгейіне орай  Жаңғыру дәуірін өткізеді. Әлемдік тарихнамада ол «Ренессанс» атауымен белгілі. Ренессанс әсіресе, өркениетті елдердің тарихында толығырақ зерттелген. Осыларды зерделейтін болсақ, онда Ренессанс құбылысының үш түрлі типін аңғарамыз. Біріншісі – VIII ғасырдан  ХІІІ ғасырға дейін жалғасқан Ислам дінінің адамгершілік қағидаларына негізделген және ғылымның көптеген салалары ерекше дамыған «Исламның алтын дәуірі» немесе «Мұсылман Ренессансы» деп аталатын Еуропаға тікелей ықпал еткен Жаңғыру дәуірі. Екіншісі – антропоцентризмге негізделген ХІV ғасырдан ХVІ ғасырдың ортасына дейін созылған Батыс Еуропадағы Ренессанс. Үшіншісі – отарланған халықтардағы алдымен ұлттың жағдайына, содан кейін адамның хәліне гуманистік көзқарас танытқан ренессанстық құбылыс. Әлемдік тарихтағы қалыптасқан осындай даму ерекшеліктерін ескеріп, біз Қазақ Ренессансын осы құбылыстың үшінші типіне енгіземіз. Сол себепті де біздің ұлттық Ренессансымыз туралы айтқанда, оны ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысымен тікелей байланыстырып, оны саяси-қоғамдық және мәдени үдерістері контекстінде қараймыз. Бұл Ұлттық Ренессансты ұғыну мен оған баға берудің ең басты алғышарты десе болғандай.

Мұсылман Ренессансы дәуірінде араб әлемінде білім беру, ғылым, әдебиет, өнер, мәдениет айрықша дамыды. Бағдат, Каир, Дамаск, Бұхара, Газна, Самарқанд, Хорезм, Исфахан, Нишапур, Балх, Кордова, Тебриз сияқты қалалар әлемнің ірі білім мен мәдениет ошақтарына айналды. Әлемдегі ең алғашқы университет те Мұсылман елінде ашылды. Ол 859 жылы мароккалық ханшайым Фатима аль-Фихри Фесе қаласында ашқан алғашқы университет. Ал оның алдында ІХ ғасырдың 20 жылдары Бағдатта «Бейт аль-Хикма» атты Ислам академиясының негізі қаланды. Халиф әл-Мамұн ашқан бұл «Даналық үйіне» ғалымдардың айтуынша, Орта Азиядан, Ираннан көптеген оқымыстылар келіп жұмыс істеген. Білім мен ғылымның ренессанстық дәуірде шамшырағы болған бұл қалаларға Еуропаның, Азияның, Африканың көптеген елдерінен оқымыстылар жиналды. Солардың бірі қазақ даласынан келген әл-Фараби. Энциклопедиялық білімі, ғылыми еңбектері оны Исламның Алтын Дәуірінің көрнекті тұлғасы етеді.

Жалпы Мұсылман Ренессансы Батыс Еуропадағы Ренессанстың тууына, қалыптасуына айрықша ықпал жасады. Бұл жөнінде американ ғалымы Г.Тернер: «Мұсылман суретшілері және ғалымдары, жұмысшылары мен князьдары бірегей мәдениетті жасады, ол барлық құрлықтарға тікелей және жанама  әсер етті» деп баға берді [1].

Еуропадағы Ренессанс тұсында адамзат баласының халықаралық қатынастары ерекше дамыды. Бұл ұлы географиялық ашылулардың дәуірі болды.  1492 жылы  Христофор Колумбтың Американы, 1498 жылы  Васко да Гаманың Үндістанға баруы, 1522 жылы  Фернан Магелланның бүкіл жер шарын аралап шыққан атақты экспедициясы секілді мысалдардың өзі-ақ ренессанстық дәуірдің адамзатқа не бергенін жақсы түсіндіре алады деп ойлаймыз. Оларға қоса, Ренессанс өкілдері қатарында Данте, Галилей, Коперник, Бруно, Монтень, Роттердамский, Макиавели, Кампанелла,  Шекспир, Сервантес,  Микеланджело, Леонардо да Винчи сияқты адамзаттың ақыл-ойына, жалпы танымына аса зор үлес қосқан тұлғаларды атасақ, бұл дәуірдің өркениет тарихындағы маңызы аңғарылатын болады.

Мұсылман Ренессансында, одан кейінгі Батыс Ренессансында алдыңғы қатарға адам, адамның адамгершілігі, моралі, ойы, әрекеті, сезімі шықса, қазақ сияқты отарланған халықтың жаңғыруында ұлт пен адам тығыз сабақтастықта көрінді. Бұл отарланған Азия, Еуропа, Америка халықтарының барлығына да  тән ерекшелік. Мысалы, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы Үндістандағы Бенгал Ренессансын айтуға болады. Оның басты тұлғасы Р.Тагор болды. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдағы Болгариядағы осындай жаңғыру «Болгар Ұлттық Ренессансы» деп аталды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге боларлық. Жалпы мұндай халықтардағы Ренессанс дәуірі ұлт-азаттық қозғалыспен бірге жүретінін аңғару қиын емес.

ХХ ғасыр басында қалыптасқан Ояну дәуірін «Қазақ ұлттық Ренессансы» деген дұрыс. Себебі ілгеріде жазғанымыздай қазақ Ренессансында алдыңғы қатарға тұтас ұлт шықты. Адам сол тұтас ұлттың ауқымында қарастырылды. Алаш қозғалысы өзіне дейінгі барлық қозғалыстардан басты айырмасы, қажет болса, тіпті артықшылығы – оның интеллектуалдық-мәдени  қозғалыс болуында. Әлбетте бұл Алаш қозғалысы саяси бағыттағы күрес дегенімізбен, оның негізінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында заманауи білім алған қазақ зиялылары тұрды. Олардың ішінде гуманитарлық білім алғандардың үлесі үлкен болды. Егер қозғалыс жетекшісі Әлихан Бөкейханды саяси көсем дер болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы рухани көсемі болды. Қазақ ұлттық Ренессансының антропоцентристік, адамгершіл мұраттарын Абай тұлғасы және оның шығармашылығы дайындағаны белгілі.

Қазақ ұлттық Ренессансы өзінің тарихи миссиясына тән, біздің ойымызша, бірнеше ренессанстық тұлғаларды тудырды. Ренессанстық тұлға дегеніміз кім және қандай сипаттарымен ерекшеленеді деген сауалды қояр болсақ, онда былай деп жауап беретін едік. «Ренессанстық тұлға» дегеніміз адамның, халықтың адамгершіл болмысын бейнелеген және оны кеңінен насихаттаған, гуманистік идеяларды шығармашылығы мен  күресінің арқауына айналдырған ұлттың тарихы мен мәдениетіне, өнеріне, білімі мен ғылымына үлкен бетбұрыс жасаған тұлға.

Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік, шығармашылық тұтас өмірбаяны оны аса ірі ренессанстық тұлға етеді. Егер Ақаңның Алаш қозғалысы тұсындағы зор қайраткерлігін, ұлттық мектепті қалыптастырудағы ұстаздығын, ғылымның негізін салушы болғандығын, дәуір ұранына айналған көркем шығармалар мен публицистикалық еңбектер жазғандығын жіктейтін болсақ, онда оның жан-жақты тұлғалық қасиеттері Ренессанстың ең негізгі бағыттарын анықтағанын аңғарар едік. Ақаңды «Ұлт ұстазы» деуіміздің астарында оның осындай дәуірлік көшбасшы болғанына лайықты бағамыз жатыр. «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деген Мұхтар Әуезовтің бағасы оның ренессанстық тұлғасын танытады деп ойлаймыз [2, 69]. Жалпы Әуезовтің осы мақаласында Алаш қозғалысына байланысты еш нәрсе айтылмаған. Кеңестік кезеңдегі заманның райы Мұқаңа оны айтудан сақтандырған.

Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлғасын қалыптастырған алғышарттар оның ренессанстық тұлға болуына тікелей қатысты. Біздің ойымызша, ондай алғышарттар қатарында мыналарды атауға болады. Біріншіден, ол бала кезінен отаршылдықтың зардабын көріп өскен адам екенін «Анама хат» өлеңінен және зерттеулердегі өмірбаяндық деректерден жақсы білеміз. Екіншіден, Ақаңның ат жалын тартып азамат болып қалыптаса бастаған кезеңінде ұлт оқығандары шоғырланып, отаршылдыққа қарсы күресті бастады. 1905 жылғы Ресейдегі төңкеріс, бостандық идеялары, қазақ жеріндегі алғашқы құзырхаттар, саяси басқосулар және осылардың нақ ортасында Ахмет Байтұрсынұлының болуы оған белсенді қатысуы оны қайраткерлік жолға түсірді. Мысалы, «Қарқаралы құзырхаты», «Қарқаралы шеруі». Осы кезеңде оның Ә.Бөкейхан, Ж.Ақбаев, М.Дулатов сияқты ұлтының тағдыры үшін күрес бастаған тұлғалармен  адами, рухани және саяси серіктігі ортақ мүдде үшін қайраткерлік тұлғасын қалыптастыра бастады. Бұл мәдени, ағартушылық күреске ұласып, 1913 жылы «Қазақ» газеті бетінде саяси-қоғамдық күреске, 1917 жылдың көктемінен бастап саяси күреске ұласты. Нәтижесінде аталған Алаш көсемдерінің және тағы да басқа қайраткерлердің күресі арқасында саяси мазмұндағы облыстық, уездік қазақ сиездерін, І, ІІ жалпықазақ сиездерін өткізуге, «Алаш» ұлттық партиясының бағдарламасын жариялауға, партияның Семейден бастап бірнеше өңірде комитеттерінің ашылуына, Алашорда үкіметінің құрылуына, Алаш автономиясына  алып келді. Үшіншіден,  Ренессанстың басты белгілерінен саналатын білім мен ғылымның қазақ даласына кеңінен таралуына, қалыптасуына Ақаң тікелей атсалысқанын баршамыз білеміз. Оның ана тілінде білім беруді насихаттауы және тікелей соның мазмұнын жасауы, тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме сияқты ұлттық ғылымның негізін қалауы, сондай-ақ ғылыми мектеп қалыптастыруы нағыз ұлттық  Жаңғыру болды. Төртіншіден,  «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтары арқылы гуманистік идеяларды, атап айтқанда тұтас халық пен жеке адамның болмысы мен бейнесін адамгершіл мұраттар негізінде көрсетті. Бұл ретте Абайдың ұлы гуманизмін Ахмет Байтұрсынұлына ықпал еткен идеялық-көркемдік фактор екенін атауға тиіспіз. Бесіншіден,  ол халықтың мәдени деңгейі артып, басқа халықтармен мәдениет жағынан теңескенде ғана рухани бостандық пен саяси азаттық болатындығын еңбектерінде жиі қайталап жазды. Бұл да Ренессанстың үлкен ерекшеліктерінің бірі.

Әрі қаламгер қайраткер тұлғалардың өмірлік мұраты олардың жазғандарынан айқын көрініс табатыны сияқты, Ақаңның да азаматтық болмысы оның шығармаларында баяндалды дейміз. Қайраткер ақын:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім... [3, 105]

дейді әйгілі өлеңі «Адамдық диқаншысында». Жалпы осы өлеңнің атауы сияқты оның мазмұны да Ақаңның ренессанстық тұлға ретіндегі автопортреті. Сондай-ақ: «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі», «Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы», «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер» [4, 220]. деген және тағы да басқа қаншама сөздері оның зор адамгершіл тұлғасын аңғартады. Егер Ақаң ұлтын соншалықты сүймесе және ондай перзенттік махаббат телегей білім, зор жігер және қажырлы қайратқа сүйенбесе, дүрбелең кезеңде туған елі мен халқы үшін өмірін қатерлі тәуекелге тікпес еді. Ұлт мұраты үшін әлдеқайда күшті, зорлықшыл үкіметке қарсы күреске шыққандардың барлығы да үлкен тәуекелшіл тұлғалар. Осы тәуекелдің  арқасында Ақаң сияқты реформатор тұлғалар халқының даму бағытын тың арнаға бұрып, жаңаша тарих жасағандар. Бұл әлем тарихындағы барлық Ренессанстарға тән құбылыс.

ХХ ғасыр басындағы  Қазақ ұлттық Ренессансының гуманизмі отаршыл Ресей империясының антигуманизміне деген қарсы реакция. Бұл жөнінде Ақаңның саяси және рухани серігі М.Дулатов: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз көрінгеннен соққы жегеніміз еді» деп жазған еді [5, ].

Отаршылдық антигуманизмнің бастапқы кезеңінде қазақ сан рет көтеріліске шығып, халықтық абыройы мен намысын қарудың күшімен қайтармақ болғанын да тарихтан жақсы білеміз. Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы және тағы да қаншама жүздеген көтерілістер жеңіліс тапты. Алаш зиялылары осындай оқиғалардан қорытынды шығарып, ХХ ғасыр басында саяси және мәдени күресті таңдады. Бұл сол кездегі тарихи мүмкіндіктер шегіндегі ең дұрыс таңдау болатын.

Тарихи деректерден Алаш қозғалысына тыйым салынған уақыттан соң тағы да туған халқының амандығы мен тағдыры үшін Ахмет Байтұрсынұлының төңкерістік комитет құрамына енгенін білеміз. Осы кезде ол кешегі империалистік мазмұндағы сияқты тағы да антигуманизмді көрді. Ол қазақ сияқты халықтарға әлі де шекесінен қарайтын, сонымен бірге таптық платформадағы антигуманизм еді. Билікке жаңадан келген большевиктердің осындай антигуманизмі Ақаңның «Төңкеріс және қырғыздар», «Ленинге хат», «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» еңбектерінде жан-жақты баяндалды. Айталық, орыс тілінде жазылған «Төңкеріс және қырғыздар» мақаласында қазақтың жағдайын баяндай келе: «Олар бірінші төңкерісті қаншалықты шаттықпен қарсы алса, екінші төңкерісті  соншалықты үреймен қарсы алды...  Бірінші төңкерістің дұрыс түсіндіріліп, қуанышпен қарсы алынуы қырғыздарды патша үкіметінің езгісі  мен зорлығынан құтқарса, екіншіден, олардың мәңгілік арманы – өзін-өзін басқаруға деген үмітін күшейтті... Қазан төңкерісі өзінің сыртқы әрекеттері арқылы оларға қорқыныш билетті» деп жазды [6]. Большевиктік антигуманизмді айыптау, оның жоғарыда аталған еңбектерінде тікелей жалғасын тапты. Мысалы «Ленинге хатында»: «...жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, құйтырқы саясатқа салып, еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын кеңестер негізінде құруына туысқандық көмек көрсетуді ұсынбай, қайта оларға әр түрлі қулықпен өз үстемдігін танытып отыр» [7,23 ]. десе, «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» мақаласында: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни, халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес» [4,182]. деп ұлт зиялыларының объективті болмысын дәл көрсетеді.

Қазақ ұлттық Ренессансын қалыптастырған тұлғалардың көпшілігі әмбебап тұлғалар еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап келесі жас буын өкілдері Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезовке дейін ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, әсіресе, мәдени күресте туған халқы үшін тарихи үлкен дәуірлік жұмыстар атқарғанын баршамыз жақсы білеміз.

Сол кезеңде жарық көрген әйел теңдігіне байланысты өлең, поэма, әңгіме, повесть, роман жанрларының пайда болуы да қазақ қоғамындағы гуманистік идеяның өрістеуімен тікелей байланысты екенін айтуға тиіспіз.

ХХ  ғасыр басындағы Алаш әдебиетінің өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де әдебиеттен үлкен айырмашылықтарының бірі – ондағы көркемдік әдістердің, соған орай әдеби ағымдар мен бағыттардың алуандығы. Мұндай әдеби құбылыс қазақ ойының өмір шындығын бейнелеудегі алуан көркемдік және идеялық тәжірибелерін аңғартса керек. Адамды, қоғамды әр қырынан ғана емес, әртүрлі көркемдік әдістер арқылы бейнелеу ұлттық сөз өнердің өскенін көрсетеді. Осы кезеңде туып қалыптасқан сентиментализм, символизм, натурализм һәм дәуірдің ең басты көркемдік әдістері болған романтизм мен реализм және олардың ішкі ағымдары әдебиет өкілдерінің өмірді әртүрлі ракурста, әртүрлі көркемдік шешімдер арқылы танығанын паш етеді.

Ұлттық Ренессанс тұсында алғашқы ұлттық әліпби, жазудың орфографиялық нормалары, жаңа әдеби, публицистикалық жанрлар қалыптасты. Сөз өнерінің өскендігін байқататын әдеби сын пайда болды. Қазақ баспасөзі, қазақ театрының негізі де осы кезеңде қаланды. Алғашқы тарихи мақалалар жазылды. Кеңес дәуірінде жарық көрген тарихи кітаптардың авторлары да Алаш қозғалысына қатысқан Мұхаметжан Тынышбаевтың, Санжар Асфендияров сияқты қайраткерлер болды. Сол сияқты математика, медицина, физика, геометрия, география, биология, химия тағы да қаншама ғылым салалары Алаш зиялыларының ойы мен еңбегінің жемісі екені бүгіндері бағалануда.

Ұлттық ғылымның туып қалыптасуы сол халық үшін қашанда аса ерекше құбылыс. Ол халықтың есейгенін, ақыл-ойының жаңа сапалық деңгейге  көтерілгенін  айқын көрсететін мысал. Білімі мен ғылымы бар халық әлемдегі заттар мен құбылыстардың сырлары мен құпияларын тани бастайды, оның өмірі мейлінше жеңілдеп білімінің арқасында жаңа кәсіптер мен мамандықтарды игереді. Оны өміріне жарата бастайды. Бұл үлкен жетістік. Жүздеген жылдар бойы таза аграрлық ұлт болып келген қазақтың  халықтық санасы ұлттық Ренессанс кезеңінде әжептеуір өсті. Алаш қозғалысын қалыптастырған зиялылар Мәскеу, Петербор, Ыстамбұл, Каир, Варшава, Қазан тағы да басқа ондаған қалалардың жоғары оқу орындарында білім алды. Олар тарихымызда осындай жоғары білім алған ең алғашқы кәсіби мамандар еді. Лайықты білім алу, сол білімді халықтың қажетіне жұмсау сияқты саналы әрекет Алаш зиялыларының барлығына тән азаматтық, қайраткерлік кредо іспетті болды.

Ренессанстық белгі ретінде қазақ баласының жалпы әлемдік кеңістікті тануы да осы кезеңнен басталады. Әлбетте, қазіргідей Қазақстан Республикасы сияқты әлемдік қауымдастықтың теңқұқылы субъектісі, яғни дербес мемлекет болмағаннан кейін Алаш зиялылары мұндай ғаламдық кеңістікке мемлекеттің атынан емес, қазақ халқының атынан шықты. Бұл үдеріс ең алдымен қалыптаса бастаған жазба әдебиетінен көрінді. Атап айтқанда, публицистикалық мақалаларда, ғылыми еңбектерде, ал әдебиетте аудармалар арқылы аңғарылады. Халқының азаттығы үшін күреске шыққан Алаш азаматтарының Ресейдің көптеген қалаларында, сонымен бірге Варшавада, Стамбулда, Мысырда оқуы Ғабдолғазиз Мұсағалиев сияқты азаматтардың Үндістан, Пакистан, Индонезия, Жапония сияқты елдерді аралауы қазақтың әлемді тануына кеңінен жол аша бастады. Ұлт-азаттық көтеріліс қайраткерлері Жапония, Германия, Америка тағы да басқа мемлекеттер жөнінде танымдық еңбектер жазды. Олардың мақсаты өнерге, білімге, кәсіпке бет қойған жұрттарды қазаққа үлгі ету еді. Көркем әдебиетке келсек, Алаш көсемдері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлынан бастап барлығы дерлік аудармамен шұғылданды. Осы кезеңде Будда, В.Шекспир, В.Гюго, Мопасан, А.Дюма, Р.Тагор, Дж.Лондон және тағы да басқа шетел классиктері қазақ тіліне аударылды.  Алаш зиялыларының публицистикалық, танымдық, ғылыми еңбектерімен танысу барысында олардың дүниежүзінің тарихынан мол мағлұматы болғанын және сол дәуірдегі саяси, қоғамдық, мәдени оқиғалардан жақсы хабардар екенін анық аңғаруға боларлық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Золотой век Ислама // https://ru.wikiquote.org/wiki/
  2. Әуезов М. Шығармаларының елу    томдық    толық    жинағы.    –    Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 2014
  3. Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. 1 т. – Алматы: «Ел шежіре» – 2013
  4. Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. 5 т.– Алматы: «Ел-шежіре», – 2013.
  5. Дулатов М.Бес томдық шығармалар жинағы.
  6. Байтурсынов А. Революция и киргизы. Жизнь национальностей. №3, 1919
  7. Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. 6 т. – Алматы: «Ел шежіре» – 2013

Ербол Тілешов,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

5 пікір