Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7539 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 14:32

Кедейлік психологиясынан арылмай, қазақ қалай байысын?!

 

Арамтамақ! Қиянатшыл! Қалтасы бар, түбі жоқ! Қанаушы! Сұмдық-ай, қазақ неге бай десе бірден осылай тітіркенеді де қалады? Әйтеуір әл-ауқаттыларымыз жайлы жақсы сөзге сараңбыз, есесіне еңселі үйі мен оған кіріп-шыққан көліктерін көрген сайын көзімізге бәле көрінгендей, «осылар не жеп байиды екен?!.» деп жыбыр ете қалатындарымыз аз емес. Сонда деймін-ау, кедейдің кедей болғанына бай жазықты ма? Яғни, байығанның бәрі жемқор ма? Санамызға бай жайлы, байлық жайлы осынша өшпенділік отын кім жақты екен?

 

 

Арамтамақ! Қиянатшыл! Қалтасы бар, түбі жоқ! Қанаушы! Сұмдық-ай, қазақ неге бай десе бірден осылай тітіркенеді де қалады? Әйтеуір әл-ауқаттыларымыз жайлы жақсы сөзге сараңбыз, есесіне еңселі үйі мен оған кіріп-шыққан көліктерін көрген сайын көзімізге бәле көрінгендей, «осылар не жеп байиды екен?!.» деп жыбыр ете қалатындарымыз аз емес. Сонда деймін-ау, кедейдің кедей болғанына бай жазықты ма? Яғни, байығанның бәрі жемқор ма? Санамызға бай жайлы, байлық жайлы осынша өшпенділік отын кім жақты екен?

 

Бізді құртқан кеңестік саясат...

Бай деген қарны жуан, құлқыны терең, қара бастың қа­мын ғана күйттеген, алдындағы малын санаудан ғана ләз­зат алатын ашкөз біреу... Бай туралы шығармалардың бар­лығы оқырман санасында осындай жиіркенішті бейне қалыптастырып келді. Қарабай сондай: қызы Баянды Қозы Көрпештей сүйгеніне қимады, себебі ол - кедей. Сәбит Мұ­қанов та «Ботагөзінде» байды соншалықты өшпенділік­пен суреттеді. Тіпті кешегі саясат Мұқаңның да «Абай жо­лын» Құнанбай үшін талай цензураға іліп, ақыры Абайды шығару үшін Әуезов әкесін одан сәл әлсіздеу тип етіп көр­се­туге мәжбүр болды. Ал, шын мәнінде, Құнанбай текті болмаса, Абай қайдан туар еді?» Яғни, бүгінгі ұрпақ шындықтың бетіне осылай тура қарай алады? Заманында қажылыққа барып, Меккеде тәкия салдырған Құнанбай сынды қажының адамгершілігіне жат мінездерді теліген сол бай атаулыға қарсы саясат. Ол саясат қазақтың малынан бұрын санасын, жандүниесін тонады емес пе? Біз бәрінен бұрын осыны айтудың орнына, бәлен мал қырылды, бәлен дүние тәркіленді деген есептен арыға бара алмай жүрміз.  Санамыз тоналмаса, ойлау жүйеміз 180 градусқа төңкеріліп түспесе, нағыз қазақ қоғамында Бай деген басқаша мағы­наға ие болғанын білер едік қой? «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» жырында Қарабайдың 90 мың жылқысы болғандығы анық айтылады. Ал Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырда Ақтайлақ деген байдың 17 мың, ал Орталық Қазақстандағы Алда мен Жұман деген байлардың 24 мың жылқысы, Са­пақ, Азынабай деген байлардың 18 мың жылқысы болға­нын жазған. Қазақта «бай болсаң, Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» деген сөз бар. Хан Кененің әскерін жасақ­таған  - халқымыздың осындай жылқылы байлары. Сон­дай-ақ «Байдың тасуы» деген дәстүр болыпты қазақта. Дәу­леті тасыған бай соны берген Жаратқанға алғыс ретінде бір жеті, кейде тіпті он күн  елге мал таратқан. Одан алушы­лар да тек «пайдаға кенелсем» не «тегін малға қарқ болсам» деп емес, теберік ретінде үлес алып, сондай құрметті дәре­жеге көтерілсем деп ырымдайды екен, ең бірінші.

Кезінде қазақ даласына келіп, осындай жағдайды көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақ­тың байы - ақыл-ойы, рухани жағынан ба­рынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы Бай дейді. Ал жай ғана материалдық құнды­лықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан Бай деп мойындамаған» деп жазған. Расында, қа­зақ ешқашан малға байды нағыз Бай санамаған. Себебі ұлтымыздың ұғымын­дағы Бай - арнайы статус. Ол - тектіліктің баламасы. Сондықтан да оның қоғамда ат­қаратын өзіндік функциясы болған. Ол қандай?

Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы:

- Ру болу үшін қазақта үш нәрсе бо­луы керек болған: бірінші - бағатын Ба­йы, екінші - жаудан қорғайтын баты­ры, үшінші - топқа түсетін Биі. Осы не­гіз­гі үш элементі болғанда ғана «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп, ту бие сойып, жаңа рудың шаңырағын көтерген. Сондықтан да қазақтың Бай­лары қазіргідей өзіне бәлен үй салып алып, түген мәшине мініп, жеке бас мүд­десін күйттеп кеткен емес, бүгінгі­дей зейнетақы қоры, сақтандыру секіл­ді дүниелер жоқ жалпақ жұртты сол әр рудың байлары асыраған: рудың со­ғымға соятын малы бар ма, жарлының баласы отау құра алмай жүрсе, тағы сол сияқты материалдық қажеттіліктің бәрін бай өз мойнына алып отырған. Қазақ қоғамының ең басты ерекшелігі де сонда, яғни орыс не Еуропа қоға­мын­дағыдай бай мен кедейдің арасын­да өшпенділік болған емес. Бұл жай біздің құр кеуде соғу, мақтануымыз емес, барлығы да белгілі орыс, түркі ғалымдарының кезінде жазып кеткен ғылыми деректеріне сүйеніп айтылған дерек.

Алашты айтып, «Атымтайын» ұмыт қалдырғанымыз қалай?

Мемлекет тарихы институтының қыз­мет­кері Еркін Рахметуллиннің еңбегінде жа­зылғандай, қазақ байларының Алаш мұ­раты жолындағы ерен еңбегі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының Ресей империясының және әлемнің жоғары оқу орындарында білім алуына жәрдемдесуі еді. Басқасы басқа, бірақ бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргета­сын қалауға тарихи негіз салып кеткен Алаш арыстарының пайда болуына тікелей ықпал еткен қазақ байлары жайлы айтпау күнә. Өкініштісі, бүгінгі қазақ баласы Әли­хан­ды, Ахметті, Мұстафа мен Міржақыпты жақсы танығанымен, Қара­жан Үкібаевтың, Медеу Оразбаевтың, Хасен Ақаевтың, ағайынды Бекметов­тердің, Ыбырай Ақ­баев­тың, Маман бай­дың, Иса Көпжаса­ровтың, Сырым батыр­дың шөбересі Салық Омаровтың және Тобанияз Әлниязовтар­дың кім екенін біле бермейді. Мәселен, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Мәскеу университетінің заң фа­культетін бітірген. Сондай-ақ 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда Қаражан Үкібаев оны шығарып алу үшін кепілдікке 2500 рубль төлепті. Ал Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль берген. Әлихан Бөкейхановтың 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғаны белгілі. Сол кезде оны ауырды деп естіген тобықты Оразбайдың баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір бағлан сойып апа­рып, мәжіліс құрып отырған екен.

Яғни қазақ байы - жомарттық иесі, яғни меценат. Ал ол жомарттық терең сана мен ұлтқа деген сүйіспеншілікпен, асқан парасаттылықпен астасып жатты. Соның тағы бір биік белесі - қазақ баспасөзінің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасағаны. 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетінің жарыққа шығуы­на және ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтар. Мәселен, осы газеттің 1915 жылғы санында «Ауқатты Алаш аза­маттарына» атты мақала жарық көруі мұң екен, Есенғұл қажы бастаған Маман бай­дың балалары белсене жәрдем беруге көш­кен. Ал біз бүгін арыстарымызды ақ­тауын ақтағанмен, осындай байларымыз­ды «феодал» деген айыптан айықтыруға мән бермей жүр екенбіз...

Қазақ кімге қарап баюы керек?

Биыл 19-мәрте әлем байларының кө­шін бастаушы Билл Гейтс те емес, болмаса туған елі кедейліктен қалтырап отырғанда қарақан басы 37 миллиард долларды бөксесіне басқан испандық Амансио Ор­тега да емес, тарихта аты қалған қазақтың өз байлары бар. Соның бірі - Қаражан Үкібаев. Мәскеуден Бірінші гильдиялы көпес атағын алып келген Алаш азаматы Қазан төңкерісіне дейін қалтасы аса қа­лың, мыңды айдаған миллионер болған. Қаражан байға қатысты мәліметтерді зерт­теп, ол жайында мақала жазған семей­лік журналист Сайлау Төлеуов келтірген де­ректерге жүгінсек, Қаражанға 11 мың бас жылқы біткен. Мұндағы басты назарда ұстау керектігі -  осыншама байлықты Қа­ра­жан байдың қара бастың қамына жұм­самай, ұлтқа пайдасын келтірер ұлағатты істерге шашқандығы. Мысалға, 1918 жылы Мұхтар Әуезов «Абай» журналын шыға­руға Қаражаннан қаржы сұрап барғанда, алпауыт бай қыңқ деместен ұлы жазушы­ның жұмысына бар жағдайды жасаған екен. Бұл - бір, екіншіден, елімізде өндіріс ісін де алғашқы өрістеткендердің бірі осы - Қаражан бай болса керек. «Қант қызыл­шасын өңдейтін зауыт пен бір өзіне 27 өзен мен бұлақ келіп құятын Марқакөлден тек жалғыз ғана ағып шығатын Қал­жыр секілді арынды тау өзенінде ГЭС салу идеясы да осы Қаражан байдан шыққан екен. Бұл шамамен 1909 жылдар болса керек. Қаражан терең-терең шатқалдар­дың бір жағынан екінші жағына тездетіп шығу үшін мөлшері 200 метр биіктікте темір тростан аспалы көпір салғызады. Жас зерттеуші, гуманитарлық ғылым­дар­дың магистрі Еркін Рахметуллин­нің айтуынша, Қаражан 1906 жылы Се­мейде 100 нөмір­лік телефон стансысын өз қаржысына са­тып алып, орнатқан. Алыс жатқан Зайсан уезіне дейін бағаналар тарт­қызып, байла­нысты жеңілдеткен. Осылай, жұртқа жақ­сы­лық жасап, қалың қазаққа қыруар пай­дасын тигізген Қаражан 1921 жылы толық тәркіленіп, зұлым биліктің құрбанына ай­налды.

Қазақ тарихында тағы бір осындай есім иесі - Паң Нұрмағамбет. Шын тегі Сағынайұлы болып келетін Нұрмағамбет байды халық тек байлығы үшін емес, ұлты үшін ұлы сөз сөйлеп, билігін жүзеге асыра алғандығы үшін «Жарты патша» атандырса керек. Осы бір тұлға жайлы зерттеп, жа­рық­қа шығарушы қаламгер Мақсұтбек Сүлейменнің айтуынша, ол - Ақмола өңі­рін­де асылтұқымды жылқы шаруашы­лы­ғын алғашқы дамытушылардың бірі. Нұр­мағамбет - ұлт үшін де ұлағатты істер тын­­дырып, байлығын сол жолда сарп еткен ерлердің бірі. Мысалға, оның Алаш көсемдерімен үндес болып, оларға демеу­шілік жасағаны жайындағы мәліметтер мұрағаттарда сақтаулы. Алайда Паң Нұр­ма­ғанбет ел есінде әкесі Сағынайға берген асымен қалған. 1886 жылы берілген сол асқа 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілем ілінген, 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қала­ла­рынан алын­ды. 10 мың көрпе-жастық, қонақтар­ға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 100 жылқы сойыл­ды. Қазақстан Ұлттық энцикло­педиясында Арқада өткен Сағынайдың асына кеткен шығынның атақ­ты Тәж-Махал кесенесін салуға жұм­салған қаржымен бірдей бол­ғандығы жа­зылады. Әттең, кезінде Гин­несстің рекорд­тар кітабына енбей қалғаны өкінішті...

Сананы тұрмыс емес, дұрысы - тұрмысты санаға билету

Бүгінде біздерді осындай халықтың ұрпағы деп кім айтады? Бай көрсек, бәле көргендей жиырылып шығуымыз сол ке­ңес­тік саясаттан.  Байды қырып, «шолақ белсенді» етіп, кедей деген әлеуметтік топтың әлеуетін күшейту арқылы қазақтың психологиясына төңкеріс жасады. Содан не керек, «ауруын жасырған өледі» демекші, ашығын айтуымыз керек, бүгін біз Тәуелсіз ел болсақ та, әлі сол кедейлік психологиясынан арыла алмай отырмыз.  Бізге бәрін біреу беру керектей:  мәселен, жұмыс беруші жалақысын жоғарылатуы керек, мемлекет үй беруге тиіс, бағалар төмен болуы шарт, сондай-ақ көптеген қызмет тегін болуы тиіс! Ең арзан киім, арзан тамақ, әйтеуір арзан атаулыны іздеп, кейде әлдебір затты сәл арзандау алу үшін сағаттап кезек күтуге бармыз. Таныс психо­логия ма? Көбіміздің осылай ойлайты­ны­мыз өтірік емес қой? Аталған қасиеттердің барлығы кедейлік психологиясына тән белгілер екен. Ал одан гөрі ақша табудың қосымша жолын қарастырып, әлгіндей кезекке кеткен уақытын одан да сол екінші жұмысқа кетірсе қайтер еді? Солай ете алса ғой шіркін, «кедейлік психология­сынан» құлан-таза айығып кетер еді-ау!.. Қазақтың бай қуатты болуына ең бірінші кедергі болып отырған - осы мәселе.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516