Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 4260 1 пікір 10 Шілде, 2022 сағат 13:02

Абай және Шерхан

Адам – қоғамының айнасы, өз заманының туындысы. Жер бетінде адамзат баласы пайда болғалы сан мыңдаған ғасырлар өтті. Әр ғасырдың өз тарихы, тарихын жасаушы тұлғасы болды. Ондай тұлғалардың өркениет пен мәдениеттің әр саласында өзіндік ізі қалған. Тіпті, әр заманның өз тұлғасы бар десек артық айтпаймыз. Заманының тұлғасы бола білгендер туралы айтқанда, Қазақа хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керейді, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай хандарды, Бұқар, Атамберді жырауларды, Абайды еске аламыз. Бертін келе қазақ ғылымын асқақтатқан Қаныш Сәтбаевтардай алыптарды аузымызды толтырып атаймыз. Қазіргі заманның тұлғалары кімдер? Қоғам қайраткерлері көп-ақ. Ал бірегейі санаулы. Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялап, жеке мемлекет болып құрылған тұстан бастау алсақ, қоғам, мемлекет деңгейінде, әдебиет сахнасында өзіндік биік болмысы бар Шерхан Мұртазаны елдің азаматы деп айта аламыз. Оның тағдыры, қызметі туралы көп толғануға болады. Әсіресе, Абайдай алыптың «қара сөздері» деңгейіне көтеріле білген «Бір кем дүние» философиялық шығармасының әр бөлігі бір ауқымды тақырыптың өзегі екені анық.  

Абай - қазақ жазба әдебиетінің, қазақ философиясының биік шыңына шыққан ғұлама. Оны өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп толғандырып, дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен кіммін? Адам өмірінінің түпкі мәні неде? Адамның иманы, хайуаннан артықшылығы туралы, жан мен тәннің айырмасы, жан азығы туралы тереңінен бойлап, қалам тартты. Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздей отырып, қазақ даласына пәлсапалық мағынасы терең шығармаларды қалдырды. Онда адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын айқындады. Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтты. Ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетті. Мұны Абай атақты көркемдік, әлеуметтік-гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі «қара сөздері» арқылы жеткізе білді. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік куатын, философиясындағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың кара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Жазылу көлемі де шағын, мазмұны жағынан өзгеше ауқымды шығармалар. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Абайдың қара сөздерінен кейін мұндай философиялық мазмұндағы ұқсастығы бар, қазақ халқында кеңінен танылып, қазақтың сөзіне айналған Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі». Қазақтың санасын, жанын оятуға бағытталған бұл шығарма араға ғасыр салып, қазақ философиясының жаңаша әдеби үлгісін жаңартты.

Әдебиет те, философиялық тұжырым да, тарих та адамның өмірлік тәжірибесімен жазылады. Әр адам өз болмысына қарай дүниені танып, қабылдайды. Абай да, Шерхан да өз ұлтының адал перзенттері. Тегі тұғырлы елдің азаматтары болды. Әділдік үшін, адамгершілік үшін ғұмыр кешті.

Аумалы-төкпелі заманда ел тағдыры жайында қолына қалам ұстап, қанша бейнетті еңбек етсе де шаршамай, керісінше туған елі, қазақ ұлты алдындағы перзенттік парызы екі тұлғаның да бойын жігерлендіріп, күш берген. Соның мазмұндық үндестігі Абай мен Шерханның ой-толғамдық шығармаларынан көрініс тапты.

2008-2010 жылдары жарық көрген Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесіндегі» айтарын қысқа да нұсқа түйіп, тұжырымдап айту, жалпылыққа бой алдырмай, нақтылыққа иек арту, дәлелді  мысалдарға жүгіну, кей тұстарда өз пікірін, көзқарасы мен көңіл-күйін танытып отыруы қаламгер жетістігі.

«Бір кем дүниеден» абызға айналған қайраткердің  өкініші  басым, арманы көп екенін аңғарамыз. Армансыз өмір жоқ. Ал өкініш? Қаламгердің өзегін өртеген  жеке бастың, үй арасының сыпсыңы емес, халықтың, елдің, ұлттың басындағы келеңсіздіктер.

Ұлты үшін толғанып, елі үшін алаңдау Шерхан Мұртаза қанына сіңген қастерлі қасиет.  Шығарманың әрбір қайырымын «Бір кем дүние...», «Орны толмас орасан обал дүние...», «Имансыз жауыз заман, залым дүние» деп толғана аяқталып жатуы да осыдан болар. Бұл түйіндеме  жалпы кітаптың композициялық тұтастығын қамтамасыз етіп тұрғаны анық. Бірден байқалар мазмұн тереңдігі мен осы бір жинақылық, әсерлі тілмен қысқа қайырып, дөп айту осы ойтолғаудың оқырман сүйсінер  ерекшелігі.

Бұл туралы әдебиетші, ғалым С.Құлбарақов «Ғибратты ғұмырдың толғамдары» атты мақаласында былай дейді: «Бір кем дүние...» Атам қазақтың мына жалғанның жеке пенде үшін қас қағымдай өткіншілігіне, ал Жаратқан Ие Аллатағаланың, оның жаратқан табиғаттың, Жер-Ана бесіктің, уақыттың мәңгілігіне қарап айтқан ғажайып мәнді сөзі болса керек деймін. Бүгінгі тілмен өрнектесек, философиялық категория, данышпандық өлшем болса керек деп шамалаймын...».

Адам дүние есігін ашқалы «қажет» деген сөзбен ғұмыр кешеді. Бірақ әркімнің «қажеті» әртүрлі. Қазірге заманның «қажеті» тойымсыз, ашкөз дүниеге айналғанын, оның өзі түкке тұрғысыз екенін Шерхан бір ғана Әмір Темір туралы мысалымен келтіріпті. «Жарты дүниені жаулаған Әмір Темірдің өзі мейірімге мұқтаж. Бір кем дүние...» - дейді автор. Шын мәнінде заттық құнылықтар, тақ, атақ, даңқ, барлығы да адамдық мейірім, адамгершілік, иман алдында түкке тұрғысыз. Тіпті, әлеуметтік желіге жариялаған Шерханның бұл шығармасының ішінде ең көп халық ықыласына бөленген әңгімесі де осы Әмір Темір турасында еді. Бұдан барша жер басып жүрген адамзат баласы әлі де мейірімге, иманға мұтаж екенін аңғарамыз.

Қаламгер ойына оралған өкініштердің бірін сен бұрынан білер болсаң, енді бірін тіпті білмейтін болып шығасың. Осы кезде ойпырмай  «Бір кем дүниені»  есті ұрпақ өкілдері қолына алып жете түсіне оқып, тереңнен ойланып, әріден толғанып, аға ұрпақ айтқан, аға буын толғанған осы бір орны толмас өкініштердің түзелуіне қажымай, талмай еш аянбай қызмет етер ме екен деген ойға қаласың. Ш.Мұртазаның осы еңбекті жазудағы алдына қойған мақсатының өзі – болашақ жастарға ой салу, тарихта өткен келеңсіздіктерден аулақ болуға  үгіттеу. Халқымызға тән жайбасарлықпен қамсыздыққа салып «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ, орны бар оңалар» деп бірімізді-біріміз арқаға қағып жұбатып, қазақтың қанына сіңген кеңдігіне салып, түбінде бір жөнделер деп отырған мына бізге деген ойқозғау. Байқап бақсаңыз, Шерхан Мұртазаның  табанды да, қуатты ой-толғамдары осыған жетелейді.

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі...» арман мен сағынышқа толы, асыл ағаларымен жүздескен өткен күндерін сағына еске алып, қысқа қайырыммен алдыңғы буын ағалардың жарқын бейнесін көз алдына суреттеп береді. Қазақ деген халық үшін ауыр болған, қан қақсатқан кешегі заманның қайғы мұңын болашақ жас ұрпақ жадынан шығармай есте ұстасын, ұмытпасын, ұлтыма үлгі, сабақ болсын деп зарын айтады. Өлім жұтқан асыл тұлғаларын іздейді, дұға оқып, ең соңында бас иетін орынды да қимаған  тоталитарлық жүйенің қаныпезер саясатына күйінеді. «Бір кем дүниені» қолға алған кез-келген оқырман мына өмірдің  соншалықты аумалы-төкпелілігін жан дүниесімен сезініп, терең ұғынады. Ең бастысы - Тәуелсіздікке  қол жеткізген бүгінгі қазақ елінің, ұланғайыр жерінің болашақ ұрпақтардың мойынына артқан батпан-батпан, ауыр аманатын ұғынасың.

«Жетпістен астым, енді депутат болмаймын» деген Ш.Мұртаза: «... Менің жұмысым -  жалғыздың жұмысы. Қаруым – қалам. Өрісім - қағаз»,- деп  өзінің соңғы жылдардағы  хал-ахуалынан хабар берді. Тәуелсіздік алған Қазақстан жерінің иесіміз деген қазақтың келеңсіз, шешілмеген мәселесі қыруар екендігін көріп, біліп отырып ол  бір күнін ойсыз, бір түнін ұйқысыз тыныш өткізуі мүмкін емес. Санаңның түкпірінен орын алған ой іште өлмеуі қажет. Сол ойдың жемісі де осы «бір кем дүние».

Шерхан өзінің «бір кем дүниесі» турасында былай дейді: «Сен кеше «Бір таң дүние» дегенді айтып қалдың. Ойланатын-ақ нәрсе. Менің «Бір кем дүнием» жалпы философиялық толғамдар ғой. Сөйтсе де мен философ емеспін. Бірақ, философ халықтың ұлымын... Пайымдап қарасаң қазақ халқы кім дегенде: «Философ!» - деу керек. Философия біздің ұлттық болмысымыз...».

Шын мәнінде, Шерхан бұл шығармада өткен тарихтың өкінішін, тәуелсіздік жылдарында бой алдырған қателіктерді, қордаланып келе жатқан мәселелер мен ұлттық мүддені, рухани болмысты көтеру мәселелері, әсіресе, ана тілі туралы көп ой толғапты. Бұл ой толғаулар бір күннің туындысы емес екені анық. Талай жылғы тауқыметтің жанға батқан жүгі. Шерханның қойын дәптері көп болған екен. Соның бер-екеуі көзіме түсті. 1987-1992 жылғы жазбаларында көрген-білгенін, ол бойынша қорытқан ойын сонда жазып қойған. Кейбір тақырып етіп жазғандарын осы «Бір кем дүниеден» де оқыдым. Одан түйетініміз, бұл да Шерханның өмір иірімдерін қорытындылауы, Абайдың қара сөзі сынды ұрпаққа жазған аманаты, өсиеті.

Назым Қожамжарова,

Шерхан Мұртаза атындағы
Руханият және тарихтану орталығының
бөлім меңгерушісі

Abai.kz

1 пікір