Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 5012 0 пікір 24 Ақпан, 2022 сағат 12:50

Байтұрсынов жазуына адалдық

Ахмет Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесі кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, ұлттық әліпби түзеді. Сөйтіп,  Х ғасырдан бері өзгеріссіз қолданып келген парсы-араб жазуының тиімді-тиімсіз тұстарын  отырып, қазақ тілінің төл дыбыстарына ғана тән 28 әріптен тұратын әліпби құрастырды. Жаңа әліпби 1912 жылдан бастап қолданысқа енді. Сол әліпби негізінде тұңғыш «Оқу құралы» оқулығы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Бүгінге дейінгі қазақ халқын сауаттандыру жолында қыруар қызмет атқарды.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар МАМЫРБЕКОВА ««Байтұрсынұлы жазуы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің жарық көргеніне жүз жыл» атты мақаласында:  «Оқу құралы» (Қазақша әліппе) атты кітабы алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарыққа шыққанан кейін 1912-1925 жылдар аралығында 9 рет қайта басылып, қазақ қоғамында ұзақ қолданыста болғанын, сондай-ақ, «Оқу құралының» (Әліппеге жалғасы) 2 кітабын, «Оқу құралының» (Әліппеге баяншы) 3 кітабын, ересектердің сауатын ашуға арналған «Оқу құралы», «Сауаташқыш»,  методикалық құрал «Баяншы», «Әліппе астары», «Жаңа әліп-би» атты жаңа оқулықтарды, «Тіл жұмсардың» бірінші бөлімін және басқа да еңбектер жазып, қазақ мәдениеті мен ағартуына тың салым салғанын ғылыми, тұжырымды, нақты жылнамалық тұрғыда дәлелдеп берді. Бұл тұрғыда зерттеушіден асырып ешнәрсе айта алмайтынымыз анық.

Бұл ретте Байтұрсынұлы жасаған төтеше  (төте жазу) жобасы тек қазақ халқының ағартуы мен мәдениетінде емес, түркі текті xалықтардың біраз жұртының өркениетіне өлшеусіз ықпал еткені жайлы ой қосқанды жөн көрдік. Әсіресе, Байтұрсынов әліпбиінің бауырлас қырғыз, ұйғыр ағайындардың (арғы-бергі беттегілері де бар) ағартушылық тарихы мен арғы беттегі (Қытайдағы) қазақтардың мәдениеті мен өркениетін өрлетуге айрықша әсер еткені жайлы айта кеткен абзал.  Шын мәнінде ХХ ғасырдың басында қырғыз бауырларымыздың ағартушылық ұмтылысына Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ әліппесін» үлгі ете отырып жазған Ишанәлі Арабаевтың «Қырғыз әліппесі» жаңа серпіліс әкелгендігі анық. Бүгінде  қырғыз ағартушылығының ұшар басында И. Арабаев, Қ. Тыныстанов, К. Юдахин тұрғанын зерттеушілердің бәрі құрметпен атайды. Соның ішінде Ишанәлі Арабаевтың қырғыз бауырлардың саяси-әлеуметтік тұрғыда жаңалыққа беталуына үлкен ықпал етумен қатар туған елі, ұлтының мәдениеті мен ағартушылығын жетілдіру жолында  19 кітап жазып, тынымсыз еңбек етті. Қырғыз баспасөзінің алғашқы қара шаңырағының уығын қадап, өркениет көшіндегі өзінің азаматтық тұлғасын қалыптастырды. «Қырғыз әліппесі» және замандастарымен бірге жазған «Жаңалық (үлкендерге арналған әліппе), «Табиғаттану әліппесі» оқулықтары арқылы қырғыз ағартуының негізін қалады. И. Арабаевтың қырғыз халқының ұлы перзентіне айналуына  – оның Алаш орданың мүшесі ретінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, ұлттық мүдде жолында аянбай күресудің бағдарын айқындағаны түрткі болды. «Айқап», «Қазақ» газеттерінде тілшілік ете жүріп, Ахмет Байтұрсыновтың өнегесінен үлгі алғанын атап өткен жөн.

Ишанәлі Арабаев және оның қырғыз әліппесі мен «Эркин ТОО» газеті

Ишанәлі Арабаев 1913-1917 жылдар аралығында Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен шыққан «Қазақ» газетінің тұрақты тілшісілік еткен тұста Ахаң жасаған төте жазумен жазып, өз атымен, кейде бүркеншік есіммен жариялаған көптеген ақпараттық, танымдық дүниесі мол. Демек, бұл оның қазақша төте жазуды толық білгенін  және қазақ емлесінің құпиясын жақсы меңгергенін көрсетеді. Бұл оның «қырғыз әліппесін» жазуға үлкен ғылыми негіз қалап берді. Осыдан-ақ, ХХ ғасыр басындағы қырғыз жазу тәртібі мен қаріп реформасына Алаш идеясы яғни "Ахметтің төтешесі» терең ықпал еткенін білуге болады. Сол тұста Қырғыз Республикасында ашылған білім беру орындарының бәрі де Ишанәлі Арабаев құрастырған «Қырғыз әліппесі», тағы да басқа да ағартушылардың төте жазу мен жарық көрген оқулықтарды қолданды. Бұл 1929 жылдардағы кирил әрпіне ауысқанға дейін жалғасты. Газет-журналдар да төтешемен шығарылып тұрды. Мысалы, «Эрен ТОО» газетінің төтеше нұсқадағы мақалаларын оқитын болсаң еш қиналмайсың, тілі қазақшаға жақын әрі жатық. Есесіне, қазіргі қырғыз бауырлардың крилше әріппен жазған дүниелерін кейбір жағдайда толық түсінбей қалып жатасың. Қырғызша жазу әліпбиін арнайы үйреніп білмесем де Байтұрсын төтешесі негізінде мүдірмей оқи беремін.  Сонымен қатар, Алаш қайраткерлерімен бірлікте 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің зардабын жоюға белсене атсалысты, осы жолда қалыптастырған алғабасар көзқарасы Қырғыз автономиясын құру барысындағы азаматтығымен сабақтасып жатты. Ең қызығы, қырғыз халқының ұлы эпосы «Манас» жыры да төте жазумен хатқа түсіп, кирилшемен машинкада терілген.

Әбдіхалық ҰЙҒЫР және ұйғыр хуснихаты

Қырғыз бауырлармен қатар ұйғыр ағайындардың да ХХ ғасырдың басындағы қолданған төте жазу үлгісіне Ахмет Байтұрсынов жасаған төтеше жазу үлкен ықпал етті.   Өйткені Ахмет Байтұрсынов қазақ әліпбиін тек қазақ ұлтының мүддесі үшін ғана емес, түркітілдес ұлттардың ой-пайымын тұтастыратын асқақ арманын жүзеге асыру мақсатында жасаған.

Шығыс Түркістандағы ұйғыр ұлтына жадиттік оқуды жалпыластырудың басында Әбдуқадыр дамолланың тұратыны анық.  Ол жас кезінде Мысыр, Станбұл, Бухара, Ташкентті шарлап білім алған. Әбдіхалық Қашқар, Әбдіқалық дамолла деген атпен Қазан қаласында шығатын «Шора» журналында көптеген жауынгер мақаласы жарық көрген. Өкінішке орай, 1924 жылы сатқындық пен қастандықтың құрбаны болды. Оның «Шора» журналында басылған «Жауахидыл хехан» атты поэзиялық еңбегі, Қазан, Ташкент баспаларында басылған «Ислам ғибадаттары», «Қирағат», «Морфология-Синтаксис», «Әдебиет кілті», «Жас өнердерге насихат» атты еңбектері жадиттік оқудың таралуына негіз қалап берді. Оның шәкірттері кейін 1933 жылдары «Сәбит Дамолланы қолдады» деген сылтаумен қудаланып, 16 шәкірті өлтірілген, қалғаны жансауғалап жан-жаққа қашып құтылды. Сол шәкірттердің бірі – ағартушы, ақын Әбдіхалық Ұйғыр болатын.

Ұйғыр төте жазуының негізін салушы ақын, ағартушы  Әбдіхалық Ұйғыр жас кезінде Ташкент, Қазан, Мәскеу, сонымен қатар, өмірінің 2-3 жылын Қазақ АКСР-да өткізіп, Семейде оқыған. Алашордашылардың алғабасар ағартушылық идеясымен сусындаған. Ахмет Байтұрсынұлын ұстаз ретінде қабылдап, Мыржақып Дулатұлымен етене жақын, сырлас дос болған. Кейін еліне қайтқаннан кейін Тұрпанда мектеп ашып, бала оқытып, Ахмет Байтұрсыновтың төтеше жазу үлгісі бойынша жаңа ұйғыр емлесін жасауға күш салды. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» кітабына еліктеп  "Оян, ұйғыр" атты өлең жазды. Міне, осылай туған жеріне ағартушылық пен жаңартушылықтың ізін салды. Өкінішке орай, отыз неше жасында сатқындық пен қастандықтың құрбаны болмағанда Әбдіхалық Ұйғырдың өз туған ұлтына қосар үлесі көп еді. Бірақ Әбдіхалық енгізіп, кейінгілер жетілдірген  ұйғыр төте жазуы күні бүгінге дейін қолданыстан шыққан жоқ. Әбдіхалық Ұйғырмен қатар сол тұста Алматы, Шелек, Жаркентте оқып, Құлжа, Шәуешек қалаларында ашылған ұйғырша оқытатын білім ордаларында ұстаздық еткен ұйғыр зиялылары да Байтұрсынов жазуын үлгі етіп, өздерінің тіл-жазуын байытып отырды.  Сол жазумен оқушылар білім алады, газет-журналдар шығарылады. Қысқасы, кейінгі бір ғасырда ұйғыр ұлтының өкілдері мәдениет, өркениет, ағартушылық, ұлттық тұтастық, тағы да басқа салада жеткен жетістігін Әбдіхалық Ұйғырдан бөле қарауға болмайды. Ал Әбдіхалық Ұйғырдың ұйғыр төте жазуын жасауға Ахмет Байтұрсыновтың ықпалы болғанын ескерсек, Ахаң бауырлас ұйғыр ұлтының да ағартушысы есебінде бағаланатыны анық. Айта кетерлігі,  Ахмет Байтұрсынов 1912 жылы қалыптастырған төтеше жазуды 28 дыбыстық таңбамен тұрақтандырды. Осы тұста мейлі Ишанәлі Арабаевтың «Қырғыз әліпбесі», Әбдіқадыр Ұйғыр енгізген  ұйғыр төте жазуы болсын, 24 дыбыс, 4 қосымша, жалпы 28 таңбадан аспайтынын айта кеткен жөн. Бұл Ахметтің жазу үлгісі.

1918 жылғы Шәуешек құрылтайы. Интернеттен алынды

Бүгінде әлеуметтік желілерді жиі жарияланып тұратын төмендегі суретті көзіқарақты көп жұрт біледі. Бұл сурет 1918 жылы 24 сәуірде Аxмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, Садық Аманжолов, Қ. Сүлейменов бастаған 5 кісілік делегация Шәуешек қаласына келіп, Семей қаласынан осында қоныс аударған көпес Рамазан Шәншиевтің үйінде қазақтың Тарбағатай өңіріндегі атқамінер зиялыларымен кездесу өткізіп, кіші құрылтай ашқанының дәлелі және ақын Әсет Найманбаев тұлғасын дәлелдейтін бірден-бір естелік ретінде жоғары бағаланады. Суретте көпшілікке ұсынған Никәр БАФИНА әжей болатын. Сурет алғаш "Қазақ әдебиеті" газетінің 1990 жылғы 18 мамырда Никәр апамыздың "Асыл ағаларды суретке кім түсірді?" атты мақаласы арқылы жұртқа жетті (толық баяны сонда). «Осы жолғы құрылтайда алаштықтар мен арғы беттегі қазақ атқамінерлері мен зиялылары қандай мәселені талқылады? Нендей қарар қабылданды?» деген мәселеге әлі күнге толыққанды жауап берілмей келеді.

Біздің пайымымызша, осы құрылтайда Алаш автономиясы мәселесімен қатар сол тұста ең өткір болып тұрған әліпби мәселесі де айтылған болуы мүмкін. Өйткені, дәл сол тұста қазақ қоғамында: «Ахметтің төтешесін қолдану керек пе, әлде латын графикасына көшу керек пе?» деген тартыс ушығып тұрған мезгілі еді. «Абай» журналының 1918 жылғы  8 санында «Қазір екі нәрсе керек?» атты мақала басылған. Оның ұзын-ырғасы Ілияс пен Мұхтардың арасындағы төте және латын әліпбиін қолданудағы пікірталасы өзек болған. Мұнда Ілияс Ахметұлы  араб әліпбиін қолдаса, Мұхтар бірден латыншаға көшу мәселесін көтереді. Осыған қатысты ойларын екеуі де «Абай» журналына жариялап, көптің талқысына ұсынады. Ал араағайындық танытқан Біләл Сүлеев «Абай» журналының 1918 жылғы №12 нөмірінде журнал редакциясы атынан Ілияс пен Мұхтарды ынтымаққа шақырып, хат жазады. Бұл сол тұстағы әліппе айтыстың бір дәлелі ғана. Алайда бұл жылдары Ахмет Байтұрсынов бастаған алаштықтар төте жазуды сақтап қалды.

Осы тұста арғы беттегі қазақтардың арасында жадиттік білім беруден төтеше жазу үлгісіне ауысудың өлара шағы болатын. Ал Ахмет Байтұрсыновтың төтешесін қытайдағы қазақтар арасына ең алғаш үйреткен ағартушы Қалимолла Бекторлин болатын. Өткен ғасырдың алдыңғы ширегінде Қалимолла Бекторлиннің атсалысуымен  Сатыбалды Нұрбекұлы ашқан Күнестегі мектепте төте жазу бойынша жаңаша білім беру үдерісі басталды. Қалимолла Бекторлин сол тұста Қазақстанның орта білім беру мекемелерінде қолданылған оқулықтар бойынша оқулық құрастырып, өз бетінше жаңаша білім берудің жолын қалыптастырды. Ал 1918 жылғы Шәуешек құрылтайынан кейін арғы беттегі қазақтардың ағартушылығында төте жазу жаппай қолданыла бастады. Осы жылдары Алтайдың Қыран бойында ашылған медреседе «Иманшарт», «Әптиек» қатарлы діни және төте жазу бойынша дайындалған «Мұғалым ауал (Ғылымның төркіні)», «Мұғалым сәни (ғылымның ақыры)» қатарлы пәни білімдер оқытылса, Тарбағатайдағы «Туран» мектебінде төте жазумен шыққан оқулықтар қолданыла бастады.

Қалимолла Бекторлиннен кейін Байтұрсынов жазуын арғы бетке жалпыластырғанның бірі Мейірман Ермектасов. Ілияс Жансүгіровтің «Тілші» газетінің 1924 жылы 24 сәуірдегі №106 санында басылған «Емле жайында» атты мақаласында Мейірман Ермектасовтың қазақ емлесі жайлы жасаған ізденістері туралы жазады. Оның бәрін келтірудің керегі жоқ. Бұл Мейірман Ермектасов қазақ емлесін Ахметтен кейін жетілдірген зиялылардың бірі екендігін айқындайды. Алайда бұл арманын Қазақстанда емес, Қытайдағы қазақтар арасында жүзеге асырды. 1930 жылдары Мейірман Ермектасов арғы бетке өткеннен кейін Жабықбай Бұлғыншыұлының ықыласына бөленіп, өзінің жобасы бойынша 1932 жылы қазақ балаларына жаңаша білім беретін Жабықбай мектебін ашады. Бұл оқу орнында Байтұрсынов жазуымен жазылған оқулықтар қолдынылады.

Мейірман Ермектасов және қолжазбасы мен қытайдағы қазақтардың төте жазу нұсқасы

1934 жылы Үрімжіде Шыңжаң өлкелік өкіметінің бірінші құрылтайы шақырылды. Сол құрылтайда жер-жерден жаңаша оқу орындарын құру туралы бастама көтеріліп, ізінше Құлжа қаласынан қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымын құру ісін қолға алу ұйғарылды. Нәтижесінде  1935 жылы Құлжа қаласында «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы» құрылды. Сайлау арқылы ұйымның төрағасы Мақсұт Сасанов, орынбасарлары Жабықбай ақалақшы, Кенжебек ақалақшы, Айтмамбет мампаң (қырғыз), бас хатшы Сейітжан Жайнақов, көмекші хатшы Асқар Таласбаев, ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дәулеткелді Құсболатұлы, оқу-ағарту бөлімінің бастығы Дәулеткелді Жайпақұлы, қазына бөлімнің бастығы Иса төре, ойын-сауық, мәдениет істерінің бастығы Таңжарық Жолдыұлы мен Шаяхметтер болды. 1935 жылы қазақ-қырғыз ағарту ұйымының ұйымдастыруымен Құлжа ауданының Тұрасу жайлауында ашылған бастауыш мектеп мұғалімдер даярлау курсына Мейірман Ермектасов пен Түркияда оқып, Еуропа елдерінің өнегесін қабылдаған Әбдіқадыр әпенді Қасымұлы сабақ береді. Бұл тұс Мейірман Ермектасовтың Байтұрсынов жазуын үйретуге үлкен орай болды.

Жалпы, 1934 жылғы дерек бойынша арғы беттегі Іле аймағында 38, Тарбағатай аймағында 15, Алтай аймағында 26, жалпы 79 бастауыш мектеп ашылып, төте жазу бойынша жаңаша білім берді. Ал 1937 жылға келгенде Құлжада құрылған қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымының ықпалымен құрылған мектеп саны 275-ке жеткен. Ал 1944 жылы Үкіметтің қолдауымен құрылған мектептерде 14563, халықтық мектептерде 3189, ұйымдар құрған оқу орындарында 14980, жалпы, 32783 оқушы төте жазу бойынша сол тұстағы ғылымның түрін оқуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, талантты жастарды Ташкент, Алматы, Семей қалаларындағы жоғары оқу орнына жіберіп, елдеріне қайтқан соң білім беру саласында еңбек етуге мүмкіндік берілді. Осы тұста ары беттегі мектептердің оқу құралдары 1956 жылға дейін Қазақстанда төтеше басылған оқулықтарды қолданып келгенін қоса кетейік.

Өкінішке орай, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде баспаөнерінің болмауы арғы беттегі қазақтардың жаңаша білім беруге көп кедергі жасады. Осы қиыншылықты шешу үшін Тарбағатайдағы «Туран» мектебінің оқушылары 1920 жылдардың ортасында Қазан қаласынан тасбаспа құрал-жабдықтарын әкеліп, төте жазумен алғашқы оқулықтар шығара бастады. Осы баспаның көмегімен Нияз Сқақаидың бастамасымен «Біздің үн» атты ұйғырша-қазақша газет шықты. Шағантоғайдағы мәмбет елінің үкірдайы Нұртаза Шалғынбаев бастаған қазақ зиялылары аталған газетке мақала жазып, алғабасар идеясын үгіттеді. Кейін қазақ-қырғыз ағарту ұйымы құрылған соң Қазақстаннан арғы бетке өткен зиялылардың көмегімен баспа ісі де барынша дамыды. Нәтижесінде, 1934 жылы Тарбағатайда, 1935 жылы Іле мен Алтайда, 1936 жылы Үрімжі қаласында қазақ тілінде газет-журналдар шықты. Олардың таралымы артып, оқырманы да көбейеді. Бүгінгі таңда арғы бетте Ахмет Байтұрсыновтың төте жазу нұсқасы бойынша қазақ тілінде бірнеше баспа кітап шығарса, газет-журналдар ақпарат таратады, орта білім беретін мектептердің оқулықтары, іс қағаздары және мекемелердің  хат-қатынас қағаздары шығарылады.

Осы тұста мына бір жайды да назарға іле кеткен жөн. Әліппе айтыс (төтеше мен латынша) 1928 жылы тағы да ушықты. 1927 жылы Өкіметтің жаңа әліппе комитеті құрастырып, Қызылорда қаласында басып таратқан «Әліппе айтыс» атты кітапты оның жалпы барысы баяндалады. Бұл шайқаста латын графикасын қолдайтындар жеңіске жетіп, 1929 жылдан бастап Кеңес одағы құрамындағы түркітілдес ұлттар жаппай латыншаға, 1940 жылдары кирилшеге ауыстырылды. Ондағы түпкілікті мақсат – келешек ұрпаққа Алаш идеясын жеткізбеу саясаты еді. Әрине, Кеңес одағы бұл ойын өз аумағында жүзеге асырғанымен Қытайдағы қазақтар бір ғасыр бойына қанша қуғын-сүргін, азап-ащы күн көрсе де, 1918 жылғы Шәуешек құрылтайындағы уәдесіне адал болып, бар күш-жігерімен төтешені сақтап, бүгінге жеткізді. Бүгінде әлемдегі 35 елде қазақтар тұрады. Алайда, Америка мен Еуропа қазақтары латынша, ТМД елдерінде кирилше жазу нұсқасы қолданылады. Ал Қытайдағы қазақтар ғана Ахаң жасап берген төте жазуға әлі де адалдық танытып келеді.

Қарібі арап жазу дегені болмаса, төтеше жазудың  ішкі руxы Түркі өркениетінің, қазақ руханиятының тұнған үні. Сондықтан арғы беттегі қазақтар Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуына адалдық етумен бірге қазақтың бай мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы, шұрайлы тілін сақтап қалды. Әрине, бұл қазақ халқының тазалығы мен арлылығының көрінісі десек те, оған күш пен жігер берген төте жазудың да құдіреті еді.

Қажет Андас,

өлкетанушы, зерттеуші.

Жалғасы бар.

Abai.kz

0 пікір