Жұма, 29 Наурыз 2024
Аласапыран 3324 12 пікір 22 Ақпан, 2022 сағат 13:35

АЭС салуға алты ұсыныс: Қазақстан кімді таңдайды?

Қазақстанда АЭС салу үшін алты елдің технологиясын қарастырып жатыр. ҚР Энергетика министрлігі кандидаттардың қысқа тізімін жариялапты.

Ведомствоның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта «NuScale» (АҚШ), «GE-Hitachi» (АҚШ-Жапония), «KHNP» (Оңтүстік Корея), «CNNC» (Қытай), «Росатом» (Ресей) және «EDF» (Франция) сияқты әлемдік реактор жасау шеберлерінің тәжірибесін белсенді түрде зерттеліп жатыр. Құрылыстың құны таңдалған компанияға, оның күші мен басқа да техникалық ерекшелігіне және экономикалық жағдайына байланысты болмақ. Енді аталған компаниялардың технологиялары жайлы қысқа-қысқа ақпарат ұсынайық:

«NuScale Power» – 2007 жылы құрылған компания шағын модульдік реакторларды (MMP) жасап, сатуға маманданған. Олардың қуаты 300 МВт-қа дейін барады және бұрынғы ядролық реакторлардың генерациялық қуатының үштен бірін құрайды. Компанияның реакторлары кәдімгі реактор көлемінің 1%-ын алып, 60 МВт энергия өндіреді.

«GE-Hitachi» – жетілдірілген жеңіл су реакторлары мен ядролық қызметтерді көрсететін компания. Компанияның шағын модульдік энергетикалық реакторы (PRISM) сұйық натрийді жылутасығыш ретінде пайдаланатын IV буын реакторы болып саналады. BWRX-300-табиғи айналымы 300 МВт болатын шағын модульдік реактор. Сонымен қатар, 2020 жылы GEH TerraPower-мен бірге натрий реакторын жасап шығарды.

«KHNP» – Корея электр энергетикалық корпорациясының (KEPCO) еншілес компаниясы. Ол Оңтүстік Кореядағы ірі атом және су электр станцияларын басқарады, олар елдің электр энергиясының шамамен 27%-ын қамтамасыз етеді. Компания экспортқа қуаты 1,4 мың МВт APR-1400 KEPCO компаниясы дайындаған, американдық дизайнмен әзірлеген, жақсартылған су ядролық реакторын шығарады.

«CNNC» – 1955 жылы Бейжіңде құрылған мемлекеттік кәсіпорын. Бірнеше реактор жобалары бар. Оның ішінде dhr-400 деп аталатын орталықтандырылған жылумен жабдықтауға арналған бассейндік типтегі DHR – 400 жеңіл су реакторы (қуаты 400 МВт орталықтандырылған жылу реакторы) әзірленеді. Ол төмен температура мен қатты ауа қысымы болғанда да жұмыс істейді.

«Росатом» –  қуаты 1,2 мың МВт болатын ВВЭР-1200 технологиясын ұсынады. Оны пайдалану мерзімі 60 жылға дейін жететін су корпустық энергетикалық ядролық реакторды шығарады, сондай-ақ қуатты бақылау мүмкіндігін ұсынады.

«EDF» – бұл негізінен француз мемлекетіне тиесілі көпұлтты электр компаниясы. Француз және неміс компаниялары жасаған EPR – су ядролық III+ реакторында жұмыс істейді. Мұндай жабдықтың шығу қуаты 1,6 мың МВт дейін барады.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қазақстанға АЭС қажет екенін» көптен бері айтып келеді. Таяуда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында «таза атом энергиясы болмаса, бүкіл экономиканы жоғалту қаупі барын» ескертті.

«Еліміздің энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешуіміз керек. Мен бір нәрсені түсінбеймін. Неге кейбір жауапты тұлғалар атом электр станциясының құрылысына қатысты сұрақтан дипломатиялық түрде қашып отырады? Оны ашық айтуымыз керек. Таза атом энергиясы болмаса, біз инвестицияларды былай қойғанда, бүкіл экономикамызды жоғалтамыз», - деді президент Тоқаев. Сондай-ақ: «Бізге электр энергиясы, соның ішінде таза атом энергиясы ауадай қажет. Экономикалық мәселелерді білмейтін популистердің жетегінде кетпеу керек. Кәсіби тұрғыда атом энергетикасының пайдасын түсіндірген жөн», - деп атап көрсетті Тоқаев.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов осы мәселеге байланысты энергетика саласын дамыту үшін «жасыл АЭС» сценарийін белгілеуді ұсынған болатын.

«Бүгінгі таңда 2035 жылға дейінгі елдің энергетикалық балансы әзірленді. Оған сәйкес экономиканың өсу қарқынының артуымен және халықтың ұлғаюмен байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі 153 млрд кВт сағатына деңгейінде болжанады. Бұл ретте, жұмыс істеп тұрған электр станцияларының генерациясы 2020 жылы 108 млрд кВт сағаттан 2035 жылда 88,6 млрд кВт сағатқа дейін кезең-кезеңімен төмендеуі байқалады. Энергетикалық баланс бойынша саланы дамудың мақсатты пайымы ретінде - 17,5 ГВт электр қуатын енгізуді көздейтін «жасыл АЭС» сценарийін белгілеу ұсынылады», - деді министр.

Энергетика министрлігі АЭС құрылысы жүруі мүмкін екі өңірді атап көрсетті. Бірі – Алматы облысының Үлкен ауылы болса, екіншісі – Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласы. Екі жердің сейсмикалық жағдайы бір-біріне ұқсас.

Айжан Темірхан

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604