Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4864 0 пікір 28 Қыркүйек, 2012 сағат 12:59

КСРО-НЫ КӨКСЕУ

 

 

Телеарна - идеологияның бір құралы. Қазір жұрт көбінесе телеарнадан берілетін жаңалықтар мен хабарларға көбірек иланады. Тіпті кейбіреулердің пікір алмасып жатқан үстінен түссең, «Телеарнада солай деді ғой...» деп бет қаратпайтынын қайтерсің. Ал телеарнадағы тілшілердің пікірі ешбір елеп-екшеусіз айтылатыны қарын аштырады.
Біз де жаңалыққа жаны құштар, көзі қарақты көрерменнің қатарынанбыз. Елең еткізерлік оқиғаларға өзіндік көзқарасымыз бар. Кейде тілшілердің орынды, орынсыз сөйлемдерін естіп, «әттеген-ай, бұларда редактор деген болмаушы ма еді? Неге кемшіліктерін түземейді екен?» деп торсаңдаймыз. Бірақ та аты дардай телеарналардың тілшілері мен комментаторлары «бояушы-бояушы» деген сайын тілінің ұшына келген сөз иірімдерін оңды-солды пайдалана беретін болды. Естіп отырып, еріксіз қынжыласың.
Телеарналарда спорттық сайыс­тардың тікелей көрсетілімі жиі беріледі. Жазда Лондонда өткен ХХХ Олимпиада ойындарын қызыға тама­шаладық. Әрине, сол дүбірлі додадағы спортшыларымыздың жеңісіне үйіміздің төріндегі көк жәшік арқылы куә болып, бөркімізді аспанға аттық. Жастардың намысы қайралып, патриоттық рухы асқақтады. Спорт - кез келген елдің атын әлемге танытатын құдыретті өнер. Бұған дүйім жұрттың көзі баяғыда жеткен. Алайда, әлгіндей спорттық бәсекелерде бағын сынап жүрген спортшыларымыз туралы әңгімелейтін комментаторлардың біразы неге кежегесі кері тартып, көкезулене беретінін түсіне алмай далмыз. Әсіресе орыстілді журналистер қандай спорт түрі болсын, қандай спортшы болсын, әйтеуір «Советская мектебінің түлектері» дегенін қоймайды. Тіпті жанындағы спорт тақырыбына етене жақын маманды «Мастер спорта Советского Союза» деп таныстырып жатады. Бұл не сонда? «Мастер спорта Советского Союза» үлкен мәртебе ме, шен бе? Неге біз кез келген жетістігіміздің шырқау басын кеңестік кезеңнен іздейміз? Қазақстанның Тәуелсіздігін алғанына 20 жылдан асты. Бүгінде егеменді елімізде қазақтың төл спортшылары мен спорт шеберлері қалыптасып үлгерді. Жиырма жастағы спортшы талай биік шыңдарды бағындырды. Комментаторлар бұған Кеңестік кезеңнің қандай қатысы бар екеніне неге көз жүгіртпейді? Әлде, кеңестік кезеңдегі спортшылардың жұрт тәнті боларлық өзіндік ерекшелігі болды ма? Меніңше, бұл жәй ғана қалыптасып кеткен сөз. Сол кезде де қазақтың ішінен талай спортшылар топ жарып шықты. Қазір де еліміз спортқа жіті көңіл бөлуде. Әсіресе Олимпиададан 7 алтын олжалап келген отандық спортшыларымыздың жеңісінен кейін жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген құлшынысы ерекше арта түскен. Құдайға шүкір, оларды тәрбиелейтін спорт шеберлері де баршылық. Әлгіндей «Советская школа», «Мастер спорта Советского Союза» деп айтуды әдетке айналдырған комментаторлардың құлағына алтын сырға! Жаттанды әрі жауыр қылған сөз тіркестерінен қалың көрермен әбден мезі болды. Ау, құрдымға кеткен «кеңестік мектептен» кімдерді үлгі тұтып жүрміз біз, айтыңыздаршы?! Спорт комментаторлары келешекте сөздің парқын түсініп, сөйлесе екен деймін. Бұл менің ғана емес, телеарнаға телмірген қаншама көрерменнің көкейіндегі ой. Ал осындай өрескел қателікке жол беріп отырған телеарна басшылары мұны неге аңғармай қалады?! Осыған аң-таңмын.

Тоғжан ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522