Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3061 0 пікір 28 Қыркүйек, 2012 сағат 08:01

Нұрлан Қабдайұлы. Жынойнақ

(әңгіме)

Маңдайшадағы сыңар шам жүзімен жер шұқып тұр екен. Сырттағы көз сатқан қыдырмашты іштегілердің құжынаған сұлбасымен арбайтын жынойнақтың аузынан адастырмай, іштен шыққан өбекшіл ойнасты қараңғылықтың ләззат шымылдығына дейін қолтықтап барар қызметіне бола, өзін кінәлі сезінетіндей. Сауықшыл жұрттың жүрек соғысындай құмыға гүмпілдеген музыка, есікті ашып қалып еді, шарқылдап кеп бетті шарпыды. Сонда да тозақ пен тозған өмірдің етегін түйіншектеген ақжемтір табалдырықтан именбей аттады. Аттады да, қайсыңа керек едім дегендей, дырдуға мелдектеген нөпірдің жықпыл-жықпылын көзбен тінтіп, орталарынан бөксе сыналатар саңылау іздеген. Бөтелкенің түбінен табысып, саптаяқтың ернеуінен езу жаласқан нөпірдің қайсысына керек болыпты? Әзірше. Кеш келген қонақтың кебіс санап босағада қалары мұнда жазылмаған заң сынды. Не есік көзінен, не дәретхананың жолынан орын тиер еді. Бұл жолы да дәп солай, қалшиып тұрып-тұрып, салпиып сау қайтпағаныма шүкір деп, қоржын залдың қос бүйіріне шашырай қонған столдардың шеткі, бос тұрған біреуін қапталдай құйрық басты. Сосын шәлжие шалқайып, даяшыға иек қаққан. Клиентті кезегімен қақшып түсетін даяшысы да тықыршып әзер тұрса керек. Жылмаңдай басып кеп, бүгіле төнді:

-  Сізге не керек? Мырс етті. Көрік дейтін дүниеден құр қалған бет-ауызын опа-

алаппен-ақ бері қаратқан даяшының да езуіндегі жорта жымиыс жүзіндегі ызбарды жасыра алмай қалған. Кафе келгіншілерінің өле жатқанында өздеріне тікірейе қарап, шікірейіп сөйлесерлік ерік барына күйініп тұр. Жүз рет қызметін керексінген кісінің алдына жүзінші рет келіп тұрып та үтір-нүктесін қойған орнынан қия бастырмайтын шолақ сұрағына, мұның да үтір-нүктесі саржамбас болған шолақ жауабы даяр еді:

- Қой етінен кәуәп. Бір саптаяқ сүзілмеген сыраңыздан болса...

-  Сыраға не қалайсыз?

-  Ештеңе. «Ештеңені» езуінен сүйреп шығарам дегенше, оң қапталды жағалап кеткен екі көз, ту сыртына баяғыда барып алған. Кірген-шыққанды шашаусыз түгендеп отырған оның да қос жанары мұның қыр желкесінде тұр екен...

***

Жүрегі пәктігінің соңғы қоңырауын соққаннан бері дүние жеңілейіп сала берген. Рас. Арының айнасын бір дүлейдің ышқынысы күл-парша қылған әуелгі күндері енді қайттымнің ұштығына жете алмай жынданып кете жаздағаны бар. Айналасына бұрынғыдай пұлданып тұрмақ, ұрланып та қарай алмай біраз жүрді. Сөйтсе... он екіде бір гүлім ашылмаған деп әспенси алмағанмен, келіншектікке жетпегенін де құн көретін ұрғашымен бәс таластырарлық қауқар қоныпты бойына. Еркек атаулы жылы ұшырап, қайырым қылғысы келіп тұратындай. Әрбірден соң, ұяңдық дейтін тұрпайы мінезбен бұрын-соңды қалайша қоңсы қонғанына таң қалатын болды. Үлкен қаланың еркін адамы болып шыға келгені - тағдырдың жазғаны емес, тәңірінің сыйы екеніне шәк келтірмеген.

***

Аптаның сылбыр уақыты жұманың іңірін жайлағанда, бұлар тап жұмақтың іргесіне талып жеткендей үһ деуші еді. Әсіресе не қуанышымен қарық қылмай, не адам секілді қайғыруға пұрсат бермейтін қала өмірінің күйбеңі титықтатқанда. Аспандап тұрған пәтерақы қожайынның құлқынында ұлып табыстырған өңшең кәрі қыз, таң алагеуімнен тұрып, жан-жаққа бытырап жоғалады. Ымыртта ырсылдап-пырсылдап жүріп апанын табады. Содан соң көшеден өңгеріп қайтқан тегін өсектен қоржын сөгіп, іш кептіріп барып тырапай асады. Шаруаны жапырып әкетпесе де, шала бастықтың алдында жалмаңдап тұрамаса аштан өлері қайсысына да аян. Ол кепке де дәніктірген қу тірлік кейде төрт аяқтатып жібереді. Сирақтары сыртылдап жүріп жаялығымен жылап көрісетін бейбақтар, ондай кезде жұманың ымыртын құдайынан шын тілер еді. Жұманың түні - бұлар үшін шарап ішіп, шаршау шығаратын сауық түні. Ақыл-естің жүген-ноқтасын сыпырып қоя беріп, шулы кафенің нуына күмп беріседі. Содан қайтіп... сембіні бас жазумен, жексембіні ес жиумен өткермек. Айтпақшы, жұманың түнінен кейін қайсы бірінің қу тізені қарадай жатырқап қалатын кездері де жоқ емес.

Құрбылар бүгін де «Шалқарда» шұрқырай табысқан.

***

...Маңғаз жігіт құдды өзі болмаса «Шалқардың» аузы-мұрны тығынсыз қалардай кердеңдей басып барып, шеткі столдардың біріне, бер жаққа арқасын бере жайғасты. Сосын құлақ тосқан даяшыға тапсырыс берер-берместен кілт бұрылып, өзін адаспай тапқан. Артынша столдың қарсы қапталына ауып түсті. Мұның қолдары шанышқы мен рюмкаға қожалық етіп, құлағы әңгіменің шармауында қалғанмен, көзі жігітте еді. Оның да қаталап келгені шамалы сияқты, сыраны сыздықтатып қана отырды. Екеуі ұзақ арбасқан. Не заматта би басталды. Тек бұл жолы екеуін де түртпектеп тұрғызған әккі музыканттың кісіні құтыртып әкететін әулекі әуендері емес, басқа бір құмарлық. Таныстықтың жетегіндегі сараң әңгіме жігіттің қолтығын жазып, қызды естанды қыларлық әсерлі де емес еді. Бірақ іздеген мен сұрағанның келсең-келіне от қойғаны рас...

Бір есін жиса қастарына көшіп алған маңғаз жігіт қалжыңбасқа айналыпты. Қыздардың іші-баурын көсеп отырды. Және бір ес жиғанда көше шамдары көз алдында зулап жатқан. Ары қарайғысы бұлдыр елес... Кірпіктері қақырай сөгіліп еді темекі сасыған бөлмеде жатыр екен. Қарақұсы ұйып, самайы солқылдап әкетіп барады. Күн көзінен жүзін тайдыра аунап түскенде, күнәдан белі қайысқан ескі төсек ойбай салған. Қонақ үйдің арзан нөмірінде жатқанын сонда білді. Маңғаз жігіттің аты-жөнін есіне түсіре алсашы.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3542